МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ


Ж. Т. Қадыров1, Ә.Қ. Шапауов2, М.М. Қонқаев3 1ф.ғ.к., профессор, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл қ., Қазақстан, E-mail: zhkadyrov_777@mail.ru
2ф.ғ.к., профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан
3филология мамандығының 2 курс магистранты, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл қ., Қазақстан

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ

Мақалада Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы образдар жүйесі қарастырылады. М.Мақатаев шығармаларындағы ақынның образ жасау әдіс-тәсілдері, суреткерлік шеберлігі баяндалады. Ақын өлендеріндегі өзіндік қолданыстағы метафоралар мен алмастырулар айқындалады. Лирикалық кейіпкер, аллитерация мен ассонанс, поэтикалық метонимия, антитезаның әдемі үлгісі, теңеу мен кейіптеудің, ажарлау, құбылтудың берілуі талдау арқылы сараланады. Сондай-ақ,кұстар символикасының шебер қолданысына талдау жүргізіледі.
Кілтті сөздер: образ, лирикалық кейіпкер, символ, аллитерация, ассонанс, антитеза, кейіптеу, синекдоха, окказионал метафоралар, поэтикалық, лингвистикалық метонимиялар.

КІРІСПЕ
Мұқағали Мақатаев талантының айқын дәлелі көркемдегіш құралдарды құлпыртып қолдануымен бірге, образ жасау шеберлігінің шешімдеріне ұмтылысынан көрінеді. Ол тудырған бейнелердің тәрбиелік мәніне, тұтастық сипатына, даралық белгілеріне назар аударылады. Әрі образдар уақыт тынысын айқындап, оқиға желісін шымырландырып, көркем туындының құндылығын арттырып, халықтың рухани қазынасын байыта түскеніне дәлелдер жасалды. М.Мақатаев әр түрлі бейнелермен қазақ поэзиясының образдар галереясын байыта түскендігіне көз жеткізіледі.
Образ, яғни көркем бейне аса кең ұғым. М.Мақатаев шығармаларындағы образдар жүйесі дегенде ақынның образ жасау әдіс-тәсілдері, суреткерлік шеберлігі жайлы, осы ретте нендей компоненттерді пайдаланғандығы, қандай образдарды жасағандығынан әңгіме қозғалмақ. Алдымен образға барар алғашқы баспалдақ – суретті сөз. М.Мақатаев поэзиясында бұл молшылық. Кез-келген өлеңді ашып оқи қалсаңыз суретті бейне, образды сөз қолданыс жанарыңды бірден жасқап, терең иіріміне тарта жөнеледі. Мәселен:
Тамаша еді жазғы орман, Құстар сайрап мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Көкейіңе қона кетеді. Жанды сурет. Маужыраған жаз. Құлағыңа құстардың құйқылжыта сайраған үні, тынымсыз қимыл-қозғалысы, қалықтауы, шарықтауы, ойнауы, шомылуы — қысқасы хан базардай қайнаған тірлігі келеді. Өлең басынан аяғына дейін сан-сала тірлік, тұнып тұрған полотналы сурет. Тек түрлі-түсті бояу алып, өрең мен өнерің жетсе, суретін салу, ретімен орналастыру ғана қалады. Нәмесе жақсы жырды жадыңа тоқып, жаттап тынасың. Енді бірде:
Киіктің сүтін ішіп ер жеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан
Бұдан табиғат анаға тартып туғандықтың, тазалық пен тұнықтықтың, тектілік пен тегеурінділіктің өлшемі мен бірлігін көреміз. Суреттеудің сұлу да сүйкімділігіне, салыстырудың сонылығына, жырдың жаңалығына жан сарайың нұрланып, ғажайып бір әлеммен қауышасың. Міне сұңғыла суреткерлік, айызды қандырар ақындық. Орнын тапса, қиюын келтірсе, гүл-гүл жайнамайтын, сан түрге құбылмайтын, тоты құстай түрленбейтін сөз сирек кезігеді екен.
Адам бейнесін жасаудың жолы сан алуан. Ол айтып өткеніміздей суретті сөз қолданыс қана емес. Алайда лирикалық кейіпкерді жалаң ақындық тұлға деп қарауға келмейді. Сонымен бірге әркімнен алынған жиынтық сезім түрлері, қилы көңіл күйлері бірлікте қоныс тебеді.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным, сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын, Ағытшы бешпетіңнің түймелерін [1].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Іс-оқиғаға араласушы – лирикалық кейіпкер. Ол батыл байламның, сұрапыл сезімнің, өжет мінездің адамы. Бақытқа балқыған сәт. Бірақ оны оқырман тек ақын деп қарамайды, әр ер азамат өз басындағы ахуал, келісті күй, керемет шағым деп қабылдайды. Ақынның сыр түйінін дәл шешіп, сым пердені дөп басқанына ризалық танытып, үнсіз ұнатасың, құптайсың. Қимастық сезіміне бөленесің.
Ұялып барады ағып бұлақ бала,
Бұйығып үн қатпайды жылап қана. Баланың маңдайынан сыйпалаған, Дірілдеп айдан тамған шуақ қана [1].
Сүюдің қорытындысы – қыз баланың жан-дүние өзгерісі, жаңа ғұмырдың көзін ашуы. Махаббат шуағы шашылуы. Бір дәуір өшіріліп, екінші дәуір басталуын баяндайды. Бұл нағыз сыршыл лирика.
Ал енді ақын өз күйін, тіршілік қарекетін қалай суреттегендігіне назар аударалық. Шығармашылық жұмыстың ауырлығын немен, азабын неге салыстырғанын көрелік.
Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз, Шөп қажап шегірткедей дән үзбейміз. Алты айшылық жол басып арып-ашып, Адам деген патшаға дәрі іздейміз [1].
Ақын мен ара тірлігі бір фонда. Араның өте сезімтал, аса еңбекқорлығын білеміз. Дала кезіп, гүлді атырапты шарлап, тынымсыз қозғалысқа түсіп жатқан ара омартасын тамашалағанымыз бар. Ал араның гүл шырынын қалай әрі қаншалықты әкелетінін және оның қандай жолмен балға айналатынын зерттеуші ғалымдар мен мамандар жеткілікті білер. Ақынның үзіндіге келтірілген бір шумақ өлеңі алуан ойға, қилы қиырларға жетелейді. Ақын мен араның тірлігі ішкі үндестігін, еңбектену қаракеті ұқсастығын ұғынымыз. Ақында қиялмен кезіп, оймен омбылап, «алты айшылық жол жүреді», адамдардың жан-дүниесіне үңіледі. Үңіледі де сүйінеді, күйінеді. Сезім сергелдеңіне түседі, шөл қысып құрдымға ұрынады, дерттенеді, кектенеді, тоқсан толғатып, адам деген – патшаның рухани азығын жасап, өлең перзентін дүниеге әкеледі.
Ақын өлендерінде өзіндік қолданыстағы метафоралар мен алмастырулар да, жанжануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады. М.Мақатаев өлендерінде дәстүрлі ұғымдар да метафоралық тіркес құрайды.
М.Мақатаев өз өлеңдеріне тек жеке сөздер мен сөйлемдерді ғана емес дыбыс қайталаулары арқылы да едәуір ажар беруге тырысқан, яғни аллитерация мен ассонанс та елеулі орын алған. «Аллитерация (латынша ad-littera –дыбыстас) – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау және ассонанс (французша assonance – үндес) – бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталау. …Өлеңге аллитерация мен ассонанс дарытқан ажар мен әсер сондай, тіпті қазақша түсінбейтін аудитория да бір сәт қызыға таңырқап, тыңдап қалуы мүмкін» [2, 256].
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдаң күз Қаза қылмай бірде-бір таң самалын, Қыз қырман сапырды ол қашан мың.
Күз деген – әрі диқан, әрі малшы Тоның жаман демеңіз малшы ағаның –
деген жыр жолдарынан көруге болады.
М.Мақатаев шығармаларында әр метафоралар бұрынғы дәстүрлі деңгейдегі сөз ауыстыруларға, символдық мәні бар метафораларға, яғни сөз – символдарға ұласады. Символ – метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Символдык мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздеуіміз керек. Мысалы, кұстың, жан-жануарлардың атаулары – халқымыздың бұрыннан келе жаткан тіліміздегі символдары. Осы орайда ұлтжанды тұлға М.Мақатаев тіліндегі сөз-символдар мәні таң қаларлық. Суреткер тілінде кұстар символикасының орны ерекше. Әсіресе, аққу — әдеміліктің, тектіліктің, махаббатқа адалдықтың, қазақы мәдениеттің символы ретінде бейнеленеді. Оған дәлел — ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы аққу образы.
…Аққулар…
Аққу мойын, сүмбе қанат, Алаңсыз тарануда күнге қарап. Айдынның еркелері, білмей тұрмын, Етермін тағдырынды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу [1]!
Сондай-ақ, аққу, сандуғаш, тоты кұс, аққу, жапалақ, бүркіт, торғай сөздеріне қазақ халкының ұғым түсінігін, табиғат бейнесін, санасында жағымды, жағымсыз бағалауыштық коннатацияларды сыйғыза білген. Сондай-ақ, ақын бүркіттің адал достығы мен тектілік, батылдық қасиетін, құсбегілік салтының бір бөлшегін «еркіндік» символына сыйғызған. Бүгінде еліміздің туында еркін шарықтап ұшкан қыран бейнеленгені ақын арманының орындалғанының көрінісі.
М.Мақатаев – Абай үлгісімен өзіндік «мен» – автор образы арқылы ұлтына үгітнасихат, сын айтатын сипатынан оның жаршы, насихатшы, ақын екендігі аңғарылады. Ақынның өзіндік «мені» ақын өлеңдерінде өзіндік қолданыстағы метафоралар мен алмастырулар да, жан-жануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады. М.Мақатаев өлендерінде дәстүрлі ұғымдар да метафоралық тіркес құрайды.
Ақынның өзіндік «мені» – күрделі ұлттық таным. Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілемін бір кісіден [3].
«Қайырлы түн !» және «Қайырлы таң!» атты екі өлеңінің мән мағынасына тереңірек үңіле түсейікші. Екі өлеңде де ақынның айтайын деген ойы бір арнаға саяды. Ол – тыныштық.
Қайырлы түн!
Жер – Анам,
Көк аспанды жамыл да,
Таңға дейін дін аман,
Тәтті ұйқыда дамылда.
Қайырлы түн, тыныштық! Қайырлы түн, тіршілік! — деп, түн тыныштығын тілесе: Арқалап ап ырыс-құт,
Келеді әне күн шығып,
Қайырлы таң, Тыныштық! Қайырлы таң, Тіршілік!
— деп таң нұрына боялған жер бетінің тыныштығын суретейді. Жәй ғана суреттемейді, таң атқанда «орманым да шуламай, ақ басты ата тауларым да жыламай ұйқысынан оянса, шашу болып жүлдыздарың шашылды, айың келіп ақ мойныңа асылды» деп әдемі кейіптеулермен келтіреді.
Таң мен түнді қарама-қарсы қоя шендестіріп, көз алдымызға үшінші бір әдемі «тыныштық» деп аталатын суретті ұсынады. Яғни, антитезаның әдемі үлгісі бар.
Еңді ақын жырында ауыл түні мен жазғы таңның бейнесі қалай-қалай құбылады екен? Ауыл түні бозғыл, торғын, мақпалдай, Аспан жерге таңырқап тұр ақ маңдай.
Бір-біріне ғашық екі дүние
Сырласа алмай, мұңдаса алмай жатқандай.
Ақын ағаның өз қаламына ғана тән теңеу мен кейіптеудің кереметін байқайсыз.
Түнгі жайлаудың сырына қаныққан, жеңгесі мен қайнысының диалогына құрылған өлеңін алып қарайық. Әдемі әзілге езу тартқызар өлеңге «қарағай дулығасын лақтырып, жапырақ, құрақ күліп» мәз болысады. Аға-орман, іні-торғай паналаған жолдарды метафора ажарландыра түссе, қайнысының пүшайман болған халін «Сауға сұрап қашанғы күнелтемін, балаша балықшыны жағалаған» деген келісті теңеулер түйіндеп тұр [4].
Ақиық ақын өмірінің соңғы кездеріңде ауру мендеп, жаны қиналғанда да таң мен түннің құпиясын трагедиялық ахуалда суреттеуге арнаған. «Көрдің бе таң мен түннің соғысқанын?» деп сұрақ қоя отырып, «мен көрдім, бірақ болыспадым» деп өзі жауап береді.
Лирикалық кейіпкер:
Түн деген — шашын жайған албасты екен,
Апыр-ай, таң кешігіп қалмас па екен? – деп дегбірсізденеді, өйткені қараңғылықты үрейдің, өлімнің нышаны етіп суреттейді. Таң – үміттің, жақсылықтың нышаны.
Жарық жеңді-ау, әйтеуір алаулатып, Түнді асырды батысқа талауратып. Қолына алып пышақты сан мың найза, Жауынгер – Күн келеді жалаулатып!
Таң атты. Жауынгер – Күн жеңді. Оның өмірі тағы бір күнге ұзарды, ақын үміті тағы бір күнге жалғанды.
«Несіне асығады?» деген өлеңінде:
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай. Өмірді басқа арнаға бұратындай Түннен қорқам…
Мәңгілік тұратыңдай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
— деп күнді жанына қуат, тірек көреді.
«Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі».
Жанды, бейнелі құбылыс!
Түн дүниесі адамды тонап бір-ақ жұтатындай «тірлікте қара түннің керегі не, кетпей ме онандағы күнге айналып» деп армандайды. Мұндай түн тақырыбы Мағжан шығармашылығына да тән. Үңдестік бар. Олай болса, түн – дамыл, күн – өмір. Ақын жаны өмірдің тәтті елесіне елігіп: Күміс қанат бір құсқа мініп алып, Кетсем бе екен артынан күнді қуып, — дейді. Солай бола тұрса да, қара түнді ылғи кіналаудан аулақ [6].
Мұқағали Мақатаев сынды қазақтың асқақ ақынында ажарлау аз, құбылту көп. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл – құбылту, яки троп (грекше tropos – иін, иірім) – сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту. Бұл ретте әдеби тілді ажарлау оны құбылтудың алғашқы кезеңі – ең қарапайым түрі деуге болар еді [7, 222].
Суреткер қолындағы сөз суретші қолындағы бояу секілді, иінін тауып мың құбылтуға болады. Құбылған сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байытпақ; бір сөз бір-ақ нәрсені танытса, оны түрлендіре құбылту арқылы тіршіліктің сан алуан сырын тануға болады. Демек, троптың ең басты мәні таным тарапында жатыр [7, 223].
Өмірде мақсатсыз ешбір әрекет жоқ. Мұны білген жағдайда ажарлау секілді құбылту да суреткердің идеялық мақсатына, эстетикалық мұратына қызмет ететін тәсіл екенін тәпіштеп жату артық. Мұны айтып отырған себебіміз, кейбір әдебиет теориясын толғайтын кітаптарда эпитет пен теңеу, метафора мен метонимия әр жазушының таптық көзқарасына лайық, таптық идеясына сәйкес пайдаланылатыны ұзақ-ұзақ әңгіме етіледі.
Синекдоха (гректің synekdohe – бірге жобалап, нобайлап, шамалап түсіну) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе, керісінше, жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы [7, 230].
Алмастырудың бір түрі болып табылатын синекдоха тәсілінің де метафорамен тығыз байланысқа құралатыны осы пікірлерден анық аңғарылады. Яғни сөз мағынасын алмастырып айту амалы ретінде синекдоханың да табиғаты метафорамен байланыста жатыр деуге болады.
Синекдоха да, метонимия тәрізді ауызекі тіл ыңғайына бейім құбылыс. Сонысына қарай әрі ойды әсерлі жеткізу қызметімен Мұқағали Мақатаев лирикасында бұл да жиі көрініп тұрады.
Ғалымдарымыздың көпшілігі синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарастырады. Осы пікірге қосылуға болады. Бірақ аздаған айырмашылық бар екенін ескеруіміз қажет. Синекдоха да алмастырып айту ап-айқын көрініп тұрса, ал метонимияда көмескіленіп, тез байқалмай тұратындығында болса керек. Мысалы, М. Мақатаев мегзеу сөздерді қолданғанда айтар ойына, ішкі сезіміне бағындырып, үйлестіріп, үйлесімді жағдайда пайдаланған.
«Қайран жеңгем» өлеңінде:
Жан едің ғой жанының талғамы бар, Қара мұртқа қалайша байлағансың [8, 91].
Қаламгердің «Сүйген ерін» өлеңінде:
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүйкімді, сүйікті бір түрге енемін [8,78].
Ақынның бұл сөздерді синекдохалық мағынада ауының себебі бар. Өйткені жай адам немесе жігіт дей салса, сондай әсерлі болмас та еді. Ал қара мұрт дегенде менсінбеушілік, жақтырмаушылық астарында сарказм жатыр.
Ақынның өзіндік қолтаңбасын танытатын авторлық, синекдохалық қолданыстар да ішінара кездесіп қалып отырады. «Тағдырмен бетпе-бет» өлеңінде: Жас жігіт – жазғы бидайдың,
Сіп-сирек мұрты көкпеңбек.
Сыйлайды самал еппен кеп [8,128].
«Дәрігеріме» атты өлеңінде:
Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімен,
Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін [8,128].
Жазғы бидайды жас жігітке балай отырып, оның сабақтары демей, мұрты деп, бүтіндей алмай, оның бір ғана бөлшегін көрсетеді. Тамаша кейіптеу арқылы синекдохалық қолданысты дәл береді. «Қара жердің жалғыз түйір дәнімін» – адаммын деп айқайламай ақын өзін туған жердің бір түйір дәнімен мегзеп көрсетеді. Бұнда да бүтіннің орнына бөлшектене береді.
Лирикасындағы синекдохалардың көбі жалпы әдеби тілімізде бар, жалпыға түсінікті мағыналардың берілуі арқылы келтіріледі. Бірақ қарапайым түсінікті сөздер ақын лирикасында жарқырап көрінген, яғни сөздің мәтін ішінде түзілуі, астарлы мағынасы поэзияда соны бейнелер жасаудағы қызметі ерекше көрінеді. Суреткердің қай-қайсысы болмасын синекдоханы жұмсағанда ықшымдылыққа, нақтылыққа, дәлдікке жүгінеді. Мұқағали Мақатаев осыны ескерген ақын. Былай қарағанда синекдоха (мегзеу) жай бір, онша бейнелі қолданым сияқты емес, ал бірақ лирикада ол өлеңге ерекше стильдік бояу береді. Сондықтан да, ақын өзінің лирикасында бұрыннан барларын өзгертіп, өң беріп, түрлендіріп жұмсауда синекдохалық қолданыстың кеңдігін, жан-жақтылығын, бейнелілігін, әсерлілігін, сезім дүниесіне қажеттігін танытты.
Метафора – тіл табиғаты, сөз мағынасы – күрделі құбылыс. Тілде сөз метафоралармен түрленіп өңделеді, ажарланып, бейнелі құралға айналып отырады. Бұл ұғымды жалпы филологияда түрлі сөздіктерде метафораға берілген анықтамалар, теориялық пікірлер дәлелдей түседі. Мәселен, «Тіл білімі сөздігінде»: «метафора – (грек metaphora – ауыстыру) троптың бір түрі, ұқсастық, сәйкестік және т.б. негізінде сөздер мен сөз оралымдарының ауыспалы мағынада қолданылуы» [9, 220] десе, «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» мынадай түсініктеме беріледі: «Метафора, ауыстыру (грек сөзі – ауыстырып қою) екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып – жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін сөз немесе сөз тіркесі» [10, 227].
Метафора – прозада ғана емес, поэзияда да әсерлілік пен бейнелілікке негізделген өте көркем тәсіл. Сөздер метафораланғанда негізгі ой өзге бір баламасымен жұптасып, мазмұн қуатын құбылта жеткізеді [10, 228]. Сөз зергерлерінің тіліндегі көріктеу құралдарының бірі – метафораның қолданылу аясы өте кең. Көп жағдайда суреткердің индивидуалдық стилін танытатын бейнелі сөз қолданысы. Сондықтан да метафораның көріну объектісі көркем шығарма, ақынның өзіндік қолтаңбасының көрінуі болып табылады. Енді Мұқағали Мақатаев қолданған метафораларға көңіл аударар болсақ, оның мәтіндегі көріну мүмкіндігі өте кең. Метафора ақын тілінде идеялық-эстетикалық, бейнелілік және стильдік, көркемдік жағынан келгенде үстеме мағыналар арқылы ой айқындығын, мазмұн тереңдігін қамтамасыз ету мақсатына бағындырып қолданған. Осыдан ақын лирикасындағы сөздің шексіздігі танылып, сөз құдіреті өмір құбылыстарының бәрін де бейнелеп, суреттеп, астарлап айтып бере алатындығы айқындалады. «Тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның», «Ұры — өмірді уақыт – жел күзетіп», «Әжім деген әйгілі тамшы уақыт», «Ұялап, барады өтіп бұлақ – бала», «Санасын мазалайды күшік – арман», «Айналайын құлын – жыр», «Қалғыдың қалпыңша қарт – өмір», «Қыз – тіршілік, міне, тағы мойныңа асылды», «Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам», «Ұзатылған көктем – қыз», «Дариға – жүрек шөлдеді», «Торғай – өлең шырылдап бара жатыр», «Адамзат мұң-зары – көк теңіз», «Өмір – ауыр – азап күн», «Еменде жапырақ – жүректер», «Дүние – қоңыз, енші бер», «Қыз – қайыңдар үсітіпті өкшесін», «Өмір өзі – бір құйын», «Көңілім – жердің шары ғой», «Қайығым – менің уайымым», «Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, өмір деген – көк аспанның күркірі», «Армысың, сен арамызда жалғыз перзент – Тыныштық», «Алып жер – адамның бесігі, «Ақиқаттың алмасы суынған ба» тәрізді балама жолдардағы мағыналық та, логикалық та, түр-тұлғалық та ұқсастықтар ақын тілінде метафораның бай қазынасы барлығын дәлелдейді.
Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның өмір көріністерін, сан қилы құбылыстарды табиғаттың тылсым күштерімен қатар ала отырып, нәрлі де әрлі сөз өрудегі шеберлігін танытады. Ақын метафораларды дәл тауып жұмсап, өлеңнің экспрессиясын күшейтеді. Мұндағы метафора – бейнелер заттық ұғымда жұмсалған ақынның өз қолтаңбасы, нақтылап айтсақ, контексте ғана мағынасы ашылатын, терең ойлы окказионал (бірқолданар) метафоралар. Қаламгердің лирикалық шығармаларының біразы осындай метафоралардан тұрады. Ақын мағына жағынан үйлеспейтін сөздерді де үйлестіріп, тосын бейнелер жасайды. Жазушының «Сенім туралы жыр» өлеңінде:
Сенемін, сенемін деп дамылдасың, Сенімнің ақ көрпесін жамылғансың… [11, 193].
«Мен бүгін көп қиналдым» атты өлеңінде:
Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы, Көңілдің іріп кетті бал-қаймағы [12, 145].
«Шалқы, менің шұғылам» өлеңінде:
Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен, Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де [12, 13].
Жоғарыда келтірілген метафоралар ақынның өзі жасаған тосын сөйлемшелер екені тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Суреткер ақын әр ойды, әр сөзді бейнемен мүсіндейді. «Өзгені де, өзіңді де қайталамау – поэзияның бір заңы» – дейді Қадыр Мырзалиев. Ал, бұған Мұқағали Мақатаев лирикасы лайықты дәлел. Бұл метафораларда әрбір сөзді ақын түйсінумен сабақтастырып, күрделі дүниелер жасайды.
Жоғарыда берілген өлеңнің «Көңілдің іріп кетті бал-қаймағы» деген ұлғайған метафораның әсері, бояуы өте күшті. Мүлдем ақылға келмейтін логикалық сәйкессіздікті ақын ғажап берген. Әдетте сүт іруі мүмкін, ал көңіл іруі мүмкін бе? Және көңілдің балқаймағы болушы ма еді? Міне, байқасақ, тың қолданыстарды жасаудағы ұтқырлығы осында жатыр. Былай қарағанда бұл метафоралы сөйлемде түсінбейтін ештеме жоқ сияқты көрінгенімен, оның астарында бейнелі ой жатыр. Көңілім қалды, көңілім жабырқады, көңілім күйзелді, көңілім алаң болды деген фразаларды қолданса, ақын ойының оқырманына ассоциация туғызуы сондай әсерлі болмаған еді. «Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен» — бұл да жаңа мағыналы, бейнелі метафоралы тіркес. Алғашқы метафора – тарығу, зерігу, қиналуды білдірсе, бұл қолданыс керісінше қуанышты, көңілдің тазалығын білдіріп тұр.
Демек, метафораны тек бейне жасайтын құрал ретінде ғана емес, көркем поэзияның діңгегі іспетті құрал деп және сөзді құбылтудың тәсілі ретінде қарастырдық.
«Оңай емес орнату ойдан мүсін» деп ақын өзі айтқандай, сөзден сурет салу қиынның – қиыны. Мұқағали Мақатаев таланты оның шебер суретшілігін танытты. Поэтикалық тілдің әсемдігі кең қарымда жұмсалған метафора бейнелерде жатыр. Ақын бейнені тереңдетіп ашу үшін бір ғана сөздің құдіретін пайдаланады. Қаламгерде осындай бейнелі сөздер өміршең.

ҚОРЫТЫНДЫ

Осыдан келіп шығатын қорытынды – бейнелі метафоралы сөз поэзиясының көріктеу құралы ғана емес, адамзаттың сезімін сәулелендіретін саналы сөз.
Мұқағали Мақатаев лирикалық шығармаларында метафора қандай көп болса, метонимия да өте кең түрде ұшырасады. Тілде бұрыннан бар метонимияны поэзия тілінде ойнатып, құбылтып берумен қатар ақын өзіндік метонимиялар да жасайды. Авторлық метонимиялар өлең мәтінінде ақын ойының ұшқырлығына, нақтылығына қызмет етеді. Осы жерде айтып кететін бір мәселе көркем әдебиетке тән поэтикалық метонимия окказионалдық (бір қолданар), ал лингвистикалық метонимия узуалдық (қалыпты) құбылыс болып келеді. Сонымен, «метонимияның өзін екіге бөледі екенбіз: бірі – көркем әдебиетке тән поэтикалық метонимия, екіншісі – тілдің лексикасында ежелден өмір сүріп келе жатқан лингвистикалық метонимия» [10,17].
Мұқағали Мақатаев өлеңдерінде тілімізде әбден орнығып қалыптасқан лингвистикалық метонимия өте көп ұшырасып отырады.
Қақым жоқ жаман болуға,
Мені жақсыдан қалған көз дейді [11,180].
«Әке» өлеңінде:
Бір арыстан өмірден өткенімен, өмір сүріп келеді тірі арыстан [11,173].

Сумұрындарын шақырған,
Әжелер даусы естілер [11,186].
Бұл сөйлемдегі метонимиялар – жаман, жақсыдан қалған көз, арыстан өзіндік мағынасы бар, лексикалық-грамматикалық мәні контексте, сөйлем ішінде анықталатын алмастырулар. Көпшілігі адам орнына алмастырылып жұмсалған. Адамның алуан түрлі ісәрекетін, оның кім екендігін көрсететін, дәлдігімен ерекшеленіп тұрған метонимиялар. Өмірдегі сан алуан құбылыстар метонимияның пайда болуына себеп болады. Алғашқы шумақта адамның орнына оның қасиеті алынса, екінші жолда аң патшасы арыстан ештеңеден қорықпайтын, тайсалмайтын болса, сол батырлық адамның басында да бар дегенді суреттейді. Сумұрындар – балалар орнына жұмсалады.
Жоғарыда айтқанымыздай, лингвистикалық метонимияның табиғаты жалпыға түсінікті. Ал ақынды басқадан өзгешелеп тұратын, оның сөз қолдануындағы поэтикалық метонимияның салмағы мүлдем күшті көрініп тұрады. Поэтикалық метонимия өмірде нақты болатын және бола бермейтін құбылыстардың атауын бейнелі, астарлы мәні бар сөздермен алмастырады.
М.Мақатаев жырларының ерекшелігі – оның шынайы құдіретінде. Ақынның тілі бай, жұмсақ, ғажайып, нәзік. М.Мақатаев не жазса да көркем сәнді жазды. Ақын жыры – оның жан сыры, ішкі дүниесі. Ақын сол сырын қағаз бетіне өлең жолдарымен түсірді, яғни сол өлең жолдары арқылы окырмандарына ішкі жан сырын шертті. Ақын ағамыздың өзі өмір сүрген ортаға, қоғамға көңілі толмағанымен, келешектен үмітін үзбейтінін мұңды сарынға кұрылған өлеңдерінен аңғаруға болады.
Сананы сары уайым сарылтқанмен,
Тынысты тұйық тұман тарылтқанмен, Үзбеймін күдерімді жарықтан мен, Үзбеймін күдерімді халықтан мен!
Ақынның өлеңдерін оқыған сайын терең ойға батасың, бүгінгі бұралаңы көп мына өмірдегі адам тағдырының көп қатпарлы көріністері көз алдыңа елестейді.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Бегманова Б. М.Мақатаев жырларының танымдық, тағылымдық маңызы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №5. 2004. – 95 б.
2 Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.
3 Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б.
4 Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. – Алматы: Жазушы, 1989. – 227 б.
5 Қазақ әдебиетінің тарихы: Кеңес дәуірі. (1956-1990) – Алматы: 2001. – 623 б.
6 Майтанов Б. Сөз сыны. – Алматы: Ғылым, 2002. 256 б.
7 Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 1976. − 526 б.
8 Мақатаев М. Соғады жүрек. Екінші том. Алматы: Жазушы, 1982. − 329 б.
9 Сүлейменова Э, Мадиева Г. Тіл білімі сөздігі. Алматы: Ғылым, 1998. − 541 б.
10 Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы: Ана тілі, 1998. − 382 б.
11 Мақатаев М. Үш томдық шығармалар жинағы. Т.1. – Алматы: Жазушы, 1993. − 298 б.
12 Мақатаев М. Шуағым менің. Жыр жинағы. – Алматы: Жазушы, 1975.
13 Мақатаев М. Өмір – дастан. Жыр жинағы. – Алматы: Ана тілі, 1976.

Ж.Т. Кадыров1, А.К. Шапауов2, М.М. Қонқаев3
Система образов в поэзии Мукагали Макатаева
1,3Северо-Казахстанский государственный университет им. М. Козыбаева, г. Петропавловск, Казахстан
2Кокшетауский государственный университет им.Ш.Уалиханова,
г.Кокшетау, Республика Казахстан В статье рассматривается система образов в поэзии Мукагали Макатаева. В произведениях М. Макатаева изложены способы и приемы создания образов поэта, художественное мастерство. В произведениях поэта определяются свойственные метафоры и заменители. Лирический герой, аллитерация и ассонанс, поэтическая метонимия, прекрасная модель антитезы, представление равновесия и обаяния, шлифование, воля анализируются путем анализа. Также проводится анализ умелого применения символики птиц.

Z.T. Kadyrov1, A.K. Shapauov2, M.M. Konkaev3
The system of images in the poetry of Mukagali Makatayev
1,3North-Kazakhstan State University named after M. Kozybayev,
Petropavlovsk, Kazakhstan
2Kokshetau State University named after S.Ualikhanov,
Kokshetau, Kazakhstan The article considers the system of images in the poetry of Mukagali Makatayev. In the works of M. Makatayev, methods and techniques of creating images of the poet, artistic skill are described. In the works of the poet, characteristic metaphors and substitutes are determined. Lyrical hero, alliteration and assonance, poetic metonymy, beautiful model of antithesis, representation of balance and charm, grinding, will are analyzed by analysis. Also the analysis of skillful application of symbolism of birds is carried out.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *