«ҚОРҚЫНЫШ» КОНЦЕПТІСІНІҢ БЕЙВЕРБАЛДЫ МАРКЕРЛЕРІ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА
БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ

«ҚОРҚЫНЫШ» КОНЦЕПТІСІНІҢ БЕЙВЕРБАЛДЫ МАРКЕРЛЕРІ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА
БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ

Исмагулова А.Е., Қайрат Г.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті gulsaule_kairat@mail.ru

Бейвербалды қарым-қатынас – адамның биологиялық түр ретінде қалыптасуынан бастау алған, тіршілік үшін күрес қажеттілігін өтеу мақсатында пайда болған тамыры терең жатқан көне үдеріс. Бейвербалды құралдар (ым, мимика, қимыл) дыбыстық тілден әлдеқашан бұрын пайда болғанымен, олардың зерттелуі XXI ғасырдың 60–жылдары Джулиус Фаст, Алан Пиз, Роберт Уайтсайд сияқты ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Бұған бұрын 1872 жылы ым тілі мәселесін Чарльз Дарвин өзінің «Адамдар мен жануарлар эмоциясының көрінісі» атты еңбегінде көрінеді [1].
Эмоциялардың бейвербалды индикаторлары көрініс табуы жағынан екіжақты сипат алады: бір жағынан, олар қорқынышпен тікелей бірге қабылданушылар ретінде шықса, екінші жағынан, олардың тілдік ұсынылуы мен ұғынылуы деп танылады.
Енді, қорқыныштың бейвербалды тілдік құралдарымен жеткізілу ерекшеліктерін қазақ және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиет мысалдарынан қарастырып көрсек.
«Өзінің шындығына қанықтыратын автордың тәсілдері ешқашан ғылыми тұрғыдан сипатталмайды, оның бір себебі – суретші өмірді танып, оны нақты өлшемдері жоқ өзге тәсілдермен (ғылымимен салыстырғанда) жеткізеді» [2:
83].
Егер сипатталатын эмоцияның жүзеге асырылуының орнын есепке алсақ, онда қорқыныштың тілдік емес сипаттамаларының барлық жағдайларын төмендегі топтарға жіктеуге болады:
1) Бірінші топқа қорқыныштың кейіпкердің ішкі күйі ретінде сипатталатын жағдайлары (сонымен қатар ішкі психосоматикалық белгілер болып табылатын жүрек қағысы, ішкі құрылыстағы өзгерістер, т.б.; қорқыныштан жүректің дүрс-дүрс соғуы, қан қысымының жоғарлауы: жүрегі суып қоя берді, жүрегі алып ұшты, жүрегі шайлықты, жүрегі су етті) кіреді. Мысалы:
 Соны айтқан кезде Мәдидің тісінен шыққан шықыр Текешті дір еткізді. Әлденеден үрейленіп, жан-жағына құлақ тігеді, тырс еткен дыбыс жоқ, тек өзінің жүрегі ғана дүрсілдейді (Ә.Әбішев)
 … there was something unfamiliar in her, some new freezing feeling, that was hard to control (King, Ps).
2) Екінші топқа қорқыныш күйінің сыртқы бейвербалды сипаттамасы берілетін жағдайлар жатады (мимика, ишара, сыртқы психосоматикалық белгілер). Мысалы:
 Cold sweat was running down his neck at the thought he might be revealed and punished. (Nolan, Yd).
Егер жіктеудің тағы бір белгісі ретінде қорқынышты білдірудің тілдік емес көрінісінің егжей – тегжейлігін, нақтылығын алатын болсақ, онда зерттеліп отырған эмоцияны суреттеудің келесі топтары төмендегідей:
a) Бірінші топқа қорқыныштың бетте, тұрыста немесе ишарада көрініс
табуының суреттелуі нақтыланусыз (конкретизациясыз) жүреді:
 Ол жүрегі белгісіз қауіптен қорыққандай болып: «А, құдай, ақсарбас!.. Кеселдердің отына күйгізе көрме, қарағымды! Жалғыздың жары құдай!» деп тілеу тілеп жүрді… (М.Әуезов)
 Beth could not hide the expression of strong fright that was on her face when she saw the moving figure (Nolan, Yd).
 There was nothing special about her face, but it was clear she was scared out of her mind (Shaw, GLE).
b) Ал, екінші топты қорқыныш индикаторының қандай да бір нақты тілдік бейнеленуінің жағдайының болмайтын мысалдар тобы құрайды. Бұл топқа келесі сөз тіркестері арқылы жасалған суреттеулер жатады: қорқыныштан тізесі дір – дір етеді, аузы құрғап кетті, қара терге бұрқ ете түсті, she was shaking in every limb, her knees shaking, т.б.
Енді, көркем әдебиет шығармаларындағы қорқыныш маркерінің тілдік емес тәсілдер арқылы берілуінің ерекшеліктеріне толық тоқталып кетсек. Жинақталған мысалдарға талдау жүргізе отырып, ортақ белгілері бойынша негізгі төрт топқа жіктедік.
1) Жоғарыда атап өтіп кеткеніміздей, қорқыныш маркерінің айқын белгілерінің бірі – адам организмі жұмысындағы өзгерістермен шақырылатын оның психосоматикалық белгілері болып табылады (гормондардың үлкен көлемде бөлініп шығарылуы, жүйке жүйесіне ауыр салмақтың түсуі, т.б.). Көркем әдебиеттер үшін әдеттегі және өте жиі кездесетін белгілердің бірі – туынды авторларының төменде келтірілген қорқыныштың физиологиялық индикаторларына суреттеме жасауы:
a) көгеру, бозару, тері бетінің сұрлануы, аппақ қудай болу, т.б.:
 … қорқыныштан қолы дір-дір етіп, өңі бозарып кеткен (О.Бөкеев).
 She was as white as the sheet (Maugham, PV). b) дірілдеу, қалтырау:
 Қып-қызыл боп шатынаған жанарлардан шексіз өшпенділік уытын көріп, қорқыныштан оның өне бойы мұздағандай денесі қалтырап кетті (Ж.Жағыпарұлы).
 She leaned against him, her knees shaking; … she felt her lips tremble; (Maugham, PV).
c) ауыздың құрғап кетуі, тамақтың түйілуі, т.б.:
 Қатты қорқытып қойған болу керек, дауыстарын шығара алмай жаншылып, егіліп жылайды (М.Әуезов).
 …as if there was a frog in her throat (Nolan, Yd). d) іштің түйілуі:
 The thought made me sick with dread (Christie, OE).
e) жүрек қағысының жиілеуі (аталған белгі екі тілде де қорқынышты
сипаттаудың ең жиі кездесетін индикаторына жатады):
 Шошынып өне бойы мұздап, жүрегі лүпілдеп соғып кетті (М.Әуезов).
 My heart had started pounding so hard that I was sure everybody could hear it (Nolan, St).
2) Екінші топты қорқыныштың туындауының фонациялық – просодикалық ерекшеліктерін суреттейтін мысалдар тобы құрайды. Ол мысалдарды ішінара төмендегі топшаларға жіктедік:
a) дауыстың өзгерісі:
 Кемпір күннің түрін көріп, назалы дауыспен: «Құдай тағы төбемнен ұрайын деген екенсің ғой! Қарағым адасты ғой! Ұшып өлді ғой. Аруақтарым, қолдай гөр! Ақсарбас!» — деп, баласын шақырып айғайлай бастады. Келіні де сүйенгені тілеуі, зары болып, қорқып тұрды (М.Әуезов).  Price said in a garbled, panicked voice (Nolan, St).
b) дауыстың шықпай қалуы, сөйлеу қабілетінен айырылу, тілінің
күрмелуі:
 Қатты үрейден Ұлжанның үні шықпай тілі байланып қалды (Ж.Жағыпарұлы).
 Her eyes were wide and dazed, and she kept trying to speak. Her mouth was working, but nothing came out (King, Ps).
c) тұтығу, кекештену:
 –Менмін Мәди, мен мен! – деп Келдек екілене айғай салды. Ол ақсаңдай басып, сойылын сүйреткен күйі алға шықты.
– Мұнда Мәди екеу еді ғой, сен қайсысың?
– Мен нағыз Мәди, мен, – деп Келдек екілене айғайлап Мәдиге қарай жүре бастады. Ойы қолындағы ақ табан қара сойылды қайқайып тұрып бір сілтемек.
– Нық Мәди сен болсаң үкімің әлдеқашан айтылған, енді иманыңды айта бер, – деп Мәди алты алтарын суырып алып еді, жаңа батырсып тұрған Келдектің екі тізесі бірдей селкілдеп, арқасын аяз қысқандай тісі-тісіне тиместен сақылдап кетті. Не ілгері, не кейін кетуге хал жоқ, қолындағы сойылы кескіленген кесірткенің құйрығындай оршиды.
– Мен… мен… Мә-ди емеспін, ағатай.
– Өтірік айтасың, нақұрыс, — деп Мәди алты атарын кезей түсіп еді, Келдек ыршып барып шалқасынан түсті.
– Ол-ла-һи, м-ен… Мәди емеспін (Ә.Әбішев).

сөйлеу темпісінің шапшаңдығы, мүдірушілік:
 – Кімді екенін білмеймін, әйтеуір, біреудің қанын төкпей тынатын түрі жоқ, менің түсінгенім сол.
Мәдидің бұл сөзі Текештің шымбайына батып кетті, бірақ ол сыр білдірмей жағасын ұстай алып:
– Астапыралла, – дегеннен басқа сөз айта алған жоқ (Ә.Әбішев).
Сөйлеу жылдамдығының шапшаңдығы көркем әдебиет шығармаларында қайталаулар, эллиптикалық конструкциядағы сөйлемдер, ойдың аяқталмағандығын білдіретін көп нүкте сияқты стилистикалық тәсілдермен беріледі.
3) Үшінші топқа қорқыныштың туындауының вербализациясы жатады. Мысалдардың басым көпшілігі «көзді» сипаттау тіліне жатады:
 Жалғыз болса да өте үлкен, ұялы жанары жарқырап обаның басына жанған шырақтай, қорқыныштылау сәуле шашады (О.Бөкеев).
 …and I saw what might’ve been a spark of fear in his eyes (Hardy, Td’U).
4) Төртінші топты қорыныштың дене қызуымен қатар жүретін жағдайлары жатады. Егер Дж.Лакофф бойынша агрессия ыстық сұйықтықпен толтырылған ыдыспен салыстырылса, қорқыныш мұндай теңеудің қарама – қарсы мағынасында тұрады. Қорқынышты мұздаған сумен немесе бос ыдысқа теңейді [3: 87]. Қорқыныш сипаттамаларындағы аталған физиологиялық белгі (дене температурасының төмендеуі) көркемдік қарым – қатынаста метафоралық бейнені қалыптастыруға арналған негіз болып табылады:
 Қып-қызыл боп шатынаған жанарлардан шексіз өшпенділік уытын көріп, қорқыныштан оның өне бойы мұздағандай денесі қалтырап кетті (Ж.Жағыпарұлы).
 She felt on a sudden a cold chill pass through her limbs and she shivered (Maugham).
5) Бесінші топты тек ағылшын тілді мысалдардан ғана анықталған «қорқыныш» эмоционалдық концептісінің суреттелуіндегі иіс сезу мүшесі арқылы сипатталуы құрайды. Мәселен, ағылшын мәдениетінде қорқыныш жағымсыз иіске теңеледі:
 That stinking horror of an animal (Nolan, Yd).
 That fear had an odor was something he had learned from his previous expeditions (King, Ps).
Қорқыныш сезімін жеке көңіл – күй түрі ретінде қарастыру қорқыныштың когнитивтік процестер мен мінез – құлық актісіне әсерін анықтауға, сондай- ақ оның басқа көңіл – күй түрлерімен өзара әрекетін айқындауға мүмкіндік береді. Көркем мәтіндерде «қорқыныш» тек көңіл – күй ретінде көрсетілуі және де бұл эмоцияның қырларын ашатын басқа да тәсілдерін қамтуы мүмкін.
Жалпы, тілді ұлттың тарихымен, мәдениетімен, рухани қазынасымен, яғни дүниетанымымен тығыз қарым-қатынаста, бірлікте алып қарастырылған жағдайда ғана ұлттық тілдің табиғатын шынайы танып білуге жол ашылады.


Әдебиеттер:

1. Құрманбаева Ш.Қ. Қазақ тіліндегі бейвербалды амалдардың гендерлік сипаты.// www.adisker.com
2. Горелов И.Н., Енгалычев В. Безмолвный мысли знак. – М.: Молодая гвардия, 1992. – 240 с.
3. Эйчисон Д. Лингвистическое отражение любви, гнева и страха: цепи, сети или контейнеры? // Язык и эмоции: Сб. науч. трудов. – Волгоград: Перемена, 1995. – С. 76 – 91.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *