Н.М. Рахманова
ф.ғ.к.,проф.м.а.,Алматы университеті, Алматы, Қазақстан, 55rnm@mail.ru
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ М.ӘУЕЗОВ МАҚАЛАЛАРЫ
Мақалада М.Әуезовтің қоғамдық-саяси ойды бағамдаған мақалаларындағы ойтолғамдары сөз болады. М.Әуезовтің мақалаларындағы жаңаша ұлттық ойлаудың жүйелері сараланады. Ұлтты тәрбиелеудің алғы шарттарын мақалалар басты тақырып еткені парықталады. Мақалада М.Әуезовтің алаш зиялылары көтерген ұлттық жаңару,оқу-ағарту, ғылым, саясат, тіл,әдебиет мәселелерін зерттей, зерделей келе терең пайымдаулар мен өткір пікірлер білдіргені айтылады.Әуезовтің қашанда қазақ болашағының зәру мәселелерін сөз ететіні зерделенеді. Жазушының бүркеншік аттары туралы да пікірлер сарапталады. Қаламгердің соңғы мақалаларындағы әдебиетке кейіпкер болатын заман адамына қоятын талаптары парықталады. Әуезов шығарманың әсерлі шығуы үшін оны құрушы әр элемент өз орнында жұмсалуы шарт екенін айтады.Қаламгер әр тілдік амалды орынды қолданған сәтте ғана біртұтас, жұмыр дүние жарық көреді. Драманың өзіне тән сипаты, автордың бар айтпақ идеясы, кейіпкер сөзінде жасырулы болатынын ескертеді.
Әуезовтің мақалаларында жалпы адамзаттық және ұлттық мұраттарды түйсінуге жетелеуімен де үлкен әлеуметтік күштің жүгін көтергені сөз болады.
Кілт сөздер: қоғамдық- саяси ой, жаңаша ұлттық ойлау, дүниетанудағы таным еркіндігі, сөз ниетін түзеу, интеллектуальный адам, интеллектінің тереңдігі, бүркеншік ат.
КІРІСПЕ
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық жолының басы Алаш қайраткерлерінің қазақ ұлты үшін жаңа кеңес өкіметінде күрес жолына түскен кезімен тұспа-тұс келеді. Бұл кезең қазақ даласындағы ірі саяси оқиғалар дәуірімен ерекшеленеді. Комунист партиясының қатарына енген Мұхтар Әуезов кеңес өкіметі шығарып тұрған баспасөзге белсене араласа бастайды. Қазақ зиялыларын толғантқан ел, жер, теңдік, саясат, оқу-ағарту, мәдениет тақырыптары Әуезовтің де шығармашылық арқауына айналды.
ХХ ғасыр басында руханият туралы тың пайымдауларды ұстанған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев пікірлерімен үндес, қоғамдық-саяси ойды бағамдаған мақалалары М.Әуезовтің сол тұстағы терең ой-толғамы мен көңіл-күйін білдіреді. М.Әуезовтің “Адамдық негізі – әйел”(1917), “Оқудағы құрбыларыма” (1917), “Ғылым” (1917), “Қайсысын қолданамыз?” (1917), “Ғылым тілі” (1918), “Оқу ісі” (1917), “Мәдениетке қай кәсіп жуық?” (1918), “Мәдениет һәм ұлт” (1918), “Земство һәм кооператив қауымдары” (1918), “Ескеру керек” (1918), “Қазақ оқығандарына ашық хат” (1920), “Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хат” (1922) т.б.мақалалары “Абай”, “Сарыарқа”, “Шолпан”, “Қазақ тілі” басылымдарында жарық көрген. Автор бұл мақалаларының бәрінде ойын да, сезімін де, шындықты да мұнарлатпай ашық жеткізеді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
М.Әуезовтің мақалаларының дені 20-жылдардағы белгілі бір тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты жазылғанымен, автордың дүниетанудағы таным еркіндігі бұл мақалалардың ғұмырын өміршең еткен. М.Әуезов “Қазақтың өзгеше мінездері” атты мақаланы Ж.Аймауытовпен бірігіп жазған. Алаштық тұғырнамамен Семейде шығып тұрған “Сарыарқа” газетінде 1917 жылы Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезовтің екеуара пікірлесуінің нәтижесі “Адамдық негізі – әйел” атты мақала болып басылған. Мақаланы аңдап оқыған кісі сұхбат ізін байқайды, онда Абай дүниетанымының сілемі аңғарылады. М.Әуезов «Өз жайымнан мағлұматында» осы мақала туралы былай деп мәлімет береді:“Ең алғашқы баспаға шыққан статьям “Сарыарқа” газетіндегі: “Адамдық негізі — әйел” деген нәрсе еді. Бұл анығанда менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың колымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса С.Әлімбеков пе біреуі мен әкеп берген соң, “семинарист – Әуезов” деп аяғына қол қойып жіберіпті”[1,181б.].
Мақалада жаңаша ұлттық ойлаудың көрінісі қылаң береді, адамзат дамуының кезеңдеріне баға бере келе: “Үйлік ұйымның басын құраған – әйел” деген пікір айтылады. “Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы” делінеді де, оларға түсініктеме береді. “Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы. Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында, екінші марқұм әкеміз Абайдың: “әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың” деген мақалы да, һәм пайғамбар саллаллаху галейкум уассаламның: “Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген” деген хадисі де көрсетеді” Әуезов басқа жазбаларының ешқайсысында “марқұм әкеміз Абай” деген тіркесті қолданбаған. Бұл – Тұрағұлдың сөзі, Мұхтардікі – әңгімені сұрақ арқылы қоздатып отырған сөз.Дәстүрлі адамдық жолдан таймауды, жақсы мен жаманды айыра білуді мақала мансұқтап тұр. Адамзаттың өнері өсіп аспанға құс болып ұшуды, суда балық болып жүзуді, отарба, кеме жүргізуді үйреніп жатыр, осы өнерге ілесе адамның адамгершілік құлқы өсті ме, оған баулитын кім?! Мақала осы сұраққа жауап іздейді. “Адам баласы бір үлгі біреуден аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой, буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз” дей келе, қазақ әйелдерінің дүниетанымын кеңейтуді кезек күттірмес мәселе қатарына апарады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары әр жанрда жазған шығармаларында қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс керек екенін жазып жатты. Ескіліктен есе қайтарудың жолдары тәрбиесіз, білімсіз шешілмейтінін айтты. Мақала арқылы Әуезов қазіргі қазақ әйелдері балаларына қандай тәрбие беру халінде екеніне ой жүгіртеді: “Әуелі, ана балаға байлық, барлықтың өзіңде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. Онан соң өзің ретті құрбының өзіңе қатарласа алмай қалып жүргені жақсы деп үйретеді. Және неше түрлі өзінің ауданы аз, түрсіз, қараңғы ойына кіретін жаман мінезінің бәрін баласының сіңіргіш жүрегіне жұққызады, бұдан кейін әр бала қызғаншақ, өзімшіл, мақтаншақ, пайдакүнем, сұмырай мінездерді ойына артып алады”. Бала өсіп әке ақылына құлақ салған кезде: “әлгіндей түрлі тағылым көрген балаға көбінесе жұқпай кетеді”. Үйден шығып құрбы арасына кірген баланың да еститіні, көретіні – сол. Олар да “баланың шыққан анасындай аналардың қолынан шыққан”.
Қазақ әйелдерінің халін түземей ел ертеңі түзелмейтінін мақала ашына жазады: “…әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе” [2,7-8 б.].
Бұл сөз – ұрпағының тәрбиесі мен білімі мықты халықтың болашағының жарқын болатынын, ең негізгі тәрбиеші ана болса, қазақ аналары ұрпақ тәрбиесін ақсатпай, мағыналы ғұмырға себепші болу үшін бұдан әрі бұлай өмір сүруге болмайтынын сездірген, рухани сілкініс сөзі. Болашаққа адым ниетке байланысты жазылатынын, қисын сонда табылатынын сездірген салмағы батпан сөз. Аналардың ой ниеті мен сөз ниетін түзеу – қазақты қайтіп басқалармен теңестіреміз,- деген арда ұлдардың жанайқайы мен мың бір уайымының мұңы.
1917 жылы Семейде “Сарыарқа” газетінде “Қайсысын қолданамыз?” деген мақала жарияланды, бұл – М.Әуезовтің баспа жүзіндегі өз атынан жарияланған тұңғыш сөзі еді. Автор ұлт пен мемлекет тағдыры үшін көкейкесті мәселе тілде, тіл арқылы білім беруде екенін баса айтады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді іске асыру өзекті мәселе екені сөз болады. Тілді шұбарлау арнаулы аталымдарды реттеуден туындап жатқанын ескертеді. Қазақтың әдеби тілінің бүтіндік қалпын сақтау туралы қоғамдық пікірін аңғартады. Ғылым тілі бірізділікке салынуы керектігін айта келе: “Әркім әр жерде өз машықты жолымен төпей берсе”, істе ешқандай береке болмайтындығын ескертеді. Алғашқы лебізінің өзінен Әуезов елдікті мүдделеп, егемендікті мұрат еткен.
1917 жылы жазылған “Оқудағы құрбыларыма” мақаласынан да алаш рухының самалы еседі, бұнда да қазақ оқығандарына арналған жүрекжарды сөз өрілген. Автор қатарластарын жолбасшылық нұсқау сауалдармен қамшылайды. Оны толғандырған сұрақтар: “Оқыған жастар халық үшін қандай қызмет жасауы керек? Бүгін шәкіртке не істесе рауа? Қазақ интеллигенті ұмтылар кемер, барар жайлау қайсы?” Оқырман ойын осы сұрақтармен жетелеп әкеліп, қазақ жастарының намысын оятуды мақсат тұтып, “адамшылықтың жолына салып, ақтыққа жұмылайық” деп оқудағы құрбыларының ұраншысы болады [2,10 б.].
М.Әуезов “Қайсысын қолданамыз?” атты мақалада көтерілген тіл, оқулық туралы мәселеге бір жылдан соң қайта қайрылып “Ғылым тілі” деген мақала жазған. Бұнда да қазақ болашағының зәру мәселелерін қадап айтады. Өз тілінен гөрі басқа тілді мансұқтаудың опындырар өкінішіне мысалдар келтіреді: “Ерте уақыттағы жапон басшыларының ойланбағандығынан, өз оқуларын қытай оқуына араластырып алып, өз оқуын өзінікі қылып әкете алмағандығынан керексіз бір нәрсе жамап алып отыр. Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек, біз де бір күні ұрынатын секілдіміз”. Келелі кеңестің дәйектелуі ойланарлық дүние [2,16 б.]. Әуезов қазақ тілінің сөздік қорын жетілдіріп, түлете жаңартуды, байырғы тілдік қорды сарқа пайдалануды, әлемдік жаңа ұғымдардың керектілерін алуды, үйлестіруді жақтайды.
“Философия жайынан” деген мақаласында ойлау туралы ойлауға шақырады. Аристотель, Бэкон, Декарт, Кант ілімдерін айта келіп, Канттың парасат туралы пайымына ден қоятынын да білдіріп кетеді. М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің дамуы мен толысуын нысана еткен Ташкенттегі “Шолпан” журналында басылған “Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хатында” әріптестерін қоғамда болып жатқан оқиғаларға уақтылы үн қосуға, келешекте жазғандарын баспасөзге ұсынып қаламдарын ұштауға үндейді. Баспасөз көркемдікті мансұқ ететін, жазушылардың көркем дүниелерін бағалайтын жағдайға бет бұруы керек екенін меңзей жазады. М.Әуезовтің ХХ ғасырдың 20-жылдары жазған әдеби сын мақалаларына тоқталғанда жазушының “Қоңыр”, “Телғара”, “Арғын”, “Жаяу сал” деген бүркеншік аттарды /псевдонимдерді/ пайдаланғаны байқалады. “Екеу” деген бүркеншік аттың М.Әуезовке де қатысы бары туралы әр түрлі пікірлер айтылуда.
Қазақ баспасөзінде “Екеу” деген бүркеншік атпен әдебиетке қатысты бірнеше мақала жарық көрген. Олар: “Абайдың өнері һәм қызметі”// Абай, 1918, № 2, “Абайдан соңғы ақындар” // Абай, 1918, № 5, “Көркем әдебиет туралы” // Еңбекші қазақ, 1927, № 182,188. Мақалалардың авторын кейбір зерттеушілер Ж.Аймауытов пен М.Әуезов десе, кейбірі Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов деген болжам айтады. С.Мұқанов “Еңбекші қазақ” газетінің 1927 жылғы 223, 224 — сандарында “Байдың толғағы” деген мақаланы “Екеудің” “Көркем әдебиет туралы” мақаласына жауап ретінде жазып, мақала авторларын Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов деп көрсетеді [3,50б.]. Д.Қамзабекұлы “Жүсіпбек пен Мұхтардың (“Екеу”) бірлесіп жазған алғашқы мақалаларының бірі – “Қазақтың өзгеше мінездері” 1917 жылы К.Төгісұлы басқаратын “Алаш” газетінде (Ташкент) жарияланды” дегенді айтады [4,474б.].
“Алқа” үйірмесінің Мағжан жолдаған “Табалдырық” бағдарламасымен қалай танысқаны туралы Ж.Аймауытов түрме тергеушісіне берген жауабында “Екеу” туралы: “Екеу” деген бүркеншік атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелері – Байтасов Абдолла мен Ысқақов. Соңғы адам үйірменің бағдары талқыланған мәжіліске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкін. Мақаланы мен қолжазба түрінде оқыдым, оны маған Ташкенттегі жоғары оқу орындарының не рабфактың бірінде оқып жүрген шымкенттік студенттердің біреуі әкеп берді. Оған дейін мен Ташкентке барғанмын, сонда А.Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезіктім, олар маған: “Еңбекші қазақ” газетінде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты біз де мақала жазуды ойластырып жүрміз” – деді. Тұрсын Жұртбай: “…осы уақытқа дейін “Екеу” деген бүркеншік атпен жазылған әдеби мақалаларды Әуезовке теліп келді. Ал мына жауапта Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов та сондай бүркеншік атты пайдаланғаны дәлелді түрде көрсетілген”,- дейді [1,14 б.].
Дандай Ысқақов авторлардың кім екендіктері әлі де дәлелдей түсуді қажет ететіндігін ескертеді [5,57 б.].Біз де осы ұстанымдамыз.
М.Әуезов қаламгерлік жолындағы алғашқы публицистік шығармаларынан-ақ ой өрісінің кеңдігі, білім дәрежесінің молдығы қалыптаса бастаған парасатты ой иесі екенін байқатады. Автор ХХ ғасыр басында жазған мақалаларында бүкіл алаш зиялылары көтерген әйел теңдігі, оқу-ағарту, ғылым, саясат, әдебиет мәселелерін зерттей де, зерделей де келе терең пайымдаулар, өткір пікірлер білдірген.
Ұлт пен мемлекет тағдыры үшін көкейкесті мәселе тіл екенін, алғашқы мақалаларында көтерген Әуезов тіл мәселесіне кейінгі мақаларында қайта айналып соғады. Қазақ тілінің әдебилік, ұлттық сапасын арттыруды көксеген бірнеше мақалалар жазған. «Тіл және әдебиет» мәселесі (1951), «Тағы да көркем әдебиет тілі туралы» (1954), «Ана тіл әдебиетін сүйіңдер» (1957), «Біздің жауапкершілігіміз» (1959) т.б.мақалаларында Әуезов ана тіліне деген жанашырлығымен қатар, әлеуметтік мәселелерді де көтерген.
Әуезов «Заман шарты» (1960) мақаласында «Космос дәуіріндегі әдебиетті қайтпекпіз?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітіп, адамның жан дүниесін ашып суреттеу сияқты әдебиет жетістігіне ешбір басқа ғылым саласының таласа алмайтындығын айтады. Ал әдебиетшілер бір орнында тұрып қалмай, заманмен бірге аяқ алып жүру үшін бүгінгі адамның интеллектісін меңгеруі керек деп пайымдайды.
Әуезов «енді интеллектуальный адам дегеніміз кім? » деп сұрақ қояды, өзі соның жауабын іздейді. «Әрине, бұл «оқымысты», немесе «интеллигент» сөзімізбен барабар емес… Энциклопедиялық көп жақтан хабардар болу да интеллектің тереңдігін танытпайды.
Ал біздің әдебиеттің анық күткен қадірлі замандасымыздың өзі де – өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемінде даналықпен қамтып тани білетін адам. Ол адам – коммуникумның құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол – тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан.
Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті – дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде» [6, 423-423б.].
М.Әуезов қазіргі әдебиеттегі кемшіліктің үлкені жазушылардың артқы дүниені ғана суреттейтіні екенін баса айтады: «Ал жан әлеміне келсек, дәл сол геройларымыз оқушы үшін жабық күйде қалады. Жабық қана дейміз-ау, тіпті үстірт олақ бейнеленіп қалады. Тегі адам құр ғана әрекет етпейді, ол белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетеді. Сол байлаудың жасалуын ішкі бір қажетті сырдан туатын байлау екені бұдан жасырын қалады. Ал оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған жасырынның өзі емес пе?» [6, 425б.].
Кез-келген шығарманың болмысы автордың өзіне тікелей қатысты деген ойын сабақтай келе Әуезов: «Геройдың интеллекті – көбінше жазушының өз интеллектінің тереңдігі мен кеңдігінің туындысы» [6,426б.],- деп жазушыларды заман алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.
Әуезов «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» мақаласында жас жазушыларға қояр талабын айтады. Бұл мақала 1960 жылы желтоқсанда Қазақ мемлекеттік университетінде өткен поэзия күнінде сөйлеген сөзінің негізінде жазылған. Әуезов ендігі қалам ұстаушыларға өздерімен замандас, қатарын суреттеуге кеңес береді, кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, сезіміне үңіле жазу даралыққа бастайтынын айтады. Қазіргі қазақ поэзиясын жетістіктерін айта келе: «Образ болмай ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз. Жұрт айтпаған ойды айту – анда-cанда бір ұшырасатын бақыт, ол – ырыс» деп поззиядағы образдылық мәселесіне тоқталады.
Жазушы жас ақындарды өз халқының ғана емес жалпы адамзаттың тағдырын терең ойлап, үлкен әлеуметтік, халықаралық тақырыптарға баруды қажет деп біледі. Үлкен серпінді, кең тынысты поэзия сонда ғана туатынын ескертеді. Осы сөйлеген сөзінде Әуезов жас қаламгерлерді бірнеше әдеттен сақтандырады: «Ең алдымен жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып туылдым, жазбай жатып болдым деуден қашу керек.
Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмадым деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой бола береді деп ойламаңдар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер мен, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін» [6, 455 б.].
М.Әуезов ақындардың ғана емес, прозаиктердің де алдындағы міндеттері туралы келелі пікірлерін айтады. Роман жанрының жетілуіне қатысты пікірлері бір төбе. Қ.Сыздықов: «Бірінші романдағы, жалпы әдебиеттегі адам образының бейнелеу мәселесі, ұнамды кейіпкерлер проблемасы да М. Әуезов мақала зерттеулерінде жан-жақты қарастырылып сөз болады» [7,126 б.],- деп оларды тарқата баяндайды.
М.Әуезовтің соңғы мақалаларының бірі – «Современный роман и его герой» мақаласында қазіргі жазушылардың алдында тұрған міндет – қазіргі уақытты, осы заман адамын суреттеу, сол арқылы жұртшылықты тәрбиелеу екенін айтады. Әуезов шығарманың болмысын терең талдап, ой түйетін сындардың жазушыға көмегі көп екенін айта келе, кейбір сындағы бағыттарға көңілі толмайтынын да жеткізеді: «Я, к примеру, не понимаю критиков, которые раздельно рассуждают о романе и о герое. Такое расчленение неестественно, потому что роман формируется героями, а герои формируют для себя среду романа» [6,
317б.].
Одақтық деңгейде ой бөліскен бұл мақаласында Әуезов Кеңес одағы әдебиетіндегі көпқырлылықтың қыр-сырын, қазіргі әдебиетте романға және кейіпкерге қойылатын талаптың әр түрлілігін тілге тиек етеді. Қазіргі заманның бет-бейнесін беруге роман жанры қолайлы деген де пікірін білдіреді. «Лично мне роман такого широкого плана кажется наиболее удобным и законным также при разработке современной темы» [6. 319].
Әуезов өзі де қазіргі заман өмірін суреттеуге арнап роман бастағанын хабардар етеді.
Әуезов қазіргі тақырыпқа роман жазудағы өзінің жан айқайын былай жеткізеді: «Многие мои герои – общественные и политические деятели. По ходу действия они выступают на собраниях, на конференциях, решают хозяйственные и политические вопросы. Как избежать чрезмерной публицистичности их речи? Как давать языковую характеристику? Они обязаны часто говорить деловито, официально и чтобы меня до конца поняли, употребляю выражение – «по-газетному». Так вот, как перевести публицистичность в сферу чисто художественную? Быть может, чаще прибегать к психологичесому портрету, внутреннему монологу, размышлениям этих героев «наедине с собой?» (әңгіме «Өскен өркен» туралы Н.Р.) [ 6,323 б.].
Әуезов қазіргі роман, оның кейіпкерлері туралы жазушылар мен сыншыларды ашық пікір алысуға шақырады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Алғашқы мақалаларынан-ақ Мұхтар Әуезовтің халықтың рухани болмысын келешек ұрпаққа аманаттау көзқарасы байқалады. М. Әуезовтің биік ұлтжандылық идеясының негізі оның алғашқы мақалаларында қаланған. М.Әуезовтің ұлттық сананы көтеру жолында жазылған мақалаларының ұрпақ бойына сіңіру мәселесіндегі орны айрықша. Алаш идеясының тәуелсіздікпен сабақтасып жатқанының дәлелі ретінде М.Әуезов мақалаларын атауымызға болады.
М.Әуезовтің мақалалары қазіргі таңда да ой-парасат өрісі, толқыныс-тебіренісі, жалпы адамзаттық және ұлттық мұраттарды түсініп түйсінуге жетелеуімен де үлкен әлеуметтік күштің жүгін көтеруде. Әуезов шығармашылығындағы ұлт – азатшылдық бағыт, ұлт оянушылық сарын оның мақалаларының өзегінде жатыр. Ұлтжандылық өрісі ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне күресшілдік сарын, ұлт санасын ояту, жаңа қоғамға бағдар Әуезов мақалаларының арқауы.
Жаңа мазмұндағы сөз өнерін қалыптастыру, соны сипаттағы әдебиеттің жасалу жолдарын шетел әдебиетімен ұштастыра талдау кейінгі мақалаларында зерделенеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Алаш ақиықтары. — Алматы: Алаш, 2006.-288 б..
2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы 15-т., — Алматы: Жазушы,1984.-328 б.
3. Мұқанов С. Он алты томдық таңдамалы шығармалар жинағы 14-т., -Алматы:
Жазушы, 1978.- 368 б.
4. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. –Астана: Фолиант, 2002.-474 б.
5. Ысқақұлы Д. Сынталқы. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005-416 б.
6. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы 20-т., — Алматы: Жазушы, 1984.-328 б.
7. Сыздықов Қ. Мұхтартанудың беймәлім беттері.-Алматы: Ғылым, 1997-203 б.
Н.М. Рахманова
Духовное возрождение и статьи Ауэзова
Университет Алматы, г. Алматы, Казахстан В статье рассматриваются общественно-политические взгляды в статьях М. Ауэзова. В произведениях Ауэзова, анализируются новое национальное мышление. Также говорится о том что, в произведениях главной темой является воспитание нации. В статье говорится, что М.Ауэзов исследуя проблемы, которые поднимала интеллигенция алаш , национальное обновление просвещение, наука, политика, язык, литература показал острое мнение и глубокие рассуждения. Также исследуется, что Ауэзов затрагивает будущее жизненно-важные проблемы казахов. Анализируется мнения о псевдонимах писателей. Описываются требования современному человеку, которые будут героями литературы в произведениях писателя. Для того, чтобы произведение стало художественным явлением — каждый элемент составляющий его должен быть на своем месте говариться в статьях М. Ауэзова. При искуссном использовании художником каждого языкового приема создается единая сюжетная канва. Ауэзов подчеркивает особенность, присущая только драме, идея автора выражена в характерах героев и скрыта в речи персонажей.
В статье говорится, что М.Ауэзов вместе с общечеловеческими национальными целями поднимает большую социальную силу.
N.M. Rakhmanova
Spirital revival and articles of Auezova
Almatyuniversity,Almaty city, Kazakhstan
In the article, social and political views are considered by M. Auezov. In the works of Auezov, a new national thinking is being analyzed. It is also said that in the works the main theme is the upbringing of the nation. The article says that M. Auezov, examining the problems raised by the Alash intelligentsia, the national renewal of education, science, politics, language, literature has shown keen opinion and deep reasoning. It is also being investigated that Auezov touches upon the future vital problems of the Kazakhs. Opinions about pseudonyms of writers are analyzed. Describes the requirements of modern man, who will be heroes of literature in the writer’s works. In order for the work to become an artistic phenomenon — every element that makes up it must be put in its place in the articles of M. Auezov. With the artist’s skillful use of every linguistic device, a single plot canvas is created. Auezov emphasizes the feature inherent only in the drama, the author’s idea is expressed in the characters of the characters and is hidden in the speech of the characters.
The article says that M. Auezov, together with universal human goals, raises a great deal of social power.