ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ
РАЙ КАТЕГОРИЯСЫ

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ
РАЙ КАТЕГОРИЯСЫ

Файзулла Г., Өмірзақ Э.
Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і

Адам сөйлегенде, пікір білдіргенде тек белгілі бір оқиға жайында хабарлап қана қоймайды. Соған байланысты өзінің ойын, көзқарасын, сезімін, тілегін білдіреді. Іс-әрекетке байланысты адамның әртүрлі көзқарасы мен ойы, ішкі сезімі әртүрлі сипатта көріне алмауы мүмкін. Оның таңбалануы лексикалық, фонетикалық, грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Сөйлеушінің не жазушының осындай жеке көңіл күйіне байланысты болатын тілдік құрылым модальділік атегориясы деп аталады. Қазақ тіл білімінде модальділік категориясы модаль сөздер, жалпы модальді және мақсатты мәнді жай сөйлемдер, етістіктің модальдік құрылымдары және рай категориясы негізінде қарастырылады.
Рай етістіктің көп қолданылатын және грамматикалық мағынасы жағынан бай категория. Өйткені айтушы мен тыңдаушы арасында болатын әр алуан лебізде олардың белгілі процеске, оқиғаға, зат не құбылысқа қатысты өздерінің ойлары мен пікірлері, жеке көзқарастары, бір-біріне бұйыру не талап ету, өтіну, қалау, шарт қою т.б. сияқты логикалық ойлары көрініс табады. Сөйлеу барысында мұндай ойлардың ұғымдық сипаты мен мазмұндық көрінісі рай тұлғалары арқылы таңбаланады. Сөйлеушінің шындық болмыстағы болатын әр түрлі оқиғаға, іс-әрекетке деген көзқарасын таңбалайтын рай тұлғалары қай тілге де тән, әмбебап категория. Яки қай тілде болса да жеке адам өзінің ерекше ойлау қабілетінің нәтижесін, өзіндік ойы мен пікірін рай тұлғалары арқылы бейнелейді.
Етістіктің рай категориясы – модальділік категориясының етістік тұлғалары арқылы берілетін бір түрі. Мысалы; сіз келіңіз, сіз келерсіз, сіз келіңізші, сіз келсеңізші, сіз келгейсіз, сіз келсеңіз етті, сіздің келгіңіз келді, сіз келсеңіз керек еді, сіздің келгіңіз келген екен т.б.[1,276].
Етістіктің рай категориясы жаққа және шаққа түрленеді. Іс-қимылдың түрін, құбылуын білдіреді. Қазақ тіліндегі рай түрлерін А.Байтұрсынұлы былайша көрсеткен: ашық рай, бұйрық рай, қалау рай және шартты рай. Бұлардың арасында ашық рай тек қана қазақ тіліне тән. Түрік тілінде бұл рай түрі кездеспейді. Сөйлем ішінде осы рай түрінде қолданған етістік болса, түрік тілінде оны басқа грамматикалық жақтан қарастырады. Атақты түрік ғалымы Мехмет Хенгирмен түрік тіліндегі райларды былай деп көрсетеді: istek kipi (қалау райы), dilek-koşul kipi (тілек-шарт райы), gereklilik kipi (қажеттілік райы), emir kipi (бұйрық райы). Бұлардың арасында қазақ тіліндегі рай категорияларына сәйкес келмейтін, тек қана түрік тіліне тән болып табылатын рай түрі ол — gereklilik kipi (қажеттілік райы). Бүгінгі жұмысымызда көрсеткелі отырған екі туыс тілдің рай категориялары бойынша өзгешеліктердің бірі де бірегейі осы.
Ал қазақ тіліне тән деп отырған ашық райымыз – қимыл әрекеттің осы шақ, өткен шақ келер шақтың біреуінде болу не болмауын білдіреді. Мысалы: мен оқып жүрмін, оқып жатырмын, оқып тұрмын, оқып отырмын; оқыдым, оқығанмын, оқитынмын; оқырмын, оқимын, оқитын шығармын т.б. Өзіндік ерекше тұлғасы жоқ, шақ тұлғалары арқылы жасалуы, орындалатын іс-әрекет пен қимылдың уақытын, мезгілін анықтап көрсетуі ашық райдың басты ерекшелігі. Кейбір түркітанушы ғалымдар (Х.М.Сайкиев, Н.А.Баскаков) осы ерекшеліктеріне байланысты ашық райды рай категориясына қоспауды ұсынған. М.Оразов өз еңбегінде «Шақ категориясы объектив шындық амаләрекеттің байланысын білдірсе, рай модальдікпен байланысты мағынаны білдіреді» [2, 227].
Шынында, рай тұлғасы модальдік мән беріп, ал шақтың тұлғаларда бұл мағына тек қосалқы сипатта болып келуімен, шақтық мағына да, райлық мағына да лебізде өмір сүріп және сөйлемдегі синтаксистік қызметі арқылы көрініс табуымен ерекшеленетін, тарихи негізі бір деп ашық рай мен шақ категориясы арасында семантикалық айырма бар деп таниды қазақ лингвисттері. Егер шақ тұлғалары іс-әрекет пен қимыл-қозғалыстың өту уақытын, мезгілін көрсетсе, ашық рай субъектінің іс-қимылының мезгіл бойында өту амалын анықтап, оған модальдік мағына береді.
Ал түрік тіліне ғана тән gereklilik kipi (қажеттілік райы) немесе тиісті рай деп аударуға болады. Бұл райдың атқаратын қызметі іс-әрекеттің жасалу керектігін, жасалуға тиістігін білдіреді. Қажеттілік райы –malı/-meli (-малы/мели) жалғаулары арқылы жасалады [3,71]. Мысалы: Kitap okumalısın (кітап оқуын керек), Ormanları korumalıyız (ормандарды қорғауымыз керек), Saat beşte evde olmalı (Сағат бесте үйде болуы керек), Bu yaz tatil yapmalıyız (Осы жазда демалуымыз керек); райдың болымсыз түрі барлық етістіктерді болымсыз жасайтын -ma/-me болымсыздық жұрнағы арқылы жасалады: Sigara içmemeliyiz (темекі шекпеуіміз керек), başkaları üzmemeliyiz (басқаларды ренжітпеуіміз керек), tembel olmamalısın (жалқау болмауын керек).
Қазақ тіліне ғана тән ашық рай мен түрік тіліне ғана тән қажеттілік райынан басқа тіл білімінде қарастыралатын бұйрық рай, қалау рай және шартты райдың дыбысталуы да, атқаратын қызметтері де бірдей. Оларға тоқталар болсақ, Бұйрық рай- айтушының тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы үшінші біреуге бұйыра, тілек, өтініш ете айтылатын, белгілі қосымшалар арқылы берілетін райдың түрі. Зерттеушілердің айтуынша бұйрық рай арқылы тек бұйыру мағынасы берілмейді, аты осылай аталғанымен, оның ішкі мағыналық және мазмұндық табиғаты әлдеқалай бай әрі күрделі. Бұл райдың семантикалық және грамматикалық маңызы зор. Яғни, бір іс-әрекеттің орындалуына, қозғау салуына, түрткі болуына, ұсыныс жасауына, кеңес беруіне, тілек етуіне, өтініш жасауына, жалынуына, бұйыруына, әмір беруіне түрткі болады. Дегенмен, айта кетер жайт: қазақ тіліндегі бұйрық райдың тұлғалық сипатын және семантикалық мәнін ашатын бірнеше ғылыми көзқарас бар. Ол көзқарастар бойынша бұйрық рай қазақ тілінде үш жақта бірдей қолданылады; бұйрықтық мағына тек екінші және үшінші жақта бар; бірінші жақтың жекеше түрінде емес, көпше түрінде бұйрықтық мағына бар. Мысалы:
Мен кетейін. Мен кетпейін
Сен кет. Сен кетпе
Сіз кетіңіз Сіз кетпеңіз
Ол кетсін. Ол кетпесін
Біз кетейік Біз кетпейік
Сендер кетіңдер сендер кетпеңдер
Сіздер кетіңіздер. Сіздер кетпеңіздер
Олар кетсін олар кетпесін
Бұл мысалдан байқағанымыздай, бұйрық райдың бірінші жағынан ниет, тілек мағынасы басым, өйткені сөйлеуші не айтушы өзіне-өзі бұйыра алмайды, тек ниет танытады. Ал дәл осы заңдылықты ұстанған түрік тілші ғалымдары бір істің жасалауын әмір еткенде қолданылатын және оның бірінші (жекеше, көпше) жағында қолданылуы жоқтығын, себебі, адам өз-өзіне бұйрық бере алмайтындығын көрсетеді [3,72]. Мысалы:
Sen oku (сен оқы) Sen okuma
O okusun (ол оқысын) o okumasın
Siz okuyun (сендер оқындар) siz okumayın
Onlar okusunlar (олар оқысын) onlar okumasınlar.
Шартты рай –қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмауын, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіреді. Етістіктің түбіріне не негізіне –са,-се жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: барса, жатса, кетсе, пісірге, көрсе, армандаса, арқаласа, игерсе, т.б. Жасы жетпістен асса да, ол шапшаң сөйлеп, шапшаң қимылдайды (Ә.Кекілбаев) [4, 171].
Шартты рай тұлғасындағы етстік сөйлемде тілек, арман, мақсат мағынасында қолданылады. Қалай да оған жолығайын – мақсат мәнінде, не тұрыс, білсеңдер айтпайсындар ма? — кекесін мәнінде; келсе де, келмесе де, енді не өзгере қояр?- шартты мағынада; ол бұны түсінбей, дал болса керек – мән-жай мәнінде.
Қазақ тіліндегі шартты райдың жіктелу: Мен оқысам (оқымасам), Сен оқысаң (оқымасаң), Ол оқыса (оқымаса), Біз оқысақ (оқымасақ), сеңдер оқысаңдар (оқымасаңдар), сіздер оқысаңыздар (оқымасаңыздар), олар оқыса (оқымаса).
Шартты райдың тұлғасының мәтіндегі мағыналық құрылымын ғалымдар былай тізбектейді:
1. лебізде айтылатын амал-әрекеттің орындалуы не орындалмау шартын көрсетеді: құлақ естісе, көңіл білер;
2. лебізде ойдың мақсатын білдіреді;
3. амал-әрекет мазмұнындағы қалау мағынасын анықтайды;
4. лебіздегі амал-әрекеттің арманын, тілегін көрсетеді;
5. бағыныңқы сөйлемдегі амал-әрекетке қатысты субъектінің өкінуін, қапалануын білдіреді;
6. бағыныңқы сөйлемдегі іс-әрекетке қатысты субъектінің амалын
көрсетеді;
7. Бағыныңқы сөйлемдегі амал-әрекетке қатысты субъектінің құптауын, қолдануын анықтайды;
8. бір амал-әрекет пен екінші әрекетті салыстыру мағынасында қолданылады;
9. Іс-әрекеттің орындалу себебін білдіреді;
10. Екінші амал-әрекеттің орындалу мерзімін білдіреді [1,280].
Ал, түрік тіліндегі Шартты райдың атауы Dilek-Koşul немесе Şart Kipi деген де атауы бар. Шартты рай дегеніміз түрік тілінде тілек немесе шарт қою арқылы жасалады. Көбінесе keşke, eğer (егер) сөздерімен қосыла жасалады. Шартты райының жалғауы тура Қазақ тіліндегідей –sa/-se, яғни, -са/-се. Ал болымсыз жалғауында тағы сол –ma/-me яғни, -ма/-ме жұрнағы жалғанады.
Ben gelsem (мен келсем) Ben gelmesem (мен келмесем)
Sen gelsen (сен келсен) Sen gelmesen (сен келмесен)
O gelse (ол келсе) O gelmese (ол келмесе)
Biz gelsek (біз келсек) Biz gelmesek (біз келмесек)
Siz gelseniz (сіз келсеңіз) Siz gelmeseniz (сіз келмесеңіз)
Onlar gelseler (олар келсе) Onlar gelmeseler (олар келмесе)
Keşke және eğer сөздері арқылы шартты райдың жасалғанда екеуінің екі түрлі мағыналық қызметі бар. Мәселен, keşke сөзі өтіп кеткен шақта, өкінішті білдіруде қолданса, eğer сөзі егер солай болса деген болжамды жағдайларда қолданылады. Keşke savaş olmasa, insanlar hiç ölmezse (егер соғыс болмаса, адамдар еш өлмесе), Eğer çalışmazsan başarılı olamazsın (егер еңбектенбесен табысты бола алмайсын) [2,70].
Қазақ және түрік тілдерінде шартты рай көбінесе мақал-мәтелдерде кездеседі [5, 154].
Қалау рай – сөйлеушінің қимыл-әрекеті орындауға е орындамауға қалау, ниет, тілек, ықылас білдіреді. Қазақ тілінде қалау рай етістік түбіріне –қы, -ғы, кі, -гі жұрнағы мен тәуелдік жалауы жалғанып, оған «кел» көмекші етістігі қосылуы арқылы және –ғай, -гей, -қай, -кей жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: менің білгім келеді (білгім келмейді), сенің білгің келеді (білгің келмейді), сіздің білгіңіз келеді (білгіңіз келмейді), оның білгісі келеді (білгісі келмейді), біздің білгіміз келеді (білгіміз келмейді), сендердің білгілерің
келеді (білгілерің келмейді), олардың білгілері келеді (білгілері келмейді);
Мен түсінгеймін мен түсінбегеймін
Сен түсінгейсің сен түсінбегейсің
Сіз түсінгейсіз сіз түсінбегейсіз
Ол түсінгей ол түсінбегей
Біз түсінгейміз біз түсінбегейміз
Сендер түсінгейсіңдер сендер түсінбегейсіңдер
Сіз түсінгейсіздер сіздер түсінбегейсіздер
Олар түсінгей олар түсінбегей
Ғалым А.Салқынбай сондай-ақ, өз еңбегінде Қалау райдың тұлғалық мағынасын былайша жіктеп көрсетеді:
1) амал-әрекеттің орындалуын не орындалмауын, айтушының
қалайтынын не қаламайтынын білдіреді;
2) амал-әрекеттің орындалуын, айтушының шешімін, айтушының қалайтынын не қаламайтынын білдіреді;
3) айтушының тілегін, өтінішін білдіреді;
4) амал-әрекеттің орындалуын не орындалмауына байланысты айтушының жорамалдауын, тұспалдауын білдіреді;
5) келер шақтық мәнді білдіретін ерекше сема қосып, қалау, болжау мағынасын білдіреді,;
6) құрмалас сөйлемнің мағынасында келіп, — ғай,-гей тұлғалары армандау, тілек мәнің білдіреді;
7) «де» көмекші сөзімен тіркесіп келіп, мақсаттық мәнін береді [1,281 Салқынбай анарҚазаіргі қазақ тілі оқулық].
Қалау райы түрік тілінде İstek Kipi деп аталды. өз аты айтып тұрғандай бұл тілде де райдың атқаратын қызметі адамның бір нәрсені қалағандығын білдіреді. Етістік түбіріне –а/-е жұрнақтары жалғануы арқылы жасалады. Жекеше және көпше түрдегі І жақтағы түрінің жасалуы ерекше әрі көп қолданылады да, басқа жақтарда кәдімгі бұйрық раймен сәйкес болып келеді.
Мысалы:
Ben gör-e-y-im (мен көргеймін) Ben gör-me-y-e-y-im (көрмегеймін)
Sen gör-e-sin (сен көргейсің) Sen gör-me-y-e-sin (көрмегейсің)
O gör-e (ол көргей) O gör-me-y-e (көрмегей)
Biz gör-e-lim (біз көргейміз) Biz gör-me-y-e-lim (көрмегейміз)
Siz gör-e-siniz (сіздер көргейсіздер) Siz gör-me-y-e-siniz (көрмегейсіздер)
Onlar gör-e-ler (олар көргей) Onlar gör-me-y-e-ler (көрмегей)

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Салқынбай А. «Қазіргі қазақ тілі» Оқулық, Алматы 2008.
2. Салқынбай А. Тіл және мәдениет. Алматы 2001.
3. Сарбасова Г. Түрік тілінің грамматикасы. Түркістан 2011.
4. Исаева С., Назарғалиева К., Дәулетбекова Ж., Қазақ тілі. 6 сынып, Алматы 2011.
5. Hergirmen M. Yabancılar İçin Türkçe Dil Bilgisi. Ankara 1999.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *