ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ СЫНЫНЫҢ ӨСУ ЖОЛДАРЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ СЫНЫНЫҢ ӨСУ ЖОЛДАРЫ

Қадыров Ж.Т., Бурасова Н., Мухамеджанова М.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті zhkadyrov_777@mail.ru

Сын – аса күрделі сала. Сондықтан да оған анықтама бергенде, түрліше пікірлер айтылып жүр. Әдеби сынның негізгі зерттеу объектісі – көркем әдебиет, әдеби процесс. Сыншы белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиетттану ғылымының зерттеу әдістерін, методологиясын қолданады. Әдебиет сынының ғылымнан басты айырмашылығы көбіне қазіргі әдебиеттің жай-күйін қарастыруында; әдеби мұраларды бүгінгі заман тұрғысынан пайымдауында. Негізінен әдеби сын баспасөз бетінде газет жанрларында жазылып, өмір сүреді. Әдеби сынның әдеби, ғылыми, публицистикалық идеологиялық сипаттары бар [1: 4].
Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды. Қазір қолымызда қалған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебиетін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық.
«Әдебиеттану» терминдерінің сөздігінде: «Әдеби сын – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сын — әдебиеттің тарихымен және теориясымен тығыз байланысты. Айталық, әдебиет тарихы мен әдебиет сыны бір-бірімен жалғас, бірін-бірі толықтырып тұрады. Әдеби теориясы әдеби процестің заңдылықтарын, шығармаларды идеялық, стильдік ерекшеліктері тұрғысынан талдау принциптерін анықтау болса, әдеби сынның негізгі міндеті шығарманы нақты тексеріп, жетістік-кемшіліктерін саралап, эстетикалық баға беру. Әдебиет сыны сөз өнерінің бүгінгі таңдағы даму жолдарын анықтауға ат салысады. Әдеби шығармаларға пайымдаулар жасап, түйінді пікірлер айтады. … Әдебиет сыны тарихы ертеден басталады. Көркем шығармалар дүнниеге келіп, халықтың кәдесіне асуының өзі-ақ оларды сын көзбен қарап, бағалаудың қажеттігін туғызатыны анық. Бірақ, сол бағалаудың өзі, әдеби туындының құны мен мәнін анықтап пікір қорыту әр кезде, әр жағдайда әр түрлі болды. Ауыз әдебиеті жағдайында өлең-жырды, дастанды, ертегі-аңыз, хикаяны тыңдаушылардың бағалауы, ауызша пікір білдіруі болашақ әдеби сынның тек алғашқы адымдары деуге болады. Жазба әдебиет қалыптасып, баспасөз, газет-журналдар пайда болған кезде нағыз толық мағынадағы әдеби сын өрбіп, өркендей бастайды» деп жазылған [2: 70]. Бұдан басқа: «Көркем әдеби сын — әдебиеттану ғылымының бір саласы, көркем шығарманы бүгінгі әдеби процесс аясында талдап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Әдебиет сыны әдебиет теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге негізделеді. Әдеби сын жазба әдебиеттің, ғылымның дамуымен тікелей байланысты» деп көрсетілген [3: 73].
Профессор Р.Нұрғали: «Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы — күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол — шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы. Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы — жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділқазы, арда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық- кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы- қайталанатын құбылыс», — деп жазады [4: 46-47].
Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап-талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бірбірінің ілгері-кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады» [5: 3-4]. Әдеби сынның табиғаты мен көркемдік-жанрлық қырларын профессор Д.Ысқақұлы төмендегіше айқындайды: «Сын көркем әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамиды. Әдебиет бар жерде, оның сыны да бар. Әдеби сын дегеніміз – көркем әдебиет, оның ғылымы мен журналистиканың тоғысқан түйінінде пайда болып, күнделікті әдеби өмірді зерттейтін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, баға беретін, оқырманның дұрыс түсінуіне көмектесетін, рухани әлем аясында қызмет атқаратын, әдеби, ғылыми, публицистикалық сипатты қоғамдық сананың күрделі бір саласы, шығармашылық түрі.
Әдеби сынның басты мақсаты — әдеби өмірде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалап, оқырмандарға түсіндіріп отыру, субъектісі – сыншы; объектісі –шығарма жазумен әдеби өмір; әдіснамасы мен әдістері – диалектикалық материализм, қоғамдық ғылымдар, оның ішінде әдебиеттанудың зерттеу әдістері; сынның мазмұны — әдеби процестің өзекті, зәру мәселелері; құралдары — әдебиттану ғылымының категориялары, терминдері; өмір сүру арнасы — баспасөз; жанрлары – хабар, аннотация, рецензия, шолу, шығармашылық портрет. Мақала, фельетон, эпиграмма, пародия, эссе: бағыты – оқырман қауым, қаламгер; принциптері-халықтығы, идеялылығы, шыншылдығы, тарихшылдығы, ғылымилығы, жауынгерлігі, өмірмен байланыстылығы; атқаратын қызметі-үгітшілік, насихатшылық, танымдық, бағалаушылық, талдаушылық, тәрбиелік, ұйымдастырушылық» [1:18].
Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. 70-жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізген З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді.
Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншымыз Сайлаубек Жұмабектің “Сын пернесі” (“Жазушы”), “Ғ.Мүсірепов”(“Рауан”), “Сын әуені” (“Елорда”), “Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер”, (екінші басылымы), (“Өлке”), “Тахауи Ахтанов. Қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.
М.Әуезов үлкен прозашы, дарынды драматург, тамаша тәржімашы, белсенді сыншы болумен бірге қарымы кең ғұлама ғалым болатын. Шығармашылық қызметінің алғашқы кезінен бастап көркем әдебиетпен бірге оның сынына да белсене араласқан М.Әуезовтің пікірі, оның сыншылдық қызметі, әсіресе қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасына сіңірген еңбектері әлі де арнайы зерттеулерді қажет етеді. Жазушының қазақ тілі жайлы айтқан пікірлерінің бүгінгі ұрпақ үшін маңызы айрықша [2: 107-110].
Аталған проблеманы шешудегі басқа да ұлттар әдебиетінің әр кезеңінде қол жеткізген табыстарын саралай келіп, сыншы негізгі әңгіменің арқауын Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», Ю.Бондаревтің «Таңдау», Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романдарын талдауға құрады. Әсіресе, осынау шоқтығы биік шығармалардағы бас кейіпкерлер Едігенің, Владимир Васильевтың, Жәдігердің ұнамды қаһарман ретіндегі қайталанбас характерлері, мейлінше дараланған мінез-мүсіні, олар көтеретін әлеуметтік-көркемдік жүк іргелі әңгімеге өзек болып, жинақтау мен саралаудың арнасында ашылады. Мысалы, «Осы романдағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі тікелей іс-әрекет динамикасынан гөрі, ой-сана мен психологиялық шарпысулардан тұратын иірімдерге негізделген», — деп түйінделетін автор ойының тереңдігіне ден қоймасқа болмайды.
Сонымен, жоғарыда сыншының кітабында негізінен қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы ақын-жазушылардың творчествосын тілге тиек ететіндігін астын сыза айттық. Және бірнеше мақалалар қазақ прозасына олжа салған қаламгерлеріміз Е.Домбаев, С.Бердіқұлов, Б.Нұржекеев, О.Бөкеев, К.Ахметбеков романдарын талдауға арналыпты.
Нақтырақ айтсақ, «Роман және әлеуметтік талдау» деп аталатын көлемді мақаладағы сөз болатын Е.Домбаевтың «Жаман Жәутік», О.Бөкеевтің «Өз отыңды өшірме», Б.Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт» романдарындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шығармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өлшенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазушының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалмайды.
Бұл ыңғайдағы мақалалардың ішінен, біздіңше, халқымыздың арқалы ақындары, ардагер дарындар Ә.Тәжібаев пен М.Мақатаев және сирек талант Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған дүниелерді ерекше бөліп айтуға болар еді.
Ал енді сыншының құлашты кеңге сермеп, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін тұсы — саңлақ суреткерлер Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының екі кітабын, Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» және «Елең-алаң» романдарын талдайтын мақалаларында. Бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденістерінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық-тағлымдық мән-мағынасын, рухани-философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекшеліктерін егжей-тегжейлі иін қандыра әңгімелейді. Мысалы, «жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, философиялық өрімде өзгеше біртұтастық сақтап, екі кітаптың өн бойында осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады» — дей келіп, сыншы «Қызыл жебе» романындағы орталық кейіпкерлер Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын даралаудағы, оларды типтік образ биігіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реалистік қуатына, романтикалық тынысына ерекше әсер еткен көркемдік факторларды кеңінен сөз етеді.
Ал, әдебиет классиктері Ғ.Мүсірепов және М.Қаратаевпен арадағы сұхбат-диалогтарда алдымен туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісі, әлі де қолымыз жетпей жатқан асуларымыз бен көркемдік мақсат-мұраттар сөз болады. Бүгіндері арамызда жоқ, айтулы сөз зергері, үлкен суреткер Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісіне ағынан жарылып, аманат еткендей, абыз ойларын бүкпесіз ортаға салуы, оны қолға ұстатқандай жіліктеп жеткізуі оқырман үшін ерекше қымбат, қастерлі болуға керек.
Тағы да бір мақаланы жеке-дара, бөліп алып әңгімелеуге толық негіз бар. Ол әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың айтулы туындысы «Жан пида» атты романына арналған «Әлеуметтік әділет тартысы» атты көлемді мақаласы. Кезінде романның ізін суытпай, іле-шала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бұл мақаланың басты құндылығы — оның сол кезеңдегі одақтық пікірге дер кезінде үн қосып, алғашқы пікір — байламның бірі болғандығында ғана емес, сонымен бірге авторының терең таным-талғамын, биік парасат-пайымын байқатқандығында.
Ал, енді кітапқа енген басқа да шолу, талдау мақалалардың арқауында жатқан кіндік мәселелер негізінен 60-80 жылдар прозасының, поэзиясының тақырыптық, жанрлық, стильдік ізденістерін қамтып айтуға арналады. Осы арнада енді таныла бастаған, алғашқы тырнақалды шығармаларымен оқырманға жол тартқан жаңа толқын қаламгерлердің аяқ алысы туралы да сыншының ой-толғамдары, пікір-байламдары орынды, орнықты көрінеді. Сыншы әдебиетіміздің ертеңгі күнінен де суыртпақтап сыр тартады.
Жалпы алғанда, С.Жұмабектің сыншылық қолтаңбасын бірден ажыратамыз. Әсіресе, ой-пікірді поэтикалық аяда айшықтап жеткізу, стильдік тұрғыдан шегелей, ширықтыра қайыру мақсатында әдеби-теориялық терминдерді, халықаралық лексикадағы танымдық аясы кең, өткір, танымал сөздерді сыншы өте ұтымды ұстайды. Ұстайды да оларды контекст тініне ойнақы, тігісін жатқыза кіргізіп, киік сақасына қорғасын құйғандай, сөзіне салмақ үйіреді. Бұл сыншының ұтатын тұстары. Мысалы, көркемдік эволюция, сүреңсіздіктің барометрі, қайсар иммунитеті, барша парадокс, тағы басқа сол сияқты жеке сөздер, бірқатар сөз тіркестері бұған дәлел. «Жазушы Әбілқайыр, Тевкелев, Бөкенбай, Есет, Мәті, Тайлан образдарына ретушь жасамағандықтан, қайта тарих пен тарихи тұлғаның қоғамдық тұтас бірлігін құрайтын әлеуметтік шифрды, суреткерлік кодты, шығарманың саяси-философиялық тонусын дәл тапқандықтан бұл образдар өзінің биік көркемдік дәрежесіне көтерілген» («Тарих және көркемдік шешім парасаты», 195-бет). Осындағы ретушь, шифр, код, тонус сөздері сыншының ой-арнасында жарасым тауып, көздеген нысанасын дәл тауып, дөп басуға, пікір байламын түйіндеп ұсынуға жол ашады.
Ал енді сыншының өткен жылы ғана жарық көрген соңғы еңбегі — әдебиет сынындағы жалпы соңғы жылдар белесінде оқырман қолына тиген әдебиталдау, әдеби-сын еңбектердің ішіндегі жаңа белес десек артық айтпаймыз. Тахауи Ахтановтай қазақ әдебиетіндегі орны бөлек, қайталанбас қаламгердің сан қырлы шығармашылығының тереңіне бойлайтын бұл кітаптың басты құндылығы – жазушы портретінің бүгінгі тәуелсіз санамыздың, тәуелсіз танымның биігінен сомдалғандығы. Сыншының бұл жолы да қаламгер туралы өзіне дейінгі жазылған дүниелерді қайталамай, Т.Ахтанов қаламынан шыққан: “Қаһарлы күндер”, “Махаббат мұңы”, “Дала сыры”, “Боран”, “Ант”, “Шырағың сөнбесін”, “Күй аңызы”, “Жоғалған дос” сияқты көркемдік жаратылысы бөлек шығармалардың суреткерлік болмыс-бітімін, ең бастысы осынау туындылардың қазақ руханияты мен ұлттық мүдде тұрғысынан қандай олжа салғандығын тереңнен тартып сөз ететіндігі айрықша көзге түседі.

Әдебиеттер:

1. Дандай Ысқақұлы «Сынталқы». – Алматы: 2005. – 416 б.
2. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. 3-басылым. – Алматы: 2001. – 308 б.
3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна,
2005. – 73 б.
4. Рымғали Н. «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры». – Астана: 2000. – 528 б.
5. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқу құралы. – Алматы: Санат, 1994. – 344 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *