АСИНХРОНДЫ ЭЛЕКТРЛІК ҚОЗҒАЛТҚЫШ — электр энергиясын механикалық энергияға түрлендіруге арналған электр машинасы. Айналу магниттілігі деп аталған құбылысты алғаш рет 1824 ж. француз физигі Р.Ф. Араго тәжірибе жүзінде көрсетті. Ал бұл құбылыстың ғыл. негізін 1888 ж. а Г.Феррарис (Италия) пен хорват ғалымы Н.Тесла (АҚШ) әрқайсысы өз бетінше ашты. Алғашқы үш фазалы А. э. қ-ты 1889 ж. орыс электротехнигі М.О. Доливо-Добровольский жасады. А. э. қ-тың жұмыс принципі ротор мен статордың магнит өрістерінің өзара әрекетіне негізделген. Статор орамдары арқылы ток өткенде, айнымалы магнит өрісі пайда болады. Бұл өріс ротор орамында ток тудырады. Пайда болған ток айнымалы өріспен әсерлесіп, роторды ілестіре айналдырады. Оның бұрыштық айналу жылдамдығы полюстер жұбының санын ауыстырып қосу, қоректік ток жиілігін, ротор тізбегіндегі кедергіні өзгерту, сондай-ақ бірнеше машинаны тізбекке қосу арқылы реттеледі. А. э. қ-тың айналу бағытын статор орамасының кез келген екі фазасын ауыстырып қосу арқылы өзгертуге болады. А. э. қ-тың құрылымы қарапайым әрі сенімді болғандықтан электр жетегіндегі негізгі қозғалтқыш ретінде қолданылады. Оның қуаты бірнеше Вт-тан ондаған МВт-қа дейін жетеді.