Ш.Қ. Құрманбаева1, Қ.О. Оралбекова2
1педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Нұр-Сұлтан қ, Қазақстан, e-mail: shynar.kapantaikyzy@gmail.com
2 PhD докторант, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ, Қазақстан, e-mail: oralbekova.kuralay@nisa.edu.kz
АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ АВТОРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЖАСАҒАН ҰЛЫ ҰСТАЗ
Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінде өзіндік сара жол қалдырған сондай ұлы адамдардың бірі де бірегейі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының академигі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылыми, тәжірибелік негіздерін қалауда баға жетпес үлес қосқан санаулы тұлғаларымыздың бірі.
Бүгінгі мақаламызда Қанипа Омарғалиқызы ұстаздың жыл өткен сайын көпшілік сұранысына ие болып келе жатқан мол әдістемелік мұрасын саралай келе, қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытудың инновациялық авторлық технологиясына жету жолындағы әдістемелік еңбектеріне талдау жасауды жөн көрдік.
Тірек сөздер: оптималдандыру, проблемалық оқыту, эксперименттік әдіс, тиімді оқыту, проблемалық талдау.
КІРІСПЕ
Ұстаздың әдеби айтыс, пікірлесу, диалогиялық әңгіме, проблема шешу, іздену сынды өнімді әдістерге, оқушылардың өз бетімен ізденуі мен зерттеу жұмысы дамытуға негізделетін авторлық «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы жайлы бірнеше рет сөз еткенбіз [1, 7].
Қ. Бітібаеваның ұстаздық жолы басталған алғашқы 1976 жылдардан бастап, өзінің авторлық педагогикалық технологияларын қалыптастырғанға дейінгі аралықта жарияланған еңбектерін академик Ю.К. Бабанскийдің «Оқу-тәрбие жұмысын оптималдандыру» жүйесімен жұмысы, проблемалық оқыту әдісін технология деңгейіне көтеруі және әдебиетті тереңдетіп оқытуда эксперименттік әдісті қолдануы деген басты үш бағытқа бөліп қарастырамыз. 1968-80 жылдар арасында туған аулында мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған жылдарында алғашқы күннен бастап, Қ.О. Бітібаева мектепте «Жас қалам» әдеби драма үйірмесін жүргізіп, ауылда кіші театр ашады. Аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізеді. Академик Ю.К. Бабанскийдің «Оптимизация учебно-воспитательного процесса» еңбегіне сүйене отырып, сол 1970 жылдарда Кеңестік білім беру жүйесінде кеңінен танымал болған оқу-тәрбие ісін оңтайландыру жүйесін пайдаланып, шағын ауыл мектебінде үлкен жұмыстар атқара бастайды [2, 177]. 1976 жылы Мәскеу қаласына арнайы барып, академикпен жолығады.
«Оқу-тәрбие жұмысын оптималдандыру» туралы жоспарын көрсетіп, жоғары баға алады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. «Оқу-тәрбие жұмысын оптималдандыру» жүйесін қолдануы.
1977 жылдан бастап, Ленин атындағы орта мектеп жұмысына оптимизация идеяларын кіргізе бастайды, мектеп ұжымын Москвалық атақты академик Ю.К. Бабанскийдің «Оқутәрбие жұмысын оптималдандыру» жүйесімен жұмыс істеуге жұмылдырады. Тікелей онымен хат жазысып, ақыл-кеңесін алып отырады. Атақты ғалым Қанипаның еңбегіне ерекше назар аударып, жақсы пікірлер айтады, қолдайды. Қ.О. Бітібаеваның осы бағыттағы әдістемелік еңбегін нақтылайтын бірнеше мақалалары мен ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көреді [3, 12].
Қ.О. Бітібаева 1977-1987 жылдары Тарбағатай ауданы Ленин атындағы орта мектебінің базасында аудандағы тұңғыш әдістемелік кабинетін жабдықтайды. Аудандық жаңашыл ұстаздардың республикалық І слетіне қатысып, іс-тәжірибесін ортаға салады. Ол аудан мұғалімдерінің ғылыми ізденіс орталығына, ерекше лабораториясына айналады. Шалғай ауылдағы жас ұстаз еңбегі облысқа тарап, республикаға естіле бастайды. Ауданда, облыста іс-тәжірибесі таратылады. Республикалық «Шапағат», «Ақбұлақ» арналарына ұстаз туралы жеті рет хабар беріледі.
1976 жылы облыстық директорлар семинарында атақты ұстаз СССР Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиев Қанипаның сабағына қатысады. Жас ұстаз еңбегіне риза болған ардагер ұстаз, үздік әдіскер маман жас та болса еңбегі зор, болашағы үлкен, жұлдызы жарқырап тұрған мықты маманды бірден танып, мойындап, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағына ұсынады.
«Қазақстан мектебі» журналының 1977 жылғы № 9 санында «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы әйелдер бейнесін оқу» тақырыбында, ал 1979 жылғы № 4 санында «Ленин еңбектері әдебиет сабағында» тақырыбында мақалалары жарық көреді.
1980 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатына жұмысқа шақырылады. Шалғай ауылдың өзінде атағы жер жарған білімді, талапты, еңбекқор ұстаздың облыс орталығына келгеннен кейінгі жерде мүмкіндіктері одан сайын кеңейе түседі. Облыс мұғалімдеріне арналған семинарларда дәрістер оқып, тәжірибесін кеңінен тарата бастайды. Осы кездерде, атап айтқанда, «Қазақстан мектебі» журналының 1982 жылғы №6 санында жарық көрген «Мектептегі оқу тәрбие процесін ұйымдастыру» атты мақаласы мен «Идеи оптимизации и задачи учителей по их претворению. Методический материал помощь лектору на казахском языке» атты еңбегі осыға дәлел бола алады [4].
Ұстаздың ерен еңбегі бағаланып, СССР оқу ісінің үздігі, Шығыс Қазақстандағы тұңғыш бүкілодақтық Крупская медалінің иегері болады. 1990 жылы Қанипаға СССР Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Ол Одақта 5-ші, өз елімізде 1-ші лауреат атанады. «1990 жыл еді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, Мәскеуге бардым. Әдебиетті тереңдетіп оқытатын ең үздік деген оншақты гимназиясын аралап көрдім. Сонда, осы мектептердің оқушылары тұрмақ, мұғалімдерінің өзі Абай мен Мұхтарды білмейтіндігіне әрі таң қалдым әрі намыстандым. Министрлігіне кездесуге барған кезде, сол ашудың екпінімен «Менің білімі ең нашар деген оқушым Пушкин мен Лермонтовты жатқа білгенде, сіздердің мұғалімдеріңіздің өзі Абайдың кім екенін білмейтіні қалай? Қазақ қана емес, өзге «бауырлас» елдердің әдебиетінен де түк білмейсіздер, балаларға білімді қалай бермексіздер?» деп айтып салдым», — деп жазады бұл жайында Қ. Бітібаеваның өзі [5, 17 б].
Москвадағы осы сапарында оған «Народное образование» журналының білімді, беделді әрі Одаққа танымал тілшісі Лев Красновский жолығып, үш күн сұхбаттасып, интервью алады. Педагог-тілші Қанипаның іс-тәжірибесіне аса қызығып, «Одақта сіздей ұстаздар аз»деп ағынан жарылады. «Мен қолымда билігі бар адам болсам, Сізге бүгін-ақ «Халық мұғалімі» деген атақ берер едім»-дейді. Іле-шала «Народное образование» өзінің 1990 жылғы бесінші санында «Я сделал свою карьеру» атты мақаласын басады.
Одақтық «Учительская газетаның» арнаулы тілшісі С.Синицкая Қанипа Бітібаеваның
18 сабағына қатысып, шәкірттерімен сұхбаттасады. Ол алдында өз заманының шоқтығы биік мұғалімі тұрғанын түсінеді. Бір-біріне ұқсамайтын сабақтардың куәсі болып, бәрі қолдан жасалған дидактикалық материалдар мен көрнекілік, оқу-құралдарымен танысып, ұстаздың бір мектепті былай қойып, бүкіл республика ұстаздарына жететін бай әдістемелік қазынасына таң қалады. Қанипа шәкірттерінің мектеп көлемінен асып-тасып жатқан терең біліміне тәнті болады» [6, 7 б].
2. Проблемалық оқыту әдісін технология деңгейіне көтеруі.
Қ.О. Бітібаева 80-жылдардың ортасынан бастап ауылда қызмет еткен кезінің өзінде проблемалық оқыту мәселесін көтеріп, өз әдістемесінде қолдана бастайды. Ғалым ұстаздың «Қазақстан мектебі» журналының 1976 жылғы № 10 санында жарияланған «Әдебиет сабағындағы проблемалық оқытудың кей мәселелері» атты алғашқы мақалаларының бірі соның дәлелі бола алады. Ұстаздың «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында 1983 жылы жарияланған осы проблемалық оқытуға қатысты келесі мақаласы «М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай образын проблемалық оқыту» деп аталады. Бұл мақалалар ұлы ұстаздың өз әдістемелік мұрасының ішінде басты орын алатын Абай, Мұхтар шығармашылығын оқыту мәселесінің мұғалімдік тәжірибесі басталған ең алғашқы кезден бастап негізгі темірқазығы болғандығын дәлелдейді. Әлемдік әдістеме іліміндегі ең озық әдістердің бірі болып табылатын проблемалық оқытуды өз тәжірибесіне негіз етіп алған ғалым-ұстаз бұл әдісті кейін технология деңгейіне дейін көтереді. Көптеген еңбектерінде атап айтып, мақалаларында осы жайлы ескертіп отырады. Мысалы, осы проблемалық оқыту әдісі жөнінде ұстаз өзінің «Әдебиетті оқытудың әдістемесі мен технологиясы» атты еңбегінде: «Оқушылардың таным белсенділігін, ойлау қызметін дамытуда, жетілдіруде, оларға өз бетінше қорытынды, тұжырым жасата білуде проблемалық оқытудың маңызы ерекше. Оқытудың бұл түрі арқылы мұғалім оқушы алдында проблемалық жағдаят (ситуация) тудыратын танымдық-іздендіруші, шығармашылық сипаттағы зерттеу әдісіне бағытталған тапсырмалар береді және оны орындата алады. Дегенмен де, осы проблемалық оқыту әдіс-тәсілдерінің мүмкіншіліктері шексіз емес. Оқу материалының барлығы, барлық тақырыптар проблемалық жағдаятты талап етпейді. Сондай-ақ белсенділігі, білім дәрежесі орташа, не ортадан төмен сынып ұжымына проблемалық оқыту әр уақытта да жемісті болады деуге болмайды. Бұл әдіс-тәсілдер оның үстіне уақытты да көп талап етеді. Өтетін тақырып аса күрделі емес, әрі оқушы дербес, өздері шеше алмайтындай тапсырмаларға төселген жағдайда ғана проблемалық оқытуды басшылыққа алу тиімді», — деп атап көрсетеді
[7, 9].
Осы аталған еңбегінің «Әдеби шығармаларды проблемалық талдау жолдары» атты тарауында: «Тәжірибеде кеңінен тараған, әрі тиімділігімен, нәтижелілігімен көпшілік ұстаздар еңбегіне мол кірген талдаудың түрі — проблемалық талдау. Проблемалық талдау оқушылардың танымын арттыру, ойлау белсенділігін жетілдіруде үлкен рөл атқарады және өзіндік ізденістеріне мол мүмкіндік ашады, әрі дамыта оқытудың негізгі бір жолы ретінде де пайдалы. Проблемалық талдау сол көркем шығарма негізіндегі проблеманы дәл тауып, нақты проблемалық сұрақтар әзірлеуді талап етеді. Ол үшін проблемалық жағдаят тууы керек», — деп атап көрсетеді [7, 42]
Айтыс туғызатын сұрақтардың барлығын немесе оқушыларды ойландыруға, іздендіруге негізделген сұрақтардың барлығын проблемалық сұрақтар деу де қате екендігін баса айтады. Әдеби шығармалардан көптеген нақты мысалдар келтіреді. Бірнеше әдеби шығармалар негізінде дайын проблемалық сұрақтарды кестелер арқылы береді.
Педагогикалық технология дегеніміз – «білім берудің тиімдірек формаларын іздеу, табу, олардың өзара әсерлерін есепке ала отырып, оқыту, білім игеруді жоспарлау, соны жүзеге асырудың және бағалаудың жүйесін құрайтын.білім беру мақсатына жету жолындағы педагогикалық қызметтің, іс-әрекеттің жүйелі дамып отыратын жобасы» десек [8], Қ. Омарғалиқызының біз қысқаша ғана сипаттап өткен жүйелі еңбегі проблемалық оқыту әдісін өз тәжірибесінде технология деңгейіне дейін көтергендігінің нақты дәлелі бола алады.
3. Әдебиетті тереңдетіп оқытуда эксперименттік әдісті қолдануы.
Авторлық өзекті тұжырымдар мен мәселеге жаңаша көзқарас Қанипа Омарғалиқызының қазақ әдебиетін тереңдете оқытудың, әлем әдебиетімен байланыстыра оқытудың жаңа бағдарламаларын жасауына ықпал етті. Бұл бағдарламалар қазіргі көкейкестілігімен ғана емес, болашақ үшін маңыздылығымен ерекшеленеді, ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да уақыт пен білім беру жйесінің сұранысына сай жазылған.
1990-1991 жылдары «Қазақ әдебиетін әлемдік әдебиетімен байланыстырып оқыту» тақырыбындағы авторлық бағдарламасын жазып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының эксперттік сараптамасынан өткізеді.
Бұл жөнінде ұстаз «Қазақстан мектебі» журналының 1987, 1995 жылғы сандарында өзінің «Қазақ әдебиетінің бағдарламалары туралы», «Абай шығармашылығын оқыту бағдарламасы» атты мақалаларын жариялайды. Әрқайсысы 200 бетке дейінгі барлық сыныптарға арналған қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытудың авторлық бағдарламаларын дайындап, бекітеді [9, 21]. 1991 жылы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта ашылған авторлық сыныптар ұстаздың осы авторлық бағдарламалары бойынша жұмыс істей бастайды. Осы жайттар жайлы ұстаз өз былай деп жазады: «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты бағдарламамды, оқу құралдарымды көрсеттім. Атаулы мектебім жасаған оқу бағдарламасын алдарына тастадым, түсінік бердім. Әдебиетті өнердің бір түрі ретінде оқыту, оны әлемдік мәдениеттің құрамдас бір бөлігі ретінде таныту, құзырлылық тұрғысында оқыту, т.б сынды қазіргі талаптың менде бұрыннан бар екеніне көздерін жеткіздім. Онда тек бүгін айтылып жүрген кейбір терминдердің ғана жоқ екенін тілге тиек еттім. Бағдарламадағы әр ақын-жазушы шығармашылығына ұсынылатын шығармашылық тапсырмаларды, ғылыми еңбектерді, оқушылардың білім, білік, іскерлік дағдыларына қойылатын талаптарды да даралап жазғанымды көрсеттім. Орыс ғалымдары өтірік айтуға болмайды, шындыққа жүгінді, түсінді, мен ғалыммын деп кеуде соқпады, шұрқырасып, пікірлесіп қалдық «бізде де бірдеңе бар» дегендей жонымды күдірейттім. Расында да, Блум таксономиясы, берілетін білімді оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге дейін көтеру мәселелері, оқушының сыни көзқарастарын дамыту сынды қазір күн тәртібінде тұрған талаптар маған таңсық емес болып шықты» [5, 3].
Ұлы ұстаздың әдебиетті тереңдетіп оқыту, әлем әдебиетімен байланыстырып оқыту мәселелерімен шұғылдану жолын көрсететін тағы да бір деректер – әр жылдарда жарық көрген ғылыми-әдістемелік мақалалары. 1990-1999 жылдар аралығында Қ.О.Бітібаева өзі бірнеше жылдар бойы редакция алқасының құрамында қызмет еткен, республика ұстаздары асыға күтіп, жаппай қолданатын «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында өзінің қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуға байланысты эксперименттік мақалалары – ұстаздың өз заманынан озық туған даралығын көрсететін ерекше еңбектері [10, 37]. Аталған мақалаларында Қ.Бітібаева өзінің авторлық бағдарламасына енгізілген А. Байтұрсынов, Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов, М. Жұмабаев, А. Құнанбаев, Б. Майлин, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов, Ж. Аймауытов, С.Торайғыров т.б. ақынжазушылардың шығармашылығын тереңдете оқытудың жолдарын ұсынады. Бұл мақалалардың басты ерекшелігі сонда, ұстаз құрғақ сөзбен теориялық материалдарды беріп қана қоймайды, оларды күнделікті тәжірибеде тиімділігі дәлелденген эксперименттік түрде нақты мысалдармен береді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуға арналған оқулықтар мен оқу құралдарын саралай келе, Қанипа Бітібаеваның Абайды, М.Әуезовті, қазіргі кезең әдебиетін тереңдетіп оқыту мәселесімен 1993 жылдардан бастап соңғы жылдарға дейін тікелей шұғылданғанын көреміз.
Ұстаз әдебиетті тереңдетіп оқытудың көкейкесті мәселелері ретінде мыналарға көңіл бөлген жөн деп атап көрсетеді:
1. Оқылатын авторлар санына әрі олардың қадау-қадау шығармаларына кең жол ашу, көркем сөз иесінің әлемін тұтастай қарастыру.
2. Тереңдетіп оқытудың келесі бір белгісі — көркем туындыны әдебиеттану ғылымы түрғысынан терең талдау [7, 165]. Терең талдауда мына мәселелерге ерекше көңіл бөлген жөн: көркем туынды негізінде жатқан ой, авторлық көзкарасты, яғни көркем туынды негізінде жаткан идеялық проблематиканы, сөз айшықтарын, тқжырымдап айтқанда, «сырты күміс, іші алтын» түр мен мазмұн бірлігін жанды бірлікте талдау, көркем сөз иесінің стилі, әдісіне барлау жасау.
Қазақ әдебиетінің теориясын, тарихын оқытумен қатар тереңдетіп оқытудың ең маңызды бір саласы – сын-зерттеулерді оқыту екендігін айта келіп, әдебиетті оқытудағы сын-зерттеулерді де оқу үдерісіне енгізеді. Сол арқылы оқушыларын әдеби деректерді дайын күйінде қабылдаушы ғана емес, өз сезімінің сүзгісінен өткізіп, өз көзқарасы тұрғысынан талдап, бағалаушы, сыни пікір, жаңа өнім тудырушы, зерттеуші деңгейіне дейін көтеруге үлкен ықпал жасайды.
Дарынды балалардың дара ерекшеліктерін дамытуға түрткі жасауды алдына мақсат етіп қойған республикалық ғылыми зертханада басты тұлғалардың жұмысы өзара субъектісубъектілік қарым-қатынасқа құрылып, оқу мен тәрбие тілдік тұлға қалыптастыруға бағытталады, жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы оқушының зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастыру жүзеге асады.
Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның әдістемесі мен технологиясы бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерде оқу үдерісіне енгізілуде, ЖОО-дарында болашақ әдебиетші мамандар оқып, үйренуде. Енедеше, өміршеңдігі мен тиімділігі тәжірибеде дәлелденген осы мол мұраны саралап, талдау, лайықты бағасын беру – болашақтың міндеті болмақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Бітібаеваның Қ.О. ғылыми-әдістемелік еңбектерінің ұстаз тұлғасын қалыптастырудағы маңызы // «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкейтесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практ. конф. материалдары. І — т. – Семей, 2006.
2 Бабанский Ю.К. Оптимизация учебно-воспитательного процесса. Ю.К. Бабанский М.: «Просвещение,» 1982. – 177 стр. 3 Идеи оптимизации и задачи учителей по их претворению //Методический материал помощь лектору на казахском языке. г. Усть – Каменогорск, 1986. – 225 бет.
4 Бітібаева Қ. — Алматы: Мектеп 2003. — 336 бет. Битибаева К.О. Идеи оптимизации и задачи учителей по их претворению. Методический материал помощь лектору на казахском языке. / К.О. Битибаева — г. Усть — Каменогорск, 1986. — 225 стр.
5 Бітібаева Қ.О. Егіз өрім: педагогикалық эсселер. 2 — басылым. / Қ.О. Бітібаева — Алматы: «Жазушы» баспасы, 2014. — 408 бет.
6 Ұстазға тағзым (Әйгілі ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева жайлы естеліктер). Құрастырған: А.Картаева, Ш.Құрманбаева. – Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ Берел баспасы, 2015. – 158 бет.
7 Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы: Екінші басылымы. / Бітібаева Қ. — Алматы: Мектеп 2003. – 336 бет.
8 Инновациялық білім беру технологиялары. Оқу құралы. — Өскемен: MediASoft, 2014.
9 6-12-сынып. Әдебиетті тереңдетіп оқыту бағдарламасы (12 жылдық білім беру). / (Қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту (ауыз әдебиетінен қазіргі кезең әдебиетіне дейін). Алматы 1996. – 278 бет.
10 Эксперимент әдебиетті тереңдетіп оқыту (А. Байтұрсынов) // Қазақ тілі мен әдебиеті, 1990, №7-8-9.
Ш.К. Курманбаева1, К.О. Оралбекова2
Великий учитель, создавший авторскую технологию обучения творчеству Абая 1,2Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, г.Нур-Султан, Казахстан Заслуженный учитель Казахстана, лауреат государственной премии СССР, академик академии педагогических наук Республики Казахстан, один из величайших людей, который имеет огромный вес в национальной образовательной системе – Канипа Омиргаликызы Битибаева является одной из не многих личностей, которые внесли огромный вклад в основании практической и научной методики обучения казахской литературы.
В данной статье мы решили сделать анализ методологических наследия Канипы Омаргаликызы Битибаевой на пути достижения инновационной технологии углубленного изучения казахской литературы.
Sh. Kurmanbayeva1, K.Oralbekova2 The great teacher who created the author’s technology of teaching Abay’s creativity
1,2L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan
Honored Teacher of Kazakhstan, winner of the State Prize of the USSR, academician of the Academy of Pedagogical Sciences of the Republic of Kazakhstan, one of the greatest people who has huge weight in the national educational system Kanipa Bitibaeva is one of not many personalities who have made a huge contribution in the basis of practical and scientific methodology of Kazakh literature teaching.
In this article we decided to make an analysis of Kanipa Bitibaeva ‘s methodological heritage towards achieving innovative technology of in-depth study of Kazakh literature.