ДИДАР АМАНТАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ
ПОСТМОДЕРНИЗМ КӨРІНІСТЕРІ

ДИДАР АМАНТАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ
ПОСТМОДЕРНИЗМ КӨРІНІСТЕРІ

Такиров С.У., Жакулаев Ә.М.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті adil91kz@mail.ru

Қазіргі таңда жарық көрген туындылары постмодернистік эстетикаға мейлінше жақын жазушы Дидар Амантай болып табылады. Оның «Гүлдер мен кітаптар», «Тоты құс түсті көбелек», «Шайтан мен шайыр» романдары мен «Мен Сізді сағынып жүрмін» повесі, «Көзіңнен айналдым» сынды т.б. әңгімелерінде постмодернистік дүниетаным басқа қаламгерлерімізге қарағанда мейлінше қоюлана түскенін байқаймыз. Дидар Амантайдың романдары көлемі жағынан шағын болып келеді. «Гүлдер мен кітаптар» романы жайлы ғалым, жазушы, сыншылар арасында түрліше пікірлер бар. Жазушы-драматург Дулат Исабеков «…оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек… оны роман деп айтуға болмайды» деп кесіп айтса, қазақ, неміс, орыс тілдерінде бірдей жазатын Герольд Бельгер «Дидардың жазғандары ешкімге ұқсамайды.Оның жазғандары өзгеше, дәстүрлі жазу үлгілеріне келмейді. Бұл ерекшелікті жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбірімен қарсы тұрады. …Ал маған Дидар жаратылысы бөлек, қайталанбайтын марқұм досым Асқар Сүлейменовті еске түсіреді», – дейді. Ал сыншы Әлия Бөпежанова Д.Амантайдың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатындығын, сондықтан да оқырманның оны бірден қабылдай алмай жатқандығын айта келіп, «Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленеді» («Алматы ақшамы», 10.03.2011), – деген пікір айтады[1]. Таласбек Әсемқұлов «Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары» атты мақаласында «Дидар Амантай бүгінде аты ауызға ілініп, әсіресе аға буын қаламгерлер үшін «проблема» тудырып жүрген жазушы. Осы жерде бір айта кететін нәрсе бар. Әлемнің кез келген әдебиетінде экспериментке жол беріледі. Шынына келетін болса, Дидарда классикалық стильге ешқашан қарсылық болған емес. Ол өз шығармашылығының таза эксперимент екенін мойындайды, және айтып отырады. …Эксперименттің де көркемдік презумициясы бар екенін мойындауымыз керек», – дей келе мынадай өте орынды пікір білдіреді: «Қазақ әдебиетіндегі консерваторлардың көңіліне келсе де айтайын, біздің тіліміз ескірген. Мен бұл жерде біздің күнделікті керегімізде жүрген сөйлеу тілін, қазақтың байырғы дархан тілін айтып отырған жоқпын. Ол тіл ешқашан ескірмейді. Жасырын, жаңғырып тұра береді. Мен қазақ өнерінің бейнелеу тілінің ескіргендігін айтып отырмын. Және бұл жалғыз Дидардың, немесе менің ғана пікірім емес. Қазақтың алдыңғы қатарлы қаламгерлерінің көбі мұны сезеді, өзара етене әңгіме үстінде айтып та қалады. Алайда, қазақ жазушыларының арасында әлдебір үнсіз келісім бар сияқты. Ешкім де бейнелеу тілдің ескіргенін ашық айтпайды. Жоғарыда, экспериментке жол беруіміз керек дегенде, мен осыған меңзеп едім», – дейді сыншы ағамыз [2]
Н.Қожабекова қазіргі қазақ прозасындағы кейіпкерлер туралы былайша пікір білдіреді: «Сыртқы дүниеде болып жатқан өзгерістер кейіпкер санасына керемет әсер етеді, әрбір құбылысқа кейіпкер санасы сезімдік импульстар мен жауап береді» дей отырып, Дидар Амантай шығармаларының стилін «монотонды» деп қабылдайды.
Кейінгі жылдары жарық көрген Дидар Амантайдың «Мен Сізді сағынып жүрмін» повесі дәстүрден мүлдем бөлек шығарма. Ең алдымен оны шығарманы оқу барысындағы сөйлем құрылымынан аңғарасыз. Стилистикалық жағынан қате деп азар да безер боларсыз, алайда постмодернистер белгілі бір өлшем немесе қалыптасқан дәстүрді бұзушылар болғандықтан қайтадан сабаңызға келесіз. Өйткені автор өзі құрап отырған сөйлемдердің стилистикалық жағынан үйлеспей тұрғанын білмейді емес. Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі нағыз постмодернистік үлгіде жазылған шығарма дер едік. Повесть (он-ақ беттік) түрлі шығармалардан үзіп алып, құрастырылғандай әсер қалдырады. Белгілі бір жүйемен өрістейтін оқиға немесе оқырманды автор межелеген идеяға, негізгі түйінге алып келетін біртұтас сюжет жоқ. Кейіпкерлер арасындағы диалог сырт қарағанда мақсат қуалаған, ой алмасуын көздеген құрылым сияқты емес. Адамдардың еркінен тыс, аузынан байқаусызда шығып кеткен, жауап қайтаруды керек етпейтін кездейсоқ сөздер сияқты. Шығарма толған шешімі жоқ жұмбақтай. Оның анығына жету ең басты міндетте еместей көрінеді. Мұқтардың өлімімен біткен соң, оны ары қарай жалғастыру оқырманның өз еркіндегі ситуация. Повесь постмодернистік коллажбен берілген. Ал, постмодернистік коллаж – қазақ әдебиет үшін әлі де түсініксіздеу құбылыс. Алайда, эксперимент үшін жазушының оны қолданылуы да заңды. Постмодернизмнің ең басты ерекшелігінің бірі – жазушы мен оқырманның арасына теңдік белгісін қояды. Жазушы да өзі жазған көркем шығарманың оқушысы, көп оқырманның бірі ғана. Дидар Амантайдың осы шығармасын алғаш оқығанда, дәстүрлі әдебиеттен қалыптасқан ойыңызға, түсінігіңізге мейлінше кері әсер қалдыруы мүмкін. Өйткені оқиға бейберекет берілген, әуелі финал суреттеледі (Мұқтардың өлімі, оны Ғалиябанудың Еркінге келіп айтуы сынды), одан кейін қайтадан кері айналған желіге тап боласыз, яғни финалдағы жағдайдың жай жапсары түсіндіріле бастайды. Оның өзі жүйелі, бірізді, анық емес. Түрлі постмодернистік коллажбен берілген компоненттерді қалауыңыз бойынша орналастырсаңызда нәтижесі, шешімі бірақ негізге кеп саяды.
Повесьте жастардың арасындағы шытырман қарым-қатынас, тығырыққа тірелген күй, Мақсұттың өлімі суреттеледі.Дидар Амантай шығармаларында көбінесе осы заманғы қоғамның жағдайлары, ондағы жастардың рухани құлазуы сынды мәселелер тереңнен қамтылады.
Жалпы, шығармада персонаждардың күйзелісті сәттері молынан ұшырасады. Диалогтарды қолданғанда оқырманын шатастырушылықтар бар.
Алдымен, Ғалиябану мен Еркіннің арасындағы сөзі беріліп, одан кейін ол кілт үзіліп, Мақсұттың қайтыс болар алдындағы Еркін екеуінің арасындағы диалогтар беріліп отырады. Яғни, постмодернистік әдеби ойын техникасын қолданған. Сонымен бірге кімнен шыққаны белгісіз, қайталап оқымасаңыз түсініксіздеу философиялық пайымдауларға жиі ұшырасып отырасыз. Автордың ерекшелігі сол, ол бір түскен соқпақтан оп-оңай шығып, қалыптағы өмір көріністерін суреттейді де қайтадан диалогтарға көшеді. Бір сөзбен айтқанда шығарма ішінде емін еркін қозғалады. Бас кейіпкер Мұқтар адал жарды аңсаушы, таза өнерді сағынушы адам. Ал, Ғалиябану «адалдық қылықта ма, жоқ, әлде ниетте ме» осы екеуін ажырата алмай дал болған, адалдықтың не екенін бағамдай алмайтын Мұқтардың әйелі. «Ұят өлімнен күшті» деген ұлттық мінездегі қағиданы бұзушы. «Тіршілік ұяттан дербес, сондықтан ұят өлімнен күшті де, әлсізде емес», – деп ойлайды біздің адалдық күтетін персонажымыз [3,135]. Нұрлан деген азғырушының құрбаны. Мұқтар үшін махаббат қасіреті оңайға соқпайтынын шығарма барысын оқуда түсінесіз. Жан азабын өз сүйгені түсінбеген жанның шарасыз әрекеті. Кейіпкерлер арасындағы диалогтың монологқа, монологтың диалогқа жиі ұласуы, авторлық пайымдаулардың берілуі шығарманың өзіндік ерекшелігіндей. Мысалы:
«– Тұрақтылық жоқ бізде, ой да, сезім де опасыз, — деді ол ширақ жүрген бойы Ерболға қарамай сөйлеп.
– Иә, пендешілік қиянаты толастаған ба, мүмкін, пешенесіне бұйырғаны сол бітіспес күрес, ұдайы арпалыс, үнемі айырылысу.
– Күтсін қасіретін бейбақ, қасіреті міндетті түрде келеді, алдамайтын жалғыз адал бауыры осы.
Зады, бекер, деп ойлады Ербол, көздегені – ажал. Көше бұрышынан кафе көрінді. Шаршады, енді өмірден түңіліп, мәңгілік ұйқыны аңсайды. Мәңгілік ұйқы бар ма.
Білмейді. …Ұйқы дегеніміз – өмірдің жалғасы. Ғұмырдан кейін ұйқы жоқ, қаза – жарық сәуледен көз жазып қалатын су қараңғы өткел. Өлім артынан із басатын – топырақ иісті ештеңе. Ештеңеде ұйқы болмайды» [3,135-136].
Осындай беймаза ойлар мен сауалдарға кейіпкерлеріміз жауап іздеуге тырысады. Бірақ сауал шексіз, ал жауап тұңғиық. Бұған жауап та айтылмайды. Себебі постмодернистер ойынша нақты ақиқат жоқ, болған күннің өзінде дүние қызықсыз болып көрінеді. Постмодернистер үшін әлемнің жұмбағын шешу де, шешілуі де мүмкін емес. Бізді қоршаған ортаның бәрі жалған, «әрбір өтірік өзінің уысында шындықтың бір бөлшегін сақтауда, ал әрбір ақиқаттың өзінде бір тамшы болса да у бар» деген постмодернистік авторларының ойы осы шығарманың бойынан да табылады.
Сонымен қатар, автордың басқа мәтіндерді шығарма құрылымына кіріктіруде белгілі бір мақсатты көздейді. «– Абай да Лермонтовтан тәржімелегенде: «Өткен өмір бейне түс» немесе «Өткен өмір, көрген түс Не қылғанда бір болар», – деп қалам тартқан», – деген үзіндіні келтіргенде автордың күнә екенін біле тұра, өзін өлімге қиюға бет алған кейіпкері Мақсұттың өте білімді адам екенін, тереңнен ойлайтынын байқайсыз.
«Ол кетеді, әуелі аза тұтқызып, артынан ұзақ сағындырып, келе жатқан тағдырын баяғыда тап басып танып қойған, жазбай, алданышын жазғанынан дәл ажыратып, әрбір кесімін жасырын аңдып», – деген ойдың кім айтып тұрғаны алдында берілгенде түсіксіздеу, автор ма әлде Еркін бе деген ойға қаласыз. Ал, артынан «Ол кетеді, әуелі аза тұтқызып, артынан ұзақ сағындырып, келе жатқан тағдырын баяғыда тап басып танып қойған, Ербол» деген қайталауды оқығанда барып нақты түсінесіз.
Ғалиябану мен Нұрлан кездескендегі, автордың оған (Нұрланға) «Only you» музыкасын қойғызуы да тегін емес. Мұның өзі музыканың алдағы мәтінмен байланысын көрсетіп, оқырманның ойына алдағы жай туралы хабарлау.
Ақтық сәтте Мұқтар өлгісі келмейтінін түсінеді. «Келмеңізші маған ажал, әлде бәрін ерте көрген, елден бұрын өткерген дұрыс па, аярлықты да, адалдықты да». Ол артынан неге өлгісі келетінін Ерболға: «Мен Құдайды іздеп бара жатырмын. …ұлы Тәңірдің отаны және пәниде жүздескен күнә мен пейілдің ұясы сол жақта болуы тиіс», – деп шынын айтады. «Құдайды іздеген ол жазғытұрым көкек айында Медеу шатқалы аңғарында жұма күні атылып өлді» [3,138].
Мұқтар мәңгілік шындықты табуда, адал көңілдің жолында қаза болды. Оған итермелеген тіршіліктегі берекесіздік емес, бұған Ғалиябанудың еш қатысы жоқ секілді. Бас кейіпкеріміз шексіз адалдықтың құрбанына айналды, ал өмір біз ойлағаннан да әлдеқайда күрделі. Шынайылықты, шындықты іздеп өмірін қиған Мұқтарды ақиқат қарсы алған, алмағаны тағы белгісіз.
Жалпы, Дидар Амантайдың шығармаларындағы жас кейіпкерлердің барлығы бақытқа ұмтылады. Нағыз бақытты, жұмақты аңсаушы жандар. Бақытты махаббаттан тапқысы келеді. Ал, сезім тұрақсыз. Оның соңы өкініш («Мен Сізді сағынып жүрмін» повесіндегі Мұқтардың ойы). Сезімнің орынын қайғы басып, қасіретке ұласып жатады. «Өмірдің соңы өкініш, санамен ойлап білгенге», – деп Жәнібек Кәрменов айтқандай мәңгілік бақытты іздеуші Дидар Амантайдың кейпкерлерінің барлығы адалдықты, әділдікті іздеуде жанын құрбандыққа қиюшылар. Постмодернизмнің басты қасиеті болып саналатын ақиқатқа (бақытқа, шынайылыққа, шындыққа) жетудің мүмкін еместігін дәлелдеушілер. Дидарда сюжет қана емес, тұтастай форма, сөздердің, сөйлемнің ішкі құрылымы да бұзылғанына шығармаларын оқу барысында көз жеткіземіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ысқақұлы Д. Мәдени, әдеби дамудың кейбір мәселелері. – google.kz
2. Әсемқұлов Т. Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары. – otuken.kz
3. Амантай Д. Қарқаралы басында: роман, повесть, әңгімелер, эсселер, өлеңдер. 1-том. – Алматы, 2010.– 396 б.



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *