«ҮЙ» КОНЦЕПТІСІНІҢ КӨРКЕМ МӘТІНДЕ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ
АСПЕКТІДЕ БЕРІЛУІ

«ҮЙ» КОНЦЕПТІСІНІҢ КӨРКЕМ МӘТІНДЕ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ
АСПЕКТІДЕ БЕРІЛУІ

Досова А.Т.
Қостанай қ., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті almdosova@mail.ru

Тіл білімінде тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мәселесін алғаш рет ғылыми теориялық деңгейде В.фон Гумбольдт зерттеді. Оның материалды және рухани мәдениеттің ұлттық сипатының тілде көрініс табатыны, тілдік белгіге ішкі форманың тән екендігі және тілдің адам мен қоршаған орта арасын байланыстыратын дәнекерші қызметі туралы басты ғылыми негіздемелері мен ұстанымдары А.Потебня, Ш.Балли, Ж.Вандриес, Р.Якобсон еңбектерінде өз жалғасын тапты. Бұл сайып келгенде, мәдениеттің ұлттық сипатының тілдегі көрінісін, қоршаған дүниені ерекше танып білу, ұлттық рухтың көрініс табуына, яғни тіл адамдардың рухының табиғатын анықтайды: «…халықтың рухы мен мінез-құлқын танып білуге болатын барлық формалардың көрініс берер жолдарының ішінде – халықтың рухы мен мінез-құлқының ерекшеліктерін бейнелей алатын да, оның құпияларына жол ашатын да тіл ғана» [1: 69]. В. фон Гумбольдт идеясының түпкі мағынасы «болмыс шындықтың рухани қабылдануы ана тілдің ықпалымен, оның концептуалды жүйесі арқылы жүзеге асады. Демек, әр түрлі тілдік қауымдастықтар, концептілер жүйесінің түрлі құралдарын қолдана отырып шын мәнінде ұлттық мәдениеттің негізі саналатын әр түрлі дүние суретін құрайды» [2: 39] дегенге саяды.
Ұлттық-мәдени ұғымдар – кешенді бірліктер, олардың мазмұндық көлемі кең, тұрпаты мен тұлғасы жағынан сан түрлі. Ұлттық-мәдени ұғымдар – дүниенің, тұтас әлемнің ұлттық санадағы сәулесі, әлемнің ұлттық санадағы тілдік бейнесі, ұлттың әрбір мүшесінің санасында орныққан, қалыптасқан үлгісі. Әлем осындай ұғымдар арқылы әрбір ұлт адамның санасында ассоциацияланады, ассоциацияның шегі тұрақты да, нақты да емес, өйткені адам танымы үнемі қозғалыста, динамикалы күйде болатындықтан, оның шегі де, шегі туралы түсінік те әлеуметтік, ұлттық, тарихи және жекелеген объективтік факторларға байланысты өзгеріп отырады.
Сөздік қорды ұлттық-мәдени мәндегі сөздермен байыту мен оның баюы үдерісі – ұлт санасының баюынан; ұлттық сезімнің артуынан; әрбір ұлт өкілінің жекелеген құбылыстар туралы түсінігінің алғашында жинақталып, кейіннен жалпылануынан құралады. Сөйтіп барып әрбір ұлттың эстетикалық мүмкіндігінің көрсеткішіне айналады. Сонда ұлттық эстетикалық көрсеткішке айналатын тілдік бірліктердің мазмұндық жағынан баюы немесе мазмұн байлығы ұлттың мәдени ұғымымен бірлікте, ұлттың әлемді түсініп, қабылдауына қарай қалыптасады.
Ұлттық-мәдени мәндегі сөздер белгілі бір ұлттың табиғатпен және қоршаған әлеммен орнатқан қарым-қатынасы негізінде пайда болады, ұлттың (тілдік ұжымның) табиғат құбылыстарын, табиғат пен ақиқат дүниенің құдіретін сезінуімен тығыз байланысты болғандықтан, ұлтпен бірге, ұлттық сана негізінде өмір сүреді, өркендейді. Ұлттық санада жинақталған ақпараттар негізінде концептілердің пайда болуы ақпараттардың қордалануының нәтижесі. Ұлттық-мәдени мәндегі ұғымдарды тереңірек түсіну үшін «үй» концептісіне тоқталуды жөн көрдік.
«Үй» сөзінің беретін мағынасы мынадай болып келеді:
1. Адам тұратын баспана.
2. Белгілі бір қоғамдық қажеттілік үшін пайдаланылатын орын, мекеме.
Үй баспана ретінде адамзат тарихындағы тас дәуірінен бастап белгілі. Әлем халықтарының заттай мәдениетінің айғағы ретінде үй түрлері табиғи жағдайларға байланысты дамып, жетілдіріліп отырған. Көшпелі тұрмыс кешкен қазақ халқы негізінен киіз үйді пайдаланған. Үй әлемдегі әрбір ұлттың жеке мәдениетін айғақтайтын, маңызды белгілерін көрсететін әмбебап кешен болып табылады.
«Үй» концептісі халықтың мақал-мәтелдерінде көрініс табады. Мысалы, «Үйінде ұлы-қызы бардың, көгінде сөнбес жұлдызы бар»; «Үйіңде қартың болса – асыл қазынаң»; Үйің үй-ақ екен, ішінде ойнайтын балаң болса»; «Үй баласымен базарлы, қонағымен мазарлы». Жоғарыда берілген мақалмәтелдерде «үй» сөзі «отбасы, отбасы мүшелері» деген мағынада берілген.
Туған үйдің түтіні жылы.
Үй болған соң: белбау да керек, желбау да керек.
Үйге ұт кірді – егіншінің көкейіне құт кірді. (ұт – киіз үйдің есігінен түскен күн).
Үйдегі есепті базардағы нарық бұзар.
Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтыра алады.
Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің, ағайынның алыс-жақынын іс түскенде білерсің.
Үйдің көркі – сандық.
«Үй менікі» демеңіз, үй артында кісі бар.
Үйі бірдің күйі бір.
Үлкен үйге не керек, кіші үйге де сол керек.
Үлкен үйдегі күлсе, кіші үйдегі езу тартар.
Адам кірмес қара үйдің құлағаны жақсы (Қорқыт).
Иесіз үйдің оты жанбайды.
Ойдағы үй –селдікі, ірдегі үй — желдікі, жазықтағы үй – елдікі.
Ой-хой, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім.
Ор қазғанша қасыңа, үй салғайсың досыңа.
Отау үй – оңаша бас.
Үлкен үй – атаның не әкенің үйі, қарашаңырақ саналады.
Киіз үй – көшпелі өмірге бейімделген, ерте заманнан келе жатқан көшпелілер баспанасы. Еуразия далаларындағы жартылай көшпелі және отырықшы халықтар арасындағы кеңінен таралған. Көшіп-қонуға лайықталып жасалады, түйе мен атқа тиеу арқылы жеңіл көшіріледі, оның киіз туырлықтары мен үзіктерінен жауын өтпейді.
Киіз үй — өзіндік баға жетпес өнер туындысы, қазақ халқы үшін өмір салты мен әдет-ғұрпының, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы.
Киіз үйдің пайда болуы қола дәуіріне саяды (б.з.д. 3-мыңжылдық). Оны б.з.д. 7ғасырда кеңінен қолданылған және киіз басу белгілі бір кәсіпке айналды.
Киіз үйдің құрылымы:
• Негізгі қаңқасы — шаңырақ, кереге, сықырлауық, уықтан тұрады;
• Тіккенде үй сүйегін бір-бірімен жалғастырып тұратын — басқұр құр, таңғыш, белбау, бау;
• Киіз әбзелдер — туырлық, үзік, түндік, киіз есік.
Туырлық кереге іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік – кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты, түндік – шаңырақты, киіз есік сықырлауықты жауып тұрады.
Киіз үйді қазақ халқы «қасиетті, киелі қарашаңырағымыз» деп дәріптейді. Өйткені ол – баспанасы, мәдениеті, мақтанышы, мыңдаған жылғы ой-арман табысы әрі көркем ескерткіші. Мұнда ата-бабамыздың түсінік-түйсігі, ұғымы, танымы, талғамы, өмір тәжірибесінің тұтас үлгісі, көрінісі жатыр. Бір ғана осы киіз үйден сәулет, құрылыс, сурет, қол өнері, мәдениет сияқты бірнеше ұлы өнердің басын құрайтын ғажайып туындыны көре аламыз.
Рухани мәдениет ретінде қарастырсақ, киіз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, қаскөйлерден қорғайтын киелі орын. Қазақ үйдің киесі шаңырақтан бастау алады. Шаңырақ – қасиетті. Шаңырақ – күннің символы. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда үнсіздік орнауы тиіс. «Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді» деген сөз осының дәлелі. Шаңырақтың төрт күлдіреуіші – төрт тарапты білдіреді. Уықтарды күннің шашырандысы деп ұғыңыз. Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнісі, құт құйылады деп есептеген. Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ – адамның оты. Шаңырақтың үстінде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды. Кеңістікті игерудің екінші кезеңі – киіз үйді тігудің өзінде де ер мен әйелдің өз міндеттері бар, мысалы шаңырақты ер адам бақанмен көтеріп ұстайды, ал әйелдер уық шаншады (6-8-10 қанатты ордалардың шаңырағын азаматтар ат мініп жүріп көтерген). Бұл орайда шаңырақтың қастерлі, киелілігіне назар аудара кеткен жөн. Әйелдердің көп балалы, ырысты, пейілді, тағы басқа да жақсы қасиеттерге ие болуы сол шаңыраққа табынумен байланысты деп есептелген. Сондықтан жаңа туған сәбидің шілдеханасына сойылған малдың мойынын бала қырқынан шыққанша шаңырақ асты керегеге іліп қоятын салт болған, сонда баланың мойыны тез қатып, берік болады деп ырымдаған.
Қазақ тілінде шаңыраққа байланысты көптеген фразеологизмдер бар.
Мысалы:
• шаңырағың биік болсын!
• шаңырақ көтерді;
• шаңырағы ортасына түсті;
• шаңырағы шалқып тұр;
• шаңырағы шалқасынан түсті;
• құлаған шаңырағын қайта көтерді;
• шаңырағының түтіні түзу;
• шаңырағының күлдіреуішінен күн түсті.
Көркем мәтінде «үй» концептісінің берілуін анықтау мақсатында жазушы Т.Ахтановтың «Боран», «Шырағың сөнбесін», «Қаһарлы күндер» романдарының тілін қарастыруды жөн көрдік.
«… Сығырайған соқыр терезесіне қарын ұстаған аласа кішкентай бөлме. Есік жақтағы қазақы пештің аузына қазан қондырған. Кішілеу қазанның қарайып кеткен тақтай қақпағы жабық. Ішінде бір нәрсе қайнап жатыр.
Бұрқ-бұрқ бу шығады. Кішкентай бөлменің іші толған әйелдер» (Боран, 13-б).
Мысалда үйдің ішіндегі жағдайға сипаттама берілген.
Жазушы романдарында қазақ халқының ұлттық тұрмыстық ерекшелігінен хабар беретін киіз үй туралы суреттеулерінде ұқсастық бар. Жазушының “Қаһарлы күндер” мен “Шырағың сөнбесін” романдарында қазақтың киіз үйі, кең даласы, қазақ ұлтты кейіпкерлердің көңіл-күйлері үндес баяндалған. Мысалы, “Мен оянған кезде ойымда еш нәрсе жоқ басым қаңырап бос тұр. Көзімді ашып үйдің уығына, одан шаңыраққа қараймын. Ашулы түндіктен көкпеңбек мөлдір аспанды көріп, кеудеме белгісіз бір қуаныш лықсығандай болды. Киіз үйде ұйықтағанда таңертеңгілік шаңырақтан саф таза көк аспанды көріп қуанып оянатын әдетім еді, бүгін де сол қуаныш лықсып келе жатты да кенет…»(Шырағың сөнбесін, 41-б).
“Ертеңгісін киіз үйдің ішінде оянғанда ашық түндікте алыс аспанның көкпеңбек бір бөлігі көрінетін. Жабыла шырылдаған бозторғай үні бір үзілмейді. Бозторғайдың жұмырықтай денесіне көк әлемін балқытқан соншама ағыл-тегіл қуаныш үн қалай сыйғанына қайран боласың. Ержан әдемі көк аспанға, көз ұшында қара ноқат болып дірілдеген бозторғайға қарап көкірегін қуаныш пен бақыт кернеп, біраз қозғалмай жатады. …Дала ертеңгі салқынмен тыныстап тұр. Төңірек сондай айқын” (Қаһарлы күндер, 41-б).
Автор жоғарыдағы мәтіндерде кең даланың таза ауасымен тыныстап, бозторғай үнімен елтіккен, көңілі қуанышқа толы қазақ азаматының ұлттық тұлғасын сомдаған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Гумбольдт В. Избранные труды по языознанию. М.: «Прогесс», 1984.- 397 с.
2. Добровольский Д.О. Национально-культурная специфика во фразеологии// Вопросы языкознания. М., 2010, с. 57-64.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *