ХХІ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ САЯСИ МОТИВТЕР

 

М.С.Оразбек,1 Е.Ө.Өмірхан2
1ф.ғ.д., профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан Республикасы, e-mail: makpal_zere@mail.ru
2магистрант, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан Республикасы, , e-mail: omirkhanyeldos@mail.ru

ХХІ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ САЯСИ МОТИВТЕР

Мақалада ХХІ ғасыр саяси лирикасының жазылу дәстүрі әдеби тенденция тұрғысында зерделенеді. Қазіргі қазақ поэзиясына арқау болған саяси тақырыптар мен мотивтер өзара салыстырылып, талданған.Поэзиялық шығармалар индукциялық (мәнмәтіннің мазмұнмен байланысы) және дедукциялық (мазмұнның мәнмәтінмен байланысы) әдісте сипатталады. Сондай-ақ шығармаларда қолданылған троп пен фигураның саяси қызметі шығарма негізінде талданады. Сонымен бірге саяси образдар поэзияда қолданылу тәсіліне қарай екі топқа жіктеліп қарастырылады. Саяси мотивтердің жіктелген екі түрі поэзия үлгілерімен тарқатылып, зерттеу аргументтерімен дәлелденеді. Қазіргі әдеби үдерісте жаңаша екпін алып келген заманауи ақындардың позициясы мен шығармашылық лабораториясы бірлікте қаралады.
Кілт сөздер: қазіргі қазақ поэзиясы, саяси лирика, саяси мотив, заманауи поэзия, саяси әдебиет.

КІРІСПЕ

Әдебиет пен қоғам – бір-бірімен егіз ұғым. Көркем шығармадағы оқиға халық өмірінен алынып суреттелетіндіктен ХІХ ғасырдағы орыстың белгілі сыншысы В.Г.Белинский әдебиетті шындық өмірдің сәулесі деп көрсеткен болатын. Сондықтан ел өміріндегі маңызды мәселелер шығарма мазмұнында орын алады. Ол тек проза жанрына ғана емес, позиялық шығармаларға да тән. Ақын елі мен жеріне қатысты ойларын өзінің лирикалық өлеңдеріне де арқау ететіні белгілі.
Әлеумет пен әдебиеттің арасындағы арақатынастың маңызы саяси мотивтегі шығармалардан көрінеді. Өйткені қоғамның өзекті мәселесі үнемі сөз өнері арқылы талқыланып, осы өнер арқылы шешімін тауып отырған. Сондықтан да әлеуметсіз әдебиет, ал әдебиетсіз әлеумет жоқ. Ал әлеумет тақырыбы әдебиетте саяси мотивтер арқылы ашылады.
ХХІ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін зор жаңалықтарға толы кезең болды. Ел өмірінде елеулі оқиғалар орын алды. Ел астанасы солтүстікке ауысты. Жаңа қала салынды. Оқу, білім саласы жаңа Европалық жүйеге көшті. Ғылым мен техника да жаңа бетбұрыстар жасалды. Ақпараттық жүйеде зор өзгерістер орын алды. Интернет жүйесі қоғам өміріне дендеп енді.Ағылшын тілінің күшеюі үштілділік саясатын туғызды.Осы сияқты мәселелер қазақ поэзиясында көрініс тапты. Бұлардың барлығы әртүрлі мотивте жырланды. Соның бірі саяси мотив. Саяси мотив қазақ поэзиясында көне түркі заманынан бастап тән десек артық айтпаймыз. Тіпті ауыз әдебиетінен бастау алатыны да шындық. Алдаркөсе мен Қожанәсір, Жиренше шешен туралы аңыздар мен «Аяз би» ертегілерінің негізінде ел өміріндегі билік пен халық, байлық пен кедейлік туралы саяси ой жатқанын аңғарамыз.
Саяси мотив несе саяси сарын әдебиет және саясат салаларындағы ортақ байланыстың тоғысынан құралады. Саясаттың халыққа әсері, қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелер, маңызын жоймайтын ұлттың тақырыбы әдебиет арқылы жетеді. Ал осы мақсатта жазылған шығармалар төркінінде саяси мотив тұрады. Жоғарыда тізбектеген мәселелер көркем поэзияда сарын арқылы беріледі. Автордың оны қандай бояумен беруі, қандай образда жасауы және қалайша суреттеуі осы мотивтік қолданысына байланысты.
Зерттеу барысында «мотив» ұғымының классикалық сипаттамасы негізге алынды. Сонымен бірге қазіргі қазақ поэзиясындағы саяси сарыны бар шығармалар мотивтік қолданыс, көркемдігі және образдылығы жағынан талданды. Осы тұрғыда саяси мотивтердің жіктелімін ұсынуда индукциялық және дедукциялық әдістер, одан басқа салыстыру, анализ және синтез әдістері қолданылды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Мотив – әртүрлі қaйтaлaулaрдың, көптеген нюaнстaрдың көмегімен дaмитын тaқырып, обрaз немесе кейіпкер [1, 123]. Ал саяси мотив – саяси тақырыптар төңірегінде туған саяси образдар жүйесі. Саяси образ тудыруда ақын түрлі амалды қолдануы мүмкін. Мысалы, троп түрлері, фигуралық тәсілдер, т.б..
Саяси мотивтер қоғамда болып жатқан мәселелерге қатысты халықтың үнін ғана емес, автордың да позициясын білдіреді. Ақынның ел өміріне деген ойы мен көзқарасын анық аңғартады. Сонымен бірге ақынның әдебиеттің саяси аренасындағы шығармашылық күшқуатын, адамдық болмысын танытады. Жеке басының мүддесі мен құлқынның қамын ойлайтын ақын саяси өлеңдер жазуға абай болады. Яғни басын алып қашады. Саясаттан аулақ жүреді. Ащы шындықты ақтарып салуға дәрмені жете бермейді. Мысалы, саяси тақырыптарда қалам тербеп жүрген ақын Маралтай Райымбекұлы «Менің бөлтіріктерім» өлеңінде:
Ауылдан ауылға,
Шаһардан шәріге тараған
Менің бөлтіріктерім – шетінен абадан.
Бәрі де жаралы!
Жарасын жасырып жалаған.
(Қаншық қоғам талаған!) Соңымнан ергендер, Көргендер куә әлі.
Ақборан ап қашып дұғамды.
Сере қар, көк мұзға қаныммен жазғанмын
Мемлекетімнің «махаббаты» туралы [2, 44], – деген тармақтар арқылы біршама мәселені жіпке тізеді. Алдымен мұнда өлеңнің атауында да астарлы меңзеу жатыр. Ақын метафоралық әдіс арқылы өзі сынды өр мінезді ақындарды бөлтірікке балайды. Мұндағы мінездеудің сан түрлі амалдары қоғамдағы кемшін тұстарды да жанап өтеді. Мысалы, бәрінің жаралы болуы, жарасын жасырып жалауы – образды тіркестер. Ендеше, ақындар неге жаралы? Жарасын неге жасырады? Өйткені қоғамдағы қайшылықтар мен кемшіліктерге налиды, ашынады. Бірақ шарасыздықтан, жарасын емдеуге қауқары жоқтықтан оны өлеңге өреді. Бейнелі өткір сөздері мен «мемлекет махаббаты» деген ұғымды да тырнақшамен беруі айтылмай қалған мәселелерді нұсқайды. Осылайша ақын символика мен троптық амалтәсілдерге сүйене отырып, өз ортасында да, жалпы қоғамда орын алған келеңсіздікке күйінеді. Мемлекеттің елде орын алып жатқан қымбатшылық, жоқшылық, жұмыссыздық, баспанасыздық, қылмыстың күшеюі мен мемлекттік тілдің жойыла бастауына мән бермеуін «Жарасын жасырып жалаған» бөлтіріктер образы арқылы бейнелейді.
Маралтай Райымбекұлы өлеңдерінде қазақтың қамын күйттейтін де мәнмәтіндер (контекст) ұшырасады. Мәселен: Ажалдың Айы туғанда Солынан емес, оңынан, өлмейді Қазақ,
Өледі –
Өлсе егер, мұңның жоғынан [3, 85].
Мұнда өлеңнің соңғы тармақтары қазақтың мұң-мұқтаждан бас көтере алмай жүргенін дәлелдейді. Халықтың ауыр жағдайын «мұңның жоқтығынан өледі» деген тармақпен сипаттауынан ақынның стилін де көре аламыз. Яғни ақынның стилінен аңғаратынымыз: ол екі қарама-қарсы зат немесе ұғымды қатар қоя отырып суреттейді. Оны көз алдына елестеткен оқырман өздігінен пайымдайды, ақын ойын әрі қарай өзі тарқатады. Бұл жердегі антиұғымдар: өмір – өлім, мұң – қуаныш. Бұл мәнмәтінді басқа да қырынан тануға болады. Ақын қазақтың шыдамын шыңдау үшін де мұңның қажеттігін меңзеуі де мүмкін. Ал бейқам өмірдің ұлт психологиясына кері әсерін ол біліп-ақ тұр.
Саяси бағытта жазылған өлеңдер дені тек қазақ жағдайын ғана емес, сонымен қатар өткенінен де сыр шертеді. Осы тұста Ерлан Жүністің «Астана метаморфозасы» атты өлеңі еске түседі. Ақын мұнда бұрынғы мен бүгінгінің образын қатар ала отырып салыстырады. Жер бетінен жойылуға шақ қалып,
Тұрғанда да,
Аманатты ақтадық.
Қуғын көрдік – қанымызды бұзбадық, Атылдық біз – арымызды сақтадық.
Бір қыранға қайран қылмас көп құзғын, Шетін кетпей, шектен шықпай, шеп бұздым!
Біздің тарих ардан ғана тұрады,
Ұялатын ештеңеміз жоқ біздің! [4, 52] – деген жолдардағы ақын мақсаты – атабабамыздың өткен өмірі қазіргі ұрпақ үшін қан төгіп, елін, жерін қорғау болғанын мақтанышпен бүгінгі ұрпаққа жеткізу, жас ұрпақтың болашаққа деген мотивациясын қалыптастыру. Мұнда автордың позициясы анық: ұлт болып қалыптасуда өткен тарихымыздағы текті аталардың ерлігін үлгі ету. Оның айтпағы: кемел саясаттың негізгі тірегі – әділдік пен ар-ұят, батылдық, өткірлік. Өткенді еске алу арқылы болашаққа бағытбағдар сілтеуді басты орынға қойған қалам иесі қазақтың тектілігін осы өлеңге сыйдырып, өлеңнің атауын да «метаморфоза» ұғымымен байланыстырады. «Метаморфоза» сөзі «өзгеру, түрлену» деген мағыналарды береді. Демек, өткен мен бүгінгі салыстыру нәтижесінде ақын моральдық және визуалдық өзгерістерді өлең мәтіні арқылы да аңғартады.
Маралтай Райымбекұлы өлеңі мен Ерлан Жүніс өлеңі арасындағы айырмашылық – идеяны жеткізу әдістерінің әртүрлілігі. Бұл әдістер әртүрлілігін түсіндіру үшін саяси мотивтерді қарама-қарсы екі жікке топтастырамыз.




Ал ақын Қалқаман Сарин өлеңдерінде саяси сарын тәуелсіздік, егемендік туралы өлеңдерде көптеп кездеседі. Мысалы:
Уа, Еркіндік, қош келдің! Өзегімді өртке ораған қоғамда, Өз үйіме өзім өгей болам ба?! Алшаң басып жүре алмаса алты алаш Азаттығым! Қадірің де жоқ онда! …Саған жету қиын болса қаншалық, Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті- Аманат қой
Маған,
Саған,
Оған да! [5, 136].
Бұл өлеңге арқау болған тақырып – егемендік. Дегенмен, бұдан да саяси символика аңғарылады. Еркіндікті аңсаған бабаларымыздың аманаты үшін жауапты болу – бүгінгі ұрпақ парызы. Өлеңге ерекше екпін сыйлап тұрған мына тармақтар: Алшаң басып жүре алмаса алты алаш Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
Мұнда азаттықтың халық үшін маңызы, айтулы рөлі қамтылумен қатар, автор еркіндікті халық келешегімен байланыстырады. Өз жерінде баспанасыз, үйсіз-күйсіз жүрген ұлттың өз жерінде алшаң басып жүруі мүмкін емес. Елінен пана таба алмай жүрген халықтың жағдайын меңзейді. Алты алаштың алшаң басып жүруі үшін елінде әділеттілік орнаса деген ойды көздейтінін де аңғарамыз. Бастан шіріп балық та тас болады, Шірікті жеп қоғам да мас болады.
Ұйым, жиын патшаның тонын киіп,
Шаштараздың алғаны бас болады [6, 68], – деген Аманғазы Кәріпжанның өлеңі де саяси мотивтің сындарлы түріне жатады. Ол билік пен халықтың арасындағы қарымқатынастың бір-біріне тәуелділігін өлең арқылы дәлелдейді. Қоғам қандай болса, билік те сондай, ал билік қандай болса, қоғам да сондай күй кешетінін ақын мысалдармен дәлелдеген.
Қазақ қоғамындағы биліктің халықпен санаспай «шаш ал десе, бас алатын» тастай қатты әректін сынайды.
Жас ақын Ақерке Асанның «Шаңырақ» деген өлеңі көк түркінің еліне арналады. Автор мұнда тарихи аргументтерге сүйене отырып көк түріктің тарихы мен бүгінгі қазақ елінің жай-күйін былайша сынап жазады: Тәңірге Алаш табынған, Айға – бөрі, Тірлігінің тектілік айғағы еді.
Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге, Түлкі болған түркінің қайран елі [7, 12].
Бұл тұста ақын қазақтың тектілігін айғақтап, ал қазірде сол тектіліктің қор болғанына налиды, қынжылады. Қазақтың қазіргі образын ол аллегориялық сипатта «түлкі болған түркі елі» деп елдегі «сайқал саясатты» сынайды. Ащы болса да, халыққа ой тастайды.
ХХ ғасыр басындағы Мағжан, Міржақып, Сұлтанмахмұт шығармашылығында қоғамдағы әділетсіздікті өткір сынау сипаты басым болды. Осы ақындардың өлеңдеріндегі өткірлік бүгінгі ұрпаққа жалғасты.
Қазақ поэзиясына жағымпаздық әрқашан жат болып келді. Тіпті Ресейдің отары болған кешегі ХХ ғасырда да Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаевтар ойларын жасырмай қазақ өміріндегі түйіткіл мәселелерді өткір де батыл сынаған болатын. Сондықтан да Қасым атамыз:
Ей тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені,
Мен қазақтың баласы.-деп, күллі қазақтың рухын әлемге паш еткен болатын. Осы өлеңінде:
Cap далада сарғайдым, Қасіретпен шөлдедім. Мынау қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты. Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты. Айтып-айтпай, не керек, He көрмеді бұл қазақ! Дүние бүгін ұялар,
Айтпа, ойбай, аузың жап.
Сорлы емес ем ежелден,
Қаралы едім, зарлы едім. [8]-деп қазақтың орыс отаршылдығынан көрген азабын жасқанбай өлеңіне арқау еткен болатын.

ҚОРЫТЫНДЫ

Жоғарыда айтып өткендей, саяси мотивтер дені бірде рух, жігер беретін сипатта келсе, екінші тобы қоғамды сынау, өткен мен бүгінді, қарама-қарсы сипаттарды салыстыру арқылы бейнеленеді. Сондай-ақ ел мен жер үшін қайғыру, ұлт болашағына алаңдау сарыны көрініс береді. Бұл сипаттағы мотивтер жыраулар поэзиясынан бастап, ХІХ ғасырдағы Дулат,Шортанбай, Махамбет, Абай поэзиясында да орын алған болатын.Қазақ поэзиясы ел мен жер, халықтың әлеуметтік жағыдайын әрқашан өлеңге арқау етіп келеді. Ел мен жер мәселесіне келгенде қазақ ақындары рухтанады. Барлық күш-қайратын елдің рухын көтеруге жұмсайды. Жыраулардан бастап ХХ ғасырға дейінгі ақындарды алып қарасақ саяси өлеңдерде жалтақтық, жағымпаздық жоқ. Кеңестік кезеңдегі партияны жырлаған саяси өлеңдер қазақ поэзиясынан әлдқашан өшіп қалған өшіп қалған.
Мақалада келтіріліген мысалдардан қазіргі қазақ поэзиясындағы саяси үдерістің ықпалы ерекше екені көрінеді. Өйткені қоғамдық мәселе ақындарды, әдебиетті ешқашан бейжай қалдырған емес. Әдебиет пен қоғамның егіздігінің мәні де осында.
Байқап қарасақ, саяси мотив қоғамда талқыланып жатқан тектілік, адам мінездеріндегі өзгешеліктер, ел болашағы, тәуелсіздік секілді тақырыптардан көрінеді.
Ал саяси мотивтердің екі түрлі сипатта келуі заңды. Өйткені бірінші топтағы ақындар оқырманға оң ықпал ету арқылы түсіндіргісі келсе, ал екінші топ ақындары қазақтың намысын ояту мақсатымен рухты, екпінді сөз саптайды. Бұл да әр ақынның индивидуалдық стилі мен әдісіне байланысты.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 ЕсембековТ. Әдебитaлдaуғa кіріспе.– Қaрaғaнды: КaрГУ, 1991. – 67 б.
2 Маралтай. Тарпаң. – Алматы: Хантәңірі, 2014. – 286 б.
3 Райымбекұлы М. Асау. – Алматы: Атамұра, 2014. – 176 б.
4 Жүніс Е. Ғаусар. – Астана: Фолиант, 2014. – 258 б.
5 Сарин Қ. Арманымның бейнесі. – Астана: Нұра Астана, 2011. – 192 б.
6 Жанартау. Жас ақындар шығармалары. – Алматы: Жазушы, 2012. – 192 б.
7 Жаңа ғасыр жырлайды. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2012. – 172 б.
8 Қасым Аманжолов. Ей, тәкаппар дүние! https://abai.kz/p

М.С.Оразбек1, Е.Ө.Өмірхан2
Политические мотивы в казахской поэзии начала ХХІ века
Евразийский национальный университет имени Л.Н.Гумилева, г.Нур-Султан,Казахстан
В статье рассматривается традиция написания политической лирики XXI века с точки зрения литературных тенденций. Были сопоставлены политические темы и мотивы, основанные на современной казахской поэзии. Поэтические композиции характеризуются индуктивным (контекстный контекст) и дедуктивным (контекстный контекст). Также на основе композиции анализируется политическая активность тропов и фигур, использованных в работах. Кроме того, политические образы делятся на две группы, в зависимости от того, как они используются в поэзии. Два типа политических мотивов классифицируются по образцам поэзии и подтверждаются научными аргументами. Позиция современных поэтов и творческие лаборатории, которые дают новый импульс современному литературному процессу, рассматриваются в единстве.

M.Orazbek1, E.Omirkhan2
Political motives in the Kazakh poetry of the beginning of the XXI century
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan The article considers the tradition of writing political lyrics of the 21st century from the point of view of literary trends. Political themes and motives based on modern Kazakh poetry were compared. Poetic compositions are characterized by inductive (contextual context) and deductive (contextual context). Also based on the composition, the political activity of the tropes and figures used in the work is analyzed. In addition, political images are divided into two groups, depending on how they are used in poetry. Two types of political motives are classified according to poetry and supported by scientific arguments. The positions of modern poets and creative laboratories, which give a new impetus to the modern literary process, are considered in unity.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *