АСБЕСТЦЕМЕНТ — суға иленген портландцемент пен асбест қоспаларынан жасалатын құрылыс материалдары. А. құрамындағы асбестің нәзік талшықтары цементпен кірігіп, берік те икемді, ыстық-суыққа төзімді әрі тығыз құрылыс материалдарына айналады. Оны кесу, тесу, тегістеу оңай. Одан табақша, тақта, құбыр пішінді құрылыс бөлшектерінің қырықтан астам түрі ғимараттардың шатырын жабуға, іргесін, қабырғаларын көмкеруге, шарбақ жасауға, құбыр желілерін тартуға, а.ш. құрылыстарын салуға қолданылады. Тік бұрышты, қималы А. қораптар өнеркәсіптік, тұрғын үй және азаматтық ғимараттардағы желдету жүйелерін жасауға аса тиімді. Ал төзімді А. тақталар қатты ыстық пен электр разрядтарының әсеріне ұшырайтын электр аппараттары мен машиналарының табандарын, тақталарын, бөлшектерін дайындауға өте ыңғайлы. Еліміздің Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облысытарында А. өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Мәселен, Қостанай облысыдағы бір ғана Жетіғара өңірінде 1995 ж. 160 мың т-дан, 1996 ж. 130 мың т-дан А. өндірілді.