СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ ПОЭМА ЖАНРЫНДАҒЫ ІЗДЕНІСТЕРІ

СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ ПОЭМА ЖАНРЫНДАҒЫ ІЗДЕНІСТЕРІ

Қадыров Ж.Т., Тулебаева М.Ғ., Джуминова Ж.П.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті zhkadyrov_777@mail.ru

ХХ ғасырдың бас кезі қазақ халқының патша отаршылдығына қарсы күресінің ұлғайып, Абай негізін салған әдебиеттегі демократтық, ағартушылық бағыттың өріс ала бастаған тұсы болғаны аян. Абайдың өлеңдер жинағының басылуы (1909), А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының азаттық сүйген жырларының халық ішіне жайылуы, татар ақыны Ғ.Тоқай шығармаларының кең тарауы жүдеу халықтың рухани өміріне демеу бола бастады. Сәбит те осымен әсерленіп, оқуды, ақын болуды армандады. Осы кезде Қазақстанда орнаған Кеңес өкіметінің жетім-жесірлерге, өмірден қағажу көргендерге қамқор болуы жетім Сәбит Мұқановтың ізденісіне жол ашты. Ол ауылдағы кеңес шараларына қатыса бастайды. 1918-1919 жылдары Омбы қаласында ашылған мұғалімдер курсында оқиды. Оның ақындық жолға шындап ұмтылуы да осы кез.
С.Мұқанов – шығармашылық өмірін ақындықтан бастаған қаламгер. Оның алғашқы өлеңдері өзі туған, өскен ортаның – қазақтың жалшы шаруаларының көңіл күйін, тағдыр ауыртпашылықтарын суреттеуге құрылған. «Көңілім», «Неге тудым?», «Жалшының зары» (1917) атты өлеңдерінде жас ақын кісі есігінде күн кешкен жетім баланың сезімі арқылы кедейдің ауыр бейнетін, аянышты халін өткір бейнелейді. Ол өмірге неге келдім? – деп назаланады.

Туған күннен төсегім шоқпыт болды,
Көрген күнім үнемі жоқтық болды [1: 13], – деген жолдарда қоғамдық әділетсіздіктің, теңсіздіктің сырлары танылады. Ақын ыстық күнде, аңызақ жел астында шаршаған, оның үстіне ораза ұстап, таңдайы кепкен жалшының жұмысын үзуге мұршасы жоқтығын суреттейді. Осылардың өзі-ақ алғашқы ақындық әсерді Сәбит Мұқановтың өзі өскен орта шындығынан алғанын байқатады. Алайда, ақынның лирикалық кейіпкерінде өмірден түңілу, қажу байқалмайды. Ол көңіл сырын шерте отырып, даладағы өзгерістерге елегзиді.
Қой, сен бүйтіп қамықпа, Ілгері ұмтыл, талап ет.
Шығуға айдай жарыққа
Қайраттанып, бол өжет [1: 17], – деп өзіне-өзі қайрат береді.
Сәбит Мұқанов – қазақтың поэмасына да елеулі үлес қосқан ақын. Ол поэмаларды көп жазды. Кеңес дәуірінде осы жанрдың тууы мен қалыптасуы тарихына Сәкен, Ілияс, Иса сияқты ақындармен қоса, Сәбит Мұқанов та көп еңбек сіңірді. Оның поэма жанрындағы ізденістері де, көркемдік ұғымтүсініктері де әрқилы. Өлеңдеріндегі сияқты ақын поэманы да ауыл батырағының қанаудағы өмірі мен көрген қиыншылықтарын суреттеуден бастады. Схемалық сюжетке құрып, оқиғаны суреттеуден гөрі баяндау көбірек берілсе де, «Жұмаштың өлімі» (1919), «Құрдас» (1923), «Жайлау үстінде» (1923), «Альбом» (1924), «Пионер» (1925), «Наурыз күні» (1925) сияқты поэмалар Сәбит Мұқановтың тынымсыз ізденісін танытады. Алғашқы екі поэмада ол бар қайратты өмірін кісі есігінде сарп еткен жалшының өмірден жақсылық көрмей, қорлықта өлгенін суреттей отырып, олар көрген әділетсіздікті еске алады. Ақын енді өмір жаңарып, кедейлерге теңдік тиді деп қуанады. Таптық сезім ояна бастайды. «Альбомда» жасынан бірге өскен кедей мен бай балаларының идеялық жағынан бірге өскен кедей мен бай балаларының идеялық жағынан ажырауын көрсетсе, «Жайлау үстінде» поэмасында бұрынғы, бүгінгі жайлау өмірін салыстыра отырып, елді еңбекке, еңбекшілдікке үндейді. Қалада оқып келген пионердің («Пионер») орыс тілі туралы әңгімелері арқылы кедейдің қара лашығына жаңа заман идеясының ене бастағанын бейнелейді. Бұл шығармалар поэма жанрындағы ақынның алғашқы тәжірибесі есебінде бағалы. Оларда тақырыпты таңдауда ғана емес, оның идеялық-көркемдік ізденістерінде де біркелкілік байқалмайды. Кейде ол заман беталысын (тенденциясын) сыңаржақ түсінетінін танытып алады. «Жайлау үстінде» поэмасында еңбекті мадақтай отырып, оны жайлау өміріне, жайлаудағы елдің көңіл күйіне, ойын-сауығына, жалпы ел дәстүріне қарсы қойып алатыны да бар. Мұндай біржақты ұғым оның сол кездегі өлеңдерінде де кездескен. Ол адамның қоғамдық қызметіне оның жеке өмірін, махаббатын қарсы қойып та өлең жазған. Көптің игілігі үшін жеке өмірдің рахатынан безуді ұсынған.
Сәбит Мұқановтың жанрындағы сәтті ізденісі «Жетім қыз» (1926) поэмасынан басталады. Бұл – қазақ-қалмақ жаулаушылығы заманындағы аңыздық сюжетке құрылған поэма. Онда бір соғыста жеңген қалмақтардың Күнайым атты қазақ сұлуын алып кетіп, ханына тарту еткені айтылады. Зорлықшы әрі кәрі ханға тиюден қашып, өз басын өлімге қиған қыздың мұңы қазақ арасына күй болып тараған. Сәбит Мұқанов осы күй оқиғасын өлең өрнегіне түсіріп суреттеген. Оқиға сарыны баяндауға құрылса да, қыз мұңын шерткен домбыра үнін өлең ырғағына келтіре суреттеу поэманың елеулі табысы болып саналады. Ақын тенденциясы таптық, рулық, хандық құрылыс озбырлықтарын әшкерелеу сарынынан байқалады.
Осы жылдары Сәбит Мұқанов қазақ кедейінің жаңа өмірін суреттеуге арналған бірсыпыра поэма жазды. Олардың елеулілері – «Батырақ» (1926), «Қаңды көл» (1926), «Балбөпе» (1927), «Октябрь өткелдері» (1927), «Құланың құны» (1928-1929) т.б.
«Батырақ» әуелде «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» деген атпен жарық көрген. Онда қазақтың жалшы батырағының кешегі, бүгінгі өмірлері салыстырылып көрсетіледі. Ақын бүгінгі жалшылардың оянып, сырын түсіне бастағанын суреттеуге ұмтылады. Кешегі жалшының өмірін ол негізгі кейіпкердің (Қозыбақтың) әкесі Қарашұнақ тағдыры арқылы ашады. Өмірі кісі есігінде жалшылықта, қорлықта өткен Қарашұнақты байдың бурасы шайнап өлтіреді, шешесі Күңшаш сүзектен өледі. Жетім қалған Қозыбақ жеті жасынан қозы бағып, «таз қойшы» атанады. Осы кезде төңкеріс болып, қазақ кедейлерін біріктіретін «Қосшы» атты ұйым құрылып, Қозыбақ солар арқылы теңдік жолын ұғынады. Байдан ақысын даулап, бай тоқалы Гүлжанмен көңіл қосады. Сол кездегі қазақ кедейінің өмірін суреттеудегі елеулі шығарма есебінде Сәбит Мұқанов поэмасы қазақ әдебиетіне өзіндік жаңалықтар әкелді. Мұнда жаңа дәуір кейіпкерлерінің туып келе жатқанын көрсетеді. Олардың өмір бойы қорлықта, жоқшылықта өткен, сезілген, тұрпайы кейпін сырт жылтырақтыққа бармай, дөрекі қалпында бейнелеуге тырысты. Қарашұнақтың:
Сақал-мұрты жабағы,
Түксие біткен қабағы,
Бұқа мойын, шоң желке,
Тырысып жатқан тамағы [2: 110], —
деп суреттелетін портреті әдейі баттиған күйінде көрсетілген. Ақын оны әсірелеп әдемілемей, табиғи, өзі көрген, таныған қалпында суреттейді. Кезінде адамды бұлай суреттеуді натурализм деп сынаушылар болған. Бірақ Сәбит Мұқанов ізденісті әдебиет дәстүрінен сырт құбылыс емес еді. Орыс мұжығының жыршысы болған Н.А. Некрасов та «Ресейде кім жақсы тұрады?» поэмасында өз кейіпкерлерін осындай құж-құж, жалба-жұлба күйінде суреттеп көрсеткен. Бұл – заманның әділетсіздігінің, онда өмірден қағажу көрген топтың барын, олардың тұрмыс күйін таныту ниетінен туған. Қазақтың кедейбатырақтарының ортасынан шыққан Сәбит Мұқанов та өзі таныған кейіпкерді осылай бейнелеу жолын ұстанды. Оның Қарашұнағы да, Қозыбағы да үстібасын күс басқан, қолдары қарғаның тұяғы сияқты күйінде әдебиетке енді. Бала Қозыбақтың:
Бұл секілді жетім көп.
Безге толған тамағы,
Сасық болып ағады,
Сап-сары ала қанды ірің Сауыс қылып жағаны [2: 120],- деп келетін портреті де осы тенденцияны айқындайды.
Ақын сырт бейнесін осылай дөрекі күйінде баттита суреттегенмен, олардың бойында адамдық сезімдердің молдығын, қайырымдылықты, еңбекқорлықты баса көрсетеді. Ұзақ уақыт үйлене алмай жүрген Қарашұнақтың жар сүюі, бала көруі, оларға деген адал көңілі мен сүйіспеншілігі жылы суреттелген. Баласы да сезімтал болып өседі. Ән айтады, күй тартады, оның Гүлжанға деген махаббаты да адал, тұрақты көрінеді.
Поэмада белгілі дәрежеде дәуір талаптарына жауап беруден туған асығыстықтың, схематизмнің ізі бары байқалмай қалмайды. Ақын о баста кейіпкерлер тағдырына көбірек тоқталып, оларды езуші, қанаушы дегендерді нақтыламайды. Онда нақты бай, оның қатыгездігін көрсететін оқиғалар көрінбейді. Сондықтан да поэма, негізінен, кедейшіл тенденциясымен бағалы саналады. Оның «қазақ жалшыларына» деп аталатын кіріспесінде ақын жазған: …Мен сендерді басқадан бұрын көрем, Мен қолымды сендерге бұрын берем. Сендермен кеп алысар жау табылса, Мен бәріңнен қолында бұрып өлем.

Сен жыласаң, көзімнен қан ағызам, Сен қуансаң, тілімнен бал тамызам.
Егер сенің өзегің талып кетсе,
Басқадан бұрын саған нәр тамызам [2: 109] –
деген өлең жолдары Сәбит Мұқановтың өзі шыққан тапқа деген көңіл күйін, өзімен тағдырластығын, әдебиетте оны жырлау мүддесін биік ұстанғанын танытады.
Осы ақындық тенденция оның «Балбөпе» атты поэмасында да айқын көрінеді. Онда әйел жалпы Күңшаштың тағдыры мен аянышты өлімі оның қызы Балбөпенің алпыстағы шалға тоқал боп баруы мен кеңес тұсында азаттық алуы суреттеледі. Күңшаш портретінде де «Батырақ» кейіпкерлерімен ұқсастық бар.
Сіркеге толып бұрымы,
Қырық тесіліп шұлығы,
Жылтырайды аяғы. Көйлек, жаулық құрымдай,
Қырық құралған жырымдай,
Битке қап қой баяғы [2: 80].
Бұл поэмалар қазақ кедейі мен жалшы әйелдің кешегі мен бүгінгі өзгерістерін қадағалай жазуда Сәбит Мұқановтың басқа ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін байқатады. Ол өзі өскен орта шындығын терең білді, жақсы түсінді.
1927 жылы Қазан төңкерісінің он жылдығына арнап жазған «Октябрь өткелдері» атты поэмасында Сәбит Мұқанов әдебиет үшін маңызды жаңа бір тақырыпты көтерді. Ол – Ресейде төңкеріс жасаушы жұмысшы табы тақырыбы. Оның басты кейіпкері – сол төңкеріс жолындағы күрестің куәгері қазақ жұмысшысы Теміртай. Оның прототипі Мұқатай Жәнібеков – Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан, аты «Угар» деген бүркеншік есіммен белгілі, 1937 жылы «халық жауы» боп атылып кеткен тарихи қайраткер. Поэмада Теміртайдың басынан кешкен оқиғалары арқылы кейіпкердің төңкеріс жолына келуі, күрескерлігі суреттеледі. Ол Каспий теңізі бойында балықшы, Омбыда теміржолда жүк тасушы, Лена алтын кенінде шахтер, Спасскіде зауыт жұмыскері болып, тұрмыс тауқыметімен тұрақтамай, қашқынды-қуғынды өмір кешеді. 1912 жылғы атақты Лена қырғынына қатысады. Ақыры жұмысшылармен бірге төңкеріске, Қазақстандағы кеңестік шараларға араласады. Тіршілік тауқыметімен қаңғыған Теміртай тағдырын ақын тартымды бейнелейді. Күрес қазанында қайнап, өмір өткелдерін өтіп келіп, саналы күреске араласуы нанымды суреттелген. Теміртайдың саяси сауатын ашуға көмектескен орыс жұмысшысы Иван бейнесінде де заманның шынайы шындығы бар. Поэманың композициялық шашыраңқылығы, шұбалаңқылығы байқалды. Теміртайдан басқа кейіпкерлер эскиздік баяндаулармен жасалады, жанды бейнеге айналмайды. Поэма – қазақ поэмасында жұмысшы тақырыбын көтерген алғашқы туындылардың бірі.
«Қанды көл», «құланың құны» поэмалары да қазақ ауылыңдағы әлеуметтік теңсіздік пен оған қарсы күрес мәселелерін қозғайды. Оларда бай мен кедей арасындағы жер үшін, мал үшін талас-тартыс кейін қоғамдық мән алып, таптық тартысқа негізделіп өрістейді. Ертеректе бір жұт жылы ауыл малы ашығып, Әлім бастаған оншақты кедей Күйгенкөлден шөп шаба бастайды. Бұларға көлді иемденіп отырған бай баласы Алтынсары қарсы шабады. Оны кеудесіне бұрыннан кек қатып жүрген Әлім ұрып өлтіреді. Малдыбай бай баласының кегін алып, Әлімді өлтіреді. Көл «Қанды көл» атанады. Кейін кеңес өкіметі жылдары Әлімнің әйелі Жаңыл баласы Әбілмен бірге даулап, Қандыкөлді кедейлер иелігіне алады.
Күйген көл Әлімді алған Қандыкөлді, Қанды көл екендігі мәлімді елге.
Бір кезде Қандыкөлде құл шалынса,
Ие жоқ бүгінде оған құлдан өңге, [2: 152] —
деп аяқтайды автор поэмасын.
«Құланың құнында» Болат деген жігіттің бәйге атын атаққұмар болыс Қара ұрлатып алдырады да, иіссін жала жауып жер аудартады. Болат сол жақта орыс большевигімен танысып, азаттық жолындағы күрес жайын естиді. Өзі қашып кеп, болыстың баласын өлтіріп, атын тартып мінеді де, сол күрес жолына аттанады. Болат бейнесі, оның портреттік суреті, психологиялық мінездемесі тәп-тәуір берілген. Ол намысына берік, дұшпанға кекшіл жігіт болып көрінеді. Алайда басқа кейіпкерлер эскиздік күйде қалып, поэманың оқиғасымен тартысы белгілі жүйемен дамымай, жеке эпизодтық қана сипат алады.
Қорыта айтқанда, Сәбит Мұқановтың ақындық жолы кеңестік дәуірдегі әдебиеттің тууынан қалыптасып, өркен жаюына дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды.
Осылардың бәріне де қатыса отырып, ақын дәуір талабы дәрежесінде болуға тырысты, көп ізденді, үздіксіз тәжірибе жинақтады. Оның едәуір өзгешеліктеріне лайық жаңа мазмұн, түр табуды үнемі мақсат тұтқанын көреміз. Бұл салада қолы жеткені де, жетпегені де бар шығар, ең бастысы – ақын өзі өмір сүрген кезеңдердің бәріне лайық образ жасау жолына ғұмырын арнады. Оның кең арналы ізденістері әдебиеттің басқа да жанрларында жазған шығармаларынан көрінеді.

Әдебиеттер:

1. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 1 т. – Алматы, 1972. – 312 б.
2. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. – Алматы, Жазушы, 1980. – 416 б.
3. Мұқанов С. Естеліктер. – Алматы, Жазушы, 2001. – 367 б.
4. Әуезов М. Жолы кең жазушы. – Алматы,1985. – 355 б.
5. Кәкішұлы Т. Сәбең өткелдері. – Алматы, 2000. – 119 б.
6. Ергөбеков Қ. Сәбит Мұқанов тағлымы. –Алматы, Жазушы, 1990. 290 б.
7. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Алматы, 2002. – 488 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *