М.Ж. КӨПЕЙҰЛЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЛИНГВОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕР


Қ.М. Абдуллаева
PhD докторант, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар қ.,
Қазақстан, е-mail: akm1166@bk.ru

М.Ж. КӨПЕЙҰЛЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЛИНГВОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕР

Мақалада М.Ж. Көпейұлы публицистикасындағы лингвомәдени бірліктер тілдік талдауға түседі. Әдеби тілді дамытушы жеке тілдік тұлғаның өзіндік қырларын танытудағы публицистиканың ерекшелігі сараланады. Қаламгердің публицистикасындағы лингвомәдени бірліктер негізінде анықталатын тілдік тұлға ретіндегі болмысы зерделенеді. М.Ж. Көпейұлы көсемсөзіндегі лингвомәдени бірліктер арқылы қоғамдық өзгерістердің қазақ халқының тұрмысында, дүниетанымында қалайша көрініс тапқандығы публицистикасынан алынған мысалдар арқылы анықталады.
Тірек сөздер: публицистика, көсемсөз, лингвомәдени бірлік, ұлттық тәрбие, ұлттық таным, ұлттық өнер, саятшылық өнер, әлеуметтік жағдай, өнер, білім т.б.

КІРІСПЕ

Публицистика – өмірде орын алған шынайы деректер мен құбылыстарды дәл, нақты сипаттайтын, қысқа, әрі жедел, көркем қасиеттерге ие жанр. Онда ақиқат өмірдің суреті бейнеленеді және оның негізгі арқауы − шындық. Сондықтан публицистикада өмірлік деректер мен құбылыстардың бәрі бірдей талғаусыз алына бермейді, белгілі бір мақсатқа қызмет ететін айғақ-деректер ғана кәдеге жарайды. «Қай заман публицистикасы болмасын өмір құбылыстары мен оқиғаларын сол дәуірдің әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды» [1, 4]. Оны әр дәуірдің сөз зергерлері заман ағымына қарай қолданып отырған. Публицистика – сөз өнерінің үлкен бір саласы. Оны А. Байтұрсынов «көсемсөз» деп атап, мынадай күрделі анықтама береді: «Көсемсөз – шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден айырмасы – көсемсөз жазумен айтылады. Көсемсөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсемсөз деп аталады. Көсемсөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болады. Қоғам істерін түзету, жаңалау, өзгерту керек болған кезде халықты соған ұйытып, көбінің миына қондырып, көңіліне сіңіреді. Көсемсөз күндегі мәселе жайын сөйлейтін сөз болған соң, кезіндегі шығып тұратын газет-журнал жүзінде шығады. Көсемсөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Көсемсөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек» [2, 102]. Ғалымның пікіріне сүйенсек, көсемсөз қоғамдық сананы оятып қана қоймайды, оған басшылық та жасайды, егер басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Ал басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді болу керек. Публицистиканың қоғамдағы қызметі туралы Т. Амандосовтың пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша: «Публицистиканың функциясы – қоғамдық пікірді қалыптастыруға әсер ету арқылы қоғамдық сана мен қоғамдық практикаға ықпал жасау. Сонымен қатар публицистика адамға тек логикалық жағынан ғана емес, сезім жағынан да ықпал жасауға тиіс» [3, 18]. Демек, публицистика қоғамдық санаға, қоғамдық тәжірибеге, адамның ойлау жүйесіне және адамның сезіміне ықпал жасау қызметін де атқарады. Олай болса, публицистиканы тілдік тұлғаның қоғамдағы қозғаушы күш ретіндегі болмысын айғақтайтын дүние деуге болады. Олай болса, публицистикалық шығармаларды лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеу әдеби тілді дамытушы жеке тілдік тұлғаның өзіндік қырларын ашуға септігін тигізеді. Сондықтан аталмыш мақалада М.Ж. Көпейұлының тілдік тұлғасын публицистикалық шығармаларындағы лингвомәдени бірліктер негзінде зерттеу көзделіп отыр.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Публицистика өмір шындығын, өмірдің өзекті мәселелерін, халықаралық саясат туралы, күнделікті тіршілік құбылыстарын, замана шежіресін жасауға, суреттеуге мейлінше ыңғайлы дүние. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. М.Ж. Көпейұлы өмір сүрген заманда мұндай қызметті «Дала уалаяты газеті», «Айқап» журналы т.б. атқарды. Қазақ ұлтының санасына сәуле түсіру мақсатын көздеген М.Ж. Көпейұлы өзінің публицистикалық ой-толғамдарын «Дала уалаяты газетіне», «Айқап» журналына жариялап отырды. «Дүниетанымың шашыраңқы болса, табиғаттың құнарынан айрыласың, қоғамтанымың әлсіз болса, ел мен жердің қаһарына ұшырайсың» дейтін өзі таныған дүниетаным философиясын оқырман назарына ұсынған қаламгер мақалаларының барлығында да қазақ ұлтының табиғатына, қазақы болмысына ғана тән ерекшеліктерді бейнелейтін лингвомәдени бірліктерді кездестіреміз.
Қазақ қоғамының сол тұстағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, қоғамдық тіршілігі мен шаруашылығын, тарихы мен тұрмыс-салтын және отарлау саясатының зардабы туралы толғамдарын көркем шығармаларында түрлі көркемдік тәсілдер арқылы, кейде астарлап, кейде ишарамен, кейде жұмбақ түрінде бейнелеген М.Ж. Көпейұлы публицистика арқылы да өз заманының көкейкесті мәселелерін, тарихи ой-тұжырымдарын ашық айтып отырды. Ол үшін ұлт тілінің лексикалық байлығын шебер пайдалана білді. Қаламгер өзі өмір сүрген заман шындығын, ұлт дүниетанымын, ұлт мінезін, өткен өмірі мен кейінгісін ұлттық тілдегі лингвомәдени бірліктер арқылы танытып отырды.
М.Ж. Көпейұлы «Баянауылдан» деген мақаласында өз танымындағы қазақ халқының өткен өмірін, тарихи шежіресін былайша баяндайды: «Кеше қарадан хан болған Едіге ұғлы Шоң бидің уақытында Көкшетаудан бергі жері Сүйіндіктің жайлауы екен. ИтемгенМамай деген көлдерде Шоң бидің Итемген деген баласы тұрып, сонан «Итемген» атанған екен. Қарағайлы шоқының қасында «Ақмырзаның Қарасуы» дейді, Ерейменнің Ақмолаға қараған жағында: «Олжабай сөресі, Едіге сөресі, Шорман тамы, Тайбай көлі, Үшмырзаның көлі» дейді, солардың баршасы – Сүйіндіктің сол жерлерін мекен қылып жүргенде өткен жақсылардың аты» [4, 325-б.]. Расында, «емін-еркін кең далада көшіп-қонып жүрген қазақтың ру, тайпалары өздері иемденген таулар мен шың-құз, жоталар, өзендер мен көл, қайнар бастау, бұлақ, аңғарлар мен шатқалдарға үнемі ат қойып, айдар таққаны белгілі» [5, 316]. Ата-бабаларымыздың қоныс тепкен әрбір мекенінің атауы оның тұрмыс-тіршілігінің, мәдени өмірінің айнасы. Олай болса, М.Ж. Көпейұлы қолданысындағы Көкшетау, ИтемгенМамай, Қарағайлы, Ақмырзаның Қарасуы, Ереймен, Ақмола, Олжабай сөресі, Едіге сөресі, Шорман тамы, Тайбай көлі, Үшмырзаның көлі т.б. жер-су атауларының да қазақ ұлты үшін мәдени мәні, тарихи маңызы зор.
«Жазушы тарихтың сан алуан дерегі, туған елінің шежіресі сақталған ұлттық-мәдени мұрасы бар қоғамда өмір сүреді. Сол қоғамда қалыптасқан мәдени дәстүрлер жазушы шығармаларынан орын алады» [6, 25]. М.Ж. Көпейұлы көсемсөзінде кездесетін «хан көтеру» лингвомәдени бірлігі – ұлт танымындағы мәдени дәстүрді білдіретін тілдік атау. Мысалы: «Сол күндерде қазақтың төрені қадірлеп, басына көтеріп, хан қылатын әдетімен Тұрсынхан деген төрені хан көтерген екен» [4, 31.]. Бұл дәстүр қазақ халқында ХХ ғасырдың бас кезіне дейін сақталған. Бұл жөнінде А.И. Левшин былай дейді: «Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап, үш рет көтеріп, бірнеше рет «Хан!»деп айқайлаған». Осылайша, хан көтеру – сый-құрметтің белгісі болған. Ал би, төре, хан лингвомәдени бірліктері өткен дәуірдегі лауазымдық дәрежелерге, атақ-беделге байланысты туған атаулар. Би сөзіне ғалым Р. Сыздықова мынадай анықтама береді: «Би сөзі – ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы нақты заң термині. Бірақ ол әр кезеңде әртүрлі мәнге ие болып келген сөздердің бірі. Би сөзінің Абай тұсындағы білдіретін негізгі мағынасы − әрбір болыстықта сайланып қойылған заң жүргізуші адам» [7, 160]. Осы тектес пікір Ш. Уалиханов еңбектерінде де кездеседі: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заңжораны білетінін, шешендігін танытатын болған» [8, 135].
М.Ж. Көпейұлының «Үш Едіге туралы» мақаласында билердің елдің қамын ойлап, аумалы-төкпелі замандарда жұртына құт болғандығы, қалың бұқараның оларды құрметтеп, амандығы үшін дұға қылғандығы туралы айтылады. Мысалы: «Едіге деген би жұрт билеген кісі екен. Кешегі Абылайханның заманында Едіге бидің таяғы жұртына құт болып: «Едігенің майлы жұрты» − атанған екен. Заманындағы қариялар, қара бұқара халқы: «ел қамын жеген Едігедей билерінің саламаттылығына!» − деп дұға қылады екен. Сол Едігеден соң, баласы Шоң би жұрт билеп би болған екен» [4, 313].
Қазақ танымында «мұра» сөзі де ерекше мәнге ие. «Атаның еккен ағашы ұрпағына сая; Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздер бар. М.Ж. Көпейұлы «Баянауылдан» деген мақаласында «мұра» сөзіне тоқталады: «Ғылым − пайғамбарлардан қалған мұра. Яғни пайғамбарлардың бұрынғы өткен хандардың, жақсылардың қылып өткен өнері. Мал қарау – байдан қалған мұра. Әлі күнге шейін оны жер жұтып барады және мал иесі малды қалай сақтаймын деп, соның уайым-қайғысында олады» [4, 329]. Мұра − атабабадан, әке-шешеден балаға қалған дүние-мүлік, мирас; ежелден келе жатқан мәдени нұсқалар [9, 602].
Сондай-ақ қазақтың әдет-ғұрпындағы бесік құда, қалың мал, қыз айттыру атаулары – мәдени коннатацияға ие лингвомәдени бірліктер. М.Ж. Көпейұлы өзінің мақаласында қазақ салтының ішіндегі қыз айттыру ғұрпына тоқталып, оның дұрыс емес екндігін айтады. Мәтін деңгейінде қарастырсақ: «Еркек балаға жасынан қыз айттыру бір лайықсыз нәрсе. Неге десеңіз, әркімнің өзінің көңілі сүйгені болады. Құда жақсы, құда жаман болсын, жасында біреуге құдаласып, өскен соң мал кетпесін деп береді» [4, 330]. Ескі қазақ салтында қыз бен жігіт ата-аналарының күні бұрын уәдесі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке естіртуі. Мұндай келісім ұл мен қыздың жас шағында, тіпті бесіктегі кезінде жасала берген. Егер қыздың ата-анасы ұлдың ата-анасының тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған боп саналып, алдын ала қалыңмал төлеген. Атастырылған жастар есейе келе міндетті түрде қосылатын болған [10, 26].
Көсемсөз шебері М.Ж. Көпейұлы тілдік тұлғасындағы қазақ ұлтының мәдениеті мен рухани дүниесін айқындап тұратын лингвомәдени бірліктер ғаламның тілдік бейнесіндегі ұлттық дүниетанымды танытады. Осыған байланысты бірнеше топқа бөліп көрсетуге болады. Мысалы, ұлттық тәрбиені танытатын лингвомәдени бірліктер: «Қазақ айтпай ма «алып анадан» деп, бұған қарағанда, ана жақсы болса, одан туған бала да жақсы болады. Ана бір жаман, ғылымсыз, меңіреу болған соң одан туған бала не қылып оңсын?! Адамның білгіш, өнерлі болуына әуелі ата-ананың жақсылығы себеп. Қазақта мақал бар: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген». Біздің қазақтың бұрынғылары айтады екен: «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауыл бол; қызың өссе, қызы жақсымен ауыл бол» деп» [4, 330].
Әлеуметтік жағдайды білдіретін лингвомәдени бірліктер: «Биылғы қыс көшпелі халықтың есінен қалмастай болды, жердің жүзі жұмыртқадай аппақ болып жатып алды. Бір күннен бір күні суық болып, жел шығып, сүйегі жұқарып, шыңы кетіп тұрған мал даладан шөп алып жей алмады. Қой, қозы жалғыз-жарымдап өле бастады. Қозысын көтере алмай көтерем болып саулық өлді. Енесінен сүт шықпай қозы өлді. Жұрттың «он екі ай шығып, бір ай тығып» деген жалғыз айы осы еді. Қысқы қызылдың таусылған уақыты, жаңалап мал союға пышаққа жарарлық мал болмай, қайдағы құрт, қарындағы май – бәрі бірдей таусылып, халық ақыршылық болып қысылды» [4, 337]. «Біздің қазақтың байлары малынан айырылған күні көбі кісіге де жүруге жарамай аштан өліп қалатұғын көрінеді. Мал деген қолдың кірімен бірдей нәрсе, жуса кетіп қалатұғын. Қазақ айтады: «Дүние деген, шіркін, тойға келген қыздай, кетеріне келгенде қолға ұстаған мұздай» – деп» [4, 328].
Өнер, ғылым лингвомәдени бірліктері: «Адамның өлсе сүйегімен кететұғын, өз басына біткен өнерден басқаның керегі жоқ. Өнер сол мұсылманша болсын, орысша болсын, ғылым үйренуге жаһұт қылу. Ғылымсыз болған нәрсенің пайдасы жоқ, ғылым үйреніп, білгіш болуды талап қыл. Ғылымды болған кісі ғылымын шашып, жұртқа үйретудің жаһтұнда болады. Ғылым еркекке, ұрғашыға бірдей керек нәрсе. Біздің қазақ: «Қатын молда болып бала оқыта ала ма?» Ұрғашыны оқытып не керек?» – дейді. Жоқ, олай емес. Ойлап тұрсаң, еркектің оқығанынан ұрғашының оқығаны пайдалы. Неге десең, ұрғашы үйде отырып, балаларының тәрбиесіне қарайды, оның ғылымды болғанының пайдасы сол өзінің балаларына тиеді» [4, 330].
Көшпелі өмір салтын бейнелейтін лингвомәдени бірліктер: «Ауыл көшіп жайлауға барады. Қыс қыстауына келеді» [4, 330]. «Көшпелі қазақ жұрты малын баққан; Қазақтың көшкені – айт, қонғаны – той; Қазаққа шаруа малын баққан пайда; Қазақтың көшкенқонған мерекесі, Бұрынғы ата-бабадан мирас қалған; Кәсіп қыл, көшпелі жұрт, мал баққанды» [4, 306].
Рухани-діни ұғымды білдіретін лингвомәдени бірліктер: «Алты-жеті жасқа жеткен соң молдаға оқытуға берсе керек. Ол молданың өзі әдеп көрген, ғұламалардан, ишандардан, бұрынғы өткен жақсылардан баһза алған һәм ұстазынан рұқсат алған, сыналып өткерілген молда болсын! Жарамайды − бір ноғайға еріп хатшы болған, бір сартқа еріп қосшы болған, шала хат таныған, бұзылған, жаман жерлерде оқыған, өзі бұзылған адам баланы бұзып жібереді. Әр нешік баланы бек жақсы молдадан оқытуға жаһуд қылу керек. Молдалар мен өнерлі, білгіш адамдар, жақсылардың сахабатында көп жүрген сыр мінез, жақсы деп ауызға ілінген адамдармен үйір қылса керек» [4, 331].
Бұл мысалдың ішіндегі ұлт тілінде орын алып, халық танымында жақсы сақталған мәдени бірліктердің бірі – молда лексемасы. «Молда –құранды, діни ғибадатты жақсы білетін діни рәсімді атқарушы, мұсылмандардың діни қызметкері» [9, 937]. Қазақ танымында молда сөзі оқу, оқыту ұғымдарымен байланыстырылды. Себебі сол заманда оқу-білімді молдалардан алатын.
Сонымен бірге жаназа сөзі де ұлттық мәдени мәнге ие. «Тұрсынхан қаза болып, жұрт үш күндей жылап, жаназасын оқып, Шідерті деген өзеннің бойына қойыпты» [4, 313]. Қазақ халқы өмірден өткен адамдарды жаназасын оқып барып, жер қойнына тапсыратын болған. Бұл дәстүр әлі де өзінің маңыздылығын жойған жоқ.
Саятшылық өнер, ұлттық ойын лингвомәдени бірліктері: «Біздің қазақ халқы бүркітті пайда үшін салмайды, қызығына құмарланып, сол үшін машық қылып ұстайды» [4, 304]. «Бала бес-алтыға келген соң асық ойнайды. Он-он бірге келген соң доп ойнайды, Жиырмаға жетіп ат арқасына мініп, өнерлісі ауыл-ауылдан қыз қарайды» [4, 306].
Төрт түлік мал қазақ ұлтының дүниетанымында ерекше орын алады. Мысалы: «Семей облысына қараған дала уалаяттарын көріп кеткеннен бері қарай, шүкір құдайға, қара бұқара халқының мал шаруасына береке кіріп, арық мал семіріп, саулық пен тайыншалардың желінінде сүт берекесі кіріп, төрт түлік мал шаруасымен тұрған қыр қазағына бір түрлі қуаныш пайда болды» [4, 314]. Келтірілген мысалда кең далада жүріп, табиғатпен бірлікте өмір сүріп үйренген ата-бабаларымыздың кеңестің қыспағында жүріп, солардан көрген аз ғана қуанышын өздерінің төрт түлігімен байланыстыра білген сезімталдық қасиеттеррі сөз болады. Ғалым Ж. Манкеева: «Табиғат көрінісіне, жағдайына икемделу − адамның негізгі бір қасиеті. Этнос пен табиғатты біртұтас ұғым деп қарау, әсіресе, көшпенділер мәдениетін, психологиясын түсіну үшін ерекше маңызды» [11, 32], − дейді.
М.Ж. Көпейұлы ұлт тіліндегі лингвомәдени бірліктерді заман келбетін бейнелеуде де қолданады. Мысалы: «Біздің қазақ бейшара: «Ораза жоқ, намаз жоқ құдай деген жанбыз» – деп жүрген, жайылулы мал сықылды, жосулы аң сықылды, союға мал емес, атып алуға аң емес, Сарыарқаның иен шөбінің байлығымен шаруа күтіп, мал бағып, ғылым-білімнен, әртүрлі үлгі-ғибратлы өнерден… единиция болмай, нөл орнында қалған жұрт еді. Солдаттықтан қашқан құмыра бөрікті, толағай басты, құдайдың бұйрығынан, ақ патшаның құрығынан қашып жүген қулар келіп, құдайды ұзынқұлқтан зорға естіп жүрген қазақты шөптің басынан үріккен қойдай, ай жарықта көлеңкесінен қорыққан қояндай қылып… «балаларыңды орысша оқуға берсең, солдаттыққа алады» – деп, көнектен шошыған биедей қылып шошытып, қазақтың ақылсыз надан қатындары «дуана келеді» деп өз баласын өзі қорқақ қылып үйреткендей жаман, көк милы қылып жіберді. [4, 346]. «Бірінбірі иттей талап жүрген заманда өз басын өлімнен алып қашқан сарт-сауанның қулары да келіп, қазақ ішінде молдылық қылып, бала оқытып, ғылым-білімі жоқ надан жұрттың қылғанын айтып, қара қазақтың көңілін жақсы ниеттен, ізгі пиғылдан айыруға көп себеп болды» [4, 347]. «Қазақты шапқанда қандай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дәнеме қалдырмай, малжан, үй-мүлкін қасындағыларға олжа қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады»
[4, 344].
М.Ж. Көпейұлының кез келген шығармаларында мақал-мәтелдер жиі қолданылатынын көреміз. Ұлттық дүниетаным тереңінен орын алып, рухани мәдениетіміздің көрсеткішіне айналған мақал-мәтелдер М.Ж. Көпейұлы мақалаларында да автордың лингвомәдени прагматикасына сәйкес қолданыс табады. Мысалы: «Сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады?», «Пайданы басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл», «Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады» [4, 295]; «Еріншектің қолы жетпейді, үлгісіз нұсқа бітпейді», «Ұйықтаған ұйқы алар, ұйықтамаған жылқы алар», «Жетесі асыл арланбас, жеті атасына дарымай» [4, 297]; «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар», «Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат біледі», «Аш қадірін тоқ білмейді», «Жаяулықтың жаманын атты қайдан білсін, жалаңаштықтың жаманын тонды қайдан білсін?!» [4, 302]; «Жаманның кесапаты тиер һер жерде, жақсының шарапаты тиер тар жерде» [4, 304]; «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» [4, 326]; «Бай мақтанса, табылады, жоқ мақтанса шабылады», «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» [4, 327]; «Келін келсе аяғынан, шопан келсе таяғынан» [4, 328]; «Алып анадан», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауыл бол, қызың өссе, қызы жақсымен ауыл бол!», «Опаға барған ағарады, күйеге барған қараяды», «Қатын алма, қайын ал, Жақсы көрген тамырдың атын алма, тайын ал», «Анасын көріп, қызын ал, аяғын көріп, асын іш» [4, 330]; «Сүтпен берген мінез сол бағытымен кетеді» [4, 331]; «Қатынды бастан, баланы жастан» [4, 332].
Ақын мақалаларында қолданылған авторлық қолданысқа төмендегілерді жатқызуға болады: «Жаяулықтың жаманын атты қайдан білсін, жалаңаштықтың жаманын тонды қайдан білсін?!» [4, 302]; «Мал деген қолдың кірімен бірдей нәрсе, жуса кетіп қалатұғын», «Ғақыл – әдіс, айырыс – жұғыс», «Дүние деген, шіркін, тойға келген қыздай, кетеріне келгенде қолға ұстаған мұздай», «Балдан тамады, байдан жұғады», «борыш басынан асып, расход үстінен асып» [4, 328].
Афоризмдер: «Ғылым – пайғамбардан қалған мұра, Мал – байдан қалған мұра»; «Ғылым иесін өзі сақтайды»; «Малды кісінің дұшпаны көп болады, ғылымды кісінің досы көп болады»; «Малды жұмсасаң таусылады, ғылымды жұмсасаң артылады»; «Мал біткен кісі сараң болады»; «Малға бір апат болмай қоймайды, ғылымға еш апат жоқ»; «Мал біткен кісі тәкаппарлық қылады, ғылымды болған кісі кішік көңіл болады» [4, 329].
М.Ж. Көпейұлы көсемсөзінде оқырман ой-санасына әсер ету мақсатында ұлт тіліндегі тұрақты тіркестер, эпитет, теңеу секілді көріктеу құралдары қолданылады. Мысалы: «көңілі сүйген, қолдың кірі, әдеп көрген, хат таныған, сыр мінез, ауызға ілінген, машық қылып, қанын ішіне тарту, түгін сыртына шығару, араның ызылдағанындай, тойға келген қыздай, қолға ұстаған мұздай,көнектен шошыған биедей,шөптің басынан үріккен қойдай т.б.». Бұл ретте, ғалым Е. Жанпейісов: «Жазушы тілдегі бейнелеу құралдарын әр алуан көркемдік бояу бере пайдаланады. Бұл орайда ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздер де, мақал мен мәтелдер де, эпитет пен теңеулер де, тілдің басқа да барлық бейнелеу құралдары шығарманың жалпы идеялық, тақырыптық арқауына лайық, жаңа бір мағыналық астар алып, стильдік функциясы арта түседі» [12, 17], − дейді.

ҚОРЫТЫНДЫ

М.Ж. Көпейұлының көсемсөз, публицистикасындағы лингвомәдени бірліктер автор тіліндегі ұлттық менталитетті, ұлттық көзқарасты аңғартатын мақал-мәтелдер, эпитет, теңеу секілді көріктеу құралдары арқылы танылады. Сонымен бірге тілдік тұлғасын ерекше танытып, өзіндік ғалам бейнесін жасауда фразеологиялық тіркестер, этнографизмдер мен рухан-діни сөздер ерекше орын алады. Ұлттық салт, ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, туыстық қарым-қатынас және тұрмыс-тіршілік жайын сипаттайтын тілдік бірліктер арқылы қазақ ұлтының сол кездегі танымдық, рухани дүниесі көрініс табады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Шындалиева М. Публицистика жанрлары мен пішіндері. – Астана, 2012. – 325 б. 2 Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеулер мен өлеңдер. Алматы: Атамұра,
2003. – 208 б.
3 Амандосов Т. Публицистика –дәуір үні. «Қазақстан», Алматы, 1979. –18-б. 4 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 13-том. – Павлодар. «ЭКО» ҒӨФ, 2008. –
385 б.
5 Жанұзақ Т. Жетісудың жер-су аттары. // Ш.Ш. Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері. 2005. – 314-340 б.
6 Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мәдени деректері. филол. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2003. – 120 б.
7 Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы: Арыс, 2004. – 613 б.
8 Уалиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985. – 558 б.
9 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.
10 Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. – Алматы:
Атамұра, 2013. – 384 б.
11 Манкеева Ж.А. Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы. док. дисс. автореф. 1997. –
53 б. 12 Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. – Алматы, 1968. – 265 б.

Қ.М. Абдуллаева
Лингвокультурные единицы в публицистике М.Ж. Копеева
Павлодарский государственный универcитет им. С.Торайгырова, г.Павлодар, Казахстан В статье рассматриваются лингвокультурные единицы в публицистике М. Ж.Копеева. Анализируются особенности публицистики в проявлении самобытности личности, развивающей литературный язык. Изучается бытие писателя как языковой личности, определяемой на основе лингвокультурных единиц в публицистике.
Через лингвокультурные единицы в произведениях М. Ж. Копеева определяется то, как общественные изменения проявились в быту и мировоззрении казахского народа.

K.M. Abdullayeva
The linguistic-cultural unist in M.ZH. Kopeev s publicistic writing
Pavlodar State University named after S.Toraigyrov
Pavlodar, Kazakhstan The article deals with linguistic-cultural units in M. Zh. Kopeev’s publicistic writing. The features of publicistic writing in the manifestation of identity of a person developing a literary language are analyzed. The author’s being as a linguistic personality determined on the basis of linguistic-cultural units in publicistic writing is studied.
Through linguistic-cultural units in the works of M. Zh. Kopeev is determined by how social changes manifested in the life and outlook of the Kazakh people.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *