Р.М. Мүтәлиева1, Г.К. Кажибаева2
1филология ғылымдарының кандидаты, профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар, Қазақстан, e-mail: raushan_mutalieva@mail.ru
2филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: guldenkgk@mail.ru
МАҒЖАННЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ
Мақалада Мағжанның табиғат лирикасындағы ақынның дара стилі қарастырылды. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы дәлелденді. Қазақ әдебиетіне Мағжанның әкелген жаңалығы сөз етілді. Мағжан лирикасы Пушкин, Бальмонт лирикасымен салыстырылды. Мақалада Мағжанның табиғат лирикасын әдебиеттану ғылымында әлі зерттеу қажетілігі айтылды.
Кілтті сөздер: табиғат лирикасы,стиль, бейнелілік, романтизм,суреткер.
КІРІСПЕ
Мағжанның табиғат лирикасы тақырыбында әдебиеттану ғылымында біршама ғалымдар пікір білдіргені мәлім. Бірер зерттеулердегі М. Базарбаев Мағжанның «Жазғы жолда», «Қысқы жолда», «Жел», «Айға» өлеңдеріне тоқталып, былай дейді. «Ақын тау туралы толғансын, не дарқан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді» [1, 15].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ Рымғали Нұрғали «Әуезов және алаш» кітабында:
«Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы, халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады», – деп, «Толқын» өлеңіне тоқталады [2, 98 б.].
М. Әлімбаев «Толқыннан толқын туады» кітабында «Еділде» деген өлеңнің көркемдігін саралай келе: «Жұмабайұлы Мағжанның мектеп оқулықтарына бүгін де өзі сұранып тұрған өлеңдері аз емес. Өйткені уақыт озғанымен, өлең тозбаған. Бұл әсіресе табиғат жайындағы туындыларына тән!», – деп, «Жаз келеді», «Жазғытұрым» өлеңдерін атайды.
Ал Бақыткамал Қанарбаева «Жырымен жұртын оятқан» атты Мағжан туралы монографиясында табиғат лирикасына қысқаша түйіндеу жасай кетеді. «Гете тәрізді Мағжан да табиғатқа жан бітіріп жырлайды. Оны «Күзді күні» өлеңіндегі табиғатты адам тәрізді жылатып, сыбырластырып сырластыруынан, «Сең» өлеңіндегі сары аяз бен қардың ғашық жардай қыс кезінде құшақтасып бірге жүргенімен, көктем шығып жер ери бастағанда күннің қызуына шыдай алмай еріп кетуін жанды суреттеуінен білеміз. «Жиіленді қара орман» өлеңінде аппақ қар жамылып жатқан орманды түс көріп жатқан адамға балауы да осы ойымызды нығыздай түседі. Аймауытов айтқандай, қазақ әдебиетінде табиғатқа жан бітіріп суреттеуде Мағжанға жетер ақынның жоғы рас» [3, 41 б.].
Қуандық Мәшһүр-Жүсіп «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» монографиясында Мағжанның табиғат лирикасы туралы былай дейді: «Табиғатты бейнелегенде де, белгілі бір алқаптың нақты бір көрінісін алудан безіну, – яғни сол кездегі қазақ даласының, өзен-көлі, теңізінің көшірмесін жасаумен шектелмеу, қайта сол арқылы сездірілген жұмбағы мол лирикалық қаһарман жан дүниесін әспеттеу талабы жүзеге асады», – деп, мұның дәлелі ретінде «Толқын» өлеңіне талдау жасайды, Табиғатты әрі айрықша, әрі шартты қалыпта алып бейнелеу романтизмнің бір ерекшелігі десек, соның бір көрінісі – Мағжанның «Жиіленді қара орман» өлеңі» [4, 194 б.].
Мағжан мен Абай табиғат лирикаларының қаншалықты алшақтағанын сараласақ, М.Әуезовтің мына пікірінен аңғарамыз: «Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ дәл таудың таулық, шындық қалпын суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспалдарға бейімдеп көрсететін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді.
Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классик реалист стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзгешелігі – әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық күйлерін, сол орыс поэзиясындағы дәлшілдік негізге құрады [5, 105 ].
Мағжанның «Жазғы жолда» өлеңінде:
Дала. Дала. Сар дала!
Жапан түзде бір қара.
Келем жалғыз, жаяумын.
Жаныма ерген жолдас жоқ.
Төрт жағым дала – жер де көк. Жылауға да таяумын.
Шілде. Оттай ыстық күн.
Дала -өлік. Жоқ бір үн.
Жер де жатыр тұншығып. Жол жыландай иірілед, Шаң ерініп, үйірілед. Ешбір леп жоқ, тып-тыныш.
Көкте жалғыз бұлт жоқ.
Көктің түсі қызғылт көк.
Дүниені тылсым билеген. Ыңыранғандай әлдекім,
Жылай ма екен әлде жын?
Перілер ме екен күйлеген? Жел жыландай иірілед, Шаң ерініп үйірілед.
Ешбір леп жоқ, тып-тымық,
Аңсап есім жия алмай
Өлсем екен тұншығып!
Бұл өлеңінде романтизм бар. Өз сезімі арқылы, жан дүниесімен байланыстырып табиғатты суреттейді. Шыжыған шілдеде даладағы жалғыз жолаушы сағым арасында есінен адасып келе жатқандай. Сағым оған біресе пері, жын, біресе қалың әскер боп көрінеді. Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңі нақты өмірді сипаттайды. Әдемі жаз бен көшті бірыңғай жеңіл ырғаққа түсіріп, бірыңғай әдемі бояумен суреттейді. Ал Мағжан өлеңінде тылсым дүние қоршауындағы лирикалық кейіпкердің аласұруы асқақ түрде беріледі. Жалғыз жолаушы бейнесі арқылы сол кездегі қазақтың жағдайын астарлап береді. «Қысқы жолда» өлеңінде:
Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып, Аңдай ұлып бір мезгіл, Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі.
Кейде кенет баяулап, Жер бауырлап жаяулап. Аузы-басы жыбырлап,
Асып-сасып сыбырлап, Жерді жапқан кебінді. Сүйіп ақырын құшақтап, «Әпсүн» оқып үреді.
Бұл – қысқы боранның суреті. Мұнда да лирикалық кейіпкер қысқы түнде жалғыз өзі жолаушылап келе жатады.
Барады үдеп бұл боран Жанымда жоқ тірі жан.
Тоңазыды денем де.
Адаспай дұрыс келем бе?
Қорқып жүрек ойнайды, Көз алдыма елестеп, Әлде нелер келеді. Боранын тәңір ашпады, Жол білінбей бастады. Көрінген бір жарық жоқ, Босаңсиды Қаракөк… Сар далада адасып,
Суық кебін жамылып Қаларын кім біледі?- деп күдікпен аяқтайды. Бұл өлең де жоғарыдағы «Жазғы жолда» өлеңіне ұқсас. Екеуінде де жалғыз жолаушы табиғатпен алысып, өліммен де арпалысқандай. Осы екі өлең туралы Ш. Елеукенов «Жаңа жолдан» (1989) кітабында былай деп еді: «Мағжан Жұмабаев нақтылы өмірден әлдебір мистикалық, сиқырлы дүниеге ауытқуға әуестенеді. Одан бірде өзі қорықса, бірде жайнап тұрған табиғаттың арасында тұрып, жын-пері іздеп, солармен сұхбаттасқысы келеді, осының бәрі кенет «өлсем екен тұншығып» деген тілекпен бітеді» [6,
58 ].
Ал Әуезов керісінше, Абайды сүйетінін айта келіп, «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы аулында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп сезгендей боламын» – дейді. [7, 407 б.].
«Қысқы жолда» боран бейнесі кейіптеу арқылы жасалған, Абай дәстүрін жалғастыра отырып, өз ерекшелігін танытады. Боран бірнеше қимылда беріледі. Әуелі ол ызғарлы, екі иінінен дем алып, ішін тартып осқырады, кейде қатты ысқырады, одан соң, аңдай ұлиды, біресе екі санын шапақтап кенет сақ-сақ күледі. Жалғыз жолаушыға күлгендей. Сонан соң баяулап, аузы-басы жыбырлап, өлік секілді кебін жамылған жердің иманын үйіріп, «Әпсүн» оқиды. Желдің ақырын ұйтқи соғып, қарды әлсін-әлсін үрлеуі молданың «Әпсүн» оқығанына ұқсайтынын ақын шеберлікпен көз алдымызға елестетеді. Демек, жолаушы мерт бола қалса, оған да боран «Әпсүн» оқиды дегенді байқатады. Қарды – кебінге, жерді өлген адамға ұқсатады. Бұл да – Мағжанның жаңалығы. Лирикалық қаһарман сезімі де боранмен бірге өзгеріп отырады, жүрегі қорқып ойнайды, әлденелер елестейді.
«Жазғытұрым» өлеңі де кейіптеу тәсілімен ойнақы жазылған. Абайдың «Жазғытұры өлеңінде» күн – күйеу, жер қалыңдық боп алынса, Мағжан күнді – ана, жерді бала етіп басқа қырынан келеді. Абай әуелі көктемді суреттеп алып, кейін күн мен жерге көшеді. Ал Мағжан бірден Күннен бастайды.
М.Әуезов: «Күнді – күйеу, жерді – қалыңдық етіп, осындай образбен теңеу мәдениетті әдебиетінің үлгі дәстүрінен ескіріп қалған, мифтік теңеу болады», – дейді [5, 155 б.].
«Болды, міне, дәл алты ай,
Жаттың ұйықтап, еркетай
Ұйқың қанды, тұр қозым, Аш көзіңді, жұлдызым!» Деп маңдайдан ақырын.
Жұмсақ жылы сәулемен.
Сипап жерді Күн күлер. Аяқтарын көсіліп,
Еркеленіп, есінеп.
Жер – нәресте жас бала. Дамыл алмай жылар қар, Ақ шымылдық ашылар. Періштем деп айналып, Алтын ана Күн жүрер. Мұны көріп бұлттар, Күңіреніп етер зар:
«Біздерде алтын ана жоқ,
Тұрақ та жоқ белгілі» – Деп тұнжырап күрсініп, Әлсін-әлсін жас төгер.
Ақын мұнда ана мен бала арасындағы махаббатты тұтас табиғатқа ауыстырған. Мағжан Жерді – бала, Күнді – ана етіп алған. Атаулары Күн, Жер болғанымен, әрекеттері кәдімгі ана мейірімін, бала еркелігін сипаттап отырған секілді. Күн – Ана әуелі ұйықтап жатқан жер – нәрестесін «қозым», «жұлдызым» деп еркелетіп, жылы сәулесімен сипап оятып алады. Жер – бала аяқтарын көсіліп, есінеп, еркелеп жатқанда жел де оны сүйгісі келеді.
Бұларға қарама-қарсы қар жылайды, ериді деп алмаған, себебі бастан-аяқ бәрі адам кейпінде болу керек.Сулардың аққанын сүйінші сұрап жүгірген жас баладай деп, ұлттық өрнек береді. Төртінші шумақта жер керіледі. Ақын адамның ұйқыдан тұрғаннан кейінгі қимылдарының реттілігін сақтаған. Шынында, адам әуелі көсіліп, есінеп, кейін керіледі. Содан соң жуынып, киінеді. Мұндағы жердің жуынуы – қардың еруі, киінуі – түрлі гүлдерге оралуы. Ең соңында осыларға қызығып, бізде ана да, тұрақты жер де жоқ деп бұлттар жылап алады. Бұлттың жас төгуі – жаңбырдың жаууы. Ақын өлең шартына қарай әрқайсысын бірбір рөлге салып, әрі көктемдегі заңды құбылысты сақтаған: күн жылынады, қар ериді, жер көгеріп, гүлдейді, жаңбыр жауады. Өлең құрылысы жинақы, ықшам.
«Сең» өлеңінде табиғатқа тағы да ғашықтық, тастап кету, соған ызалану секілді сезімдерді береді
Сары аяз – сүйген жар
Қайрылмай кеткен соң,
Қайратсыз қалың қар
Жылаумен біткен соң,
Жел сипап, күн күліп,
Мазақ қып сүйген соң, Боларын бір сұмдық Ішінен түйген соң. Қалың мұз кәрленіп, Қара көк түс алды. Еруге арланып, Кетпекке ойланды. Бұзыла – жарыла Антұрған аптықты. Өзеннің жарына Асығып соқтықты.
Өткен соң жаз алты ай,
Ашуын жимақшы,
Өзенді еркетай
Ойыннан тыймақшы. Барады шамасы Суыққа қашпақшы.
Мұз теңіз – анасы
Құшағын ашпақшы.
Қалың мұз қара көк,
Ойлама құр бекер
Суыққа жетем деп, Ыстық күн ерітер.
Мұнда сары аяз сүйген жар қарамай кеткен соң қалың қар жылаумен жоқ болды, ал қалың мұз жел мен күн мазақ қылған соң, кәрленіп, қара көк түске енеді, бір сұмдықтың боларын ішінен түйіп, кетуге ойланады, анасы – мұз теңізге жетпекші. Мұндағы бейнелер: сары аяз, қалың қар, жел, күн, қалың мұз, мұз теңіз, ерке өзен. Ақын оған суыққа жете алмайсың, ыстық күн ерітеді деп, өзі де өлеңге сегізінші бейне боп қосылады.
Көп уақыт жатқан мұздың қара көк түске айналатыны белгілі. Ақын осыны мұздың кәрленуімен байланыстырып, адамдардың да ашуланғанда түтігіп, көгеріп кететінін есімізге түсіреді. Суреткер табиғи көріністен адам кейпін дәл байқаған, әрі өлеңдегі мұздың рөліне де бұл сипаттау тура келіп тұр.
Жоғарыдағы «Жазғы жолда», «Қысқы жолда» өлеңдерінде лирикалық кейіпкер біреу ғана болатын. Ал «Жазғытұрым» ,«Сең» өлеңдерінде кейіпкерлер бірнешеу болып, табиғаттағы тұрақты болып тұратын құбылыстар мен адамдар арасында болып жататын әртүрлі әрекеттер, сезімдер, қарым-қатынастар ұқсастығына қарай бір-бірімен қабысып жатады. Мысалы, «Сең» өлеңіндегі табиғат құбылысы адамдарда болатын махаббаттағы тұрақсыздықты, алданып қалуды көрсетеді. Мағжанның табиғатындағы кейіптеу көбінесе адамдар сезіміне, махаббатқа арналады. Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының екінші бір ерекшелігі. «Толқын» өлеңінде толқындар жар кейпінде бейнеленеді:
Толқынға толқын еркелеп
Меруерт көбікке оранып Жыландай жүзге бұралып Жарға жетер ентелеп.
Күміс кәусар суымен
Суының алтын буымен
Жарының бетін жуады.
Мөлдіретіп көз жасын Жасымен жуып жартасын Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Сылдыр-сылдыр, сылдырлап
Бірінің сырын бірі ұрлап Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді.
Береді де өледі.
Өледі толқын – тынады.
Мұндағы жартас – толқындардың жары. Ақын кәдімгі күнде болып жататын табиғаттың заңды құбылысының өзінен адам тіршілігін, адамға тән әр түрлі қарымқатынасты көре білген. Ақын қиялының соншалықты байлығына, нағыз суреткерлігіне тәнті боламыз.Орыс ақыны Бальмонттың «Белый пожар» атты өлеңі де толқынды сипаттайды: Я стою на прибрежье, в пожаре прибоя, И волна, проблистав белизной в вышине,
Точно конь, распаленный от бега и боя,
В напряженье предсмертном домчалась ко мне.
И за нею другие, как белые кони,
Разметав свои гривы, несутся, бегут, Замирают от ужаса дикой погони,
И себя торопливостью жадною жгут.
Опрокинулись, вспыхнули, вправо и влево, – И, пред смертью вздохнув и блеснувши полней,
На песке умирают в дрожании гнева
Языки обессиленных белых огней. (1901)
Бальмонт толқынды шауып келе жатқан ақ аттарға, ақ жалынға ұқсатады.Ол да толқынның соңында жоқ болуын «өледі» деген сөзбен береді. Бальмонттың лирикалық кейіпкері үшін жай ат емес, соғыстан келе жатқан ақ ат, ақ жалын маңызды. Толқынның түсі ақ болатындықтан, оның аты мен жалынының да түстері ақ. Бальмонт басқа өлеңдерінде отты ең әдемі құбылыс деп санайды. Толқын мен жалынның қимылдары бір-біріне ұқсас болғандықтан да ақ жалын деген метафораны қолданған.
«Батқан күн, атқан таңның жыры» өлеңі азамат лирикасына жатса да, мұндағы табиғат көрінісі де жоғарыдағы ойымызды нақтылай түседі: Алтын күн батып барады Алтын күн ақырын өледі. Сұр бұлттар – сорлы жар, Қан жылап күнді көмеді. Күн өлді. Көк күңіренді.
Жер жамылды қарасын…
Жер жарынан айрылып,
Жамылды қара басына…
Бұл өлеңнен де жар бейнесіндегі бұлт пен жерді көреміз. Жай ғана кейіптей салмайды. Күнде қайталанатын күннің батуын, қараңғылық түсуін, күн батып бара жатқандағы бұлттардың қызыл шапаққа бөленуін тұтас, бір-бірімен байланысты әрекет етіп бейнелеген. Былай қарағанда, күннің батуы мен содан кейінгі болатын өзгерістер жарынан айрылып, қара жамылған адам әрекетінен аумайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанда Мағжанның табиғат лирикасы ақынның стилін айғақтай түседі. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны, ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы аңғарылады. Бұл салада қазақ әдебиетіне Мағжанның жаңалық қосқаны даусыз.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. – Алматы, 1995. – 1 т. – 15–30 б. 2 Нұрғали Р. Әуезов және алаш. – Алматы, 1997. – 98–102 б.
3 Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан. – Алматы, 1994. – 41–197 б.
4 Жүсіпов Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. –Павлодар, 1999. – 194 б 5 Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы, 1995. – 105–155 б.
6 Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. – Алматы, 1989. – 58 б.
7 Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. – Алматы, 1996. – 3 т. – 365–416 б.
В статье рассматривается оригинальный стиль Магжана Жумабаева в пейзажной лирике. Обоснован вклад поэта в пейзажную лирику, его несравнимое богатое художественное воображение. Говорится о новшествах, внесенных Магжаном в казахскую поэзию. Произведено сравнение поэзии Магжана с поэзией Пушкина, Бальмонта. В статье говорится о необходимости дальнейшего изучения пейзажной лирики Магжана Жумабаева в литературоведении.
In the article the original style of Magzhan Zhumabaev in landscape lyric poetry is considered. The contribution of the poet to the landscape lyrics, his incomparable rich artistic imagination is grounded. It is said about the innovations introduced by Magzhan into Kazakh poetry. A comparison of Magzhan’s poetry with the poetry of Pushkin and Balmont is made. In the article it is said about the need to further study the landscape lyrics of Magzhan Zhumabaev in literary criticism.