
ТҰРМЫС – САЛТ ЕРТЕГІЛЕРІНДЕГІ ӘЙЕЛДЕР БЕЙНЕСІ
Әліпбаева Л.А.
Қарағанды қ., Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ www.layra.kz@bk.ru
Фольклордағы қара сөзбен баяндалатын рухани қазынамыздың бірі — ертегілер. Ертегі есте жоқ, өте ерте замандардың туындысы екендігін атауы да айтып тұр. Барлық халықтардың рухани мұраларынан орын алып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп келе жатқан ертегілердің негізгі арқауы жақсылық пен жамандық арасын ажырату жолындағы күреске құрылған. «Ертегілер көбінесе, қара сөз ретінде айтылатындықтан, оны халықтың ерте заманда шығарған көркем әңгімесі деп қараймыз» [1: 97].
Басқа халықтар секілді, қазақ фольклорында да ертегілердің сандаған үлгілері барлығын рухани қазынамызды жинаушылар айтса, екіншіден қазақ ертегілерінің өзі бірнеше түрлерге бөлінетіндігін зерттеуші ғалымдар дәлелдеген еді [2: 56-59]. Қазақ ертегілерінің құрылымдық негізіне қатысты
А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев және тағы басқалар ғылыми маңызды зерттеулер жүргізсе [1: 97-100], қазіргі фольклортану ғылымында Е. Тұрсынов, С. Қасқабасов секілді белгілі ғалымдар елеулі үлестерін қосып келеді [3, 4]. Бүгінгі таңда қазақ ертегілерінің жиналуы, жариялануы, зерттелуі, басқа халықтар тілдеріне аударылуы туралы ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылған. Бұның бәрі де ғылыми қауымға мәлім. Біз осы мәселелерді ескере отырып, шағын мақаламызда «Тұрмыс – салт ертегілеріндегі әйелдер бейнесі» деген тақырыпта еңбектенуді жөн санадық. Себебі, көркем ауыз өнерінің бастауы – ауыз әдебиеті десек, алғашқы сөз өнеріндегі адам бейнесі жасалған да – ауыз әдебиеті. Ертегілердің сандаған түрлері бар екені мәлім. Біз соның ішінде тұрмыс – салт ертегілерінен іздегенімізді тауып, тақырыпты аша аламыз дегенді сеніммен айта аламыз. Оның нақты дәлелін жұмыс барысы көрсете алады деген ойдамыз.
Тұрмыс – салт ертегілерінде ескі заманнан бастап, соңғы кезге дейінгі халық өмірінің әр алуан жақтары қамтылады. Тұрмыс – салт ертегісінің мақсаты – оқырманға ғибрат ұсынумен қатар эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем – эстетикалық әдеби қазына, ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті — сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Сюжеттің көркемделіп баяндалуына әсер ететін негізгі шарттардың бірі — ондағы кейіпкерлер бейнесі. Әсіресе, әйелдер бейнесінің әр қырынан көрінуі. Осы айтылған тақырыпқа мысал ретінде «Жақсы әйел» деген ертегіні атауға болады. Бұл ертегіде әйелдің ақылдылығы, адамгершілігі ғана суреттелмей, сонымен қатар әйел қауымының аянышты халі, әйел баласының сол кезеңдегі теңсіздігі беріледі. Ертегі желісі бойынша, сарайында зерігіп отырған хан аспанда ұшып бара жатқан қаздарды көріп, уәзірлерін шақырып алады да: «Алдыңғы қаз соңғы қазға не деп айтты, соны біліп беріңдер», — деп бұйырады. Жауабын таппасаңдар бастарыңды аламын деген соң, уәзірлер басқа амалын таппай, ханның қызына барып жағдайларын айтады. Сонда ханның қызы саспастан: «Жақсы әйел жаман еркекті түзейді» деп жеткізіңдер дейді. Уәзірлер жауапты ханға жеткізеді. Хан өздерің таптыңдар ма, әлде біреу айтты ма дегенде, ханнан қорыққан уәзірлер сіздің қызыңыз көмектесті деп шындарын айтып қояды. Хан қызының өзіне қарсы шыққанына қаһарланып, қызын сол елде тұратын адамның жаманына беріп жібереді. Қайырымсыз әкенің қатыгездігіне душар болып, «шіріген жұмыртқа» атанған адамды қалай тәрбиелегені туралы, соңында сол жаманның ақылды адам болып шыққандығы ертегіде өз желісін тапқан. Бұл ертегіден қыздың өжеттігін, қиындыққа мойымайтын, ерге қиын уақытта сүйеу бола білетіндігін көруімізге болады. Жаман адамды қатарға қосып, өнерін артқызып, абырой – атағын көтерген әйел заты әрқашанда елге сыйлы. Бұл ертегіде де халықтық сарын бар. Ол – хан мен уәзірлердің арасындағы қарым – қатынас, әйел затының сол кезеңдегі ауыр тұрмыстық жағдайы бейнеленген [1: 33].
Тұрмыс – салт ертегілерінің оқиғасы ертегінің басты кейіпкері қарапайым адамның өмірін, ісін, тұрмыс – тіршілігін, қоғамдық жайларын, әлеуметтік көзқарасын суреттеуге құрылады. Бұлардың бәрі халық ортасынан шыққан, ертегіге басты кейіпкер болып алынған еңбек адамы арқылы баяндалады. Неше түрлі қиыншылық, кедергілерді, ауыр халдерді, аңдыған, алысқан жау амалдарын жеңетін де, сөйтіп мақсатына жететін де қарапайым адам болады. Бұдан М. Горький айтқандай, халықтың қоғам өмірінде, еңбекте өз күшіне, ақылына және сол екеуінің алып шығарына сенгендігі көрінеді [1: 126].
Бұл ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі түрлерін санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, тағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі. Соншалықты мол тақырыптардың ішінде тұрмыс – салт ертегілерінде әйелдер бейнесі өзінше ерекшеленеді. Мәселен, «Қыз бен шал», «Кедей қызы мен хан баласы», «Жұпар қорығы» деген ертегілерде де қыз баланың тапқырлығы, сөзге шешендігі, ойының ұшқырлығы сыналады. «Қыз бен шал» ертегісінде айтыскер қызды жеңе алмаған өз ауылының жас жігіттері амал болмаған соң, атағы шыққан басқа ауылдың үлкен кісісін айтысуға алдырады. Айтыс барысында қыз адамның жас ерекшелігіне байланысты жұмбақ қояды. Ол кісі қыздың жұмбағына мүдірмей жауап бергенімен, соңындағы қыздың тапқырлығынан жеңіліп, қызға батасын береді [5: 229]. Ал «Кедей қызы мен хан баласында» бір елдің ханы тағын ұлына беріп, өзі тыныш өмір сүруге бел буады. Ұлы таққа отырған соң ер жетіп, өзіне қалыңдық іздеп, жұртқа жария салады. Хан ұлының шарты бойынша, оның сұрақтарына мүдірмей жауап берген қыз ханшайым болып сарайға енеді. Осылайша ханзада қыздардың ақылдысын таңдаймын деп, сұрақтар қоя бастайды. Сұрақтарға жауап үш күннен соң дайын болсын дейді де өзі сарайына беттейді. Қалыңдықтардың барлығы жауап таба алмай әр жаққа кетіп, басқа адамдардан сұрай бастайды. Ханзаданың жұмбақтарына жауап бере алмаған қалыңдықтардың біреуі ауыл шетінде тұратын, жұрттың қойын бағатын кісіден ақыл сұрайды. Ол кісі өзінің білмейтіндігін, бір білсе қызының білетіндігін айтады. Қалыңдық сол кішкене қызды тауып алып, ақыл сұрайды. Ол қыз білмеймін деп жауап беріп, өзі де сайысқа қатысып көрмекші болып қалыңдықтың соңынан еріп жүре береді. Сайысқа қатысып, жұмбақтарға түгел жауап беріп, ханның әйелі болады. Осы ертегіде де қыздың тапқырлығы, терең ойлылығы жағымды жағынан көрінеді [5: 230]. «Жұпар қорығы» деген ертегіде жұтап, ашығып, қырылып жатқан, шұбырып кеткен елдің ішінен шыққан саналы, қайратты ана – Жұпар жас, жетім балаларын ажалдан, аштықтан қорғап, тірлік үшін, бақыт үшін өлермен еңбек етіп, қиындықпен алысып дегеніне жетеді. Бұдан көретініміз, аналардың өмір қиындығына мойымай, тағдыры көрсеткен қиындықтарға төтеп бере алатын күш – жігерінің молдығы.
Осы жоғарыда келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, ертегідегі, оның ішінде тұрмыс – салт ертегілеріндегі әйелдер бейнесі бір жақты ғана қаралып қоймайды. Бұл ертегілерде ақылды, тереңнен ойлайтын, сабырлы әйелдерді де, ақылын қызғанышына, көрсеқызарлығына жеңгізген әйелдер бейнесін де кездестіруге болады. Тұрмыс – салт ертегілерінің тағы бір көп қайталайтын тақырыбы – ақылды, асыл жар жайындағы ертегілер. Осы ертегілерден ескі түркі кезеңінің белгілерін, сондағы ертегілік қиын жол, қыспақ хал сияқтының бірталайын көреміз. Осы алуандас ертегінің бір үлгісі – «Сапаһи». Мұнда Сапаһи деген кісінің ақылды, сұлу жарының адалдығы туралы айтылады. Оның әйелінің сұлулығы сондай, бір көрген адам екінші рет көруге құмарланып, сұлулығын айтуға тілі жетпей қалады екен. Сапаһи әйелінің жанынан бір елі ажырай алмай, ол тысқа шықса, тысқа шығып, ұйықтаған уақытында да әйелінен кейін ұйықтайтын болады. Өзі біраз дәулетті кісі болса да, бірнеше жылдар басқа әрекет болмаған соң, дәулеті азайып, ақыры кедейлене бастайды. әйелімен ақылдаса келе, жарының ақылын тыңдап, ері патшаның 40 нөкеріне еріп жұмысқа кетеді. Кетерінде әйелі бір гүл беріп, осы гүлді құлағыңа қыстырып жүр, бұл гүл менің саған деген адал, таза көңілімнің белгісі, егер гүл солып қалса менің саған деген адалдығымның бұзылғаны, керісінше солмаса, менің адалдығым сол кіршіксіз қалпында болғаны дейді. Осыны көңіліне медеу тұтқан ері жұмысын жасап жүре береді. Мұның сырын білген хан Сапаһидің әйелін сынау үшін нөкерлерімен ақылдасып, солардың бірін сапарға аттандырады. Бірақ еріне шын көңілімен берілген әйел, көрегендік танытып, бір қулық ойлап, ханның жіберген адамын қораға қаман қояды. Жіберген нөкерінен хабар болмаған соң хан тағы да уәзірлерімен кеңес құрып, тағы бір адамын сапарға жібереді. Сапаһидің әйелі алғашқысына жасаған қулығын екінші келген адамға да жасайды. Ерінің құлағындағы гүлі солмай жүре береді, мұны байқаған хан өзі жіберген нөкерлерінен хабар болмаған соң, не болды екен деп ойлап, Сапаһидің үйіне қонаққа барады. Хан келген уақытында қызмет жасап жүрген өзінің нөкерлері екенін көріп, қылмысын мойындап, Сапаһиден де, әйелінен де кешірім сұрап айыбын төлейді [6: 234].
Бұл тақырыптағы ертегілер, М. Әуезов айтқандай, адамға пайда келтіретін ақыл — өсиет түрінде келеді және бұл ақыл – өсиет кейде жұмбақ түрінде айтылады. Мұндай ертегілерде халықтың ғасырлар бойына жинап – терген өмір тәжірибесі, тұрмыстан алған, шығарған қорытындысы да айтылады. Соның бәрін ертегіге айналдырып, жастарға үлгі боларлықтай түйіндер жасайды.
Қазақ ертегілерінде әйелдер бейнесі үнемі ақылды, сұлу, періште, пәк – таза болумен ғана емес, кейбір ертегілер әйелдің астамшылығын, айлакерлігі мен аярлығын да тақырыпқа арқау етеді. Баршаға белгілі «Ханның кесір қызы мен Тазша», «Жігіт пен сиқыршы әйел», «Аяз би» тағы басқа да ертегілер бұған жауап бере алады. Ертегілерде үнемі ұнамсыз бейне ретінде ұшырасатын Мыстан кемпір, Жалмауыз кемпір бейнелері де бұны бұлтартпай дәлелдей түсетіндей. Міне, бұның бәрі де қазақ әйелінің образын жасаудағы ертегіге тән ерекшеліктер. Әйел бейнесі ақылдылықты, ар мен ұятты, тазалықты биікке көтере алуымен биіктей бермек. Осы тұрғыда өте ерте заманның асыл сөзінде де әйел бейнесі сан қырынан алынып, келешек ұрпаққа жақсылық пен жамандықты таразылауына қызмет етеді.
Тұрмыс – салт ертегілеріндегі әйелдер бейнесінің айтары осындай.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Мектеп баспасы, 1974, 340 бет.
2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: Ана тілі баспасы, 1991, 288 бет.
3. Турсунов Е.Д. Генезис казахской бытовой сказки. – Алма-Ата, 1973, 304 с.
4. Қасқабасов С. Қазақ халқының прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984, 272 бет.
5. Қазақ ертегілері, Көшпенділер баспасы, 2003.
6. Қазақ ертегілері, — Алматы, 1962.