ОРХОН ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ ТІЛІНДЕ «КЕҢІСТІК» КОНЦЕПТІСІНДЕГІ НУМЕРАТИВТЕРДІҢ СЕМАНТИКАСЫ

Ж.Қ. Айдарбекова1, А.Ш. Альбекова2
1PhD-доктор, С.Сейфуллин ат. Қазақ агротехникалық университеті, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан Республикасы, e-mail: zh-zh-k85@mail.ru
2ф.ғ.к., доцент, С.Сейфуллин ат. Қазақ агротехникалық университеті, Нұр-Сұлтан қаласы,
Қазақстан Республикасы, e-mail: a.albekova12@mail.ru

ОРХОН ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІ ТІЛІНДЕ «КЕҢІСТІК» КОНЦЕПТІСІНДЕГІ НУМЕРАТИВТЕРДІҢ СЕМАНТИКАСЫ

Мақалада Орхон жазба ескерткіштері материалдары негізінде нумеративтер арқылы берілген «кеңістік» концептісі қарастырылады. «Кеңістік» концептісі және «нумератив» сөздер туралы отандық және шетел ғалымдарының ғылыми тұжырымдамалары негізге алынады, талданады. Ескерткіштер тілінде кездесетін нумеративтердің «кеңістік» концептісін берудегі мәні мен қызметі көрсетіледі. «Кеңістік» концептісі арқылы түркі халықтарының мәдениетін, дүниетанымын, әлем бейнесін түсіндіруге ықпал жасалады, ескерткіштер тілінен нақты мысалдар келтіріледі. Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған және
т.б. көне түркі жазба ескерткіштері мәтіндеріндегі «кеңістік» концептісінде берілетін нумеративтердің лексика-семантикалық мәні мен когнитивті-танымдық мазмұны қарастырылады, олардың концептуалдық-ұғымдық сипаты талданады. Нумеративтер арқылы берілген «кеңістік» концептісінің Енисей жазба ескерткіштерінде де кездесетінін мысалдар арқылы көрсетіп, түркі халықтарының барлығына да ортақ «әлем бейнесінің» болғандығы тұжырымдалады.
Кілт сөздер: Орхон жазба ескерткіштері, түркі халықтары, кеңістік концептісі, нумеративтер, әлем бейнесі, семантика.

КІРІСПЕ

«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», – деп Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жазғандай, «кеңістік пен уақыт» ұғымдарын концептілік мәнде зерттеу – ұлт, халық, этнос дүниетанымын қалыптастыруда басты дәнекер, нысан болып табылатынын ерекше атау қажет.
«Кеңістік» концептісі – тілдік құралдар арқылы шынайылықты, ментальді білімді зерттеудің қажетті нысаны, негізі. Кеңістік – «уақыт» сияқты шынайы болмыстың негізгі категориясы. Ол туралы алғашқы зерттеулер жазған классикалық неміс философиясының өкілдері И. Кант, Г. Гегель, Л. Фейербах, Ф. Шеллинг, А. Шопенгауер және Ж. Делез, Ф. Гваттари болды. Олар «кеңістік» — бұл мінсіз [идеалды] мән [absoluter Raum], болмыс [Raum des Seins] [1] деп түсінді. Бүгінде лингвоконцепттанушылар «кеңістік пен уақытты» әмбебап концептілер санағына жатқызады. Әмбебап концептілер – бұл «адам санасындағы мәдениеттің жиынтығы» [2, 51-63] болып табылады, яғни белгілі бір ұлттық-мәдени қауымдастықтың мәдениет ұғымына жатқызған түсініктері.
Н. Бердяев, В. Колесов, Д. Лихачев, И. Левонтина, А. Шмелев т.б. «кеңістік концептісінде халықтың жаны бар», – деп [3, 132] оның эмоционалдық қырын айқындуға тырысады.
Кеңістік концептісі бойынша іргелі еңбектердің бірі – бұл «Логический анализ языка. Языки пространств» атты Н. Арутюнов, И. Левонтина [4, 64-75] еңбегін айтуға болады. Мұнда алғаш рет кеңістік мағынасындағы концептілік мазмұнды беретін лексикалық және грамматикалық құралдар және кеңістіктің параметрленуі [өлшемденуі] туралы, кеңістіктік метафораларға талдау жасалып, кейбір авторлардың көркем әдебиеттеріндегі және орыс тілінен өзге де тілдердегі кеңістік бейнесін беру зерттеулері жүргізілген.
Нумератив деп – тіл білімінде тек сандар арқылы ғана емес, есептік, көлемдік, өлшемдік мағынаны беретін сөздер мен сөз тіркестерін айтамыз.
Нумератвитерді зерттеп, анықтамасын берген түркітанушылар мен орыс ғалымдары:
С.Г. Кляшторный, С.Е. Малов, Н.А. Баскаков, В.В. Бартольд, В.А. Горделевский, А.М. Щербак, А.Н. Кононов, Н.А. Баскаков, В.В. Решетов, Н.К. Дмитриев, Л.Н. Гумилев, А.А. Дыренкова, В.В. Виноградов, В.В. Акуленко т.б. Қазақ тіл білімінде нумеративтер, сандар туралы ғылыми тұжырымдар жасаған ғалымдар: А. Ысқақов, Т. Сайрамбаев, Ә. Болғанбаев, Ә. Хасенов, І. Кеңесбаев, Ж.Т. Сарбалаев, Ж. Ахмедова, О.С. Қараджа, С.Е. Жанпейісова, Қ. Күркебаев, А.Ш. Сүлейменова, Ж.Ш. Ахметова, Е. Жанпейісов, М. Әбдуов, Т. Р. Тілеубекұлы, Р. Авакова, Қ. Дүсіпбаева, М. Хасанов, М. Қожахметова, Н. Уәлиев т.б. Екі тіл арасындағы сандар мен нумеративтер аясында зерттеу жүргізген ғалымдар: Б. Абдушукуров, Р.Т. Муратова, Ж.А. Жумашева, Р.О. Досымбекова, Р.Ф. Фаттахова, Р.Т. Сабырханова т.б.
«Нумератив» деген терминді алғаш рет түркітануда Н.К. Дмитриев ұсынды. «Где зависимое имя существительное определяет стержневое слово характеризует его количественно, а не качественно. То такие существительные в тюркологической литературе стоит называть нумеративными словами. Нумеративные слова обозначают не конкретный предмет, являющийся объектом исчисления, а ту счетную категорию, к которой этот предмет относится. Нумеративные слова ставятся между числительным количественным и конкретным исчисляемым предметом. Примеры: егерме баш һарык (двадцать голов овец), биш бөртөк бойзай (пять зерен пшеницы), бер кейем белье (пара, комплект белья)» – деп жазды [5, 231] Жоғарыда келтірілген ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып, «нумератив» деп – сандарды, сандық-есептік мәнге ие сөздер мен сөз тіркестерін, көлем, өлшем, мөлшер, салмақ, қашықтық, мезгіл, мерзімге қатысты сөздер қорын, сандық ұғымдарды айтуға толық негіз бар.
«Кеңістік» концептісіндегі нумеративтер арқылы түркі жазба ескерткіштеріндегі мәтіндерді талдай отырып, түркі халықтарының дүниетанымын, әлем бейнесін қарастырайық.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кеңістіктің концептіленуінің тамыры осы лексеманың этимологиялық талдамасынан басталады. «Кеңістік» сөзінің түбірі — «кең». Осы түбірден «кеңею», «кеңдік», «кеңпейілдік», «кең дала», «кеудесі кең», «көңілі кең» «кең құшақ» т.б. қазақ халқының мәдени болмысына тән ұғымдық сөз тіркестері қалыптасқан. Осы сөздердің барлығының мәні «үлкен», «шексіз» деген мағынаны меңзеп тұрғанын көреміз. Бұл ретте халықтың территориялық жағдайы да осы мәнді сөздердің туындауына себеп болды деп айтуға болады. Яғни, «кеңістік» сөзін «шексіздік» деген ұғыммен, шексіздік десек «қозғалыс» деген ұғыммен де ұштастыруға болатынын ескерсек, екінші жағынан «шектеулі» ұғым «аумақ» деген мағынаны да беретінін көреміз. Осылайша «кеңістік» сөзінің этимологиялық аспектісі негізінде мағыналық вариативтілікті көреміз.
Кеңістік сөзінің вариативтілігі оның осы категорияның мазмұндық қатыстылығына да байланысты [6, 161]. Яғни осы кеңістікті қандай мазмұн құрайды? Мәселен, В.Н. Топоров өз еңбегінде кеңістікті гомогенді, үздіксіз, шексіз бөлінетін, және оны құрайтын ешбір объекті мен материяға тәуелсіз модель деп түсіндіреді. Екінші жағынан кеңістіктің мифопоэтикалық моделін сипаттау барысында «кеңістік пен уақыттың» үздіксіз байланысын көрсетеді. «…время сгущается и становится формой пространства…, его новым [четвертым] измерением [7, 233]; вторичность пространства по отношению к заполняющим его вещам, вне которых оно не существует [7, 234]; его антропоморфность, соотнесенность вселенского пространства с частями тела человека [7, 244-245]». А.Я. Гуревич орта ғасырлық батыс Еуропаның ментальді танымындағы кеңістік ұғымын түсіндіру барысында «Кеңістік – бұл адамның табиғатқа деген ерекше «сырластық» қарым-қатынасының сипатынан туындаған ғарыш» деп анықтама береді [8, 86].
Адам санасының дамуы «кеңістікті» көрнекі-сезімдік қабылдаудан абстракцияланғанойша қабылдауға алып келді. Кеңістік туралы ғылыми-теориялық анықтамалармен бірге, санадағы күнделікті әлемнің қарапайым бейнесі, ғылымилыққа дейінгі, архаикалық танымдық түсіктері қатар қолданылады. Бұған дәлел – салыстырмалы лингвомәдениеттану фактілері.
Кеңістік – заттық ұғым. Абстракцияланған кеңістік нақты физикалық заттармен көрсетіледі. Мәселен, жол-сызық, жоғары-төмен, алыс-жақын, кең-тар, бос-тығыз, оң-сол, бар-жоқ, ішкі-сыртқы, дөңгелек-бұрышты, ауа-жер-жұлдыз-аспан, т.б.
Кеңістіктің тілдегі көрініс тапқан лексикасын талдау барысында оны екі семантикалық топқа бөлуге болатынын байқаймыз. Олар:
1. Кеңістік-орта, бұл кеңістіктік тұтастықты немесе сыйымдылықты беретін, яғни кеңістікті құрайтын құрам бірліктерінің лексемалары.
2. Кеңістік-ұйым, бұл әлемнің заттары мен құбылыстарының формасын көрсетуге негізделген және олардың ара-қатынасын көрсетуге бағытталған лексемалар.
Осы лексемалардың өзі екі сатыдан қалыптасады: бірінші – кеңістік туралы қабылдаудың, бейненің тура және ауыспалы мәндері. Ал екінші сатысында – осы мәндер «кеңістік» концептісінің бейнелі когнитивті моделін қалыптастыруға негізделеді.
Е.Л. Березовичтің пікірінше кеңістік сипаттаудың келесі базалық параметрлерінен тұрады. Олар: 1) нысанның оқшаулануы [локализация объекта]; 2) төңіректі қамту [охват местности]; 3) ұзыңдығы [протяженность]; 4) кеңістіктің қоныстануы [обжитость пространства]. «Первый из них, по сути, позволяет определить точку зрения субъекта номинации по отношению к пространственным объектам…второй и третий – охарактеризовать поле зрение номинатора; четвертый – дать качественную характеристику освоенного и не освоенного человеком пространства» [9, 137].
М.В. Голомидова «кеңістік» концептісіне көптеген түсініктерді жатқызады. Мәселен, «ментальді білім», «әлем бейнесінің тілдік ядросы», «адам қабылдауының түсініктер жүйесі» т.б. [10, 137]. Ғалымның бұл анықтамаларына қосылмауға болмас, себебі шын мәнінде де «кеңістік» концептісі халықтың қоршаған ортану тану, білу деңгейі, сол қабылдаумен байланысты туындаған мәдениет, дүниетаным, өмір салты.
О.П. Пивоварова «кеңістік» – бұл шеңберлі ұйым, адамнан шеттетілуімен және онымен бірігуімен сипатталады; алыс және жақын, ашық және жабық, бағытының болуымен, заттануымен, көп қырлылығымен [көп жақты] сипатталады» – деп түсіндірген [11, 14]. Ола болса, «кеңістік» — әрі шексіз, әрі шектелген, бір бағытта болатын, әрі жан-жақты қамтитын адам түсінігі.
Жоғарыда айтылған «кеңістік» концептісі туралы пікірлерді негізге ала отырып, осы концептінің түркі халықтары мәдениетіндегі алатын орны мен мәніне тоқталайық. Түркі жазба ескерткіштерінің мәтініне лингвомәдени, концептуалдық талдау жасаған Н.Ғ.Шаймердинованың пікірінше «кеңістік туралы мән» екі аспектіде берідеді. Бірі «экспликацию через стороны света эмпирических, опытных знаний, многозначных пос содержанию», екіншісі «демонстрацияфизического пространства через указание конкретных топонимов и их характеристику» [12, 67].
Осы туралы Н.А. Кононовтың пікірінше, адамда қоршаған орта, жергілікті жердің бедері, күннің шығуы мен батуы және оның орны, жердің күн және түн жақтары туралы білімдердің жиналуынан басталған ақпарат уақыт өте келе жүйеленіп, нақты ғылыми танымға айналады [13, 72].
Кеңістік концептісін беруде сандар, нумеративтер кеңінен қолданылады. Сан – бұл логикалық, философиялық, ұлттық-мәдени құндылықтары бар тілдік бірлік [14, 20]. Олай болса, басқа тілдер секілді түркі тілдеріндегі сандар да ұзақ семантикалық даму үдерісінен өтіп, ақырғысында негізгі есептік қызметінен айырылып, символикалық, ритуалдық мәнге ие болды, тіпті сокралды ұғым деңгейіне де жетті. «…Для числовых моделей в архаичных культурах характерна гораздо большая обнаженность, подчеркнутость целевой установки, связанной с более прагматическим [по сути дела, ане по внешним приметам] отношением к числу. В частности это объясняется тем, что в архаичных традициях числа могли использоваться в ситуациях, которым придавалось сакральное, «космизирующее» значение. Тем самым числа становились образом мира [imago mundi]» [7, 227].
Ал, ерте заманда түркі халқының көсемдері Күлтегін, Төныкөк және Білге қағандар өз жазба ескерткіштерінде «дүниенің төрт бұрышы» деп сөйлеген. «…Төрт булуң көп йағы ерміс су селепен. Төрт булундағы будунығ көп алмыс, көп баз қылмыс» яғни «…төрт бұрыштың бәрі жау еді. Әскер жүргізіп төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт қылған» – деп баяндайды [15, 17-18].
Батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік деген қазіргі географияның негізгі терминдері болып отырған сөздерді түркі халқы сол уақытта қолданып, бүгінгі қазақ тіліндегі бағытбағдар ұғымын беретін мекен белгілімдеріне айналып отыр. «Тоқуз оғуз беглері, будуны бу сабымын едгүту есід. Қатығды тыңда. Үлгерү — күн тоғсыққа, біргерү – күн ортусыңару, курығару – күн батсықына, иырғару – түн ортусыңару анта ічрекі бідін көп маңа көрур, анча будун», яғни «Тоғыз оғыз бектері, халқы бұл сөзімді жақсы есіт. Қатты тыңда. Ілгері – күн шығыста, оң тұста – күн ортада, кейін – күн батыста, сол тұста – түн ортасында соның ішіндегі халықтың көбі маған бағынды, осынша халық» [15, 14] деп жазады. Бұл терминдердің барлығы «4» деген саннан тәуелденіп шығып отырғанын байқауға болады.
Профессор Н.Ғ.Шаймердинова жазба ескерткіштеріндегі «дүниенің төрт бұрышы» терминін айта отырып, түркілердің ғылыми-практикалық тұжырымдарды қалыптастырған өркениеттің бірі деп таниды. «Четыре угла раскрывает расселения, передвижения, завоеваний тюркского народа, обозначает то огромное пространство, на которую распространялась власть древнетюркского государства, … с другой стороны это наивная география, наивные донаучные представления тюрков о форме земли» [12, 102] – деп жазады.
«Дүниенің төрт бұрышы» яғни «Төрт булуң» сөз тіркесі Орхон, Енисей, Талас бойынан табылған ескерткіштердің барлығында кездеседі. Бұл ескерткіштердің географиялық орналасуын қарасақ, бірі солтүстікте, бірі оңтүстік бедерінде орналасқан. Осы кең аумақта жүрген әр түркі халқы «дүниенің төрт бұрышы» деген ұғымды түсінген, әрі қолданған. Мәселен,
Онгин ұстынында: Ата-бабамыз Ямы қаған әлемнің төрт бұрыштағыларын қысты, бағындырды, басып алды [16, 38];
Күлтегін мәтінінде [16, 186-191]: Төрт тарптағылар [төрт булун көп] қарсы жау болған. Қол аттандырып төрт тараптағы [дүниенің төрт бұрышындағы] халықты бағындырып, иеленген (Батыс беті, 2 жол); Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт қылдым (Батыс беті, 29-30 жол);
Білге қаған мәтінінде [16, 256-263]: Төрт тараптағылар қарсы жау болды. Қол аттандырып, төрт тараптағы халықты бағындырды (Батыс беті, 3 жол); Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт еттім, жаусыз қылдым (Батыс беті, 24 жол); Төрт тараптағы халықты бейбіт қылдым (Оң жақ беті, 10 жол).
Бұл пікірдің жалғасы ретінде түркілердің өз батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігінде қай ел-тайпалармен көршілес болып, шектесіп отырғанын жырларда да айтады. «Қурығару – Иінчү үгүз кече, Темір қапығқа тегі сүледім» [Батыста Сырдария өзенін кеше Темір қақпаға дейін соғыстым] [15, 14]. «Ілгерү күн тоғсықда Бөглі қағанқа тегі сүлеүі бірмін» [Ілгері – Күншығыста Бөклі қағанға дейін соғыстым], «Ілгерү – қурығару сүлеп тірміш қобартмыш» [Ілгері [шығысқа]-батысқа аттанып жинапты, көтеріпті]. «Қурығару Темір қапығқа тегі сүледіміз. Көгімен аша қырық аз йеріңе тегі сүледіміз» [Батыста – Темір қақпаға дейін соғыстық. Көгменнен аса Қырық аз жеріне дейін соғыстық] [15, 21-22], «Ілгерү Қадырқан йышығ аша Бұлынығ ача қонтурдымыз анча ітдіміз. Қурығару Кеңү тармаңқа тегі Түрік бұдунығ анча қонтурдымыз. Анча ітдірміз» [Шығыста Қадырқан қойнауынан аса халықты осынша қондырдық, осынша еттік. Шығыста Кеңүр тармаққа дейін түркі халқын осынша қондырдық, осынша еттік] [15, 23] «Будунығ ігідейін тійін Қырғару оғуз будун тапа, Ілгерү қытан, татабы будун таға. Бүргерү табғач тапа» [Халықты көтерейін деп, Батыста оғыз халқына қарсы, Шығыста қытан, татабы халқына қарсы, Түстікте табғашқар қарсы] [15, 25].
Тоныкөк ескерткішінің мәтінінде де батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік сөздері кездеседі. Мысалы «Ілтеріс қаған болайын, берійе табғачығ, йырайы оғузуғ өк өлүртү. Біліг есі чаб есі бен көртім», яғни «Ілтеріс қаған болайын, оңтүстікте табғашты, шығыста – қытанды, солтүстікте оғызды көптеп өлтірді» [15, 44]. Немесе «Берійекі будун қурыйақы ийырақы өңрекү будун келті», яғни «оңтүстіктегі халық, батыстағы, шығыстағы халықтар келді» [15, 47].
Енисей жазба ескерткіштерінде де «дүниенің төрт бұрышы» кездеседі. Енисейді мекен еткен көк түріктер де төрт географиялық жер бедерінің бағыт-бағдарын біліп, ажырата білген. «…tıkdı tört budunga tü» – «Дүниенің төрт бұрышына [ескерткішті] тұрғызды» делінген [17, 99]. Мұндай мысалдар Енисей жазба ескерткіштерінде кеңінен қолданылады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Орхон жазба ескерткіштерінде «кеңістік» концептісі нумеративтер арқылы беріліп, түркі халықтарының мәдениетін, дүниетанымын, әлем бейнесін танып білуге бірден-бір тілдік негіз болып табылады. Ескертікштер тілінде кеңінен қолданылатын «төрт булуң» — «дүниенің төрт бұрышы» — нумеративті сөз тіркесі арқылы жасалған кеңістік концептісі біріншіден, қозғалыс бағытын немесе бағдарын білдірсе, екіншіден, түркі халықтарының жалпы әлем бейнесі туралы ақпарат беретін антропоцентристік мәнге ие ұғым, үшіншіден, аксиологиялық құнды мәндегі мазмұнға ие түсінік: шығыс пен оңтүстік – жағымды, ал сотүстік пен батыс – жағымсыз мәнге ие құбылыс. Ескерткіш мәтінінде «шығысқа қарай алға» және «батысқа қарай қайту [шегіну]» деген тіркестердің қайталанып қолдануы түркі халықтары әскерінің жауынгерлік шабуыл мен географиялық орналасуы туралы нақты білімге ие екенін көрсетеді.
Орхон жазба ескерткіштері тілінде «кеңістік» концептісіндегі нумеративтердің семантикасы арқылы түркі халықтары мәдениетінің, дүниетанымының, әлем бейнесінің жалпы мазмұнынын танып, мәнін ашуға болады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Meisterwerke deutscher Dichter und Denker. Berlin: Digital bibliothek, 2003. – 1,8 Гб. (CD-ROM).
2 Степанов Ю.С. Константы: словарь русской культуры [Текст]. 3 издание, иправл.и дополн. / Ю.С. Степанов. – М.: Языки русской культуры, 2005. – 991 с.
3 Колесов В. Русская ментальность в языке и тексте [Текст] / В.Колесов. – СПб.: Петербург-востоковедение, 2007. – 624 с.
4 Арутюнов Н., Левонтина И. Языки пространств [Текст] / Н.Арутюнова, И.Левонтина.
– М.: Языки русской культуры, 2000. – 448 с.
5 Дмитриев Н. К. Строй тюркских языков [Текст] / Н.К. Дмитриев. – М., 1962. – 606 c. 6 Айдарбекова Ж.Қ. «Кеңістік» концептісіндегі нумеративтер семантикасы» // Еуразия Гуманитарлық институтының хабаршысы. — Нұр-Сұлтан, 2019. — №3. – 160-165 с.
7 Топоров В.Н. Пространство и текст // Текст: семантика структура. Сб.ст. / АН СССР, Ин-т славяноведения и балканистики; Отвст.ред. Т.В.Цивьян. – М.: Наука, 1983. – 227-284 сс.
8 Гуревич А.Я. Категория средневековой культуры [Текст] // Избранные труды. Т.2. / А.Я. Гуревич – СПб.: Университетская книга, 1999. – 17-262 сс.
9 Березович Е.Л. Русская топонимия в этнолингвистическом аспекте [Текст] / Е.Л. Березович. – Екатеринбург: Изд-ство Уральского университета, 2000. – 532 с.
10 Голомидова М. Учебник японского языка для детей [Текст] / М. Голомидова. – Екатеринбург, 2001. – 238 с.
11 Пивоварова О.П. Риторика: учебное пособие [Текст] / О.П. Пивоварова. – Челябинск: Полиграф-Мастер, 2011. – 84с.
12 Шаймердинова Н.Г. Когнитивные модели древнетюркских текстов в русских переводах. Монография [Текст] / Н.Г. Шаймердинова. – Астана: Арман-ПВ, 2007. – 176 с.
13 Кононов Н.А. Грамматика языка тюркских рунических памятников (7-9 вв.) [Текст] / Н.А. Кононов. Ленинград: Наука, 1980. – 245 с.
14 Зиновьев В.Н. Лексико-семантические особенности числительных в разных языках [Текст] // Межвузовский сборник. Лексика. Терминология. Стили. – М.: Изд. Горьковского университета, 1974. – вып 3. – 20-39 с.
15 Айдаров Ғ., Сыздықов С. Орхон жазба ескерткіштері. ЖОО филология факультетінің студенттеріне арналған әдістемелік нұсқау [Текст] / Ғ. Айдаров, С. Сыздықов. – Алматы: Мектеп, 1989. – 75 б.
16 Жолдасбеков М., Қаржаубайұлы С. Орхон ескерткіштерінің толық атласы [Текст] / М.Жолдасбеков, С. Қаржаубайұлы. – Астана: Күлтегін, 2005. – 360 б.
17 Кормушин И.В. Тюркские Енисейские эпитафии. Тексты и исследования [Текст] / И.В. Кормушин. – Москва: Наука, 1997. – 303 с.

Ж.Қ. Айдарбекова1, А.Ш. Альбекова2
Семантика нумеративов в концепте «пространство» на основе текстов Орхонских письменных памятников
1,2Казахский агротехнический университет им. С.Сейфуллина,
г.Нур-Султан, Республика Казахстан
В статье рассматривается концепт «пространство», представленный нумеративами на основе материалов Орхонских письменных памятников. Обосновываются, анализируются научные концепции отечественных и зарубежных ученых о концепте «пространство» и термине «нумератив». Указывается сущность и назначение нумеративов, встречающихся в языке памятников, в контексте концепта «пространство». Через концепт «пространство» разъясняется культура, мировоззрение, образ мира тюркских народов, приводятся примеры из текстов памятников. Рассматриваются лексико-семантическое значение и когнитивно-познавательное содержание нумеративов в концепте «пространство», анализируется их концептуально-понятийный характер. Так же приведены примеры нумеративов в контексте концепта «пространство» из Енисейских письменных памятников. Таким образом, делается заключение о том, что у тюркских народов было и есть по сей день общее восприятие «картины мира».

Zh.K. Aidarbekova1, А.Zh. Albekova2
Тhe semantics of numerative in the concept «space» based on the texts of the Orkhon written monuments
1,2 S.Seifullin Kazakh Agro-Technical university,
Nur-Sultan, Republic of Kazakhstan The article deals with the concept of «space» presented by numeratives on the basis of materials of Orkhon written monuments. Scientific concepts of domestic and foreign scientists about the concept of «space» and the term «numerative»are based, analyzed. The essence and purpose of numeratives occurring in the language of monuments in the context of the concept of «space»are specified. Through the concept of «space» helps to explain the culture, worldview, image of the Turkic peoples, examples from the language of monuments. The text of the ancient Turkic written monuments considers lexical-semantic meaning and cognitive-cognitive content of numeratives in the concept of «space», analyzes their conceptual and conceptual character. Also, examples of numeratives in the context of the concept «space» from the Yenisei written monuments are given. Thus, it is concluded that the Turkic peoples had and still have a common perception of the «picture of the world».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *