Г.Б.Қожахметова
докторант, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қ., Қазақстан
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫЛАРҒА ҰЛТТЫҚ СӨЗ САПТАУ
ЕРЕКШЕЛІГІН МЕҢГЕРТУ
Мақалада қазақ тілі сабағы арқылы оқушылардың сөз саптау дағдыларын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері қарастырылған.
Егер тіл – бұл қарым-қатынас құралы болса, сөйлеу – бұл тіл арқылы қарым-қатынас үдерісі, тілдің жүзеге асырылуы, тілдің белгілік бірліктерімен қолдану үдерісі. Күнделікті қарапайым сөйлесімдерден іскерлік қарым-қатынасқа дейін, тіпті бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөйлеу әлеуметтік қатынас негізін құрайды. Өйткені кез келген адам қоғамның бір мүшесі бола отырып, қоғамдағы өз орнына, ортасына сәйкес қарым-қатынас жасауы, өзін-өзі ұстауы қоғамда қабылданған нормаларға сай болуы тиіс. Қазақ халқы сөздің құдіретіне әрқашан ерекше мән беріп, әр сөзді дұрыс қолдануға, орнымен жұмсауға тырысқан. Ұлттық сөз саптау ерекшелігі дегенміз – тілдік қарым-қатынас жасауда ұлттық тіліміздің шұрайлы мәйегін сарқа пайдаланып, тілдік нормаларды сақтау, сөз мәдениеті қағидаларын ескеру. Мақалада жалпы беретін мектептерде қазақ тілін оқытуда оқушыларға ұлттық сөз саптау ерекшеліктерін меңгретудің жолдары қарастырылған.
Кілт сөздер: ұлттық тіл, тіл мәдениеті, сөз саптау ерекшеліктері, сөйлеу әрекеті, тілдік қатынас, ауызекі сөйлеу тілі, тілдік норма
КІРІСПЕ
Бүгінгі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне сай әлеуметтік қызмет өрісін кеңейту арқылы оның ұлттық тіл ретінде тарих көшінен қалып қоймауы өзекті мәселе болып отыр. Ал ұлттық тілді сақтау дегеніміз бұл қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың жойылып кетпеуіне жол бермеу үшін күрес. Өйткені тіл сол халықтың даралық сипатын көрсететін ұлттық рухани-мәдени коды. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, адамды сол халықтың туа біткен толыққанды мүшесі ететін күш, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдіретті күш, тіл – ұлттық сананы түзейтін құрал. Міне, осы айқаста дәл бүгінгі біздің барша мақсат-мұратымыз қазақ тілін келесі ұрпақтарға әйтеуір “аман-есен” жеткізу ғана емес, ғасырлар бойы жинақталған сөздің байлығын, дыбыстық гармониясын, грамматикалық жүйелілігін бұзбай, оларды қырнай түсіп, жетілдіре түсіп жеткізу екенін жақсы түсінсек [1, 4 б.].
Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы бірден-бір міндет – жас ұрпақты дұрыс сөз саптауға, сөйлеу мәдениетін сақтауға үйрету. Тіл қоғамдағы адамдардың бәріне бірдей ортақ болғанмен, әркімнің сөйлеуі бір-біріне ұқсамайды. Тілдік қарым-қатынас барысында әр адам өзінше сөз таңдап, сөйлем құрайды. Сол себепті бір адамның сөз саптауы екінші бір адамның сөзінен өзгешеленіп тұрады.
Тілдік қатынас кезінде сөйлеушінің басты мақсаты айтайын деген ойын тыңдаушыға дұрыс әрі түсінікті етіп жеткізу. Сондықтан да тіл мүмкіндігін еркін пайдаланып, әр сөзді ұтымды жұмсау сияқты мәселелерге қазақ халқы әрқашанда зор мән берген. Халқымыздың «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Айтылған сөз – атылған оқ», «сиыр мүйізінен байланады, адам сөзінен байланады»; «таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» т.б. нақыл сөздері бұған дәлел бола алады. Адамның тіл жұмсауынан, сөз саптауынан, сөйлеу мәдениетінен оның қандай адам екендігін аңғаруға болады.
Тіл мәдениетін зерттеуші ғалым Уәлидің тұжырымдауынша қазақтың ұлттық сөз саптау дәстүрі адамгершілік, ар-ұят, жауапкершілік, парыз, ізгілік, мейрімділік, әділдік, шыншылдық, ақиқат тәрізді жалпыадамзаттық құндылық принциптеріне бағынады. Тілдік қарым-қатынаста, сөйлеушінің саптаған сөз өріміне осы принциптер негіз болады.
Үлкенді сыйлау, құрметтеу; сөйлеушінің сөзін бөлмеу, сөйлеуші тыңдаушыны назардан тыс қалдырмауы, өзін төмен ұстауы, мадақ сөзден қашуы т.б. тәрізді ұлттық сөз саптау дәстүріндегі талаптар сөз этикетіне ұйтқы, тірек-таяныш болады.
Сонымен бірге сөз этикасының құрамына сөз этикеті деген ұғым кіреді. Ал сөз этикеті ережелері сыпайылық принциптеріне негізделген[2].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Мектеп оқушылары ұлттық сөз саптау дәстүрін меңгеруде тілдік қатынаста әріптесіне құрметпен қарап, сыпайылық, сыйластық, ізеттілік сақтауға үйренуі тиіс. Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттың дәстүрлі сөз саптау мәдениетінде этикалық, эстетикалық құндылықтарға ерекше мән беріледі. Халық өзара тілдік қатынаста ізеттілік, адамгершілік, жауапкершілік, дегдарлық, сыпайылық т.б. эстетика-этикалық категорияларды үнемі ескеріп отырған. Сондай-ақ тілдік қарым-қатынаста дауыс көтеру, айқайлау қарымқатынас психологиясына кері әсер ететін, эстетикалық принципке қайшы сөз әрекеттері болып саналады. тапталмауға, қоғамдық, Оқушыларға әдеби тіл нормаларын меңгертуде, ұлттық сөз этикетін де таныстырумыз қажет. Олар қоғамда қалыптасқан этикалық норма бойынша, қандай жағдайда болмасын, бейпіл сөз айтуға, дауыс көтеріп айғайлау, зіркілдеу, т.б. жағымсыз реңктегі интонациялық құралдардың қолдануға болмайтындығын түсінуі қажет.
Сөз саптау дағдыларын қалыптастырудағы басты мақсаттардың бірі – оқушыларды қатесіз сөйлеуге үйрету. Зерттеуші А.Абитиярова «Сөз саптау үдерісіндегі қателер (әлеуметтік лингвистикалық сипаты)» атты еңбегінде сөз саптаудағы қателіктер туралы «Қате жіберудің ықтималдық деңгейі сөйлеу формалары бойынша айқындалады: қарымқатынастың ауызша түрінде ойлау мен ойды тіл арқылы жарыққа шығару сәтінің бір уақытта жүзеге асырылуына байланысты қате жіберу ықтималдығы жоғары, ал жазбаша сөйлеу формасында ауызша сөйлеуге қарағанда қателік жіберу ықтималдығы төмендеу. Өйткені мұнда адамның өз ойын саралап, жүйелеп, қатесіз сөйлеуіне мүмкіндігі болады [3, 4 б.] — деген тұжырым жасайды. Сол себепті оқушылармен жұмыс түрлерін таңдауда тек қана жазбаша емес ауызша сөйлеуге де ерекше мән беру керек.
Мектеп оқушылары сөйлеуде жиі қателер жіберіп жатады. Әсіресе, ауызша сөйлеуде бұл жиі ұшырасады. Кейде сөздердегі әріптерді, тіпті сөйлемдегі сөздерді қателесіп ауыстырып қолданып жатады. Мектеп оқушылары қате сөйлеуі көбінесе әдеби тіл нормаларын толық меңгермеуден, тілдік дәстүрлерге ұқыпсыз қараудан, кейбір сөздердің мағыналық сипатын жете түсінбеу, тіпті түсінгісі келмеу, сонымен қатар, жаргондарды көп және орынсыз қолданудан орын алады. Бұлар тіл ерекшеліктерін айыра алмауды, сөйлеу мәдениетінің даму деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан оқушыларға сөз саптау ерекшеліктерін меңгертуде тіл бірліктерімен жүйелі түрде жұмыс жасау, яғни сөздердің мағынасын аша отырып, олардың формасын, басқа сөздермен тіркесуін дұрыс анықтай білуге үйрету қажет. Бұл үшін қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмыс түрлері барысында сөз мағынасына талдау, түсініксіз сөздермен жұмыс жасау сияқты тәсілдер қолданылуы керек.
Зерттеуші Х. Қожахметова орфоэпияның практикалық мәніне баса назар аудара отырып, «мәдениеттілік, сауаттылық тек дұрыс жазуда емес, сонымен бірге ана тілінің сиқырлы сазын құлаққа жағымды, өзінің табиғи қалпын бұзбай жеткізуде деп түюіміз керек. Өйткені тіл қоғамда қатынас құралы болғандықтан, оның әлеуметтік қызметі өз дәрежедеңгейінде тұрып қана іске асады, жалпыға бірдей қатынас құралы қызметін атқарады» – дейді. Сонымен қатар ол сөйлеу тілі енді-енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін «балабақшадағы тәрбиеші сөзінің ешбір мүлтіксіз болуы маңызды. Өйткені сәбилер сөйлеуді үлкендерден үйренеді. Олардың бұрыс ұққан сөздерін түзеу қиынға соғады. Сондықтан балалар бақшасында істейтін адамдардың сөзінде ешбір қате болмауы тиіс. Сонда ғана дұрыс сөйлеп үйренуге мүмкіндік туады. Сөйтіп, тәрбиеші-педагогтың үлгілі сөзі сәбилердің ана тілін үйрететін бірінші әліппесі болмақ» [5, 36-37 б.] деген ой түйеді. Біздің ойымызша, мектеп мұғалімдерінің де сөз саптау дағдысы оқушылар үшін үлгі болып табылады. Оқушылар мұғалімге еліктейді. Сондықтан мұғалім оқушы алдында сөз мәдениеті қағидаларын ескеріп, тілдік норманы сақтап дұрыс сөз саптауға тырысуы керек.
Мектеп оқушыларының сөз саптау дағдыларын қалыптастыруда мұғалім алдымен оқушылардың сөз саптауындағы қандай қателіктер кездесетінін, және олардың себептерін айқындап алуы қажет. Сонда кейін барып, бұл қателерді түзету, яғни оқушыларға түсіндіру, қателерді болдырмау жолдарын қарастыру қолға алынуы тиіс. Қазіргі мектеп оқушыларының сөз саптауында көбінесе қостілділік жағдайындағы тілдік жүйе элементтерінің өзара әрекеті негізінде пайда болған қателіктер орын алады. Бұл құбылыс тіл білімінде интерференция деп аталады. Бұған мысал ретінде оқушылардың қазақ сөздерін орыс тілі заңдылығына сай бұрмалап қолдануын айтуға болады. Мысалы, Оспанов дегенді Аспанов, Омаровты Амаров деп айту кездеседі.
Сіз білесің бе?Екі мұғалімдер келді т.б. Кей сөздердің аралығында келген екі дауысты дыбыстың бірін түсіріп, қысқартып айтады. Мысалы: келе жатыр –келатыр, айтып жатыр — айтыватыр т.б. Оқушылар әдеби тілде айтылудың жалпыға бірдей ортақ қалыптасқан нормасын білуі керек.
Сол сияқты ұқсас сөздердің лексикалық мағынасын білмеуден оларды ауыстырып қолдану ұшырасады. Мысалы
Сөз тіркестерін қолдануда интаксистік дұрыс байланыстардың бұзылуы. Мысалы, біз сайыс қатысушылары (біз, сайысқа қатысушылар),
Сондай-ақ оқушылардың сөз саптауында баяндауда тақырыптан ауытқу орын алады. Бұл құбылыс ғылыми тілде дигрессия («ауытқу») деп аталады. Бұл әсіресе өзге тілді мектептерде оқитын оқушылардың қазақ тілі сабағында мәтінді мазмұндау, шығарма жазу сияқты тапсырмаларды орындауына жиі ұшырасады. Кей жағдайда Дыбыстардың, буындардың, тіпті фразалардың орнын ауыстырып қолданады. Мысалы, қақпан — қапқан, қолғап –қолбақ, т.б.
Ауызша сөйлеу тіліндегі жіберілген қателіктерге қарағанда, оқушылардың жазба жұмыстарындағы (шығарма, эссе, мазмұндама, диктант) қателіктер ерекше сынға алынуы тиіс. Өйткені адам өз ойын қағазға түсіру барысында сөйлемнің құрылымына назар аударып, грамматикалық заңдылықтарды, тілдегі нормаларды сақтауға міндетті. Сабақтың тақырыбы: Сөйлеу мәдениеті Сабақтың мақсаты:
Біліміділік: Оқушылардың сөйлеу мәдениеті туралы алған білімдерін жетілдіру.
Дамытушылық мақсаты: оқушылардың пікірі мен көзқарасының қалыптасуына ықпал жасау, тіл мәдениетін дамыту, ойын толық жеткізе білуге үйрету.
Тәрбиелілік мақсаты: Ұлттық тілді қастерлеуге, тіл байлығы мен құдіретін бағалай білуге үйрету, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін, халықтық игіліктерін таныту.
Сабақтың типі: Жаңа білімді меңгерту сабағы.
Әдіс-тәсілдері: СТО технологиясының тәсілдері, түсіндіру, сұрақ-жауап, көрнекілік көрсету арқылы түсіндіру,оқу — танымдық бағдарлы құзыреттілігін арттыру мақсатында ситуациялық сұрақ, дидактикалық ойындар қолдану.
Көрнекі құралдар: кесте, деңгейлік таратпа материалдар.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық
2. Өткен сабақты пысықтау.
3. Жаңа сабақ.
Оқушыларды сабақтың тақырыбы мен мақсатын таныстыру. Сөйлеу мәдениеті туралы білімдерін еске түсіру Қызығушылықты ояту.
(Танымдық сұрақтар) оқушыларды төрт топқа бөлу.
Ұлттық тәрбие, адамгершілік, мейірімділік, достық ұғымдарын сөзбен, сөйлеу әрекетімен байланыстыратын мақал мәтелдерді еске түсіру.
1-топ.Тәрбие және сөйлеу туралы мақалдар Мысалы: Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, Аға тұрып іні сөйлегеннен без.
2- топ.Адамгершілік және сөйлеу туралы мақал-мәтелдер:
Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді
3- топ.Мейірімділік және сөйлеу туралы мақал-мәтелдер:
Құлаққа кірген суық сөз көңілге барып мұз болар.
Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады 4- топ.Достық және сөйлеу туралы мақал мәтел: Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа Танымдық тапсырма.
Отбасы. Мектеп. Достар. Дүкенде. (Әр топ бір тақырыпты таңдап алып екі үш тілдесуші арасындағы диалог құрады. Бұл диалог ішінде ұлттық сөз этикетін танытатын оралымдар, сыпайлықты көрсететін сөз орамдары қолданылуы тиіс.Көлемі 100-150 сөзден тұруы тиіс.)
Осы сөздерге байланыстырып сөйлем құрау, салыстыру.
3. Сергіту.
4. Галереяны аралау стратегиясы. Әңгіме құрау
5. Топтастыру стратегиясы.
6. Сабақты қорыту: Біз не білдік? Талқылау.
Үйге: Ұлттық сөз саптау дәстүрі туралы эссе жазу.
7. Оқушы білімі мен белсенділігін бағалау
Бүгінгі ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру ұйымдарының басты міндеті болып отыр. Сабақта заманауи білім беру әдістерін, коммуникацияның барлық түрлерін пайдалану көзделеді. Оқытудың мақсатына жету үшін, тыңдаушыларға білгеніне жаңадан білім қосу үшін аудиториямен коммуникативті-дабылды визуалды қабылдау (слайдтар, суреттер, флипчарттағы жазба, видеокөрсетілімдер), сондай-ақ, аудиалды (оқытушының сөзі, музыкалық фон, таймер дабылы), және киноэстетикалық (жағдайларды құрастыру, іс-әрекеттік жаттығулар, командалық келісімдікке құрылған тапсырмалар арқылы) жұмыс атқаруға болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ететінді, сонымен бірге оқушылар үшін мұндай сабақтар қызықты, жеңіл өтеді, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйренеді, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артады [5,4б.]. Бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың әс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді.
Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады.
Қорыта келгенде мектеп оқушыларына ұлттық сөз саптау дәстүрін меңгерту тіл арқылы көрініс табатын жалпы ұлттық болмысын, ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға көмектеседі, танымдық, мәдени, эмоционалды, интеллектуалды, әлеуметтік, жеке тұлғалық, рухани дамуды жүзеге асыруға септігін тигізеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Сыздық Р. Сөз мәдениеті хақындағы жанайқай // Ана тілі. – 2010. –№ 14 (1007). 8-14 сәуір. – 4 б.
2 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері.
Фил.ғыл.докт.дисс.авторефераты., Алматы, 2007.
3 Абитиярова А.А. Сөз саптау үдерісіндегі қателер (әлеуметтік лингвистикалық сипаты). Фил.ғыл.канд… дисс. -Алматы, 2010, -131 б.
4 Қожахметова Х. Мәнерлеп оқу. – Алматы: Мектеп, 1982. – 186 б.
5 Нұрғазина Г. Қазақ әдебиетін оқытуда сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Семей, 2012.
Г.Б. Кожахметова
Изучение особенностей национальной лексики в обучении казахскому языку
Международный казахско-турецкий университет имени Кожа Ахмета Яссауи, г.Туркестан, Казахстан
В статье рассмотрены эффективные методы формирования навыков устной речи у учащихся на уроках казахского языка.
Если язык является средством коммуникации, речь — это процесс общения посредством языка, реализации языка, использования единства языка. Повседневнобытовые разговоровы, деловые переговоры, речь в средствах массовой информации – всё это составляет основу социальных отношений. Потому что любой человек, являющийся членом общества, должен вести себя в соответствии со своим положением в обществе, а самоконтроль должен соответствовать общественным стандартам и нормам поведения. Казахский народ всегда придавал особое значение силе слова и старался правильно использовать в речи каждое слово. Ключом к национальной лексике является сохранение языковых норм, учет принципов речевой культуры, использование национальных традиций в языковой коммуникации. В статье представлен всесторонний обзор особенностей национальной лексики студентов в преподавании казахского языка.
G.B.Kozhahmetova
Studying the peculiarities of the national vocabulary in teaching the kazakh language
International Kazakh-Turkish University named after Kozha Ahmet Yassaui,
Turkestan, Kazakhstan Effective methods of formation of oral speech skills of students at Kazakh language lessons are considered in the article.If language is a means of communication, speech is a process of communication through language, the realization of language, the use of language unity. Everyday conversations, business negotiations, speech in the media — all this forms are the basis of social relations. Because any person who is a member of society must behave in accordance with his position in society, and self-control must comply with public standards and standards of conduct. The Kazakh people always attached special importance to the power of the word and tried to use every word correctly in the speech. The key to national vocabulary is the preservation of linguistic norms, consideration of the principles of speech culture, the use of national traditions in language communication. The article provides a comprehensive overview of the peculiarities of the national lexicon of students in the teaching of the Kazakh language.