ТІЛ — АСЫЛ ОЙДЫҢ БҰЛАҒЫ

ТІЛ — АСЫЛ ОЙДЫҢ БҰЛАҒЫ

Аубакирова Б.К.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

Тіл — адам қоғамының туындыларының ішіндегі асылдардың асылы, қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі. Ол қоғам тарихының барлық дәуірінде де оның күресі мен дамуының құралы, рухани өмірінің, бүкіл мәдениетінің тұтқасы болып келеді. Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы ғана қалыптасып, жарыққа шығады, басқаларға беріледі.Тіл — адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та, тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған, яғни байырғы замандардан пайда болған алғашқы грамматикалық топшылауларды «өнертабысы», «грамматикалық өнер» деп атау, грамматиканы сөйлеу, жазу өнерін үйрететін ілім деп анықтау, тілді шебер қолдануға, шешендікке үйрететін «риторика», «стилистика» деп аталатын ғылымдардың пайда болуы айтылғандарды дәлелдей түседі.
Халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан осындай жақсы дәстүрі бұл күндері қайтадан жалғасын тауып, ғылыми негізде дамытылып келеді.
Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақылпарасатын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуға тиісті. Себебі, тіл — адамның ішкі жан дүниесінің айнасы.
Мәдениет – адамның рухани және материалдық интеллектілік және сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралық сақталуы тиіс. Әсіресе тіл мәдениетін сақтау, ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы. «Мәдениет» ұғымына батыс Еуропалық әдебиеттерде 400-ден астам анықтама беріледі, ол оның күрделі, әрі өзекті мәселе екенін дәлелдейді. Әйтсе де барлық анықтамалардың түйісер нүктесінде мәдениет адамның рухани жемісінің қатпары мол, қабаты қалың, жұмбақты болмысының, әдеп пен саналылық деңгейінің көрсеткіші деп тұжырымдалады. [1, 5].
Қазақ тіліне мәдениет сөзі араб тілінен («Маданият» – қала, қалалық деген мағынаны білдіреді) енген. Көне заманда «культура» сөзі «жерді өңдеу» деген мағынада қолданылған. Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 жыл) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» ұғымымен барабар пайдаланылады. Көне Грецияда ерте заманның өзінде-ақ өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматты тәрбиелейтін сирек кездесетін білім беру жүйесі болғаны белгілі. [2, 5].
Мәселен, Э.Тэйлор «мәдениет» – рухани құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдірудің жолы дегенді айтады [3, 11].
Ал бұл мәселені жан-жақты зерттеген Л.И.Ожегов: «Тіл мәдениеті – бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл қоғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдің сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу» – деп тұжырымдаса [4, 25], А.В.Птушенко «Культура речи –культура мышления» деген еңбегінде: «Культура речи: норма и выразительность. Ее компоненты: мировоззрение, логическая культура, психологическая культура, коммуникационная культура, лексика, стилистика, грамматика, фонетика, художественные средства», – деп сөз мәдениетінің құрауыштарын кеңейте түсті [5, 41], «Тіл мұхитындағы жаңару, жасару, өсу, өрбу дегендеріңіздің сан түрін саралап, тамырындай тарамдап, талдап беруге тиісті ғылымның бір саласы – тіл мәдениеті деп білеміз», – дейді профессор Ө.Айтбаев [5, 8].
Тіл мәдениеті ұғымына педагогикалық энциклопедияда мынадай анықтама беріледі: біріншіден, «Культура речи в теоретическом плане – раздел филологии, изучающий речевую жизнь общества в определенную эпоху и устанавливающий на научной основе правила пользования языком, как основным средством общения людей, орудием формирования и выражения мыслей» делінсе, ал екіншіден, «В плане практическом – под культурой речи понимается прежде всего нормативность речи, ее правильность, соответствие требованиям, предъявляемым к языку в данном языковом коллективе в определенный исторический период» [6, 58].
Осындай тіл мәдениетіне берілген анықтамалардан тілді дұрыс қолдану, яғни білдірмек ойға сөздерді сай етіп дұрыс, дәл таңдай білу, ой мен сөздің құр дәлдігін дұрыс табу емес, сонымен қатар тыңдаушыға әсер ететіндігі орынды, көркем етіп қолдану, оларды бір-бірімен дұрыс байланыстыра, дұрыс орналастыра білу, сөйлемді тым шұбалаңқы да емес, тым келте, қарапайым да емес, түсінікті етіп дұрыс құрастыра білуді аңғаруға болады. Бұдан тіл мәдениеті деген ұғым тілдегі «дұрыстық» дегенге саятын тәрізді. Ал тілді дұрыс қолданудың негізі неде?
Тілдегі дұрыстықтың негізі – тілдің қалыптасқан жүйесі, заңдылығы, құрылымы, нормасы. Әрине ол заңдылық өзгермейтін құбылыс емес, сөз қолданушының шеберлігіне қарай сөз арқылы көрікті де көркем дүниелер жасалады. Ойымыздың дәлелі ретінде тіл мәдениеті ұғымына Қазақ Совет энциклопедиясындағы мынадай анықтаманы келтірейік: «Тіл мәдениеті –кісінің бойындағы мәдени қасиеттердің бірі, қоғамдық мәдениеттің бір компоненті. Тіл мәдениеті ауызекі тілдің орфоэпиялық нормасын, сөз қолдану, сөздерді тіркестіру заңдылықтарын, сөйлем құрау ерекшеліктерін дұрыс пайдалану және жазба тілде емлеге, тыныс белгілерін қолдануға байланысты ерекшеліктерді толық сақтап, сауатты жазу мәселелерін де қарастырады», − делінген [7, 261].
Көркем де бейнелі, нұсқалы сөйлей білу ғұлама ғалым әл-Фарабидің
«Риторика» еңбегінен, әлеуметтік-философиялық трактаттарынан, Ж.Баласағұнның «Құдатғу білік», М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» т.б. еңбектерінен бастау алады. Шынайы, таза сөйлеудің негізгі қағидаларын ғалым Әл-Фараби «Логика», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасында» атты еңбектерінде саралайды. Мәдениетті және шешен сөйлей білу үшін, ең алдымен ойды дұрыстап, жүйелеу керегін айтады. Әл-Фарабидің ғылымдарды зерттепзерделегендегі басты мақсаты – ақиқатты табу болса, шындыққа қол жеткізудегі негізгі қағида – ойды шешен тілмен жеткізіп, қарсы жақтағы адамды иландыра білу. Қисынды сөйлеу өнері – сана-зейінді дамытуға қабілетті және онда қателіктер болуы да мүмкін. Бұл сана обьектісіне жетудің барлық жағдайларында адамды ақиқат жолға бастайтын бірден-бір дұрыс тәсіл», – дейді [8, 50]. үйретеді, ал логика ғылымының мақсаты – одан да жоғары. Әл-Фараби дүниетанымының, оның ой-өзегінің кейінгілерге берілгені, яғни трактаттарындағы даналық түйіндері, одан кейін өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» жалғасын табуы кездейсоқ емес.
Мәдениетті сөйлеу сөйлеушіден айтар ойдың, тұтас сөздің түйінін шебер сөйлеу арқылы тыңдаушыны өз пікіріне ойыстыру, көркем тіл арқылы өз ойына иландыру, сендіру, мойындатуды талап етеді. Мысалы, Жүсіп Баласағұнның мына өлең жолдарында:
Біліп айтқан сөз білікті саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп табалар, – дегенді меңзейді [9, 15].
Сөздің жинақталып, көркемдік тұтастырылып, әдептің ой қорытынды ретіндегі көріну формасы шешендік сөз өнері болатындығы туралы байлам жасайды. Олай болса, шешендік сөз өнерінің әдептік мазмұны Жүсіп Баласағұнның сөзімен айтқанда, «Біліп айтқан сөз білікті саналар» деген принципке келіп тоғысады. Сонымен бірге, шешендік сөз тыңдаушысына ”Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды“ дейтін талап қояды. [9,101].
Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармашылығының сабақтастығы, рухани мұралар үндестігі халық арасында үлкен бір елдік мүддені ойлайтын топтың, би-шешендердің қалыптасуына негіз болды. Сондықтан аталған қос дананың қалдырған ілімдерінің қазақ үшін қадір-қасиеті қаншалықты жоғары болатындығы түсінікті. Ғұламалардың сөз құдіреті жөніндегі тұжырымдарын саралай келгендегі басты түйін: білім мен тәрбие – адамзат мәдениетінің қайнар бұлағы болса, өз кезегінде мәдениет адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының негізі болып табылады. 18-19 ғасырларда қазақ ғұламалары, атап айтсақ Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтар да сөз құдіреті туралы терең толғанған.
Дулат Бабатайұлының ”Сөз жібек жіп, жыр кесте, құр сөзде күш болмас, ауызға салып шайнамай, жыршылардың шәйірі асыл сөзді езбеген, нысананың дәл басын, қалаған жерден көздеген“ деген түйіндері шығармашылық қызметтің психологиялық астарларына үңілуді меңзейді.
Сөйлей білу – үлкен өнер, ол кез-келген адамға қонбайды, көпті көрген, өмірден түйгені мол адамдардың сөзі де, ісі де берекелі болады дейді, осыданақ қазақ халқының сөз қадіріне ерекше мән беріп, өз ұрпағына ұлағатты тәлімтәрбие қалдырғанын аңғаруға болады. [10, 15].
Ал ұлы ақын Абай Құнанбаев − жай сөздерден жаңа мағыналық топ құру үшін, сөз қалауының жарасымын дәл табу үшін, сөз пірінің зерек зергері болу керек екендігін айтады. Осыған орай, өзінің акындық өнерінде көркем сөз тігісінің жатық болуына мейлінше ұкыпты қараған. «Сөз өнері − дертпен тең» дегенді оған айттырған да көңіліне ұялаған шеберлік «дерті» екендігі айғақ
[11,18].
Ыбырай Алтынсарин − көркем әдебиет тілінің тазалығы үшін күресті. Осы негізде балаларға да таза ана тілін үйретуді мақсат етті. Оның қазақ тілін былғап, татар, парсы сөздерімен араластырып жүрген діни адамдарға күресі мұны анық дәлелдейді. Сол заманның өзінде орыс графикасына көшудің прогрестік жолын ұсынуы және оның маңызын түсінуі – ұлы педагогтің кемеңгерлік көрегендігінің айғағы [12, 70].
Шоқан Уәлихановтың пікірінше, кез-келген халықтың ұлы психологиясын көрсететін белгілерінің бірі – сол халықтың тіл байлығы, сөз өнері, шешендік қасиеттері. Ол сөз өнерін халық бойына біткен зор таланттың, керемет қабілеттің, ақындық қуаттың белгісі деп санайды. Сондықтан «Қазақ тілінде жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл», – деді [13, 83].
Тіл мәдениетінің жеке сала ретінде қалыптасуының негізін салушы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі, әмбебап ғалым, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғалымның тіл мен сөйлеу психологиясы жайлы айтқандары аса мәнді. «Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», – дейді. Әрі тіл хабарды сақтаушы, әрі таратушы жүйе екендігін айта келіп, сөздердің семантикалық және грамматикалық жүйесі арқылы ақпарат сақтауға қабілеттілігін, тілдің көмегімен ауызша және жазбаша айтылған пікір, ақпарат сақталып тарайтындығын атап көрсетеді [14, 29].
Мәдениет пен тілдің бір-бірімен байланысы күрделі, әрі өте тығыз. Қазақ рухани мәдениетінің ең бір терең де шебер кестеленген түрі, әрі басқа мәдениет жетістіктерінің жасалуы мен орнығуында, қалыптасып дамуында жетекші рөл атқаратыны − тіл. Тіл – барлық мәдениет түрінің негізгі тұғыры. Осы тұрғыдан келгенде, ғалым А. Байтұрсынов егер мәдениет түрі ретінде сурет өнері, би өнері, дін, әдебиет, сәулет өнері, кино т.б. танылса, ұлттық мәдениетіміздің тұғыры – тіл, көркем тәжі − сөз өнері деген [14, 36]. Қазақ тіл мәдениетінің пән ретінде қалыптасуында қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының (Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов т.б.) рөлі зор. Тіл мәдениетін зерттеу жоғарыда аты аталған зиялы қауымнан бастау алып, Қ.Жұбанов зерттеулерінен өз жалғасын тапқан. Ғалымның айтуынша, тіл өнеріне, сөйлеу мәдениетіне жетілу баршамызға ортақ міндет.Ақылға қонымды, жақсы сөздің жанға жылы тиіп, адамды небір тамаша сезімдерге бөлейтін шынайы сөздермен өрнектелген ой ғана өткір, әрі әсерлі болатыны белгілі.
Ақылдылықтың басты белгісі – дұрыстап сөйлей білу. Сөйлеу мәдениетіне жетілмейінше, ақыл-ой мәдениетіне жету қиын, – дейді ғалым
[15, 7].
«Халық сөзді ой елегінен өткізіп барып, керегіне жаратады. Қаға берісте қалып, ұмыт болып жүрген ісіміздің бірі – сөз әуезі, тіл қирағаты», – дейді І.Кеңесбаев. [16, 5].
Тіл мәдениетіне қатысты А.Ысқақов «Тіл мәдениеті проблемасы − қазақ тіл білімінде тіпті зерттелмегені былай тұрсын, сөз болып көрмеген, шеңбері мен шені де, өрісі мен өресі де айқындалмаған аса үлкен де, аса актуальды проблема», − деген [17, 335б]. Сөз мәдениетіне қатысты негізгі ғылыми ой, тұжырымдарын ортаға салмаған ғалымдар кемде-кем. Олардың қатарында М.Серғалиев, Р.Сыздықова, Н.Уәли сияқты ғалымдарды атауға болады.
Академик М.Серғалиев көркем әдебиет тілінен басқа да, БАҚ-тың тілі, диктордың сөз қолданысы туралы, жеке автор шығармаларының тілі сияқты көптің көзі мен көңілінен таса қалып келе жатқан сөйлеу мәдениеті туралы маңызды мәселені тереңінен қозғады. Ғалымның тіл мәдениетіне қатысты М.Балақаевпен бірлесе жазған еңбегі – «Тіл мәдениетінің мәселелері» деп аталады. Оқулық «Әдеби тілдің нормалары», «Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті», «Сөз қолдану мәдениеті», «Грамматикалық тәсілдерді пайдалану өрнегі», «Тіл мәдениетінің негізгі сапалары» сияқты бөлімдерді қамтиды.
Тілші-ғалымдардың тілге байланысты ой – пікірлері қашан да сұлу, сырлы сөздері қалың оқырман қауыммен қатар, ақын-жазушылардың өз шығармаларында ұтымды, орынды пайдалана білу шеберліктерімен ұштасып жату керек, – деген ғалым [18, 102].
Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, ғылым докторы Рабиға Сыздықова тіл мәдениетінің ғылыми негізін тереңнен қозғап, тың пікірін айтып, тілдегі бұрыс қолданыстарға үнемі ғылыми талдаулар жасап, тіліміздің қалыпты жүйесінің бұзылмауын, ойымыздың анық, айқын, көркем берілуін қызғыштай қорғап келе жатыр.
Ғалым сөзімен айтсақ, тіл мәдениеті дегеніміз – лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, стилистикалық нормаларды ұстану, ол заңдылықтарды бұзбай, жетілдіре, орнықтыра түсу, тіл мәдениеті дегеніміз – сөз қазынасының байлығы. Қазына болған соң игілікке жарату керек екендігін айтады Р.Сыздықова [19, 42].
Ал ғалым Нұргелді Уәли «Сөз мәдениеті» дегеніміз – тілді құрал ретінде дұрыс, тиімді жұмсай білу, ажарын кетірмей, бедерін бұзбай қолдану жайын қарастыратын лингвистикалық пән», – дейді [20, 7].
Сондықтан халқымыздың рухани қазынасы саналатын ана тілімізді саналы түрде меңгеру, ауызша және жазбаша шешен сөйлеп, шебер жазу – жалпы тіл мәдениетінің басты мәселесі.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
2.Назарбаев Н.Ә. Бәсекелестікке қабілетті Қазақстан үшін. Қазақстан халқына Жолдауы. — Алматы, 2004.- 31 б.
3. Тэйлор Э. Первобытная культура.- Москва: Политиздат, 1989.- 578 с.
4. Ожегов Л.И. Лексикология. Лексикография. Культура речи.- М.: Высшая школа, 1974.- 352 с.
5. Птушенко А.В. «Культура речи – культура мышления».- Москва, 1996.- 250 с.
6. Педагогикалық энциклопедия (Сөздік). 2-том.- Мәскеу, 1998.- 301 б.
7. Қазақстан Совет энциклопедиясы.- Алматы: Қаз ССР ҒА. 11-том. 1977.- 631 б.
8. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар.- Алматы: Ғылым, 1975.
9. ХІХ ғасыр әдебиеті( хрестоматия).- Алматы «Ана тілі», 1992.
10. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері (Зерттеулер,мақалалар).- Алматы, 1986.
11. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992.- 444 б.
12. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.- Алматы: Ғылым, 1999.- 581 б.
13. Ысқақов А. Қазақ тіліндегі кейбір жұрнақтардың қызметі мен қолданылу өрісінің кеңеюі жайында.- Алматы, 1972.- 168 б.
14. Кунапьянова А. Д., Аубакирова Л. Р. Тіл мәдениетінің өлшемдері және оған қойылатын талаптар.- Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2004.- 464 б.
15. Серғалиев М. Стилистика негіздері.- Астана, 2005.
16. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту.- Алматы: Мектеп, 1995.
17. Ерғалиев И. Формирование духовности человека и философия.- Алматы, 1998.- 207 с.
18. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасуы, даму жолдары.- Алматы,:
Мектеп, 1987.- 124 б.
19. Сыздық Р. Сөз мәдениеті.- Алматы: Мектеп, 1984.- 119 б.
20.Уәли Н. Сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері: фил.ғыл.докторы … дисс.: 10.02.02.- Алматы: Тіл білімі институты, 2007. 398 б.



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *