МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ СИНОНИМДЕР

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ СИНОНИМДЕР

Темірғалина Салтанат Ғапурқызы
Красный — Кордон НМ, Зеренді ауданы, Ақмола облысы

Синоним сөздер – кез келген тілдің қаншалықты дамығандығын, оның оралымдығын көрсететін сөз байлығының құнарлы бір саласы. Сонымен қатар олар әр халықтың ұлттық ерекшелігін де танытады. Сөз логикалық дәлдігімен, ойлаған ойдың реңктерін өз бояуымен нақтылы көрсете алса ғана мәнерлік сипатқа ие болады. Мазмұн мен мақсатқа сайма-сай лайықтап алынған сөздер ғана мәнерлі сөз деп танылады. Сөз де қиюластырып қалаған кірпіш сияқты шеберлікті керек етеді. Шешен де шебер сөйлеудің бір ұшы – тілдегі синонимдердің қабын тауып орнымен үйлестіріп жұмсай білуде. Ана тілінің синонимдер байлығын еркін білу – өз ойыңды соншалықты дәлме-дәл етіп жеткізе алу деген сөз. Әрбір ой халық тілінен сұрыптап алған сөздер арқылы жүзеге асады. Тіл ойды ғана білдірмейді сонымен бірге сезім мен ерікті билеу үшін де қолданылады. Тіл әсерлі де тартымды болуы керек. Бүгінгі қазақ тілінен неше алуан стильдік мүмкіншіліктің бәрін де кездестіруге болады. Соның барлығы да бай синонимердің қызметі арқылы көрінеді. Қазіргі кезде тіліміздегі синонимдер мән-мағынасы мен қолдану аясына қарай сала-салаға бөлініп, саралана бастады. Бірақ бүтіндей бір-бірінен жігі ажырап кетті деп айту әзірге қиын. Қазақ тілінің синонимдері саны мен көлемі жағынан өте бай. Бір ұғымды білдіру үшін кейде жиырма – отыз синоним сөз қолданыла береді. Синонимдердің қолдану өрісі өте кең, сөйлегенде, жазғанда белгілі бір ойды сегіз саққа жүгіртіп, тілді соншалықты оралымды етеді. Кез келген тілді алсақ, синонимдер — сол тілдің сөздік құрамы мен сөз байлығының дәрежесін байқатар көрсеткіш. Оның тілдегі сөздік қордың дамуына емес жалпы көркем әдебиеттің, өнердің кемелденіп, толысуына, көркем сөздің жетілуіне, күнделікті өміріміздегі қарапайым сөйлеу тілінің нәрленіп, қалыптасуына тигізер әсері мол. Синонимдер, біріншіден, әдеби тілдің жоғары талғамды болуын қажет етсе, екіншіден, қарапайым сөйлеу тілінің әдеби тіл дәрежесіне көтерілуіне әсерін тигізді. Әр адамның ойлаған нысаналы мақсатына, көңіл-күй, көзқарасының әуеніне қарай айтайын деген сөзін, пікірін басқа кісілерге нақтылы, дәл әрі көркем етіп жеткізуде синонимдердің атқаратын қызметі соншама үлкен. Кімде-кім мәндес сөздердің нәзік мағыналық ерекшеліктерін дұрыс аңғарып, керекті жерінде лайықтап қолдана білген болса, ондай адамның сөйлеген сөзі, жазған еңбегі соншама мәнерлі де тартымды болмақ.
Қаламы төселген, тілге өте шебер ақындардың бірі Мағжан Жұмабаев. Мағжан өлеңдеріндегі сөзбен өрілген сырлы суреттер адамның көңіл көкжиегін от боп, сәуле боп серпілтіп, жарқыратып аша түседі. Ақын өзінің танымталғамын беделі сөз, кермек оймен, тіл өнерінің мейлінше айқын бояуларымен жеткізіп, сезім пернелерін дөп басады, шын мәнісіндегі өлең құдіретін еріксіз мойындатады. Ол өзінің өлеңдері мәнерлі, мазмұнды, әдемі, суретті болуы үшін синонимдерді шебер қолданған. Негізінен тілдегі синонимдерді үш түрге бөледі олар: мағыналық синонимдер, стильдік синонимдер және мағыналықстильдік синонимдер. Ақын шығармаларында осы аталған синонимдердің барлық түрлері кездеседі. Оның «…ҒА-ға» деген өлеңінде:
Мейірімсіз тағдыр құрған түсін,
Қайырымсыз қара салқын жерді құшып, Тас жүрек, көңілі қара жауыз жаудың Қолынан құлдық, қорлық уын ішіп. Қасіретті қара күнді жанды сүйген Қонған жоқ кіршік таза жүрегіңе…
— мейірімсіз, қайырымсыз, және тас жүрек деген сөздері мағыналық синонимдерге жатады. Жай сөздермен қоса ол сөз тіркестерін де қолданған. «Мен жастарға сенемін» өлеңінде:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты – Қырандай күшті қанатты Мен жастарға сенемін! Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар…
айбатты, қайратты, күшті синонимдері кездеседі. Синонимдер сөздігін алып қарайтын болсақ, қайратты және күшті сөздері синонимдес те, ал «айбатты», қаһарлы, айбынды деген сөздермен синоним болады екен. Бірақ, ақын қолданысында контекстегі мағына жағынан бұл үш сөз бір-бірімен синоним болып тұр. Осы айтылғандар Мағжанның синонимдерді қолдануындағы ерекшелігі, осындай ерекшелік ақынның «Ж…ға» өлеңінде де кездеседі:
Талай жылан арбар, қабан қорқытар, Қорықпа, арбалма біріне де болма жар. Өтер жылдар –қайғырамыз, күлеміз
Өтер жылдар – сарғаярмыз, кеберміз
Өтер жылдар – қартаямыз өлеміз
Бірте-бірте, құрып шамдай сөнеміз Өтер жылдар – ұлғаярсың, өсерсің Өмір – көпір, қалайда оны кешерсің.
Осы өлеңінде қорықпа, арбалма сөздері мағыналық синонимдер, өмірдің бірнеше әр алуан өткелдері бар, соған байланысты сарғаямыз, кеберміз; ұлғаярсың, өсерсің деген сөздері мысал болып келеді. Күзде ағаштағы жапырақтар сарғаяды одан кейін кебеді, ақын осы жапырақ бейнесін адам өмірімен теңестіріп қолданған. Ал ұлғаю, өсу синонимдері жас жағынан емес, білім жағынан өсу және ұлғаю деген мағынаны меңзейді. Мағжанның басқа да өлеңдерінде мағыналық синонимдер көптеп кездеседі, олардан да үзінділер келтірсек:
Айда атыңды Сәрсембай, Ағарып алтын таң атпай,
Шығайық қырға, далаға…
«Мағарри сөздер» өлеңінде:
Шетке даңқы, атағы асып кетенде Қарсы болар ауылында ағалар!
«Өнер-білім қайтсе табылар» өлеңінде:
Жақын, туған, бауыр! – деп, айналмаса
Қатын-сатын дегенге байланбаса
Тынықпай, дамыл алмай, ертелі-кеш
Ізденсе, кідірмесе, жайланбаса Көңіл көзі ашық жанды дос деп білсе,
Мылқау, меңіреу адамды қас деп білсе…
«Зарлы сұлу» өлеңінде: Қайғыландың, зарландың, Ісіңді тастап мұңайдың…
«Сағындым» өлеңінде: Ойыны бір құрдастарды сағындым, Тілегі бір жолдастарды сағындым. Келешекте бірге план құрысып,
Сырласатын жан достарды сағындым…
«Қараңғы дауылдан түн» өлеңінде: Менсінбек жөпшендіні көп маңғаздар
Тең таппай кекеп, мұқар сансыз паңдар…
«Құр қалыппын» өлеңінде:
Сұлу қыз анадайда сылаңдайды,
Теңімен ойнап-күліп бұраңдайды Адамзат бәрі ғашық, бәрі құмар,
Аһ ұрып, оны көрмей тұра алмайды…
«Қарағым» өлеңінде:
Кідірме, аялдама, алға ұмтыл
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме…
«Тілегім» өлеңінде: Мейірімді ием таза, нәзік әйелді
Қара жүрек қазаққа неге жараттың?
«Күз» өлеңінде:
Жыламсырап, мұңайып жанды-жансыз
Қатты аязды қайырымсыз қысты күткен..
«Жарыма» өлеңінде:
Айрылған ар-намыстан қарындастың,
Көз жасы, қалың қайғы, зарын көріп Өткелсіз, қарлы, отты таулар асқар, Мейірімсіз табан тілер қия тастар…
Жоғарыда келтірілген үзінділердің ішіндегі қырға, далаға; даңқы, атағы; кекеп, мұқар; сылаңдайды, бұраңдайды; ғашық, құмар; көп, сансыз; кекеп, мұқап; жақын, туған, бауыр; тынықпай, дамыл алмай; мылқау, меңіреу; қайғыландың, зарландың; құрдастар, жолдастар, достар; сылаңдайды, бұраңдайды; ғашық, құмар; таза, нәзік; жыламсырап, мұңайып; қайғы,зарын сөздерінің барлығы мағыналық синонимдер тобына жатады.
Синонимдер тікелей стильмен байланысты болып келеді. Тіл-тілде сараланған, қалыптасып орныққан бірнеше стильдік тармақ болады. Тілдің даму барысында оның лексикасындағы көптеген сөз сараланып, белгілі бір стильге телініп, әр топқа бөліне бастайды. Мұны белгілі бір синонимдік қатардың ішіндегі сөздердің қолдануынан да аңғаруға болады.
Мағжан шығармаларында стильдік синонимдер де кездеседі. Ақынның «Жүсіп хан» поэмасын алатын болсақ мұнда стильдік реңктер байқалады. …Хан қуанып қопаңдап, Қоразданып қоқаңдап…
Бейне маймыл маймаңдап, Біресе, бейне жайнаңдап, Біресе, бейне түнеріп…
Өзі кетті ырбиып,
Ерні кетті дүрдиіп, Қолы қалды тырбиып…
Осы үзінділердегі қопаңдап, қоқаңдап; маймаңдап, жайнаңдап; ырбиып, дүрдиіп, тырбиып сөздері кекесін-мысқыл мәніндегі стильдік реңктер. Осындай реңк тағы бір үзіндіде кездеседі: Аббас таққа шоңқиды,
Қол тоқпағы қоңқиды…
— шоңқиды және қоңқиды сөздері стильдік синоним болып есептеледі.
Мағжан өлеңдерінде поэтикалық реңк те кездеседі, мысалы оның «Айға» өлеңінде:
Кең дала, көресің ғой ана жатқан, Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан. Асқар тау, балдан тәтті сулары бар, Әне сол анам еді мені тапқан…
— биік тау дегеннің орнына ақын асқар тау деп қолданған. «Тәңірі» өлеңінде де биік деген сөздің орнына заңғар сөзін қолданған: Басқаға орын бердің жақсы жайдан – Зеңгір тау, түпсіз дария, терең сайдан. Үмітсіз тілегі жоқ, тұрағы жоқ, Қуылған дәргаһіңнан біз бе шайтан?
Мағжанның кекесін-мысқыл мәніндегі стильдік реңктері «Көк теке», «Төбет» өлеңдерінде де кездеседі. «Туған жерім — Сасықкөл», «Күншығыс» өлеңдерінде мағыналық-стильдік синонимдер кездеседі.
Синонимдер бір-бірінен мағыналық реңкі жағынан және басқадай сөздермен өзара қарым-қатынасқа түсіп, қолданылуы жағынан әр алуан белгілері арқылы ажыратылады. Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге көңіл аударамыз, синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір-бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Синонимдер градация жолымен өзгеріп отырады. «Бесік жыры» өлеңінде дауыл, жел синонимдері градация жолымен жасалған. Себебі желден гөрі дауыл күштірек, басымырақ. Ақынның көптеген өлеңдерінде және қара сөзбен жазылған «Домбыра» өлеңінде градация жолымен өзгерген синонимдер бар.
Мысалы:
… Бейшара, бақытсыз қарындасым. Домбыра да күңіренеді, зарлайды, жылайды…
Синонимдер плеоназм жолымен де өзгеріп отырады. Синонимдерді плеонастикалық тәсілмен жұптап қолдану жекелеп қолданғаннан гөрі әлдеқайда мәнерлі болып ұғынылады. Плеоназм жолымен жасалған синонимдерді ақынның «Сағындым», «Тәңірі», «Зар», «Жаралы жан», «Өткен күн»,«Айға» өлеңдерінен көруге болады.
Осы өлеңдердегі: зеңгір тау, шалқар көл, айдын көл, жарық сәуле, айдын шалқар көл деген тіркестері плеоназм жолымен жасалған синонимдер болады
Тілдегі синонимдер әр түрлі жолмен пайда болады, көбінесе синонимдер сөз тудыру тәсілдері арқылы пайда болады. Аффикстер арқылы да синонимдер пайда болады. Ақынның «Ж…ға», «Жаралы жан» өлеңдерінде зарлаған синонимі сөз тудырушы –ла жұрнағы арқылы жасалған. Синонимдердің тағы бір пайда болу жолы сөздерді біріктіру арқылы. «Есімде… тек таң атсын!» өлеңінде сужүрек, қорқақ сөзінің синонимі біріктіру жолымен жасалған. «Қызметтегі қарындас», «Жауға түскен жанға» өлеңдерінде арып-ашып, уайымқайғы синонимдері қосарлану жолымен жасалған. Сонымен қоса ақынның «Түн еді», «Өнер-білім қайтсе табылар» өлеңдерін тіркесу жолымен жасалған синонимдер де кездеседі.
Мағжан шығармалары – терең ойлы поэмалары, сырлы лирикасы, қазақ прозасының көш басында тұрған әңгімелері, ғылыми еңбектері – бүгінгі күні де мәнін жоймаған туындылар. Ақын қалам тартқан тақырыптар әр уақытта қазақ қауымының келелі мәселелері болып алдыңнан шығып отырады. Осындай жанжақты, сегіз қырлы Мағжан өлең жолын өрерде әр тақырыпқа тән сөз кестесін тізген. Өз өлеңдерінде синонимдерді өзінше қолданған, шығармаларында синонимдердің барлық түрлерін әрі түрлі жасалу үлгілерін, қолдану тәсілдерін пайдаланған. Қай өлеңін оқып, талдап көрсек те ақын синонимдерді контекске байланысты қолданған, өлеңдеріндегі сөздердің мағыналары өлеңнің мазмұнына сай бір-бірімен үйлесіп, мағыналас болып кетеді. Ақын шығармаларында мағыналас синонимдерді шебер қолдана білген.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» Алматы «Санат» 1997 ж.
2. Ф.Оразбаева «Қазіргі қазақ тілі сын есім синонимдері» Алматы 1988 ж.
3. Ә. Болғанбаев «қазақ тілінің лексикологиясы»
4. Ә.Н. Нұрмаханова «Қазіргі қазақ тілі» Алматы «Мектеп» 1982 ж.
5. Ә. Болғанбаев «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» Алматы 1975 ж.
6. К.Аханов «Тіл білімінің негіздері» Алматы «Санат» 1993 ж.
7. М. Жұмабаев «Шығармалары»
8. «Жұлдыз», «Қазақстан мектебі», «Қазақ әдебиеті», «Шалқар» журналдары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *