Тәуке хан билікке келісімен Қазақ хандығындағы ішкі тартысты тоқтатып, бірлікті күшейтуге барын салғаны мәлім. Қазақ қоғамының сол кездегі қажеттілігін қанағаттандыратын заң жобасының керектігі, бұрыннан болған құқықтық нормаларды жүйелеу арқылы оларға мәнді өзгеріс енгізіп, толықтыру әрекеттері дүниеге «Жеті Жарғы» заңын әкеледі. «Тәуке заңы» немесе «Жеті Жарғы» деп аталатын заң жинағы бізге толық күйінде жеткен жоқ. Заң жинағының кейбір баптары ХІХ ғасырдағы қазақ билерінің сөздерінен жазылынып алынған үзінді жазбалар арқылы ғана жетті. Сондайақ, П. Маковецкий (П. Маковецкий. Материалы для изучения юридических обычаев киргизов. вып.1, Омск, 1886), Д. Самаквасов (Д. Самаквасов. Сборник обычного права Сибирских инородцев. Варшава, 1876), Н. Гродеков (Киргизы и кара-киргизы Сыр-Даринской области. т.1, Юридический быт. Ташкент, 1889) және А. Левшиннің (А. Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз- каисацких орд и степей. Ч.З. Спб, 1832) еңбектерінде азды-көпті сөз етіледі.
Тәукенің толық есімі – Тәуекел-Мұхаммед Батыр-хан. Әз Тәукенің атабабасы, оның туып өскен жерлері туралы Шәкәрімнің, Мұхаметжан Тынышпаевтың, Әлихан Бөкейхановтың шежірелерінде беріледі. Жазушы Қ.
Салғараұлы Тәуке ханның тегін былайша таратады: Шыңғыс хан – Жошы –
Тоқа Темір –Үз Темір – Қожа – Бәдік – Орыс хан, Орыстан бес ұл: Тоқтақия, Құтылығ-Бұға, Тұғылық-Болат, Құйыршақ, Тоқта-Болат. Осының Құйыршағынан Тәңірберді, Иагужақ, Болат. Осы Болаттан Керей туады. Жәнібек болса Орыстың баласы – Құтылығ-Бұғадан – Құтужақ – Барақтан тарайды. Жәнібектен – Қасым хан – Жәдік – Шығай хан – Тәуекелхан – Есім хан – Жәңгір хан, оның екі баласының бірі осы Әз Тәуке, екіншісі Уәли. Тәукенің билік құрған уақытын әрбір зерттеуде әр түрлі айтады. Соның ішіндегі басым түсетіні – 1680-1718 жылдар. Төл тарихымыз туралы жазба деректер шамалы. Сондықтан да, аңыз, дастан, халық арасында сақталған жырларды зерттей отырып, салыстырмалы түрде көптеген шындыққа қол жеткізуге болады.
Әз Тәукенің хандықты басқарудағы ішкі саяси бағыты, қол астындағы әлеуметтік топтар және олардың өзара қарым – қатынастары қандай болды?
Тәукенің басқа хандардан айырмашылығы айналасында төре – сұлтандардан гөрі халық арасынан шыққан әділ, беделді жандарды жинаған. Бұл туралы көптеген аңыздар сақталған. Билер сот қызметінен бастап жүз басшысына дейінгі, қажет болса елшілік қызметін де атқарып отырды. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек және тағы басқа билердің елші болып барғаны баршаға аян. Әз Тәуке айналасына беделді, от ауыз, орақ тілді шешен билерді жинап, ел, мемлекет мәселесін шешуде кеңесіп отырған. Тәукенің саяси бірлікті нығайту бағытында билер кеңесінің маңызы ерекше болды. Билер кеңесіне тұрақты күші бар, кеңесші мәртебесі берілді. Билер кеңесінің шешімімен хан міндетті түрде санасқан. Билер кеңесі заң шығарушы міндетін де атқарды. Сот істерін жеке билер шеше алмаған жағдайда, осы билер кеңесі немесе хан қарайтын болған.
Тәуке ханның заманында билер кеңесімен қатар «халық жиналысы» өткізіліп тұрған. Ол орыс деректерінде «старшындар жиналысы» делінеді (И. Гаполлова. Присоединение Казахстана к россии. А-А. 1948, 121-стр). Орыс елшілері Скибин мен Трошин, Кобяков мәліметтерінде: «20-желтоқсанда (1693) Тәуке хан Қазақ ордасының игі жақсыларын жинады», енді бірде олар: «Тәуке ханға Түркістанның ұлыстарынан қожа мен қазақтар келіп, Ресей туралы айтты»,- деп хабарлайды. Халық жиналысы төтенше жағдайда ғана емес, сыртқы саяси мәселелерді шешу мақсатында да шақырылып отырған. Тәуке тұрақты күздік жиылыс бекітеді. Бұл туралы оның заңында былай делінген: «Хан, басқа сұлтан, ақсақалдар, ру басылары тең халық ісін шешу үшін күзде жиналуы қажет және мұнда қару жасанып келуге міндетті» (А. Левшин. Описание киргиз-казачьих орд и степей. СПБ, 1832, ч.3. стр. 177). Басқару жүйесінде білікті билер мен батырларды таңдап, оларды қасына топтастыра білген Тәукені орыс тарихшысы А. И. Левшин «Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен» теңеген еді.
Сонымен, Тәуке хан «Жеті Жарғы» заңы арқылы ішкі тартысты жою мақсатында ел басқару ісін, заң шығару тұтқасын билерге беріп, ұсақ хандар мен сұлтандардың саяси ықпалын тежеуге тырысады. Жыл сайын Күлтөбеде (Ташкент маңы) үш жүздің басын қосқан жиналыс (құрылтай) шақырылуы тиіс болған. Хан кеңесі, билер кеңесі мемлекеттік тұрақты құрылымға айналады. «Жеті Жарғы» заңында ел дауын шешудегі билер кеңесінің құқығының қорғалуын, сақталуын қатты қадалаған.
«Жеті Жарғы» баптары мейлінше нақты. Мәселен, кісі өлтіргендер үшін «қанға қан, жанға жан алу» ұстанымы сақталады. Кейбір жағдайларда өлім жазасын соттың келісімімен құн төлеумен ауыстыруға болады. Бұл – осы заң жобасының тарихи прогрестік маңызын айқындайтын бап. Құн қылмыстының өзінен немесе ру мүшелерінен алынады. Кісінің денесіне жарақат түсірген болса, құн төлеуге тиіс болады. «Жеті Жарғыда» әйелдер құқы шариғат ережелеріне сүйенеді. Қыз-келіншекті зорлау, алып қашу өлім жазасымен теңестіріледі.
Осы заң бойынша әкенің билігі баянды етіледі. Ол – қамқоршы, сондықтан оның ризалығын алмай, отбасының кез келген мүшесі ешбір шешім қабылдамайды. Әкесіне немесе шешесіне қол көтеріп, балағаттаған баланы қара сиырға отырғызып, ауыл іші аралатып, қамшымен соққан. Бір себеппен (аңдаусызда) баласын өлтіргені үшін ата-анасы ешқандай жаза алмайды. Бірақ некесіз туылған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі.
Мал мен мүлікті ұрлау қатаң жазаға тартылады. Ұрлығы ашылған кісі ұрлап алғанын тоғыз есе етіп қайтару керек. Өзін-өзі өлтіргендерді заң бойынша бөлек жерге жерлейді. Жеті атадан аспай үйленуге өлім жазасы кесіледі. Құдайға тіл тигізген кісі жеті адамның куәлігі арқылы анықталса, таспен ұрып өлтіріледі. Христиан дінін қабылдағандарды мал-мүлкінен айырады. Әрбір соғысқа жарайтын еркек бес қарусыз жүрсе, оған да айып салынады. Бұл жаугершілік заманда кешірілмес күнә саналған. «Жеті Жарғы» бойынша арнайы мал-мүлікке таңба белгілейді және салық түрлері (аманаттық салық, ру басыларының борышын төлеу, хандық билік, қаружарақ) белгіленеді. Заң құқық ережелерінің жеке салаларын (қылмыстық, азаматтық, басқару) да қамтыған.
Сонымен, «қазақ заңы» діннің орнын, салық түрлерін, жалпы тұрмыс жағдайын реттеуге бағытталған Қазақ хандығының ерекше тарихи әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының туындысы еді. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын дәл, әділ айырудан шыққан. Қасым ханның жаңадан көтерген жарғысы ел мүддесіне сай келгендіктен, халық бұқарасы оны «қасқа жолы» деп атап кетті. Оған кірген ережелер: мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы. Есім ханның «ескі жолы» деп аталудың себебі, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі жүлгемен жасалған негізгі заң сипатындағы төрт тұғырды айтады. Олар: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын; Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын; Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын; Би болсын, би түсетін үй болсын» деген ережелер. «Жеті Жарғы» — бүгінгі күні айтып жүрген құқықтық мемлекеттің басты белгілерін Әз Тәуке хан өз кезінде қазақ мемлекетінің бүкіл тыныс-тіршілігін заңға бағындырылғаны көрініс тапты. Мемлекеттік институттар: хан кеңесі мен билер кеңесі ел басқару жүйесін қалыптастырды. Ел басқару жүйелері мен қоғамдық тәртіптің негіздері заңдастырылып, олар құқықтық жолмен жүзеге асырылатын болды. Мұсылман діннің қағидаларын халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарымен шебер үйлестіріп, қылмыстық, отбасы және неке туралы баптарды негізгі заңмен ұштастырып берді.
Тәуке хан Қазақ хандығының ішкі мәселелерін ғана шешіп қоймай сыртқы саясатында да көрші елдермен байланыс жасай отырып, экономикалық қарым-қатынас орнатады. Соның ішінде Ресей елімен сауда байланысын жаңарту, Бұхар және Хиуа хандықтарымен бейбіт қарымқатынас жасасу. Ресей мемлекеті өз тарапынан Қазақ Ордасына елшілер жіберіп тұрады. Шекаралық мәселелерді шешу мақсатында 1692 жылы Андрей Неприпасов, Василий Кобяков бастауымен елшілік келеді. Қазақ
Ордасының жағдайымен танысу үшін 1694 жылы Түркістанға Федор Скибин, Матвей Трошин бастаған елшілік жөнелтіледі. 1715 жылы Бухгольц басқарған экспедиция Шығыс Қазақстан мен Алтайға сапар шегеді. 1716 жылы Белоусов бастаған елшілік қазақ жеріне келеді. Елшіліктің мақсаты Қазақ Ордасының жоңғарлармен қатынасы, әскери күш-қуаты, Орта Азия хандықтарының ұстанған бағыты, ішкі жағдайы, тағы басқа жәйттерді біліп қайту еді.
Қазақ хандығының шығысында орналасқан жоңғар мемлекетінде СеванРабтанның (1697-1727) билікке келуі қазақ-жоңғар қатынастарын одан сайын шиеленістіреді. Осы кезеңнен бастап жоңғарлардың қазақ даласына шапқыншылығы үдей түседі. Тәуке хан билік құрған кезде қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ жоңғар шапқыншылығына тосқауыл болады. Бұл одаққа қарақалпақтардың бір бөлігі де енеді. Тәуке тұсында 1698, 1711-1712, 1714, 1717-1718 жылдары жоңғарлармен елеулі қақтығыстар болады. Қазақ әскерлері бірнеше рет жеңіске жеткенімен, жоңғарлар қазақ жерін толықтай босатпайды. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң, оның орнына отырған баласы Болат хан билікті орнымен пайдаланып, халықтың басын біріктіре алмайды. Бұл жағдай Қазақ хандығының саяси жағынан бөлшектеніп, әр жүз хандарының жеке дара билік құруына әкеп соқтырады. Осылайша Қазақ хандығының орнына, Қазақ хандықтарының тарихы басталады.