Бекет Ата он екі, он үш жас шамасында кәрі нағашысының батасын алуға барады. Бұл кез батырдың қартайып, сұсты да өткір көздерінен әр тайып шүңірейіп, белден қуат кетіп бүкірейіп, жасы тоқсан бестен асып бара жатқан шағы екен.
Дегенмен, батыр әлі қунақ, үйден өзі кіріп шығатын, ақылы бүтін еді. Бір жұмадай жатып батырдың әңгімесін тыңдап, үлгі өнеге алған бала Бекет енді аялдаудың жөні болмас деп ой түйеді.
Таңертеңгілік шәй дастархан үстінде кішкентай қонақ бала ауылына, Жылыойға жүргісі келетінін айтып, нағашысынан рұқсат сұрайды.
,,Рұқсат Жаратқаннан. Жүрсең жолың болсын, Қыдыр Ата жолдасың болсын, дейді,,- қарт батыр жиенінен туған жиеншарына бар мейірін төге сөйлеп.
Менің де қозыкөш өмірім қалды. Құлақтарыңды түре жүргейсіңдер. Үй ішіңе сәлем айт.,,
Содан соң батыр жақын туыстарының бірін шақыртып алып :»Жиенжан жүргелі отыр.
Атқорада тұрған тор жорға биені құлынымен қосып беріп жиенге мінгізіп жібер,, деп бұйырады.
— Мен мал алмаймын-дейді сонда қонақ бала.
— Еее, ендеше бата алайын деп келген екенсің ғой, айналайын. Қолыңды жайшы- деп бойдағы бар қуатын жиып, Есет Бекет жиеніне ықыласын төге былай бата береді.
Үстіңнен дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
Ақ қараны айыратын боларсың
Атыңның өзі айтып тұр, дүр боларсың.
Еліңе шуақ шашар нұр боларсың
Үш жүзге атың шығар Пір боларсың.
Тегінде Есет ержүрек батырлығымен қоса алдағыны болжайтын әулие болған. Батасы қабыл болады. Бекет бала есейе келе әруақ қонып, қасиет иесіне айналды, зайырлы болып Пір дәрежесіне көтерілді.
Ислам Мырзабекұлы Қосқұлақтегі.
Раушан Жакешбай.
Бейсенғали Көкей.