ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫ: ФОЛЬКЛОРДАН ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ДЕЙІН

Ж.Б. Мамаев1 , Г.Б. Мамаева2
1қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан, e-mail: jakip0075@mail.ru
2қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан, e-mail: gulnar.mamaeva@mail.ru

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫ: ФОЛЬКЛОРДАН ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ДЕЙІН

Бұл мақалада қазақ және өзбек халықтарының фольклордан бастау алған әдеби байланыстарының өзара ықпалдастығы зерттеліп, олардың арасындағы әдеби байланыстар тарихи даму принциптеріне сәйкес хронологиялық кезеңдерге бөлінеді. Сол себепті мақаланың мақсаты – қазақ және өзбек әдеби байланысының тарихи негіздерін және олардың даму ерекшеліктерін анықтау.Тарихи жағдайлар контексінде ортақ әдебиеттің болуы түбі бір түркі халықтарының бір аумақта орналасып, жеке ұлт ретінде бөлінбей, бірге өмір сүруімен түсіндірілсе, кейінгі қазақ хандығы құрылған тұстан қазіргі кезеңге дейінгі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар.
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізсе, өзбек ағайындарымыз қазақ еліне деген құрметін, сыйластығын білдіре отырып, осы жылды Қазақстан жылы деп жариялады. Осы орайда, рухани үндестік, әдеби байланыс негіздері ары қарай тереңдей түседі деген ойдамыз.
Түйін сөздер: қазақ әдебиеті, өзбек әдебиеті, әдеби байланыс, ортақ әдебиет,әдеби үдеріс, фольклор

КІРІСПЕ

Қазақтар өзбектерді қашан да «өз ағам» деп құрмет тұтса, өзбектер «жолдасың қазақ болса, жау алмайды» деп, ыстық ықыластарын білдірген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 16-17 қыркүйегінде мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасында болды. Осы сапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде екі ел президенттері 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу туралы келісті. Ал 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жоспарға қойылды. Бұл – екі туыс халық арасындағы бауырмалдықтың көрінісі. Қазақстан жерінде бауырластықтың символы ретінде 2018 жыл – Өзбекстанның жылы деп жариялануы, өзбек елінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығының жоғары деңгейде
дәріптелуі тегін емес-ті. Әдеби үдерістегі мұндай елеулі оқиғалар Түркі әлеміндегі мәдениәдеби өзара ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын да айшықтайды. Ұлттық дүниетанымда көрініс табатын барлық ұғымдардың іздері оның сөз өнерінде сайрап жататыны белгілі. Сондықтан да тарихи тамыры бір арнадан өрбіген қазақ және өзбек әдебиетін салыстырмалы әдебиеттану аспектісінде зерттеудің маңыздылығы зор.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Қазақ және өзбек әдеби байланысын сөз етуден бұрын, біз әдеби байланыс концепциясының мәнін түсіндіруіміз керек. Қандай да бір ұлттың өнері мен әдебиетінің дамуы ол өмір сүріп жатқан мекен мен көрші болған өркениеттерге тікелей байланысты болып келеді. Бір-бірімен байланысқан бұл мәселені әдебиеттану ғылымындағы салыстырмалы әдебиеттану саласы зерттейді. Салыстырмалы әдебиеттану – әдебиеттанудың сөз өнері тарихын, әдеби байланысты, әдеби процесс пен оның заңдылықтарын, көркем әдебиет мәселелерін зерттейтін саласы. Әрбір халықтың сөз өнерінің пайда болуы мен қалыптасуын, даму жолдарын, сондай-ақ өзге халықтар әдебиетімен байланысын, көркем туындының әлем әдебиетіндегі орнын, әдебиет әлеміндегі алмасуларды, аударманы, т.б. мәселелерді өткені мен бүгінгісін салыстыра отырып, кең ауқымда зерттейді. Басқаша айтқанда, салыстырмалы әдебиеттану ұқсастықты, туыстықты және өзара әрекеттесуді талдай отырып, әдеби мәтіндерді бір-бірімен салыстыратын және уақыт пен кеңістікте жақындастыруға бағытталған әдістемелік өнер [1,182]. Салыстырмалы әдебиеттану – әдебиетте көрініс табатын мәдениетаралық өзара іс-қимыл аспектілерін зерттеу арқылы оның тарихын жарыққа шығаруға бағытталған сала [1,88]. Аударма, типология, әдеби байланыс, ұлттық құндылықтар мен шетелдік мәдениеттердің өзара әрекеттестігі салыстырмалы әдебиеттанудың зерттеу нысандары саналады. Осы саладағы маңызды терминдердің бірі – әдеби байланыс. Әдеби байланыс – ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығы. Әдеби байланыс нышандары жазушының қалыптасқан әдеби дәстүрлерге табан тіреуінің нәтижесінен, сондай-ақ тамырлас әдебиеттердің арасындағы типологиялық ұқсастықтан туындайды. Бұл әдебиет әлеміндегі рухани өзгерістің, көркем дамудың және әдеби процестің өзіндік ерекшелігі. Әдеби қарым-қатынас, әдетте, әлемдік әдебиет тарихында ерекше орын алатын әдеби процестің маңызды нысаны. Кез келген әдебиет әдеби байланыстар арқылы дамиды, жетіледі және нығаяды [2,62].
Әдеби байланыс – адамзаттың көне тарихынан жалғасқан, жаһандану үдерісін бастайтын мәдениетаралық қарым-қатынастардың нәтижесі [3]. Қазақ әдебиеті де әлемнің басқа халықтары әдебиетімен байланыс үрдісінің кезеңдерін өткерген және өзіндік ерекшеліктері қалыптасып дамыған ұлттық әдебиет. Қазақ ауыз әдебиетінің алғашқы нұсқалары барлық түрік халықтарына ортақ болып келеді. Бұл жөнінде ғалым М.Мырзахметұлы қазақ елінің басынан өткерген тарихи оқиғалардың барлығының түрік жұрттары үшін ортақ оқиғалар екендігін тілге тиек етіп еді [4,3]. Қазақ әдебиеті көршілес әрі туыс түркі халықтарының мәдениетімен, әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әсіресе, қазақ және өзбек әдебиетінің өзара байланысы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста болды. Ұлы даланы қырық жылдан астам үстемдігіне бағындырған өзбек ханы Әбілқайырханнан еншісін алған қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының іргесін қалады [5]. Шәйбани ұлысы шекпенінен өзбек мемлекеттілігі жалғасса, Қазақ хандығынан бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі тарих сахнасына шықты. Екі туыс елдің осыншалық ұлттық қалыптасу нүктесіне дейінгі тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, әдебиеті, яғни барлық болмысы бір болатын.
Фольклор – қазақ және өзбек қарым-қатынастарының бастауы. Тарихи даму эволюциясының түрлі кезеңдерінде қазақ және өзбек түркілерін ажырамастай қалыпта көруге болады. Олардың тығыз қарым-қатынасы ортақ тарихи оқиғалармен, дәстүрлермен ғана емес, діни сенім мен шекараның бірлігі арқылы да байланысып келеді. Екі халықтың бауырластығы олардың ата-бабаларының ортақ жауға жұдырықтай жұмылған шайқастарда төгілген қанымен де беки түсіп еді. Талай ғасыр өтіп, талай заман ауысса да, екі ел арасындағы бауырмалдық пен достық қатынасқа сызат түспеді. Қазақ және өзбек ұлттарының қалыптасуы мен дамуы тарихында көптеген ортақ тұстар байқалады, солардың кейбірлерін келесідей санамалауға болады: біріншіден, бұл ұлттар бір этногенетикалық отбасына тиесілі; екіншіден, экономикалық және әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық, салтдәстүрлер арасындағы өзара әрекеттесу үдерісі ерте кезеңдерден-ақ жоғары деңгейде көрініс тапты; үшіншіден, олар ортақ бір тілде сөйледі [6,192]. Сонымен қатар көптеген рутайпалардың өзбектерде, қазақтарда және басқа да түрік халықтарында кездесетініне де назар аударуымыз қажет. Басқаша айтқанда, екі халықты құрайтын этникалық топтардың да ортақтығын көреміз.
Қазақ әдебиеті көршілес Шығыс мәдениетімен, бауырлас түркі халықтарының әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әзербайжан, қырғыз, өзбек, татар және басқа да түркі халықтарымен ортақ ең көне тарихи ескерткіштер, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөкке арналған Орхон ескерткіштері осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Қазақ және өзбек халықтарының терең және жан-жақты байланысы олардың фольклорында, ауызша әдебиеттерінен бастау алады. Әлемнің жаратылуы туралы мифтерден бастап, көне сақ дәуіріне тән «Алып Ер тоңға», «Тұмар ханша», «Шырақ батыр», «Шу» дастандары, ғұн заманынан мұраға қалған «Аттила», «Көк бөрі», «Оғыз қаған», «Ергенеқон» дастандары және көктүріктерден жеткен «Қорқыт ата кітабы», «Көш» жырлары қазақ және өзбек халқының ортақ фольклорын құраған қазыналар саналады. Фольклор – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көп қатпарлы, көп сатылы және көп мағыналы, көп қырлы. Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен мифтер, – бір жағынан, фольклор, өйткені олар сол тұстағы адамдардың ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан қарағанда, олар – екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті болды, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әр түрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. Олар, түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді [7, 7]. Түрік әлемі дүниетанымының түп-тамыры саналатын және бүгін «түрік әлемінің бастауына» айналған біз атаған элементтердің басым бөлігі фольклор атты пәннің зерттеу нысанын құрайды. Қазақөзбек фольклорында әдеби зерттеушілердің әртүрлі жіктелуіне қарамастан, халық дәстүрі, оның мазмұнының семантикалық сипаттамасы, көркемдік құрылыс әдістері сияқты қасиеттер бірдей көрініс табады. Мұның мысалы ретінде адам баласының дүние есігін ашқанда айтылатын бесік жырларынан бастап, дүниеден озғанда орындалатын жоқтауға дейінгі кез келген фольклор үлгісін тілге тиек ете аламыз. Мысалы тұрмыс-салт жырларының бір түрі саналатын «Бәдік» жыры түрік халқының арасында қазақ, өзбек, қырғыз және қарақалпақ фольклорында кездесетінін ерекше айтуға болады [8, 164]. Бәдік – бұл ортақ фольклорымыздағы науқасты емдеу үшін қолданылатын рәсім. Бұл рәсімде ауруларды емдеу үшін айтылатын барлық өлеңдер «Бәдік» жыры деп аталады. Қазақ және өзбек фольклорының бір арнадан бастау алғандығы мысалына бәдік жырының кейбір үзінділерін салыстырып көрелік:

Көшер болсаң көш, бәдік
Тауларға көш,
Тау арқасын жайлаған Байларға көш.
Онан орын таппасаң,
Қара басын қамдаған Хандарға көш (қазақ бәдік жырынан).

Куч-куч, бадик, кўч, бадик,
Бўсағада бурилиб турма, бадик.
Бўсағада бурилиб турсанг, бадик, Эгасининг кўнглига келар ҳадик. Куч-куч, бадик, ойларга куч,
Ой остида ўтирган бойларга кўч.
Тиниқ десанг, сойларга куч,
Жуйрук десанг, тойларга куч (өзбек бәдік жырынан).
Жоғарыда ұсынған үзінділерден қазақ және өзбек бәдік жырларының мазмұндық, құрылымдық және поэтикалық ерекшеліктерінің ұқсас екенін байқауға болады [9, 41-45]. Өзбек фольклортанушысы Бахадыр Сарымсақовтың пікірінше, қазақ және өзбек бәдік өлеңдерінің семантикалық мағынасы мен көркемдік формасының ұқсастығы, тіпті тұтас мәтіндік ұқсастығы түрік халықтарының тарихтың түрлі кезеңдерінде бір әлеуметтікэкономикалық, саяси және мәдени ортада өмір сүргенін, олардың дүниетанымдарының да ортақ болғанын көрсетеді [8, 165]. Біз үшін маңызды мәселе – қазақ және өзбек фольклорының ортақ бастамаларын көрсететін көптеген тұрмыс-салт дәстүрлері үлгілерінің кездесуі. Алайда, жалпылық сипатта, қазақ фольклоры айтыс дәстүрімен ерекшеленсе, ал өзбек фольклорында шығыс мотивтері басым көрінеді. Екі туыс халық әдебиетіндегі мұндай айырмашылық бірінің көшпелі, ал екіншісінің отырықшы өмір салттарымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, өзбек фольклорында да айтыстың бәдік түрі кездессе, қазақ халық ауыз әдебиетінде де шығыс мотивтері нәзирагөйшілдік дәстүрімен жалғасын тапқан болатын.
Қазақ-өзбек ортақ әдебиеттен ұлттық қалыптасуға дейін. Ауызша және жазбаша әдебиеті бір арнадан бастау алған қазақ және өзбек әдебиеті кейінгі даму кезеңдерінде шартты түрде Қараханид және Шағатай дәуірі әдебиеті кезеңі деп белгіленген уақыт кеңістігінде дамуы ортақ сипатта жалғасын тапты. Түркі халықтары әдебиетінің “Алтын дәуірі” деп танылған XI – XII ғасырлардағы Қараханид дәуірінің жазба ескерткіштері қатарында Махмұт Қашқаридың «Диауани лұғат-ат түрік», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік»), Ахмет Игүнекидің «Хибатул хақайық» және Ахмет Ясауидың «Диуани хикмет» атты еңбектері қазақ және өзбек әдебиетіне ортақ мұра болып табылатыны даусыз. Махмұт Қашқаридің жазуынша, аталмыш еңбектердің тілі ортақ түрік саналады. Түрік ғалымдарының зерттеуінше, осы дәуірдегі түрік тілінің XVIII ғасырдағы Қоқан хандығындағы әдеби тілден айтарлықтай айырмашылығы жоқ [10, 482].
Тарихы бір ортақ түркі халықтары әдебиетінің Қараханид кезеңінің заңды жалғасы ретінде Шағатай дәуірі түрік әдебиетін көреміз. Ғылымда Шағатай әдебиетінің екі мағынасы бар: кең мағынада, моңғол шапқыншылығынан кейін Орта Азиядадағы түркі халықтарының әдебиеті болса, тар мағынада, Әмір Темір дәуірінде пайда болған және оның ұрпақтары жалғастырған әдебиет саналады [10, 485]. Шағатай әдебиеті өкілдерінен Хайдар Хорезми, Жүсіп Әмір, Лүтпи сынды ақындардың кейінгі өзбек және қазақ ұлттық әдебиетіне әсер еткендері байқалады. Орта ғасырдан бастап өзбек әдебиеті әрі тілдік, әрі тақырыптық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жүсіп Әли, Атаи, Құсайын, Секкаки, Лүтпи секілді шайырлар сөз өнерін мазмұн, түр және тілдік сипатта байытып, әдебиеттің жаңа бағытта дамуына әсер етті. Классикалық Шағатай әдебиетінің белгілі өкілдері Науаи мен Бабырдың шығармашылығы өзбек әдеби тілінің қалыптасуында маңызды рөл атқарса, ал олардан кейін тарих сахнасына шығатын қазақ әдебиетінде шығыстық сарынның пайда болуына және шежіре дәстүрінің дами түсуіне ықпал етті [11, 22]. Бұл дәуірде Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті қалыптасып, қазақ жыраулар поэзиясы айқын ұлттық сипатымен таныла бастады. Екі туыс халық әдебиетінің бірлігі жалпы ортақ тақырыптармен және шығыстық мотивтер сабақтастығымен жалғасып жатты. Қазақ атауымен белгілі әдебиеттің алғашқы өкілдері ретінде Асан қайғы, Қодан Тайшы және Қазтуған жыраулардың даңқы түгел Дешті Қыпшақ даласына танылды. Олардың ортақ тақырыптары – өмір, достық, адамгершілік, батылдық, ар-намыс, әділдік болса, ортақ идеялары – Отан, ұлт, бірлік, еркіндік үшін күресу және осы қасиетті құндылықтарды кеудеде қасық қаны қалғанша қорғау керектігін түсіндіру болды
[12].
Шағатай әдебиеті өкілдерінің бірегейі Әлішер Науаи түрік халықтарына ортақ тұлға және өзбек әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын саналады. Оның шығармашылығы ең көп зерттелген және көптеген көркем еңбектердің тууына ықпал еткен. Науаидың өлеңдері қазақтың ұлы ақыны Абайды да шабыттандырып, ақындық шеберлігінің шыңдауына әсер еткен. Қазақ ғалымдары, әсіресе, М.Әуезов, Е.Ысмайылов және Р.Бердібаевтар Науаидың шығармашылығын зерттеуге үлкен үлес қосты. Ә.Науаидың шығармалары қазақ тілінде тұңғыш рет 1948 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен М.Әуезовтің алғы сөзімен басылып шықты [13], ал келесі жылы танымал өзбек жазушысы Айбектің атақты «Науаи» романы қазақ тіліне аударылды [14]. Ақын Н.Айтұлы Әлішер Науаидың ғазалдарын қазақ тіліне тәржімалады. Бұл тәржіма 1989 жылы «Ескендір қорғаны» деген атпен жеке кітап болып басылды және оның алғы сөзін белгілі қазақ ақыны Ф.Оңғарсынова жазған болатын [15]. Науаи ғазалдары 1963 жылы және 1968 жылы қазақ оқырмандарымен қайта қауышты [16]. Парсы әдебиетінің маманы Ө.Күмісбаев Науаи ғазалдары мен Абай шығармашылығының сабақтастығын зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазса [17], Төрәлі Қыдыр Әбдірахман Жәми мен Науаи арасындағы достастық жайында тың деректер жариялап келеді.
Қазақ және өзбек әдебиетіндегі түрікшілдік ағымы. Қазақ және өзбек әдебиетінің ортақ тақырыптары мен ұқсас әдеби бағыттары азатшыл немесе отаршылдыққа қарсы кезеңінде айқын көрінеді. Әсіресе, “Тұтас Түркістан” идеясы тағдырлас екі ұлттың сөз өнерінде отаршылдыққа қарсы шығармалардың тууына ықпал етті. Осылайша түркі халықтар әдебиетінің тарихындағы әдеби байланыстардың әсерінен Түркістан әдебиетінің кезеңі қайта жанданды. «Түркістан әдебиеті» деп, кең мағынада, бүгіндері Орталық Азия аймағы саналатын Қазақстан, Өзбекстан (ішіндегі Қарақалпақ автономиясымен қоса), Қырғызстан, Түрікменстан, түрік-шағатайды жатсынбаған Тәжікстан республикаларының және Қытайдың шеткі жері ретінде аталып келе жатқан үш аймақ Шығыс Түркістанның, яғни Тұтас Түркістанның ежелден қалыптасқан ауыз әдебиеті мен қазіргі әдебиетіне дейінгі ұзын тарихы мен танымал тұлғалары бар ауқымды да күрделі, бай әрі кемелденген әдебиетін айтатын болсақ, ХХ ғасыр шындығында, бұл – Ресейдің отаршылдығына қарсы туған түркі халықтарының азатшыл әдебиеті болып түрленді [18]. Патшалық Ресей ХХ ғасыр басында Түркістанды толық отарына айналдырды. Алып империя отарлаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып, бодандағы елді рухани, саяси, экономикалық тәуелсіздігінен айыру үшін түріктердің тұтастығына сына қағып, олардың ара-жігін айыруға барын салды. Түркістан халқы осындай аласапыран кезде бірігу қажеттілігін ұқты. Тағдырлас туысқан халықтардың басын қосатын рухани әлем әдебиетке арқа сүйеді. Әрбір әдеби туынды тарихи-әлеуметтік жағдайға сай туып, сол кездің шындығымен танылады. Сондықтан отарланған ұлт әдебиетінде азатшыл аңсар алдыңғы шепке шығады. Осындай күрделі әдеби-тарихи үдеріс Түркістанның азатшыл әдебиетін қалыптастырды. Осы кезеңдегі жалпы мәселелер қазақ және өзбек әдебиетіндегі көптеген зерттеулердің басты тақырыбы болды. Бұл саладағы зерттеулерге қазақ әдебиеттануында Р.Бердібай, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Т.Жұртбай, Қ.Ергөбек, А.С. Ісмақова, Д.Қамзабекұлы, С. Сүтжанов, А.А. Жалмырза және өзбек әдебиеттанушыларынан С.Қосимов, Э.Каримов, А.Алиев, Н.Каримов, Ш.Турдиев, С.Ахмедов, Б.Досқараев, Х.Балтабаев, Х.Қудратуллаев есімдерін атауға болады. Аталмыш зерттеушілерден мысал ретінде А.А. Жалмырзаның зерттеуіне тоқталатын болсақ, оның «Отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиеті (қалыптасуы, даму ерекшеліктері және көркемдік сипаты)» монографиясында ХХ ғасыр басындағы Түркістан әдебиеті өкілдерінің, оның ішінде негізінен қазақ және өзбек әдебиетінің отаршылдыққа қарсы туған шығармалары талданып, әдебиеттегі түрікшілдік және жәдитшілдік ағымдары әдеби үдеріс аясында дәстүр, ағым және бағыт тұрғысында сарапқа салынып, басмашылық құбылысы мен отаршылдыққа қарсы әдебиеттің мұғажырлық кезеңі туралы тұжырымдар жасалған. Монографияда түрікшілдік және жәдитшілдік ағымдары контекстінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Абдулла Авлони, Міржақып Дулатов пен Абдуроуф Фитрат, Мағжан Жұмабай мен Чулпан (Абдулхамид Сүлеймани) шығармашылығы салыстырыла зерттелген. Азатшыл әдебиеттегі біріктіруші түрік тіліне деген түрлі көзқарастар сараланып, «ортақ түркі тілі» мәселелер де қамтылған. Қазақ және өзбек әдебиетіндегі түрікшілдік, жәдитшілдік ағымдарын әдеби байланыс факторы ретінде көрсететін ғылыми зерттеулердің нәтижелері осы кезеңде түркі әлемінің ортақ тілі, отаршылдыққа қарсы тақырыптарға байланысты мәселелер екі туыс әдебиет арасындағы байланыс кеңістігінің ауқымдылығын, сондай-ақ жалғастылығын көрсетеді.
Тарихи деректерге сәйкес, өзбектердің Қазақстанға қоныс аударуының тарихи, саяси және экономикалық себептері бар. Қазақстандағы түркі халықтарының ұлтаралық қарымқатынастарында өзбектер ерекше орын алады. Олар Қазақстанның көбіне оңтүстік бөлігінде, нақты айтсақ, Шымкент, Түркістан, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт, Кентау және Тараз, Мерке қалаларында өмір сүреді. Бұл қалалар мен аудандарда өзбек этно-мәдени орталығының 11 филиалы жұмыс істейді. Облыстық өзбек мәдени орталығы аталған орталықтардың қызметін үйлестіреді, оларға әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.
Қазақстанда өзбек тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосып келе жатқан жазушылар мен ақындардың үлкен бір шоғыры бар. Эрназар Розметов, Бахадир Сабитов, Хавазмат Кочкаров, Закиржан Моминжанов, Абдрурахим Пратов, Ибрахим Хухкиев, Икрам
Хашимжанов, Мұраджан Абубакиров секілді қаламгерлер Қазақстан Жазушылары және Журналистері одағының мүшелері. Қаламымен ел арасын бүтіндеуге, достықтың берік болуына қызмет етіп келе жатқан шығармашылық иелері Өзбекстан Жазушылар және Журналистер Одағымен тығыз қарым-қатынас жасап, ондағы ақын-жазушылардың Қазақстанда кездесулерін ұйымдастыруына ұйытқы болып отырады. Мысалы, Сайрам ауданында «Өзбек тілі мен салт-дәстүрлерінің күні» мейрамы аталып өткенде Өзбекстаннан «Нуронийлар Жамгармаси» республикалық қорының төрағасы Нумон Касимов бастаған ақындары мен жазушылар арнайы келіп, қатысқан. Сондай-ақ, Өзбек мәдени орталығы Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығымен тығыз байланыс жасап тұрады. Жызақ облысындағы Гагарин қаласында Қазақ драма театры және Сайрам драма театрлары бірбірімен әріптестік тәжірибелер алмасып тұрады.
Айта кету керек, 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланды. Мұның артынша, 2018 жылы 13 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулы шығарып, қаулыны орындайтын арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды. Тиісті қаулыда ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны ерекше көрсетілді. Осы саяси оқиғалардан біз екі бауырлас әдебиеттің өзара қарым-қатынасының жаңа дәуірінің басталғанын байқаймыз.

ҚОРЫТЫНДЫ

Орта Азия халықтарының ішінде Қазақстан мен Өзбекстан мәдениетінің арасындағы сан ғасырларға созылған өзара байланыстардың терең тарихи тамырларын, олардың ортақ заңдылықтарын, табиғатындағы елеулі ерекшеліктерін айқындау, оны бүгінгі күннің қажетіне жарату – дәуір талабынан туындап отырғаны баршаға мәлім.
Әдеби байланыстың ертеде пайда болған дәстүрлері уақыт өткен сайын жаңарып, молығып, түрленіп, дамып отырады. Әр кезең өзінің соны түрлерін тудырып жетілдіреді. Қазақ және өзбек халқының әдеби байланыстары сонау көне ғасырлардан бермен қарай жетіліп, даму үстінде келе жатыр. Қазақ және өзбек әдебиеттері өздерінің көп ғасырлық тарихында үнемі бір-бірімен туыстық байланыс жасап, өзара тығыз қарым-қатынаста болып келген. Бұл байланыс пен қарым-қатынас өзінің даму барысында бірнеше кезеңдерден тұрады. Әдеби байланыстың түрлері мен сипаттары екі елдің саяси-экономикалық байланысына әдебиеттердің даму үдерістерінің ішкі заңдылықтарына қарай әр кезеңде әр түрлі болған және үнемі өзгеріп, өсіп, дамып отырған. Қазақ пен өзбек халқының арасындағы туыстық қарым-қатынастың түп тамыры сонау терең тарих түкпірінде, көне ғасырлар қойнауында жатыр. Оған ең алдымен шыққан тегінің бір болуы, сөйлейтін тілдерінің туыстығы, көп ғасырлар бойы көрші-қоңсы отыруы, түркі мемлекеттерінің құрамында өмір сүруі себеп болды.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Rousseau, A.M. Karşılaştırmalı Edebiyat (çev. Mehmet Yazgan), MEB Yayınları. – Ankara, 1994.
2 Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. – Алматы: Жазушы, 1974. – 216 б.
3 Sattarov, Q. Uzbekistonda Qozoq Fol’klori (Kazahkij fol’klor v Uzbekistane), 1972.
4 Çağdaş Türk Edebiyatları (Edit. Yavuz AKPINAR), Eskişehir, 2013.
5 Қожақұлы Ө. Қазақ-Қоқан қарым-қатынастары (XVIII-XIX ғғ.). – Қызылорда: Тұмар, 2006.
6 Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VI-начало XIII в.) … Алма-Ата: Издательство «Наука», Казахский ССР. – 1986. – 256 с.
7 Қасқабасов С. Ойөріс. Алматы: “Жібек Жолы”, 2009. – 303 б.
8 Sarimsakov, B. Uzbek Merosim Folklori, Taşkent, 1986
9 Sattarov, Q. (1972).Uzbekistonda Qozoq Fol’klori (Kazahkij fol’klor v Uzbekistane), Ministerstvo prosveshchenie UzSSR, Tash.gos.ped.institut im.Nizami, Druzhba narodov-druzhba literature, Uchenye zapiski, C. 99, Taşkent.
10 İnan, A. “Çağatay Edebiyatı”, Türk Dünyası El Kitabı, C. 1, Türk Kültürünü Araştırma Enstitüsü Yayınları, – Ankara, 1976.
11 Тоекина Б.С. «Бабырнама» және Қазақ хандығы тұсындағы жазба шежірелер . – Алматы: Әрекет-Принт, 2009.
12 Сүйіншәлиев Х Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы : Санат, 1997. – 928 б.
13 Әуезов М.О. .Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: Дәуiр : Жiбек жолы, 2014. – 472 б.
14 Айбек, [өзбек тілінен ауд. Ә. Сүлейменов], –Алматы: Қаз, мемл. Көркем әдебиет баспасы, 1949. –400 б.
15 Науаи Ә. Ескендір қорғаны. – Алматы: Жазушы, 1989.
16 Қазақ әдебиеті . Қазақ энциклопедиясы. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.
17 Күмісбаев Ө. Шығыс шайырлары. – Алматы: РПБК «Дәуір», 2015.– 288 б.
18 Жалмырза А.А. Отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиеті. Монография. – Астана: ЕҰУ, 2013. – 202 б.

Ж.Б. Мамаев , Г.Б. Мамаева2
Казахско-узбекские литературные сязи: от фольклора до современности
1,2Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева, г. Нур-Султан, Казахстан
В настоящей статье исследуются литературные взаимосвязи начало которых прослеживается в фольклоре казахского и узбекского народов. Литературные взаимосвязи между ними иследуются исходе из хронологических периодов в соответствии с принципами исторического развития. В связи с этим целью статьи является выявление исторических основ казахско-узбекских литературных связей и определение ососбенностей их развития. Если наличие общей литературы в контексте исторических событий объясняется тем, что тюркские народы, имеющие общие корни, были расположены в одном регионе, не отделились в качестве отдельной нации, их совместной жизнью, то литература со времен основания казахского ханства до настоящего времени имеет свои особенности и сходство.
2018 год в Казахстане провозглашен годом Узбекистана, в свою очередь Узбекистан провозгласил год Казахстана. В этой связи, полагаем, что духовное единство и литературная связь будут углубляться и дальше.

Zh. B. Mamayev1, G.B.Mamayeva2
Kazakh-Uzbek literature links: from folklore to modernity
This article explores Literary interrelationship derived from folklore of the Kazakh and Uzbek peoples. Literary interrelationship between them is divided into chronological stages in accordance with the principles of historical development. In this regard, purpose of the article is to identify historical basis of the Kazakh-Uzbek literary ties and to determine essence of their development.
If the presence of general literature in the context of historical events is explained by the fact that Turkic people with common roots were located in the same region, did not live as a separate nation, the literature from the time of the founding of the Kazakh Khanate up to our days has their own peculiarities and similarities.
2018 year was proclaimed as the year of Uzbekistan in our country; hence 2019 year is the year of Kazakhstan in Uzbekistan. In this regard, we believe that spiritual unity and literary ties will continue to deepen further.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *