ТІЛ – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ

ТІЛ – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ

Исмагулова А.Д.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Aisaule-91@mail.ru

Тіл ғасырлар бойы әр халықтың тарихи, мәдени, әлеуметтік, экономикалық аспектілерімен, тұрмыс-салтымен тығыз байланысатын ұлттық құбылыс. Кез-келген халықтың немесе мемлекеттің өмірінің қандай да бір ерекшеліктері міндетті түрде сол халықтың тілінде өз айқындамасын табады. Сондықтан да тіл қандай да бір ұлттың мәдениетінің көрінісі деп те айтуға болады.
«Көрнекті жазушымыз М.Әуезов «Біздің қазақ жер атауын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қай өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп ой түйген» [1: 4]. Тілдің лексикалық құрылысында ерекше орын алатын жалқы есімдер этномәдени тәжірибені айқындай түседі.
Жалқы есімдер немесе онимдер әр халықтың ономастикалық кеңістігінің көрсеткіштері болып табылады. Алайда, жалқы есімдердің түрлері мен құрылысына әртүрлі лингвистикалық факторлар әсер етеді, сондықтан да, жалқы есімдердің құрамында тек қана төл атаулар ғана емес, оларға қоса кірме сөздер мен басқа тілдерден енген атаулар да кездесуі мүмкін.
Көптеген ғылыми еңбектерде жалқы есімдер ұлттық мәдениетті зерттеу мен сөздердің түп-төркінін, яғни этимологиясын анықтау арқылы зерттелген.
Олардың қатарына А.А.Абдрахмановтың, Т.Д.Жанұзақовтың, Е.А.Керімбаевтың, Е.К.Қойшыбаевтың, Г.К.Қоңқашпаеваның,
О.А.Сұлтаньяевтың еңбектерін жатқызуға болады. Бұл еңбектер Қазақстанның ономастикалық кеңістігінің жалқы есімдерін зерттеуде сүйенетін негізгі еңбектер болып табылады. Сонымен қатар қазақ ономастикалық кеңістігін зерттеуде А.Ислам мен С.Қ.Иманбердиеваның еңбектері де елеулі орын алады.
«Қазақстанда қазіргі таңда ономастикалық зерттеулерге баса назар аударылып келеді, оның ішінде көркем шығармалардағы онимдерді зерттеуге ерекше көңіл бөлінген. Мәселен: Ә.Қайдаров пен А.Мұқатаева «Қазақ эпосындағы жер-су атаулары мен кісі аттары жайында» мақаласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанындағы онимдерді қарастырса, А.Жұбанова, Е.Жұбанов сынды ғалымдар Ш.Уәлихановтың «Манас» атты қырғыз эпосын талдауы жөнінде мысал келтіріп, қазақ халқының эпикалық жырларының бірі «Қобыланды батыр» ономастикасына тоқталды.
Көрнекті жазушылардың бірі М.Әуезовтың «Абай жолы» романэпопеясы көптеген ғалымдардың зерттеу нысанына айналған. Мәселен, Т.Жанұзақ бұл шығармадағы онимдерге толық талдау жүргізсе, Е.Жанпейісов антропонимдер мен топонимдерді талдаған, ал К.Еспаева осы шығармада кездесетін онимдерді лексика-семантикалық, құрылымдық шығу төркініне талдау жүргізген.
С.Сәкенов «Қырымның қырық батыры» эпопеясындағы топонимдер мен этнонимдерді зерттесе, Г.Е.Исабекова А.С.Пушкиннің шығармасының қазақ тілінде берілуін, ал С.У.Тәукеев шығармалардағы басты кейіпкер есімдерінің берілу уәжі мен стильдік қызметін талдаған» [2: 28].
Жалпылай алғанда Қазақстанның ономастикалық кеңістігі етене араласып жатқан қазақ және орыс мәдениеттерінің ерекшеліктерін қамтиды. Ол өз кезегінде әр түрлі тарихи кезеңдердегі славян халқының қазақ жеріне көшуіне байланысты. Бұл ерешеліктер қазақ жазушыларының шығармаларында да анық байқалады.
В. фон Гумбольдт өзінің еңбегінде: «Рух және халықтың өзін танудағы барлық құбылыстардың ішінде тек тіл ғана халық рухының ең ерекше және нәзік ерекшеліктерін аша алады…» деген [3: 47].
«Көркем шығарманы лексикалық толтыруда жалқы есімдер ерекше дәрежеге ие, ол автордың тілдік таңдауын ерекше жеткізеді. Көркем мәтін авторларының шығармашылық шеберліктерін онимдерді мәтін түзу заңдылығына бағындыра алуынан, олардың мәтін ішіндегі эстетикалық маңыздылығын аша түсуінен, онимдерді қажетті ақпаратты жеткізуде, әр түрлі қызметте орынды пайдалана алуынан байқаймыз. Сонымен қатар жалқы есімдерді лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлармен байланысты қарастыратын тілдік құрал ретінде зерттеу онимдердің ерекше мәдени құндылық екендігін таныта түседі» [2: 11].
Белгілі бір ақынның немесе жазушының поэтикалық ономатикасын зерттеу оның шығармасының ішкі байлығын, психологиясын айқын көруге мүмкіндік жасайды. Көркем шығармалардағы кейіпкер есімдері ғылыми мәтіндегі атауларға қарағанда ерекше мазмұндық қызметке ие болады. Оларды талдау, қандай да бір заңдылықтарын анықтау, жалқы есімдерді қолданудағы мағыналық бағыттылығын анықтау – көркем шығарманың эстетикалық қызметін анықтаудағы қадам болып табылады.
Мәтіннің құрамы, ондағы онимдердің қолданысы мен мәтін ішіндегі байланысы жанр заңдылығы мен жазушының көркемдеу тәсіліне, әдеби шығарма түріне, мәтіннің сюжеттік-тақырыптық мазмұнына сәйкестігімен, жалқы есімнің эстетикалық мәніне тікелей байланысты болады. Осы арқалы әр жазушының өз «ономастикалық әлемі» пайда болады және де ол басқа да тілдік құралдар сияқты жазушының көркем идеясын білдіреді. «Ал бұл «ономастикалық әлем» органикалық түрде көркем шығарманың ішкі әлеміне кіреді, оның бірліктері болмысты суреттеу үшін қызмет атқарады және бірбірімен жүйелі түрде байланысып, көркем шығарма кезеңі мен кеңістігінде өмір сүреді», — дейді Д.С.Лихачев [4: 121].
Ал, А.А.Залевскаяның айтуы бойынша «Көптеген басылымдарда жарық көрген пікірлерді реттеу арқала «әмбебап» және «жаһандық» сананың, тілдік сананың, сонымен қатар белгі сана, когнитивті сана, метатілдік сана, тілден тыс сананың болатынын ескерту керектігі анықталады», — деген пікірді айтады [5: 382].
Белгілі ғалым О.А.Сұлтаньяевтың айтуы бойынша «қазақ топонимдері мен микротопонимдерінің басым бөлігі төл қазақ тілінің негізінде беріледі, сондықтан да олар қазақ ұлтының өкілдерімен жеңіл қабылданылады. Бірақ, әрбір атау номинативтік функциясынан басқа да функцияларға ие. Олар әртүрлі қоғамдық қатынастарды, оқиға атаулары мен фактілерді көрсетеді…» [6: 66]
«Жалқы есімдерді зерттеу тек ғылыми тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге практикалық тұрғыдан да қызығушылық тудырады, себебі кез-келген ұлттық тілді (ана немесе шет тілін) меңгеруде жалқы есімдерді білудің маңызы зор», — деп көрсетеді С.Иманбердиева [2: 282].
«Тіл – сарқылмас қазына» деген халық тағылымы бар. Бірақ, сонымен бірге ол – жанды құбылыс. Ол халықпен бірге дамып, елдің күнделікті қарымқатынас ісінде, қызметтік қажеттілігне қарай жаңа сапа иеленіп, толығып, байып отырмақ. Мемлекеттік дәрежеде көтерілген тілдің де даму бағдары осы деңгейде жүзеге асуы мүмкін [7: 10]. Халық пен мемлекеттің даму тарихында орын алған өзгерістер әр кезеңнің жазушыларының шығармаларында көрініс тауып отырады.
Осыларға сүйене отырып, біз ономастикалық кеңістіктің зерттелуі аумақтық, мемлекеттік, ұлттық тұрғыдан қарастырғанда да маңыздылығын байқаймыз. Өйткені ел мен жер-су атаулары елдігіміздің көрінісін, бет-бейнесін көрсететін қоғамдық мән-маңызға ие екендігі белгілі. Ал осы атаулардың қазақ жазушыларының шығармаларында қолданылуы егеменді еліміздің кешегісі мен бүгінінің, өткені мен болашағының, ұлты мен ұлысының айнасы болып табылады.





Қолданылған әдебиеттер:

1. Құлманова З. Кеңес дәуіріндегі кейбір топонимдердің айтылу уәждері // Қазақ тілі мен әдебиеті, №3, 2013.
2. Иманбердиева С.Қ. «Тарихи ономастикалық кеңістік». — Алматы: «Фирма ОРНАК» ЖШС, 2010.
3. Гумбольдт В. «О различии строения человеческих языков и его влиянии на духовное развитие человечества» // Гумбольдт В. Избр.труды по языкознанию. — М., 1984.
4. Лихачев Д.С. «Внутренний мир художественного произведения» // Вопросы литературы, 1968.
5. Залевская А.А. Введение в психолингвистику. — М.: РГГУ, 1999.
6. Султаньяев О.А. Казахская ономастика. — Кокшетау, 1998.
7. Халмұрзаева Ж. Қазақ тілін тереңдетіп оқыту – қоғамдық-әлеуметтік өмір талабы // Қазақ тілі мен әдебиеті, №9, 2013.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *