КӨРКЕМ АУДАРМА ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Кажкенова А.К., Исмагулова А.Е.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ainash-k90@mail.ru
Жалпы аударматанудың маңызды мәселелерінің бірі — аударма ұғымының өзі болып табылады. Бұл ұғымды тереңірек зерттеп, әр түрлі жолмен талдау жасай отырып анықтауға болады. Көптеген ғалымдардың ішінен аударма ұғымына анықтама берілген, соның ішінде О.С. Ахметованың лингвистикалықтерминдер сөздігінде келесідей анықтамалар берілген:
• Екі немесе бірнеше тілдерді, ондағы бірліктердің семантикалық сәйкестігін іздестіре отырып салыстыру;
• Өзге тілден келген ақпаратты жеткізудің түрлі жолдарын қарастыру ғана емес, сондай-ақ жаңа мәтіннің бастапқы мәтінге формасы жағынан да толық сәйкес келуін зерттеу, бұл әсіресе көркем-әдеби шығармалармен жұмыс істегенде қажет;
• Тілдік құралдардың көмегімен бір тілдің шығармасындағы хабарды немесе ақпаратты жеткізу; [1:25].
Осы анықтамаларға қарай отырып аударматану ұғымы жайлы келесідей қорытындыға келуге болады: кез келген тілден аударылатын мәтіннің екінші аударылатын мәтін тілінің көмегімен түпнұсқа мәтінге сәйкес етіп құру болып табылады. Осы аударылған мәтін бастапқы түпнұсқамен мазмұны жағымен де сонымен қатар құрылымы жағынан да толығымен сейкес келу қажет.
Аударылатын мәтіннің түпнұсқасын құрайтын вербальді түрі, полилингвистикалық тұрғыдан түсіндірілетін, нәтижесінде мәтін құрылуын – аударма деп атаймыз. Ауызша немесе жазбаша болатын іс-әрекет пен нәтижені осыған байланысты байқауымызға болады. Кез келген тілден екінші бір тілге мәтін немесе шығарманы аударғанда аудармашының негізгі мақсаты аударылып жатқан тіл иелеріне түпнүсқа тілінде жазылған мәтіндегі бар мазмұнын, құрылымын, қасиеттерін, ұлттық бояуын жеткізе білу.
Көптеген осы салада жұмыс еткен ғалымдардың әрбіреуі бұл мәселені жан-жақты қарастырған. Тағы да бір ғалымның анықтамасына сүйенсек, аударматану ғылымының негізгі міндеттері — “аударма”, “баламалылық” деген ұғымдарының мәнін ашып, аударма мәтінге қойылатын талаптарды анықтап, аударма сапасының көрсеткіштерін белгілеп беру. Бұл жайлы А.М.Алдашева айтып кеткен болатын. [ 2:133].
Аударма мәтін арқылы бір халықтың өмірін басқа бір халыққа таныстыру арқылы екі ел арасында рухани көпір орнатуға ат салысады. Яғни, аударманың мақсаты — түпнұсқадағы тілді түсінбейтін оқырманды сол аударма арқылы басқа елдің әдет-ғұрпымен, мәдениетімен етене таныстыру.
Осы сияқты тағы да көптеген ғалымдардың осындай анықтамаларын көруімізге болады. Мысалыға Л.С.Бархударов аударма ұғымына “белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құрылуы” десе, А.В.Федоров: “аударма дегеніміз — басқа тілдің құралдарымен баяндалған мәтінді екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу” деп анықтама берген. [3:175]. Олай болса, аударма – түпнұсқаның басқа тілде қайта өңделіп жасалуы, тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесі, тіларалық трансформация, сөз жасау өнері болып табылатынын көріп отырмыз.
Ғалымдардың айтуы бойынша аудармаға әрқашан өзіне тән ерекше талаптар қою мен қатар қыры мен сырын аша білу қажет. Мәселен, көркем әдебиет аудармасының өз мәтініне сөз қосамын деп негізгі ойдан ауытқып кетуге, ал түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз да мазмұнсыз сірестіріп қоюға болмайтындығы жайлы ғалымдардың ойы бір. Аудармаға қойылатын талаптардың бірі алғашқы шығармадағы тілдік, стильдік ерекшеліктерді ескеріп, оның әдеби-көркемдік, идеялық қасиеттерін толық жеткізу болатыны даусыз. Бұдан аудармашыға түпнұсқаның мағынасы мен көркемдігін қатар беру талабы туындайды.
Кейбір кездерде аудару барысында қандай да бір лексикалық бөліктің дәл аудармасы болмай жататын кезер де кездеседі. Сол кездерде көбінесе дәнекер тіл қолданылады. Мәселен, қазақ тіліндегі мәтінді ағылшын тіліне аударуда қандай да бір сөздің дәлме-дәл аудармасы болғанымен мазмұны сәл өзгеріске ұшырап, реңкі жоғалады. Осындай жағдайларда дәнекер тіл қажет болады. Біздің жағдайымызда бұл тіл орыс тілі болып табылады. Әсіресе біздің қарастырғалы отырған көркем әдебиет аудармаларында кездеседі. Көркем аудармада басты мәселе шығарманың құрылымымен қатар мағынасын, құрылысын, эстетикалық әсерін сақтап қалу болады. Көркем әдебиет аудармасында бірқатар ерекшеліктері болады, соның біріншісі мен маңыздысы – тікелей еместік. Көркем әдебиетті аудару барысында, техникалық аудармаға қарағанда нақтылықтылыққа аса назар аудару қателік болып табылады. Себебі қөркем әдебиетті аудару бұл еркін де азат аударма болып келеді. Маңыздысы мазмұны толығымен сақтала отырып аударылуы қажет. Мәселен, кейбір қазақ тіліндегі фразеологиялық бірліктердің ағылшын тіліндегі дәлме-дәл аудармасы мәтіннің мазмұның бұрмалап, мағынасын бере алмауы мүмкін, сондықтан да аудармашыға оның баламасын қолдануға тура келеді. Енді бір негізгі ерекшеліктерінің бірі – аударылған әдебиеттің әсері түпнұсқаның әсеріндей болуы тиіс, яғни оқырман бірінші мәтінде қандай сезім мен эмоциялар алса, аударылған мәтін оқырманы да сондай әсер алуы тиіс. Көркем әдебиетті аударудың тағы бір ерекшелігі – кезең дәуірінің мәдениетіне сай келетін стилін сақтап қалу. Аудармашы аударылайын деп жатқан әдебиеттің қай дәуірге жататындығын анықтап, шығарманы толығымен зерттеп, түсінуі қажет.
[4:303].
Көркем аударманы аудару кезінде түпнұсқадағы ұлттық бояудың сақталуы өте маңызыды болып келеді. Көркем әдебиетке ұлттық бояу тән болады: табиғат ерекшеліктері, күнделікті өмір, адамдары, аңыздар мен салтдәстүрі. Аудару мақсаты шығарманың құрылымдық мағынасын терең ұғып, аудармашының тілдік безендіруін шебер қолдануында.
Көркем әдебиеттегі ұлттық бояу – белгілі бір халықтың өміріндегі қолданылатын реалийлердің лексикалық тәсілдер жиынтығы ретінде берілген жиынтығы. Аударудың басты мақсаты – баламалыққа жету. Яғни, аударма нормаларын қолдану арқылы мәтінді қажетті де мазмұнының өзгеріссіз жетік түрде аударылуы. Сол баламалыққа жету үшін аудару барысында аударылып жатқан тіл нормаларның сақталуымен түпнұсқа мәтініндегі ақпараттарды толығымен жеткізуде әртүрлі аудару трансформацияларын тиімді қолдана білу қажет.
Ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағытбағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз. Осыған орай, қазақ тіліндегі сөйлемдерді ағылшын тіліне берудің түрлі әдіс-тәсілдері де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғышарттар қатарын құрауда. Қазақ тіліндегі сөздер мен олардың ағылшын тіліндегі баламаларын тексеру бүгінгі тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ. Себебі еліміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде. Тіл – тарихи, мәдени, өркениеттілік құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын танытушы. Ол қандайда бір халықтың, ұлттың мәдениетін айқындап, мәдени ерекшелігін алып жүреді. Ал сол халықтың тарихын, өркениетін, мәдениетін басқа ұлтқа жеткізетін аудармашы болып табылады. Бір тілден екінші тілге қандайда бір шығарманы аударғанда, аудармашыға сол шығарманың ұлттық мәдени бояуын жеткізе алу қиындыққа түседі. Сондықтан да тіл мен мәдениет байланысы әрқашан көркем аударманың қағидасы мен тәжірибесінің негізгі мәселесі болып табылады. Бұл тек қана ұлттық бояумен ерекшеленген сөздер ғана емес, сонымен қатар ұлттық мінезге аса назарды аударта қоймайтын жағдайлар да болып табылады. [5:243]. Кейбір жағдайларда тілдің иесі меңгеретін мәдени ақпарат аударылған тілдегі ақпаратқа сәйкес келмейді. Сол себепті түпнұсқадағы кейбір сөйлемнің мазмұны бұрмаланып аударылады. Осының басты себептерінің бірі – тіл аралық және мәдениет аралық қатынасты қиындататын түпкі мәдени алшақтықтар болып табылады.
Қазақ әдебиетін ағылшын тіліне аудару мәселесі қазіргі кезде зор мәнді алып отыр. Осы орайда аударма саласында қаншама көп жұмыстар атқарылып жатса да, әлі де бұл саладағы еңбектерді молайтудың теориялық және практикалық маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Бұған дейінгі еңбектерді саралап, озық тәжірибелерінен үлгі алу еліміз бен өзге халықтар әдебиеті мен мәдениеті арасындағы байланыстарды нығайтуға, өркендетуге айтарлықтай септігін тигізерін ескерсек, қазақ тілінен шет тіліне, соның ішінде ағылшын тіліне аударылу жолдары туралы ғылыми зерттеулер зәрулігі мен қажеттілігі анық сезіледі.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Ахметова О.С. «Лингвистикалық-терминдер сөздігі» – Алматы.: 2012.
2. Алдашева А.М. «Ағылшын тіліндегі мәтіндерді қазақ тіліне аударудың кейбір трансформациялық модельдері» – 2009.
3. Бархударов Л.С. «Язык и перевод. Вопросы общей и частной теории перевода» – М.: Международные отношения 1975.
4. Федоров А.В. «Основы общей теории перевода» – М.: Высшая школа, 1983.
5. Влахов С., Флорин С. «Непереводимое в переводе» – М.: Высшая школа 1986.