ХVІ-ХVІІ ғғ. Қазақ хандығының әлеуметтік ұйымдасуы
мен шаруашылығы
Көне заманнан қазақ хандығында қоғамдық құрылымның негізін салушы ұстанымдардың бірі — ру болды. Ол – бүкіл әлеуметтік пен құқықтық негіз және өздерін ұлттық бірлік ретінде танылатын бастау. Қазақ (алаш) халқының ортақ бірлігіне кіретін әр ру, өзіндік және басты құқық субъектісі ретінде қарастырылды. Әр рудың қорғауында болатын адам, өзін ру басшысының және ақсақалдар кеңесінің алдында міндетті деп санады. Руға тиісті емес ақсүйек-сұлтандарды басшы етіп сайлағандығында өздерінің бірігу мақсатын көздейтін мән жатты. Өзінің әлеуметтік сипаты жағынан қазақ қоғамы әркелкі болды. Орынбор губерниялық кеңесінің басқарушысы болған орыс ғалымы П.И.Рычков қазақтардың қоғамдық құрылысы туралы: «Қазақ … Ордаларда үкімет көбінесе демократиялық үкіметке ұқсас … қазақтарды қайсібір іске көптеген ру басылар мақұлдаған жағдайда ғана жұмылдыруға болады»,-деген. Жалпы, генеалогиялық туыстық құрылымда – бір ата, жеті ата, ру, арыс, ұлыс, жүз – сияқты буындар өз кезегінде әкімшілік-әлеуметтік жүйенің қайнар көзі болды.
Экономикалық тұрғыдан гөрі, саяси және құқықтық белгілері бойынша түрліше айырылған қазақ қоғамы екі негізгі әлеуметтік топтардан тұрды. Олар: корпоративті ұйымдасқан, артықшылықтары нақты белгіленген «ақсүйектің» негізі саналатын төре тобы – Жошы әулетінің ұрпақтары (аристократия тобы) және Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары саналған — қожа әулеті. Қалған қазақ қоғамының элементтері «қара сүйек» тобын құрды.
Өзінің дүниеге келуінен бастап үстем тапқа жататын жошы ұрпақтары — сұлтан лауазымын алып отырды. Материалдық және рухани күй-ауқатына кіріптарсыз-ақ, тума бойынша сұлтандар әулеті — айрықша саяси құқықпен пайдаланылатын. Жүз бірлестігіне қосылмайтын және моңғол империясының дәстүрі сақталған кез-келген мемлекеттерде төрелер хан тағына үміткер болды.
Қазақ қоғамын хан басқарды, ол өзінің билігін ру басшылары мен сұлтандар арқылы іске асырып отырды. Арнайы тағайындалған жерде жылына бір рет мемлекеттік істі шешу үшін «кеңес» өткізіліп отырды. Жоғарғы әлеуметтік қабаттың өкілін құрайтын хан болды. Дәстүрге сәйкес, хан тағына сайлану әулет тегіндегі аға тармағы ғана құқылы болды. Ханның таққа отыруы сұлтандар мен ру-тайпа басшылары өкілдерінің құрылтайындағы «хан көтеру» деп аталатын сайлаудан өтуге тиісті болды. Олар оны хан болуға лайық деп ұйғарып, ақ киізге отырғызып, үш рет хан көтеріп, «хан атасы» болған қадырлы адамның батасын алғаннан кейін ресми заңды хан болып тақта отыратын болды. Бұл «хан көтеру» салты – сұлтан, би, батыр және ру-тайпа басшыларының жаңадан көтерілген хан билігін мойындайтығының айғағы еді. Хан тағына отырған соң оны құттықтап тоймереке өткізілді. Хан келесі қызметтерді атқарды:
1. Хандықтың бүкіл жер аумағында билік жүргізді.
2. Елдің жоғары қолбасшысы бола отырып, оның негізгі қызметі мен басты міндеті — халқын жаулардан қорғау болды.
3. Оның жоғары қолбасшылық қызметінің нәтижесінде, ханға соғыс ашу мен бейбітшілікті жариялау құқығы берілді.
4. Мемлекеттің сыртқы саяси істерін анықтау мен келіссөз жүргізу құқығы берілді.
5. Жоғарғы сот қызметінің құқығы берілді.
6. Қоғамның барлық мүшесіне міндетті бұйрықтар мен заңдар шығару құқығы берілді.
7. Хан қызметі мен құқығы құқық ескерткіші ретіндегі «Қасқа жолда», «Ескі жолда» және «Жеті Жарғыда» анық бекітілген.
Оның кеңесшілері, көмекшілері, жасағы (оның отбасының, мал-мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскер), лауазымды қызметшілері (төлеңгіттер – сайлауыттар мен жасауылдар) және малайлары болды. ХVІІ ғасыр мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында хандардың мекен құрған астанасы Ташкент пен Түркістан қаласы болды.
Әкімшілік тұрғысынан қазақ хандығы ұлыстарға бөлінді, оларды сұлтандар басқарды. Деректерге қарағанда, хандықта жиырмаға жуық ұлыс болды. Ұлыстың аумағын бекіту, табыс ету және жаттандыру ханның билігінде болды. Ұлыстың билеушісі сұлтан болды, ол ұлыстың жасағын басқарып қолбасшы қызметін атқарды. Олар өзге міндеттерден жеңілдік алды. Сұлтандарды би сотының айыптауына құқы жүрмеді, оларды айыптауға тек аға сұлтан немесе хан пәрмені ғана жүрді. Ал отырықшы егінші, қалалы аймақтар әмір, мың бегі, жүз бегі сияқты жергілікті жүйе бойынша басқарылды.
«Қара сүйек» тұқымына жататын, ерте заманнан біте қайнасып кеткен бидің алатын орны ерекше. Сондықтан бидің институты жалпы мемлекеттің саяси және мәдени өмірінде әрқашан маңызды рөл атқарды. Әрине, қазақ мемлекетін хан басқарды дегенмен хан мемлекеттің ішкі және сыртқы істерін өз кеңесшілерімен, яғни билермен ғана ақылдасып шешіп отырған. Ш. Уалиханов «Суд биев в древней народной форме» атты еңбегінде: «…Возведение в звание бия не обусловливалось у казахов каким-либо формальным выбором со стороны народа и утверждением со стороны правящей народом власти, только глубокие познания судебных обычаев, соединенные с ораторским искусством, давали казахам это почетное звание»,- деп, тайға таңба басқандай етіп жазған. Шынында, би атағын алу үшін қазақ азаматына байлықтың әлде мемлекет басшыларының ешқандай әсері жоқ еді. Биге бұрын ешқандай сайлау да болмайтын. Тек халықтың әдет-ғұрпы мен сот заңдарын терең біліп, оны өзінің шешендік өнерімен көпшілік алдында сынға түсетін адамды аса құрметті «би» атағы дәрежесіне жеткізетін. Өзінің тума біткен талантымен, қарапайым халықтан талай майталман билерді өмірдің өзі дүниеге әкелді. Мысалы, қалың қаржас ішінен шыққан Шорман би он үш жасында, Есет Көтібарұлы жиырма жасында дүйім жұртты аузына қаратқан би атанып еді. Міне, осы аз мысалдардың өзі Қазақ мемлекетіндегі, хан өкіметіндегі билер орнын, би институтының ғасырлар бойғы қалыптасқан үлкен дәстүр, яғни халық даналығын көрсетеді. Патшалық Ресей өкіметі Қазақстан жерін түгелдей иеленіп, халқын бұратала тізе бүктіріп отарлау үшін қоғамдағы би институтын және оның ерекше орнын жан-жақты зерттеді. Себебі би институтын құртпайынша қазақ халқын түгелдей айтқанына жүргізуге болмайтынын жақсы түсінді. Осынау берік дәстүрді – би институтын түп тамырымен құрту керек болды.
Сонау 1820 жылдары белгілі зерттеуші Д. Самоквасов қазақ қоғамындағы би орнын жан-жақты зерттеп: «Звание бия в сознании народном принадлежит тем немногим, которые с природным даром красноречия соединяют в себе глубокие познания в коренных обычаях народа и в исторических о них преданиях»,- деп жазған.
Сонымен, әкімшілік тұрғысынан ұлыстан кейінгі бөлініс — ру-тайпалық болды, оларды ру басшылары немесе билер басқарды. Билердің артықшылықты жағдайы бәрінен бұрын құқықтық реттеудің, әкімшіліктік және әскери биліктің үлкен қоғамдық мәнімен айқындалды. Олар сұлтандармен қатар саяси рөл мәніндегі қызмет атқарды, ру басшылары ретінде жалпы мемлекеттік істерді шешуде қатысып отырды. Өте беделді билер хан маңындағы билер кеңесінде болды.
Әлеуметтік тобының үлкен беделі мен саяси ықпалы болған әскери көсемдер – батырлар болды. «Батыр» атағы мұрагерлік сипатта болмады, оны әркім жеке басының ерлігімен алып отырды. Қазақ қоғамының әскерибасқару құрылымының үлкен рөл атқаруымен батырлар зор билік ықпалымен анықталды.
«Қара сүйек» тобының неғұрлым көп санды қауымын құрған барлық буындарда әлеуметтік-реттеушілік жұмыстарды жүзеге асырған ағамандар болды. Түбінде «ақсақал» терминімен белгіленетін ағаман атағын қазақтарда мал бағудан жан-жақты білімі мен бай тәжірибесі бар адамдар ала алды. Мал шаруашылығы жағдайында мұндай қасиеттер міндетті түрде аса маңызды факторға айналды. Сондықтан дәл осы экономикалық жағынан билік құрып, ауылдық аумақта барлық салаларына белсенді болған ағамандық заңды құбылыс болды. Ағаман ақсақалдар өз кезегінде қазақ қоғамының бүкіл әлеуметтік жіктелу жүйесінің негізін құрды.
Мүліктік қатынастар жүйесінде орын алған келесі қабаттар (страттар) байлар мен кедейлер құрды. Байлар ерекше «сословие» қатарына қосылмаса да, қоғамның сан алуан қабатын құрды. Мысалы, жиһанкез Ибн Рузбихан мынадай дерек береді: «бай қазақтар өз иеліктерінде ондаған үйлі-арбалар, жүздеген түйелер, бірнеше он мыңнан асатын қойлар мен 15, 18 немесе 26 мыңдай табын жылқылары болды», — десе, енді бір жерінде «Қазақтар өте бай келеді, тіпті кедейдің өзінде мыңдаған отар қойлар, жылқылар және өгіздер болды»,-дейді. Байлық адамның әлеуметтік мәртебенің көтерілуіне ықпал етті және қоғамдық қызметке араласуына жол ашық болды. Байлардың орны шыққан тегі мен рудың рөлі арқылы анықталатын. Сонымен қатар, қоғамда мүліксіз — бірақ аса белгілі сұлтандар, кедей — бірақ өте беделді билер, батырлар да кездесетін.
Ерікті қауымдастармен қатар қазақ қоғамында тәуелді топты құрайтын құлдар да болды. Құлдар көбінесе тұтқынға алынған адамдар мен құл саудасынан толтырылып отырды. Құлдар негізінен жеке үй шаруашылығында пайдаланылды, олар иелерінің малына қарады, егістіктерін өңдеді, үй шаруасын істеді.
Қазақ хандығында мұрагерлік сипатта ауысатын жер иелену түрі сойургал болды. Салық түрлеріне: малшылар — зәкет, соғым, сыбаға, сыйлық; егіншілер мен қолөнершілер – баж, ұшыр, хараж; қоғамдық жұмыста міндетін атқаратын — мардикар жатты. Әскерді қамтамасыз ететін салық түрі тағар болса, оларды қабылдау – қоналғы, әулеттілерді қабылдау түрі – жамылғы болды. Мұсылман дін иелері вакфтік жер иелену түрімен қамтамасыз етілді.
ХV-ХVІІ ғғ. қазақтардың шаруашылық саласы ретінде тарихи қалыптасқан үш негізі болды: біріншісі – көшпелі мал шаруашылығы; екіншісі – отырықшы егін шаруашылығы; үшіншісі – қол өнер кісібі мен сауда-саттық. Олардың бастысы мал шаруашылығы. Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе және аз мөлшерде сиыр өсірді. Өндірістің формасы ретінде шаруашылық басқару тәсілі жайылымдарды маусымға қарай пайдалану тәртібі қалыптасты, төрт маусымның төрт қонысы болды. Бұлар: жазғы жайлау, қысқы қыстау, көктемгі көктеу, күзгі күздеу. Ал әрбір ру осыған сәйкес белгілі бір жағрафиялық жер көлемі шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Мал шаруашылығын жүргізудің өндірістік машық дәстүрлерін сақтап қана қоймай, оны үнемі жетілдіру тәжірибесін жинақтау да қосарлана жүрді. Әсіресе, малды сумен қамтамасыз етуде қазақтар әлем мәдениетіне үлкен үлес қосты. Далалық аймақтарда, ұжымдық еңбектің нәтижесінде бұл мәселені шешуге ерекше мән берген. Шөлді аудандарда, терендігі 3-10 метрден 100 метрге дейін жететін арнайы құдықтар қазылған. Зерттеушілеріміз Н.Масанов, М.Тұрсынов т.б. дәлелдегеніндей, жыл сайын әрбір ру өзінің жаз жайлайтын жұртына келгенде бірінші шешетін мәселе – ескі жабылып қалған құдықтарды аршып, сонымен қатар жаңа құдықтар қазу болатын. Міне, сондықтан да қазақтарға өзендердің бойын ғана қуалап көшіп-қонып жүру міндетті болмады. Малдың түліктік құрамы — шаруашылықтағы белгілі бір түліктің маңызына, сауданың қажетіне, жайылымдардың ерекшілігі мен кеңдігіне және жергілікті малдың оған бейімділігіне қарай анықталды. «Бұл халықтың байлығы мен дәулеті басқадан да гөрі жылқысы мен қойының көптігінде. Қай салада болсын, қажетті де, пайдалы малымен осы ордадан басым басқа халық бар деуге келе қоймас», — деп орыс патшалығының зерттеушісі П.С.Паллас жазып еді. Исі қазақ атауына аңшылық кәсібі таңсық дүние еді. Аң-құс аулаудың ата тәсілдері мен құрал-саймандары өмір сүру заңдылықтарын бақылаған халық тәжірибесінен туылды. Бұлардың көбі көне заманнан келе жатқан: ор қазу, қақпан құру, тор жаю, атқы қою, түрлі тұзақтар құру, садақпен ату, қуалап соғу, ау салу, ит жүгірту, құс салу әдістері еді.
Көшпелі малшылар үй кәсібімен, негізінен алғанда мал шаруашылығы шикізаттарын өңдеумен айналысты. Қазақтар жүн мен теріні ұқсату ісін өте жақсы білді. Қой жүнінен текемет пен киіз үйдің киіздері басылды. Сапасы неғұрлым жақсы жүннен кілем тоқылды. Түйе жүнінен орыс шұғасы сияқты тығыз мата тоқылды. Жылқының қылынан жіп пен арқан есілді. Иленген теріден аяқ киім, киім, ыдыс тігілді, ат әбзелдерін т.б. әзірленді. Қойдың құйрық майы мен әртүрлі иіс беретін шөптердің күлінен сабын қайнатты. Үй кәсібінің жоғары дамыған туралы деректер баршылық, мәселен, өз зерттеулерінде академик В.В.Бартольд көптеген мәліметтер келтіреді. Соның бірі ретінде Лейден университетінің кітапханасында сақталған еңбегінің үзіндісін келтіруге болады: «Олар кафтанды (камзол) қойдың терісінен дайындап оны әртүрлі бояумен бояйды, сол кезде атлас тәрізді кейіп алады. Осы бұйымын Бұхараға әкеліп атластан жасаған кафтанның бағасымен сатады, өйткені ол өте әдемі және биязы келеді. Оларда сол қойдың терісінен жасаған керемет көзқызарлық шекпендері бар, ол суды өткізбейді және сызылғалдан қорықпайды. Себебі сол жақта өсетін шөптердің қасиетіне байланысты теріні илеуде шебер қолданады». Теріні дайындау технологиясы жайлы мәліметтерді сондай-ақ П.Паллас пен А.Левшиннің еңбектерінен де табуға болады: «Қазақтар терілерді былайша өңдейді: әуелі теріден жүнін қырқып, су бүркейді де, шиыршықтап, орап, жүннің түбі жидігенше жылы жерге тастайды, содан соң өтпейтін пышақпен қырнайды, ал қырналған теріні кептіріп қояды, содан кейін тұщы сүтке, ал тері қалың болса, ащытылған сүтке салып қойып, төрт тәулік сайын қырнап отырады. Ақырында көлеңке жерде кептіреді, әбден жұмсарғанша қолмен уқалайды және аяқпен басады, содан соң ыстап тағы уқалайды, ақырында қызғылт сары бояумен бояйды. Оны қазақтар қоянсүйек деп аталатын шөптің суына ашытып, қайнатылған тұнбасынан дайындайды. Бояуды теріге екі жағынан бірнеше рет жағып, әрбір жолы кептіріп отырады. Мұндай теріні жиі жууға болады, олар өзінің қызыл сары түсін сақтайды», — деген еді.
Қазақтың қолөнерінде жете дамыған түрлерінің бірі зергерлік ерекше орын алады. Бұл өнердің түп тамыры тереңде жатыр. Бабаларымыз кең байтақ жерінен алтын, күміс, мыс, қалайы, қорғасын сияқты металдарды өндіріп, соларды құю, соғу, қалыпқа салу арқылы еңбек құралдарын, әшекей бұйымдарды, тұрмыста қажетті заттарды жасаған. Археологиялық зерттеу нәтижелері де осыны дәлелдейді. Қазақтар зергерлік өнерде металды көркемдік өңдеудің әр түрлі техникалық әдістерін қолданған: соғу, құю, қалыптау, оюлау, өрнектеу, зерлеу, күміске қақтау, алтын жалату, тағы басқалар. Күмістен шеберлер әр-алуан бұйымдар жасаған. Бұлардың ішінде әйелдерге арналған әшекейлер, сырт киімнің түймелері, киіз үйдің керегесін, уық, шаңырағын, есігін зерлеу, қару-жарақ, ер тұрманды әшекейлеу.
Зергерлік – атадан балаға мирас болған, қадірлі, қастерлі өнер. Ұсталар, зергерлер әр түрлі құрал-саймандардың көмегімен темірден түйін түйеді. Зергерлік бұйымдар жасау үшін ең әуелі ұстаның шеберханасында көрік болуы керек. Көрік — әр түрлі металды қыздырып балқыту үшін қолданатын ешкінің терісінен жасалған ауа үргіш құрал. Тобылғы, сексеуіл, қарағай шоғына су сеуіп, сөндіріп, әр шебер өзіне қажет мөлшерде ағаш көмірін даярлаған. Қос көрікті пайдалану тәжірибесі де болған. Зергерлік өнерде қолданған саймандар: балға, төс, қысқыш, оқбақыр, қауашақ, шымшуыр, үгіндірік, шекіме, іскенже, күйентелі таразы, саусақ қалып, сымтартқыш, қалып, нақыш салғыштар, түртпе, бізбілдік, түтік, қадаубас, қайшы және т.б.
Балға – ұста зергерлік әдістерді атқару үшін қолданатын құрал. Балғаның шой балға, мүйіз балға, қол балға, ағаш балға, шың балға, қадау балға, тағы басқа түрлері болған. Төс – шойыннан, шар болаттан жасалған, ағаш тұғырға қондырылған құрал. Төске салып соғу, ию, кесу, шабу, тесу, шыңдау, қақтау, пісіру, бұрау сияқты түрлі әдістермен, әр түрлі металды қыздырып, немесе суық күйінде өңдеген. Төстің құстұмсық төс, домалақ төс, шың төс деген түрлері болған. Қысқыш – отқа қызған металды ұстайтын құрал. Қысқыштың «жадағай таңдай», «қуыс тұмсық», «біз тұмсық», «кемпір ауы» деген түрлері болған. Оқбақыр – темірден, саз балшықтан жасалатын, сол жақ ернеуі сүйірлеу келген, су ағары бар, қорғасын, қола, үре күміс, алтын қорытатын тұтқалы ыдыс. Қауашақ – жұқа қаңылтыр немесе саз балшықтан жасалған науа тәріздес ыдыс. Қауашаққа металды құйып, суыған соң шығарып алып, әрі қарай өңдеген. Шымшуыр – металды дәнекерлеген кезде қысып ұстайтын көмекші құрал. Үгіндірік – көмірді жинақтап көсеуге арналған құрал. Шекіме – асыл болаттан соғылған, екі жүзі шапқы тәрізді балға. Қақталған күмісті жалату үшін темірге шекіп, бедер салатын құрал. Іскенже – ұсақ заттарды кепсерді егеген кезде қысып ұстайтын шағын ағаш атауыз. Күйентелі таразы – бағалы металды, химиялық қоспаларды өлшейтін зергер таразысы. Саусақ қалып – сақина, жүзіктің бауырын түзетуге арналған, бір жағы сүйір болаттан жасалған сайман. Сымтартқыш– алтыннан, күмістен зер жасау үшін, яғни өте жіңішке сым дайындау үшін керекті аспап. Қалып – ұшында бедерлі өрнегі бар болат таяқша сым. Қақталған жұқа күмісті қорғасынға төсеп, үстіне қалыпты қойып, батыра соқса күміске қалыптағы бедерлі өрнек түседі. Қалыптар түріне қарай сырға қалып, күмбез қалып, үкі аяқ қалып, шайшық, жұлдызша болып бөлінеді. Нақыш салғыштар – ұзындығы 8-12 см келетін, ұшы жарты ай, жұлдызша, дөңгелек сияқты әртүрлі үлгіде қайралған болат таяқшалар. Түртпе – шапқы тәрізді, ұшы қиғаш қайырылған, балғамен қуалай соғып, металл бетіне түзу, қисық сызықтар түсіруге, жазу, сызуға қолайлы құрал. Бізбілдік – безеу біз, кейде мыңырғақ деп атайды. Ұшы қашау тәрізді қайырылған болат біз. Металға батыра, ырғай отырып өрнектің өресін толтыруға арналған аспап. Түтік – нәзік сымды дәнекерлеген кезде шоқты ауызбен үрлейтін конус тәрізді жез түтікше. Қадаубас – ұстаның қызған немесе отқа салып қыздырған темірді ұстауына пайдаланылатын тар ауызды қысқыш. Қайшы – қаңылтыр, қақталған күміс кесетін құрал. Жоғарыда аталған құрал – саймандарға қосымша егеу, мәймөңке, мәстерім, шапқы қолданған. Зергерлік өнерде пайдаланылған қоспалар – мүсәтір, ашудас, күкірт, ақ дәнекер, тотыяйын, қышқылдар. Ал жиі қолданылатын тәсілдардің бірі – дәнекерлеу. Дәнекерлеу дегеніміз – металл бұйымдардың бөліктерін, ұштарын бір-біріне балқыған металл немесе металдың қоспасы арқылы жымдастыру.
Қазақтар ішінде ағашшылық қолөнері де өріс алды. Үй ағашы, арба-шана, төсек-аяқ, жүкаяқ, кебеже, ер, келі-келсап, шелек, тегене, астау, табақ, ожау, шөміш, саптыаяқ, қасық-қалақ жасады. Пищулина К.А. «Қазақ хандығы» атты еңбегінде: «Қазақтарда жүн мен тері бұйымдарын өңдеу, ағаш өңдеу, ұсталық және құрылыс ісі едәуір өркендеді»,- деген мәліметтерді дәйекті түрде келтіріп берген.
Қазақтардың шаруашылық өмірі сондай-ақ отырықшылықты егіншілік пен қала шаруашылығының тұрақты байланысы ретінде көрініс тапты. Ежелгі егіншілік мәдениет ошағы – Талас, Шу, Жетісу, Зайсан шұңқыры мен Сырдария өңірі болды. Сырдария өңіріндегі егіншілік жайлы Тәуке ханның ордасына барған орыс елшісі В.Кобяков былай деп еске алады: «Ал Тәуке ханда астықтан бидай, арпа, тары көп шығады, күздік және жаздық бидай егеді». Орталық және Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдардың өсірілетіні туралы Н.П.Рычков пен И.Г.Андреев жазған болатын, онда: «Қазақтардың егістігінде бидай, тары, арпа және мақта өсіреді»,-деді. Аталған аймақтарда дәстүрлі егін шаруашылығы үздіксіз өркендеп отырды, суармалы жүйе жақсы жолға қойылды.
Қала мәдениеті мен қала шаруашылығы қазақ қоғамының ажыратылмайтын белгісі болды және тұрақты өзара әрекеттестік қарымқатынас жағдайында өмір сүрді. Қазақ хандығының құрамына қосылған Жетісу мен Сырдария бойындағы қалалық өмір дамуын жалғастырды, олар: Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сығанақ, Аркөк, Сауран, Аққорған, Құтжан, Ташкент, Құмкент және басқа қалалар еді. Бұл қалалардың ішінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының тұрақты астанасы болды, қазақ хандары Ақ сарайда (Қожа Ахмет Иассауи) отырып ел биледі. Бұл қалалар — мәдениет пен экономика орталығы болды, қазақ халқы үшін көп жақты рөл атқарды. Мәселен, Түркістан қолөнер мен сауда, ірі егіншілік, сондай-ақ басты діни орталық болды. Қалалардың қай-қайсысы болмасын сауда және қолөнер кәсібі орталығы болып қалыптасты, дамыған суармалы егіншілігі бар көлемді егіншілікті ауданның орталығы болды, көрнекті архитектуралық ғимараттар мен саяжайдың орналастырылуымен ерекше құрылыс көрінісін табуға болады.
Қазақтардың өмірінде сауда орасан зор рөл атқарды, көрші елдермен белсенді сауда жүргізді. Шығыс пен Батыстың арасындағы саудада кепілдік рөлін де атқарды. Сонымен, ХV-ХVІІ ғғ. Қазақстанның қоғамдық өмірі өткен кезеңдегі мәдениеттің барлық ерекшеліктерін бойына сіңірді. Солай бола тұра, оның өзіндік болмысы жасалып, әлеуметтік және шаруашылық өмірінде көрініс тапты. Тіпті, ұлттық киімінде — этникалық, экономикалық және климаттық жағдайларына байланысты ежелгі дәстүрлер жалғасын табады. Мәселен, киімдер шұға, жүн және жібек маталардан, киіз бен теріден дайындалды. Қазақтарда құланның, киіктің және жолбарыстың терілері, кұндыздың, бұлғынның, күзеннің терілері ерекше бағалы болды. Бағалы аңдардың терісінен тігілген тондар «ішік» деп аталды және қаптамасы бойынша: жібекпен капталған тон — «бас тон», көк шұғамен капталғаны — «көк тон», парчамен капталғаны — «барша тон» деп бөлінді.