.Ә. Сәрсеке
ф.ғ.к., доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұр-Сұлтан қ.,
Қазақстан Республикасы, e-mail: sarseke_ga@enu.kz
КОМПЬЮТЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МІНЕЗДЕМЕСІ
Мақалада компьютер арқылы жүзеге асатын қарым-қатынастың тілдік сипаты қарастырылады. Компьютерге негізделген коммуникацияның тіл білімінде жаңа бағыт ретінде қалыптасуы және дамуы шетел ғалымдарының зерттеулері негізінде талданады. Компьютерге негізделген коммуникацияның табиғаты, оның қарым-қатынастың жаңа бір түрі ретіндегі тілдік ерекшеліктері ашылады. Компьютер және басқа да электронды құралдар арқылы іске асатын қарым-қатынастың лингвистикалық мінездемесіне қатысты ғалымдардың әртүрлі пікірлері сарапқа салынады. Сол арқылы компьютерге негізделген коммуникация мен коммуникацияның дәстүрлі түрлері (ауызша сөйлеу тілі және жазбаша тіл) арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар ашылады.
Кілт сөздер: компьютер, коммуникация,интернет лингвистикасы,тілдік қатынас.
КІРІСПЕ
Ақпараттық технологияның дамуының нәтижесінде оның түрлері өмірімізге еркін еніп, күнделікті қарым-қатынаста қолданысы артты. Компьютерден бастап түрлі электронды құралдардың белсенді қолданылуы, сонымен қатар интернеттің пайда болуы адамдар арасындағы қарым-қатынастың жаңа түрін тудырды. Тілдік қатынастың жазбаша және ауызша түрлері енді түрлі электрондық құралдар арқылы іске аса бастады. Бұл қарымқатынастың түрі ғылыми зерттеулерде электронды қарым-қатынас (электронды коммуникация), онлайн қарым-қатынас немесе компьютерге негізделген қарым-қатынас сияқты атаулармен аталып жүр. Технологиялар мен тілдің қарым-қатынасы жайлы лингвистикалық зерттеулер жүргізіле бастады. Netspeak пен Chatspeak сияқты интернетке тән тілдің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін терминдер пайда болды. Бұл екі терминнің пайда болуы да ақпараттық технологиялардың тілге ықпалын көрсетеді. Дегенмен, осы атаулардың ішінде компьютерге негізделген қарым-қатынас термині жиі қолданылады. Аталған терминге қатысты зерттеушілер пікірлері де әртүрлі. Алдымен терминнің атауы компьютерге негізделгендіктен, кейбір зерттеушілер технологияның қазіргі дамыған заманында компьютердің ескіре бастағанын айтады. Компьютерден басқа да электронды құралдардың пайда болғанын қарсы дәлел ретінде айта отырып, бұл терминді қолдану қазіргі құбылыстың жалпы сипатын бере ала ма деген сауалмен қарайды. Кейінгі кейбір тілдік зерттеулерде бұған балама ретінде «сандық орта» және «жаңа орта» атауларын пайдаланады. Біз компьютерге негізделген коммуникация термині зерттеулерде жиі қолданылатындықтан, мақалада осы терминді жұмсауды дұрыс санадық.
Компьютерге негізделген коммуникация тақырыбы шетел, оның ішінде ағылшын тілді, кейіннен неміс, орыс және тағы басқа тілді зерттеулерде жеке зерттеу нысаны болып, әр қырынан зерттеліп келеді. Аталған тіл білімдерімен салыстырғанда қазақ тіл ғылымы бұл салада кешендеу қалып жатыр. Біздің зерттеуіміз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылды. Жұмыста компьютерге негізделген коммуникацияның табиғаты және оның тілдік ерекшеліктері ашылады. Біріншіден, жұмыста компьютерге негізделген коммуникацияның сипаты және оның қарым-қатынастағы басқа да орта түрлерінен ерекшеліктері ашылады. Екіншіден, компьютерге негізделген коммуникацияның лингвистикалық белгілері қарастырылады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Компьютерге негізделген коммуникацияның табиғаты
Алдымен, терминнің сипаты мен оның қазақ тіліндегі баламасына қатысты бірер сөз. Бұл жұмыс осы саладағы алғашқы қазақ тілді зерттеулердің бірі болғандықтан, қазақша атауын беруге талпыныс жасадық. Біз ағылшын тіліндегі computer-mediated communication, қысқартып айтқанда СМС, орыс тілінде компьютерно-опосредованная коммуникация терминінің қазақша атауын компьютерге негізделген коммуникация деп алдық. Бұл терминнің мәнісі — компьютер арқылы жүзеге асатын қарым-қатынас. Зерттеуіміздің кіріспесінде компьютерге негізделген коммуникация терминінің осы бағыттағы еңбектерде жиі жұмсалатынын айтқан болатынбыз. Алайда мұны барлық зерттеушілер қабылдаған бірізді термин деп айтуға келмейді. Осы сөзбен қатар басқа да бірнеше атаулар жарыса қолданылып жүр. Интернет лингвистикасы, электронды коммуникация, электронды дискурс, электронды тіл, Netspeak, ағылшын тілді зерттеулерде Netlish, Weblish атаулары да қолданыста бар. Кейбір зерттеушілердің компьютерге негізделген коммуникация терминін қолданудан бас тартуының басты бір себебін технологияның дамуы нәтижесінде компьютермен қатарласа, тіпті одан алға түсіп, түрлі электронды құралдардың қолданысқа енуімен түсіндіруге болады. Бұрын тек компьютер алдында отырып атқара алатын электронды қызметтерді енді мобильді технологиялық құралдар арқылы жүзеге асыру мүмкін болды. Сол себептен кейбір зерттеушілер компьютер сөзінен қашып, оның орнына электронды құралдарға негізделген коммуникация (electronically mediated communication) немесе сандық байланысқа негізделген коммуникация (digitally mediated communication) атауларын қолданады. Д. Кристал компьютерге негізделген коммуникация терминін қолданбауының себебін бұл терминнің мағынасы лингвистикалық көзқарас тұрғысынан «тым кең» [1, 9] және сөздің мәнісі «ортаның өзіне» көңіл аударатындығымен түсіндіреді. Сол себептен ол Netspeak атауын жұмсағанды дұрыс санайды [2]. Себебі Netspeak, ғалымның ойынша, атау ретінде «қысқа және біршама функционалды, сөздің құрамындағы «speak» сөзі әрі жазуды, әрі сөйлеуді қамтиды, сондай-ақ кез-келген «speak» суффиксінде «тыңдау» мен «оқуды» қоса алғанда рецептивті элемент бар» [2, 17-18]. Шынында да, компьютерге негізделген коммуникация терминінің өзінде қарым-қатынасты мүмкін ететін «орта» ұғымы басты мәнге ие, ал Netspeak терминінің мәнінде «ортаның түрі» (Net) және сол ортадағы «тіл» (speak) деген ұғымдық түсінік бар. Сонда, Netspeak — интернет арқылы қарымқатынаста адамдар қолданатын ерекше тіл, қысқартулар мен қолданыстар
(https://www.macmillandictionary.com). Chatspeak, textspeak сөздерінің пайда болуы да осыған ұқсас, түрлі электронды құралдар арқылы коммуникацияда қолданылатын тілдің ерекшеліктерін көрсететін атаулар. Кейінгі еңбегінде Д. Кристал электронды ортадағы тілдің барлық қолданыстарын ғылыми зерттеу үшін ең қолайлы атау деп интернет лингвистикасын санайды [1].
Компьютерге негізделген коммуникация дегеніміз компьютерлер желілері арқылы қарым-қатынас жасау, ақпарат алмасу ортасы. Компьютерлер арқылы өте көп көлемдегі ақпарат алмасу компьютерге негізделген қарым-қатынас (computer mediated communication —
СМС) деп атала бастады. Қарым-қатынастың бұл түрін зерттеу батыста ХХ ғасырдың 90 жылдарынан басталды. Лингвистикалық зерттеулерде компьютерге негізделген коммуникацияны жаңа орта, құрал деп тану бар. Қарым-қатынастың бұл түрі алғаш енгенде оны «технологиялық және әлеуметтік төңкерістер ғана емес, лингвистикалық төңкеріс» деп те қараған [2; 3]. Компьютерге негізделген коммуникацияны оның ішкі түрлерінің ерекшеліктеріне қарай анықтау да бар. Мәселен, J. December өз зерттеуінде оның хабарламаларды асихронды және синхронды туындату және жеткізу түрі екеніне баса назар аудартады: «… it is (CMC- автор) the asynchronous and synchronous creation and transmission of messages using digital techniques [4, 3]. Мұның мәнісі компьютер арқылы жүзеге асатын адамдар арасындағы қарым-қатынасқа уақытқа тәуелділік/тәуелсіздік белгісі тән: коммуникация бір уақытта (синхронды) іске аса алады немесе әртүрлі уақытта (асихронды) жүзеге асуы мүмкін. Компьютер арқылы жүзеге асатын қарым-қатынастың кейбір түрлерінде, айталық, жылдам хабарламаларда, тілдесу бір уақытта синхронды жүрсе, енді бір түрлерінде, мысалы электронды хаттарда, түрлі уақытта іске асады.
Компьютерлер арқылы қарым-қатынас жасаудың қызмет ауқымы интернеттің қолданысқа енуімен кеңейіп, белсенділігі арта түсті. Интернет компьютерге негізделген коммуникацияны жандандырушы күш болып табылады. Д. Кристал ХХ ғасырда, әсіресе 1990 жылдары, әлемдік лингвистика экологиясын түбегейлі өзгерткен үлкен факторлардың қатарында интернет технологиясының енуін үшінші фактор ретінде көрсеткен. Ғалым: «… интернет технологиясы ауызша және жазбаша тілді лингвистикалық тұрғыдан коммуникацияның жаңа ортасымен толықтырды және біздің лингвистикалық тәжірибемізге басқа өлшемдегі түрлілік қосты», — деп атап өтеді [3, 1]. Компьютерге негізделген қарымқатынастың мәні мен мазмұнының түрлене түсуінде интернеттің үлесі зор. Сол себептен де зерттеулерде компьютерге негізделген коммуникацияны интернет лингвистикасы, интернет тілі деп те қарастырады. Интернет лингвистикасы — тілдің интернеттегі қолданысын қарастыратын зерттеу бағыты. Д. Кристал интернет лингвистикасын интернетәрекеттің барлық саласында тілді синхрондық талдау деп анықтаған. Интернеттің салаларына ғалым электронды пошта, чат-бөлмелер мен ойын әрекетінің сан түрлері, жылдам хабарламалар және әлемдік желі парақшалары, сондай-ақ компьютерге негізделген коммуникацияның SMS жазба хабарлама (текстинг) сияқты түрлерін жатқызады [5]. Ғалым интернеттің тілін «ерекше феномен» деп таниды. Тілдің интернеттегі ерекшеліктерін танытатын Netspeak терминін жұмсап, оны Д.Кристал былайша түсіндіреді: «… a type of language displaying features that are unique to the Internet, and encountered in all the above situations, arising out of its character as a medium which is electronic, global, and interactive» [2,
18]. Яғни қарым-қатынастың бұрыннан қалыптасқан ауызша және жазбаша түрлеріне компьютер сияқты электронды құралдар арқылы іске асатын қатынастың жаңа түрі қосылды. Бұл коммуникация түрінің басқа қарым-қатынас түрлерімен салыстырғанда өзіндік тілдік ерекшеліктері бар.
Компьютерге негізделген коммуникацияның лингвистикалық ерекшеліктері
Компьютерге негізделген коммуникациядағы тілдің ерекшеліктері қандай деген мәселеде зерттеушілер оны жазбаша тілмен және сөйлеу тілімен салыстырады. Ауызша және жазбаша тілдің өзіндік белгілері тіл ғылымында анықталған. Сөйлеу тілі уақытқа тәуелді, динамикалық, уақытша; ой қысқалығы, ойды грамматикалық құрылымдармен бергенде мейлінше ықшамдап беру, түрлі ым-ишара, эмоциялардың коммуникацияға тікелей ықпалы, айтушының әңгімелесу барысында өз сөзін өзгертіп, толықтырып, жөндеп алу мүмкіндігі, айтушының да, тыңдаушының да сөйлесуге бетпе-бет қатысуы, хабардың, ақпараттың коммуникантқа сол мезетте жетіп, түсінілуі, тыңдаушының реакциясының айқын көрінуі, сөзді бөліп алу, пікір қосу, т.с.с. белгілер тән. Жазба тіл мекенге тәуелді, статикалық, тұрақты; коммуниканттар арасында тікелей байланыс жоқ, кейде жазушы мәтіннің қабылдаушысы кім болатынын біле де бермеуі мүмкін, жазушыдан шыққан хабардың, ақпараттың қабылдаушысына жетуінде уақыт алшақтығы бар, жазба тілде мәтін бірнеше рет қайталанып оқылып, өңделе алады, пунктуациялардың қойылуы, тікелей кері байланыстың болмауы т.с.с.
Компьютерге негізделген коммуникацияның тілі ауызша тілге жата ма, әлде жазбаша тілдің көрінісі ме деген мәселе біраз зерттеулерде көтеріледі. Бұл сұрақта ғалымдар пікірі әртүрлі. Компьютерге негізделген қарым-қатынасты алғашқы зерттеушілер коммуникацияның бұл түрінде тілдің қолданысы жазбаша және ауызша тілдің де канондық ерекшеліктерін қамтиды деген пікірді көп айтты. Компьютерге негізделген қарымқатынастағы тілдің қолданысы екеуінің де — сөйлеудің де, жазба тілдің де — белгілерін қамтиды: бір жағынан, сөйлеу сияқты биресми, синхронды және эфемерлі, екінші жағынан, жазба тіл сияқты өңдеуге келеді, мәтіндік сипатқа ие және синхронды емес [6, 462]. Ғалымдардың екінші бір тобы компьютерге негізделген қарым-қатынастағы тілді жазбаша және сөйлеу тілінен бөлек, жеке өзіндік белгілері бар тіл деп дәлелдейді [7, 984; 8, 52]. Олардың ойынша: «Бұл сөйлеу де емес, жазу да емес: ол сөйлеу мен жазудың ерекшеліктерін жаңа орта жасау үшін икемдеп алған, сонымен қатар ол жазу да, сөйлеу де ешқашан жеткізіп бере алмайтын басқа да белгілерді қосып алған» [3]. Д.Кристал — интернет тілін жазба және сөйлеу тілінен бөлек, жаңа тіл деп танитын зерттеуші. Ол: «Интернет бұл екеуінің жай ғана қоспасы емес, қарым-қатынастың жаңа шынайы бір түрі», — деген қорытынды жасайды [2]. Енді бір көзқарастағы зерттеушілер компьютерге негізделген коммуникацияда жазбаша және ауызша тілдің арасындағы шек бірігіп бара жатқандығын айтады. Айталық, N.S. Baron электронды поштаны зерттеген еңбегінде «электронды поштаның жылдам өзгерген әлемінде орфография мен пунктуациядан гөрі хаттың мазмұны (контенті) маңыздырақ» екенін айтады және «жазба тіл мен ауызша тілдің шекарасы жойылып бара жатыр» деген қорытындыға келеді [9, 259]. Компьютерге негізделген коммуникация тілі дәстүрлі сөйлеу мен жазудан бөлек. Ол сөйлеуден мынадай белгілермен ажырайды: ауызша сөйлеумен салыстырғанда синхронды пікірдің аз болуы, сегменттік емес фонологияның болмауы (мұны эмотикондар арқылы беру талпынысы бар, дегенмен сәтсіз) және синхронды түрде бірнеше коммуниканттармен байланысқа түсуі (чат бөлмелерде). Компьютерге негізделген коммуникацияны жазудан ажырататын белгілерге оның динамикалық өлшемін, хабарламаларды фреймдеу қабілетін, мысалы, электронды поштадағы қиып алу және қою функциясын, және оның гипертекстуалдылығын жатқызады [10].
Д. Кристалдың интернет тілін өзіндік белгілері бар, ауызша және жазбаша тілден бөлек, жаңа бір орта деп тануына қарсы пікір білдіретін ғалымдар бар. Олар Netspeak-ке тән деп атайтын көптеген белгілердің жазбаша тілдің басқа түрлерінде, соның ішінде жеке хаттарда, жеке жазбаларда және телеграф хабарламаларында бұрыннан қолданылып келе жатқанын дәлел ретінде ұсынады [11]. Сонымен қатар кейбір белгілер шынымен интернет дискурста ғана пайда болады дегенімізбен, оларды әрбір интернет пайдаланушысы бірдей қолдана бермейді [12]. M. Sveningsson компьютерге негізделген коммуникация қарым-қатынастың біртекті түрі ретінде қарастырылмауы керек деп есептейді. Басқа коммуникациялық орталар сияқты ол да «әртүрлі стильдер мен жанрларда көрінеді, интернет ортаның типтері арасында да, ортаның бір типінің ішінде де бір-бірінен ерекшеленеді; оның бірқатар белгілері қандай технология қолданылғанына байланысты, ал кейбіреулері коммуникацияның мақсаты, топтау мен субмәдениеттер сияқты адами аспектілермен байланысты» [13, 54]. L. Squires де тілдің басқа да қолданыстары сияқты онлайндағы тіл де қай форматта не жанрда, айталық чат, электронды пошта, жылдам хабарлама, блогтар, вебсайттарда т.т., қолданылғанына байланысты және оның пайдаланушылардың әлеуметтік мінездемесі мен қарым-қатынасына байланысты түрленіп, өзгеретінін ескертеді [11]. М. Boardman электроника дәуірінде мәтіндерді не жазбаша, не ауызша деп анықтау қиынға түсетінін айтады. Компьютерге негізделген коммуникацияның бір типі вебсайтты зерттеген еңбегінде ол вебсайт — жазбаша қарым-қатынастың кейбір аспектілеріне технологиялық және мәдени қатысы бар электронды мәтіннің ерекше бір түрі, алайда вебсайттар сонымен қатар ауызша сөйлеумен және электронды мәтіннің басқа түрлерімен де байланысты [14, 1]. S.C. Herring компьютерге негізделген дискурсты зерттей келе, оның бірқатар ерекшеліктерін атайды. Дискурстық хабар алмасулар жазбаша хабар алмасуларға (хаттарға немесе жарық көрген эсселерге) қарағанда жылдамырақ, алайда ауызша алмасуларға қарағанда әлдеқайда баяуырақ, тіпті «шынайы уақыт» тәртібінде мәтінді теру сөйлеумен салыстырғанда баяуырақ жүреді. Сондай-ақ, зерттеушінің пікірінше, компьютерге негізделген коммуникация бірнеше коммуниканттың бір мезгілде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді, бұл қатысушылардың бір мезетте бірнеше хабар алмасуларға қатысу қабілеттеріне когнитивтік шектеуге байланысты қарым-қатынастың басқа орталарында қиындау немесе тіпті мүмкін емес. Сол себептерден S.C. Herring компьютерге негізделген коммуникацияны жазудан және сөйлеуден бөлек, кейде екеуінің қосындысы, бірақ қай жағдайда да өзінің шектеулері мен мүмкіндіктері бар деп сипаттайды [15]. Біздің ойымызша, компьютерге негізделген коммуникация тілін жазбаша тілдің немесе ауызша тілдің таза көрінісі деуге келмейді. Онда жазбаша тілдің де, ауызша тілдің де белгілерінің өзгерген түрлері қолданылады. Айталық, электронды хат стилі жағынан жазба тілге жақын, дегенмен мәтінінде түрлі қысқартулардың болуы және тыныс белгілердің сақталмауы оны сөйлеуге жақындата түседі.
Компьютерлік ортадағы тіл дәстүрлі жазбаша тілге қарағанда дұрыстығы, күрделілігі және тұтастығы аздау деген пікір көпшілік арасында кең таралған. Әсіресе, электронды орта түрлерінде жазбаша тілдің қалыптасқан ережелерін сақтамай, тілді пайдаланушылар әртүрлі жұмсауына байланысты алаңдаушылық білдірген пікірлер көп болды. Осы түсініктің дәлді еместігін S.C. Herring өз зерттеулерінде дәлелдейді. Шын мәнісінде, компьютер арқылы болатын қарым-қатынастағы тілде қалыпты емес белгілер жиі кездескенімен, осы белгілердің салыстырмалы түрде аз пайызы ғана қалыпты тілдік формаларды ескермеу немесе білмеу салдарынан болатын қателер екен. Олардың көпшілігі қолданушылардың мәтінді теруді үнемдеу, ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін елестету немесе өздерін шығармашылық жағынан көрсетудегі саналы таңдауларынан болады екен [15, 5].
ҚОРЫТЫНДЫ
Компьютерге негізделген коммуникацияның тілдік мәселелері ағылшын, неміс лингвистикасында кеңінен зерттелген және әлі де зерттелуде. Бұл тақырып қазақ тіл ғылымында енді ғана зерттеу нысанына ілікті. Компьютер арқылы жүзеге асатын қарымқатынастың сөйлеу мен жазуға негізделген коммуникация түрлерінен біраз айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар, әсіресе, тілдік қабатынан көрінеді. Зерттеушілер бұл ерекшеліктерді дәстүрлі жазбаша тілмен және ауызша тілмен салыстырып, олармен ортақ ұқсастықтары да, айырма белгілері де барлығын көрсетеді. Ерекшеліктер де, айырмашылықтар да компьютерге негізделген коммуникация типтерінің өз ішінде әр қилы көрініс беріп отырады. Жазбаша және ауызша тілдің белгілері қарым-қатынастың электронды түрінде де көрініс табады, дегенмен оның тілдік қолданысында өзгерген сипат, сан түрлілік бар. Компьютер және басқа да электронды құралдар арқылы жүзеге асатын коммуникация адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі ретінде орнықты және ол бүгінде қарым-қатынастың қажетті әрі жылдам түріне айналып отыр. Оның лингвистикалық ерекшеліктері қазақ тіл білімінде арнайы кеңінен зерттеуді қажет етеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Crystal D. Internet Linguistics: A Student Guide. — London: Routledge, 2011. – 108 p.
2 Crystal D. Language and the Internet. – Cambridge: Cambridge University Press, 2003. – 256 p.
3 Crystal D. A Language Revolution: from reluctance to renaissance. – Malden, MA: Polity
Press, 2004
4 December, J. Units of Analysis for Internet Communication // Journal of ComputerMediated Communication, 1996, 1 (4).
5 Crystal D. The scope of Internet Linguistics. Paper given online to the American Association for the Advancement of Science meeting, February, 2005
6 Squires L. Enregistering Internet Language Source // Language in Society, 2010, Vol. 39,
№ 4, P. 457-492.
7 Zitzen M., Stein, D. Chat and conversation: A case of transmedial stability? // Linguistics,
2004, 42 (5), pp. 983-1021
8 Crystal D. Language and the Internet. — Cambridge: Cambridge University Press, 2006. 304 p.
9 Baron N.S. Alphabet to Email: How Written English Evolved and Where It’s Heading. – Routledge: London, 2000.
10 Baron N.S. Language of the Internet: Ali Farghali, ed. The Stanford Handbook for Language Engineers. – Stanford: CSLI Publications, pp. 59-127
11 Squires L. Enregistering internet language // Language in Society, vol. 39, No. 4, 2010, pp.
457-492
12 Segerstad Y. H. Use and Adaptation of Written Language to the Conditions of Computer-
Mediated Communication. Doctoral Dissertation. Department of Linguistics Göteborg University, Sweden 2002. – 288 p.
13 Sveningsson, M. Creating a Sense of Community: Experiences from a Swedish Web Chat. The TEMA Institute, Dept. of Communication Studies. – Linköping: Linköping University, 2001. – 2 50 p.
14 Boardman M. The Language of Websites. – Routledge: London, 2005. – 60 p.
15 Herring, S. C. Computer-Mediated Discourse. In ‘Handbook of Discourse Analysis’. Eds. D. Tannen, D. Schiffrin and H. Hamilton. – Oxford: Blackwell, 2001, pp. 612-634
Г.А.Сарсеке
Лингвистическая характеристика компьютерно-опосредованной коммуникации
Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева,
г. Нур-Султан, Казахстан
В статье рассматривается лингвистическая природа компьютерно-опосредованной коммуникации. Формирование и развитие компьютерно-опосредованной коммуникации как нового направления в лингвистике анализируется на основе исследований зарубежных ученых. Раскрыта природа компьютерно-опосредованной коммуникации, его языковые особенности как новый формы общения. Анализируются различные мнения ученых относительно языковых особенностей общения с помощью компьютера и других электронных средств. На основе анализа выявляются сходства и различия компьютерноопосредованной коммуникации и традиционных (устной и письменной) форм коммуникаций.
G.A.Sarseke
Linguistic characteristics of computer-mediated communication
L.N.Gumilyev Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan The article examines the linguistic nature of computer-mediated communication. The formation and development of computer-mediated communication as a new direction in linguistics is analyzed on the basis of research by western scholars. The nature of computer-mediated communication, its linguistic features as a new form of communication is revealed. The various views of linguists regarding the linguistic features of communication using a computer and other electronic means are analyzed. Based on the analysis, the similarities and differences between computer-mediated communication and traditional (oral and written) forms of communication are revealed.