ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ШЫҒАРМАЛАРЫН МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДА ЖОБАЛАП
ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ

Ж. Сұлтанбекова докторант, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қ.,Қазақстан Республикасы

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ШЫҒАРМАЛАРЫН МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДА ЖОБАЛАП
ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ

Мақалада Дулат Исабеков шығармаларын мектепте оқытуда жобалап оқыту технологиясын қолданудың тиімділігі қарастырылған. Жобалап оқыту технологиясы — жеке тұлғаға бағдарланған оқыту. Бұл технология оқушылардың берілген тапсырманы жобалау, зерттеу барысында өзінің және басқаның тәжірибесінен үйрену, сабақ алуға негізделген. Ғылыми жобаны жасау барысында оқушылар көп нәрсеге өзі көз жеткізеді. Яғни, бұл оқушылардың танымдық қасиеттерін арттырудың, өз еңбектерінің нәтижесіне толығымен қанағаттанып, оқудағы жетістіктерін сезінудің бірден-бір жолы болып табылады. Дулат Исабеков шығармаларын оқытуда жобалап оқыту технологиясын қолдану оқушылардың қызығушылық ынтасын дамытуға, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіруге, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыруға және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізеді. Сапалы білім беруде жобалау технологияның әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана отырып, оқушылардың ізденімпаздық, зерттеушілік, шығармашылық қабілеттерін дамытуға болады. Мақалада оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға жағдай жасай отырып, баланы ізденімпаздыққа және өзіне сенімді болуға ұмтылдыру, ақыл-ой деңгейін қалыптастыру, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту жолдары қарастырылған.

Кілт сөздер: жобалап оқыту технологиясы, әдістеме, әдіс-тәсіл, шығармашылық қабілет, сыни тұрғыдан ойлау,танымдық қызығушылық, ақпараттық бағдарлау, ғылыми жоба.
КІРІСПЕ
Соңғы жылдары отандық білім беру тәжірибесінде болып жатқан өзгерістер мектеп қызметінің бір де бір жағын өзгеріссіз қалдырмады. Білім берудің тұлғаға бағытталған қағидаларын жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа әдістері қажет болды. Қазіргі кезде көптеген тәсілдердің ішінен жобалау әдісіне ерекше көңіл бөлінеді. Жобалау әдісінің негізінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін өздігінше құруын, қосымша ақпарат жинауын, шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлауын дамыту жатады. Оқушы қажетті білімді өзі іздеп- тауып, оларды талдап, сол деректердің негізінде қорытынды шығарып, нәтиже жасауды өз бетінше жүзеге асырады. Жобалау әдісін қолдану оқытудың жақсы ойластырылған, негізделген әдіс- тәсілдері мен құралдарын қамтиды.
Жобалап оқыту технологиясын теориялық тұрғыда негіздеген Ресей ғалымдары
В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин, Н.В. Кузьмина т.б. Жобалау әдісі ең алғаш ХХ ғасырдың басында АҚШ-ының ауылшаруашылық мектептерінде жүзеге асырыла бастаған. Бұл әдістің негізі американдық ғалымдар Д. Дьюи, У. Килпатрик, Э. Торндайк идеяларынан алынған. Кейіннен әлемнің түрлі елдерінде кеңінен танымал болып, қолданысқа ие болды. Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау, әзірлеу» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді[1].
Жобаның құрылымына жоба нәтижесіне жетудің тәсілі ретінде баяндамалар, рефераттар, зерттеушілік және оқушылардың басқа да өздік шығармашылық жұмыстарының элементтері кіруі мүмкін. Жобалық жұмыс – нәтижесі алдын-ала белгісіз шығармашылық, зерттеушілік мәселелерді шешумен тығыз байланысты жұмыс. Сабақ барысында және сабақтан тыс орындалатын жобалық жұмыстар оқушылардың өз беттерінше ізденулері арқылы зерттеушілік іс-әрекет дағдыларын, ойлаудың зерттеушілік түрін меңгерулеріне, сонымен қатар оқу барысында белсенділік ұстанымдарын қалыптастыруға, функционалдық сауаттылықтарын дамытуға жағдай жасайды. Оқушылар мұғалімнің басшылығымен және өздігінен іздену арқылы практикалық білім мен білікті меңгереді.
Ш.Д.Абдиева: «жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады» – десе [2, 43], ғалым А.А.Сатбекова: «жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы»– деп тұжырымдаған [3, 49].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ әдебиеті сабағында жобалық тапсырмаларды пайдаланудың мақсаты – оқушылардың оқудағы белсенділіктерін арттыру, көркем шығармалармен танысу, оқутанымдық білік және дағдыларын қалыптасуына көмектесу, оқу еңбегінің тиімді білік және дағдыларын меңгеру, сұрақтар мен тапсырмаларды орындау, өз пікірлерін білдіру, басқалардың пікірлерін тыңдау арқылы өз беттерінше жаңа білім алады, пәндер бойынша жобалық тапсырмаларды орындауға арналған әдебиеттерді зерделеу барысында білімдерін толықтырады және тереңдетеді. Оқушыларды жобалық және зерттеу әрекетіне үйрету барысында қойылатын міндеттер:
– оқушылардың көркем әдебиет оқуға қызығушылықтарын дамыту;
– шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру және дамыту;
– проблема қою және оны шешудің тәсілдері мен жолдарын табу біліктері мен дағдыларын дамыту;
– оқуға және өздігінен ізденуге ынталандыруға жағдай жасау;
– тұжырым жасай білуге, өз пікірін жеткізуге үйрету;
– оқушының өз әрекеттеріне, қабылдаған шешімдеріне жеке (тұлғалық) жауапкершілік сезімін, өзін-өзі бағалаудың негізін қалау;
– білімді күнделікті өмірде қолдана білу дағдыларын қалыптыстыру, яғни функционалдық сауаттылықтарын дамыту. Жобалау әдісі оқушыларға тақырып таңдауда, мәліметтердің дереккөздерін жинауда, презентация және қорытынды жасауда өз бетінше жұмыс істеуге жағдай жасайды.
Жобалық жұмысты орындау барысында оқушының бойында өз бетінше өзінің қабілеті мен қызығушылығына қарай тақырыпты еркін таңдай білу, таңдаған тақырыбына байланысты мақсат-міндеттер қоя білу, мақсат-міндеттеріне қарай жұмыс жоспарын құру, тақырыпқа қатысты мәліметтерді жинақтауға, жүйелеу, орындалатын жұмыстардың әдістерін талдау, салыстыру арқылы, тиімді тәсілді таңдау, өз ойын, көзқарасын жүйелі, дұрыс және дәлелді жеткізу дағдылары қалыптасады. Жобалық тапсырмаларды негізінен оқушылардың өздері орындайды, тапсырманы орындаудың уақыты белгіленеді. Алайда жобадағы шешілуі тиіс мәселенің күрделілігі мен ерекшелігіне байланысты, мұғалім бағыттаушы, басқарушы рөлін атқарады.
Білім беру үрдісінде қолданылатын жобаның көптеген түрлері бар: ғылыми жоба, шығармашылық жоба, ойын түріндегі жоба; ақпараттық жоба және т.б. Мерзіміне қарай қысқа мерзімді жоба болып бөлінеді. Жобалау технологиясы негізінде — оқушылардың жұппен немесе топпен бірігіп дайындайтын шығармашылық жұмыстар жатыр.
Орта мектепте қазақ әдебиеті сабағында белгілі жазушы Дулат Исабековтың «Әпке», Ата үміті («Дермене»повесінен үзінді) сияқты туындылары оқытылады. Оқушыларды жазушының мектеп бағдарламасына енбеген туындыларымен таныстыру, оларды образдар жүйесіне, жазушының шығармашылық стиліне байланысты талдауға үйрету мақсатында жобалап оқыту технологиясын қолдануға болады. Жобалап оқыту технологиясы бірнеше кезеңдер арқылы жүзеге асады. Мысалы жазушының «Мұрагерлер», «Алыстан келген ананас», «Кішкентай ауыл», «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу»,«Мазасыз күндер», «Тіршілік», «Сүйекші», «Гауһартас»,«Талахан-186», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Ай Петри ақиқаты», «Бонапарттың үйленуі» т.б.
шығармалары бойынша түрлі жобалар өткізуге болады.
Жобалап оқыту бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Дайындық кезеңі. Жоба тақырыбын анықтау. Бір бағыт төңірегінде оқушыларды тақырып таңдауға ынталандырады. Топтағы әрбір оқушының пікірін ескере отырып жұмысты жоспарлауға үйретеді. Әр оқушы өмірлік тәжірибесіне (егер ол болса) , сүйене отырып, өз ойын ортаға салады, бірігіп жобаның мақсаты анықтайды. Бұл кезеңде жазушының бірнеше туындысын ұсыну, оқушыларға сол шығармалар ішінен жоба тақырыбын таңдау мүмкіндігі беріледі.
Мысалы, 9-11 сынып оқушыларына жобалық жұмысқа мынадай тақырыптар ұсынуға болады:
1«Гауһартас» әңгімесіндегі махаббат тақырыбы
2 Жазушы лабораториясындағы кейіпкер характері
3 Дулат Исабеков шығармаларындағы астарлы юмор
4 Дулат Исабеков шығармаларындағы ұлттық психология
5 Д.Исабеков шығармаларының көркемдік және танымдық сипаты
6 Д.Исабеков шығармаларындағы замандас бейнесі
Жобалық жұмыс орындаушы оқушылардың бойында жобалық білік қалыптасады, алдына проблема қою, сол проблемаға қатысты мақсат қою, жоспарлау, зерттеушілік, коммуникативтік біліктері қалыптасыды. Жобалық тапсырмалар білім алушының жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті әлемде өмірге дайын, өзіндік азаматтық ұстанымы бар, белсенді азамат болып тәрбиеленуіне ықпал етеді. Балалар зерттеу тақырыптарын таңдауды және мақсатқа қол жеткізу жолдарын іздеуді, жоспар құруды, ғылыми болжамдарды ұсынуды, түрлі мәліметтерді жинақтау мен іріктеуді, нәтижелерді іс жүзінде қолдануды үйренеді.
2. Жоспарлау.Топқа бөлу. Ақпарат жинау және талдаудың жолдарын көрсету. Әрбір топ мүшесі алдындағы жұмысын анықтау. Оқушыларды өз бетімен акпарат жинауды бағыттайды. Оқушылар өздері алған тақырып бойынша және жазушы Дулат Исабековтың өмірбаяны, жалпы шығармашылығы туралы қосымша мәліметтерді өздері ізденіп табады. Әркім өзі жинаған мәлемтті ортаға салып, талқылайды. Әрбір топ мүшесінің пікірін ескере отырып, ұжымдық талқылау шешімін тыңдайды, қажет болса өз ойымен бөліседі. Топ арасында әркімнің атқаратын қызметін анықтайды, өз тақырыптарын анықтау жұмыс істеу кезеңдерін жоспарлап, бірінші нәтижеге жету уақытын белгілейді. «Қоғамдық » тапсырманы орындауға дайындығын көрсетеді.
3. Зерттеу жұмысы. Ақпарат жинау, аралық нәтижені талдау, зерттеудің негізгі құралдары: алынған түрлі ақпаратты талдау. Дулат Исабеков шығармасы бойынша кейіпкерлер бейнесіне талдау жасау, жазушы стиліне талдау жасау, жазушы шығармаларындағы ұлттық психологизм сипатын ашу, т.б. Жобалық тапсырмаларды орындау балалардың өз беттерінше әрекет жасауына, оқуға үйренуіне мүмкіндік береді. Жоба бойынша жұмыс барысында оқушылардың жеке, жұпта, топта, ұжымда жұмыс істеу дағдылары қалыптасады, балалар ақпараттың түрлі көздерінен қажетті деректі таба білуге үйренеді.
Мұғалімнің әрекеті — оқушы күнделігін бақылап, әрбір жетекшісімен топ мүшелерімен жеке — жеке сөйлесу , талдау, нәтижені салыстыру арқылы алдағы жұмысқа бағыт беру. Қажет болса сценари жазу, қоғамдық ұйымдар мен қарым қатынас қалыптастыру.Білімін әр пәндік салада кеңейтеді, түрлі қоғамдық жұмыстармен танысады, шығармашлық, белсенділік, талаптылық қасиеттерін бойында қалыптастырады.
4. Нәтижені талқылау. Оқушылардың шығарманы оқып, талдау жасаған жұмыстары бойынша ақпаратты талдау , шешім шығару, тұсау кесердің қандай түрде өтетінін жоспарлау. Мұғалім әрекеті — бақылайды, кеңес береді. Топ ішіндегі жеке оқушылардың еңбегін бағалай отырып, бірігіп қорғау үшін ынтымаққа бір-біріне деген сыйластыққа шақырады. Тұсау кесерге келгетін қонақтар тізімін жазады, қажетті аудио- видо техниканы жабдықтайды. Топ арандағы әркімнің рөлін анықтап, алынған ақпараттың арасынан ең негізгіні белгілеп жазады. Проблемаларды сұрақтарды анықтап, оны бірге шешуге дайындалады.
5. Жұмыстың тұсау-кесері. Оқушылардың дайындаған презентация, баяндама, шығарма т.б. жұмыстары тыңдалады. Мұғалім әрекеті — тыңдайды, проблемалық сұрақтарды қоя отырып, оқушыны сөйлетуге мүмкіндік жасайды. Алынған нәтиже туралы есеп береді. Бір-бірін мұқият тыңдайды, сөйлеу мәнерін ескере отырып, бір-бірінің ойларын жалғастырып отырады. Оқушылардың жобалық жұмыстарының нәтижесі баяндама, реферат, шығарма, плакат және т.б. түрде рәсімделуі мүмкін. Жобаны қорғау сатысында оқушылар өз жобаларын көрсетіп, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берулері тиіс. Оқушылар пікірталас жүргізуге, жұмыстарын қорғауға, жобаларының басым жақтарын көрсетуге, өз көзқарастарын сақтап қалуға, басқа адамдардың пікірлерін тыңдауға және қорытынды шығаруға үйренеді. Өз жұмыстарын қорғау барысында оқушылар шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыру, нақты мақсат бойынша жұмыс істей отырып білімдерін тереңдету, яғни мектеп бағдарламасында қамтылмаған тақырыптарды зерделеу мүмкіндігіне ие болады. Жобалық тапсырманы қорытындылау барысындағы шығармашылық үдеріс оқу материалына жаңаша қарауға, өз білімін жүйеге келтіруге жағдай жасайды. Жобаны қорғау ойын, дөңгелек үстел, пресс-конференция т.б. түрлерде жүзеге асырылуы мүмкін. Жобаны қорғау үдерісі – мектеп оқушыларының коммуникативтік біліктерін дамытуға қажетті әдіс. Соңғы кездері компьютердің көмегімен презентация жасау жиі қолданылатын болып жүр. Презентация жасау арқылы оқушылар заманауи технологияларды қолдану дағдыларын дамыта отырып, жұмыс барысында қолданған әдіс-тәсілдерді, ақпарат көздерін сипаттайды, кездескен қиындықтар мен проблемалар туралы баяндайды. Өздіктерінен алған білімдерін, біліктерін, шығармашылық әлеуеттерін, іс-әрекеттерінің нәтижесін көрсетеді. Жобаны қорғау барысындағы оқушының сөзі қысқа және еркін болуы тиіс.
6. Бағалау және жоспарлау. Шығармашылық жұмысты бағалайды, еңбек иелерін алдыңғы үлкен мақсаттарға жетелейді. Ұжымды талқылай отырып бір-біріне, өздеріне баға береді.
Жобалық іс- әрекетті қолданудан мынадай нәтижелер күтуге болады:
— Жобалық іс- әрекетті қолданудың нәтижесінде мұғалім – оқушы арасындағы қарымқатынас өзгереді: – оқушы өз іс-әрекетінің мақсатын анықтайды – мұғалім оған көмектеседі; – оқушы өзіне жаңа білім ашады – мұғалім білім көздерін ұсынады; – оқушы эксперимент жүргізеді – мұғалім эксперименттің мүмкін түрлерін және әдістерін ашады, танымдық-еңбек әрекетін ұйымдастыруға көмектеседі; – оқушы таңдайды – мұғалім таңдаудың нәтижелерін болжауға көмектеседі; – оқушы белсенді – мұғалім оқушының белсенділігін арттыруға жағдай жасайды; – оқушы оқыту субъектісі – мұғалім әріптес; – оқушы өз іс-әрекеттерінің нәтижесі үшін жауап береді – мұғалім алынған нәтижені бағалауға және іс-әрекетті жетілдіру тәсілдерін анықтауға көмектеседі.
— Оқушының пәнге қызығушылығы артады.
-Жобалық жұмыстар балалардың қарым-қатынасын нығайтады, топпен жұмыс істеу біліктерін және ортақ жұмыс үшін жауапкершіліктерін дамытады.
— Жобалық жұмыс өз және достарының тәжірибесі арқылы оқуға мүмкіндік береді.
— Мұғалім әр түрлі дидактикалық тәсілдерді қолдана алады.
— Оқушының өзін-өзі бағалауы артады, өзіне сенімділік пайда болады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Дулат Исабеков шығармаларын жобалап оқыту әдісін қолдана отырып меңгертудің тиімділігі зор. Бұлай дейтініміз, жобалау технологиясының негізі — оқушыларды өз бетімен ізденуге, дербес іс-әрекет жасауға, нақты тақырып төңірегінде алдына мақсат қоя біліп, сол мақсатқа қол жеткізуге тәрбиелеу. Жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын оқушының өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер. Жазушының мектеп бағдарламасында қамтылмаған әңгімелерін оқушыларға өз бетімен ізденіп, оқып меңгеруге, шығарманы талдап, өзіндік сын-пікір, тұжырым жасауға үйретеді. Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу. Жобалап оқыту техологиясын мектеп оқушыларына да қолдануға болады. Жобалап оқыту технологиясын қолданып, проблемалық тақырыптың мазмұнын ашу, пікірталасқа түсу, өзіндік ойларын ғылыми дәлелдеудегі мұндай оқу ынтымақтастығын тудыратын топтық жұмыстардың мүмкіндіктері мен тиімділігі мол. Өз бетімен қазақ әдебиеті бойынша берілетін түрлі жобаларды орындау барысында студент өз бетімен ғылыми жұмыс жасауға дағыдаланады. Жоба жұмысын орындау арқылы оқушы өздігінен шешім жасауға үйренеді, жобаның орындау логикасын анықтайды. Сол арқылы өзінің білім деңгейін дамытады, өз бетінше әрекетке түсіп, ізденеді.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Э.Тұрдалиева, Ақынова Ж.Жобалау технологиясын қолдану әдістері //Қазақ тілі мен әдебиеті. №5, 2006, 36-40бб.
2 Абдиева Ш.Д. Жобалау әдісін қолдану арқылы студенттердің тіл үйренуге деген белсенділігі мен қызығушылығын арттыру // Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, 2010, 39-43бб.
3 Сатбекова А.А. Қазақ тілін жобалау әдісі арқылы оқыту жүйесінің дидактикалық ұстанымдары // Білім – Образование. №3 (27), 2006, 48-52бб.


Ж. Султанбекова
Применение технологии проектного обучения в школьном изучении произведений
Дулата Исабекова
Международный казахско-турецкий университет имени Кожа Ахмета Яссауи,
Г.Туркестан, Казахстан
В статье рассмотрены приемы применения технологии проектного обучения при изучении в школе произведений Дулата Исабекова.
Основой технологии проектного обучения являются возможности для мотивации учащихся, самореализации, реализации их познавательно-практических способностей.
При применении технологии проектного обучения, раскрывается множество возможностей командной работы, благодаря которым появляется качественное сотрудничество в обучении: учащиеся совместно раскрывают содержание проблемной темы, участвуют в обсуждении заданной темы и учатся доказывать свою собственную точку зрения. В статье излагается ряд причин выбора при изучении казахской литературы технологии проектного обучения как качественной и эффективной системы. В данной статье рассмотрены способы развития познавательных способностей учащихся, чувства самопознания и самооценки, формирования ментального уровня и развития критического мышления при изучении литературных трудов Дулата Исабекова.

Zh. Sultanbekova
Application of the technology of project teaching in studying Dulat Isabekov’s works in school
International Kazakh-Turkish University named after Kozha Ahmet Yassaui,
Turkestan, Kazakhstan
Techniques of application of project training technology in studying of Dulat Isabekov’s works in school are considered in the article.
Opportunities for motivating students, self-realization, the realization of their cognitivepractical abilities are the basis of the technology. In applying the project training technology many opportunities for team work are revealed, whereby qualitative cooperation in teaching appears: the students jointly disclose the content of the problem topic, participate in the discussion of the given topic and learn to prove their own point of view. The article describes a number of reasons for choosing the technology of project training as a quality and effective training system in the study of Kazakh literature. In this article, ways of developing cognitive abilities of students, feelings of selfknowledge and self-evaluation, formation of mental level and development of critical thinking in the study of Dulat Isabekov’s literary works are examined.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *