КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА КӘСІБИ МӘТІНДЕР АРҚЫЛЫ
АУЫЗША ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ


КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА КӘСІБИ МӘТІНДЕР АРҚЫЛЫ
АУЫЗША ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ

Қожабаева Х.Ш.
Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы
«Көкшетау қаласының жоғары техникалық мектебі» МКҚК halimash@mail.ru

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі»
К.Д.Ушинский

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» атты жаңа бағдарламасында дуалды білім беру жүйесін енгізу қажеттілігіне баса мән беріледі. Осының арқасында техникалық және кәсіби білім беру саласын жаңғырту аясында мемлекетімізде білім беру деңгейі жоғарылап, білікті мамандар қатары көбеймек. Дуалды білім беру жүйесі жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен кәсіпорындарда теориялық және тәжірибелік оқытулары қарастырылады. Сондықтан кәсіби тілдің де оқу материалы кәсіби практикамен тығыз байланыста болуы қажет.
Көкшетау қаласының Жоғары техникалық мектебінде студенттер 17 мамандық бойынша білім алуда, ал қазақ тілі оқытушылары сол 17 мамандықта кәсіби қазақ тілінен сабақ беруде. Ең басты қиыншылық – оқу құралдардың жоқтығы, тапшылығы, сондықтан әрбір оқытушы типтік бағдарламалар бойынша мамандыққа байланысты материал іздеуімен қатар, сол материалды жүйеге келтіріп, студентке жеткізу, оны үйрету, тақырып бойынша сөйлетуге арналған тиімді әдістемелік жолдарын , технологияларды анықтаумен айналысады.
Әр оқытушының қызметіндегі ең бастапқы міндеті — ол сабақты қызықты, тиімді өткізу, жасөспірімдердің білімге, тілге ынтасын, құштарлығын арттыру және де студентті мақсатқа талпындыру, танымдық белсенділігін арттыру. Оқытушы өз пәнін жетік білуімен қатар сабақта үнемі шәкірттерінен қолдау тапқанда ғана еңбегінің нәтижесі көрінетін болады. Еңбексіз, ізденіссіз озық тәжірибе немесе әдістеме пайда болмайды. Еңбектің жемісті болуы көбінесе мұғалімнің жеке басына, оның шеберлігіне , іскерлігіне байланысты.
Бүгінгі білім алушылардың ертеңгі маман екендігін ескере отырып, оқыту барысы практикаға, дуалды оқу жүйесі кәсіптік тәжірибеге бағытталғандықтан, кәсіби қазақ тілі сабағы практикада қолданатын терминдермен және кәсіптік білдектер, құрылғылар, т.б. аспаптармен тығыз байланыста болуы қажет. Мысалы, біз «Машинажасау технологиясы» мамандығында оқитын студенттерге кәсіби қазақ тілі сабағында, студенттердің практикадан және арнайы сабақтардан жақсы білетін жонғыш-ажарлағыш білдектің қазақ тіліндегі сұлбасын көрсетіп, дайындықсыз, білдектің бөлшектер атауларын қазақшадан орысшаға аударуын талап етемін. Мұндай тапсырмалар студенттердің тілге деген ынтасын, құштарлығын арттырады және де студентті мақсатқа талпындырады, танымдық белсенділігін арттырады. Білдектің бөлшектерінің орысша атауларын білетін студенттер қазақшадан орысшаға тез аударып береді. Білдек сұлбасы арқылы жаңа терминдермен танысқаннан кейін, әрбір жаңа терминді дауысталған анимациялар арқылы проектормен экранға түсірілген кадрларды тыңдап, көріп, диктордан соң дауыстап оқу – өте нәтижелі әдіс, студенттердің үш зейіні бірдей жұмыс істеуде. Жаңа лексика меңгерілген соң, техникалық мәтіндерді аударуға, немесе сол жаңа терминдерді грамматикалық тақырыппен байланыстырылған тапсырмаларға көшуге болады. Алдындағы сұлба арқылы оқытушының тәжірибесіне байланысты әр түрлі ауызша тіл дамытуға арналған жұмыс түрлерін өткізуге болады: ойын түрінде, сөз жұмбақ, жағдаяттық тапсырма т.б. Мысалы, жағдаят: шеберханада оқытушы студенттерді білдекпен таныстырады, бір студент оқытушының ролін ойнайды, содан соң студенттер оның сұрақтарына жауап береді. Мысалы, айналдырық басы не үшін керек? Ал қалқанша қандай қызмет атқарады? т.б.
«Машинажасау технологиясы» мамандығына арналған кәсіби қазақ тілі материалдары бүкіл дидактикалық қағидаларға сай болсын деп, мысалы, тәрбиелік, ғылыми қағидаларды да ескеріп, еліміздің тарихымен байланысты, студенттердің патриоттық сезімін нығайтуға арналған материалдарды осы салаларда зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі ғалымдардың монографияларынан алуға болады [1,2.].
Интерактивті әдістерді қолдана отырып, студенттердің ойын төменгі сұраққа келтіру қажет: Еліміздің жаңа неолит заманында ежелгі біздің бабаларымыз аяғының астындағы байлықтарға сүрініп жүріп, сол байлықтарды не ғып өз ісіне жарату үшін оны өндемеді? Осы сұраққа жауап ретінде төменгі материалды ұсынуға болады: «Қазақстан жеріндегі алғашқы металл балқыту, оны өндеу және ежелгі металлургияның тарихы.
Архелогтардың тапқан материалдарды ғалымдар зерттеп, олардың қола және алғашқы темір дәуіріне жататынын дәлелдеген екен. Сақтардың қола мен мыстан, алтыннан жасаған жасаған әшекейлері мен бұйымдары жұртшылыққа мәлім. Біздің дәуірден 1-2 мыңжылдықта пайда болып дамыған ең ежелгі түсті металлургияның болғанын дәлелдейтін — ол археологтардың тапқан бірегей заттары. Жезқазған облысындағы Атасу өңірінде ең ежелгі металл өндейтін пештерді тапқан әйгілі ғалым А.Х. Маргулан. Алғашқы қазба жұмыстарын 1955 жылы жүргізген кезде, ол 400 астам шаруашылық ғимараттармен қатар шеберхана да болған. Оның ішінде 4 үлкен тас ошағының маңында мысты өндеуден қалған күл мен салмағы 5 кг таяу құйма мыс табылған. Сол жерде балғалар мен кетпендер, қайла мен келілер жатқан, сондықтан бұл тас пештер тек қана үйді жылытуға емес, сонымен қатар мыс құюға арналған пештер. 1945, 1947-1949ж. Жезқазған өңірін зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген Қ.И. Сәтбаев, Н.В.Валукинский, А.Х. Маргулан ғалымдардың Қазақстан тарихына қосқан үлестері мен еңбектері өте зор және ғылым саласында өте маңызды.
Сол ғалымдардың зерттеуінше ежелгі Жезқазғанның мыс қорыту балшықтан соғылған пештердің ұзындығы 2 м, жалпақтығы 1м болған және ол пештердің үстіне түтін шығуға арналған биіктігі 1 м жуық, диаметрлері 3-4 см дей мұржалар жасалған.»
Мәтінді аударып, мазмұнына 5-6 сұрақ қою, немесе берілген сұрақтарға жауап табу, мәтінді қазақ тілінде мазмұндау, т.б. көптеген ауызша тіл дамытатын жұмыс түрлерін атауға болады.
Осы тәрізді қызықты және жаңа мағлұмат беретін материалды өткенде студенттермен ауызша тіл дамытуға арналған жұмыс жүргізу қиынға түспейді. Мысалы, студенттер өз еркімен 2-3 топшаларға бөлініп, өздерінің таңдаған тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтиже ретінде қазақ тілінде баяндама мен слайдшоу жасап, оларды көрсетіп, түсіндіріп қорғап шығады. Тақырыптар әр түлі бола алады, мысалы: «Ежелгі сақтардың алтын өндеуі», «Қазақстан жеріндегі ежелгі мыс қорыту түрлері», «Ежелгі сақтардың алтыннан жасаған әшекей бұйымдарының стилі», « Қазақ жерінің ежелгі металлургиясын зерттеген ғалымдар» т.б.
Қазіргі кездегі қоғам талап етететін белсенді, талапты, өнерлі, жетік және терең ойлы азаматты тәрбиелеуге кәсіби қазақ тілі сабағында қолданған осындай жұмыс түрлері де өз үлесін қосады.

Қолданған әдебиеттер:

1. «Древняя металлургия и гончарство центрального Казахстана» Э.Ф.Кузнецова, Т.М. Тепловодская. Алматы «Ғылым», 1994
2. «Кузнечное ремесло Северо-Восточного Семиречья». Т.В. Савельева, Н.М. Зиняков, Д.А. Воякин.Алматы «Ғылым», 1998.
3. «Путешествие в Восточный Алтай». П. Чихачев.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *