Сүйіспеншілік — жоғарғы ақиқат ретінде

«Өзін-өзі тану» сабағының жоспары

 

Мектеп: Екібастұз қаласы №18 ЖОББМ

Мерзiм: 06.05.2020ж

Тақырып: Сүйіспеншілік — жоғарғы ақиқат ретінде 29- 30 сабақ

Құндылық:  Сүйіспеншілік

Қасиеттер:  мейірімділік, сыйластық, елжандылық, жанашырлық.

Мұғалiм:  Нурхаева Мақпал Нурлановна

Сынып: 9 а             

Оқушылар саны: 25                                                                                                                                                                                                                                                       

Сабақ мақсаты: Оқушыларға сүйіспеншіліктің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіре отырып, сүйіспеншілік  құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:  

Білімділік: — Оқушыларға мейірімділік адамның ең асыл қасиеттерінің бірі екенін түсіндіру  

Дамытушылық: — оқушылардың бойындағы жанашырлық қасиеттерін дамыту.

 Тәрбиелік: —  сыйластыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.

Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

 5 Т- еске түсіру

1-Тәртіп     

2- Талап       

3 –Тыныштық

4-Тазалық

5- Татулық

Балалар ережені есімізге түсіріп, сыныптың тәртібін сақтап, оқып — білуге талаптанып, тыныштықты орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізейік.

 

1. Жағымды көңіл күйге келу .

«Нұрға бөлену» 

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді дұрыс ұстаңыздар. Аяқ- қолыңызды айқастырмаңыз. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады, елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоциаңыз бен тілек- қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің көзін ашады. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Енді, нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп,басыңызға тек сәулелі ой келеді. Нұр бірте- бірте күшейе бастайды, сіздің денеңізден тарап, жан- жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан- жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түкпір- түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: « Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын». Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзі ашуға болады.

 

2. Үй тапсырмасын  тексеру.

  Оқулықтан 163- беттен Сафуан Шәймерденовтың «Ана ұлылығы» әңгімесін оқып келу.

1.      Бейіс ананың ұлылығының сыры неде деп ойлайсыңдар?

2.      Өгей шешенің балаларға деген қамқорлығынан қандай әсер алдыңыздар?

3.      Осы әңгімеден  қандай ой түйдіңіздер?

4.      Риясыз сүйіспеншілік дегенді қалай түсінесіңдер?

5.      Өгей шешенің бойынан қандай қасиеттерді көре алдыңыздар?

6.      Өзіңіз жақындарыңызға  мейірімділігіңізді қалай білдіресіз?

 

3.  Дәйексөз.

                   Махаббат – әуелі адамның адамдығы.

                                                            Абай Құнанбайұлы

 (Оқушыларға хормен оқыту, ұл балаларға 2 рет,  қыз балаларға  2  рет айтқызып,  дәптерге  жаздырту).

—          Дәйексөздің мағынасын қалай түсіздер?

Оқушылардың жауаптарына сүйене отырып қорытындылаймын.

 

4.  Әңгімелесу

Отбасы татулығы

(Аңыз әңгіме)

  Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, бір қауым ел болып, бірге тұрыпты. Ол отбасы ерекше екен, отбасының өзара келісімі де, татулықта өмір сүруі елді таң қалдырады. Оларда  ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен.

Бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің ақ-қарасын анықтау үшін ауылға келеді. Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып, ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таң-тамаша болады. Отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді.

Ол ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтуын өтінеді.

Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік»,  жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп қағазға мұқият жазып шығады.

Үш сөзді оқыған патша таң қалып:

–    Осы-ақ па?

–    Иә, – деді ақсақал.

–    Барлық жақсы отбасылар тек осы қасиеттерден құралады, – деді де, сәл ойланып, «және шыдамдылық» деген сөзді қосып қойды.

 

1.      Әңгімеден өздеріңе қандай ой түйдіңдер?

2.      Отбасылық өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?

3.      Отбасындағы татулық пен бірлік болуы үшін қандай құндылықтар қажет?

4.      Өздеріңнің отбасыларың қандай қасиеттерден құралған?

5.      Отбасыңдағы сүйіспеншілік пен татулықтың орнауына өздерің қандай үлес қосып жүрсіңдер?

 

5.  Шығармашылық іс-әрекет, топтық жұмыс.

Берілген қанатты сөдердің мазмұмнындағы ортақ ойды анықтап, сүйіспеншіліктің маңыздылығы жайлы өз тұжырымдарыңызды жазыңыздар.

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық пен адалдық ақ жүректен шығады».

Ілияс Есенберлин: «Егер де ең ұлы ашылымдар болмаса да – бәрібір адамзат өмір сүрген болар еді, ал егер сүйіспеншілік жоқ болса – ол тез арада құрып бітер еді».

Бауыржан Момышұлы: «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс».

Нұрсұлтан Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады».

Натали Фокс: «Сүйіспеншілік жеңе алмайтын қиындық жоқ. Сүйіспеншілік айықтыра алмайтын кесел жоқ. Сүйіспеншілік аша алмайтын есік жоқ. Біздің болашағымыз қаншама үмітсіз болса да,  түйін қанша шавтасып кеткен болса да, сүйіспеншілікті сезіну барлық кедергілерді басып өтеді».

 

6. Топпен ән айту.  Сөзін жазған   Тұманбай Молдағалиев

                                   Әнін жазған    Қуат Шілдебаев

        Отан – Ана

Қиын жолдардан аман келеміз.

Асыл заман, саған сенеміз.

Жарқын өмір, жақсы күндер,

Арнап сәлем береміз.

 

Жерім құлпырды барын берем деп,

Елім жасап-ау жатар ер еңбек,

Ырысымыз тасып жатыр,

Алға бастық жеделдеп.

Қайырмасы:

Жайнап өмір жұлдыз көгінде,

Тұр ғой жарқырап.

Көңіл көзді көп арбайды,

қиялымды түгел тартып ап.

 

Отан Анадан қуат аламыз,

Алға жеңіспен біз барамыз.

Бақта бұлбұл сайрайды ұзақ,

Жайнайды кең даламыз.

 

 

 

Топпен ән орындалады.

7.    Үй тапсырмасы.

№30 сабақ. №167  беттегі Қайсар Қауымбектің «Махаббат» оқып келу.

Дәптермен жұмыс.

 

8.  Сабақтың қорытынды сәті:

Бүгінгі  сабақта алған жақсы қасиеттерді бойларыңызға  сіңіріп,  жүректеріңізге түйіп алыңыздар.

Сабақ аяқталды.

Сау болыңыздар

.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *