АСАУБАЛЫҚ – Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы тұщы көл. Теңіз көлінің шығысында 5-7 км жерде, теңіз деңгейінен 305 м биіктікте орналасқан.Аумағы 13,3 км2. Ұзындығы 4,7 км, ені 3,7 км. Көлден Нұра өзені ағып өтеді. Сондықтан көлдің деңгейі өзен суының мөлшеріне байланысты. Суы қарашаның 1-жартысында қатып, сәуірдің 2-онкүндігінде мұзы ериді. Батыс жағалауы қамысты, шалғынды болып келеді. Көлде мөңке, оңғақ, лақа, торта, алабұға, шортан, аққайран, т.б. өседі. Қоқиқаздар, қаз, үйрек, т.б. су құстары мекендейді.