МӘТІН ҚҰРАУШЫ БӨЛШЕКТЕРДІҢ МОДИФИКАЦИЯЛАНУЫ

МӘТІН ҚҰРАУШЫ БӨЛШЕКТЕРДІҢ МОДИФИКАЦИЯЛАНУЫ

Маретбаева М.А., Оспанова Г.Е.
Қарағанды қ., Қарағанды «Болашақ» университеті baglankaukerbekova@mail.ru

Композициялық сөйлеу формалары (КСФ) мәтін құраушы бөлшектер болып табылады.
Әңгімелеу, суреттеу, ойталқы нақты шығармада бірнеше сөйлемнен құрылған тұтас мәтіннің үзінділерін құрайды. Әдетте ол әдеби үдеріс нәтижесінде туындайтын категориялар деп аталып, мәтін композициясын құрайтын бірліктерге сәйкес келетін мәтін үзінділері ретінде қарастырылып жүр. Осы себептен де оларды композициялық-сөйлеу формалары деп атау қалыптасқан. Қазіргі мәтін лингвистикасында оларды өзіндік тілдік ерекшелігі, сипаты бар коммуникативтік-сөйлеу әрекетінің көрсеткіші деп қарастыру қалыптасып келеді. Яғни мәтіннің тілдік таңбалық ерекшелігінен гөрі, олардың коммуникативтік ұйымдасқан идеялық-мазмұндық ерекшелігін тану мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Тіл үшін мәтін ақиқат өмірдегі құбылыстардың, білімдердің таңбалық сипаты маңызды болса, сөйлеу үшін мәтін – бұл ойды жеткізудің құралы, ойлау әрекетінің де нәтижесі болып табылатындығы ерекше мәнге ие. Осы тұрғыдан келгенде, КСФ-на тән мынадай белгілерді атап көрсетуге болады:
1) Ол айрықша мағыналық категория болып табылады.
2) Ол идеалдық мағынаға ие және ол материалды таңбалардан тыс өмір сүре алмайды. Мәтіннің материалды таңбалық сипаты оның сыртқы қабығы болып саналады.
3) КСФ – бұл тілдің емес, ойлаудың логикалық формасы. Бұл қандай да бір берілген мазмұнның, шындық өмір туралы берілген ақпараттың формасы, ал оны біз тілдік таңбалар арқылы тани аламыз.
4) КСФ – қалыптасқан типтік формалық сипатқа ие. Нақты сөйлеуден тыс барлығына бірдей, жалпыланған, тілдік тұрғыдан сұрыпталған жүйе, сөйлеу композициясының біртектес қалыптасқан формасы болып табылады. Күнделікті сөйлеу барысындағы сөздеріміз осындай КСФ-тардың идеялық формаларының нақты көрінісі болып есептеледі.
5) А.Леонтьевтің пікірінше, композициялық-сөйлеу формалары сөйлеудің аяқталған бірлігі болып табылады.
Осы белгілердің өзінен-ақ КСФ-ның лингвистикалық, логикалық, психолингвистикалық ерекшеліктерге ие күрделі құбылыс ретінде екенін көреміз.
КСФ – ойлау үдерісінің құрылымын, типін және ойлау бөлшектерін өзара және бір-бірімен байланыстырудың тәсілдері мен жолдарын бейнелейтін форма болып табылады. Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп-салдар жатады.
Материяның формасы және оның жасалуы әр түрлі болғаны сияқты оның ұйымдасуының да түрлі жолдары бар. Алайда оларды екі құрылымға бөліп қарастыру қалыптасқан: уақыт құрылымы және кеңістік құрылымы, экстенсивті және интенсивті құрылымдар. Экстенсивті құрылым кеңістікте өмір сүрсе, интенсивті құрылым уақытқа байланысты өмір сүреді. Экстенсивті құрылымға бірыңғай заттарды байланыстырудың қалыптасқан түрлері тән болса, интенсивті құрылымға себеп-салдарлық сипат тән. Осыған сүйене келіп құрылымдық байланыстың екі түрін ажыратуға болады: «әңгімелеу» (интенсивті құрылым) және «суреттеу» (экстенсивті құрылым).
КСФ формалануына мыналар ықпал етеді:
1) шығармадағы уақыт межесі, яғни шығармада айтылып отырған объективті уақыт (фабулалық уақыт) пен субъективті уақыт (баяндау уақыты) үйлесімділігі;
2) шығармадағы оқиға, деректерді сипаттаудағы кеңістік үйлесімділігі.
Шығармадағы уақыт пен ақиқат уақыттың арасында уақыт жағынан бірдей немесе алшақ қатынас орнауы мүмкін.
Ақиқат уақыт пен көркем уақыттың үйлесімділігі шығарманың көркем уақыт пен кеңістіктегі үйлесімділігін жасайды.
Мәтінді құрамдас бөліктерге ажырату мәтіннің мүшелену категориясымен тығыз байланысты жүзеге асырылады. Оқырманның хабарды жеңілірек түсінуі, автордың бөлшектер арасындағы мезгілдік, логикалық, кеңістіктік байланыстарды бағдарлап отыруы сияқты мәселелер осы категорияның басты сипаттарына жатады.
Сонымен мәтіннің композициялық-сөйлеу формалары – табиғатынан екі жақты құрылым. Ол – ойлаудың бір түрі, яғни сөйлеу әрекетін жүзеге асырады, әрі сөйлеу әрекетінің бір түрі, яғни қатысым түріне жатады.
Композициялық-сөйлеу формаларының әрқайсысы тұтас шығарманың көркемдігін жасауға қатысатыны анық, алайда осылардың қайсысы қаншалықты және қалай автордың көркемдік дара стилін жасауға үлес қосатындығы зерттеуді әлі де қажет ететін үлкен маңызды мәселе болып табылады.
Әңгімелеу мәтіндері синтаксистік құрылымы жағынан басқа мәтін түрлеріне ұқсамайды. Оның лексика-грамматикалық құрылымдарының өзгешелігі әр автордың сөз баяндаудағы стиліне өзінше реңк береді.
Көркем шығарма негізінен көркемдікті суреттеуге құрылатындықтан онда суреттеу мәтіндері басым болып жататындығы заңды құбылыс. Тіпті қазақ әдебиетінде тек суреттеу мәтіндерінен ғана тұратын көркем туындылар бары белгілі. Мәселен, М. Әуезовтің «Қыр суреттері» әңгімесі осының жарқын үлгісі бола алады. Осы сияқты тек әңгімелеу мәтіндерінен ғана тұратын көркем шығармаларды атауға болады. Көркем туындылардың ішінде ертегі, мысал жанрындағы шығармаларда әңгімелеу мәтіндері басым болып жатады. Себебі кішкентай оқырмандарға арналған бұл шағын жанр шығармаларында оқиғаның, ойдың бірізділігі қатаң сақталады да, оқушыны өзіне оңай ілестіріп отырады.
Мысалы: Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. 2) Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. 3) Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, етінен кемпір мен шалға бір түйір де берместен арқалап кетіпті. 4) Келе жатса бір өнерші байдікіне келеді. 5) Бұл байға өнер үйренуге ол жігіт жалданыпты» (Ы. Алтынсарин. «Тазша бала» ертегісінен).
Осындағы сөйлемдердің өзара тізбектік байланысы олардың әңгімелеу мәтіні құрылымына сәйкестігін танытып тұр:



2-сурет — Тізбектеле байланысқан әңгімелеу мәтіні

Мұндағы етістік сөздердің -ып/-іп/-п көсемшелі тұлғасы тек қана оқиғаның өткен шақта болғанын білдіріп қана тұрған жоқ, оқиғаның бірізділігін, бірінен кейін бірі болғанын білдіріп тұрған ертегі жанрына тән ерекше стильдік элемент. Бірінші сөйлемнің аяқталуы мен екінші сөйлемнің басталу сипатына да ерекше жанрлық-стильдік ерекшелік тән:
— арқалап кетіпті → келе жатса – лексикалық қайталау;
— бір шал мен кемпір болыпты → олардың – жіктеу есімдігі; — өнерші байдікіне келеді → бұл байға – сілтеу есімдігі.
Мұндағы бір сөйлем мен екінші сөйлемді мағыналық және құрылымдық жағынан байланыстырушы тәсілдер жалпы әңгімелеу мәтінінде ерекше белсенділікпен қолданылады. Осындай тәсілдердің арқасында әңгімелеу мәтіндері ауызша әңгімелеу стиліне жақын тартып тұрады. Осы сияқты ерекшелікті мына мысалдан да байқауға болады:
Сонан соң бұлар бір үлкен көп ағаш көріп, соған келіп кіріпті де, өзі аралап ағаштың ішіне жүре беріпті. Сөйтіп жүріп бір ақ отау көріпті де, оған келіп кіріпті. Кіріп біраз отырған соң, екі пері қызы ұшып келіп, сол үйдің төбесіне қонып отырып, екеуі бір-біріне айтыпты (Ы.Алтынсарин. «АлтынАйдар» ертегісінен).
Берілген мысалдардағы сөздердің сөйлем басында қайталанып, сабақтасып келуі оның фоникасына, архитектоникасына ерекше әсер етеді. Қазақ мәтінінің фоникалық (музыкалық, әуезділік) құрылымын (оркестровкасын) зерттеу қазақ ғылымында әлі бел алып кеткен жоқ. Поэтикалық өлең мәтіндерінің ғана дыбыстық әуезділік қасиеті кейбір ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылғанмен, оның қара сөзге қатысты зерттелуі өз шешімін әлі де тапқан жоқ деуге негіз бар. Ол туралы Р. Сыздық былай дейді: «Бұл жөнінде (өлең-мәтіннің фоникасы) ішінара З.Ахметовтың «Казахское стихосложение» және біздің «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» деген монографияларымызда сөз болады. Ішінара дейтін себебіміз мынада. Текстің әуезділігі немесе дыбыстық эффект тек қатар келген сөздердің басқы дыбыстары, я болмаса өлең жолдарының бірінші сөзі біркелкі дауысты дыбыстан басталып, ассонанс, біркелкі дауыссыз дыбыстан басталып, аллитерация құралуы арқылы ғана пайда болмайды» [1, 197 б.]. Өлең-мәтінге қатысты бұл проблема қара сөз мәтіндерінің де өзекті мәселесі болып табылады және ол әлі де зерттеуді қажет етеді.
Жоғарыда келтірілген ертегі шығармалардағы әңгімелеу мәтіндерінде автор бейнесінің ІІІ жағы айрықша стильдік қызметте келеді. ІІІ жақ әрдайым бақылаушы, соның арқасында тыңдаушы оқушы да сырт бақылаушы рөлінде көрінеді. Шығарма бойынша шығатын ой қорытындысы мен тұжырымдар сол бақылаулардың нәтижесінде синтетикалық сипатта жасалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп, 1973. – 212 б.
2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993. – 49 б.
3. Пешковский А.М. Стихи и проза с лингвистической точки зрения. – М.: Высшая школа, 1925. – 207 с.
4. Виноградов В.В. Вопросы синтаксиса современного литературного языка. – М.: Высшая школа, 1950. – 239 с.
5. Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М.: Наука, 1981. – 139 с.
6. 100 Винарская Е.Н. Выразительные свойства текста. – М.: Высшая школа, 1989. – 134 с.
7. Москвин В.П. Стилистика русского языка. – Ростов-на-Дону: Дрофа, 2006. – 630 с.
8. Кожина М.Н. О Специфике художественной и научной речи в аспекте функциональной лингвистика. – Пермь: Знание, 1966. – 213 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *