Қарқаралы қаласы, Қарқаралы ауданының орталығы.
Тарихи деректерде тау сілемдерінің етегін ала ағып жатқан шағын өзеннің табанында орналасқан елді мекен үстінен Орта Азия мен Сібір аралығындағы ұлы керуен жолы өткен. Осы өлкеге алғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ басқаны тарихи деректерден бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ресей өкіметі пайдалы кен қазбаларын зерттеп, оны өндіруді қолға алу мақсатында көшпенді шаруашылықтарының территориялық орналасу мәселесін шешуге кіріседі. Болашақ округтік билік орталығына Қарқаралы және Кент таулы мекендері таңдап алынады. Ең алғаш 1824 жылы 8 сәуірде бекініс болып қаланған Қарқаралы, 1869 жылы Уезд болып құрылып ірі сауда орталығына айналды. Қаланың мәдени экономикалық өсіп-нығаюына Қоянды жәрмеңкесі зор ықпал етті. Қарқаралы біртіндеп саяси орталыққа айналды. Қарқаралының ақ қайың мен жасыл терек зерлеген шұрайлы өлкесі ерте кезден-ақ оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің көңіліне ұялап, көзін қызықтырған. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов, Қарқаралы округінде екі рет – 1855 және 1863 жылдары болды. Қызмет бабындағы сапарын ол халықтың ауызеке аңыз-әңгімелерімен, ән-жырларымен танысуға арнады. Ш.Уәлиханов мал шаруашылығы жөнінде бірсыпыра қызықты материалдар жинады. Оның «Қарқаралының сыртқы округтері болыстарының қысқы көші-қоны» деген еңбегі осы тақырыпқа арналады. Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тяньшанскийредакторлығымен 1865 жылы басылып шыққан “Ресей империясының Географиялық-статистикалық анықтамалық сөздігі” Қарқаралының атағын асқақтата түсті. Қалың оқырман қауым алғаш рет Қарқаралының сұлулығы туралы, әлі де зеттетлмеген үңгірлер мен қорғандардың құпияларына ынтыға түсті. Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты. Әкесі Құнанбай қажы Қарқаралыда көктөбелі күмбезді мешіт салдырып өз атын ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш қылып қалдырып кеткен кемеңгер еді. Ең алғаш “Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу” қиссасын орыстың жазушысы М.М.Пришвин осы төңіректе естіген. Орыстың саяхатшысы Г.Н.Потанин өзінің жолжазба естеліктерінде, бұл өңірде болғанда сол кездегі көпес Рязанцевтің үйінде тоқтаған. Бұл ғимарат бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетті. Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта теңдессіз тәлім қалдырған атақты музыка зерттеушісі А.В.ЗатаевичҚарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, зерделі де зерек жыраулар ауызынан 154 ән жазып алған. Жазиралы Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты “Сұлушаш” поэмасын 1928 жылы Сәбит Мұқанов дүниеге әкелген. Қарқаралыда ашылған оқу орындары Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары болып табылады. Көне Қарқаралы жері әуелден елін рухани азаттыққа баулыған өңір. Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығымет Нұрмақов бұл өңір тарихына өз таңбаларын қалдырған. Қала көшелеріне келмеске кетіп ұмыттырлмақ болған А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Құнанбай қажы, Ұлы Отан соғысындағы батырларымыз Н.Әбдіров, М.Мамраев, П.Теряев, А.Қосыбаев есімдері берлілді. Сонымен бірге Қарқаралының бір көшесі ақын Қ.Аманжолов есімімен аталады. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров та осы Қарқаралы топырағынан шыққан. Қоянды жәрмеңкесі туралы |