Қазақ Хандығы ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін біртұтас мемлекет болып, Дешті Қыпшақ пен Мәуреннахрдағы қуатты елдің біріне айнала бастайды. Дәл осы дәуір Қазақ Хандығының территориясы жағынан кеңею, халқының саны жағынан өсу, мемлекеттілік тұрғыдан нығаю кезеңі болды. Сонымен бірге, Қазақ хандығының нығаю процесінде ерекше рөл атқарған тарихи тұлғалардың – Бұрындық, Қасым хандардың, Әдік, Қамбар, Махмұт, Жиренше және т.б. сұлтандардың іс-әрекеттері, олардың қосқан үлестері мейлінше зор болды. ХV соңғы – ХVІ ғасырдың алғашқы жылдары Дешті Қыпшақтың, Жетісудың және Мәуреннахрдың саяси картасына елеулі өзгерістер енеді. Мәуреннахрдағы Ақсақ Темір әулеттері билеген біртұтас мемлекет ХV ғасыр соңына таман үш тәуелсіз иелікке бөлініп, өзара соғыстар нәтижесінде ХVІ ғасырдың алғашқы жылы-ақ өмір сүруін тоқтатады. Сондай-ақ, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы Моғол хандығы ХV ғасырдың 90-жылдары екіге бөлініп, ХVІ ғасырдың басында Моғол хандарының билігі Жетісуға жүрмейтін болды. Керісінше, осы кезең, Қазақ хандығы үшін сәтті жылдар болып, ол — кеңейіп, нығая түседі.
Керейден кейін ресми түрде қазақтың ханы Бұрындық болады. Жәнібек хан әулеттері Жәнібектің үлгісімен Бұрындыққа бағынды. Бұрындық хан билік еткен кезде қазақтардың саяси орталығы Сарайшық (Батыс Қазақстан) қаласы болады. Ал Жәнібектің ұлдарының ұлысы Мәуреннахрмен шекаралас территорияда болғандығын хабарлайтын мәлімет Исфаханидің «Михман наме-й Бұхара» еңбегінде бар. Деректер, біріншіден — қазақ қоғамында әкімшілік-территориялық ұйымының негізінде ұлыстық жүйе жатқандығын көрсетсе; екіншіден – билеушілер арасында жасырын қайшылықтың болғандығын байқатады, олар Бұрындық тобы және Жәнібек тобы. Шынайы келгенде Бұрындық қарсы топтың күшеюінен сескеніп, оларға қарсы ісәрекеттер жүргізе бастайды. Бірақ та, Бұрындық ханның жоспары іске аспайды, ХVІ ғ. басындағы оқиғаларда екі топтың арасы бірте-бірте ашылып, нәтижесінде хандықтағы саяси билікке екінші топ өкілдері келеді. Осы мәселені шешу үшін, Қазақ хандығының ХV ғасырдың соңындағы территориясының Сыр бойы есебінен кеңеюіне тоқталайық. Түркістан аймағы үшін болған 1490-1495 жылдардағы ұрыстардың негізгі ауыртпалығын Жәнібектің ұлдары – Жиренше, Қамбар, Махмұт, Қасым, Әдік сұлтандар көтереді. Бұл факт ХV ғасыр соңында Түркістан аймағы және оған іргелес Дешті Қыпшақтың далалық жерлері Жәнібек хан ұрпақтарының ұлысы болғандығын көрсетеді. Осыдан шығатын қорытынды мынадай дәйекке келеді: біріншіден – Бұрындық осы соғысқа Жәнібек ұрпақтарын тікелей қатыстыру арқылы қарсыластарын әлсірету еді; екіншіден — өзінің болашақ тағын сақтап қалу. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Соғыстың соңына таман Жәнібек хан ұлдарының әлсіремей, қайта күшейе түскендігі байқалады. Олардың ұлысы кеңейіп, нәтижесінде: шаруашылық, әскери, және саяси қуаты өседі. Бұрындық хан үшін бұл жағдайды өзгертудің бірденбір жолы Шайбани ханмен келісімге келу еді, кешегі «ата жауымен» одақтасуға мәжбүр болады.
ХVІ ғасырдың басында оқиға күрт өзгереді. Шайбани хан Мәуреннахрда билікке келеді, Моғолстан толық күйрейді. Сондай-ақ, Шайбани ханның 1504-1511 жылдардағы Қазақ хандығына қарсы жасаған төрт жорығында Бұрындық хан дәрменсіздігін танытып, бірте-бірте саяси жолдан кете бастайды. Ал екінші топ сол кездегі ішкі-сыртқы өміріне белсене араласып, халық алдында үлкен беделге ие болады. Осы кезден бастап, Қазақ хандығында Жәнібек ханның ұлдары билікке келіп, Қазақ хандығы құлағанға дейін хандық құрады. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде Қасым ханның билікке келуі туралы: «Оның қуатының өскендігі соншалық, Бұрындық ханды қуып жіберді. Бұрындық хан Самарқанға кетіп, сол жақта қайтыс болды», — деп баяндайды.
Қасым ханның билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының қуаты мен күші туралы мәліметтер алыс елдерге тарайды. Мәскеу патшалығында Қазақ хандығы туралы материалдар жиналса, Иранда Қазақ хандығын 1512 жылғы оқиғаларға байланысты «Қазақстан» деп атай бастайды. Сонымен, осы ішкі саяси өмірдегі таластар Қазақ хандығының күшеюі мен нығаюын арттырып, мемлекеттік тұрғыда әлемге танымал болды.
Қазақ хандығына жасаған жорықтан жеңіліп қайтқан Мұхаммед Шайбани (1510), Иран шахы жасаған соғыста (Мерві түбіндегі Хорасандағы шайқас) қаза болады. Әскерлері жеңіледі. Қасым хан (1511-1521) осы оқиғаны ұтымды пайдаланып, Оңтүстік Қазақстанда билігін нығайта бастайды. 1513 жылы Сайрам қаласын Қазақ хандығына қосып алады. Қасым Моғолстанның ханы Сұлтан Саидпен достық қарым-қатынасын жасасып тұрады. 1514 жылы Сұлтан Саид Қашқарияға кетіп сол жерде жаңа мемлекетін құрады. Бұл қазақ ханының Жетісудағы билігінің нығая түсуіне себеп болады. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасының дағдарысын бастарынан кешірген ру мен тайпалар топтары көшіп келеді. Сөйтіп, хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдария алабын қамтысcа, оңтүстік-шығыстағы Жетісу жерінің біраз дені кіреді, Солтүстік және солтүстік-шығыстағы Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетсе, ал солтүстік-батыста Жайық өзенінің алабы кіреді.
Біртіндеп Қазақ хандығы сыртқы саясатында халықаралық қатынасты да ойдағыдай шешіп отырды. Алғашқы болып елшілік байланысты орнатқан ұлы кінәз Василий ІІІ тұсындағы (1505-1533) Мәскеу мемлекеті. Сол кезде қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға да әйгілі болды. Австрия елшісі Сигизмунт Герберштейн де өзінің жазбаларында бұл жайтты баяндайды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Осы кезде оның қол астына қараған халықтың саны бір миллион адамға жеткен»,- деп баяндайды. Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейткен Қасым хан туралы көптеген деректемелер: «қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген»,- деп баяндайды.
Қасым хан алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Көшпелі өркениетке үйлесімді құрастырылған заң болды. Сол үшін, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып, «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Ол хандығын күшейтті, территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің беделін арттырып, атақ-даңқын асыра түсті. Қасым ханнан кейін әкесінің орнына Мамаш — хан болады, көп ұзамай ұрыстардың бірінде ол қайтыс болады. 1523 жылы Қасымның немере інісі Таһир (1523-1533) — хан болды. Сыртқы саясатында олақтық, қол астындағыларына қатал, ықпал-беделінен жұрдай болған Таһир хан өз жұртында бүлік-ылаң шығарып, Қазақ хандығын әлсіретіп алады. Одақтасы болған Ноғай Ордасы мен Моғолстанмен жауласып, біраз аймақтарынан айырылып қалады. Шайбани әулетімен болған соққы-ұрыстан кейін Сырдария бойы қалаларынан айырылып қалады. Сөйтіп, Қазақ хандығының барлық жеріне билік жүргізе алмаған Таһир хан, соңғы күндерін қырғыздардың жерінде өткізеді.
1533 жылы хандыққа Бұйдаш сайланады. Деректердің мәліметі бойынша, Бұйдаш ханмен қатар Қазақ хандығында Ахмед және Тоғым хандар болғаны белгілі. Қырғыздармен байланыста болған Бұйдаш хан қазақ-қырғыз бірлестігін билеп, Жетісу өңірінде билік құрыпты. Ол Мәуреннахрға жасаған жорығында (1559) қайтыс болады.
Әлсіреген Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында қайта бірігіп, бой көтере дамыған уақыт келеді. Ол ел басқаруда қажырлы қабілеті мен сыртқы саясатында дипломатиялық майталмандығын қолданып, бытыраңқы халқын біріктіріп, үкіметтің билігін нығайтып алады. Сол кезде орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейткен кезі еді, 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын бағындырып алады. Осы жағдайда Ноғай Ордасында тұрақсыздық байқалып, бөліну мен ыдырау сипаты үдей түседі. Ағайынды Ысмағыл мен Жүсіп арасындағы тартыс халқының екі жаққа, бір тобы Мәскеуге қосылуды жақтаса, екінші тобы Қазақ хандығына қосылуды ұйғарады. Осы сәтті пайдаланған Хақназар ноғай ұлыстарының бір бөлігін өз билігіне қаратып, Жайықтың сол жағалауына дейін іргесін кеңейтіп алады. 1569 жылы Ноғай Ордасы мемлекет ретінде өмір сүруден қалады. Шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасының жақындауы, Хақназардың солтүстік-батысқа қарай Қазақ хандығының жер көлемін кеңейту саясатында кедергі болады. Сонда да, оның территорияны біріктіру жолында жасаған жеңісті қадамдары, этникалық тұрғыда «алаш» атанған дала тайпаларын қазақ құрамына біріктіру сәтті аяқталады. Сібірдегі Көшім хан мен Моғол билеушілерден төніп тұрған қауіп және т.б. күрделі жағдайларды есепке алып, Шайбани әулетімен «келіссөзге» келеді. Мұның өзі халықтың шаруашылық өмірінде оңалуына тиімді болады. Бірақ Бұхара ханы Абдолла (1557-1598) мен Ташкент билеушісі Баба сұлтан арасында туған қайшылық, соның салдары ретінде Баба сұлтан астыртын адамын жіберіп 1580 жылы Хақназарды өлтіреді.
Хақназар хан қаза болған соң Жәнібектің немересі Жәдік ұлы Шығай (1580-1582) – хан болды. Бұхара ханы Абдолламен бірлесіп, Баба сұлтанды жеңеді. Сол жорықта Шығай хан қайтыс болады. Қазақ хандығына риза болған Абдолла Орта Азиядан тарту береді. Бірақ Сырдария бойындағы қалаларды қарату мақсатында Қазақ хандығына өзге жолды қарастыру міндеті тұрды. 1582-1598 жылдары хан болып Тәуекел сайланды. Сыртқы саясатындағы басты мақсат оңтүстік қалаларды хандық құрамына қосып алу еді. Осы мақсатта әскери одақ ретінде Мәскеумен жақындаса бастайды. 1583 жылы Шайбани әулетімен жасасқан «келіссөзді» бұзып, Ташкентке шабуыл жасады. Ұзаққа созылған Сырдария қалалары үшін болған соғыс 1598 жылы аяқталады. Сөйтіп, Түркістан аймағы ХІХ ғасырдың басына дейін Қазақ хандығының құрамында болады. Ресейдің Көшім ханға қарсы басталған (1582) жорық 1598 жылы жеңіспен аяқталып, Сібір хандығы жойылады. Жеңілген Көшім хан Орта Азияға қашып құтылады. Оған қарасты кейбір тайпалар қазақ халқының құрамына еніп, Қазақ хандығының территориясы солтүстігінде Сібірге дейін кеңейеді.
«Еңсегей бойлы ер Есім» атаңған Есім хан (1598-1628) Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» атты заңды құрастырды. Мемлекеттің шаруашылық жағын көтеру мақсатында Бұхарамен «бітім» жасасты. Ол кезде Мәуреннахрда Шайбани әулеті құлап, жаңа әулет Аштарханиліктер (1599-1735) билік құрған болатын. Қазақстанның солтүстік аймағын реттеуге кеткен Есім хан, Тұрсын сұлтанға хандығын тапсырып «ант» берісіп уәделескен болатын. Есім ханның жоқтығын пайдаланған Тұрсын сұлтан Есім ханның жұртына әлек салып, билікті өз пайдасына жұмсаған болатын. 1627 жылы ойрат жорығынан оралған Есім хан антты бұзғаны үшін Тұрсынды өлтіреді. Бір деректерде Есім хан 1628 жылы, ендігі мәліметтерде 1645 жылы қайтыс болды дейді.
ХVІІ ғасырдың екінші ширегінен бастап Орталық Азиядағы халықаралық жағдай күрт өзгереді. Көшпелі өркениеттердің өміріне Ресей мен Қытай араласа бастайды. Соның салдарынан басталған екі халықтың (қазақ пен жоңғарлар) қақтығысы 150 жылға дейін созылады. Осыған қарамастан кейбір деректерде Тәуекел мен Есім хандарды қазақ-қалмақ билеушілері деп атайды.
Есімнен кейін оның ұлы Жәңгір – хан болады. Ол тұста Цин империясының ығыстыруынан жоңғарлардың қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түсе бастады. Күшейген ойраттар 1635 жылы төрт тайпадан тұратын (чорос, хошоут, дербет және торғоут) мемлекеттік бірлестігін құрады. Батыр Хұнтайшы бастаған қазақ жеріне жорықтар 1635, 1643, 1652 жылдары болды. Осы жорықтың бірінде Жәңгір хан 600 сарбазымен қарсы шығып, қалмақтың қалың әскерін тоқтатады. Көмекке келген Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырмен қалмақ әскерін қырғынға ұшыратады. Ақыр соңында , 1652 жылы Жәңгір хан қалмақтармен кезекті шайқаста қаза табады.
Жәңгір ханнан кейін Батыр хан билік құрды, бірақ ол туралы ешбір мәлімет сақталмады. Батыр ханнан кейін тақ басына Жәңгір ханның ұлы ӘзТәуке (1680-1718) келді, оның толық аты Тәуекел Мұхаммад Батыр хан еді. Оның кезінде Қазақ хандығы нығайып, жоңғарлардың басқыншылығы бәсеңдеген кез еді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтап дамыту негізінде «Жеті Жарғы» заңын жасады.