М.МАҚАТАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ ЖӘНЕ ӨЛЕҢ
ӨРНЕКТЕРІ

М.МАҚАТАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ ЖӘНЕ ӨЛЕҢ
ӨРНЕКТЕРІ

Усербаева М.К.
Атырау қ., Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Maksat.userbaeva@mail.ru

«Талант атаулы қашаннан халық құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген. Айталық, қазақ халқы атам заманнан бері қарай ел ішінде ақыны мен әншісін айрықша қадірлеген. Өнер иесін қасиет тұтып, киелі санаған жұрттар да бар. Айта кетсек, сонау көне дүниенің аңғырт ұғымы суреткер талантын кейбір таңдаулыларға тартқан құдайдың сыйы деп білген. «Құдай сыйы» хақындағы ұғым бағзы заман ғана емес, кейінгі дәуірлерде де көп айтылған: біреулер идеалистік астармен көрер көзге өтірік айтса, біреулер әшейін айшықты сөз ретінде лепіріп айтқан. Әйтпесе, талант тасасында тұрған мұншалық құпия сыр да, сипат та жоқ екені ешқандай дәлел қажет етпейді. Сөйте тұра, суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын қажет екенін кім – кімде мойындауға тиіс. Әңгіме сол қабілет пен дарынның қалай тәрбиеленуінде, қалыптасуында және дамуында жатар болар» [1:15]
Ғалымның «..дарынның қалай тәрбиеленуінде, қалыптасуында және дамуында» деген сөзіне Мұқағали поэзиясына үңілген сайын көз жеткіземіз. Бізше, ақын бүкіл қазақ поэзиясының інжу- маржандарын оқи отырып, жаттап алып, солардың терең сырларына үңіле отырып тәрбиеленді. Оның таланты поэзия кәусарынан сіміре сусындай отырып, өз дарынына бағыт сілтеді. Сол поэзия әсерімен өзі де шабыттанды, жазу үстінде тәжірибе жинақтады, өзін – өзі осылайша қалыптастырды, жылдар бойына өсу үстінде болды.М.Мақатаевтың ақындық туралы өлеңдері баршылық. Бәрінде де ақын ағынан жарылып, ақындық дегеннің не екенін халыққа ұғындырумен өтті және ғажап шабытпен, ыстық сезіммен ақынның бар болмысын жариялады. Осы тақырыптағы оның мынадай өлеңдерін атар едік: «Қасым солай болмаса», «Сыбағам қайда», «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», «Қара өлең», «Адамды адам түсінбеу бір ақирет», «Автограф», «Поэзия» т.б.
Ақын ұлылардан үйренді, олардан үлгі алды, шабыт алды. Оның ең алғашқы ұстазы Абай болғанын әрқашан ұрандатып, аузынан тастамаған. Әр өлеңінде Абай рухы бар.
«Мен – дағы өлең жазбаймын» деген өлеңінде ол осы шындықты былай жария еткен: Қуат алып Абайдың тіл – күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден.
Өлеңнің құдіретті өнер екендігін, адаммен бірге өмір сүретіндігін, өлеңнің мылқауларға тіл бітіріп, соқырлардың жанарын ашатындығын айтып, поззияға өшпес баға береді. Ақын сонымен қатар өзінің өлең жазбай өмір сүре алмайтынын өлең кестесімен түсіндірген.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алаурытқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта, — деген жолдар бұған дәлел. «Қайшылық» деген сөзде көп мағына жатыр. Қайшылық адам өмірінің алуан кезеңінде кездесетін қиыншылық. Сол «тартыс» әр өлеңді дүниеге әкелетін автор деп біледі.
Мұқағали өз шығармаларында поэзияның мазмұны мен пішіні жөнінде, қазақ өлеңі дәстүрдің жалғасы екендігін әдемі айта білген. Әр ақын өлең мазмұнында да, пішінде де жаңалықпен келуін жырлаған. Ақынмын деп мен қалай айта аламын Халқымның өзі айтқанын қайталадым. …Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шапан жауып өзіне қайтарамын.
«Күпі киген», «шапан жауып» деген тіркестерді дәстүр жалғастығы жөнінде ой деп қарастыруымыз керек. «Ертеден келе жатқан өлеңді жаңартып жалғастыру ләзім» деген асыл сөз бар. Ал, «жаңарта шапан жабу» дегенін өлең пішіні туралы айтқаны деп білген жөн.
Ақын тілінің көркемдігі мен өлең өрнегінің шеберлігі әр алуан. Мұқағали ажарлаудың барлық түрін: интонация, аллитерация, ассонанс, теңеу және эпитеттерді үлкен шеберлікпен пайдаланғанын көреміз. М.Мақатаев поэзиясы сөз мәнерінің бұлақ сылдырындай құлаққа жағымды естіледі. Оның еркін құрылыстағы ерікті өлеңдері ақынның қандай көңіл толқынымен туса, солай табиғи оқылады.
Сіздер сезесіздер ме?
Түсінесіздер ме?
Сенесіздер ме кісіге, Сіздер?
Міне, осы өлеңнің қандай қарапайым мәнермен оқылатындығын байқаймыз. Бұл жерде салтанаттылық жоқ, көңілсіздік жоқ, адамдардың еңбегін, қасиетін дәріптейтіндей дауыс ырғағы бар.
Ал, ақынның қайтыс болған қызы Майгүлге арнаған «Майгүлге» атты өлеңінде мұңға беріле оқылатындығы өлең мазмұнынан белгілі.
Қызым менің,
Гүлім менің, Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның.
Құлпы тастың құны маған бес тиын, Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
Табиғатына қарағанда, Мұқағали осы өлеңді жазғанда, көзінде мөлдір жас тамшылап отырғандай.
М.Мақатаев өзіндік мені қалыптасқан ақын. Ақынның «қиыннан қиыстырған» образды орамдары өмірде болып жатқан құбылыстарды бейнелеп әрі нақтылап көрсетеді. Ақын шығармаларында көркем образ жасап, сөзбен сурет салуда өзіне тән өзгеше мәнері бар тілдік көркемдегіш құралдарды шебер қолданады. Ақын шығармаларындағы сөздердің көркемдік мәні шынайылылығында болса, ұлт санасында қалыптасқан теңеулерді басқаша беру мүмкін емес.
М.Мақатаев поэзиясының тіл көркемдігінің бір сыры- теңеулердің қолданысы болып табылады. Ақын поэзиясы тіліндегі теңеулердің қолданысы жалпы халықтық тілдің көркем қорындағы теңеулерді табиғат көріністерінде, кейіпкердің портретінде, әлеуметтік тақырыптарда ұтымды пайдаланған. Сонымен бірге, тілдегі теңеулерді өңдеп, жетілдіріп қолданған және поэзияға өзіндік тың теңеулерді енгізген.
Ақын поэзиясындағы теңеулер қолданысынан тілдік дәстүр жалғастығын көреміз. Ақын бұрыннан халық поэзиясында бар салыстыруларды пайдалана отырып, өз тарапынан да жаңаларын жасаған. Жырға арқау болған нәрсені бейнелі жеткізу, ұқсастықты көре білу ақынның тіл шеберлігін көрсетеді. Теңеулер көбінесе -дай, -дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін, -тайын,- тейін жұрнақтарымен жасалады.
Сонымен қатар сияқты, сықылды, секілді, тәрізді, -ша, — ше жұрнағы арқылы, бейне сөзі арқылы; -нан, — нен, — дан, -ден, -тан, -тен жалғауларын жалғау арқылы жасалады.
Мысалы: Ауыздық салған асаудай,
Барар жер, басар ізім жоқ.
Қырандай тиген кептерге
Таулы аймақтың ауасы секілденген…
М.Мақатаев поэзиясында ең жиі қолданылатын – дай, — дей, — тай,- тей жұрнақтары болып табылады. Бұл жұрнақ ақын поэзиясында зат есімге неғұрлым көп жалғанған.
Мысалы: Ғанибет қой, шіркін – ай, шуылдаса ұлардай, Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай.
Осы мысалдағы – дай жұрнағы ұлар, шынар деректі зат есімдеріне жалғанып, көктемдегі қарылғаштың ұлардай көп болмай, таудың шыңында жалғыз өсетін шынар ағашқа теңеліп тұр. Ақын ұлардың шуылы мен шынардың жалғыздығын салыстыра отырып суреттегенде, көз алдымызға екі құбылысты да қатар елестетіп өтеді. – дай, — дей жұрнағы зат есімдерге ғана емес, заттанған сын есімдерге, есімдіктерге, есімше тұлғалы етістіктерге жалғану арқылы да теңеу жасайды.
Теңеудің аналитикалық тәсілі арқылы жасалуына «сияқты», «секілді» т.б.
септеуліктер мен бейне көмекші сөзі қатысады.
Мысалы: Таулы аймақтың ауасы секілденген,
Аумалы да төкпелі күндерім – ай!
Теңеудің синтаксистік тәсілмен жасалатын түрлері де кездеседі. Онда теңеуді жасауға толық мағыналы сөздер қатысқан. Мұндай сөздер қатарына ұқсау, тең, теңеу, балау сияқты сөздер жатады.
Мысалы: 1. Жанарың ұқсас, жаным – ау қайдан көріп ем?
2. Келісетін мемлекеттер елшісіне ұқсаған,
Қазақ әдебиетінде теңеудің көне тәсілі- параллелизм. Ақында мұндай теңеулер де баршылық.
Мысалы: Қас – кірпігің қарылғаштың қанатындай қап – қара, Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?! Әсем басың әп – әдемі мүсініңе шақ қана, Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
М.Мақатаев өз туындыларында деректі ұғымды дерексіз ұғымға салыстырып қана қоймай, деректі ұғымды дерексізге де теңеп отырған.
Ақын поэзиясының тілі көркемдігінің бір сыры- теңеулердің қолданысы болып табылады.
М.Мақатаев поэзиясы теңеуге қандай бай болса, ажарлаудың бір түрі эпитетке де сондай бай. Ол қолданған эпитеттер жансыздарды жандандырып, жай қарапайым нәрселерді әспеттегенде ақындардың ішінде алдына жан салмайды.
Мысалы: Сананы сары уайым сарылтқанмен, Тынысты тұйық тұман тарылтқанмен…
Жансыз өлең жанымды алды кілең…
Жалтаң бақыт жалт етіп көрінбеді.
Ақын эпитеттері алуан түрлі құбылып келеді. Өлеңдерінде де, дастандарында да шығармаға ерекше шырай беріп, оқырман қызығатындай сөзбен салған суреттерінде айқындаудың көмегі зор болып келеді. Айқындаулардың дара да, күрделі де түрлері түйдектеле қолданылғанда поэтикалық туындының бойына жан біте жөнеледі. Ақын қолданған айқындаулар қазақтың әдеби тілінде көптен бар айқындаулар да болып келеді.
Мұқағалидың өзіндік тыңнан жасаған айқындаулары мол.
Құмар көңіл әлдене іздеп еді,
Қылымсыған қыз сағымдар көшуде.
Құбылтудың ерекше күрделі де ауқымды түрі – метафора. Мұқағалидың поэтикалық тіліндегі көркемдегіш құралдары бірін – бірі қайталамайды, ақын шеберлігінің арқасында бейнелі сөздері, сөз тіркестерін, сөйлемшелерді жаңарта, жаңғырта қолданады. Ақын ауыз әдебиетінің мол мұрасымен, жазба әдебиетінің үлгілерімен терең сусындаған, үлгі – өнеге алған, қалыптасқан дәстүрді кеңейтіп, сөз өнерін де байытып, жаңалық қосқан. Өлеңдеріндегі шынайылық, табиғилық, нақтылық- осының бәрі ақынға өзі өскен туған жерінің топырағынан дарып, қанына сіңген дүниелер екеніне ешқандай күмән келтіруге болмайды.
Ақын өлеңдеріндегі метафора – образ жасайды. Өлең сөзге жүк артып, мән – мағына үстеп тұратын да осы метафора. Әрбір өлеңін оқығанда ерекше метафоралық образдарды табамыз. Ақын өлеңінің тақырыбын ашуда метафораны ойнатып бере алады. Ең көп метафоралық қолданыс жасайтын сөз табы- зат есім. Ақын өлеңдерін талдау барысында байқағаным – зат есімнен болған метафоралар көп. Мысалы: өмір – өзен, өмір- азат, өмір – дария, құлын – жыр, дариға – жүрек, жапырақ – жүрек, қыз – тіршілік, жігіт – көктем және т.б.
осылай тізбектеліп айтыла береді.
Шашырап күннің алтын табағынан, Шарықтап шыңырауда ана – қыран.
Осы берілген өлең шумақтарындағы метафорамен тұрған жалпы есімдер жел, жер, тау, күн, дүние, найзағай, жапырақ, кеуде, жүрек, көңіл, уақыт, өмір өлеңде образ ретінде жұмсалған. Мұндағы метафора – образдар түбір күйінде, түбірге әртүрлі қосымшалар жалғану арқылы, яғни зат есімнің септік, көптік, тәуелдік формаларымен жасалған. Жалпы есім метафоралар етістіктің көсемше, есімше жіктелген формаларына тіркескен.
Метафораның сөз қолдануда көп жағдайда жансыз заттарға жандылық қасиет берілетіні айтылады.
Қыз – тіршілік, міне, тағы мойыныңа асылды, Асылды да саусағымен сипағандай басыңды.
Осы келтірілген өлең шумағында жансыз дүниелердің барлығы жанданып, суретті, бейнелі образ құрап, табиғаттың тылсым күштерімен сөйлесіп, әртүрлі заттық ұғымдар өлеңнің көркемдік дәрежесін биіктете түседі. «Поэтикалық өрнек сөзден өріледі» деп ғалым Р.Сыздықова айтқандай, поэзия оқысаң түсіне беретін қара сөз емес, ол образды сөйлем, айшықты тіл. Осылайша ақын М.Мақатаевтың өрнекті сөз оралымдарының құпиясы тереңде бойлап жатады.
Поэзиядағы құбылтудың бір түрі- символ, яғни астарлау. Символ – халық санасының даму тарихына сай өрбіген көне категорияның бірі. Алғашқы қиялдау, болжау, ертедегі түсініктер, наным – сенімдер символдың шығуына әсер еткен құбылыстар.
«Дариға — жүрек» дастанында әйел тағдырының сан – салалы бұрылысы суреттеледі. Жалғандыққа баспайтын, ақиқатты жақтайтын әйелдің жанын қасиетті ақ жаулық өртеп жібереді. Бұл жердегі символ – ақ жаулық.
«Аққулар ұйықтағанда» дастанының ерекшелігі аққу- махаббаттың символы, киелі ұғым десек, ананың балаға деген махаббатын да символ деп қарастыруға болады. Осы екі символ бір – біріне қарсы шығады.
Ананың әрекеті қазақ халқының ұлттық құндылығы ретінде киелі нәрсеге қиянат жасасаң, киесі атады деген тұжырымға қарсы шығады. «Аққулар ұйықтағанда» дастанында екі ұғым, екі символ да шарасыздық пен киелілік бір – біріне қарсы шығып, екеуі де жеңіске жетіп, кие де, қасиет те биікке көтеріледі. Сөйтіп, ұлттық құндылықты сақтап қалады.
М.Мақатаевтың дастандарындағы символдар осылай көрініс тапса, құбылтудың кейіптеу деп айтылатын категориясы да оқырманды тәнті етеді. Ғалым Қ.Жұмалиев: «Кейіптеу арқылы автор жансызға жан беріп, тілсізге тіл бітіреді, не қайғылы, не қуанышты оқиғаны суреттегенде, оған және табиғат қосылады да, оны бұрынғыдан да күшейте түседі. Шығармадағы оқиғаға табиғатты қатыстырып не қайғыртып, не қуантып суреттеген жерлер өте әдемі, оқушыны еріткендей әсерлі және күшті боп келеді.» [2:119] Енді осы кейіптеулерге мысалдар келтірейік.
Әйнектенген маскүнемнің көзіндей.
Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,
Міне, ақын осылайша жансыздарды, табиғатты кейіптеп, адамға айналдырған. Бәрі де жүрегіңді тебірентер бейне болып, сырласуға, мұңдасуға дайын тұрғандай.
Мұқағали жырларында кейіптеудің неше алуан түрлері көздің жауын алады. Өлеңді сөздің көркемдігі үшін көп қызмет атқаратын құбылтудың бір түрі- алмастыру немесе метонимия. Мұнда тектес заттар мен тектес, себептес құбылыстар бірінің орнына бірі алмастырылып қолданылады.
М. Мақатаевтың шығармашылығын метонимиялардың қолданылуы тұрғысынан сүзіп өткенде байқағанымыз – ақын мұны ықшамдылық үшін, әрі дәл, әрі нақты, әрі ықшам жеткізу мақсатына қолданады екен.
Сөздерді мән – мағына байланысына қарай құбылтып, ауыстырып қолданудың бір түрі – мегзеу — синекдоха. Мұқағалида мегзеу де бар. Осы категорияға мысалдарды қатар келтіргенді жөн көріп отырмыз. Ескі көздер бара жатыр азайып, (олар жайлы ойланудың өзі айып).
Ей, тірілір!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық!
Мұқағали Мақатаев поэзиясында айшықтаудың бір түрі- анафора мен эпифора да көп кездеседі. Анафора өлеңнің әрбір тармағының басында тұрса, эпифора өлең тармағының соңында тұрады. Олар бірде қатар тұрған бірнеше тармақта болса, кейде бір жолдан кетіп кезектесіп келеді.Анафора да, эпифора да өлеңнің шырайын кіргізіп, мағыналық та, формалық та жақтарынан айшықтайды. Өлеңнің мазмұнын да тереңдетеді, үндестігін арттырып, поэтикалық ырғақтылығын арттырады.
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше…
Ал, енді бірде анафора да, эпифора да бір өлеңде, бір шумақта, я қатар тұрған тармақтарда кездеседі.
…Өмірде қымбат асылдар – күндер, Өмірде қилы ғасырлар- күндер.
Өмірде керек бақытты – күндер…
Анафора мен эпифора ақын шығармашылығында мол ұшырасады.
Ақын поэзиясында айшықтаудың басқа түрлері арнаулар, қайталаулар, психологиялық параллелизм және басқа да айшықтау түрлері көп. Бұл категориялар ақын поэзиясының көркем өрнектері болып, оқырмандарына жеткен.

Әдебиеттер тізімі:

1. З.Қабдолов «Сөз өнері», Алматы, «Жалын» 1983 ж. 15 б.
2. Қ.Жұмалиев. Әдебиет теориясы. Алматы: мектеп, 1969, 119 б.
3. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: Көп томдық. Өлеңдері мен поэмалары. І том. А. 2007 ж.
4. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: Көп томдық. Өлеңдері мен поэмалары. ІІ том. А. 2007 ж.
5. «Мұқағали» журналдары 2005-2007 жж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *