Шыңғыс хан мемлекетінің құрылуы
Л.Н.Гумилев зерттеген еңбегінде: «Моңғолдар біздің эаманымыздың І ғасырынан бастап қазіргі Забайкалье мен Моңғолияның солтүстікшығысында, Керулен өзенінің теріскей жағын қоныс еткен»,- деп айтады. Моңғол аңызының баяндауынша, олардың арғы бабасы Бөрте-шино (Көк бөрі) анасы Гоа-марал (Ақ марал) болған екен. Кейін моңғол ел ағалардың бірі Алан-гоаға үйленеді. Күйеуі өлгеннен кейін тапқан үш баласын, шаңырақтан түскен нұрмен байланыстырады. Замандастарының айтуына қарағанда, моңғолдар қаба сақалды, сары шашты, көк көзді, бойшаң халық болыпты. Л.Н.Гумилевтің моңғолдардың түр-кейпіне байланысты келтірген дәйегі: «Еуропа кескіндес антропологиялық нәсілдің Орта Азия мен Сібірдегі іздері жоғарғы палеолиттен бері белгілі де, генетикалық жағынан кроманьон типіне қарай кетеді»,-деп аяқтап, шығыс тармағына жататын үндіеуропа тектес чеш тайпасымен байланыстырады. Сөйтіп, Алан-гоа мен нұрлы жүзді аруақтың ұлы – Боданчар негізгі моңғол руларын құруды бастап береді.
Моңғол тарихшысы Х.Пэрлээ оның туған жылын 970ж. дейді.
ХІІ ғ. аяғы мен ХІІІ ғ. басында моңғол тайпалары көсемдерінің бірі Темучиннің мерейі үстем болып, Орталық Азия тайпаларының басын қосқан құдыретті билеушіге айналды. Ол ноян Есугей бахадүр отбасында кейбір мәліметтер бойынша 1162 жылы, екінші дерек бойынша 1155 жылы Онон өзені бойындағы Делигун-Болдох шатқалында дүниеге келіпті.
Ежелгі моңғол хандығы 1161 жылғы татарлардың шапқыншылығынан бытырап кетсе де, Хабулханның немересі Есугей батыр моңғолдардың тайжиут тайпа бірлестігін басқара отырып, татарларға қарсы күресті жүргізе береді. Татарлар мен меркіттерге қарсы күресте қолдаушысы болсын деген ниетпен Есугей тоғыз жасар Темучиніне қоңырат ханының қызы Бөртені айттырады. Татарлар қулықпен Есугейді уландырып өлтірсе, тайжиуттар оның үй-ішін талан-таражға салып, жесір әйел мен жетім баланы тіршіліктің тауқыметіне тастап кетеді. Моңғол аңызына сүйенсек, Темучиннің әкесі қият руының боржигин тармағынан тарайды, ал шешесі қоңыраттың қызы екен. Әкеден ерте айырылған Темучин жастай көп қиыншылық көріп өсті. Ер жеткен соң сенімді жігіттерден қол жиып, әкесінің иелігін қайтарып алады. Ол оқиға былай өрбіген еді. Айттырылған қалындығы Бөртеге үйленген Темучин қоңыраттардан қолдау табады. Есугеймен дос болған керейт ханына сыйлық тартуымен Темучиннің ықпалы өсе бастайды. Сонымен бірге, ол ықпалды тайпаның батыры Жамуха-сэшэнмен анттасады. Меркіттер шапқыншылық жасап Бөртені алып кеткен кезде Темучин Ванханның көмегімен (керейт, Жамуха) оларды жеңеді. Осы жағдай Темучиннің атағын көтеріп, өз пайдасына жарату ісі басталды, соның нәтижесінде моңғол хандығы құрыла бастайды.
1183-1204 жылдардағы билік үшін күресте қарсыластарын жеңіп, 1206 жылы Онон өзенінің бастауында Темучинді жақтаушы көшпелі билеушілер бас қосқан құрылтайда оны Ұлы хан деп жариялап — Шыңғысхан лауазымын тақты. Оның империясы шығыста – Хинган тауынан, батыста Алтай тауына дейінгі, солтүстікте Байкал көлінен, оңтүстікте Қытай патшалығының шекарасына дейінгі байтақ өңірді алып жатты. Сөйтіп, қуатты Моңғол мемлекеті құрылды. Шыңғысхан құрған мемлекеті әскери-әкімшілік жүйеде ұйымдасты. Мұндай жүйе ғұндар тұсында қалыптасып, түркі дәуірінде жалғасын тапқан болатын. Ұлыс — оң, сол қанат және орталық атты үш әскери-әкімшілік билікке бағынды. Оның өзі оңдық, жүздік, мыңдық, түмен (он мыңдық) болып жіктелетін. Тәртібі қатал, құрылымы берік тұрақты армия және орталықтандырылған үкіметтің далалық дәстүрі құрылды. Ханның ордасын күзететін бесжүз күндізгі және бесжүз түңгі арнайы гвардия құрылды. Мемлекетті құруда еңбек сіңірген 95 ноян тағайындалып, ел аумағы 95 әскери-әкімшілік ауданға бөлінді. «Ұлы Жасақ» деп аталатын заңды енгізді. Ол екі бөлімнен: «Билик» – Шыңғысханның нақыл сөздерінің жинағынан және «Жасақ» – заң баптары жинағынан тұрды.
1207 жылы соғыс қайтадан басталды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы бастаған моңғол әскерлері Оңтүстік Сібірдегі «орман халықтарын» бағындырды. Келесі 1208 жылы қолбасшы Сүбедей Бұқтарма өзені келіп құятын Ертіс алқабында наймандар мен меркіттерді жеңеді. Меркіттердің ханы Тохта сол шайқаста қаза табады, ал қалған елі қыпшақтарға (яғни Қазақстанға) қашып кетеді. Ал найман ханы Күшлік өзінің елімен Жетісуға келіп паналайды. Осы тұста Жетісуда аласапыран мезгіл еді. Шығыс Түркістандағы ұйғырлар, Жетісудағы қарлұқтар мен қаңлылар қарақытайлықтарға бағынышты болатын. Сол кезде қарақытайлықтардың билігі әлсіреп, өз үстемдіктерін қалпына келтіру үшін наймандарды пайдаланды. Саясатты ұғынған Күшлік биліктен Гурханды ығыстырып билікті өз қолына алады. Ол қарлұқтарды, қаңлыларды және ұйғырларды бағындыру мақсатымен жорықтар ұйымдастыра бастайды. Қарлұқ ханы Арслан, ұйғыр Идикуты Барчук-арттегин моңғолдардан көмек сұрап, оларға өз еркімен тәуелді бодан болады.
1211 жылы Жетісуда алғашқы моңғол қосындары пайда болады. Көп кешікпей оларды Шыңғысхан Солтүстік Қытайдағы Цзинь империясымен соғысу үшін шақыртып алады. 1215 жылы Пекин де тізе бүкті. Шыңғысхан уақытша бітім жасасты, өйткені оны кідіртуге болмайтын батыстағы істері күтіп тұрған еді. Шыңғысхан үлкен ұлы Жошыға меркіттерді, сүйікті қолбасшысы Жебе ноянға Күшлік ханды бағындыруды табыстады.
1218 жылы Күшлік хан талқандалып, моңғолдар Жетісуға келеді. Оларды жергілікті халық қуанышпен қарсы алады. Торғай далаларында Жошы меркіттерді талқандады. Осы жерде оған Хорезм шахы Мұхаммед 60 мың әскермен шабуыл жасайды. Хорезмшах әскері қимақ-қыпшақ иеліктеріне қарсы жорыққа аттанған болатын. Хорезмшах пен монғолдардың алғашкы кездесуінде ешкім жеңіске жеткен жоқ еді. Моңғолдар түн жамылып шығысқа шегініп кетеді. Кейінірек моңғол-хорезм қатынастары асқынып, аяғы соғысқа ұласады.