С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 60 жылдығына арналған
«Сейфуллин оқулары– 13: дәстүрлерді сақтай отырып, болашақты құру» атты
Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары = Материалы Республиканской научно-теоретической конференции «Сейфуллинские чтения – 13: сохраняя традиции, создавая будущее», посвященная 60-летию Казахского агротехнического университета имени С.Сейфуллина. — 2017. — Т.І, Ч.5. — Б.118-121
СӨЗДІК ЖҰМЫСЫ АРҚЫЛЫ СТУДЕНТТЕРДІҢ ТІЛІ МЕН ОЙЛАУЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Ахметова А. А.
Тілді оқытудағы негізгі мақсаты-тіл дамыту. Тіл дамыту мағынасы кең ұғым. Тіл дамыту-студентті тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа адамға толық жеткізуге дағдыландыру, басқа адамдардың сөзін жақсы түсінуге үйрету. Тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру студенттердің ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттырады.
Тіл дамыту-барлық сабақта жүргізіліп отыратын үдеріс. Соның ішінде қазақ тілі сабағында алатын орны ерекше, өйткені студент сауатты жазып, сөйлемді дұрыс құра білудің негізін осы тіл сабағынан бастайды. Тіл дамытусөйлей, жаза білу, ойды байланыстырып айту, сөйлем құрай білу, сөздік қорды молайту, жеке дыбыс, сөз, сөз тіркестерін дұрыс айта білумен тығыз байланысты. Осы айтылған мәселелер төңірегінде тіл дамыту жұмысы жүргізіледі.
Орыс тілінде оқытатын топтарда студенттің қазақ тілін дамыту ұғымына қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұлғаларын меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру, яғни қазақ тілінде сөйлеуге үйрету жатады.
Тіл дамытудың алғы шарттарының бірі-сөздік жұмыс.
Әдіскер-ғалымдар М.Т. Баранов, А.Р. Прудникова жаттығу әдісінің маңыздылығына тоқтала келіп, лексиканы оқытумен байланысты жүргізілетін жаттығу түрлерін сөздік және лексикалық жаттығулар деп екіге бөледі. «Сөздік және лексикалық жаттығулар бір-бірімен тығыз байланысты, кей жағдайда оларды бір-бірінен айыру да қиын, өйткені екеуі де негізі сөзбен жұмыс жасайды» [1, 12] дей келіп, бұл ғалымдар лексикалық жаттығуларға лексикадан алған білімді бекітіп, осы негізде лексикалық іскерлікті қалыптастыру үшін жүргізілетін талдау жұмыстарына арналған жаттығуларды жатқызады. Ал сөздік жаттығуларға тілді сезінумен, сөзді дұрыс түсінумен және орынды қолдана білумен тығыз байланысты сөз тіркестерін жасау, сөйлем құрау, мазмұндама, шығарма жазуды жатқызады. Сөздік жаттығулар студенттердің сөздік қорының молаюына жағдай жасайды.
Сөздік жұмысы әр сабақ үстінде, жыл бойында, бүкіл оқу кезеңінде белгілі жоспармен, жүйемен жүргізілуі керек. Студент сабақ сайын жаңа сөз үйреніп отырады.
Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін оқытушының алдына мынадай мақсаттар қойылады.
1. Студенттердің қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасап, тілдесе білуге қажетті сөздік минимумды анықтау.
2. Студенттердің жаңадан үйренген сөздерін еркін қолдана білуіне басшылық жасау.
3. Сөздік жұмысының әдіс-тәсілін тиімді қолдана білу.
Сөздік жұмысын жүргізу, тіл дамыту жұмысы тақырыпты принципке негізделіп, әр тақырыптағы сөздер жеңілден-ауырға, қарапайымнан күрделіге қарай топтастырылып үйретіледі.
Студенттердің грамматикалық формада сөйлеу дағдылары мен қабілеттерін қалыптастыру және оларды сөздердің бастапқы формасын мәтінге қатысты өзгертіп қолдана білуге үйрету керек. Осындай жолмен студенттердің сөздік қоры жетіле түседі. Студенттердің сөздік қоры сөздердің белсенді және белсенді емес топтары арқылы жинақталады.
Сөздерді үйретудің үш түрлі міндеттері бар.
Біріншісі -сөз қорын байыту, яғни сөздің дыбыстық құрамымен таныстыру, мағынасын түсіндіру және оның естілуі арқылы мағынасын еске сақтауға үйрету.
Екіншісі-студенттердің сөзді саналы түрде сөйлеу тілінде қолдана білуге бағыт беру.
Үшіншісі -студенттерге жаңа сөздерді үйретуде оқытушылар әрқашан мынадай әдістемелік принциптерді есте ұстау керек.
1. Жаңа сөздерді жеке емес, басқа сөздермен қатар байланысқа түсетіндей көп мәтінде кездесетін сөздермен қатар беру.
2. Студенттердің белсенді түрде меңгеруіне ұсынылатын әрбір сөз бесалты сабақ бойы қайталанып отырады.
3. Жаңа сөздер ең ыңғайлы, жеңіл формада берілуі тиіс.
4. Бір сабақта жаңа сөз бен жаңа грамматикалық форма бірден берілмейді.
Үйренушіге сөз үйрету белгілі бір жүйемен үйретілуі ескерілген жағдайда, сөз байлығы дамиды. Ғалым Қ.Қадашева тіл дамытуға қажетті қолданылатын тәсілдердің бірнеше түрлерін атап көрсетеді:
1.мәтінді ұсынғанда ондағы таныс емес сөздердің мағынасы түсіндіріліп, алдын ала ұсынылады.
2. сурет арқылы сөз тізбектері беріледі.
3. тілімізде жиі қолданыстағы пәрменді сөздерді үйрету мақсаты орындалуы қажет.
4. сөздер жеке дара үйретілмей, белгілі бір тақырып ішінде қарастырылуы қажет. Әрбір сабақта қысқа мәтінді тыңдау, ондағы тыңдалған жаңа сөздерді жаттығулар арқылы орындау сөздік қорын байытады. Сөзді мәтінен бұрын беру үйренушіні жаңа тыңдалатын мәтінге даярлайды.
5. әр деңгейде жүйелі түрде берілетін сөз минимумдары тілді тез үйренуге әср етеді. Бұл ретте үйренушінің ынтасын арттыратын оқу материалдары ерекше сұрыпталуы керек [2, 58].
Қандай мәтін болса да, алдымен оның мазмұнын түсіну қажет. Сөздің нақтылы мағынасын сөйлем контекстінде ғана байқауға болады. Себебі жеке тұрғанда бір мағына беретін сөз, сөйлем ішінде кейде басқа мағына береді. Қазақ тілінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұл ана тіліміздің синтаксистік құрылысындағы ерекшелікке байланысты.
Мысалы, жұмыс бағдарламасы бойынша берілген «Мен және қоршаған орта» мәтінін түсіндіру кезінде біздер, ең алдымен, ана тіліміздің өз мүмкіндігін, төл байлығын, жалпы халықтық сөздерді, әдеби тілді пайдаланамыз. Мәтінді өткен кезде тақырыптың жүйелілік, логикалық байланыс жағын да ескереміз, сондай-ақ студенттердің есінде жатталып, сақталып қалу үшін лексикалық қайталаулар жүргіземіз.
Мәтінмен жұмыс істеу мынадай кезеңдерге бөлінеді:
1. мәтінді оқығанға дейінгі жұмыс; 2. мәтінмен жұмыс кезеңі;
3. мәтінді оқығаннан кейінгі кезең;
Мәтінді оқығанға дейінгі жұмыс кезінде сөздікпен жұмыс жасалады. Мәтін алдындағы жаттығулар мен соған сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі: тілдік тұлға мен сөйлем үлгілерін мәтінде танып, айыра білу және әр түрлі қүрылымдық материалды (сөзжасам элементтері, етістіктің жақ, шақ түрлері т.б.) меңгерту. Р.Ә.Шаханова тілді оқытудың негізгі құралы жаттығу екендігін айта келіп, “…оқыту сөзбен, сөйлеммен байланысты жүргізіледі. Ал бұл мақсатқа жету тек тіл туралы берілетін білім арқылы емес, сөйлеу әрекетіне бағытталған жаттығулар арқылы да іске асады”, — деп есептейді [3, 20-21]. Мәтін бойынша жаңа сөздерді меңгертуде-сөздер жалаң күйде ғана жазылмай, өзі тіркесетін, меңгеретін, анықтайтын сөздермен қоса берілуін көздейміз.
«Мен және қоршаған орта» деген тақырыпты өткенде сөздіктермен жасалатын жұмыстарға тоқталайық. Ең алдымен, сабаққа байланысты лексикалық минимум беріледі:
Қоршаған орта, келтірген зиян, өркениет, кездейсоқ заттар, табиғи жолмен, жанартаулардың атқылауы, бу күйінде, улы газдар, қалдық, түзілетін, заттар айналымы, келеңсіз оқиғалар, саналы азамат, орынсыз, арнайы шаралар, адамның іс-әрекеті салдарынан, қоқыс, шипажай, жауапкершіліксіз, тазартқыш қондырғы, сүзгі, тиімді жолы, үлес.
Жоғарыда мәтін алдында берілген лексикалық минимуммен төмендегідей тапсырмалар жасалады.
1-тапсырма: Мәтінде берілген сөздерді оқыңыз, аударыңыз.
2-тапсырма: Сөздермен бірнеше сөз тіркесін жасаңыз.
3-тапсырма: Берілген сөздер мен сөз тіркестерін етістіктермен тіркестіріңіз.
4-тапсырма: Берліген тірек сөздер мен сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құрасты-рыңыз.
Мәтінде төмендегідей белсенді етістіктер беріледі:
Ору, әсер ету, ластану, қосылу, пайда болу, ұшу, өртену, шіру, тарау, тазарту, өңдеу, өндіру, елестету, зиян келтіру, от жағу, туындау, ат салысу, қорғау, жүзеге асыру, көгалдандыру.
Берілген етістіктермен мынадай жұмыстар жасалады.
1-тапсырма: Етістіктермен сөз тіркесін жасаңыз.
2-тапсырма: Етістіктерді жоғарыда берілген лексикалық минимуммен байланыс-тырыңыз.
3-тапсырма: Жоғарыдағы лексикалық минимум мен белсенді етістіктерді пайдалана отырып, шағын әңгіме құрастырыңыз.
Жаңа сөздердің мағынасын, аудармасын түсінген соң, студенттер сөз тіркестерін, сөйлемдер құрап, осы сөйлемдерден берілген тақырып бойынша өз беттерінше шағын әңгіме құрайды. Шағын әңгіме құрудың мақсаты- берілген мәтін туралы ұғымды кеңейту.
Жоғарыда берілген тапсырмалар орындалған соң, жұмыс
бағдарламасындағы мәтінмен жұмыс жасалады. Мәтін бойынша мәтінмен жұмыс кезеңі мен мәтінді оқығаннан кейінгі кезеңнің тапсырмалары жасалады. «Мен және қоршаған орта» мәтіні:
Адам қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреді. «Не ексең, соны орасың» дегендей, қоршаған ортаға келтірген зияның өз денсаулығыңа әсер етеді.
Өркениет пайда болған кезден бастап ауаға кездейсоқ заттар қосыла бастады. Оған дейін ауа табиғи жолмен ғана ластанатын. Мысалы: жанартаулар атқылағанда, ауаға бу күйіндегі заттар, улы газдар араласады. Жел арқылы шаң, тозаңдар ұшып шығады. Орман өртенген кезде, көп мөлшерде газдар ұшады. Өсімдіктер мен жануарлардың қалдығы шірігенде, түзілетін газ заттары да ауаға тарайды. Мұның бәрі табиғи ластануға жатады. Алайда заттар айналымы кезінде ауа табиғи ластанудан өзін-өзі тазартады.
Қазіргі кезде қоршаған ортаның ластануы адамның іс-әрекеті салдарынан жиілеп отыр. Мысалы: жылу электр станциясынан, мұнай өңдеуден, металл өндіруден, көліктерден шығатын қалдықтар ауаны ластайды. Тіпті қалалық жерлерде бір пәтерден бір күнде бір пакет қоқыс шығарылса, әр үйде кем дегенде жүз пәтер болса, бір үйдің өзінен жүз пакет шығарылады. Енді осындай бес жүз үй болғанның өзінде бір күнде неше пакет қоқыс шығарылатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
Өзіңіз демалатын саябақты, емделетін шипажайларды, орманды жерлерді ұқыпсыз, жауапкершіліксіз пайдалансаңыз да, қоршаған ортаға зиян келтіресіз. Жан-жағыңызға қоқыс лақтырып, орманда от жағу салдарынан қаншама келеңсіз оқиғалар туындайды. Сондықтан, әрбір саналы азамат қоршаған ортаны қорғауға ат салысу қажет. Қоршаған ортаны қорғау сенің бойыңдағы ұқыптылықтан басталады. Өз аулаңды таза ұстап, жанжағыңа орынсыз қоқысты лақтырмау керек.
Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау үшін, арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, зауыттарға арнайы тазартқыш қондырғылар орнатылады. Автокөліктерден шығатын түтіннің жолына сүзгі қойылады. Сұйық отын газбен алмастырылады. Ауаны тазартудың ең тиімді жолы — көгалдандыру. Бұл іске өздерің де қатыса аласыңдар. Сенің еккен әр ағашың ауаны тазартуға қосқан үлесің болып табылады[4, 25].
Сонымен, сабақ үдерісінде сөздік қорды байыту жолдарының бірімәтін бойынша байыту.Мәтіндік тапсырмалар бойынша тіл дамыту жұмысын жан-жақты жүргізуге мүмкіндік мол. Мәтін-сөйлесім әрекеті мен ойлау үрдісінің жемісі.
Қорыта айтсақ, қазақ тілін меңгертуде сөздік жұмысының орны ерекше. Тіл дамытудағы негізгі мәселенің бірі-студенттің сөздік қорын үнемі байытып отыру. Сөздік қоры бай адамның ойын анық жеткізу мүмкіндігі мол болады. Сондықтан тіл дамытуда студенттің сөздік қорын байытуға ерекше мән беріледі.
Әдебиеттер тізімі
1. Баранов М.Т., Прудникова А.Р. Лексические упражнения.-Москва: «Просвещение», 1994г.
2. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі.-Алматы: «Мұрагер». 2005ж.
3. Шаханова Р.Ә. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылымиәдістемелік негіздері. П.ғ.д.дисс. автореф.-Алматы,2002ж.
4. Резуанова Ғ.Қ., Ақажанова А.А. Қазақ тілі. Оқу-әдістемелік кешен.Астана,2016ж.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 60 жылдығына арналған
«Сейфуллин оқулары– 13: дәстүрлерді сақтай отырып, болашақты құру» атты
Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары = Материалы Республиканской научно-теоретической конференции «Сейфуллинские чтения – 13: сохраняя традиции, создавая будущее», посвященная 60-летию Казахского агротехнического университета имени С.Сейфуллина. — 2017. — Т.І, Ч.5. — Б.118-121