Қ.Ө. Айтмухаметова
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Мемлекеттік басқару академиясы Астана, Қазақстан kuralai13kz@mail.ru
ТІЛДІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ
ИМИДЖДІК ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ
Мақала мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін және коммуникативтік имидж мәселелерін қарастыруға арналған. Онда мемлекеттік қызметшінің имиджі көп жағдайда оның кәсіби-коммуникативтік құзыреттілігіне байланысты екендігі көрсетілген. Оң имиджді қалыптастыру факторы ретінде мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігі, яғни сөз мәдениетіні ерекше атап өтіледі. Сонымен қатар мақалада тілдік құзыреттілік мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дайындаудағы негізгі құрамдас бөлігі екендігі қарастырылады.
Тірек сөздер: тілдік құзыреттілік, тілдік норма, тілдік тұлға, коммуникативтік құзыреттілік, имидж, сөз мәдениеті, кәсіби қарым-қатынас.
Кәсіби білікті маман тілдік қарым-қатынастың әр түрлі формаларын жете меңгеруі тиіс. Бұл – нарық пен демократияға бет бұрған заманның талабы. Әсіресе, нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз саласымен шектеліп қалмай, шаршытоп алдында пікірталасқа түсудің және іскерлік келіссөз жүргізудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық жақтарынан хабардар болуы керек. Осы жайттарды дұрыс меңгергенде ғана тілдік құзыреттілік пен нормаларды, стильдік амал-тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға болады. Филологиялық зерттеулерде «адам мен тіл біртұтас құбылыс, оларды бөлек зерттеуге болмайды» деген тұжырымды ойлар жалғасуда. Осындай зерттеулердің негізінде жиырмасыншы ғасыр тілдік тұлғаға деген қызығушылықтың бірден өсуімен ерекшеленеді. Тілдік тұлға қалыптастыру проблемасы қоғамның сұранысына және құндылықтардың өзгеруіне қарай пайда болды. Тұлғаның өзіндік қасиеті, яғни имиджі – бұл жеке адамның өз басына ғана тән, қайталанбас қасиеті, оның тұлға болып қалыптасуы, өсуі, басқа адамдарға ұқсамауы. Имидждің қалыптасуы тұлғаның танымдық, коммуникативтік, конструктивтік жақтарынан көрінеді.
Адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алады [1, 105].
Елімізде қазақ тілін оқытумен айналысатын түрлі ұйымдар мен мекемелер, орталықтар бар. Олар тілді оқытудың бағытын өздері дұрыс және қажет әрі тиімді деп тапқан жүйесін қолдануда. Тілді оқытуда жүргізіліп жатқан әдістемелердің ішінен деңгейлеп оқыту жүйесіне қатысты кейбір ұғым-түсініктердің мазмұнына кеңірек тоқталмақпыз. Тіл үйренуде құзыреттіліктің негізгі үш түрі айқындалған. Олар: коммуникативтік құзыреттілік, тілдік құзыреттілік және әлеуметтік-мәдени құзыреттілік.
Тілдік құзыреттілік – тілді арнайы заңдылықпен қызмет жасайтын жүйе деп түсініп, осы жүйенің көмегімен басқа адамның ойын түсіну және ауызша, жазбаша түрде өзіндік пайымдауларын жеткізе білу қабілеті.
Коммуникативтік құзыреттілік – бұл тілді қарым-қатынас кеңістігі ретінде түсініп, ісәрекеттің белгілі бір саласында қарым-қатынастың мақсаты мен жағдаятына сай үйреніп жатқан тіл құралдары арқылы сөйлеу әрекетін меңгеру қабілеті.
Әлеуметтік-мәдени құзыреттілік – тіл халық мәдениетінің құрамдас бөлігі, мәдениетті тасымалдаушы құрал деп түсініп, үйреніп жатқан тілде сөйлейтін халықтың мәдениетін, әдетғұрпын, әлеуметтік стереотиптерін, тарихын қоса меңгеріп, қарым-қатынас барысында оларды қолдана білу қабілеті [2,138].
«Тілдік құзырет» ұғымының аясына көптеген түсініктер кіретінін осы салада еңбек етіп жүрген оқытушы-зерттеушілердің әр алуан жіктемесінен көреміз. Дегенмен, кейінгі 10-15 жыл көлемінде ғылымда өріс алған антропоөзектілік парадигмасына сай, еліміздегі білім беру жүйесінде орнығып үлгерген Жалпыеуропалық тілдерді меңгеру стандартында белгіленген тұжырымдарды негізге алудың тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Онда тілдік құзыреттілік лингвистикалық, социолингвистикалық және прагматикалық құзыреттілік түрлеріне жіктелген. Мұндағы бірінші топ іштей тілдің құрылымына қатысты бөліктерге сәйкес, фонологиялық, лексикалық, грамматикалық және семантикалық біліктілік деп бөлінеді және тіл үйренуші оның бастапқы сатысын немесе қарапайым түсініктерді бастауыш және орта мектепте меңгеруі тиіс. Енді лингвистикалық біліктіліктің аталған құрамдас бөліктеріне жеке-жеке тоқталайық.
Лексикалық біліктілікті тілдің сөздік құрамын білу және оны сөйлеу барысында мақсатына сай, орнымен қолдана алу.
Грамматикалық біліктілікке грамматикалық бірліктерді (жалғау, жұрнақтардың дыбыстық нұсқаларын және мағыналарын) ажырата білу, сондай-ақ тілдің ішкі, өзіндік заңдылықтарына сәйкес жұмсай білу мүмкіндігі жатады. Бұл – ауызша сөзжұмсамда ерекше назар аудартатын, тіл ұстанушыдан үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе. Тәжірибеде бір жұрнақты орынсыз қолдану сөйлеушінің жалпы тілді меңгеру дәрежесін айғақтап тұратын жағдайлар кездесіп жатады.
Семантикалық біліктілікке тіл ұстанушының белгілі бір мағынаны жеткізу жолдарын білуі, жекелеген лексемалардың валенттілік /тіркесімділік/ қасиеттерінен туындайтын мағыналық реңктерді ажырата алуы және жақсы түсінуі, оларды сөзжұмсамда еркін қолдануы жатады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін үйренушінің тілдік санасында лексикалық, грамматикалық семантикамен қатар прагматикалық мән жөнінде де түсініктер қалыптасуы шарт.
Фонологиялық біліктілік тіл үйренуші жаттанды сөздерді дұрыс айтқанымен, әсіресе, қазақ тілінің төл фонемаларын дыбыстауында акцент айқын байқалады, бұл қатысымшының үндестік заңын меңгермегендігін көрсетеді. Қазіргі адамтану бағытындағы зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, тілдік біліктіліктің басқа да түрлері болатынын атап айтуымыз керек. Оларға прагмалингвистикалық және социолингвистикалық біліктіліктерді жатқызуға болады. Прагмалингвистикалық біліктілік дискурс ұғымымен тығыз байланысты түсініледі. Тіл үйренуші әңгіменің ыңғайына қарай тез бейімделеді, қажетті тілдік құралдарды, соның ішінде фразеологизмдерді де тез арада тауып, орынды пайдаланады.
Социолингвистикалық біліктілікке белгілі бір тілдік ұжымда қалыптасып орныққан заңдылықтарды біле отырып, тілді өз әлеуметтік рөлі мен міндеттеріне сай қолдана білу дағдысы жатады.
Тіл әлеуметтік мәдени феномен болғандықтан, мұнда сөздің коммуникативтік сапаларын меңгеру үлкен маңызға ие. Олар іштей құрылымдық (сөз дұрыстығы, тазалығы, байлығы) және функционалдық (сөз дәлдігі, түсініктілігі, мәнерлілігі, орындылығы, бедерлілігі, қисындылығы) болып бөлінеді.
Мемлекеттік қызметтің жұмыстары кәсіби мамандардың бір-бірімен тиімді қарымқатынасқа түсуі, іскерлік келіссөз жүргізуі арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің қарым-қатынасқа түсе білу дағдыларын меңгеру арқылы жеке имиджін қалыптастыру қажет, оған тілдесім тұрғысынан келу керек. Еркін ойлайтын, батыл шешім қабылдайтын, өз білімін қызметінде қолданатын, өз іс-әрекетіне жауап беретін жанжақты тұлға қалыптастыруды, сондай-ақ интеллектуалдық деңгейінің өсе түсуін, рухани дүниесінің баюын, шығармашылық қабілетінің дамуын, ішкі мүмкіндіктерінің ашылуын мақсат етіп қойған дұрыс. Ал сөздік қоры бай, қатысымдық біліктілігі жоғары коммуниканттың деңгейі де жоғары болады. Сондықтан магистранттарға тілді мамандыққа қатысты оқытудың оңтайлы жақтары едәуір. Атап айтатын болсақ, магистранттар болашақ қызметіне байланысты жинаған сөздік қорын жұмыс орнында қолданып, лауазымына сәйкес ой-пікірлерін дәлелді әрі нақты жеткізу дағдылары қалыптасады, яғни ресми стильде еркін қарым-қатынасқа түсе алады.
Іскерлік келіссөздер – екі жақтың бірдей қызығушылығы болған жағдайда тараптар арасындағы белгілі бір нәтиежеге, келісімге келу құралы.
Келіссөздердің өткізілу кезеңдері олардың тиімді жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Келіссөз жүргізер алдында оның моделін білу қажет:
– Өзіңіздің берілмейтініңізді білдіру сәті, жағымсыз жағдайлардан сәтті шыға білу;
– Келіссөздердің қиындығына байланысты жасалу жобаларын және алдын ала бағдарламарын жасау;
– Талқыланатын мәселені нақты білу өте маңызды, себебі келіссөздердің тиімді нәтижесі мәселені жақсы түсінуіне байланысты қабылданады;
– Өзіңізге дискуссия, дау туғызады деген сұрақтардың, компромистік жоғары және төмен деңгейін анықтау.
Келіссөз мына бөліктерден тұрады:
– Танысу. Қарым-қатынасты қалыптастыру;
– Қатынас барысын бақылау;
– Мәселені талдау;
– Мәселені шешу;
– Байланысты аяқтау.
Сұқбат берушілердің, іскерлік келіссөзге қатысушылардың сөздеріне талдау жасай білу – келіссөз жүргізу мәдениетін меңгерудің бір жолы. Жиналыс, конференцияларда, дәрістерде сөйлеген немесе радио, теледидардан тыңдаған сөйлеушілердің сөздерінің мазмұнына ғана көңіл аударып қоймай, материалдарды беру тәртібіне, тілдік шеберліктеріне, шешендік әдістеріне де көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар, бұқаралық коммуникацияда не ұнайды, не ұнамайды, қандай әрекеттері, қандай тәсілдері, қай сөздері сәттілікке жеткізді, қайсысы сәтсіздікке ұшыратты дегендерге талдау жасаған дұрыс. Әсіресе, сөйлеушінің серіктесімен қарым-қатынасына, өзін-өзі ұстауына назар аудару керек.
Сөйлеушінің қызметі қандай сатылардан тұрады, сөйлейтін сөзді қалай орналастыру керек, тыңдаушылармен кездесуге қалай дайындалу керек, аудиторияны меңгерудің қандай амалдары бар екенін жақсы білу қажет. Шешендік өнердің тарихында әйгілі шешендер өзімен көп жұмыс істеген, сөйлеуге тыңғылықты дайындалған. Күнделікті дайындықтың нәтижесінде сөйлеушінің кәсіптік шеберлігі артады, өзіне деген сенімі нығаяды.
Халықаралық қатынастар саласында негізінен ресми-іскерлік стиль қолданылады. Ресми-іскерлік қатынас деп адамдардың кәсібі, мамандығымен байланысты қызмет орындарында, мәдени-көпшілік мекемелерде жүзеге асатын қарым-қатынастың түрін айтамыз. Мұндай орындардағы қарым-қатынастың түрі ресми сипатта болады. Мемлекеттік қызметшілердің, оқытушы мен магистранттың және келіссөздер жүргізу барысындағы елшілердің арасындағы қарым-қатынас ресми-іскерлік қарым-қатынасқа жатады.
Жалпы сөз мәдениеті, мәнерлі сөйлеу туралы ілім Еуропа елдерінде көне грек, көне рим заманынан бастау алады. Ғылымға белгілі, шешендік өнердің алғашқы теориясы мен практикасын жасаушылар көне грек ілімпаздары – Аристотель, Георгий, Трасимах, Сократ, Платон, Теофраст т.б. Олар жазу мен сөйлеу стилінің сыртқы белгілеріне: анықтығы, тазалығы, әсемдігі, қысқалығына тоқталып, бұл белгілерді адамды сендірудің әдіс-тәсілдері
ретінде қарастырады.
Халқымыздың «жүзден біреу – шешен, мыңнан біреу – көсем» деген мақалынан шешендік өнерге үлкен көңіл бөлінетіні аңғарылады. Ерекше шешендік қабілеті бар кісілер елді аузына қаратып сөйлеген. Халық оларды ұйып тыңдаған. Әрине шешеннің де шешені бар. Қазақта ондай адамдарды «Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, қас шешендер сөз айтар» деген. Шешендік өнер қазір де жоғары бағаланады. Тіл өнеріне, сөйлеу мәнеріне қойылатын талаптар шешендік өнерге де қойылады. Шешендік өнер –сөз мәдениетінің ең жоғарғы сатысы.
Сөйлеу барысында көбіне кездесетін кемшіліктердің бірі – сөз арасына жаңағы, яки, яғни, және, мінекей, жалпы, маған, иә, мәселен, әлгі т.б. сөздерді орынсыз қыстыра беру. Сонымен қатар, значит, так, пока, уже, допустим, вообще, и, в общем, после т.б. сияқты сөздерді қайталай беру сөз мәдениетінің нормаларын бұзу болып саналады.
Тілдік тұлға ұғымының өзі оны сипаттаудың лингво-психологиялық аспектісін білдіреді, соған сәйкес имидждің қалыптасуы лингвистика, психология т.б. бірқатар пәндердің тоғысында өтуі мүмкін.
Тұлғаның тілдік даму мәселесінің аспектісі ретінде өзара байланысты екі бірліктен тұратын тілдік қабілет: орта, оқу, тәрбие және табиғи алғышарттар, мидың және жүйке жүйесінің туа біткен анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері қарастырылады.
Тілдік қабілеттің тілдік, сөйлеу және интеллектуалдық компоненттерді қамтитын өзіндік құрылымы болады. Көптеген ғалымдар тілдік сезгіштіктің екінші түрін тілдік ереже мен норманы білуге негізделген, саналы түрде жалпылау деп түсінеді. Осыған сәйкес, тілдік қабілет биологиялық жолмен емес, қарым-қатынас кезінде қалыптасатындығы белгілі болады
[3, 127].
Осы тектес тұжырымдармен сабақтастырып қазақ тіл біліміндегі сөз мәдениетін зерттеуші Н. Уәли: «Сөз мәдениеті әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стильдік, орфографиялық, орфоэпиялық нормаларын меңгеру, бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасау мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу» деп анықтайды [2].
Тілдік тұлғаны зерттеуші ғалымдардың бірі В. В. Виноградовтың «Саясаттың тарихы туралы» деп аталатын еңбегінде сөз болады [4].
Тіл зерттеушісі Ю. Н. Карауловтың ойынша, тілдік тұлға қалыптастыруға қажет талаптар мыналар:
– өз ана тілінде жүйелі, анық, түсінікті сөйлеу;
– сөздің тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай құрылуы; – сөздің бейнелі бояуы, сөздің тыңдаушының қажетіне сай болуы т.б. [5, 35-37].
Лингвист ғалым Г. И. Богин тілдік тұлға қалыптасуының бес деңгейін анықтады. Олар: «Жеті жаста тілдік тұлға қалыптасуының бірінші деңгейі – дұрыстық деңгей пайда болады», – дейді. Бұдан әрі, «бұл деңгей өзге деңгейлердің қалыптасуына жол ашады. Екінші деңгей іштей ойлау қабілетінің дамуын арттырып, осы деңгей көлемінде сөйлеуге іштей дайындалуды іске асырады. Үшінші деңгей сөздік қордың толығуы, көптеген грамматикалық форманы меңгеруді қалыптастырады. Төртінші деңгей мәтін мазмұнына таңдау бостандығы мен көзқарас кеңдігін қамтамасыз етеді. Тілдік тұлғаның шығармашылығының толығуы, оның келешекте жүзеге асуы мен мәтінге сын көзбен қарау. Бесінші деңгей тілдік талғамдық қатынастың бірлігі» [6, 68] деп бөледі.
Тілдік тұлғаны қалыптастыру ұлттық тілдік ортадан басталады. Оның дамуына сыртқы және ішкі фактор әсер етеді. Әлеуметтік фактор сыртқы факторға, ал психология, биология ішкі факторларға жатады. Әлеуметтік фактор ретінде отбасы, қарым-қатынас жасайтын ортасы, қызметі, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет орындарын айтуға болады. Ішкі факторлар ретінде темперамент басымдылығы, икемділік, экстроверттік немесе интроверттік, жыныстық және жас ерекшелігінің көрсеткіші алынады.
Ю. Н. Караулов тілдік тұлғаны «оның тілі арқылы көрінетін психологиялық, этикалық, әлеуметтік және т.б. компоненттердің жиынтығынан тұратын адам» [5, 86] деп түсіндірді.
Тілдік тұлға туралы болжам оның эрудициясының кеңдігі, сөз байлығы, шешендік өнерді толық меңгеруі негізінде қалыптасады. Тұлғаның құрылымының үлкен және кіші қырлары болуы мүмкін. Тұлғаның үлкен қырының өлшемдеріне ақыл-ой, дүние туралы білім, өмірлік тәжірибе, ес, мәдени ортадағы өзін көрсетуі жатады. Тілдік тұлғаның кіші қыры түрлі коммуникативтік жағдайда басынан өткізетін сезімнен, эмоциядан тұрады. Аталған өлшемдердің әрбірі жеке тұлғаның сөзінде түрлі көрініске ие болады.
Тілдік тұлға тілдік қазынаны пайдаланумен бірге жаңа үлгілерді жасайды [2, 93]. Тілдік тұлғаны зерттеу тілдік ұжымда немесе жеке тілдік тұлғаның сөзінде қолданылатын тілдік құралдарды сипаттаумен шектеліп қалмауы тиіс, керісінше, бұл құбылыстың прагматикалық, когнитивтік, этнопсихологиялық аспектілерін ескеру қажет. Аталған аспектілердің әрқайсысы сөйлеушінің тілінен көрініс табады және оған қайталанбас өзіндік ерекшелік береді.
Ғалымдардың осы тұрғыда айтқандарын жүйелей келгенде, тілдік тұлғаға «тілді жетік меңгерген, тілдік құралдарды үйлесімді пайдаланып, өзінің рухани, мәдениеттанымдық, ғылыми сұранысын қанағаттандыра алатын, болашақ кәсібіне байланысты ресми қарымқатынас тілін меңгерген тұлға» деген анықтама беруге болады.
Тілдік имиджі қалыптасқан тұлға әдеби тілді меңгеру деңгейіне байланысты төрт типке бөлінеді:
1) әдеби тілді шығармашылық деңгейде тұтынатын тип. Бұлар элитарлы тілдік тұлғалар;
2) әдеби тілдің ауызша, жазбаша нормаларын сақтай білетін, ара-тұра
кодификацияланған нормадан қате жіберетін, сөйлеу тілі мен кітаби тіл элементтерін кей тұста айқын аңғара алмайтын мәдени-типтік орташа тип. Сан жағынан басымы да осы орташа тип;
3) негізінен әдеби сөйлеу тілін қолданатын, арасында қарапайым сөйлеу тіліне тән элементтерді қосып сөйлейтін тілдік-мәдени тип. Сан жағынан, шамамен, орташа типтен кейінгі орында;
4) қарапайым сөйлеу тілімен сөйлейтін, бейәдеби элементтер мен диалектизмдерді қолдана беретін коммуниканттар [2, 95].
Сонымен, адам жоғарыдағы белгілерге қоса адамгершілік, ерік-жігер сияқты қасиеттерге бай, білімді де белсенді болса, оны тұлға деп санауға болады. «Имидж» ұғымы тілді тұтынушының білімі мен қарым-қатынас барысында тілдік құралдарды орынды пайдалана алу қасиеттерімен байланысты да түсіндіріледі.
Маман іс-әрекет субъектісі болумен қатар, коммуникативтік актінің ұйымдастырушысы ретінде көрінеді. Кәсіби қарым-қатынас жасау коммуникативтік дағдылардың дамуын көрсетеді. Мамандар қарым-қатынас жасай алуы, достық қарым-қатынасты сақтауы тиіс, сөйлесіп отырған әріптесімен тіл табыса білуі керек, басқа адамды тыңдай және түсіне білуі тиіс. Өзінің әлеуметтік қызметінде белгілі бір ақпаратты, білімді, мәдениетті, тәжірибені жеткізеді. Байқағыштық, эмпатия, рефлексия, шыдамдылық адамдармен дұрыс қарымқатынас жасауға, алға қойған мақсатқа жетуге мүмкіндік береді.
Сонымен, тілдік имиджі қалыптасқан тұлға өз ойын дәл, түсінікті жеткізу үшін біліммен қаруланып қана қоймай, тілдік құралдарды ұтымды пайдалана білуі қажет. Тілдік құралдар тұлғаның сөз мәдениетінен көрініс табады. Cөз мәдениеті – тілдік тұлғаның тіл қолданысындағы білім, білік, дағдыларының бірлігі. Ал сөз мәдениетінің биік шыңы имидж көрсеткіші болып табылады.
Қарым-қатынас түрлерінің ішінде іскерлік келіссөз жүргізудің әдіс-тәсілдерін меңгерту сабақтарының орны ерекше. Себебі мемлекеттік басқару саласы іскерлік және халықаралық келіссөздер жүргізумен ерекшеленеді. Іскерлік келіссөздердің теориялық және практикалық жолдарымен магистранттарға Тілдік құзыреттілік сабағы аясында кездесулер, келіссөздер жүргізу, сұхбат беру және көпшілік алдында сөйлеу техникалары үйретіледі. Сабақ барысында теориялық материалдар ұсынумен қатар, түрлі инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы практикалық тапсырмалар орындату қажет.
Мемлекеттік тілді оқытуда тіл үйренушінің кәсіби саласына бағыттап оқытудың тиімділігі тәжірибеде байқалуда. Осындай тиімділіктерді ескере келе, мемлекеттік қызметшілерге жүргізілетін тілдік және біліктіліктерін арттыру курстарында қазақ әдеби тілінің ресми-іскерлік стилін оқыту негізге алынғаны жөн. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастырып, тұлға ретіндегі әр түрлі қабілеттерінің жетілуінің басты факторы – оларды адамдармен тіл табыса жұмыс істеуге бағыттайтын, қоғамдағы бәсекелестікке бейімдейтін комуникативтік құзыреті. Мұнда тұлғаның қарымқатынас мәдениетіне, көпшілік ортасында өзін-өзі ұстау әдебіне, сөйлеу мәнеріне, этикеттік нормаларды дұрыс қолдана білуіне назар аударылады.
Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің сөз мәдениетін көтеру арқылы жеке тілдік имиджін қалыптастыру қажет, оған тілдесім тұрғысынан келу керек. Мемлекеттік қызметші еркін ойлайтын, батыл шешім қабылдайтын, өз білімін кәсіби қызметінде кеңінен қолданатын, өз іс-әрекетіне жауап беретін жан-жақты имидж қалыптастыруды және интеллектуалдық деңгейінің өсе түсуін, рухани дүниесінің баюын, шығармашылық қабілетінің дамуын, ішкі мүмкіндіктерінің ашылуын мақсат етіп қойған дұрыс. Ал сөздік қоры бай, қатысымдық біліктілігі жоғары маманның деңгейі әрдайым жоғары болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Экспериментальная психология: Практикум: Учебное пособие для вузов//Т.Г.Богданова, Ю.Б.Гиппенрейтер, Е.Л.Григоренко и др.; Под ред. С.Д.Смирнова, Т.В.Корниловой. – М.: Аспект Пресс, 2002. – 383 с.
2 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. докт. …дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2007. – 328 б. 3 Бодуан, Ж.П. Управление имиджем компании. Паблик рилейшнз : предмет и мастерство / Ж.П.Бодуан ; пер. с фр. А.В. Полунина. – М.: ИМИДЖ-Контакт: ИНФРА, 2009.
– 260 с.
4 Виноградов В. В. Саясаттың тарихы туралы. – М., 1996. – 265 б.
5 Караулов Ю. Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Издательство ЛКИ, 2010. –
264 с.
6 Богин Г. И. Некультурная коммуникация // Человек говорящий: Язык, культура, познание. – М.: Институт языкознания РАН, 1995. – С. 70-85.
К. У. Айтмухаметова
ЯЗЫКОВАЯ КОМПЕТЕНЦИЯ КАК ИМИДЖЕВЫЙ ФАКТОР
ГОСУДАРСТВЕННОГО СЛУЖАЩЕГО
Статья посвящена проблемам языковым компетенциям и коммуникативным имиджем государственных служащих. В статье представлена языковой имидж государственных служащих во многих случаях связанно с профессионально-коммуникативным компетенциям. В основном языковая компетенция и культура речи государственных служащих рассматриваются как фактор формирования положительного языкового имиджа. Также в статье рассматривается языковая компетенция – одна из наиболее важных составляющих профессиональной подготовки государственных служащих.
K. U. Aitmukhametova
LANGUAGE COMPETENCE AS IMAGE FACTOR OF THE CIVIL SERVANT
Article is devoted to problems to language competences and communicative image of civil servants. In article it is presented language image of civil servants in many cases it is connected with professional and communicative competences. Generally language competence and the standard of speech of civil servants are considered as a factor of formation of positive language image. Also in article is considered the language competence – one of the most important components of vocational training of civil servants.