ТӨЛЕН ӘБДІКТІҢ «ҚАЙЫРСЫЗ ЖҰМА»
ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС

ТӨЛЕН ӘБДІКТІҢ «ҚАЙЫРСЫЗ ЖҰМА»
ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС

Боранбаева Ж.Қ., Исақ Н.Н.
Астана қ., «Астана» университеті boranbaeva_zhamal@mail.ru

Қазіргі қазақ прозасында ойлы шығармаларымен, ешкімге ұқсамайтын өзіндік талантымен белгілі Төлен Әбдік қалың оқырманға да, әдеби ортаға да танымал жазушы. Жазушының әдебиеттегі қолтаңбасының ерекше екендігі, өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы, кейіпкерлерінің әрекеттерін, мінез- құлқын сомдауы, оқшау образдар, шығармаға сай тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Төлен Әбдіктің кез келген шығармасының кейіпкерлер жүйесі, сөз саптауынан бастап дүниетанымы да ерекшеленеді.
Шығармада өмірдің дамуы, қоғамдық сана алдында тартқан ірі кезеңдерді тереңнен қозғай алады. Жұмыс беруші мен жұмысқа орналасушы, осы аумалы- төкпелі кезеңде байлардың жұмысты асыра пайдалануы, мемлекет құнын бөлісу сияқты саяси әрекеттегі асыра сілтеушіліктер, солақайлықты ашып берген Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» шығармасы шындықты бейнелейді. Бұл шығарма қазіргі ұңғылы-шұңғылы көп қоғамның дертін тамшыдай тап басқан шығарма.
Әңгіме кейіпкерлері министр мен хатшы бір-бірінен айнымайтын кейіпкерлер. Қызметтен түскен күні министрдің дәм-тұзы таусылады. Бірақ кейбіреулер үшін қызмет қолдың кірі болса, биік мансапқа қол жеткізгендер үшін одан айырылу азап.Жұмыс басты адамдардың арасында жан-жалға жалтарған жиынды да Төлен Әбдік осы заманның шындығын көрсету үшін шебер қолданған. Заманға сай ақша айналымының басым болуы, қаңқу сөзге ерген азаматтардың да азғанын жазушы шынайы бейнелеген. Негізгі заңы сыйластық, сөзге тоқтау қағидалары берік негізделген қазақ қоғамының құрылымында сөз ұстау парасат иелерінің орны өзгеше болған. Жазушы қазіргі қоғамның адамгершілік канондарынын жұрдай құрылымын, шындығын эпикалық терең тыныспен оқырмандарға жеткізеді.
“-Күтіп отырғандар бар ма? — деді есікті көзімен көрсетіп Әбен Ілиясович.
-Бар. -Мұнтаздай киінген сұлауша жас жігіт бастығының әр қимылын қалт жібермей бағып тұр. Көп ұзамай қырықтар шамасындағы қара торы, толықша кісі кірді.
-Кешіріңіз,-деп ол әлденеге абдырап, есік алдында тұрып қалды да, құлап кететіндей қалтақтап келіп, министрдің қолын алды.
-Отырыңыз, — деді Әбен жұмсақ үнмен.
Өзінің комбинатта он жылдан астам істейтінін, бірақ соған қарамастан комбинат директорының өзіне күн бермей қуғындап жүргенін айтты.
-Қанша өліп-тіріліп істесең де, өсірмейді,-деді ол айтар арызының тобықтай түйініне жақындай түсіп. – Өсу үшін пара беруің керек. Жағымпаздану керек. Не туысың болуың керек. Әйтпесе, көретін күнің осы…” [1. 34 бет]
Автордың кейіпкерлер галериясын жасау ұстанымы да ерекше. Мәселен, Әбен жұмысқа жан тәнімен берілген, ал хатшы өзінің бар бақытын жұмыс істеуден тапқан, өз сеніміне берік жан. Кейіпкерлерді жазушы жан қиыспас жұмысшы деп береді. Екеуі де-халқының тағдырын ойлаған азаматтар,жұмысқа беріліп, тіпті отбасын сырып қойды десек болады. Алайда жұмыс істеуі, атқаратын қызметі, мансабы, дәрежесі екеуінің жолдары әр басқа.
“-О,Әбен Ілиясович, халіңіз қалай? –деп қолын қайта-қайта қысып мәз болған түр көрсетті Хатшы. «Актер».
-Кіріңіз.
-Жағдай қалай? –деді ойы басқа жақта отырған адамның түрімен бұған айдалаға қарағандай қарап.
-Жағдай бір ауыз сөзге сыймай тұр-ау,-деді Әбен күліп.
Хатшы сөзден тосылып қалғандай бір сәт үндемей қалды.
-Биыл демалысқа шығып па едіңіз?
-Жоқ.
-М-м… Ендеше былай болсын,-деді хатшы үстелге еңкейе түсіп. Соны айтып тағы да үндемей отырды да:
-Министр болып істегеніңізге неше жыл?-деді.
-Алты жыл.
-М-м… Алты жыл-біраз уақыт. Көп еңбек еттіңіз. Иә. Бірақ…Кешегі іс, ақыл бүгінге жарамай отыр.
Сөзді байыбымен, саптарлап, актерше ойнап, бәрін жоспарлап! Тіпті өлгендіде жеткізеді дейді. Алдын-ала жоспары бойынша бәрі орынды,өзі соған риза. Әбенді жұмыстан шығаруды ертеден ойлап жүрген.” [1. 34бет]
…Дүниеде себепсіз ешбір нәрсе жоқ. Байлықтың да, кедейліктің де бір себебі бар…мал еркін қоныста, әйт-шәйтсіз, емін-еркін өрісте жайылуы шарт…Кәсіптердің қайсысы болса да,шарты табылмаса ілгері баспайды…[2. 116 бет]Адам -арын ойлайды,Надан –дүниеге тоймайды. [2. 6 бет]
Хатшы өз пайдасын ойлап,мансапқа, билікке қол жетткізуді көздеді.
“ Түнгі он! Ешкімге телефон соғу мүмкін емес. Сол кезде барып Әбен өз мәселесін шешу үшін аптаның соңғы күні –жұманы олардың бекер таңдап алмағанын, осының бәрі әңгімелесуден кейін ешқайда телефон соғылмауы үшін, сырттан өздеріне де телефон соқтырмау үшін әдейі істелгенін және мұның бәрі бұрыннан жасалып келе жатқан үлкен тәсілдің бірі екенін енді түсінді.”[1.35 бет]
Жұма –қасиетті күн. Осы күні тілегенін қабыл болады дейді. Бірақ Әбен үшін «қайырсыз жұма» болды. Автордың қан жылап жазып отырған туындысын, қан жылап оқисың. Адамды адам аямайтын, бауырға бауырының бүйрегі бұрмайтын заман туды. Осы заманның азаматтары, білімділері, арұятты жоғары ұстаған, тартқан жан азабы мен тән азабын автор шынайылықпен жеткізе білген. Көреалмаушылық басым болып, аяқтан шалушылар көбейе түседі. Өзіндік пікір жүйесі, таным-талғамы,өмірге өзінше қалыптасқан, көзі ашық министр ақырында ағымында тұра алмай, ұрдажықтар мен жағымпаздарға орнын босатып, не өзіне, не халқына пайда келтірместен өзінің жұмыстан кететініне көзі жетіп, ұлы нөпірдің ырқына амалсыз көнеді.
Жазушының әңгімесінде осы бір оқиға арқылы сол уақыттағы қалыптасқан номенклатуралық жүйе сынға алынады. Өкінішке қарай, совет одағы келмеске кеткенімен, бұл жүйе әлі күнге өзгерген жоқ. Мүмкін сондықтан болар, егемен Қазақстанның билік басындағы бір адамға тәуелді шенеуніктері де жұманы үрейлене күтеді. Себебі, ең жаман құпия бұйрықтардың көбісі жұмада беріліп, сол күні немесе сенбі, жексенбіде орындалады.
“Министрдің даусы бұрынғы қожайындық еркіндігін жоғалтып, бейтаныс жолаушының өтінгеніндей жұмсақ шыққанын шопыр да байқады.
Үйге келген соң әйеліне не дерін білмеді. Астаң-кестең болған жан дүниесі енді үй ішіне ауысатынын, оның да осылай астаң-кестең болатынын, бұрынғы ұғым, бұрынғы көңіл-күй, бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлдебірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті.Ол тіпті жайшылықта «ертең министрліктен түскенде» деп жолдастарының алдында емін-еркін қалжыңдап жүрсе де, шынтуайтқа келгенде дәл мынандай бар үмітін үздіріп,ибар жарықты сөндіретінін сезген жоқ еді.
…Өзінің арыз жазып, хатшыға тастап кеткенін әйеліне айтпақ болып екіүш рет оқталса да, жүрегі дауаламады. Өйткені одан кейін қайтадан басынан басталатын күйзеліс өзіне тым ауыр тиетін көрінді.”[1. 37 бет]
Тіршіліктің бар жағдайын жасаған абырой, беделге жеткізген әлгі Лауазымды әйелі кейде мұның өзінен де артығырақ көретін секілді…
Жұмысына беріліп, енді одан айырылу Әбен үшін қиын жағдай болды. «Шын берілсе қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» -деген Әл-Фараби. [3. 23 бет]
Әбен жан дүниесіндегі жағдайды бір аласапыран апатқа ұқсатты. Кинодағы өрт сөндірушілер секілді бұл да өз ішіндегі өртті сөндірмек болып тырысып еді, оған шамасы жетпеді. Ұмытуға, ойламауға болмайтын бірдеңе. Осыдан кейін әбден шарасы таусылып, жанып жатқан үйіне үн-түнсіз қарап отырған үй иесіндей қарсыласуды доғарып, ой-сезімін күйзелістің қолына біржола ұстатып қоя берді.
Еңбек адамды бостан қылады. Мен болсам, айырмашылық жер мен көктей дер едім. Үкіметтің жасаған қылмысы аз болып па? Ол үшін біз кейіпкерді жазғыра алмаймыз. Өйткені ол жақсылыққа сенді, сол сеніммін өмір сүргісі келді. Алайда оған мүмкіндік берілмеді. «Оттан-отқа,боқтан-боққа салды». Сөйтіп жүріп жұмыстан қалды.Өмір-күрес. Министрдің бір күндік өмірін суреттей отырып, зұлымдық салтанат құрған заманда, адамдық сәулесі малынып, мансаптың биігіне көтерілсе де бақытты бола алмайтынын қазымырланады. Ойлап отырса, шын сенісіп, сырласатын досы да жоқ екен.Анда-санда бір келетін, ат құйрығын біржола үзбеген бір досы бар еді, оның өзі сыртынан: «Министр болам деп, жақын–жуықтың бәрінен айырылды, байғұстың менен басқа ешкімі жоқ»,-дейтін көрінеді.
Өзін өмір бойы құл қылған, арына да, жанына да кісен салған, бауырдан, достан айырған, елден айырған тақсыр Қызмет екен. Енді олда жоқ. Мынау тұрған оның көлеңкесі ғана…
Міне, министрлік қызметінен түсіп қалған Әбен мырза көңілі құлазып орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Иван Ильичіне ұқсап, жаны күйзеліп нәрі мен мәні жоқ өміріне ойша үңіліп отыр. Қызмет үшін жанын сайтанға сатқан ол байғұс, ең болмағанда жар қызығын да көре алмапты. Отбасының бар ырысы отағасының лауазымы арқасында келіп жатқандықтан, бар тілек, бар мақсат сол лауазымға ғана бағынышты. “ Әлдебір өкініш секілді «Әттеген-ай!» -деді ыңырсып. Оны жаны қиналып айтты ма, тәні қиналып айтты ма-өзі де айыра алмады. Тегі, екі ауру қосылып кеткенге ұқсайды. Асқазанның қышқылы көбейді-ау, қыжыл күшейіп кетті. Сірке суын ішкендей, қолқасына дейін ашылып, тесіп барады. Бұл бір тоқтамайтын, басылмайтын ұшы-қиыры жоқ күйзеліс болды. Әбен өзінің түсетін жерінен өтіп кеткен пойыздағы жолаушының сезіміндей бір күйде: «Қап, манадан бері дәрігер шақыртуға болатын еді-ау!» -деп ойлады. Енді қазір жыланға арбалған бақадай аурудың ықпалынан шыға алмай жатыр. Қозғалғысы келеді-қозғала алмайды, сөйлегісі келеді-үні шықпайды. «Әттеген-ай!» демек болды,тағы да үні шықпады. «Өкінішті»…”[1.43бет] Ішкі дүниесіндегі күйзеліс өршіп барады. Айтқысы келгенін дөп баса айта алмай, ішіне тұнып барады. Сағаттың шықырлағаны жүйкесіне тиіп, әрбір секундта көз алдына бүкіл ғұмыры елестің соңынан еріп барады. «Марқұмның қара жамылған әйелі көзіне жас алғаны болмаса, дауыс қылып жылаған жоқ. Әбеннің қазасын естіп, хатшы ауырып қалыпты дегенді естіген болатын. Көңіл айту рәсімінен кейін, марқұмды жөнелту шаралары төңірегінде бірер сөз болды. Қаралы әйел хатшыға рақметін айтуды ұмытқан жоқ. Бүкіл зиялы қауым, қалың ел қабырғалары қайысып, көзіне жас алды. Қабырғада қара лентамен көмкерген Әбеннің суреті тұр. Хатшы суретке ұзақ қарады. Оның өзімен ең тағдырлас өзіне ең жақын адам екенін қалай байқамағанына іштей қайран қалды. Сол сәтте келесі өлім кезегі өзінікі екенін сезгендей, жүрегі болар-болмас шым етті». [1. 48 бет]
«Саулықтың қадірін ауырғанда білетініміз сияқты, жақсылықты жамандық арқылы, демалуды шаршау арқылы білеміз». [3. 54бет] Қараңызшы, жүрегіндегі сәулесі сөніп, көңіл түкпірінен ештеңе де таба алмаған адамды да ол, өмірінің алдында рухани катарсистің, яғни азаптану мен тазарудың қыл көпірінен өткізіп, тышқан ұстап алған мысықтай оның тағдырымен ойнайды. Ол-өзін өмір бойы құл қылған, жанына кісен салған, бауырдан да, достан да айырған –ұлы мәртебелі Қызмет. Енді ешкімде,ештеңеде жоқ. Енді қайтпек керек? «Қайырсыз жұма» шығармасы ақ адал, ерен еңбегімен министр лауазымына қолы жеткен Әбен Ілиясовичтің ойламаған жерден тағынан тайдырылғаны және оның себебі қызметіндегі кемшілігі емес, басқа біреуге орны керек болды. Орталық Комитеттің салалық хатшысы оған орнынан босатуды сұраймын деген өтінішті ықтиярсыз, зорлап жаздырған ғой. Осынау қиянатқа жүрегі шыдамай Әбен сол түні кенеттен қайтыс болды.Міне, бүгінгі қоғамның қиянатшыл кескін-келбеті әңгімеге арқау болды. Мұны қазіргі алмағайып кезеңнің ащы шындығын ашып көрсететін сәтті қадам емес дей аласыз ба?!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Төлен Әбдік. Парасат майданы. Алматы; 2012, 34-35-37-43-48 беттер.
2. Ә.Шілтерханов. Аталы сөздер. Атамұра; 1995, 6-116 бет.
3. С.Дәуітұлы. Ақылдың көзі. Алматы; 1998, 54-23 бет.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *