ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕДИНИЦАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ-ЭКСПРЕССИВТІК БОЯУЫ

ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕДИНИЦАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ-ЭКСПРЕССИВТІК БОЯУЫ
Тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің қызметі жоғарыда баяндалған негізгі белгілеріне орай айқындалады. Кіріспенің басында ескерткеніміздей, біздің сөйлеуіміз негізінен жеке сөздердің жай тіркестерге бірігуінен тұрады. Мұнда жеке сөздер емін-еркін бірімен-бірі байланысып, тіркесіп, əртүрлі қатынасқа түседі де, ойды білдіруге қызмет етеді. Жай тіркестердегі кез келген сөздердің кез келгенін алып тастап, орнына басқа сөз қоюға, не басқа бір сөзге телуге əбден болады. Ондайға көнбіс.
Ал енді бір алуан сөздер «мінезі» өзгешелеу.
Олар тек белгілі сөздер үйіріне қосылып, тұрақты мекенге ие болған. Бұлардың тобындағы сөздер бірбірімен мүлде кірігіп, бір-ақ мағынаны мегзейді. Нақты семантикалық мағынаға, грамматикалық тұлғада тұрақтаған мұндай топты бөліп-жаруға, яғни осы тектес тұрақты тіркес компоненттерінің орнын алмастыруға, не басқа сөз қосуға əрекеттену əурешілік. Мұның мəнісі – фразеологиялық единицалардың тіліміздегі айрықша лексикалық топ болуында. Тұрақты тіркес тобындағы сөздердің орны тұрақты, бəрінің жиылғанда берер мағынасы біреу. Екі не бірнеше сөз жиылып бірақ мағына білдіруі – бұл тіркестердің негізгі қасиетінің бірі. Фразеологиялық единицалардың бəрі дерлік ауыспалы мағынаға ие. Бір нəрсе мегзеу, ишара түрінде, ар жағын өзің біл дегендей болжалмен айтылады. Бұлардың осындай қасиеттері тілімізді – көркем, бейнелі шешен етіп, оған айрықша ажар кіргізеді. Ендеше фразеологиялық единицаларды сөйлеу жəне жазу тілімізде орнын тауып, орайымен қолданудың ерекше мəні бар. Ауыс мағыналы метафоралы сөз тіркестері мен басқа да бейнелі сөз орамдарына көпшіліктің, əсіресе қолына қалам ұстаған творчество адамының құмар болуында сыр көп. Өйткені тұрақты сөз тіркестеріне тəн қасиеттің бірі образдылық. Ал көркем шығармаларда суреттелетін оқиғалар, кейіпкерлер образдылығымен ғана құнды. Тілді əрі көркем, əрі шұрайлы етуге жетелейтін осындай формаларға жазушылар неше алуан стильдік қызмет жүктейді. Ондайда тұрақты тіркестер сарқылмайтын қазына. Мəселен, «осы дəл қазір» дегенді білдіру үшін – қас пен көздің арасында десек, «алыс» дегенді ит арқасы қиянда, ит өлген жерде десек, «момын» дегенді қой аузынан шөп алмас десек, «сұлу» дегенді үріп ауызға салғандай десек т. т. тіліміздің ерекше өткірлігін, сұлулығын көрер ек. Келтірілген мысалдағы компоненттердің бəрі де ауыспалы мағынада. Ендеше айтылатын ойды барынша əсерлі, айқын жеткізу үшін мұндай фразеологиялық тіркестер таптырмайтын тілдік құрал.
Фразеологизмдердің бəрі бірдей метафоралы болып келмейді. Олардың ішінде зат, табиғат, неше түрлі ұғым, құбылыс жайында шертілген кішігірім əңгіме тəрізді. Нақты ақыл-кеңесті түйіп тастап отыратын бұл тектес тіркестер құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасында тұрып-ақ ойды соншама əсерлеп, мəнерлі жеткізеді. Мынандай тұрақты тіркестерге зер салыңыз: сұлу сұлу емес, сүйген сұлу; мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл; игіліктің ерте-кеші жоқ; қыс азығын жаз жина; аңдысқан ауыл болмас; сақтансаң сақтаймын.
Мақал-мəтелдер де дəл осындай қасиетке ие. Өмір өзі түйген ащы тəжірибенің шындық тұжырымы іспетті,

олай емес былай дегендей жол-жөн нұсқайды. Өмірдегі іс-қимылдың дұрысы қайсы, бұрысы қайсы т.б. адам баласының сан алуан əрекетінде таймас, табанды бағыты қайсы, соны дөп көрсетеді. Бұның бəрі бос əңгіме болмай, өмір тəжірибесінен қорытылып шыққан əділ шындық. Ал образдылық ауыс мағыналы метафоралы сөз тіркестерінің бəрінде бірдей бола бермейді. Осыған қарағанда, кейбір ғалымдардың фразеологизмдерді құрылысы жəне образдылығы жағынан екі бөліп қараймыз деуі ақылға сыяды.
Қандай тілде болсын фразеологиялық единицалар астарлы, образды мағынада қолданылады. Олардың қай-қайсысында да мəнерлеп, бейнелеп айту қызметі күшті. Кейбір жеке сөздердегі тəрізді, тұрақты сөз тіркестерінде де эмоционалдық-экспрессивті бояу мол. Көбінде осы өзгешелік басым. Яғни фразеологизмдердің көпшілігі айрықша образды, экспрессивті қызмет атқарады. Экспрессивтік-эмоционалдық бояуы бұрыннан бойында бар фразеологиялық единицалар көркем қолданылып, сөйлеушінің адамзат, не құбылыс турасындағы өз көзқарасын мəлім етеді. Экспрессивті тұрақты тіркестер сезімге айрықша əсер етеді. Мысалы, «алыс» дегенді күшейтіп, «алыстың алысы» деп айту үшін қазақ тілінде ит арқасы қиянда, ит өлген жерде деген бейнелі фразеологиялық орамды қолданар едік десек, «жұмыртқадан жүн қырыққан» дегенде «бірді бірге соғып, сауданың көзін тапқан пайдакүнем, тақыс адамдар» еске түсер еді. Ал бұған қарама-қарсы сұлу, көркем, батыр дегендей жағымды адамдарды бейнелер болсақ, үріп ауызға салғандай, жүрек жұтқан деген тұрақты тіркестер ауызға оралады. Тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай деген тұрақты тіркестер ашық, айқын деген ұғымға экспрессивті өң беріп оны құлпыртып, күшейтіп тұр. Бұдан «ашықтың ашығы, айқынның айқыны» дегендей үстеме, күшейтпелі мағынаны түсінеміз.
Өткір мысқыл, ащы əжуа, тапқыр қалжыңды өн бойына жинаған тұрақты тіркестер де мол. Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады фразеологиялық тұрақты тіркесі кісіге еріксіз езу тартқызады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен; берсе – қолынан, бермесе – жолынан; көңіл қалмас, көңіл жыртпас; асын ішіп, текеметін тіліп; түйе үстінен сирақ үйіту; тырнақ астынан кір іздейді; бүйректен сирақ шығару; тіл мен жағына сүйену; аузы-басы қисаймау т.б. тұрақты тіркестер əрі ащы күлкі шақырса, əрі жиреніш сезімді қозғайды.
Елден ала бөтен ашқарақтық жасап, масқара сараңдыққа берілген адамдарды əжуалағанда халқымыз қу бастан қуырдақ ет алған деп салады. Қырым ет жоқ қу бастан қуырдақтық ет алса, ондай қу жақты мұнан артық қандай сөзбен бейнелеуге болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір-ақ айтатын мақал-мəтелдер де аз сөзден жасалғанмен, көп мағынаны білдіретін фразеологиялық топтың бірі. Келелі ойды, кең мазмұнды данышпандық ақыл-өсиет түрінде салмақты айтатын, айтқанда соншама дəл, əрі əділ, ащы мысқыл, əдемі əжуасы аралас келіп нұсқағанды тапжылтпай мақұлдатып тастайтын мақал-мəтелдерді пайдаланудың да мəні өзгеше. Бұларды əсіресе көркем əдебиетте, көпшілікке арналған əңгіме-дəрісте, публицистикалық жанрда мол пайдалануға болады.
Жүздің көркі – сақал, сөздің көркі – мақал; тұз – астың дəмін келтірсе, мақал – сөздің сəнін келтіреді; мақал – сөздің атасы деп сөздің қадірін білген қазақ өнер алды – қызыл тілге ерекше мəн берген. Сөз құдіретін тек қазақ халқы емес, барлық халық біледі. Əр халықта да мұндай сөздердің қасиетін аша түсетін əлуетті мақалдар баршылық. Мысалы, орыстарда «без пословицы не проживешь» (мақалсыз тірлік жоқ), «старая пословица век не сломится» (ескі болса да, мақал ескірмейді), пословица недаром молвится» (мақал бекер айтылмас), «пословица не на ветер молвится» (мақал желге айтылмайды), «пословица всем делом помощница» (мақал бар істе жəрдемші) т.б. деп, мақалдың мəнін түсіндірсе, бұдан мəтелдің де осал емес екенін жəне оның мақалдан өзгешелігін ұғамыз. Халық өзі айтып отырады. Мысалы, орыстың мына мəтелдеріне назар аударыңыз: «красна речь поговоркой» (сөз мəтелмен мəнді), «из поговорки слова не выкинешь» (мəтелден сөзді шығарып тастай алмайсың), «поговорка – цветочек, пословица – ягодка» (мəтел – гүл, мақал – жеміс) т.б. Халық осы тектес даналық сөздің мəнін ұққандықтан да «слова хороши, если они коротки» (сөздің қысқасы жақсы) дей отырып, сөздің сүйектен өтетінін «не ножа бойся, а языка» (пышақтан емес, тілден қорық) деп ескертеді. Бірақ аты мақал деп қалай болса солай қолдана беруге де болмайды, өйткені қазақ –«айтқан сөз – атылған оқ», ал орыс – «написано пером, не вырубишь топором» деп сөздің өте жауапты нəрсе екенін, оған өте сақ болуды ескертеді. Əрбір мақал-мəтел əр елдің психологиясын, тіршілігін, болмысын танытады. Осы соңғы екеуін-ақ алып қарасақ – екі елдің өзіне ғана тəн ерекшелігін байқар ек. Жазуы, баспасы болмаған ел, ауызекі сөйлеудің шеберлігін, соның дəмін таттырса, өнер-ғылымы өркендеп, сан кітап шығарған ел жазудың жақсылығын паш етеді. Жазылған нəрсені балталасаң да құрта алмайсың дейді. Орыс халқында «от слова спасение и от слова погибель» деген мақал бар. Мұның мəнін қазақша сөзбе-сөз берер болсақ –

сөзбен құтыласың, сөзден тұтыласың дегендей ишара білдіріп тұр.
Сөзге байланысты орыстың тағы бірнеше мақалмəтелдерінен мысал келтірейік:
«Слово не стрела, а к сердцу льнет» (сөз оқ емес, бірақ жаныңа тиеді), «доброе слово в жемчугах ходит» (жақсы сөз гауһар тəрізді), «слово за слово цепляется» (сөз сөзден туады), «человеку дано слово, животным – немота» (адамға сөз, хайуанға – меңіреулік), «лучше споткнуться ногою, нежели словами» (сөзден сүрінгенше, аяғың сүрінсін), «не каждое слово – зеркало» (сөздің бəрі айна емес), «слово толковое стоит целкового» (ақылды сөз, ақшадан жақсы), «на чужой роток не накинешь платок» (біреудің аузына қақпақ бола алмайсық), «у насмешливого зубы белы» (күлкішілдің тісі аппақ), «слово горы ворочает» (тіл тау қопарар, тіл тас кесер, тас кеспесе, бас кесер), «пулей попадешь в одного, а метким словом – в тысячу» (оқпен бірді, өткір сөзбен мыңды құлатасың), «сила слова – в правде» (сөздің күші- шындығында), «конь вырвется – догонишь, а сказанного слово не воротишь» (қашқан атты ұстау оңай, айтылған сөзді қайтару қиын) т.б.
Туысқан ө з б е к тілінде мынадай нақыл сөздер кездеседі: «яхши нақл – томири ақл» (жақсы нақылдың тамыры – ақыл), «оталар сузи – ақлнинг кузи» (аталар сөзі – ақылдың көзі) [42].
Татарларда – «картлар сүзен капка жый» (қарттар сөзін қапқа жи), «мəкаль сақалдан алырак» (мақал сақалдан ұзынырақ);[43] қырғыздарда –«мақал атасы – сөз, мата атасы – бөз»; əзірбайжандарда – «мақалмен дауласа алмайсың» (с пословицей не поспоришь); «сөз – гүл болса, мақал – гүл шоғы» (слово – цветок, пословица – букет), «даналық – мəтелде» (в поговорке – мудрость) [44] т.б. бар. Мақал сөзі араб тілінен келген делінеді. 1889 жылы Н.Исəнбет жинап бастырған «Татар халық мəкалəлəрəнің» 1-томында берілген мысалдарға қарағанда, арабтарда «ликелли мəканын мəкал» – «əр орынға лайық сөз бар» деген мақал да бар көрінеді. Сонда мақал деп жүргеніміздің о бастағы мағынасын тексерсек, «орынды сөз», яки «тиісті жеріне дəл айтылған сөз» болып шығады. Көптеген тілдерде нақыл сөздің бұл түрлері əрқилы аталғанмен, олардың семантикалық мағынасы бір. Мəселен, өзбектер – «макал», əзірбайжандар – «аталар сөзі», чуваштар – «қариялардан қалған сөз» («ваттисам калани») десе, көптеген түрік тілдерінде мақал мен мəтел қосарлана жүреді. Қырғыздар – «мақал мен лақаптар», түрікмендер – «нақылдар ве аталар сөзи», ұйғырлар – «мақал вə тəмсил», татарлар – «мəкалъ һəм əйтем» деген терминдер қалыптасқан. Бұдан шығатын нəрсе қай халық болсын мақал мен мəтелді қатты қадірлейтінін, əрі олардың өзара айырмасын да біліп, іске жарататынын байқаймыз.
Негізінде, мақал мен мəтелдің ортақ əрі өзгеше қасиеттерін жоғарыда əр тілден келтірілген мысалдардың өзі-ақ айқын танытса керек. Мысалы, орыс халқының «поговорка – цветочек, пословица – ягодка» деуін алыңыз.
Сонымен, фразеологиялық тіркестердің негізгі қасиеті оның айрықша семантикалық топ болуы жəне оның стилистикалық ажарында (окрашенность). Бұлар жеке сөздердің, сөз тіркестерінің, тіпті сөйлемдердің бейнелі синонимдері ретінде көркем əдебиетте айрықша рөл атқарады. Яғни фразеологиялық единицалардағы ең басты нəрселер – мағыналылық стилистикалық өң қолданудағы ерекше қызметі. Осыған қарағанда фразеология негізінде стилистиканың зерттейтін объектісі тəрізді.

Өмірзақ Айтпайұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *