ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ ХИКМЕТТЕРІНДЕ ҚОЗҒАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР
ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ ХИКМЕТТЕРІНДЕ ҚОЗҒАЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕР
ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Қадыров Ж.Т., Қожабекова Б.С.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл қаласы zhkadyrov_777@mail.ru

Хикметтер мақал-мәтелдердің, қара өлең үлгілерінің, діни және жұмбақ айтыстардың өркен жаюына өз ықпалын айтарлықтай тигізді. Қожа Ахмет Яссауи хикметтері жалғыз қазақ халқының ғана емес, көршілес халықтардың да өлең өнеріндегі үлгі тұтар басты тірегіне айналды. Ең алдымен, Құдайды, хақиқатты жырлау, одан кейін пайғамбарды дәріптеу, өнегелі істерін үлгі тұта сөйлеп, сансыз салауаттар жолдау, содан кейін өзінің пенде ретіндегі әлсіздігін, дәрменсіздігін негіз етіп, Құдайға жалбарынып, мінәжат ету, елге, халыққа риясыз қызмет етуді кеудесінде жаны бар әрбір мұсылман азаматқа міндеттеу, осы қызметті өздерінің де талмай, жалықпай атқаруы, осының бәрін Құдайдың разылығы үшін деп білу олардың жыр-толғауларындағы басты сарындар болып табылады. Ғылым мен техника қарыштап дамыған сайын адамның рухани ілімбілімге деген мұқтаждығы да еселеп арта бастады. Сондықтан көршілес халықтардың ғылымында өз елдеріндегі салт-дәстүрдің, халық даналығы үлгілерінің бастау көздерін іздеп, бұл ниет ол үрдістің қуат алар көздерін қайта жаңғыртуға деген талпынысымен де сабақтаса бастады. Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Кавказ елдерінің белді-белді әдебиеттанушы ғалымдары соңғы кездерде бұрынғы өткен елдеріндегі жыраулар, сөз иелерінің шығармашылығын зерттей отырып, олардың сөз өнеріне шабыт сыйлап, нәр берген бастау Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде екенін зерделеп, осыған назар аудара бастады. Демек, мұндай ізденістер мен талпыныстардың аяғы көмулі жатқан рухани қазынаны бірлесе отырып, тауып алатын мүмкіншілігіміздің жақын қалғанын аңдатқандай қалыпқа көше бастады. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қалдырған мұралары, ілімі сан ғасырдан бері өтіп, ұрпақ игілігіне, ел игілігіне қалтқысыз жарап келеді.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» жинағы көптеген ғасырлар бойы халқымыздың рухани әлемінде шешуші мәнге ие болып келді. Бұл еңбек иісі түркілердің ұлттық дүниетанымындағы түбегейлі өзгерістерге негіз болып, оның ислами аяда қайта қалыптасуына игі ықпал етті. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық менталитетінің қалыптасуына тигізген бұл еңбектің әсері орасан зор. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері («Даналық сөздері») оның бір бөлігі болып кіруге тиіс» [1] – деген пікірінің жайдан-жай айтылмағаны анық. Бұл, әсіресе, «халық даналығы» деп айтылатын мақал-мәтелдерден ерекше байқалады.
Біріншіден, мақал-мәтелдердегі дана адам бейнесінің хикметтерге де жат емес екені мұндағы «Ғамал қылған чин ғашықны дана қылды», «Ғариб жаним иуз тасатдиқ даналардин, Дана табмай иер астиға кирдим мана» сияқты сөздерден, «хикмет» атауының беретін бір мағынасы «даналық» ұғымы болуынан аңғарылады. Мақал-мәтелдердегі даналық сөйлеуші адам бейнесінен, сөздің мазмұнынан көрінсе, ол хикметтерден астарлы түрде аңғарылады. Хикмет иесінің әулие екенін, ал әулиенің даналық қасиетінің сөзсіз болатынын оқырман іштей сезінеді. Сопылық танымнан хабары бар қарапайым оқырман даналыққа жетудің хақиқатты іздеуден туатынын, әулиелердің рухани дамудың бұл сатысынан күмәнсіз өтетінін оңай ажыратады. Хақиқатты іздеудің алғашқы кезеңдерінде-ақ мақал-мәтелдер беретін даналыққа қол жеткізудің мүмкіндігі сопылыққа қатысты еңбектерде де айтылады. Қ.А.Яссауи есімімен байланыстырылатын «Мират-ул қулуб» жазбасында мынадай пікір берілген: «Маулана Суфи Мұхаммед Данышменд, шайх Хасан Басриден (Алланың рахметі жаусын!) былай деп келтіреді: Сұхбат үш түрлі болады: Біріншісі – шариғаттан сөз (нақыл), екіншісі хәл, әулиелік химмет (рухани қолдау-жебеу) пен кемелдік жайынан сөз, үшіншісі – сыр (көңіл-қалб-жүрек) мен хәл және хақиқат жайында сөз». Көріп отырғанымыздай, нақыл сөздер (біздіңше, оның ең негізгісі – мақал-мәтелдер) сопылық жолдың шариғат, тариқат, хақиқат деп аталатын кезеңдерінің алғашқысының жемісі болып табылады екен. Мұны халық мақалдарын Қ.А.Яссауи шәкірттері шығарғандығы туралы халық аузында айтылып келген аңыз да қуаттай түседі. «Шариғат – ағып жатқан бұлақ, бұрынғының сөздері – жағалай біткен құрақ», – деген халық мақалы да осыны қолдайды. Осы тұрғыдан келгенде, Ясауи хикметтері мен қазақ мақалмәтелдерінің арасында мазмұндық тығыз байланыстың барлығы өз-өзінен түсінікті болады.
Яссауи ілімінің негізін мекен, заман, ихуан, рабт-и Сұлтан (мемлекет басшысына риясыз берілгендік) деп аталатын төрт шарт құрайтыны мәлім. Осыған сай бауырластық, рухани бірлікті уағыздайтын, соны үлгі ететін даналық сөздері аз емес. Ауызбіршіліктің адамзат қоғамына қажеттігін тікелей де, тұспалдап та жеткізудің үлгілері мол. «Ынтымақ түбі – игілік, тірлік түбі – игілік», «Ұрыс ырысты қашырар, ынтымақ халықты асырар», «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Ырыс алды – ынтымақ», – деген сияқты тура мағынадағы мақалдар мен ауыспалы мәндегі мақалдар мен мәтелдер де жиі айтылады. «Үйірлі құлан ақсағын білдірмес», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бір жеңнен қол шығар, бір жеңнен бас шығар»,– деп тұспалдап айтылған даналық сөздерінің де басты мәні – елді ынтымаққа шақыру. Сондай-ақ рабт-и Сұлтан шартына қатысты «Ұлықсыз жұрт – бассыз дене», «Хан – бас, халық – кеуде», «Хан – шаңырақ, халық – уық», «Ханын сыйламаған ел азады», деген сияқты мақалдар бар. Мекен және заман шартын қуаттайтын: «Жеткен жерінде көгерер, ер елінде», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», т.с.с. мақал-мәтелдер көп. Бұл даналық сөздер Ясауи ілімін дамытуға қажетті алғы шарттардың қажеттігін сезінуден, адамды, қоғамды бақытты өмірге бастайтын басты себептерді дұрыс түсінуден туған. Әрине бұл түсінік тікелей Ясауи ілімінен туған және осы мақал-мәтелдер аталмыш алғы шарттардың сақталуына айрықша қызмет еткен деуге болады [2].
Қазақ мақал-мәтелдерінің сопылық жолдағы мақамдармен байланыстылығы да анық байқалады. Мәселен, «Қазы мен қарта жедім аузымда жоқ, мақпал мен парша кидім иінімде жоқ», «Жарлылық ұят емес, байлық мұрат емес» тәрізді мақалдар пақырлықтан (кедейліктен) қашпау мақамына сай туған. Ал сабырлылық мақамына лайықты ойды жеткізетін «Барыңа қарап шүкір ет, жоғыңа қарап сабыр ет», – деген секілді мақалдар мен сабырлылықтың қасиетін дәріптейтін ой қорытындылары да аз емес. Атап айтсақ, «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа», «Сабыр – күн түсірмейтін сая, асығыс – аунатып кететін мая». Қазақтың даналық сөздерінде сабырға асығыстық қарсы қойылады. Өйткені діни негізде қалыптасқан халықтық түсінік бойынша, «асыққан – шайтанның ісі». Ал сабырлылық Құдайлық сипат болып табылады. Ислам қағидасында Сабыр – Алланың бір есімі. «Адам асыққанмен, Алла асықпайды» деген сияқты мақалдар да сабырлылық мақамының мәнін ашарлық маңызға ие. Қанағатшылдық мақамына қатысты «Қанағат қылсаң, қарның тоқ», Құдайдан қорқынышта және үмітте жүру (хауф-рижа) мақамына қатысты «Халықтан ұял, Құдайдан қорық», «Үмітсіз – сайтан» тәрізді т.б. мақамдармен қатысты даналық үлгілерін молынан кездестіреміз.
Хикметтердің қазақ мақал-мәтелдерімен байланысын арнайы сөз еткен ғалымдар да болды. Мәселен, М.Жармұхамедұлы осы жайға едәуір көңіл бөлген. «Қожа Ахмет өзінің өмір тәжірибесінен туған ойларын жинақтап, мақал-мәтел іспеттес етіп ұсынуға да шебер. Бұлардың бір тобы қазақ мақалмәтелдерінің туып қалыптасуына да әсер еткені байқалады. Айталық, оның «Диуани хикметінде» «Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім», «Құдай жолын ұстаған жолда қалмас» деген қанатты сөздер бар. Бізде осыған ұқсас: «Тірі өлдім», «Құдай деген құры қалмас» деген мәтелдер ұшырасады. Дәл осылай деп айтуға болмаса да, осы іспеттес мақал-мәтелдердің бізге Қожа Ахмет Хикметтерінен ауысуы мүмкін-ақ», – дейді ол. Ғалым сондай-ақ хикметтердегі афористік жолдарды мысалға келтіре отырып, әрі қарайғы ойын былай сабақтайды: «Рас, үлгі-өнеге, насихат үлгісінде келгендіктен, кейбір ойлардың өмірлік мәннен туған табиғи ұқсастықтары болатынын да естен шығармау керек, алайда Қожа Ахмет айтқан: «Сөзі тәтті, мінез-құлқы жүз мың түрлі» деген ұтқыр сөзі біздегі: «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» іспеттес мақалдармен үндес шығуы да көп мағынаны аңғартады.Хикметтер ішінен Ясауи іліміне тән дүниетанымдық ерекшеліктерді көрсететін жолдарды анықтауға және солармен орайлас, мәндес халық даналығы үлгілерін көрсетуге мүмкіндіктер бар. Бұл мақал-мәтелдердің осы дүниетанымдық ұстанымдардан туғандығы күмән туғыза қоймайды.
Қ.А.Ясауи хикметтері мен халық мақал-мәтелдерінің байланысын ашу оңай емес. Өйткені олар, көбіне, пішіндік тұрғыда емес, мазмұндық жағынан сабақтасады. Сол себепті бұл мәселені философиялық қырынан қарастырған дұрысырақ. Ал біз бұны әдебиеттанушылық көзқарас бойынша қолға алдық.
Ғылым мен техника қарыштап дамып, алға басқан XXI ғасырдамыз. Бүкіл әлемде жүріп жатқан жаһандану процесі, ғылым мен білімді игерудегі бәсекелестікті дүние әкелді. Бұл қозғалыс бізге де тың ойлар туғызады. Келешекте рухы биік ел ғана ғаламдық бәсекелестікке шыдас бере алады, ұлтын сақтап қалады.
Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарына бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Ал, сол білімді жастарға беруге ең негізгі қызмет ететін тұлғалар – оқытушылар қауымы. Сондықтан да білім беруде жүргізіліп жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру – оқытушы қауымына ортақ іс. Жаңа заман оқытушыларға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Оқытушы қауымына тың серпіліс, жаңа көзқарас әкелді.
Рухани ілімнің төрінде құл Қожа Ахмет Яссауи, оның ар ілімі мен Ясауи көрсеткен тура жолы тұр. Бүгінгі таңда Яссауи мұрасын зерттеу қолға алынды, ғылыми еңбектер жарық көрді. Дегенмен Ясауи мұрасын зерттеуде әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін салалар жеткілікті. Мәселен, Яссауидің хикметтері мен сара жолы ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ.
Жоғарғы оқу орындарында Қожа Ахмет Яссауи – тарихта болған ғұлама адам ретінде ғана айтылады. Яссауидің ар ілімі, хикметтеріндегі құдайға ғашықтық, ақыл-өсиеті, әулиелік болмысы ашықталмай, құрғақ, жалаң сөз түрінде бірсыдырғы қарастырылады. Ар ілімнің адам баласын ізгілікке, екі дүниенің бақытына жеткізетініне, тар кеудені кеңітетінін, тас жүректі жібітетіндігін Ясауидің Диуани хикметіне терең бойлау, қайта-қайта оқу арқылы ғана бойымызға сіңері анық. Бұл ойымызды нақтылау үшін Шәкәрім атамызға жүгінсек:
Қайта-қайта оқысаң, бір дұғаны
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ [3].
Яссауидің ар ілімі – әлемдік діндерді біріктіруші күшке ие. Ар ілімі тек қазақ үшін, бір ғана ел үшін қызмет етпейді. Ол Адам ата мен Хауа ана ұрпақтарына арналған, жалпыға ортақ құндылық. Диуани хикметтегі даналықты бойына жинаған, ұрпағына үйреткен ел ғана даналық дәрежеге жетеді. Қазақ үшін құранның аудармасы іспеттес Яссауи хикметтері тірі адамның өлген жүрегін тірілтумен тікелей байланысты. Қазақ бойындағы тазалық, тектілік, асқақтық, кісілік Яссауидің «Кемел адам», «толық адам» қағидасымен тікелей байланысты.
«Жүрек» іліміне қол жеткізген әулиелердің «терең сырларына» бойлай алмайтын, жан азығынан гөрі тәннің күйін көп күйттейтін, қазіргі жастарымызға осы заманғы оқыту жүйесіне оңтайландырылған рухани білім беру көзін қайдан алып, қандай тәсілмен егуге болады деген сауал ұлт жанашырларының қай-қайсысын да мазалайтыны сөзсіз.
Білім беру «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі болып танылды. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтікэкономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Қазақстан Президенті республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Соңғы жылдары қоғамның шығуы мен қазіргі күйдің мәселесінен гөрі, қоғамның келешегі, оның келешек тағдыры басты мәселеге айналды, сондықтан жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Бүгінгі таңда ұлтымыздың келешегі саналатын жеткіншектеріміздің санасын, дүниетанымын түрлі экстремистік ағымдардан арашалап қалу үшін және ақылдарын бөтен оймен улап, былғамас үшін де осы Яссауидің ар іліміне жүгінеміз.
Елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып, мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.
Яссауидің ар ілімі жүректі тазалаумен байланысты. Яғни тірі адамның өлген жүрегін тірілту, көкірек көзі емес, жүрек көзін ашу. Жүректі тазалаудың практикалық та, рухани да жолы – зікір.
«Яссауи ілімін оның өзі орындаған зікірінсіз ұғындыру, хикметтерінің мәтінін талдап, түсіндірмей оқыту соқырға кітап ұстатып, оны оқып түсінуін талап еткенмен бірдей…» [4] – деген зерттеуші Ж.Камалқызының сөзін осы симпозиумға қатысқан басқа бауырларымызбен бірге біз де сенімді түрде қайталағым келеді.
Яссауидің ар ілімін арқылы қол жеткізетін «кемел адам» дәрежесі үш нәрсе арқылы келеді – зікір ету, пікір ету, шүкір ету. Зікір ету – Алланың көркем есімдерін ұлықтау, еске алу болса, пікір ету – халқымыздың ұғымындағы жамандықтан да жақсылық таба білу, Яссауи хикметінің тілімен айтқанда «Досты дұшпан тұтып, безінбе», бұл сөзді шамамыздың жеткенінше ашықтар болсақ, кімнің болсын бойынан бір жақсылықтың сәулесін көре біліп, сол арқылы кісіні кісілікке сүйреу. Тағы бір қыры халқымыздың тәрбиесіндегі «Әдепсіздікті көріп те, әдептілікті үйрен» деген қағида. Шүкір ету – барға қанағат ету, құдайдың бізге берген сөзі «Шүкірлік қылсаң, маған, бере берем, саған». Сайып келгенде зікір ету де, пікір ету де, шүкір ету де құдайдың барлығына, бірлігіне иман келтіру болып отыр. Ясауи өзінің ілімі, Диуани хикметі арқылы құдайға ғашықтыққа көрсетіп отыр. Осы арқылы білім алсақ, бізге алмас асу жоқ екенін ашық көрсетіп отыр.
Яссауидің ар ілімі қалыптастырған адамзатқа ортақ ізгіліктер мен ұлттық құндылық негізінде қалыптасқан ұлттық мәдениет, ұлттық рух, ұлттық сана, ұлттық болмыс арқылы жастарымыздың бойына патриоттық сезімді ұялату – білім берудегі Диуани хикметтің орнын түсіндіруге қатысты талданып, білім беру жүйесіне енгізілуі тиіс.
Ежелгі жәдігерлерді байыптап қарап отыратын болсақ, олардың көбінесе жалғыз Жаратушыға мінәжат, Аллаға мадақ сарынында, яғни Алланың есімдерін, сипаттарын құрметтеп ауызға алып, соған жыр арнайтынын аңғарамыз. Бұл кезінде Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінен» басталды да, Алтайдан Анадолыға дейін жайлаған түркі халықтарының арасында барынша шапшаңдықпен таралуға жол ашты. Одан басқа Жүсіп Баласағұн, Хорезми, Сүлеймен Бақырғани, аталғандармен жалғас жатқан жыраулық үрдіс, хикмет дәстүрлері мен ақындардың байланысы тұрғысынан өрбиді.
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде Алланың сипаттары көп еске алынады. Бұл жолдың өзі – Алланың «жамал» сипатына ғашықтық жолы. Сондықтан ол хикметін Құдайдың дидарын талап етушілерге, яғни дидар талаптарға арнайды. Бұл жерде дидар – Алланың жамал сипаты. Сонымен бірге ұлы әулие Рахман, Рахим сипатын тілге тиек ету арқылы Алланың шексіз мейірімінен үміт етеді, Ғафур, Ғаффар сипаттары арқылы кешірім тілеп, жаралы жүректің шынайы тебіренісінен хабардар етеді. Хай сипатының аясында қарайған жүректерді ағартып, өлген жүректі тірілту сырына көз жеткізеді:
«Хақ жаратқан – бір Алланың жанабына ұш,
Лағин шайтан жолдарынан қайтың, достар,
Ықыласпен махаббаттың шарабын іш
Жан-жүрекпен Хай зікірін айтың, достар» [3, 17 б.].
Бұлардың барлығы Алла мен адам арасындағы байланысты, Алланың ұлықтығын, шексіздігін, адамның дәрменсіздігін, шарасыздығын мойындатып көрсетуде, иман кемелдігін осы тұрғыда толықтырудың қажеттігін танытуда жатыр. Бұл мұралардың өміршеңдігі – қазақ халқының арасындағы Яссауи бабадан кейінгі рухани кемелдікті, дінді жырлаған жыршы, жыраулардың теңдессіз еңбегімен тоғысында. Бүгінгі күнге дейін Құдайдың барлығын, бірлігін танып, оның сипаттарын жырларына арқау еткен сөз иелері өмір сүріп келді. Қазіргі кезде де олар жағып кеткен шырақ әлі өшкен жоқ, халықты имандылыққа тәрбиелеудің күшті құралы ретінде кең қолданылып келеді.
Ахмет Яссауидің даналық «Хикметтерінде» ерлік пен елдікті, азаматтық пен адамгершілікті жырлаған өршіл өлең-жырлары, тұған жер-ата қоныс, ел тағдыры, қоғам жайлы философиялық толғаулары, өткір ойшылық пен шешендік өнер өнегелі адамзат атаулыға тәң асқақ кісілік идеясын паш етеді. Сол себептен де өскелең ұрпақтың рухани мәдиниетін арттырып, дүниетанымын қалыптастыруда ойлылыққа баулып, жыраулық өнердің қырсырына қанығып, рухани әлемді байытуға сол мұраны тиімді пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай үлгі — өнеге тұта, ұрпағымыз мақтанышпен мәңгі естерінде ұстар ақын-жырау даналарымыздың өмір сүру жолдары сол заман тарихымен тығыз сабақтастықта жатыр.

Әдебиеттер:

1. Қыстаубайұлы Б. Елбасы және Түркістан. «Ясауи әлемі» ғылымикөпшілік, тарихи-танымдық журнал. – Түркістан, 2010. №2 (3). – 198 б.
2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы, Аруна Ltd. ЖШС, 2010. – 277 б.
3. Нұржан С. «Әулиелер әуезі» (Шығыс данышпан, әулие-ақындарының жырларының тәржімасы). – Алматы, Эффект, 2009. – 88 б.
4. Камалқызы Ж. Қ.А.Яссауи хикметтері және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы. / Қожа Ахмет Яссауи мұралары мен ілімінің зерттелуі. –
Түркістан, 2008. – 218 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *