ҚАЗІРГІ АЙТЫС ҮЛГІЛЕРІНДЕГІ ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

А.Қ.Үшкемпір
1магистрант, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан
Республикасы, e-mail: altynai_95.kz@bk.ru

ҚАЗІРГІ АЙТЫС ҮЛГІЛЕРІНДЕГІ ДӘСТҮР ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Мақалада бәдік, жар-жар сынды ескі айтыс үлгілері мен қазіргі заман айтысы жанрлық, көркемдік және стильдік жағынан сараланды. Зерттеу нысаны диахронды және синхронды аспектілерде қарастырылды. Айтыс өлеңдеріндегі өлең құрылымы мен троптық және фигуралық көркемдік айшықтар, авторлық қолданыстар жекеше талданды. Талдау барысында хроникалық талап бойынша бөлінген айтыстың екі жіктелімі бір-бірімен салыстырылды. Айтыс жанрына тән тарихилық, синкреттілік принципі мысалдармен дәлелденді. Тұжырымдар жасауда салыстыру, анализ, синтез және жинақтау әдістері қолданылды.
Кілт сөздер: синкреттілік, айтыс, қазіргі айтыс, көне айтыстар, бәдік айтыс, жаржар айтысы, ақындар айтысы.

КІРІСПЕ

Түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиеті арнасының тоғысында тұрған көне жанрлардың бірі айтыс бүгінде өзінің даму траекториясын жоғалтқан емес. Айтыс жанрының бастау көзі халықтың наным-сенімі, діни ұстанымы, салт-дәстүрінен туындаса, бүгінде ол қоғамдық, саяси сипат алып, ұлттың келелі әрі өзекті мәселесін шешуде басты рөл атқаратын сөз құралына айналды.
Айтыстың жанр ретіндегі ең ерекше сипаты – синкреттілігі. Синкреттілік қасиеті оның бірнеше өнерді бір арнаға біріктіруімен ерекшеленеді. Мәселен, айтыста сөз өнерінен бөлек, сахна өнері, музыка өнері, психологиялық тартыс сынды басқа еш жанрда жоқ сан алуан өнер мен ғылым салалары біріккен. Фольклордың синкреттілігі оның мәдениет пен әдебиеттің қиылысу нүктесінен бастап өрбиді. Мысалы, айтыс жанрының өзі елдің алдында өтетін болғандықтан, сахналық қойылым, яғни драма бола алады. Оның драма болатын екінші себебі де бар: айтыс тартыстан (конфликтіден) тұрады. Екіншіден, айтыс сөз тартысы болғандықтан және де ауызша өтетіндіктен, ауыз әдебиетіне жатады. Үшіншіден, айтысу барысында сөз саптас арнайы мелодиялық мақамға сәйкес айтылып, ұлттық аспап домбыраның сүйемелденуін де ескерген абзал. Төртіншіден, айтысқа түсетін ақындар ұлттық киімімен ерекшеленген. Қазақы нақышта жасалған ұлттық киім эстетикалық талаптарға ғана жауап бермейді, сонымен қатар ұлт мәдениетінен де хабар береді. Осы ескертпелерді назарға ала отырып, «фольклор – тек әдебиетке тән өнер емес, ол жалпыхалықтық өнерлердің жинақталған үлгісі» деген анықтама ұсынуға болады. Сондай-ақ қарсыластың тактикасын белсенді меңгере отырып, өзіндік тактикамен психологиялық шабуыл жасауда да психологиялық білімді талап етеді. Сонда айтыс әдебиеттің басқа жанрларынан толығымен синкретті өнер бола алуымен ерекшеленеді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Айтыстың дәстүрлі жанрлық белгілерден жаңылмауы, дамуы мен өзгеріске енуі синкреттілік сипаттардың бәсеңдеуімен немесе оның жаңаша түрленуімен байланысады. «Сөз барымтасы» аталып кеткен аталмыш жанр тіліне, қаузайтын тақырыбына, айтысу ерекшелігіне байланысты түрліше жіктеледі. Сол жіктелу ерекшелігіне байланысты бәдік, өлі мен тірінің айтысы, жар-жар, қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы сынды бірнеше түрі кездеседі. Олардың ортақтығы мен айырмашылығынан бұрын, әрқайсысының өзіндік өміршеңдік принципі бар. Мысалы, бәдік айтысы – ең көне айтыс, бірақ қазіргі уақытта қолданыста жоқ. Өйткені «бәдік» ұғымы көне сенімнен шыққан. Оған «малдың айналма ауруы», «адамға немесе малға жұғатын індет» сынды анықтамалар берілген. Бұл ұғымды әркім әрқилы түсінеді: бірі «тәңір иесінің аты», ал енді бірі «малға не адамға жабысатын ауру» деген анықтама береді. Ол бәдік жырлары мен бәдік айтыстарында түрлі сипатта көрінеді:
Жігіт:
Қаратауым дегенде Қаратауым, Тау басынан соғады қара дауыл.
Сіздің үйде бір бәдік бар дегенде Қаптай көшіп келеді біздің ауыл.
Қыз:
Бәдік кетіп қалыпты таудан асып, Таудан арғы бұлтпенен араласып.
Енді екеуміз бәдікті тауып алып,
Шың құмардан шығалық сабаласып! [1, 55] – деген жолдарда айтыс ақындары аурудан қайдан шыққанын және қайда көшіп бара жатқанын, сонымен қатар онымен қалай күресетінін айтып жоспар құрады. Ақындар сөз сиқырына сенеді, осы себепті де бәдікті сөзбен қорқытады.
Осы орайда орыс ғалымы А.Будаговтың: «Бәдік – малдың нәр татпай айналып жүретін ауруы (оны сиқыр сөзбен емдейді: ауыл қыздары өлеңдер айтып, көбіне «Көш, бәдік, көш.
Тауға көш, Жайыққа көш, Еділге көш» жиі қайталайды»)» [2, 248] деген анықтамасын да назарға алған дұрыс. Өйткені мұнда ғалым бәдіктің сөз сиқырымен емделетінін дәледдейді. Ал бұл айтыстың қазіргі әдеби үдерістен қалыс қалуы функциясыздығымен түсіндіріледі. Өйткені кез келген әдеби құрал қоғамға белгілі бір қызмет етуі қажет және оның қажеттілігі болу керек. Бәдік айтысының қазіргі әдеби және мәдени өмірде қолданысқа енбеуін халық тұрмысының басқа бағытқа өзгеруімен байланыстыруға болады.
Ал өлі мен тірінің айтысы, жануарлар арасындағы айтыс сол дәуірдегі адамдардың қияли танымынан туындаған. Бұлар танымдық фактордың әсерінен туындаған айтыстар болса, салт-дәстүр негізінде туындаған да айтыс түрлері ұшырасады. Солардың бірі – жаржар айтыс. Жар-жар қыз бен жігіт болып екі топқа бөлінген ақындар бір-бірімен сөз саптау арқылы күресіп, әзілдесіп, соны сахналық қойылым сияқты қояды.
Бұрынғы айтыстың ерекшелігі ежелгі дүниетанымның ықпалынан туғандығы, салтдәстүр ерекшелігі болса, қазіргі айтыстың түрленуі мүлде бөлек. Қазіргі айтысты «синкретті айтыстың синкреттенуі» деп түсіндіруге болады. Өйткені жалпы сипаттарды, яғни салт-сана, діни таным, сөз таластыру сынды қасиеттерді бойына жиған айтыс жанры қазір тағы бір мәрте жалқыланып, жинақталып, тек әдебиет пен қоғам талабына қажетті сипаттарды бойына жиған. Мысалы,
Көркіңді көзі барлар көріп қалсын, Көрмегендер арманда өліп-талсын. Балиғат жастан асқан Қарлығаш қыз, Мінезімен елітіп ерікті алсын.
Діңгегі жетілмеген түйін салып,
Жеміс беріп көрмеген өрік талсың. Ал мен болсам кәдімгі қара ағашпын, Жақсыға ық, жаманға дар ағашпын.
Түйін салмақ түгілі гүлдемеймін,
Суымен суарсаң да «Сарыағаштың» [3, 14 ] – деген Мұхтар Қуандықов әрі нәзік, әрі өткір әзілі мен жұмбағына ақын Қарлығаш Әубәкірова былай жауап қайырады: Табам деп көңілімнің терезесін,
Мұхтар да жанымызды тындырмайды.
Ешкі байғұс қанша тулағанмен,
Ешкімнің терезесін сындырмайды [3, 15 ], – деп жұмбақ қалжыңына жауап береді де, қоғамның жай-күйін былайша тоғытады: Білімнің жайын айтсаң мол ағыла, Азырақ көңіл-күйің соғады ма? Білімнің жүйесіне бір жаңалық, Енгіземіз деп жатыр жоғарыда. Жаңа мектеп бітірген сары ауызды, Түсірмек тестілеудің сорабына. «Әйгерім қандай көйлек киіп шығып, Шай құйып берді», – дейді қонағына.
«Шыңғысханның итінің аты кім?» – деп
Осындай да сұрақтар болады ма? [3, 15] – дегендегі ақынның тоғытпасынан білім саласындағы өзгерістердің шалалығы көрінеді. Мұнда қыз бен жігіт айтысындағы жеңіл әзілдермен қатар, маңызы бар мәселелер де қылаң береді. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі сауалдардың дұрыс құрастырылмағанын ақын қыз нақты аргументпен дәлелдейді. Ал Мұхтардың сөз саптасынан бұрынғы ақындардың да дәстүрлі қолданыстарын байқауға болады. Айтар болсақ, «Ал мен болсам кәдімгі қара ағашпын», «Жақсыға ық, жаманға дар ағашпын» деген қолданыстары – күрделі метафоралық қолданыстың таза үлгісі. Жіктік жалғауы арқылы жасалған метафораның бұл түрі эпитетті келген. Ағаштың жай емес, қаралығы мықтылықпен астасса, ал жақсы мен жаманды қатар салыстыра отырып ақын ақ пен қараның да символикасын білдіруді меңзеген. Бұл айтыста ақын мен ақын арасындағы жеңіл қағытпалар да, саяси мотив те, қоғамдық мәселе де кездеседі. Демек қазіргі ақындар айтысы жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
Фольклортанудағы негізгі мәселелерді зерттеген Болатжан Абылқасымов өзінің «Телқоңыр» монографиялық еңбегінде: «Тарихи жыр, аңыздарда, айтыс, толғау, жоқтау, терме сияқты жанрларда бір қарағанда тарихи деректер дәлдігі көбірек сақталынады. Себебі оларда нақты оқиғалар, нақты адамдар, нақты қоғамдық-әлеуметтік қатынастар молырақ орын алады» [4, 4], – деп жазады. Демек, тарихилық, хроникалық принцип айтыс жанрына да тән болып келеді деп айтуға толық дәлел бар. Өйткені жоғарыда келтірілген бәдік айтысы арқылы сол замандағы халықтың танымы мен көзқарасын айқын танысақ, ал қазіргі заман айтысынан алынған мысалдан ХХІ ғасыр қоғамының таным-көзқарас деңгейін, арбау немесе алдау сынды сенімдерден гөрі нақты әрі деректі мәселені көтеретінін байқаймыз.
Бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыс арасындағы айырмашылық та жоқ емес. Әсіресе айтыста кең таралған пафос метафораның жіктік жалғауы арқылы күрделеніп берілуі әлі күнгі айтыс тактикасында да белсенді қолданылып келеді. Қазіргі ақындар мұны өзінің портретін беруден бөлек қарсыласының назарын ояту үшін де пайдаланады. Осы тұрғыда оны сызбанұсқамен келесідей саралауға болады:


1-кесте. Айтыстағы дәстүр мен жаңашылдықты ажыратушы белгілер Бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтысты салыстыруда ақындардың жас ерекшеліктері де айрықша сипатта көрінеді. Бұрынғы айтыстарда ақындардың жастары шамалас келген. Ал қазіргі сөз барымтасында айтыс ақындары ағалы-іні, апалы-сіңлі, апалы-іні болып та айтыса береді. Мысал ретінде Әселхан Қалыбекова мен Аманжол Әлтайдың Абайдың мерейтойына арналған айтыстағы сөз жарысын алуға болады.
Аманжол:
Жүйріктер жатқан кезде көмбе келіп, Екеуміз сөз сөйлейік жөнге келіп. Отырсыз оң жағымда, асыл апа, Бүгінгі толған айдай дөңгеленіп. Жасымды есепке алсам, ұлыңдаймын, Жан апа, жөнсіз жерден ұрынбаймын.
Секілді мама биі сіз жорытқанда,
Соңыңнан шұрқыраған құлындаймын [5, 7].
Әселхан:
Ақынмын, алды-артымды амалдаймын, Сипаған маңдайыңнан самалдаймын. Әйтеуір жеңем деген ниет болса, Демеймін оның жөнін таба алмаймын. Бозінген өз ботасын шайнамайды, Сәулесі түскен жансың саған да айдың. Айналдым отырысыңнан, сөздеріңнен, Тұп-тура өзім тапқан апаңдаймын [5, 8].
Бұл айтыстан ең алдымен ақындардың жас ерекшелігі, бір-біріне деген ілтипаты және сыйластығы көрінеді. Оны екі ақын да асыл сөзбен көмкерілген жыр жолдары арқылы байқатады. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» мақалы дәл осы мәнмәтінге сай келіп тұр. Сонымен бірге алғашқы ақынның стилін екінші ақынның жалғастыру да қазіргі айтысу дәстүрін жаңашыл тұсынан танытып тұр. Аманжол ақынның –дайын, -дейін жұрнақтарын Әселхан да тармақтар соңында қостайды. Демек, үндесім мен сыйластықтың да үйлесім тапқанын байқаймыз. Ақындар қолданысындағы көркемдік ерекшеліктер көбіне теңеуден жасалған. Әселханды жаңа толып дөңгеленген айға теңеген Аманжолды апасы да жатсынбай, өзін – бозінгенге, ал қарсыласын өзінен бірнеше жас кішілігіне сай ботасына балайды. Теңеу мен метафораның алма-кезек қолданысы ақындардың да бір-біріне деген таза ниетін білдіруде ерекше қызмет атқарып тұр.

ҚОРЫТЫНДЫ

Жалпы айтқанда, көне айтыс пен бүгінгі айтысты салыстыруда дәстүрге де, жаңашылдыққа да көзіміз шалады. Бұрынғы айтыс көбіне салт-дәстүрдің немесе діни нанымның шеңберінде шектеліп, ақындардың қарапайым сөз қағыстыруы сирек байқалса, қазіргі айтыстардың барлық дені екі ақынның қоғамды, заманды, бүгінгі уақыт пен бұрынғы уақыттың айырмашылықтарын жіктеп, сынаудан болады. Сонымен бірге бұрынғы айтыстар өлең құрылысы жағынан 1-2 шумақты келсе, қазіргі айтыстар шумақ емес, тіпті бірнеше түйдек арқылы жалғасып тауып, дами береді. Қазіргі сахналық айтыстарда көбіне ақындар бірнеше ойын жинақтап, өзінің уақыты келгенде айтады, яғни белгілі бір регламентке бағынады. Бұрынғы айтыстарда ақындар керісінше ой регламентіне, әркімнің сөз қауқарына сүйенген. Сонымен бірге бұрынғы айтыстарда талқыланатын мәселе жалпы тұрмыстық сауалдардан туындаса, қазіргі айтыстарға кесек тақырыптар, ұлт болашағына әсерін тигізетін ірі проблемалар арқау болады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Қазақ мемлекеттік оқупедагогика баспасы, 1964. – 340 б.
2 Будагов А. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. СПб., 1869. – 301 с.
3 Қазіргі айтыс. 3-кітап. Астана: «Күлтегін», 2006. – 320 б.
4 Абылқасымов Б. «Фольклор», «Ауыз әдебиеті» ұғымдары туралы //Фольклор шындығы. – Алматы, 1990, 169-181 б. 5 Әлтаев А. Наркескен. – Астана: «Фолиант», 2014. – 288 б.

А.К.Ушкемпир
Традиции и новизна в современных образцах айтыса
Евразийский национальный университет им.Л.Н.Гумилева, г.Нур-Султан, Казахстан
В статье анализируются образцы древнего айтыса, такие, как бадик, жар-жар и современный айтыс по жанровой, художественной и стилистической категориям. Объект исследования был рассмотрен в диахронном и синхронном аспектах. В стихах айтыса были проанализированы составы стихов, тропные и фигурные художественные методы. В ходе анализа две классификации айтыса, разделенные по хронологическому требованию, сравнивались друг с другом. Принцип историзма, синкретности, характерный для жанра айтыса, доказан примерами. При составлении выводов использовались методы сравнения, анализа, синтеза и обобщения.

A. Ushkempir
Tradition and novelty in modern samples of aitys
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan
The article analyzes the samples of ancient aitys, such as badik, Zhar-Zhar and modern aitys by genre, artistic and stylistic categories. The object of the study was considered in the diachronic and synchronous aspects. In aitys ‘ poems the compositions of poems, tropic and figurative artistic methods were analyzed. In the course of the analysis, the two classifications of aitys, separated by chronological requirement, were compared with each other. The principle of historicism, syncretism, characteristic of the aitys genre, is proved by examples. In drawing conclusions, methods of comparison, analysis, synthesis and generalization were used.





Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *