КӨРКЕМ МӘТІН ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ГЕРМЕНЕВТИКАЛЫҚ ӘДІСТЕР

Ғ.Н. Отарбаева
Сулейман Демирель атындағы университет докторанты, «Тілдік білім беру» кафедрасының магистр, аға оқытушысы, Қаскелең қ., Қазақстан, e-mail: gaziza.otarbayeva@sdu.edu.kz

КӨРКЕМ МӘТІН ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ГЕРМЕНЕВТИКАЛЫҚ ӘДІСТЕР

Мақалада көркем мәтін интерпретациясының зерттелу тарихы қарастырылып, көркем мәтінді түсіну әдістемесімен, интерпретациямен байланысты зерттеулер талданған. Мәтінді интерпретациялауға, мәтіндегі кодты ашып түсінуге арналған еңбектер сараланып, көзқарастарды бірнеше бағытқа жіктеп ұсынамыз. Сонымен қатар, көркем мәтін интерпретациясы мен түсіну мәселелері әдебиеттану, психоливистика, когнитивті лингвистика және герменевтика ғылымдары аясында қарастырылады. Кілт сөздер: интерпретация, көркем мәтін, герменевтика, түсіну, талдау.

КІРІСПЕ

Көркем шығарма – күрделі әрі көпқырлы құбылыс. Көркем шығарманы оқыту мен талдауда түрлі тәсілдер мен әдістерге жүгінеміз. Бір көркем шығарманы мәтін теориясы, поэтикасы, герменевтика, стилистика сынды сан қырынан зерттеп, талдау жасай аламыз. Көркем шығарма тек тілдік материал ғана емес, ұлттық менталитет пен құндылықтардың көрінісі, адамзат ақыл-ойының айнасы, әлемдік мәдениет пен таным картасы болып табылады. Көркем шығармада тіл арқылы, сөз немесе сөйлеу арқылы ғана жеткізілу мүмкіндігінен әлдеқайда көп ақпараттар қоры сақталған. Кейде кішкене ғана деталь көркем шығарманың мәнін ашып беріп жатса, кейде керісінше, бүкіл көркем туынды бір ғана детальды түсіндіруге қызмет атқарып тұрады. Осы тұрғыдан алғанда көркем шығарманы дұрыс қабылдау мен түсіну өте маңызды. Интерпретация көркем шығарманың осы концептуалдық мазмұнын түсінуге жетелейді. Концептуалдық мән, концептуалдық мазмұн дегеніміз не? Ол неден көрініс табады? Ол көркем шығармадағы экстралингвистикалық, яғни, прагматикалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлардың бірлігінен, олардың біте қабысып көркем мәтін түзуінен туындайды. Ал оларды қабылдау мен түсіну жолы – интерпретация.
Интерпретация мәселесінің бүгінгі таңдағы өзектілігі таным белсенділігінің маңызға ие болуы, көркем шығармаға жаңаша көзқарастардың қалыптасуы, шығарманы түсіну, талдау мәселелері мен автор-интерпретаордың тұлғалық қалыптасу формаларының өзектілігімен тікелей байланысты.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Интерпретация төңірегіндегі мәселелер көптеген гуманитарлық пәндердің фундаменталды сұрақтарының бірі, әрі бүгінгі күнге дейін түрлі зерттеулер мен дискуссиялардың нысанына айналып келеді. Философиялық және әдебиеттанушылық көзқарастар бойынша дамудың қазіргі кезеңінде интерпретация – айқындалған нақты мәселе, қалыптасқан әдіс. Бұл турасында А.А. Грицанов интерпретацияны: «конституированный метод и эксплицитно поставленная проблема, ставшая ключевой для философской герменевтики, вырастающей из экзегетической традиции» [1,254] – деп көрсетеді.
Интерпретация ұғымы алғаш бастауын Антикалық дәуірден алады. Ежелгі Грекияда интерпретация алғашқы мектептердің пайда болуына байланысты ақындардың өлеңжырларын түсіндіру өнері ретінде қалыптасты. Кейіннен «интерпретация» герменевтиканың негізгі ұғымына айналып, бастапқыдағыдай тек түсіндіру өнері емес, философиялықәдіснамалық білім ретінде танылды. Герменевтиканың түсіну мен интерпретацияның жалпы теориясы болып қалыптасуына Фридрих Шлейермахер, Вильгельм Дильтей, Поль Рикёр, Ханс-Георг Гадамер сынды философтардың қосқан үлесі зор болды. Л.А. Микешина: «Становление герменевтики в качестве философского учения оказало важное влияние на интерпретацию. Происходит расширение предметного поля интерпретации. С этого момента интерпретация не сводится исключительно к работе с текстами, но имеет дело с иными формами и проявлениями человеческого существования» [2,21] – деп интерпретация ұғымының аясы кеңи түскенін айтады.
Интерпретация мәселесін ғылыми таным әдісі ретінде алғаш рет қарастырған неміс ғалымы Вильгельм Дильтей болатын. Ол гуманитарлық ғылымдардың жалпы мәселесін қарастыруды көздеп, оған «рух туралы ғылым» деп атау береді. В. Дильтей позитивистік философияның үстемдік құрып, жаратылыстану ғылымдары ғана ғылыми танымның негізі ретінде танылып тұрған кезеңде жалпы таным процесі қалай жүреді, жеке тұлғалардың әлемді тануы қалай жүзеге асады және оның құралы не деген сұрақтарды көтерді. Дильтейдің пікірінше, «рух туралы ғылымда» әр ғылыми танымның астарында тек гуманитарлық ғылымдарға тән интерпретация әдісі жатыр. «Интерпретация – искусное разумение длительно фиксируемых жизненных проявлений» [3,169] – деп, Дильтей объектінің ішкі мазмұнын музыка, ым-ишара, сөз, әрекет, қалыптасқан ереже немесе тұрмыстық заңдылықтар формасында берілетін ішкі белгілері арқылы тану процесін нұсқайды.
Гуманитарлық ғылымдарға деген жаңа көзқарастар мен герменевтиканың философиялық-әдіснамалық ғылым ретінде қалыптасуы интерпретацияны таным әрекетінің әдісі ретінде көрсетті. Неміс философы Ханс-Георг Гадамер интерпретацияны тарих пен семиотика, логика мен тілдік гносеология, филология мен әдеби сын, аударма ісі сынды гумантитарлық маңызы зор ғылымдар мен салаларға «қызмет ететін» теориялық-танымдық категориялардың бірі ретінде қарастырады [4,321].
1955 жылы итальяндық заңтанушы, тарихшы, философ Эмилио Беттидің «Интерпретацияның жалпы теориясы» еңбегі жарық көрді. Беттидің теориясына сәйкес, интерпретация – үш тарап: автордың субъективті ойы, интерпретатордың субъективті ойы және екеуінің арасындағы хабар жеткізуші делдал қызметін атқаратын репрезентативті форма қатысатын процесс. Бетти теориясының негізгі ұғымы «репрезентативті форма» дегеніміз – барлық адам субъектісінің мағыналық көрінісін (жазбаша мәтін, өнер туындысы, сөйлеу, әрекет, символ, жест, т.б.) атайды. Репрезентативті форманың негізгі міндеті – мәтіннің өн бойындағы мағына мен мәнді жеткізу.
Э. Бетти интерпретацияның негізгі төрт ұстанымын атап көрсетеді. Олардың негізгі міндеті – интерпретацияның объективтілігін сақтау.
1. Интепретация нысанының автономиясы ұстанымы. Яғни, интерпретатор интерпретацияның нақтылығына кедергі болатын өзінің субъективті көзқарастарынан алшақтау болуы, басқаша айтқанда жаңа мағына үстелмеуі керек, керісінше бар мағынаны ала білу қажет.
2. Мағыналық байланыс немесе жинақылық ұстанымы. Интерпретатордан жекелеген бөлімдер мен бүтін нысанды түсіндіруде арақатынасты сақтай білу талап етіледі.
3. Түсінудің өзектілігі ұстанымы интерпретатордан өзгенің ойын өзі өмір сүрген кезеңнің өзекті мәселесімен байланыстыра білу қабілетін талап етеді.
4. Герменевтикалық мағыналық сәйкестік немесе түсінудің адекваттылығы ұстанымы интерпретатордың шығарманы тудырушыға рухани жақындай түсуін көздейді. Өзін автордың айтор ойымен, дүниені қабылдауымен біте қайнасып, сабақтастық орнатуға дайындай білуін талап етеді.
Сонымен қатар, Э.Бетти интерпретация түрлерін анықтаушы (распознающая), репродуктивті, нормативті деп жіктейді.
Анықтаушы интерпретацияның мақсаты – қайта ұсынылған (репрезентативті) деректерегі мәнді, мағынаны түсіну. Интерпретацияның бұл түріне тарихи және филологиялық түсіндірулер жатады.
Репродуктивті немесе репрезентативті интепретацияның мақсаты – адресатқа туындының бойындағы мәнді жеткізу. Бұған драмалық, музыкалық интерпретация, мәтін аудармасы жатады.
Нормативті интерпретация тұрақтылық қасиетке ие. Өздігінше түсіну емес, белгілі ережелерді, нормалар мен догмаларды, моральдық және психологиялық талаптарды түсінудегі тұрақтылықты қамтиды. Э. Бетти интерпретацияның бұл түріне заңгерлік, діни, этико-педагогикалық интерпретацияны жатқызады [5,211].
Француз философы Поль Рикёр интерпретацияда көп мағыналылықтың орын алатынын айтады. Интепретация құрылымы күределі, көп қабатты белгілер мен символдармен жұмыс істеуге тура келеді. Тура, бірінші, нақты мағына болып табылатын мағынаның үсіне ауыспалы, екінші мағына үстеліп, ол тек тура мағынаға сүйену арқылы анықталады. Бұл көп мағыналылық шеңберін П. Рикёр герменевтикалық алаң (поля) деп атайды. Нәтижесінде мәтін бірі-біріне нұсқайтын бірнеше мағынаға ие болады. Рикёрдің анықтауынша, «интерпретация – это работа мышления, которая состоит в расшифровке смысла, скрывающегося за очевидным смыслом, в выявлении уровней значения, заключенных в буквальном значении». П. Рикёр интерпретацияның көп мағыналылығы мен конфликті түсінудегі кемшілік емес, артықшылық деп есептегенімен, интерпретация арқылы алынған білімнің объективті болу мәселесін көтереді.
Интерпретация арқылы алған білімнің объективтілігі мәселесі зерттеуші интерпретацияны өзінің интерпретативті базасы тұрғысынан жүзеге асыратындығынан туындайы. Нәтижесінде, зерттеуші қаншалықты объективті бола алды, түрлі интерпретацияларды қалай салыстыруға және бағалауға болады, әр түрлі интерпретацияларды қалай өзара байланыстыруға болады немесе интерпретациялар конфликтін қалай шешуге болады, неғұрлым адекватты интерпретация бар ма, адекваттылық өлшемдері қандай деген заңды сұрақтар туындайды.
Интерпретация итальяндық ғалым, философ, семиотика және ортағасырлық эстетика саласының маманы, мәдениеттанушы, әдеби сыншы, жазушы, публицист ретінде танылған Умберто Эконың да назарынан тыс қалмады. Эконың көзқарасында, интерпретация – мәнмағынаны анықтау процесі мен оның нәтижесі және сол нәтижелерді өздігінше түсініп, алынған мән-мағыналар бойынша өзіндік концепциялар түзе білу. Бұл көзқарастар тұрғысынан алғанда бірнеше сұрақтар маңызға ие болады. Олар – алынған мән-мағынаның аудентикалығына (дәлдігіне, туралығына) кім кепіл бола алады, интерпретацияның шекарасын, шеңберін кім анықтайды, шығармадағы мән-мағынаның тарылуына немесе өзгеріп кетуіне кім жауапты болады, бір сөзбен айтқанда, гиперинтерпретацияның туындамауы кімнің жауапкершілігінде деген сұрақтар.
Аталған мәселе бойынша У. Эко алғашқы зерттеулерін жалпы гуманитарлық және лингвистикалық зерттеулер аясында қарастырудан бастады. Мысалы, 1962 жылы жарық көрген «Открытое произведение» және 1968 жылы жарық көрген «Отсутствующая структура. Введение в семиологию» сынды мәтінді семиотикалық талдаумен байланысты еңбектерінде автор мен оқырман, интерпретация мәселелері пәнаралық, жалпы философиялық көзқарастыр тұрғысынан қозғалып өтеді. У. Эко интерпретация ұғымын зерттеуде бастапқыда Чарлс Сандерс Пирстің философиялық ойларына сүйеніп, мәселені тек коммуникацияның жалпы теориясы мен семиотиканың аясында қарастырады.
1970 жылдардың екінші жартысынан бастап У. Эко интерпретация мәселесімен түбегейлі айналыса бастайды. 1979 жылы жарық көрген «Оқырманның рөлі» («Роль читателя») монографиясында «идеалды оқырман» ұғымын ұсынады. «Идеалды оқырман» — интепретацияның көртеген мүмкіндіктерін түсіне білетін оқырман. Эко өзінің алдынғы еңбектерінде атқан интерпретацияның шексіздігі туралы ойларын қайта қарап, интерпретацияның көп болуы мүмкін, алайда ол шексіз бола аламайтынын көрсетеді.
Шынайы интерпретацияның туындау мүмкіндігін мәтін реттеп отырады. Мәтіннің құрылымындағы адекватты ой, идея адекватты интерпретацияның туындауына да себепші бола алады. Алайда бұл, интепретацияның дұрыс не бұрыстығына автор төрелік айта алады деген де мағынаны білдірмейді, десе де адекватты интерпретацияның туындауына ұмтылыс «идеалды оқырман» тарапынан жасалатынын айтады.
1990 жылы шыққан «Интерпретация шекаралары» («Пределы интерпретации») атты еңбегінде интерпретацияның еркіндігі мәселесін қайта көтереді. Зерттеуші А.Р. Усманова автордың бұл еңбегіне: «Эко впоследствии пришлось взять на себя „ответственность“ за эскалацию «открытости» и «бесконечности интерпретации», пересмотреть и трансформировать собственные научные взгляды» деген баға береді.
Умберто Эконың ғылыми көзқарастарының эволюциясы интерпретация мен оның негізгі қызметі туралы ой-пікірлеріне де әсер етіп, түсіудегі автор мен оқырман категорияларының арақатынасы туралы зерттеулерге жол салып берді.
Көркем мәтін спецификасын тану, мәтінді түсінуге деген ұмтылыстың сонау Антика дәуірінен бастау алып, эстетика, поэтика, семиотика мен лингвистика аясында ғасырлар бойы түрлі пікірлер мен көзқарастардың нысанына айналып келгенін айтқан болатынбыз. ХХ ғасырда жазба мәтінді түсіну мәселелері философияда (Р. Барт, Ф. Растье, П. Рикѐр, Х.Г. Гадамер, Г. Шпетһ, Ж. Бекбосынова, Г. Тульчинский және т.б.), әдеби көркем мәтін әдебиеттануда (В. Лукин, М. Гореликова, Н. Галеева, Н. Рахимова, А. Кузнецов, О. Червинская және т.б.) орыс және шетел ғалымдары тарапынан зерттеліп келді.
Неміс философы Х.-Г. Гадамер өз еңбектерінде эсетика, тілдің онтологиясы, герменевтика теориясы мәселелерін қатар көтеріп, жалпыға ортақ мәтінді түсіну мүмкіндігін, жағдайын жасауға ұмтылады. Мәтінді философ «представляет собой нечто большее, чем обозначение проблемного поля литературного анализа. Интерпретация – нечто большее, чем просто техника научного истолкования текстов», — деп түсіндіреді [4,78].
Көркем мәтінді түсіну әдістемесімен, интерпретациямен байланысты зерттеулерді талдап, зерделей отырып, мәтінді интерпретациялауға, мәтіндегі кодты ашып түсінуге арналған еңбектерді саралап, көзқарастарды бірнеше бағытқа жіктеп ұсынуды жөн көрдік.
1. Мәтінді өзі жазылған тілдің филологиясы аясында талдау. Бұл тәсіл мәтінді ішкі талдау арқылы түсініп, қабылдауға негізделген. (Л.В. Поповская т.б. еңбектері негізінде)
2. Шығарманың айтар ойы мен эстетикалық құндылығын түсінуде мәтіннің жанрлық ерекшеліктерін ескеру маңызды. (Г. И. Богин, М. М. Бахтин, В. М. Головко т.б. еңбектері негізінде)
3. Мәтінді өзі жазылған кезеңге сәйкес мәдени-тарихи жағдаяттарды ескеріп интерпретациялау керек. Бұндай талдаулар мәтін жазылған кезеңге қатысты кең көлемді контекспен жұмыс істеуді көздейді. (В. Дильтей т.б. еңбектері негізінде)
4. Мәтінді дискурстың бір бөлігі ретінде қарастыру. Бұл жағдайда мәтін прагматикасына назар аударылып, адресат пен адресанттың қарым-қатынасы анықталады.
(В. И. Карасик, Л. В. Поповская т.б. еңбектері негізінде)
5. Мәтінді белгілі бір автордың туындыларының бірі ретінде қарастырып, оны интерпретациялауда шығарманың жазылуына әсер еткен библиографиялық мәліметтерге жүгіну (М.Загидуллина т.б. еңбектері негізінде)
6. Мәтінді түсінуге оқырманның өмірге деген жеке көзқарасы, өзіндік тәжірибесі мен дүниетанымы әсер етеді. Соған байланысты кей ақпараттар түсінуге оңай немесе қиын тиіп, кей ақпараттар шынайы немесе жалған түрінде қабылданады. (А.А. Брудный, М. Ю. Лотман т.б. еңбектері негізінде)
7. Мәтінді терең түсіну үшін түсінуге арналған арнайы әрекеттер, түсінуге деген өзіндік дайындық керек. Бұл үйренуге, қалыптастыруға болатын рефлексивті оқу қабілеті (Г. И. Богин т.б. еңбектері негізінде)
8. Бір мәселе төңірегіндегі бірнеше кейіпкердің көзқарастарын салыстыру арқылы мәтіннің жалпы полифониясын құрастыруға болады. (Г. И. Богиннің еңбектері негізінде) Аталған көзқарастарға кеңірек түсініктеме беріп өтейік.
Шығарманы жазылған тілдің филологиясына қарай талдау әдісі мәтін талдауда тең қолданыста. Бұл талдаудың негізгі мақсаты – мәтіннің тілін түсініті ету, историзм, архаизм, кірме сөздер, терминдер т.б. сияқты сирек қолданыстағы сөздердің мағынасын айқынау. Талдаудың тағы бір маңызды бөлігін стилистикалық фигуралар мен троптың түрлері құрайды. Егер біз тілдік бірліктерді мәтін талдау жүйесінің бір бөлігі ретінде қарайтын болсақ, онда біз мәтіннің пропозицияларын да жақсырақ игереміз, басқаша айтқанда мазмұнына бойлай аламыз. Бұндай түсінуді бастапқы түсіну, оқырманды терең түсінуге дайынушы түсіну деп атаймыз. Л.В. Поповская сөздердің лексико-грамматикалық мағыналары, грамматикалық категориялардың қолданысы, имплициттілік сияқты тілдің көркемдік қызметтерін қамтитын мәтінді фунционалды талдау әдісін ұсынады. Бұл әдіс аясына мәтіннің ішкі байланысын, концептуалды мағынасын анықтайтын семантикалық талдауды да қоса кетеді.
Мәтін талдаудың негізігі бөлігі – мәтіннің жанрын түсіну. Бұл тұста автордың мәтінге берген бағасын, көзқарасын да ескерген жөн. Егер оқырман роман жанрының детектив екенін білсе, ол кітаптың бірінші бетін ашқаннан қандай қылмыс жасалып, ол қалай ашылатын іздеумен болады. Туындының жанрын атап көрсету оқырманды алғашқы түсінікке жетелейтін тәсілдің бір түрі.
Белгілі бір жанрға жататын мәтін құрылымын түсіну оқырманға алдын-ала түсінік беріп қана қоймайды, шығарманы оқу барысында да шығарманың айтар ойына әсер еткен тұстарын байқап отыруға көмек береді. Шығарманың жанрын түсіну шығарма мазмұнын түсінуден шығарманың негізі идеясы мен мән-мағынасын түсінуге түрткі бола алады. Жанр көркем мәтінді ұйымдастыруға (құрылымға) өздігінше әсер ететін мазмұн түзуге әсер етеді.
Жанрлық құрылымды дұрыс түсіну, мәтінді де дұрыс түсінуге ықпал етері сөзсіз.
Шығарма жазылған кезеңдегі мәдени-тарихи жағдаятты түсіну сол елді, оның салтсанасын, мәдени ерекшеліктерін, сонымен қатар, дәл сол тарихи кезеңде жазылған басқа да әдеби жәдігерлерді қарастыру арқылы қалыптасады. Бұндай интерпретация көркем шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін басқа тарихи-мәдени кезең тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Мәдени-тарихи фон мәтіннің мағыналық аясын кеңейтіп, тек мәтін арқылы ғана түсіне алмайтын мағыналарды үстейді. Олар эмоционалды-бағалауыштық, аксиологиялық, когнитивтік мағыналар болуы мүмкін.
Мәдени-тарихи фонды талдаудың тиімді жолдарының бірі мәтінде көрініс беретін немесе жанама қатысы бар концептілерді анықтау бола алады. Мәтін өзі жазылған уақыттағы мәдени әлемнің бейнесін қайта құруға қызмет ете алады, бізге дейінгі уақыттарда жазылған көркем туындылар сол кезең туралы негізгі ақпарат көзі ретінде қабылданады. Алайда, мәтіннен алынған ақпараттар жеткілікті түрде эксплицитті (айқын, нақты) болмауы да мүмкін. Көркем шығармамәтініндегі мүлде басқа кезең адамдарының моральді-этикалық құндылықтары мен өмір сүру нормаларын түсіну үшін де арнайы интерпретацияға, қосымша білімге жүгінуге мәжбүр болатынымыз анық.
Мәдениет, мәтін және оқырман қатынасына нешізделген ерекше көзқарасты біз М.Ю. Лотманның еңбектерінен байқай аламыз. Ол мәдениетті қандай да бір мәтінге қатыстылығына қарай ажыратыда. «Культуры, ориентированные на сообщения, носят более подвижный, динамический характер. Они имеют тенденцию безгранично увеличивать число текстов и дают быстрый прирост знаний. Классическим примером может считаться европейская культура XIX в. Оборотной стороной этого типа культуры является резкое разделение общества на передающих и принимающих, возникновение психологической установки на получение истины в качестве готового сообщения о чужом умственном усилии, рост социальной пассивности тех, кто находится в позиции получателей сообщения» [6].
Мәтінді дискурстың бір бөлігі ретінде қарастыруда коммуникативті жағдаят пен дискурсқа қатысушылардың рөлін назарда ұстау керек. В.И. Карасик қарым-қатынас жағдаятын «маңызды мағына түзуші фактор» деп атайды [7].
Мәтін интерпретациясы үшін қосымша ақпаратты шығарманың жазылуына ықпал еткен автордың биографиялық мәліметтері бере алады. Мысалы, М. Загидуллина А.С. Пушкиннің «Калмычке» шығармасын талдауда ақынның күнделіктеріндегі жазбаларына сүйенеді.[8] Бұндай талдау автордың айтар ойын түсініп, шығарма жазылған кезеңдегі мәдени-тарихи жағдайды білуге септігін тигізеді. А.А. Брудный шығарманы жазу кезеңіндегі автордың ішкі әлемінің маңызына ерекше назар аударып: «Для Шекспира индивидуально обозримая Вселенная умещалась между Стратфордом и Лондоном, а Рембрандту не понадобилось даже переезжать из Лейдена в Амстердам, чтобы с такой глубиной отобразить человеческую природу. Видимо, главное все-таки в душе самого творца. То, что Шекспир, Рембрандт, Пушкин видели и переживали (а они видели и пережили многое), существенно не как факт действительности, а как достояние их необычайного внутреннего мира» [9], – деп жазды. Бұл әдіс аясында тек күнделіктер ғана емес, автордың жазған хаттары, биографиялық мәліметтері де қолданыла алады. Шығарманың жазылуына авторың дүниеге деген көзқарасы, алған әсері, өмірлік тәжірибесі ме қиял әлемінің маңызы зор екені айтпаса да белгілі.
Шығарманы интерпретациялаудағы тағы бір бағыт – туындыны түсінуде оқырманның жеке ерекшеліктерін ескеру. А.А. Брудный «әлемді тану тереңдігі жеке өмірлік түсініктеріңнің тереңдігімен өлшенеді» деген ой айтады. Көркем шығарманы түсінуде оқырманның жеке өмірлік тәжірибесі, шығарманы оқу сәтіндегі эмоционалдық жай-күйі, мәтінді қабылдауға деген дайынды өте маңызды. Қандай да бір өмірлік оқиғалар мәтінді бағалауға әсер етіп, оны әлдеқайда түсінікті немесе түсініксіз етуі мүмкін.
Біздің ойымызша А.А. Брудныйдың мына бір пікіріне назар аударған жөн. Ол «Психологическая герменевтика» еңбегінде: «Текст – это концентрированная действительность. Текст – это действительность, ориентированная на то, чтобы ее понимали. С одной стороны, он сохраняет важнейшее качество объективно реального: материальный носитель содержания, данный нам в чувственном восприятии, не зависит от нашей воли или сознания. С другой стороны, текст совмещает неизменяемость материального носителя смысла с изменением самого этого смысла в процессе понимания, в процессе деятельности», – деп жазады. Бұл анықтама мәтінді түсінуде оқырманның маңыздылығын нұсқайды. Оқырмансыз мәтіннің мәні жоқ, өлі дүние болар еді. Мәтін әр оқырманның санасында өзіндік әлемінің бейнесіне, эмоционалды жағдайына қарай көрініс тауып, өмір сүреді.
Бұл жағдайда ақпараттың екі арнасы бар деп қарауға болады. Бірінші арнасы – қандай да бір айтор ойы, өзіндік берері бар мәтін десек, екінші арнасы – қоршаған орта туралы өзіндік білім қоры мен танымы, көзқарасы қалыптасқан оқырман. Мәтінді түсіну кезінде осы екі арна қосылып, ортақ жүйеге түсіп, жаңа бір мағына туындайды. Бұл туындаған мағыналар эмоционалды-бағалауыштық, дедуктивті, образы (бейнелі) т.б. болуы мүмкін. Мәтінді түсінудің рефлективті тәсілі оқырманға шығарманың негізгі идеясын, айтар ойын түсінуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандардың түйінін мәтінді түсіну дегеніміз тек қана оқырманның білім қоры емес, оның эмоциялық жай-күйі, түсіне алу қабылеті, сонымен қатар, мәтінмен жұмыс істей алу дағдысының болуы деп қорытындылауға болады. Рефлексияны түсіну әдістерінің бірі ретінде қарастырған Г.И. Богин мен оның шәкірттері «Мен түсіндім» немесе « Мен не түсіндім?» деген нені білдіреді деген сұрақтарға жауап іздейді. Рефлексия мен герменевтикалық техникалар арқылы тек көркем шығармаларды ғана емес, басқа да өмірлік жағдаяттарды түсінуге болады. Герменевтикалық техникаларды адам өмірінің кез келген саласында қодануға болады.
Түсіну процесін мағына іздеп процесі, логикалық қорытындылар жасай отырып, метамағыналарды табу процесі, яғни, жаңа деңгейдегі мағынағадету деп сипаттауға болады. Метамағыналар оқырманның түйген ойының, қорытындысының негізінде қалыптасады.
Мұндай жағдайда мәтіннің мағынасы мен мазмұнын қарама-қарсы қойып талдауға болады. Егер мәтіннің мазмұны шығарманың негізгі идеясына, айтпақ болған ойына негізделсе, мағына мәтіннің қоршаған ортамен байланысына, оқырманның жеке дүниетанымы мен құндылықтар жүйесіне негізделген.
Көркем мәтіннен метамағыналарды табу рефлексия мен интерпретация арқылы жүзеге асады. Г.И. Богин рефлективті оқуға үйрету керек деп есептейді [10]. Ғалым: «Интерпретация дегеніміз – мәтін мағынасын вербалды түрде жеткізетін, сөзбен айтылған рефлексия», — деген ой айтады. Интерпретация шығарманың айтпақ болған ойынан бастау алып, оқырманның жеке тәжірибесіне, жеке пікіріне келіп тіреледі. Толыққанды интерпретацияға бірнеше әдістерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Богин герменевтикалық шеңбер, мағынаны кеңейту және интенциялау сияқты герменевтикалық техникалырды атап көрсетеді.
Герменевтикалық шеңбер техникасында қоршаған әлем туралы жеке тәжірибе мен білімді мәтіннің түрлі бөліктермен салыстыру жүзеге асады.
Мағынаны кеңейту техникасы мағынаны ашушы бірнеше көркемдік құралдарды анықтау мен оларды интерпретациялаудан тұрады. Бұл кеөркемдік құралдардың қызметі мағына үстеу. Олар мәтінде қатар да алшақ та тұрып кездесуі мүмкін. Дегенмен, олар бірбірімен бір көркемдік жүйе арқылы байланысып, ортақ метамағына немесе бір-бірімен тығыз байланысты метамағына құрайды.
Интенциялау техникасы түсінгеніңді рефлексивті талдаудан тұрады. Оқырман белгілі бір метамағына немесе көркемдік идея арқау болған мәтін үзіндісімен бетпе-бет келген кезде «Мен түсіндім, бірақ не түсіндім?» деген сұрақ қояды [10]. Мәтін полифониясын түсіну – мәтінді рефлекциялаудағы маңызды кезең. Полифония деп мәтіндегі жағдаятқа түрлі адамдардың: мәтіндегі кейіпкерлердің, оқырманның, автордың, қоғамдық пікірдің т.б. тарапынан сипаттап, баға беруді айтамыз. Полифония дегеніміз – бірнеше көзқарастардың тоғысуы. Мәтін полфониясын білу және оны дұрыс интерпретаиялау оқырманның мәтінге, оның мазмұнына түрлі адамдардың көзқарасы тұрғысынан қарауына мүмкіндік береді. Яғни, екі рефлексия қатар жүреді: оқырман басқаладырдың түсінгенін де түсінеді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорытындыласақ, біз көркем шығарманы түсіну мен интерпретацияға қатысты пікірлердің бір парасын ғана сипаттап өттік. Оларға ортақ ой: көркем шығарма – герменевтикалық әдістер мен көркем мәтінге түрлі талдаулар жасау арқылы анықтуға болатын мағыналар қоймасы.
Байқағанымыздай, интерпретация түсінігі бүгінгі күнде ғылым үшін жаңалық емес. Алайда, мағынаның көп қырлылығы, оның оқытылу мәселелері пәнаралық мәселеге айналып, өзектілігі артып отыр. Бүгінгі таңдағы көркем шығарманы оқу, оны тиісті деңгейде қабылдап, түсіну, оған талдау жасап, өз пікірін, көзқарасын айту (интерпретатор ретінде) мәсеелесі жаңартылған білім бағдарламаларында да негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген. Білім алушылардың шығарма оқудағы салғырттығы, сюжет қуалап оқып, оның түпкі мәніне, негізгі идеясы мен айтар ойына бойламай жатуы әдебиеттану ғылымы шеңберіндегі ғана емес, жалпы қоғамдық мәселелердің қатарынан орын алып отыр. Мәселені бұл тұрғыда зерттеген еңбектер де жоқтың қасы. Интерпретация философия, филология, психология т.б. сан қырынан зерттелгенімен, отандық ғана емес шетел ғалымдары да оны оқыту мәселелеріне бара бермегені байқалады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Грицанов, А. А., Можейко, М. А. (2001) Постмодернизм. Энциклопедия. Минск: Интерпрессервис; Книжный Дом.
2 Микешина Л. А. Философия науки: учеб. пособие. – М.: Прогресс-Традиция, 2005. – С. 99. 3 Дильтей В. Герменевтика и теория литературы. – М.: Дом интеллектуальной книги, 2001. – Т. 4. – С. 239.
4 Гадамер Х.-Г. Истина и метод. Основы философской герменевтики. – М.: Прогресс, 1988. – С. 35.
5 Россиус Ю. Г. О теории интерпретации Э. Бетти // История философии. – 2012. – №
17. – С. 88.
6 Лотман Ю.М. Автокоммуникация: «Я» и «другой» как адресаты (о двух моделях коммуникации в системе культуры. // Лотман Ю. М. Семиосфера. — С.-Петербург: Искусство—СПБ, 2000. – С.159-165 URL: http://philologos.narod.ru/lotman/autokomm.htm (қарау мерзімі 6.11.2019).
7 Карасик В.И. О категориях дискурса. 2006. URL: http://homepages.tversu.ru/~ips/JubKaras.html (қарау мерзімі. 23.04.2019).
8 Загидуллина М. Герменевтическая техника анализа классического текста. Проблемы изучения литературы: исторический, культурологический, теоретический и методический подходы: сб. науч. тр. Вып III. Челябинск: Изд-во Татьяны Лурье, 2002. С. 5–12. URL: http://zagidullina.ru/my_articles (қарау мерзімі 23.04.2019).
9 Брудный А. А. Психологическая герменевтика. М.: Лабиринт, 1998. 136 с. URL: http:// www.i-u.ru/biblio/archive/brudniy_ psi/ (қарау мерзімі 23.04.2019)
10 Богин Г. И. Обретение способности понимать. 2001. 761 с. URL: http://www.i-
u.ru/biblio/archive/bogin_obretenie/ (қарау уақыты 23.04.2019)

Ғ.Н. Отарбаева
Интерпретация художественного текста и герменевтические методы
Университет имени Сулеймана Демиреля, г.Каскелен, Казахстан
В статье рассматриваются история интерпретации художественного текста, анализ художественного текста и способы его понимания. Проанализируем разные научные взгляды и работы по интерпретации и по пониманию художественного текста. Кроме того, в статье мы рассмотрим вопросы интерпретации и интерпретации художественного текста в контексте литературоведения, психолингвистики, когнитивной лингвистики и герменевтики.

G.N. Otarbayeva
Interpretation of literary text and hermeneutic methods
Suleyman Demirel University,
Kaskelen, Kazakhstan The article examines the history of the interpretation of figurative text, analyzes of art text interpretation and ways of understanding it. There has been analyzed works on interpretation of a text, understanding the code in it, so we propose different views in several directions. In addition, the issues of interpretation and interpretation of literary text are studied in the context of literary studies, psycholinguistics, cognitive linguistics and hermeneutics.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *