«ЕР ТӨСТІК» ЭПОСЫ: ҚАЗАҚ, ҚЫРҒЫЗ, ТАТАР НҰСҚАЛАРЫ

Ж.Ә.Аймұхамбет филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ, Қазақстан, e-mail: a_zhanat@mail.ru

«ЕР ТӨСТІК» ЭПОСЫ: ҚАЗАҚ, ҚЫРҒЫЗ, ТАТАР НҰСҚАЛАРЫ

Мақалада қазақ фольклорындағы классикалық ертегілердің бірі болып саналатын «Ер Төстік» көне эпос үлгісі ретінде зерделеніп, басқа да түркі халықтарындағы нұсқаларымен салыстырыла қарастырылады. Батыс Сібір татарларының ертегілік нұсқасы және қырғыз халық фольклорындағы эпостық жыр және қара сөз түріндегі нұсқалары талдау нысанына алынған. «Ер Төстік» — қазақ, татар, қырғыз халықтарының ортақ фольклорлық мұрасы. Әр халықтар нұсқасындағы ерекшеліктер бұл эпостың негізгі мазмұнын, ежелгі дәуір адамдарының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігін таныта түседі. Эпос мотивтері, кейіпкерлер жүйесі, мифологиялық «қабат» жан-жақты талданып, маңызды тұжырымдар жасалады.
Кілт сөздер: түркі, фольклор, батырлық ертегі, көне эпос, дүниетаным, аждаһажылан, мотив.

КІРІСПЕ

Түркі халықтары фольклорында ортақ ертегілер көп кездеседі. Солардың бірі – «Ер төстік» ертегісі.
«Ер Төстік» – түркі халықтарының фольклорында ертегі әрі эпос түрінде кездесетін көне мұра. Бас қаһарманың тағдыры, ерлік істері, адам мен табиғат, басқа да тіршілік иелерімен арадағы қарым-қатынас бұл фольклорлық мұраның өте көне дәуірлерде дүниеге келгенін айғақтайды.
«Ер Төстік» эпосында негізгі мотив – бас қаһарманның жер астына сапар шегуі. Жер асты – жыландар патшалығы үстемдік қрған мекен. Бұл қазақ нұсқасында Жылан Бапы хан, татар нұсқасында аждаһа-жылан бейнесінде көрінеді. Ер Төстіктің қайда бара жатқанын болжап білетін – Кенжекей. Эпостағы пері қызымен (Бекторы немесе Айсалқын) қақтығыс, Кежекейдің көрегендігі, Жалмауыз кемпірдің әрекеті, аждаһа жыланның қоятын талабы – эпос оқиғасының бірнеше күрделі мотивтерден тұратын құрылымын көрсетеді. Бұл құрылым оның көнелік табиғатының көрінісін танытады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

«Ер Төстік» – қазақ, қырғыз, татар халықтарына ортақ, ежелгі мифологиялық танымды айқын аңғартатын фольклорлық мұра. Курдтарда да бір нұсқасы бар делінеді.
Қазақ нұсқасындағы «Ер Төстікті» Ә. Марғұлан «батырлық өлең» [1, 80], Р. Бердібай «көне эпос» [2, 80], С. Қасқабасов «батырлық ертегі» [3, 80] қатарына жатқызады. Қазақ нұсқасы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ОҒК 75-бумасында, латын жазуында сақталған. Жинаушы – И.Ахметов [4, 367].
Бұл фольклорлық мұраның жиналу тарихына көз жіберсек, алғаш рет ХІХ ғасырдың 70-жылында В.Радлов өзінің «Образцы народной литературы тюркских племен» атты еңбегінің 3-томында Батыс Сібір татарларының «Йиртөшлек» атты ертегісін жариялайды және қырғыздардың 2146 өлең жолынан тұратын «Эр Тештюк» эпосын осы еңбектің 5томында жариялайды. Г.Потанин В.Радлов еңбегіндегі нұсқаларға сүйене отырып, «Ер Төстік» эпосын өзге әлем халықтарының фольклорлық мұраларымен салыстыра келе, мұндағы мотивтердің барынша кең таралғанын көрсетеді.
Қазақтардағы сияқты қара сөзбен айтылатын нұсқалар қырғыздарда да бар. Бұлардың қатарында Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясындағы Ж. Жамгырчы уулу, Ы. Шамен уулы, Ж. Казакбай уулы тапсырған нұсқаларды айтуға болады [8].
«Ер Төстік» ХХ ғасырда бірсыпыра салыстырмалы зерттеулерге арқау болды. Бұл эпосқа қазақ, қырғыз, татар ғалымдарымен қатар еуропа ғалымдары да назар аударды.
Татар, қырғыз нұсқаларында архаикалық, яки мифологиялық эпос санатындағы «Ер Төстік» өзінің барынша көнелік сипатымен ерекшеленеді. Сондықтан да бұл фольклорлық мұрадан бағзы дәуірлердегі түркілерге ортақ мифтік дүниетанымды айқын көруге болады.
Қазақ нұсқасында бас қаһарман Ер Төстік кер биенің төстігін жеген соң анасының бойына бітіп, дүниеге келеді. Сондықтан кәрі ата-анасы оған «Төстік» атын береді [7, 11]. Ол жай бала емес, ерекше туған ер болады. «Ер Төстік» атануы сол себепті.
«Ер Төстікті» «ертегілік-мифологиялық дастан» деп атаған татар ғалымдарының пікіріне сүйенсек, батырдың аты Йиртөшлек – жер атауымен байланысты, «жер астына түсуші» деген мағына береді. Оның себебі қаһарман басынан кешкен оқиғалардың біразы жер астында, хтоникалық ортада өтеді [5, 178].
С. Қаралаев жырлаған қырғыз нұсқасында Ер Төстік Манасқа қатысты, соның айналасында жүрген қаһармандардың бірі. «Көкетайдың асы» бөлімінде Төстіктің жер астына түскен оқиғасы сөз болады
Тан, атар салкын бозумсуң, Төштүк.
Жаныма жакын досумсуң, Төштүк,
Алты айлык чөл көргөн, Төштүк, Адам көрбөс жер көргөн, Төштүк…[6, 19].
«Еламанның далада көрген түсі» деген бөлімде тоғыз ұлдан түңілген Еламанның түсіне Қызыр кіріп, аян береді:
Колуңдагы боз алма Санап көрсөң тогуздур, Муну жесең тогуз уул. Оң колуңда чоң алма,
Муну жесең жалгыз уул.
Кагышкан душман союлат,
Бере турган баланын Аты Төштүк коюлат.
Астында буудан малы бар, Жеке өзүнүн башында Тогуз миң жандык алы бар. Отко салса күйбөгөн
Ойрондук жайы дагы бар. Сууга салса акпаган
Султандык жайы дагы бар. Аты Төштүк коюлат, Атышкан жоолор союлат. Алп сырттаны эр болот, Алышкан кайдан соо болот.
Атса мылтык өтпөгөн
Арстандык жайы дагы бар [6, 30-31].
Көне дүниетанымда кеңістік вертикалды үш әлемнен, горизонталды төрт тараптан тұрады. Жоғарғы әлем – болашақтың, ортаңғы әлем – осы шақтың, төменгі әлем – өткен шақтың мекені. Жоғарғы әлем мен төменгі әлем мистикалық, сакральды сипатымен көрінеді. Ер Төстіктің тағдырына төменгі әлемге – жер астына түсу жазылған. Түспеуге де болатын еді, алайда, перінің қызы Бекторы батырдың өміріне араласады. Кенжекейдің тыйым туралы ескерткенін тыңдамастан, Ерназар Сорқұдықтың басына көшін аялдатады. Сорқұдық – мифологиялық мекен. Ежелгі адамдар танымында қоныстың өзі жайлы, жайсыз сипаттарымен көрінеді. Адамзат баласына қатер төндіретін, жамандық әкелетін қоныстан аулақ жүрген абзал. Басқа қатер төндіретін Сорқұдық сияқты мекен Ерназардың кенжесіне залалын тигізеді. Бұл жайтты ақылымен болжап білген Кенжекейдің ерін қатерден құтқарар амалы жоқ. Бар көмегі – төркінінен Төстік үшін қалап алған Ақсырмал сауытты (қырғыз нұсқасында Чайынгы) кигізіп, Шалқұйрықты мінгізеді және мифтік сенімге сәйкес уақытты тоқтата тұруға мүмкіндік алады. Яғни «ер қосын артсын» деп, төркінінен қалап алған Құба інгенді бураға шөгереді де «Төстік не келген күні, не өлген күні ботала» деп серттеседі. Сосын белін он екі құлаш торғын орамалмен орап, «Төстік не келген күні, не өлген күні шешіл» деп серттеседі. Сөз бен серттің қасиетті күшіне сену – магиялық фольклорда көп ұшырасады. Күллі құбылысқа сөз арқылы әсер ету, серт ұстау – мифтік таным тұрғысынан алғанда шындық. Төстіктің перілер әлемімен байланысы, Жалмауыз кемпірден қашуы, жер асты патшалығына барып, рух-иелер көмегін алуы, алып бәйтеректің басындағы Самұрықтың балапандарын айдаһардан құтқаруы, жаны өзінен бөлек сақталған Шойынқұлақты өлтіруі – эпостың мифлогиялық-архаикалық сипатын айқындай түсетін мотивтер. «Ертегідегі «ұлын жалмауызға беру» мотиві мен «жалмауыздан қашу» мотивтері – алғашқы қауымдағы инициация ғұрыптарының елесі» [4, 368] деген ғалымдар тұжырымына сүйене отырып, әйел үстемдігі (матриархат) дәуірі өтіп, еркек үстемдігі (патриархат) орнай бастаған кезең фольклорлық мұраларда осындай мотивтер түрінде сақталған деуге болады. .
Сорқұдықтың басына қонғанда қалың тұманның түсуі, Құба інгеннің жоғалуы – Ер Төстікті жолынан бұрып, басқа әлемге сапарға бастаудағы басты детальдар. Ерназар жаны үшін Жалмауыз кемпірге Төстіктің садағының ұшын шығаратын егеуін береді. Қырғыз эпосында болат егеу Кенжекейдің сандығының түбінде жатады және осы егеумен Төстіктің жаны байланысты. Еламанға (Төстіктің әкесі) суда өкпе болып жүзіп көрінген, артынан жеті басты жалмауыз болып шыққан кемпір былай дейді:
Кенжекенин колунда / Кенжекейдің қолында
Алтын сандык бар экен, /Алтын сандық бар екен
Алтын сандык түбүндө, /Алтын сандық түбінде
Жыйнап койгон үбүндө / Салып қойған бұл бұйым
Эрге ылайык ал экен, / Ерге лайық сол екен – Болот өгөө бар экен. / Болат егеу бар екен Болжоп көрсөм ошону, / Болжап көрсем осыны
Эр Төштүк уулуң жаны экен / Ер Төстік ұлыңның жаны екен [6, 113].
Қазақ нұсқасында егеу туралы Төсіктің әкесі Ерназар айтады. «Менің қалтамда Төстіктің садағының ұшын шығаратын егеуі бар. Төстік онсыз жүре алмайды. Мен соны осы араға тастап кетейін. Төстік іздеп келеді, сонда өзің ұстап ал!» [7, 19], – дейді ол Жалмауыз кемпірге.
Қазақ нұсқасында егеудің Жалмауыз кемпірде болуына ерекше мән беріледі. Ерназардың егеуді жалмауызға беріп кеткенін Кенжекей көреді.
«Төстік түнде отауына кірейін десе, отауы ылғи берік болады. Бір күні Төстік жеңгелерін алып, отауына кіреді. Төсегіне жатып еді, Кенжекей болат кездіктің сабын Төстіктің жүрегіне тіреп, ұш жағын өз жүрегіне қояды:
– Қозғалмай жат, қозғалсаң екеуміз де жарыламыз, – дейді. Төстік мұның себебін сұрайды. Кенжекей:
– Әкең сені Бекторының жалмауызына беріп кеткен, сен менікі емессің, жалмауыздан біржола құтылып кел, – дейді.
– Әкем мені жалмауызға неге береді? – дейді ол. Кенжекей:
– Нанбасаң, әкеңнен егеуінді сұрап көрші, – дейді» [7, 20].
Егеу, бұл жерде Төстіктің жанына қатыссыз, алайда, оның жалмауыз кемпірдің қолында болуы қауіпті. Төстік егеуін қалайда алуы керек. Кенжекейдің Төстікті отауына кіргізбеуінде бір мән бар.
Егеуді алуға келген Төстікті жалмауыз кемпір ұстап алмақ. Өзін әкесінің жалмауыз кемпірге беріп кеткенін Төстікке Кенжекей жеткізеді. Төстіктің алдағы сапарының қиындығын болжап білген Кенжекей:
Сорқұдықтың басына Сорға бола қонды атам.
Жалмауызға жалғызын
Жанынан қорқып берді атам.
Жүретұғын жолыңда
Құлан өтпес шөлі бар,
Оны да басып өтесің,
Қыран өтпес қия бар,
Оны да басып өтесің, –
дейді. Кенжекей төркінінен арнайы алған Төстікке Шалқұйрықты мінгізіп, Ақсырмал сауытты кигізіп аттандырады [7, 20]. Ер Төстік өтетін бұл жолдар («құлан өтпес шөл», «қыран өтпес қия») – мифтік кеңістікке тән.
Қырғыз нұсқасында Ер Төстіктің жер астында жеті жыл болғаны айтылады: Алты айлык чөл көргөн, Төштүк,
Адам көрбөс жер көргөн, Төштүк!
Кенжеке «аң жүгіріп, құс ұшпайтын жерге», «адам көрмес елге», «түссе шықпайтын орға, «шырмалса құтылмас торға» кетіп бара жатқанын айтып, Шалқұйрықты мінуін, Чайыңгы тонды киюін, өз әкесі Сарыбайдан қалап алған, «сан қара малдың құны бар» алтын сақаны алуын өтінеді. Сақаны жоғалтпай, өзіне қайта әкелуді ескертеді. Сонымен бірге әке үйінен қамдап алып шыққан күлазықты береді [6, 125-126].
Жер астына сапарлау – о дүниеге, яғни өлілер әлеміне бару. Әлемдік мифтік баяндарда өлілер еліне бару мотиві кездеседі. Мысалы, Одиссейдің Аид патшалығына барып келуі, т.б.
Қырғыз нұсқасында Ер Төстіктің қилы тағдыры перінің қызы Айсалқынның Кенжеке сөзіне кектенуімен байланысты болады.
Сырттан эрден айрылып, / Сырттан ерден айрылып,
Жети жылы саргарып, / Жеті жыл бойы сарғайып
Тирүүлөй жесир болуп кал, долу! /Тірілей жесір болып қал, долы!
Өлбөй-житпей кайрылчы, долу, /Өлмей-жітпей қайғыршы, долы,
Сырттаныңдан айрылчы, долу…/ Сырттаныңнан айрылшы, долы…
Ардактаган Төштүгүң / Ардақтаған Төстігің
Жер үстүнөн айрылып, / Жер үстінен айрылып,
Жер астында кор болсун, долу, / Жер астында қор болсын, долы!
Арка чачың өрбөй кал, долу, / Арқа шашың өрмей қал, долы!
Аташканың сырттанды / Атастырған сырттаныңды
Алты жыл катар көрбөй кал, долу/ Алты жыл қатар көрей қал, долы!
Бир мүшкүлгө жолугуп, / Мүшкіл халге тап болып,,
Аташканың сырттаның / Атастырған сырттаның
Жер астына кетсинчи, долу! / Жер астына кетсінші, долы!
Айтканың башка жетсинчи, долу! /Айтқаның басыңа жетсінші, долы!
Жети жылы кар болгун, долу / Жет іжыл бойы қар болғын, долы!
Сырттаның көрбөй зар болгун, долу! Сырттаныңды көрмей зар болғын, долы! [6, 101-102]
Татар нұсқасында да құдасының айтқан ескертуін естен шығарған Төстіктің әкесі «қонбайтын жерге» қонады. Кіші келіннің ескертуін де құлаққа ілмейді. Осы жерде аждаһажылан тап болып, егер Ер Төстікті бермесе, бәрін жұтатынын айтып, қауіп төндіреді. Әкесі Төстікті беруге келіседі. Бұл туралы үйде қалған Төстік қалыңдығынан біледі. Кенже қыз Төстікке атастырылады, бірақ, күйеуінің қалыңдықты ұзатып алу сапарына келмей қалғанына ренжиді. Төстіктің келмеу себебі – әкесі келіндерін алуға ұлдарымен бірге сапарға шыққанда, үйде ешкім қалғысы келмей, ақыры кенже ұл Төстік қалады. Өкпелі кенже қалыңдық сәуегей кемпірге барады. Сәуегей кемпір «мына алты әпекеңнің күйеуі жиылып сенің бір күйеуіңе татымайды» деп, оның ерекше батыр екенін айтады. «Әкеңнен жасау алғанда сол күйеуің үшін жеті қат жер астында, жеті қабат темір сарай ішінде он екі жанды Шалқұйрық аты бар, соны сұра, оның қабырғасының астында алмас қылыш бар, соны да бірге сұра» дейді [9, 64].
Төстіктің жер астына түскенде алғаш ұшырасатыны – Жылан Бапы хан елі. Бұл тіршілік иелерімен кездесетінін Шалқұйрыққа тіл бітіп, алдын ала ескерткен. Жер асты әлеміне сапар – Төстіктің ерлігінің сынға түсер жері. Жалпы, әлем халықтарының мифологиясында жыландар мекені осы жер асты болып саналады. Сондай-ақ жылан, айдаһар – тотемдік хайуан. Жыландар кейде адамдармен достық, кейде жаулық сипатта болады. Мифологиялық кеңістікте киелі, тылсым болмысты тіршілік иесі болып саналатын да жылан.
Үнділердің ведалық мифологиясында былай баяндалады: «Жердің тереңінде жеті жер асты әлемі бар. Олардың біреуінде нагилар тұрақтаған. Дәл осы мекен күллі жартылыстағы ең ғажайып әлем. Ол өзінің әдемілігі және салтанаты жағынан Индра қаласынан да асып кетеді. Нага – жартылай адам, жартылай жылан – жер асты әлемінің тұрғыны, қымбат қазынаның қорғаушысы. Бұл қазынадан адамдарға кейде сыйлық жасайды. Бір заманда бұлардың тұрағына Индраның қызметшілері делінетін гандxарвылар шабуылдайды. Гандxарвылар – аспан әлемінің тұрғындары. Музыканттар, жауынгерлерден тұратын бұлар кейде аспан әлемін тастап жерге және жер астына түседі. Нагалардың қалаларын жаулап, қазыналарын тартып алған гандxарвыларды Вишну тәртіпке шақырып, жер астынан қуып шығады. Нагалардың әйгілі патшасы – мың басты Шешу. Нагалар – данышпандар, магтар, өз кейіптерін өзгерте алады және өлгендерді тірілту қабілетіне ие…» [9, 71]. Буддалық мифологияда нага – жыланға ұқсас жартылай құдай тектес жаратылыс.
Жер астына түсіп, жыланмен кездесу, оның қойған шарттарын орындау мотиві – архаикалық фольклорға тән басты сипат. Қазақтың «Құбығұл» атты көне эпосында да бас қаһарманға жылан, айдаһар кезедесіп, жолын бөгейді. «Жоямерген» эпосында да Жоямерген жер асты патшасы Жыланбектің қызы Күнсұлуды ауыр сынақтардан өтіп барып алады. «Ер Төстік» эпосында Темір хан Ер Төстікке су түбіндегі қазанды алып шығуды шарт етіп қойса, Жоямергенге Жыланбек патша да осындай шарт қояды. Қазанды алып шығатын – Төстіктің Шалқұйрығы, Жоямергеннің Ділдеш аты.
Ежелгі дүние адамдары жыланға қатысты қатаң қағидаларды сақтаған. тіпті адам мен жылан арасында жүретін шайқас, бәсеке де болған. Ол дарымшы (жыланмен арбасу қасиетіне ие адам) мен жылан арасындағы арбасу түрінде жүзеге асады.
Мифологиялық кеңістікке тән белгілер ретінде жер асты әлемін, ондағы тұрғындар тіршілігін, перілер әлемін, мифология кейіпкерлерін, өзіндік қасиеті бар, тылсым күшке ие заттарды айтуға болады. «Ер Төстік» эпосында бас кейіпкер болмысына тән мифологиялық сипат оның мифтік кейіпкерлермен, миф әлемімен байланысы арқылы айқындала түседі. Эпос желісіндегі мифтік мотив бас қаһарманның перінің қызы Бекторымен кездесуінен басталады. Төстіктің ерекше жаратылысы әу баста ерекше болып өсуімен, қайраттылығымен, ерлігімен көрінсе, оқиғаның даму барысында осы ерекшелігі тылсым әлеммен байланыста танылады. Қазақ нұсқасында Төстікке ғашық болған әрі Кежекейге кектенген Бекторы батырды ұстау үшін Жалмауызды жұмсайды. Сорқұдыққа қонған Ерназар әрекеті ұлын жалмауызға беруге мәжбүр етсе, енді Ер Төстік жер астындағы жылан Бапы ханның тапсырмасын орындауға мәжбүр болады. Бұл оқиғаның бәрі мифологиялық мекеншақ (хронотоп) аясында өрбиді.
Татар нұсқасында аждаһа-жылан өз патшасының бұйрығымен ханның кенже ұлы Йиртөшлекті соған апаруы керек. Жыландар патшасы батырды адам кейпінде қарсы алады да, өзінің қызына – ақ жыланға үйлендіреді. Неке түнінде жылан сұлу қызға айналады. Батыр болса жылан атасының бірнеше қиын тапсырмаларын орындайды [5, 180-181]. Бұл тапсырмалар грек мифтеріндегі Гераклдің әйгілі ерліктерін еске түсіреді. Йиртөшлек жылан патшасының тапсырмаларымен бірге Барса-келмес патшаның да ауыр сынақтарынан өтеді. Бұл арғы дүние әлемінің патшасына жұмсаған да Жылан-патша. Барса-келмес патшаны және ондағы зұлым жанды өлтіріп, патша қызы Күнөрсұлуды әйелдікке алады. Осы оқиғадан кейін барып жылан-патша құпияны ашады. Барса-келмес ханы, жабайы құс, қара құс сияқты зұлым күштер өздерінің тынымсыз шапқыншылығымен бұл елді жиі тонап, тұрғындарын жойып отырған. Жаратушы ие ақырында бұл елді жер астына жасырып, қажет болғанда жылан кейпіне айналуға мүмкіндік береді. Жылан-патшаның Йиртөшлекті өзіне шақыру себебі – елін зұлым күштердің тырнағынан құтқару. Қызына үйлендіруінің себебі – батырдың некелік сынақтан өтуі үшін қажет. Сонда ғана батыр өз миссиясын орындамақ [10,
78].
Қазақ нұсқасында Ер Төстіктің жұт жылы кетіп, жоғалған сегіз ағасын «темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей» қалғанша іздеуі, Төстікке перінің қызы Бекторының ғашық болуы, Жылан Бапы ханның елінде болып, Таусоғар, Саққұлақ, Қырағы, Желаяқ сияқты рухиелермен достасуы, Алып Бәйтеректің басындағы Самұрықтың балапандарын Аждаһадан құтқаруы, Шойынқұлақпен айқасуы – барлығы да мифологиялық кеңістікке тән оқиғалар. Мифологиялық кеңістіктегі уақыт та миф «заңдылығына» бағынады. Сондықтан да Кенжекей уақытты серттесу арқылы «тоқтата алады». Сөйтіп, Ер Төстік әбден қартайғанда келгенімен, Кенжекей серттескен Құба інген боталап, беліндегі торғын орамалының шешілген жерінде кездесіп, баяғы жас күндеріне оралады.

ҚОРЫТЫНДЫ

«Ер Төстік» эпосындағы бас қаһарманның жер асты әлеміне сапар шегу, сол әлемнің иесімен және рух-иелермен, сондай-ақ перілермен байланыста болу мотиві оның архаикалық-мифологиялық сипатын айқындай түседі.
Көне эпостың қазақ, қырғыз, татар нұсқаларына ортақ ең басты мотив – батырдың жер асты әлеміне сапары. Қазақ пен қырғыз нұсқаларында бұл сапарға баруына тікелей перінің қызы (қазақ нұсқасында – Бекторы, қырғыз нұсқасында – Айсалқын) ықпалын тигізеді. Ал, татар және қазақ нұсқаларында тағы бір деталь бар, ол– көшті қондырмайтын жерге қондырудың кесірінен Ер Төстіктің пешенесіне осы сапар тап болады. Үш халықтағы нұсқаларды салыстыра келе, шығатын қорытынды – әу баста бұл фольклорлық туынды ежелгі дүниетаным айқын көрінетін, ерлік дәстүрдегі түркі халықтарына ортақ кең көлемді эпос болғандығы.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Маргулан А.Х. О характере исторической обусловленности казахского эпоса // Известия Каз ФАН СССР, Сер.историч. – Алматы, 1946 – № 2 – С. 75–81.
2 Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы: «Ғылым», 1982. – 232 б.
3 Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: «Ғылым», 1984.– 324 б.
4 Бабалар сөзі: жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2011. – 424 б.
5 Бакиров М. Татарский фольклор. Казань: «Ихлас», 2012. – 400 с.
6 Эр Төштүк: Эпос //Эл адабияты сериясының 2-тому. Акматалиевдин жалпы редакциясы менен. С. Каралаевдин варианты. Бішкек: Шам, 1996. – 448 б.
7 Ер Төстік // Бабалар сөзі: жүз томдық. – Астана: Фолиант: 2011. – 424 бет: 11-39 бб.
8 Эр Төштүк. КРУИА Кф инв. №14(207), 1-20 б.; Көчпөс бай (Эр Төштүк). КРУИА Кф инв. №8 (201), 87-108-б.; Элеман байдың Төштүгүү (жомок). КРУИА Кф инв. №629(207), 5267-б.
9 Садовская И.Г. Мифология.М.: ИКЦ «МарТ»; Ростов н/Д: Издательский центр «МарТ», 2006. – 352 с. 10 Татар халық ижаты. Дастаннар. Казан: Татарстан китап нашрияты, 1984. – 384 б.

Ж.А.Аймухамбет
Эпос «Ер Тостик»: казахские, киргизские, таратские варианты
Евразийский национальный универсиет им. Л.Н.Гумилева, г. Нур-Султан, Казахстан
В статье исследуется классическая сказка казахского фольклора «Ер Тостик», как образец древнего эпоса, и проводится сопоставление с образцами других народов. Анализируются образцы сибирьских татар в сравнении с эпосом из киргизкого фольклора и его прозаической формой. «Ер Тостик» относится к общему наследию казахского, татарского и киргизского народов. Особенности содержания всех образцов этого эпоса дают представления о мировозрении и быте древних людей. Всестороне анализируются мотивы, система персонажей, мифологические «пласты», и приводятся выводы.

Zh. A. Aimukhambet
Еpos “Er Tostic”: kazakh, kyrgyz, tarat options
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan
The article explores the classic fairy tale of the Kazakh folklore “Yer Tostik” as an example of an ancient epos, and compares it with the samples of other peoples. Samples of Siberian Tatars are analyzed in comparison with the epos belonging to the Kyrgyz folklore and its prosaic form.
“Yer Tostik” refers to the common heritage of the Kazakh, Tatar and Kyrgyz peoples. Features of the content of all samples of this epic give an idea of the worldview and life of the ancient people. The motives, system of characters and mythological “layers” are analyzed comprehensively and thus produce certain conclusions.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *