С.МҰҚАНОВТЫҢ «БАЛУАН ШОЛАҚ» ПОВЕСІНДЕГІ
МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ КӨРІНІС ТАБУЫ

С.МҰҚАНОВТЫҢ «БАЛУАН ШОЛАҚ» ПОВЕСІНДЕГІ
МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ КӨРІНІС ТАБУЫ

Ғабдулина М.Ғ., Әубәкірова М.М.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ

Тіліміздегі тұрақты тіркестер ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Олардың тілімізде алар орны ерекше. Әдетте, адамдар өз сезімдерін ерекше білдіруде, эмоционалдық күйін танытуда, оқиғаны қоюлата жеткізуде, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтіруде тұрақты тіркестерді қолданады. Тұрақты тіркестерді оқып танымайынша, құрамындағы сөздердің мағынасына үңілмейінше, тіл ерекшелігі мен мәнін толық түсіну мүмкін емес деп ойлаймыз. Тұрақты тіркестер – кез келген халықтың рухани қазынасы, зор байлығы. Тұрақты тіркестерде халқымыздың рухани байлығы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, тарихы, салты мен дәстүрі, әдебиеті мен өнері, экономикасы мен саясаты, мінезі мен ұлттық болмысы танылып тұрады. Әуезділігі мен үндестігі сақталған фразеологизмдер кез келген тілге ерекше көрік береді.
Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері шығармаларда белсенді қолданылып, туындыны ерекшелей түседі. Олардың негізгі ерекшелігі – олардың экспрессивті-эмоционалды реңк беруі. Тұрақты сөз тіркестері оқиғаны жандандырып, ерекше сипат, ұлттық калорит беретін стильдік маңызы айрықша құрал екені айқын. Бұдан фразеологизмдердің көркемдік қасиеті айқын танылады.
Зерттеушілер, әсіресе, фразеологизмдердің мағыналық түрлеріне көркем туындылардағы қызметіне, лексика-грамматикалық ерекшелігіне, стильдік ерекшелігіне баса назар аударады. Фразеологизмдердің шығармадағы негізгі қызметі – бейне жасау, кейіпкерлерге мінездеме беру, оқиғаны бейнелі тілмен суреттеу, белгілі бір жағдайға баға беру, ойды түйіндеу, қорытындылау, айшықты көркем сөзбен жеткізу.
Тұрақты тіркестердің ішінде құрылымы мен мазмұны жағынан сөйлемге сәйкес келетіндері бар. Зерттеулерді сараласақ, мақал-мәтелдерді тұрақты тіркес құрамына енгізулері себебі олардың даяр қалпында қолданылатындығы, құрамының тұрақтылығы. В.В.Виноградовтың топтау классификациясындағы фразеологиялық бірліктің құрамына енген тұрақты тіркестер бір текті емес, түрлі, түрлі. Бұған мақал, мәтелдер, қанатты сөздер, афоризмдер, тағы басқалар енгізіледі. Тіл білімінде мақал-мәтелдер тұрақты сөз тіркестерінің аясында қарастырылатыны белгілі.
Мақал-мәтелдер туралы А.Нұрмаханов «Түркі фразеологиясы» еңбегінде: «Кей зерттеулерге сүйенсек, мәтелдердің бірсыпырасын тұрақты сөз тіркестерінің қатарына жатқызуға болады. Кей жағдайда тұрақты тіркес мақалмәтелдердің құрамына еніп, олардың ажырамас бөлігіне айналып кететіндігі байқалады. Мысалы қазақ тіліндегі таяқ жеу – Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді; жаны ашымау – Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген пікір айтады [1, 205]. Ал мәтелдер жөнінде бірнеше қайшы пікірлер бар. Зерттеушілер Ә. Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы мақал-мәтелдердің даяр қалпында жұмсалуы жағынан фразеологизмдерге жатқызады. Бірақ барынша тар ұғымда алынатын фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің арасында үлкен айырмашылық бар. Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер бір-бірінен өздерінің мазмұны жағынан да сырт тұлғасы жағынан да сараланып тұрады. Мазмұны жағынан мақал-мәтелдердің көбі жақсы қасиеттерге үндеу, уағыз-өсиет сипатында болады, ал фразеологизмдер тек атауыш бейнелеу мәнде келеді деген пікірде [2,175]. Тіл мамандары Р.Сәрсенбаев, Ғ.Тұрабаева, Ө.Айтбаев, Ә.Қайдар, т.б. мақал-мәтелдердің тұрақты тіркес ретінде атқаратын қызметін, мағыналық даму заңдылығын, қолданыс ерекшеліктерін қарастырды. Мақалмәтелдердің ерекшеліктеріне арналған түрлі ғылыми зерттеулерде олардың құрамдық, мағыналық даму заңдылықтары, қолданыс тәсілдері, ауыспалық мағыналары, эмоционалды-экспрессивтік реңктері т.б. қарастырылған. Мақалдар мен мәтелдер – сан жағынан да, мағына-мазмұн жағынан да, құрамы мен тұлғасына қарай да сан түрлі болып келетін тілдік құбылыстар.
Мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестердің өзара айырмашылығы жетерлік. Мақал-мәтелдер де әдеби қалыптасқан, орныққан; оның құрамындағы компоненттердің де орны бекем. Мақал-мәтелдер – құрылысы жағынан әрі ықшам, әрі көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалған сөз өрнегі [3, 223].
Мақал-мәтелдер тек ауызекі сөзді көркейту үшін ғана емес, көркем шығармаларда да жиі қолданылатыны аян. Тілімізге ажар беріп, сөзімізге жан бітіретін мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, айшықты сөз тіркестерінің суреткер шығармасында алатын орны ерекше. Академик Ө.Айтбаев фразеологизмдердің қолданылуы барысында: «Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да, тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни, қаламгерлердің қай-қайсысы да, сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім. Осының өзінен-ақ ғылымдағы фразеологизм проблемасының мейлінше қызықты, мейлінше қиын проблема екенін байқау қиын емес. Осыларды ғылыми проблема ретінде қарастыратын әр алуан еңбектердің сөлін сүзсек, мұның не қилы мәселелері айқындала түседі екен. Фразеологизм мәселесі көптен сөз болып келеді. Оның бүкіл ішкі-тысқы қасиеттерін ашып, оларды қолданудың пайдасы мен заңдылықтарын аршып берген еңбектердің санының өзі мыңға тартады», — деген тұжырым жасайды [4,
375].
Бұл жөнінде ғалым Е.Жанпейісов былай деп тұжырымдайды: «Мақалмәтелдердің жалпы халықтық формада қолданылуы айтылатын ой көркемдік сипатынан ажырамауы керек. Мақал-мәтелдер астарлап, мәнерлеп айтатын ойдың бейнелі көрінісі болып, аз сөзбен көп мағынаны білдіреді. Мақал тиянақталған ойды білдірсе, мәтелде ой аяқталмайды. Мақалдардағы ойды басқа оймен жанастыру үшін, мақал мен басқа сөздердің арасына көбінесе «де», «деп», «деген» етістігін қойып айтамыз. «Де» етістігі арқылы екі негізгі ойды құрап, сөйлем мен сөйлемді жалғастыру – мақал тәрізді тізбектердің «қаймағын бұзбау», стандартты қалпын өзгертпеу керек екендігін көрсетеді» [5, 209].
Мақал-мәтелдер, қанатты сөздер проза мен поэзияға ерекше өң береді. Ақын-жазушылар өз шығармаларында белгілі бір ойды қорытуда, оқиғаны түйіндеуде, келелі ой айтуда, қорытынды жасауда, кейіпкер мінезін танытуда, оқиғаны бейнелі суреттеуде, автор ойын білдіруде қолданады. Мақал-мәтелдер көбінесе кейіпкер тілінде қолданылады. Кез келген қаламгер қашанда халық даналығын міндетті түрде қолданады. Өнегелі, автор ойын орайлы етіп беретін мақал-мәтелдер көркем шығармаларда көптеп кездеседі.
Мақал-мәтелдерді қаламгерлер стильдік мақсатқа орай пайдаланады.
Шығармалардағы мақал-мәтелдер көркемдік нақыш беру мақсатын көздейді. Айтылған пікірді дәлдеу үшін, бірде пікірлерін қоюлату үшін, енді бірде айтылған ойды толықтыру мақсатында, тыңдаушының назарын бірден өзіне аудару үшін жұмсалады. Жазушы С.Мұқанов мақал-мәтелдердің жалпы халықтық формада алғашқы қалыптасқан тұлғасында қолданады. Мысалы, «Он үште – отау иесі» демей ме, аталарымыз, — деді Баймырза қорқатын әйелінің жуандай шыққан даусымен, тесіле қараған көз жанарынан қаймығып, амандық болса, Нұржан енді он үшке шығады [6,100]. Несі жас, «Он үште – отау иесі» емес пе? [6,103]. Бірінші мысалда «Он үште – отау иесі» демей ме деген сөзбен байланыстырылса, екінші сөйлемде «де» етістігі қолданылмаса да, мақал-мәтелдің нұсқасы сол қалпында қолданылған.
Келесі мысалдарда мақал-мәтелдер айтылар оймен дегендей, деген сөзі арқылы байланыстырылған. Мысалы, Бірдеме шығады деп жүрген жоқпын, — деді Баймырза, — «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, менікі амалсыздықтан айтқан сөз [6, 101]. Болса болар, – десті екіншілер, – «тауда туған құлынның екі көзі таста болады» дегендей, көзін аша көргені балташылық болған соң, бұл да өскенде балташы болмай, қайтер дейсің [6, 103]. «Байдың малы, жалшының жаны ардақты» деген осы. «Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» дегендей, серілікке де дәулет керек шығар [6, 103]. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы екен! – деді Итбай аузына құлып салған шкафтың кілтін таба алмай, долданып [7, 277]. Атқа міндің, ажалға міндің» дегендей, атқа мінген адамның артынан өсек ермей қоймайды [7, 137]. «Құрғақ қолға бата жүрмейді» дегенді білесің ғой [7, 137]. Приставтың ол қызғанышын сезген Итбай, «ішің күйсе тұз жала», — деп күбірледі де: — Біздің атай осылай болған! – деді приставты ашуландыра түсейін деп. [7, 99]. «Аттың жалы атаңның қолында» мазаңызды алмайын, — деді Асқар, — қайталап айтайын, күткен кезімде келдіңіз. [7,101]. «Қатынға қадырым жоқ – етімді көреді, ағайынға қадырым жоқ – бетімді көреді» дегендей, күнде көріп көзі үйренгендіктен менің сөзім оған құнсыз болатын шығар, не ол мені – «жалдап алған учителім» деп жалшысының біріне санайтын шығар. [7, 103]. «Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» деген сөз бар. [7, 104]. «Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген [6, 107]. «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, – деді Нұрмағанбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, – атың жақсы екен [6, 117]. «Көптен безген көмусіз қалады» дегенді де ойлан [6, 134]. «Ер – елдің баласы» деген сөз рас екен! Десті Балуанның досы да, дұшпаны да ері де, елі де жарайды [6, 152]. «Ер қанаты – ат» деген бұрынғылар-ай! – деді ауыр ойда, топтың арасында аяңдап келе жатып, аузыңнан айналсам болмас па! [6, 136]. «Құлақ естіген — өтірік, көз көрген — шын» деген, — деді Сыздық жылаған Балқаштың қызғанышын қоздата түсірейін деген мақсатпен, — Көкшетауға барсаң, Ғалия алдыңнан келеді [6, 183]. «Жығылсаң, жығыл нардан, ажалың әлдеқайдан?» дегендей, барымталап әкеп тұрғаным – Көкшетау оязының қызы [6, 203]. «Ауыл итінің құйрығы жуан» дегендей, ол әуелі өзін орнықты адамға, Балуанды қаңғырғанға санап, тілін алатын жігіттермен келіп, білек көрсетпек болып еді. Балуан білек-білекке жұмсап, үйінен айдады да шықты [6, 224]. Бірақ қалың дулат сенің ғана сыбағаң емес, «шебердің – қолы, шешеннің тілі ортақ» дегендей, барлық қазақтың сыбағасы [6, 266]. Дәуқара мен болыстар қанша жасырам дегенмен, «ел құлағы елу» дегендей, патша үкіметінің қазақтан солдат алатыны халық арасына тез тарай қалды [6, 281]. «Бөрі азығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, көлденең жұртқа жуасыған, аңшылықпен ғана алданған сияқты көрінгенмен, Балуан Шолақтың жүрегінде қайнаған кек көкірегіне сыймайтын еді [6, 282]. Бірақ «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген; Итбайдың аранын ашқанына күйреп отырғам жоқ. [7, 161]. «Қызмет қыл да, міндет қыл» депті бұрынғылар. [7, 138]. Борыш-қарышы жоқ, «бір жолға қоян терісі де шыдайды» деген [7, 179]. Жақсы келдің, мырза, — деді Асқарға, — «айран сұрай кеп шелегіңді жасырма» дегендей, Итекеңе қонаққа кеп отырмыз [7, 182]. «Туғаныңды жасырасың, өлгенде қайтесің» деген емес пе, — деді Сайым,- бала емес, өзі де түсінбей отыр деймісің [7, 182]. «Қатын қайраттанса қазан қайнатады» дегенді білесің бе? [7, 214]. «Қайғысыз қара суға семіреді» деген [7, 273]. «Басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға» деген, — десті олар, — бұл, елге түскен бір пәле. [7, 289]. «Еркек тоқты құрмалдық» деген [7, 289]. «Басы қараның бәрі игі», — деді Амантай, — қолда бары жақсы. [7, 291]. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген [7, 305]. «Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, Ерейменнің ашуын осы елден алғысы келді [7, 314]. .«Таз ашуын тырнадан алады», — десті біреулер, — бізді қолға түсіре алмаған үкімет біздің жазықсыз жақындарымызды қысады [7, 386]. Жалғыз мен емес, талай жылаған жігіттің көз жасын құрғатып еді, «көп тілеуі көл» деген, сонда менімен бірге болған мың шамалы жігіттің қайсысы болса да Асқардың жолына өзін құрмалдыққа шалуға даяр [7, 42]. Бұл мысалдарда автор деген, дегендей көмекші етістігін қолданып, мақал-мәтелдердің еш сөзін өзгертпей, айтылар ой түйіні ретінде жұмсалған. «Ел-елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендей Көкшетауда туып-өскен Балуан Шолаққа Жетісу елінің әдетғұрпы, үй-тұрмысы, киім-кешегі, өз елінен басқаша көрінді» деген сөйлемнен кейін тұратын жайлары, әдет-ғұрпы, айналысатын істері, мінездері салыстырылып беріледі [6, 261]. Жазушы ортақ түйінді мақал-мәтелмен келтіріп, кейін ойын тарқата сөйлейді.
С.Мұқанов кейіпкердің аузына аталарың айтқан, аталарың, атаң қазақ, деген аталарымыз сияқты сөздерді қолданып, мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні мен өміршеңдігін танытады және мақал-мәтелдердің еш реңін бұзбайды. Мысалы, «Тоны жаманды ит қабады, ниеті жаманды тәңірі табады» деген аталарың [6, 107]. «Көң шыққан жерге шөп те шығар» деген аталарың [6, 107]. «Жақсының жақсылығын бетіне айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын бетіне айт, құты қашсын» деген аталарымыз. Аталарыңның «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» дейтіні де сондықтан. Аталарың айтқан: «ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас, құрарын айт!» [6,106]. «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейді атаң қазақ [6, 141]. Батыр, енді сабыр! – деп өтінді ағайындары мен дос жарандары, — «аса қайрат бас жарады» деген аталарың, «Балуанмен күреспе, ұлықпен тіреспе!» деген аталарың [6, 217]. «Шебердің қолы, шешеннің тілі ортақ» демеп пе аталарың?
[6, 250].
Кей мысалдарда жазушы мақал-мәтелдерден кейін мақал екенін таныту мақсатында деген мақал бар, деген мақал рас тіркесін қолданады. Мысалы, Айырылған қатының еді, — деп келеді ол Біржанға, дос болғансып, — «аталастың оты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал бар [6, 220]. «Түк жаңылып көкке бітеді, мал жаңылып итке бітеді» деген мақал рас екен ау, деді ол, мал сендей иттерге бітеді де, қорықпай басынады. Айтайын деген ақылым, – деді Қалампыр кескінін салмақтандырып, – аталарыңның мақалы бар: «етігі жаман төрге шықпайды, жеңі жаман ас іше алмайды» деген [6,107]. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседі» деген мақалдың шындық екенін осы арада ғана білді [6, 135]. Оның есіл-дерті жақсы атта болды, «Ер қанаты – ат» деген мақал түсті оның ойына [6, 136].
С.Мұқанов мақал-мәтелді сол қалпында, бір тиянақты ойды білдіретін сөйлем ретінде қолданған. Мысалы, Торды үзген арыстандай ол сынған есіктен сып беріп шыға келсе, кең коридордың екі жағынан да мылтықты күзетшілер жүгіріп келеді екен. Таныс мылтық!.. «Батыр – бір оқтық!» [6,224]. «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізер» [6,107]. Бірақ «ел құлағы — елу», «отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге жетеді» [6,187]. «Үмітсіз – сайтан» [6,228]. «Айыт – аттыға, той – тондыға» жараспай ма? [6,103]. Атамыздың мақалы бар: «Көп қорқытады, терең батырады!» Мақал-мәтелдер тура мағынада қолданылып, мәнерлілікті арттырып тұр.
Қаламгер мақал-мәтелдерді сол қалпында және сол мағынаны қуалап өзіндік сөз тізбектерін тізеді, жалпы халықтық қолданыстағы мақал-мәтелдерді әрі қарай жандандырып дамытады. Театры, киносы жоқ ерте замандағы ауылда, халық өзінің ойын – тойларынан, әр жерде ашылған базарларды да ойынсауықтың ордасына айналдырған, халықтың: «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, баланың қызығын базарға теңеуі сондықтан [6,158]. Сыртыңнан бір кесіп жер жалы бар жігіт деп еститін едім. «Ханның ісі қараға түседі, батырдың ісі балаға түседі» деген, саған паналауға келдім [6, 203]. «Қасқырдың ұлығаны – жеймін дегені» депті аталарың, — деді Ыспан, — Балуан Шолақ бекерге ұлитын қасқыр емес, ұлыса, жейтін қасқыр. Ұлыды ма қатыныңа қарап? – «жеді» дей бер оны. Осы түннің өзінде жеп кетіп жүрмесін ол. Жемесін десең, ізіңмен қайт үйіңе! [6,171]. «Ат айналып қазығын табады» дегендей мені таппағанмен, бірі сырттағы, бірі іштегі екі балаңды таппай кете алмассың, қазіргі ерік өзіңде [6, 224]. Ғалияда бұрынғыдай өркеуделік жоқ: «Бетегеден биік, жусаннан аласа» [6, 228]. «Әйел жігіттің аяғына тұсау» деуші еді, сол тұсауға өз еркіммен түскенім бе бұл? [6,143]. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демей ме атаң қазақ? Мал аюдан асау боп па? Тізгінін менің қолыма бір тигізші, қайтып тентектік мінез көрсетер ме екен? Ендеше тізгіні ұста да жуасыт! [6,137]. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген атаң. Малын бағып, қана тиыш жүргендер өлген жоқ, олар да күн көріп жүр. Ұлықтан алған қағазың сенімді көрінеді. Енді өзің тимесең, ұлық саған тимейді, тоқтал, жарқыным [6, 218]. Олай деуіме және бір себеп: «сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» депті ғой бұрынғылар. Жұртың да өлтіріп барады бір жағынан [6, 101]. Оқиғаны жандандыру үшін, оқырманды алда болатын оқиғаға дайындау үшін мына мақал-мәтелді ұтымды пайдаланған: «Ойда отыз сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды» дегендей, далада ғана емес, қалада ояздық әкімдер тұрған жерде Нұрлан жіберген жігіттердің Балуан Шолақтан таяқ жеуі жалғыз Нұрланға ғана емес, даланың құлақ естір жердегі мықтыларының бәріне батты [6, 226]. Халық қазынасы әрі қарай өз жалғасын тауып, көркем түрде бейнеленген. Автор мақал-мәтелдердер мәнін тереңірек тарқатып, оның ішіндегі бір немесе бірнеше сөздерге сүйеніп, келелі ойын жеткізеді. Дыбыстық үйлесім де байқалады.
Ал «Ер қанаты – ат» деген мақал-мәтелді жазушы әрі қарай жандандырып, бұл тұрақты тіркеске ерекше өң береді: «Жүйрік көңілді жаман ат тұсады. Атсыз кісі қанатсыз құс екен! Ендігі оның бар арманы өзіне қанат боларлық бір ат тауып міну болды» деп өзінің авторлық нұсқасын ұсынады [6, 136].
Автор мақал-мәтелдерді айтылар ой мағынасы мен оқиға желісін қалыңдатада жеткізуде, көркем бейнелеуде шебер пайдаланған. Жалпы халықтық тұрғыдан өзгертпей, алғашқы қалпын бұзбай қолданған. Сонымен қатар, мақал-мәтелдерді жандандырып, оларға сүйене отырып, өзіндік өрнегі бар көркем сөздер тізбегін жасайды. Бұл кез келген жазушы стилінің қалыптасуына әсерін тигізетіні анық. С.Мұқанов повесіндегі кейіпкерлер қолданған мақал-мәтелдер оның қоғамдағы орнына, дәрежесіне, ақыл-ойына, өмірге көзқарасына, дүниетанымына, әлеуметтік тегіне сай болып келеді. Ал кей мақал-мәтелдер қорытындылауда және оқиғаны баяндамас бұрын беріледі. Бұл қолданыстар кейіпкердің бейнесін аша түсуге мүмкіндік береді. Автор мақал-мәтелдерді орнымен, оқиғаға сай қолданған. Тілдік құралдар оқиғаның экспрессивті-эмоционалды реңкін толықтыра түседі.

Әдебиеттер:

1. Нұрмаханов А. Түркі фразеологиясы. Алматы: Ғылым, 1998.
2. Болғанбайұлы Ә, Қалиұлы Қ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы: 1997.
3. Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. Алматы: Ғылым, 1998.
4. Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Ғылым, 2007.
5. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ғылым, 1991.
6. Мұқанов С. Сұлушаш. Алматы: Ғылым, 2002.
7. Мұқанов С. Ботагөз. Алматы: Жазушы, 1967.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *