МАҢҒЫСТАУ ЖЕРАСТЫ МЕШІТТЕРІНІҢ СОПЫЛЫҚ ХАНАКАЛАРМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ

Б.И. Нұрдәулетова
д.ф.н, профессор, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау қ., Қазақстан Республикасы, e-mail: nurdauletova@mail.ru

МАҢҒЫСТАУ ЖЕРАСТЫ МЕШІТТЕРІНІҢ СОПЫЛЫҚ ХАНАКАЛАРМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ

Маңғыстау өлкесі еліміздегі ескерткіштер мен әулиелі орындардың аса ауқымды бөлігі шоғырланған бірегей мәдени ландшафынан саналады. Аймақтың мәдени мәтінінің барлық жанры дәстүрлі қоғамның іргелі ұстанымдарының бірі болып табылатын сакралдылықпен тығыз байланысты анықталған идеялар арқылы өтеді. Сакралдылықтың тек қоғамда символикалық белгілер түрінде ғана көрініс беріп, ұжымдық бейсаналылықта және халықтың тарихи бірыңғайлығы негіздерінде, өзін-өзі бағалауында, сонымен қатар ұлттық өршіл рухында (мақтанышында) сақталатын, және сөзсіз жоғары деңгейде олардың алдағы дамуына ықпал ететін рухани өмірдің феномені екендігі белгілі.
Маңғыстау мен Үстірттегі жерасты мешіттері – тарихи-рухани құндылық ретінде әлемде қайталанбайтын ерекшелік. Мақалада жерасты мешіттерінің Орта ғасырлардағы сопылық ханакалармен ұқсастығы мен өзіндік ерекшеліктері, тарихы мен қазіргі қолданылуы туралы талданады.
Кілт сөздер: жерасты мешіттері, сопылық, ханака, текке, забийа, құлшылық орындары, Маңғыстау, Үстірт, михраб.

КІРІСПЕ

Орта ғасырлардағы сопылардың құлшылық орындары ретінде теологиялық зерттеулерде ханака, текке, забийа аталады. Арабия, Египет, Палестина, Оңтүстік Африка, Орта Азиядағы сопылардың ханакалары 23,5х30,5 шаршы метрге созылатын үлкен залдары, дәліздері, жатын және асхана бөлмелері, ортаңғы ауласында кіші-гірім хауызы бар және терезесі төбесінде орналасқан шағын шаршы фомасындағы сахналары (зікір салуға арналған) бар салтанатты ғимарат түрінде болды. Ханаканың иелері немесе бас ұстаздары қайтыс болғаннан кейін денелері ханаканың бір бөлмесінде жерленген [1]. Суфизмнің түрлі территориядағы, түрлі кезеңдердегі діни салттарының дамуына, қалыптасуына байланысты ханакалардың архитектуралық құрылымы, мазмұны, функциясы кеңейтіліп отырған. Соған сәйкес атаулары да өзгерген. Мәселен, мамлюктер заманында ханакалардың шағын түрлері забийалар пайда болса, кейін Осман империясы кезеңіндегі сопылардың құлшылық орындары тәкие деп аталатын салтанатты кешендерге ұласты. Үлкен тәкиелердің құрылымында шейхтардың резиденциясы, арнайы құлшылық үйі, сопылардың жатағы, құдық, ішкі ауласында бақ болған.
Батыс зерттеушілері сопылардың құлшылық орындары туралы: «Суфийские религиозные центры служили в основном пристанищем для «профессиональных» суфиев, отрешившихся от суеты мирской жизни и полностью посвятивших себя приобщению к мистической «достоверной истине». В такийях и завиях они предавались интенсивным духовным упражнениям, некоторые практиковали затворничество, проводя в одиночестве недели и месяцы, из набожности умерщвляли плоть путем длительного воздержания от пищи» [2, 84], – деп түсіндіреді. Сопылық ханакалардың христиан монастырынан артықшылықтары туралы поляк зерттеушісі Анна Нейман: «Дервиши не живут монастырской жизнью, потому что пророк порицает безбрачие и монастыри, как выдумки христиан. Они только собираются время от времени… на зикр. Остальное время они живут в своих домах, занимаются ремеслом и коммерцией» [2, 84], – дейді.
Жоғарыда аталған құлшылық орындарының барлығына ортақ бір белгі ол – күнделікті тірліктен оңашаланып, құлшылыққа берілу. Дүниенің қызығынан бас тарту, дәруіштік жолды таңдау. Ал бастапқы идеясы – Алламен оңаша қалу, жалғыздық, жерүстілік өмірден баз кешу арқылы нәпсімен күрес. Оның да өзегі – Қожа Ахмет Ясауи негіздеген сопылық танымның басты концепцияларының бірі – шынайы адамдықтың бір үлгісі – «өлмей тұрып өлу». Біздің ойымызша, сопылықтың кемел адам концепциясының «өлмей тұрып өлу» ұстанымы салтанатты ханакалар мен теккелерден гөрі әулие-машайықтардың отаны болған Маңғыстаудағы жерасты мешіттерінде көбірек танылады.
Египет, Сирия, Орта Азиядағы ортағасырлық ханака, тәкие, забийялар сол дәуірдегі қалалық архитектураға тән құлшылық орындары болса, Маңғыстаудың жерасты мешіттері далалық тұрмыс салтына лайықталған дәруіштік жайлар екені сөзсіз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Маңғыстау мен Үстірттегі жерасты мешіттерінің салыну кезеңін дінтанушы Б.Әбдірахманов біздің дәуіріміздің I ғасырының аяғы мен II ғасырының басында түркі халықтарының тәңірге табыну дәуірімен байланыстырады. Зерттеушінің пайымдауы бойынша, Алтайдан Маңғыстауға жеткен түркі тайпалары б.з. I-II ғасырларында Бәйтіні, кейін Шопан Ата, Шақпақ Ата жер асты мешіттерін салған. Аталған құлшылық орындарына ортақ белгі – ғимараттың құрылысында айқыш (крест) нышанының болуы. Кейбір зерттеушілер болжағандай бұл христиандықтың белгісі емес, ескі түркілердің Тәңірге табынуының белгісі. Ислам дінінің келуімен Шақпақ Атадағы айқыштың пішіні өзгертіліп, төрт бағана-тіреу салынып, әдемі өрнектермен безендірілген, аяттар жазылған, ғалам бейнесіндегі күмбезді тіреп тұрған төрт тіреу-баған – Алладан періштелер арқылы төрт пайғамбарға (Мұса с.ғ.с., Иса с.ғ.с., Дәуіт с.ғ.с., Мұхаммед с.ғ.с.) түскен төрт кітапты меңзейді [3, 89].
С.Е.Әжіғали жерасты мешіттерінің Маңғыстау жерінде пайда болуын XII-XIII ғасырда Каспий жағалауына ислам дінінің келуімен сәйкестендіреді [4]. Сондай-ақ Маңғыстау жерасты мешіттерінің салыну уақытын XVI-XIX ғасыр аралығына жатқызатын пікірлер де бар [5, 13]. М.Меңдіқұлов ең ежелгі болып саналатын Шопан Ата жерасты мешітін XIII-XIV ғасырларға, Шақпақ Ата жерасты мешітін XIV-XVI ғасырлардағы қыпшақ-ноғайлы кезеңіне жатқызады. Соның ішінде құрылымы өте күрделі Шақпақ Ата сияқты жерасты мешіті сопылық ілімнің жақтаушысы болған Хорезм әміршісі Тұғлық-Тимурдің тікелей қолдауымен жасалынған болуы керек дейді [6, 24].
Зерттеушілер арасында Маңғыстаудағы жерасты мешіттерінің тарихын исламнан да бұрынғы өте ежелгі таныммен байланыстыратын тенденция бар екені байқалады. Үстіміздегі жылдың мамыр-қыркүйек аралығында ұйымдастырылған Маңғыстау халықаралық кешенді ғылыми экспедициясы барысында әзірбайжандық ғалымдар Маңғыстаудағы жер асты мешіттерін мұсылмандық кезеңнен де бұрын пайда болған құбылыстар ретінде қарауды ұсынды. Олардың пікірі бойынша, Шақпақ ата мешітінің үңгірі Заратуштра заманында қазылып, ислам діні өлкеге келген кезде ондай ғибадатханалар құбылаға қаратылып, мұсылман мешітіне айналдырылған болуы мүмкін. Ерте дәуірлердегі сенім бойынша өлген адамның мәйітін аң-құстарға беріп, тазарған сүйекті құмыраға, немесе тас ойықтарға жерлеген. Шақпақ ата жерасты мешітінің кіреберісінде және үстіңгі ғимараттағы ойықтарда адам сүйектері көрініп жатыр. Ғалымдар Шақпақ ата жерасты мешіті де бір кездерде осындай адам жерлейтін орын болуы мүмкін дейді. Археологтар бұдан 800 мың жыл бұрын ашель дәуірінде өмір сүрген алғашқы неандерталь адамдарының шақпақтас құралдарын, шеберханаларын тауып, бұл орынды қазақ еліндегі адамзат мекендерінің ең көнесі деген қорытындығы келді. Қарақалпақ еліндегі Бөтентауда орналасқан осыған өте ұқсас ғибадатхананы ғалымдар б.з.д. IV-III ғасырларға жатқызған [7].
Б.Әбдірахманов Шопан Ата мешітіндегі бөлмелердің орналасуын да айқыш (крест) пішініне ұқсатады. Кейіннен бөлмелерді Қағба бағытына қарай түзету жұмыстары жүргізілген. Шопан Ата мен Шақпақ Ата жерасты мешіттері тәңірлік танымдағы үңгірлерді исламның мазмұнына қарай қайта жаңғырту арқылы пайда болған, ал сопылардың Маңғыстауға келіп, арнайы салған алғашқы мешіті-құрылысы – Қараман Ата жерасты мешіті болуы керек. Себебі сопылық құлшылыққа арналған орындар – намазхана, зікірхана, шілханалар мешіт құрылысының бастапқы пішініне енгізілген, яғни қайта өңдеудің ізі байқалмайды дейді [3, 90].
Дегенмен Маңғыстаудың ежелгі сәулет өнерін зерттеген М.Мендикулов құрылысының күрделілігіне (ерекше инженерлік білімді қажет етеді) және қабырғаларындағы араб графикалы жазулардың стиліне қарап, Шақпақ Ата жерасты мешітінің салынуы XIV ғ. бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің мәдени, экономикалық жақтан гүлденген дәуіріне сәйкеседі, ал Шопан Ата жерасты мешіті алғашқы сопылардың Маңғыстауға аяқ басқан тұсында, яғни XII-XIII ғасырларда салынған болуы керек деген ой айтады [6, 24].
Қолда бар материалдарға және Маңғыстау экспедициясының зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, қазіргі таңда Маңғыстау мен Үстіртте 27 жерасты мешіті бар деген қорытындыға келдік. Біз оларды кезеңіне, көлеміне, атқарған қызметінің ауқымына қарай шартты түрде «үлкен» жерасты мешіттері және «шағын» жерасты мешіттері топқа бөлеміз.
Біз жоғарыда сөз еткен үлкен жерасты мешіттерінің архитектурасы күрделі, көлемі үлкен, бірнеше құрылымдық бөлімдерден тұрады, Мысалы, Оғландыдағы Бекет Ата жерасты мешітінің бөлмелері дөңгелек пішіндес, биіктігі 2,7-ден 3,5 метрге дейін болса, Шақпақ Ата жерасты мешітінің бөлмелері айқыш формасында орналасқан, ішкі қабырғаларының биіктігі 3,9 м. Шартты түрде «үлкен» жерасты мешіттері 4 бөлмеден 12 бөлмеге (Шопан Ата) дейін тұрады, құрылымында құлшылық орындары: намаз оқитын, зікір салатын орындар, хилует (шілхана), дәрісхана, қабырхана, ауласында су жинайтын күптер, адам емдейтін орын (шипалы бұлақ, қасиетті ағаш т.б.), ұстаз бен шәкірттерге арналған бөлмелер, шаруашылық бөлмелері болады. Төбелері күмбез тәрізді болып келіп, ортасынан жарық түсетін ойық жасалады, тау жынысының өзінен немесе арнайы қолдан қаланған колонналар (тас тіреулер) орнатылады. Құлшылыққа арналған бөлмелерде жардан ойып жасалынған шырағдан қоятын орын, кітап сөрелері болады. Қабырғаларында араб графикасында жазулар, сопылық танымды білдіретін сызбалар (мысалы, ашық алақан), рулық таңбалар, кейде жерленген әулиелердің, салған ұсталардың, кейін дәріс берген ұстаздардың есімдері жазылуы мүмкін. Михрабтары Меккеге бағытталып, есіктері шығысқа қаратып салынады. Бұл қасиетті жайлардың басты ерекшелігі онда мешіт иесі – бас ұстаздардың өз мүрделерінің жерленуі, адам аяғы жете бермейтін қиын тау шатқалдарында орналасуы, олардың киелілік астарын тереңдете түсетін аңыз-хикаялардың болуы.
Ал «шағын жерасты» мешіттерінің биіктігі 2 м шамасында, киіз үй тәрізді дөңгелек не төртбұрышты 2-3 бөлмеден тұрады (біріншісі кіреберіс). Бір бөлме – құлшылыққа, екінші бөлме шәкірттерге дәріс беруге арналған болуы мүмкін. Бөлме қабырғаларынан міндетті түрде Меккеге қаратылып, ойып жасалынған михраб орны, шырағдан, кітап қоятын сөрелер, жоғарғы жағында не төбесінде жарық түсіретін тесіктер жасалып, олар сыртқы жағынан тастармен көмкеріледі. Бұндай шағын мешіттерде қылует (келье) қабырғадан ойып жасалынған немесе бір бөлменің өзі әрі қылует, әрі зікірхана, әрі шаруашылық орны ретінде қолданылған болуы керек. Тағы бір ерекшелігі адам мүрдесі қойылмайды. Бір ғана Жаман Саурадағы шағын жерасты мешітінің екінші бөлмесінде қойылым бар, бірақ «ондағы әулиенің мүрдесін періштелер алып кеткен» деген аңыз бар. Шағын жерасты мешіттерінің салыну кезеңі XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бастапқы ширегіне жатқызамыз.
Шағын жерасты мешіттері аса биік емес, кішігірім төбелер мен қыраттардан, кейбіреулері жазық жерден қазып жасалынған. Айналасында қосымша құрылыстары жоқ, 12 бөлмеден тұратын құпия жайлар мешіт, медресе, құжыра, шілхана, зікірхана, құла дүзде жолға шыққан жолаушыға жаздың аптабы мен қыстың боранынан паналайтын баспана сияқты бірнеше функция атқарған. Жерасты мешіттерінің жанында, тау не қыраттың жоғарғы беткейінде ескі қорымдар орналасқан. Бұл – жерасты мешітінің қорымдағы қасиетті әулиеге зиярат етіп келушілерге түнек үйдің де қызметін атқарғанын көрсетеді.
Мешіт иелерінің есіміне жалғасқан ата, қажы (әжі), қожа, сұпы, ишан, әулие, ахун сөздері сопылық ілімдегі рухани ұстаздардың діни дәрежесін, тегін, титулын білдіреді. Бура Ата, Сейдін ишан, Сегізәжі, Жоласқан жерасты мешіттерінің жанындағы қорымдарда қожалардың дөңгелек күн таңбалары бар. Соған қарап, мешіт иелерінің қожа тегінен шыққан діндар ұстаздар екені байқалады. Бірақ олардың нақты кімдер болғандығы белгісіз. Ал Қосқұлақ Құлбас ахун, Қосқұлақ Қазанғап әулие, Жаманадай Естұрлы сұпы, Мұрат Жары Нұрмағамбет Берістам сұпы т.б. – аттары айтып тұрғандай Адай тайпасынан шыққан қасиетті тұлғалар, олардың өмірі, қасиет-киесі туралы ел арасында сақталған аз-кем деректер кездеседі. Мысалы, Сонабай сұпы, оның баласы Төлеген ишан – адайдың ескелді руынан шыққан елге танымал адамдар. Сонабай сұпы сопылық ілімді меңгерген діндар, мешіт ұстаған ұстаздығымен бірге айтулы сынықшы болған. Баласы Төлеген ишан көріпкел, қасиетті адам болған, мешіт ұстанған. Отбасын құрмай, ғұмырын осы киелі жолға арнаған. Қатерлі сапарға аттанғандар басына түнегенде, түсіне кіріп, аян бергені туралы деректер бар [8, 156-157]
Зерттеушілер мешіттердің «жер астынан» немесе жартастардан үңгіп салынуының себебін біріншіден, тақуалық, күнделікті өмірден оңашалану, жалғыздықта құлшылық қылу мақсатында, екіншіден, ауа райының ыстық-суығынан қорғану үшін деп көрсетеді [4].

ҚОРЫТЫНДЫ

Маңғыстау мен Үстірттегі жерасты мешіттерінің жер үстіндегі архитектуралық құрылыстар түрінде емес, жерастынан, жартастардан үңгірлер түрінде жасалуының бірнеше себептері бар: 1. Ең басты себебі – суфизмнің «өлмей тұрып өлу», жерастына кіру концепциясына негізделген; 2. Маңғыстау мен Үстірттің табиғи, географиялық жағдайымен байланысты (қалалы елді мекендерден шалғай болғандықтан ғимарат тұрғызу мүмкін емес); 3. Дін таратушы машайықтардың, дін жолына түскен дәруіштердің жолына ыңғайлап салынған қоналқы орындар; 4. «Дінсіздер мен жат ағымдағылардың» көзінен таса болу; 5. Жалпы әлемнен жырақ, құпиялылық, киелілік т.б.
Маңғыстау мен Үстірттегі XIX ғасырдың аяғы мен XX басында пайда болған «шағын» жерасты мешіттерінің ең басты қызметі – қазақ халқының рухани тығырыққа тірелген тұсында «аталардың» аманат-ілімін кейінгі ұрпаққа жалғастырып үлгеру болды.
Осы руханияттың алтын тінін үзбей сақтау үшін қазақтың рухани көсемдері – ишан, сопы, ахун, әулиелері көзден таса құпия үңгірлердегі мешіттерін құлшылық орны ғана емес, шәкірт дайындайтын медреселерге айналдырды. XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы Маңғыстау жыраулық мектебінің айтулы тақтағы Сәттіғұл Жанғабылұлы:
Шариғат шамы жағылған, Тарихат жолы табылған, Хақиқатқа бағынған.
Әр орында мешіт бар
Құдай үшін салынған, Бірден-бірге қалынған. Қожа Ахмет, Пір Бекет – Солардан үлгі алынған.
Азырақ баян етейін
Абдолла, Әбді ғалымнан,
Сақтанған лағын-залымнан,
Дін үшін жанған шамымнан,
Айтқаны зікір-салауат –
Қашсын деп шайтан маңымнан. Жақсылардың азайып
Уақыты еді арылған, –
деп, қазақ руханиятын сақтап, кейінге жеткізген ұлттың уәлилерін айтқан еді. Маңғыстаудағы «үлкен» және «шағын» жерасты мешіттері қазіргі уақытта да өзінің руханитанымдық, тәрбиелік, тарихи-ағартушылық қызметін жалғастыруда.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Стародуб T.X. Средневековая архитектура, связанная с суфизмом: ханака, завия, такия // Суфизм в контексте мусульманской культуры. М.: Наука, 1989. – С 268-279
2 Кириллина С.А. КУЛЬТОВО-ОБРЯДОВАЯ ПРАКТИКА СУФИЙСКИХ БРАТСТВ ЕГИПТА (XIX—начало XX века) // Суфизм в контексте мусульманской культуры. М.: Наука, 1989. – С 80-93
3 Әбдірахманов Б. Ұлттық танымды қалыптастырудағы жерасты мешіттерінің маңызы// Мәдени мұралардың танымдық негіздері. Ақтау, 2004. – 88-92 жж.
4 Әжіғали С.Е. Маңғыстау мен Үстірт ескерткіштері. Алматы: Өнер, 2014. – 504 б.
5 Маңғыстау жерасты мешіттері // Құрастырушылар: О.Көшбай, М.Қалменов. Алматы: Орхон, 2009. – 164 б.
6 Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западнго Казахстана. Алматы: Өнер, 1987. – 159 б.
7 Еділхан А. «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» халықаралық кешенді экспедициясының есебі. Ақтау, 2018
8 Жылқышыұлы Ж. Сегіз арыс Адайым. 9 томдық. 7-том. Алматы: Профи-Медиа, –
2015. – 512 б.

Б.И.Нурдаулетова
Преемственность подземных мечетей Мангистау с суфийскими ханаками Каспийский государственный университет технологий и инжиниринга имени Ш.Есенова, г.Актау, Казахстан Мангистау является одним из уникальных регионов культурного ландшафта страны, который изобилует огромным количеством памятников и святых мест и вошедший в историю как священная земля мифов и легенд. Определенная идея проходит через все жанры культурных текстов региона, которая неразрывно связана с одним из фундаментальных принципов традиционного общества – сакральностью. Известно, что сакральное – это феномен духовной жизни, который может проявляться только в обществе и только в символической форме, сохраняется в коллективном бессознательном и находится в основе исторической самоидентификации народов, их самооценки, национальной гордости.
Подземные мечети Мангистау и Устюрта являются неповторимой в мире особенностью духовно-исторической ценности. В статье говорится о сходствах и своеобразных особенностях, истории и современном применении подземных мечетей и средневековых суфийских ханаки.

B. Nurdauletova
Continity of underground mosquesof Mangistau with sufian khanaki
Caspian state University of technology and engineering named after sh. Esenov,
Aktau, Republic of Kazakhstan
Mangystau is one of the most unique regions of the country’s cultural landscape, which is rich in a huge number of monuments and holy places and known in history as the sacred land of myths and legends. A certain idea runs through all genres of cultural texts of the region, which is inextricably connected with sacrality, one of the fundamental principles of a traditional society. It is known that the sacrality is a phenomenon of the spiritual life, which can manifest itself only in a society, and only in a symbolic form; it is stored in the collective instinct and is based on the historical self-identification of the peoples, their self-esteem, national pride; and it certainly influences their further development in the highest degree.
The underground mosques of Mangistau and Ustyurt are a unique feature of spiritual and historical value in the world. The article talks about the similarities and peculiar features, history and modern use of underground mosques and medieval Sufi khanaki.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *