ҚАЗЫҚТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІ

 

 

(Екі перделік драма)

 

Кейіпкерлер:

Жеңіс – қара шал, шаруа адамы, 75 жаста;

Зейнеп – Жеңістің кемпірі, шаруа адамы, 70 жаста;

Дәулеткерей – қария, 85 жаста;

Арман – Жеңістің баласы, 35 жаста;

Аружан – Жеңістің келіні, 30 жаста;

Алдияр – егінші жігіт, 35 жаста;

Индира – Алдиярдың келіншегі, 30 жаста;

Сейіт – әйелінен ажырасқан ер адам, 40 жаста;

Аслан – қаладан келген жігіт, 30 жаста;

Әкім – аудан әкімі, 40 жаста;

Көмекші – әкім көмекшісі, 25 жаста

 

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

(Сахна. Мыжырайған, қабырғасы көнерген, есік-терезесі ескірген  көне үй. Есік алдында шал мен кемпірге арналған екі орындық.

Быжырлаған қазақ радиосынан «Ауылым – әнім» әні орындалып жатады)

 

 

І

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП

 

Ж е ң і с. (есік алдына шығып радио тыңдап тұр) Әй, кемпір! Мынау Мақпал қыз қалай шырқайды, ә? (ыңылдап)

Саған жырдан сый арнағам,

Қиял құсын қуған жерім.

Туған жерін сүйе алмаған

Сүйе алар ма туған елін?!

Ауылымнан аттанарда

Алтын аймақ ән салады.

Жол тынымсыз тартқан алға,

Жүрегімді нұр шалады…

З е й н е п. Әнші қыздың атын қайдан ғана жаттап ала қойдың?

Ж е ң і с. Осы әнді күнде айтады ғой. Мақпал атты қыз айтады. Жүргізушілер солай айтады.

З е й н е п. Дауысы керемет екен! Кешелі бері ыңылдап жүргенің осы ән екен ғой.

Ж е ң і с. (Алдиярдың үйіне қарай көз салып, түрі сұрланып)Зейнеп, мынау бала анау қаладан келген досының ақылын тыңдаған секілді. Жүгін жинап жатыр. Бүгіннен қалмай көшейін деп жатқан түрі бар секілді. Зейнеп, көзілдірігімді әкелші. Жанындағы күйбеңдеп жүрген адамдарды дұрыс көре алмай тұрмын. Өздері нешеу? Еееее… туған ауылдың, туған үйдің түтіні деген ойыншық болды ғой бұларға!

 

 

ІІ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП

 

З е й н е п. (қолында көзілдірік, Алдиярларға қарап  тұрған шалының жанына Зейнеп келеді. Екеуі отырады.)

Ж е ң і с. (өзіне қараған Зейнепке түйіле қарап) Сен немене маған қарайсың?! Анау жаққа қара! Қала қазағының сапырған сандырағына еріп балаң көшкелі жатыр. Әй деген әжені тыңдамай, қой деген қожасын елемеген бұл елден кетіп, қалаға барып оңамын дей ме?! Ол кетсе, мынау ауылда кім қалады?!Үйі жылы, тамағы мол, рақатқа батып отырған бала ауылдың қадірін аса түсінбей отыр-ау…

З е й н е п. (қамығып, назды үнмен) Өй, сеннеге маған ұрысасың?! Ауылдан адам көшкеніне мен кінәлімін бе?! Жарты өмірім осы ауылда өтті. Осы шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шықтым, жарты өмірім сені күтіп-бағумен өтті. Сондағы айтқан алғысың, рақметің осы ма?!

Ж е ң і с. (айтқан сөзіне налыған түрмен) Түнімен ұйықтамадым, Зейнеп! Мынау баланың елге қарайлайтын түрі жоқ. Ауылдағы үш үйден енді екеуі қалады. Сол жаныма батады. Неше жылғы айтқан ақылым далаға ұшты? Бір сөзімнің қадірі болмағаны ма? Көздегені қаланың төрт қабырғалы тас үйі-ау… Индира да қарсыласпаған шығар, оңды жердің, текті әулеттің қызы ғой.Қарсыласса, біздің баланы тоқтатуға жарап тұрған әйел еді ғой, білем.

З е й н е п. Индираның түк кінәсі жоқ. Біз ештеңені түсінбейміз ғой. Ауылда үйі жылы, тамағы тоқ болғанымен, қаланың қызығы олар үшін бөлек шығар. Жастық жалын қаланың қызығына шақырып тұр. Ал көшулеріне себепкер болып жүрген, байламды, көшуге шешімді тез шығаруға атсалысқан Алдиярдан бидай сатып алуға келетін Аслан деген қала жігітінің сөзі әсер еткен секілді. Қаланың қызықты өмірі мен қайнаған тірлігіне қызықтырған, үгіт-насихатын асырып жіберген сол жігіт деп ойлаймын. Көзі ойнап тұратын, тілі шала, үнемі ішіп жүретін сол баланың сөзі сұйық екенін әу бастан ішім сезіп еді. Ауылда ұйып отырған балаларды қалаға сүйрей бастағанын қарашы…

 

 

ІІІ

 

ЗЕЙНЕП, ЖЕҢІС, АЛДИЯР

 

(Жеңіс ақсақалдың үйіне келген Алдияр)

 

А л д и я р.Аға, ассалаумағалейкум!

Ж е ң і с. Уағалейкум ассалам! Алдиярмысың? Мал-жан, үй-іші аман ба?

А л д и я р.Иә, аман-есенбіз, аға! Өздеріңіз қалайсыздар?

Ж е ң і с. Шүкір деп отырмыз.Жай жүрсің бе?

А л д и я р. Жеңіс аға, өзіңізде біліп отырсыз ғой. Көшуге бел будым.Алла жазса,бүгіннен қалмай қалаға көшпекшімін. Кеше айтуға болатын еді, бірақ шаруалармен қаладан кеш келдім. Бүгін таңмен таласып қой сойып, түскі қонақасыға көңіл жетерлерімді қосып, міне, өзіңіз бар, қаладан көшірісуге келген бір-екі туысым бар, Сейіт ағам бар, Аслан бар –бәріңізге түске жақын ас бермекшімін. Келіп жайылған дастарқаннан дәм татып, жолға ақ баталарыңызды беріңіздер. Көп жылдар бойы айтып жүрген ақылыңыз, ойларыңыздың бәрі есімде, бірақ ренжи көрмеңіз, осындай шешім қабылдауға тура келді.

Ж е ң і с. Көңіл жетерің анау Аслан ба? (ащы, мысқыл аралас күлкімен)

Ж е ң і с. (сәл үнсіздіктен соң)Көшетінің туралыбізбен ертерек ақылдаспадың ғой, балам? Туған әке-шешең болмасақ та, осы ауылдағы үш үйдің үлкеніміз. Алдынала ақылдасқаның, ойласқаның  дұрыс болатын еді.«Келісіп пішкен тон келте болмас». Қалаға барғандағы күнің не болатынын білмейсің. Ол жағын ойлауың керек. Біз де осы жерде астымызға алтын басып отырған жоқпыз. Апаңды көріп отырсың, көп нәрсеге шамасы келмейді, бірақ ауылды қимаймыз. Мұнда біз үшін бәрі тірі: тал да, үй де, анау ата-бабамыз жатқан қоршалмаған зират та тірі секілді. Бәрі – бізбен байланысы бар дүниелер. Қалада жетімбіз. Осыны сенің де түсінуің керек. Сені осы ауылды көркейтіп, жан санын, мал санын арттырып, бір деңгейге жеткізе ме деп едім. Ақылың бар деуші едім, бірақ еш ақылдаспай жүгіңді жинағаныңа көндіге алмай, көңіліме алып тұрмын. Осы елде дауға шығатын шешен, елге үлгі болатын көсем, ел қорғайтын батыр да болған, бірақ заманның зардабы қатты тиді, міне, соңғыларын қалаға сүйреп барады.

А л д и я р. Ақылдасқанда да, ақылдаспағанда да түбі кетемін ғой, аға!

Ж е ң і с. Алдияр, айналайын,тағы айтамын ауылда үш үйден ғана түтін шығып тұрғанын білесің…

А л д и я р. Иә, содан?

Ж е ң і с. Менің төрімнен көрім жақын. Зейнеп екеуміз осы ауылда еріккеннен отырған жоқпыз. Қаладағы ұл мен келіннің қолына барып тұруымызға да болады, бірақ бір үйдің болса да, түтіні сөнбесін, шырағы өшпесін деген ниетпен отырмыз. Соны неге түсінбейсіңдер? Бұл – кешегі Совет үкіметі сала салған көшпелі ауыл емес, тарихы әріге кеткен, сенің арғы ата-бабаларың мекен еткен ауыл. Кіндік қаның тамған туған жерің! Соны неге түсінбейсің сен?!Сенің әке-шешеңе қарыздар едім, сол қарызымды өтеп, сендерді риза қылайын деген үлкен пейілім, ниетім бар еді. Осы елде адам саны көбейсе, сені ел ақылшысы қыламын ба деп едім. Сөйлеген сөз мәнерің, шежірені білуің, адам арасын аша сөйлемей, қоса сөйлеуің ұнайды өзіме. Неге жауапкершіліктен қашасың?!

З е й н е п. (мейіріммен)Балаға ұрыса берме енді.

А л д и я р. (Зейнепке қарап) Бәрі жақсы, апа! Аға, ел ақылшысы болу дегеніңіз шамалы күлкілі әңгіме екен. Бұл ауылда сіз, біз және Сейіт ағамнан басқа жан баласы жоқ. Кімге ақылшы болу керек? Жоқ елге ақылшы боламын деп уақытымды, жастығымды бос сағымға  құртып, заманы өткен, уақыты кеткен ауылда қала бергім келмейді.

З е й н е п. (күбірлеп) Иә, Құдайым, сабыр бере гөр, пендеңе!

Ж е ң і с. (қатулы жүзбен) Тағы да ойланып көр. Әлі де көшпеуге кеш емес ішім сезеді, түбі осы жерге ел қонады. Оған дейін бұл ауылдың оты сөніп, иті үрусіз, үйлері қаңырап бос қалмауы керек. Соны ойлан.

А л д и я р. (селқос) Иә, ойланып көрейін. Жарайды, бірақ бізді де түсініңіз. Бұл ауылда не бар? Кітапхана?! Театр?! Аурухана?! Ештеңе жоқ. Сіздер үшін бүкіл ауыл тірі күйде елестеуі мүмкін, бірақ мен үшін емес.

 

 

ІV

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП

 

(Қауқиып отырған Жеңіс пен Зейнептің еңселері түсіңкі, жүздері аянышты. Радиода баяу «Ауылым» әні айтылып жатады)

 

Ж е ң і с. Бұл ауылдың тірілерінен өлгендері көп болған заман болды-ау…

З е й н е п. (аяған жүзбен қарап) Қайтесің қайғырып, таусыла берме. Қайдан білесің, мүмкін кен орны табылып, ауылың гүлдеп шыға келетін шығар? Неге жақсы ой ойламайсың?!

Ж е ң і с.Ағашын кесіп, жерін ойқастап, тарихи орындарын Кеңес үкіметі қиратып еді, енді қалғаны кен табамыз деп ауылымызды, жерімізді қайта қопару екен. Кені табылмай-ақ қойсын. Кен шығып жатқан жерлерді де көргенмін. Қоқысын шашып, табиғатын улап, жерін қазып, жергілікті халықтың еркегін белсіз, әйелін бедеу етіп кетеді. Ата-бабам тыныш жатсын. Ат тұяғы баспаған жерді сәбеттің тексіздерінің темірмен жыртқаны да жетер!

З е й н е п.Біресе былай дейсің, біресе олай дейсің, ал өзің айтшы онда? Қалай осы ауылды көркейтесің?

Ж е ң і с.(қыңырланып) Мен айтпаймын. Айтқым келеді, бірақ нені айтамын? Мен қайдан білемін? Сәбет үкіметінде таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істедік. Заман солай болғанын қаламасақ та көндік. Кеше өзімізге билік тигенде жан-жағымызды, етек-жеңімізді жинап та үлгере алмай қалдық емес пе? Алақандай ауылды астаң-кестең қылып құртып аламыз деп кім ойлады дейсің? Қазір осы ауылды қайта қалпына келтір деп миллион сом берсе де, қолымнан ештеңе келмейтінін сеземін, бірақ үмітсіз шайтан ғана деумен отырмын. Отыра да беремін.

З е й н е п.(күбірлеп) Құдайдың оң көзі түссін!

 

 

V

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, СЕЙІТ

 

Жеңіс пен Зейнептің үйіне ішіп алған Сейіт келеді.

 

Ж е ң і с. Әй, Сейіт! Оразаңды шайтанның суымен ашып сенде көз алдымда күйік болдың-ау…

З е й н е п. (қолымен түртіп)Нең бар?! Жетіскеннен ішіп жүр дейсің бе?!

С е й і т. Ассалаумағалейкум, Жеңіс аға!

Ж е ң і с. Уағалейкум ассалам!

С е й і т. Аға, Алдиярдың үйіне түскі асқа барасыздар ма?

Ж е ң і с. Түскі асты қайтесің? «Қыстың қамын жаз ойла», түскі астан кейін не істемекшісің? Осылай өз-өзіңді орға қарай итере бересің бе? Түскі астан кейін бұл ауылда сен және мен қаламын. Кім кімге қамқор болады?

С е й і т. (тұнжырап) Қорықпаңыздар, мен қамқор боламын!

Ж е ң і с. Қамқор болғың келсе, қаладан ба, көрші ауылдан ба, бір шүйкебасты тап! Сен осы айтшы маған, екі әйелді қаратқан мына басың үшіншісіне келгенде не қадірін жоғалтты, ә?!

С е й і т. (жеңіл жымиып) Түүүу, Жеңіс аға-ай, қатырасыз! Маған екі пышағы бар келіншектер жолықты ғой…

Ж е ң і с. Олқандай пышақ?

С е й і т. Жаман келіншектің екі пышағы болады: біреуі қолында, біреуі тілінде. Қолындағысымен нан тураса, тіліндегісімен жаныңды турайды емес пе?!

Ж е ң і с. Айтпайтыны жоқ!

З е й н е п. Қымыз ішесің бе, Сейітжан?

С е й і т.Жоқ, апа! Рақмет!

Ж е ң і с. Сейіт, сен бұлай көз алдымызға ішіп келе бер ме! Анау ауылдасың, туған баламыздай көрген Алдиярдың көшемін деген әуресінің өзі апаң екеуміздің еңсемізді түсіріп отыр. Сен де бөтен емессің. Саған да алаңдаймыз. Бір басың екеу болса, үмітіміз ұлғаяр еді. Алдиярға қор болған сөзімді саған айтар едім, жолың үлкен ғой.

З е й н е п.Иә, Сейітжан, ағаң жаманшылық тілемейді. Ауылдағы бес адамның бірі – сенсің… Ақылың бар, бірақ сол ақылды пайдаланбайсың, қарағым!

С е й і т.Иә, сіздерге разымын, бірақ мен бүгін қуаныштан ішіп жүрмін! (кетіп қалады)

 

 

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП

 

Ж е ң і с. Сейіт те осы ауылдың кебін киді-ау…

З е й н е п. Түсінбедім?

Ж е ң і с. Осы ауыл қалай тоқырай бастады, Сейіт те солай аза бастады. Әйел кетті бетпақтанып, бала кетті әке тәрбиесін көрмей, ең соңында қу басы мен екі тізесін құшақтап жалғыз өзі қалды. Кезінде Сейітжан жайнап жүруші еді-ау.

З е й н е п. Иә, ақ шарппен жүретін.

Ж е ң і с.  Ініміз ғой деп марқайып қалатынбыз. Сейіт секілді аппақ шарфты жарастырып Совет кезіндегі «мен» деген бастықтардың өздері таға алмады-ау жарастырып. Ал Сейітжанның бойында бір кездері паңдық пен тазалық қатар тұрушы еді. Қазір не болды, қайда сол қасиеті? Мынау түрімен бір күніқалаға барып қайыршы болып кетеді. Ауылдың аты – ауыл. Екі үйдің ортасында жүр. Жат жанынан түңілетіндей өмірі жоқ.Айтпақшы, қалаға барса демекші, баяғыда Сейітжанның үйленбеген, дөкей, дүркіреп тұрған кезінде екеуміз қалаға барғанбыз. Базар аралап көп жүрдік. Келіншек біткеннің бәрі ауыздарының суы құрып осыған қарайды. Кафеге апарды. Ол жерде де хан екен. Мен айтамын «Осылар қыр мұрының мен қияқ мұртыңа қарай ма?» деп, ол «Аға, менікі харизма ғой, харизма» деп өз-өздіне риза болады. Бір ибалы қызды әкеліп таныстырды. «Әкем» деп жатты мені. Рақметімді айтып отырдым. Риза болдым. Абай атамыз айтпақшы «Құдай-ау қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар, Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау, құрғырлар» деп өз дәуренімді де, екеумізді де ойлағанмын… Қызық кездер-ай!

 

 

VІІ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, КӨМЕКШІ

 

Жеңістің қалта телефоны шырылдайды.

 

Ж е ң і с.(костюмінің қойын қалтасынан ұялы телефонын алып) Әлө???

К ө м е к ш і. Алло, ата? Мен ауданнанмын.

Әкімнің көмекшісі едім… байланыс  үзіліп кетеді)

Ж е ң і с. Әй, Зейнеп, мынау тағы звондады.

Зейнеп. Не дейді?!

Жеңіс. (күліп) Білмеймін, «Әкімнің көмекшісімін, әкімнің көмекшісімін» дейді де, телефонды қоя салады. Үш күн болды осылай айтып жүргеніне, маған көмекші екенін айту үшін звондайды ма?

Зейнеп. Бізге де қалаға көшіңдер деп айтқысы келетін шығар аудан әкімі. Ауылда Алдияр кеткен соң екі үй қаламыз. Жасымыз болса, келіп қалды. Соны біліп көшіңдер дегісі келетін секілді. Қазір ауданнан тегін үй береді дейді ғой.

Жеңіс. Қойш, тәйірі! Үш күн бойы тапжылмай хабарласатындай аудан әкімінің бізден басқа шаруасы құрып қалып па әлде басқа мәселенің бәрі шешіліп, біздің ғана мәселеміз қалыпты ма?!

Зейнеп.Білмеймін ғой. Шайың суып қалды.

 

 

VІІІ

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП

 

Жеңіс.(қолына кеседегі ұстап) Ауданнан неге ауық-ауық хабарласатынын түсінсем бұйырмасын! Айтпақшы, үзіліп кететіні көрші ауылдан келетін телефон желісінің әлсіздігінен болар, бәлкім, ә?

Зейн е п. Мүмкін. Әйтеуір көрші ауылда телефон желісінің барына шүкір.

Жеңіс. Кемпір?

Зейнеп. Ау.

Жеңіс. Сыртта ит үре ме?

Зейнеп. Ақбас сиыр шығар. Жаңа өріске кетпей үйді айналшықтап жүр еді.

Жеңіс.(жымиып)Ақтабан ақбас сиырды көрмей жүр деймісің?

Зейнеп. Шығып келсеңші…

 

 

ІХ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, АРМАН, АРУЖАН

 

Арман. (жадыраған жүзбен) Ассалаумағалейкум, әке! (құшақтасып амандасады)

Аружан. Сәлеметсіздер ме, қалдарыңыз қалай? (енесімен құшақтап амандасады)

Жеңіс. Балам-ау, келетіндеріңді айтпадыңдар ма? Қой сойып, ет асып қоятын едік.

Аружан.(жымиып) Бізге Алдияр көшетінін айтып кеш хабарласты. Естіген бойда ауылға жолға шықтық.

Жеңіс. Не болды? Ол неге хабарласып жүр?

А  р ман. Қазір дұрыстап отырып талқылайық.

Зейнеп. Төрлетіңдер, қарақтарым! Сенде балаларды тергеп келмей жатып.

 

 

Х

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, АРМАН, АРУЖАН

 

Арман.Әке, кеше аяқ астынан жолға шықтым. Алдияр көшетінін айтып кеш хабарласты. Аслан деген досы өзі мен Индираны жұмысқа тұрғызып, қаладан пәтер алуына жәрдемдесіп, көмегін бермекші екен. Мен енді ауылдасендерді кімге тапсырамын? Алдияр бөтен біреудің баласы болса да, үй-жайы бөлек болса да, сырттай сіздерге қарайлап жүргенін, балаларыңыздай жаны ашитынын білесіздер. Енді ауылда есі дұрыс кім қалады? Сейіт ағам өз басын алып жүрген адам емес. Сіздердің мына жақта отырғандарыңызды қаладағы адамдар бетімізге салық қылып бізге айтады. Аружан екеумізді ойлауларыңыз керек.

З е й н е п. Алдиярдың көшкенін қолдап отырған жоқпыз.

А р м а н. Бұл ауылға енді ешкім келмейді. Соны түсінетін уақыт жетті. Алдияр – біреудің баласы. Өз өмірі, бала-шағасы бар… Оның облыс орталығына көшуін қос қолдап қолдаймын. Сіздерге де қазір түскі ас кезінде қарсы шықпаңыздар, үндемеңіздер дегім келеді.

Жеңіс. (баласының сөзін ұнатпаған кейіппен)Астан алып отырыңдар. Сөзіңнің бәрі дұрыс, бірақ мен соңғы келгеніңде осы ауылда қалатынымды ескерткендей болып едім, балам. Ұмытып кеттің бе? Ал елден ұялғаның үшін бізді көшіріп аламын дегеніңе жол болсын.

Арман. Әңгімені бұрып, өзіңізге керек сөзді ғана ести алдыңыз, әке! Елден ұяламыз деген – әңгіме арасында айтылған дүние. Оған бола бүкіл әңгіменің райын сол жаққа бұрудың қажеті жоқ шығар.

Зейнеп. Балам-ау, әкеңнің көшпейтінін білесің. Сол үшін жұмысыңнан сұранып, уақытыңды жоғалтып келгенің не?

Аружа н. Мерекеге байланысты бізге төрт күн демалыс берді.

Жеңіс. Бұлардың жұмыс істегенінен демалғаны көп. Баяғыда біз…

Арман.(еркелеген, назданған кейіппен)Ой, әке! Қойыңызшы! Үнемі әңгімеңіз «баяғы» мен «бізден» басталады екен.(жылы жымияды)

Зейнеп. Жолдан шаршап, қарындарың ашқан шығар! Тамақ ішіңдер.

Аружан. Рақмет, апа!

Арман. Алдиярдың үйі ет тамақ асып жатыр, қалған тамақты сол жерден жейміз.

 

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

І

 

АЛДИЯР, ЖЕҢІС, АСЛАН

 

 Дастарқан басы

 

Жеңіс.Алдияр балам, мынау Жеңіс әкемдей адам заржақ болды дерсің, жолыма ақ батасын бермеді-ау дерсің, бірақ мен саған тілекшімін. Сен осы ауылды көркейте алатын-ақ адам едің. Көшу туралы сандырақты сенің құлағыңа құйып, миыңа сіңдірген адамды да біліп отырмын. Ұрынып қалмасаң, жарар еді…

А с л а н. Аға, мені меңзеп отырсаңыз, қателесіз! Мен Алдиярға жақсы болсын деймін. Өзімдей күн кешсе, қаланың қызығын көріп, балаларын елдің үйінде жатқызбай, өз үйінде оқытса деймін. Біз ескіше ойлайтындардың қатарынан кеттік. Суы мен байланысы нашар, үш үй ғана тұратын ауылда текке өтіп жатқан өмірін сіз аямасаңызда, замандас, дос ретінде мен аяймын. (мысқылмен қарайды)

А л д и я р. Аға, Аслан, екеуіңіздің де сөздеріңіз дұрыс. Рақмет. Мен тысқа шығып, Арман мен Сейітті асқа шақырайын. (шығып кетеді)

Ж е ң і с. Әңгімеңе сендіруді біледі екенсің, істе қалай болатыныңды уақыт көрсете жатар, бірақ ішім сенің шарапатыңмен өсіп кеткен Алдиярды елестете алмай, бірдеңені сезіп тұр. Жылдағы әдетімен қаладан жігіттерін әкеліп, жаз егінін егіп, қыс табысын жаратып, осы жерде отырғаны жақсы еді. Мен сол ісін құптаймын.

А с л а н. Ол енді – сіздің ойыңыз, бірақ Алдекеңнің өз өмірі, арман-мақсаты бар, соны түсіну керек сізге.

Ж е ң і с. Маған жаңағы айтқан арман-мақсат біреудікі сияқты болып көрініп тұр. Баламыз ауылда өсті. Момын, аңғал, елгезек. Көлденең көк аттының ойдан шығарған қиялына сеніп тұрған секілді… Сен қала баласысың, ауылдың мән-жайын, жағдайын, дәстүрін білмейсің. Сен үшін бәрі асфальттың бетіндей шығар, бірақ өмір дегенің – даңғыл, дара жол. Шығар асуың бар, құлдилайтын сол асудың етегі бар, басы мен аяғы бар өмірдің. Адам деген қай жерде көк басы биік шықса, соған қарай ұшатын шегіртке емес, балам.

Аслан. Әрине, сізге айтуға оңай. Сіз қаладан қорқасыз және сіздің жасыңызда үйреншікті жағдайды, комфортты бұзу қиынға соғады. Мысалы, ауылда тудыңыз, осы жерде қызмет еттіңіз, балалы-шағалы болдыңыз. Міне, енді қозғалу, қалаға көшу сіз үшін қиын. Сол үшін Алдиярды жібермеуге тырысып, мешать етесіз…

қоқиланып сөйлеп кетеді)

Жеңіс. Ееее, өзің бір данышпан екенсің! Қалаң сондай керемет болса, неге үлде мен бүлдеге оранып келмейсің? Алдиярдың машинасына мінгесіп келіп, нанды осыннан іздеп, жұмысты осыннан тауып жүрген жоқсың ба?!

Аслан. Жалпы, неге сіз өз балаңызды қалаға жібердіңіз, ал жұрттың баласының қалаға кетуіне соншама қарсысыз?! Өз балаңыздың жарқын болашағы үшін қуанып, біреудің баласының көзі ашылып, жақсы өмір сүргенін қаламайтын іштарлық бар секілді бойыңызда! Шын мәнісінде ауылдың түтіні азаймасын деген жалған бір сөз, популизм секілді!

Жеңіс. (түрі бозарып, сазарып, қатуланып) Не айтып отырсың?!

А с л а н. Аға, ащы шындық шамыңызға тиген сияқты…

Ж е ң і с. Үйден шық! (қамшысын ала тұрады)

А с л а н.(қамшы ұстаған қолынан шап беріп) Аузыңызға не келсе, соны айтамын деп ойлайсыз ба әлде уақытыңыз өткенін мойындағыңыз келмей ме?!

 

 

ІІ

 

ЖЕҢІС, АЛДИЯР, АСЛАН, АРМАН, СЕЙІТ

 

(Сырттан Арман, Алдияр, Сейіт жанжал үстіне кіріп келеді)

 

С е й і т.(Таңданған жүзбен, қатқыл дауыспен) Не болып жатыр?!

А с л а н.(Жеңіс қарттың қолын жіберіп, сәл ұрлана жымиып) Жеңіс аға екеуміздің мәселеміз ғой.

Ж е ң і с.(Қолы босаған соң) Үйден шық!(қамшымен Асланды тартып жібереді)

А с л а н.(Тұра ұмтылады)

А р м а н.(Асланға ұмтылады)

С е й і т.(Асланға ұмтылады)

А л д и я р. Қойыңыздар! Мен үшін төбелеспеңіздер! Жеңіс аға, Асланды кінәлауды қойыңыз! Мен үшін тер төгіп, бүкіл шаруасын тастап жаны ашып жүрген адамды қаралауға жол бермеймін. Сізді сыйлап келдім, бірақ бүгінгі Асланға қамшы жұмсағаныңыз жарамады.

С е й і т. Алдияр, не деп малтаңды езіп тұрсың? Ағаңның жағасынан алған мынаны қорғауыңа жол болсын! Бір рет емес, қырық рет дүре соқса да, ағаң жағында болуың керек емес пе?!

А л д и я р. Сейіт, арағыңды тағы іштің екен, ел-жұртқа ақыл айтпай-ақ қойшы!

С е й і т. Ауылдың жаман әйелдері сияқты зәр шашып сөйлеуді мынау қаладан келген досың үйреткен сияқты! Мен ішсем, сенің ырысыңды ішкен жоқпын, қу арақты іштім!

А л д и я р. Құрғақ сөзбен орақ орғанды білесің!

 

 

ІІІ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, АЛДИЯР, АРМАН, СЕЙІТ, АСЛАН

 

З е й н е п.(сырттан кіреді, қасы қанаған Асланның жүзіне таңырқап) Мұнда не болып жатыр!? Аружан мен Индира асты түсіргелі жатыр, қолдарыңды жуыңдар!

А с л а н.(ашулы кейіппен)Мен ішпеймін. Рақмет, мұндай астарыңа!

А л д и я р.Мен де ішпеймін! Менің қонағымды сыйламасаңдар, мені де сыйламағандарың!

С е й і т. Сенің қонағың қонақ емес, алаяқ болып тұр ғой. Не берем деп едің? Ертең сені жұмысқа тұрғызу мен қаладан пәтер алуға көмектесу, ауылға келіп жүк тиеу шынайы достықтың атынан болып жатқанына сене алмай тұрмыз. Барлығымыздың көкейіміздегі сұрақ – осы…

А л д и я р. Иә, оған ауылдағы жерімнен егін егетін жер беремін. Не істейсіңдер? Мен не берсемде, Аслан үшін аздық етпейді! Оның маған қандай жақсылық жасап жүргенін білмейсіңдер.

С е й і т. Бір-екі бөтелке сыра сен үшін сондай бір таудай үлкен жақсылық екенін білгенде мен-ақ алып беретін едім ғой.

А л д и я р. Білмеймін, мені тоқтата алмайсыңдар! Көшемін.

С е й і т. Көшемін дегенің «кетемін-кетемін» деген әйелдің сөзіндей естілді ғой. Айта бермеші!

А л д и я р. Он жыл бұрын әйелің кетіп қалып, жүрегіңе жара салса, ол менің кінәм емес! (мысқылмен)

С е й і т. Сен жүгірмек, не оттап отырсың?! Бір емес, екі емес, аузыңмен зәр шашуыңды қоймадың ғой.Салып жіберейін бе, енеңді ұрайын! (орнынан тұрып кетеді)

А л д и я р. Ұр, қолыңнан келе ме? Мен жүгірмек емеспін. Аузыңды абайлап аш!

С е й і т. Өй, иттің! (жұдырығын ала жүгіреді)

(екеуі алысып кетеді)

Ж е ң і с. Тоқтатыңдар! Жетер!

А л д и я р.(үзілістен соң)Жетсе, жетер! Индира, Аслан, келіңдер жүкті жинаңдар! Ішсеңдер, ішіңдер, ішпесеңдер, қойыңдар! Атау керелерің емес, әлі талай ас ішерсіңдер! Біздің жолымызды байламаңдар!

 

 

ІV

 

ЖЕҢІС

 

Ж е ң і с. «Екі жаман ауыл болмас, Ауыл болса, қауым болмас» дейтін еді аталарымыз! Бұл кетісуде кім жаман болды екен? Мен артық кеттім бе? Мен заманды түсінбеймін бе? Менің сөзім дұрыс емес пе? Өз ауылымның, туған жерімнің түтіні түзу шықсын деген ойымның қандай қателігі бар? Ел ауылын көріп, азаматын таниды. Менің ауылымның бүгінгі ұсқыны менің кім екенімді көрсетіп тұрған шығар. Бір-бірімізге болысып бауыр болып жарытпаған едік, енді міне, айтысып-тартысып ауыл болып та қатыратын түріміз жоқ. Берекесіз ауылда мереке қайдан болсын?! Өзім секілді қартайған, мүжілген ауыл болды. Кезіндеиті жатпаған қызды ауыл бүгінде арам шөбі қаптаған із түспейтін ауылға айналды-ау! (Зарлы үнмен)

 

 

V

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, АРМАН, АРУЖАН

 

(Жалғыз отырған Жеңіске баласы Арман мен келіні Аружан келеді)

 

А р м а н. Әке, кететін адам түбі кетеді. Бекерге дүрліктіріп… Қаладан келген жігіттен ұят болды.

Ж е ң і с. Әй, соны бір хан көтердіңдер-ау бүгін!

З е й н е п. Сендер бүгін қонасыңдар ма?

А р м а н. Жоқ. Кетеміз. Жұмыстан бастық хабарласты. Шұғыл шаруаларымыз бар. Сіздерді көшіріп алып кету үшін бір аптадан соң қайта келемін.

Ж е ң і с. Балам, біз көшеміз деп айтпадық…

Арман. Қаңыраған ауылда қалай тұрмақшысыздар? Қызық екенсіздер… (ашынып)

Жеңіс. Жоқ. Осында қаламыз. Жапандағы жалғыз үй болсақ та, қаламыз. Ата-бабамның жанына жерлесеңдер болды. Сен оданда анау Сейіт ағаңа қаладан бір шүйкебастап! Бізге Сейіт қарасады. Әлі де біраз нәрсеге күші жетеді.Бағзы замандарда Елубай, Алпысбай, Жетпісбайларды осы Сейіт секілді мықты жігіттер тудырған!

А р ман. Әке, Сейіт өз басына ие болып алсын. Көшпесеңіздер, біз де келмейміз.

Жеңіс. Қорқыта ма әкесін? (Зейнепке қарап)

З е й н е п. Жоқ, еркелігі ғой.

Аружан.(сырттан кіреді) Папа, апа, сіздер үйді босатасыздар ма? Осы бөлмеден басқасының бәріндегі жүкті машинаға тиеді. Сыртта Алдиярлар сіздерді ғана тосып тұр!

 

 

 

АЛДИЯР, ЖЕҢІС, АРМАН

 

Алдияр. Ал, аға, апа, қош-сау болыңыздар! Артық кеткен жеріміз болса, кешіріңіздер! Қаладан үй алсақ, бірден хабарласып мекен жайымызды айтамыз. Келесіздер. Сіздерге рақмет. Қанша жыл бойы өзімізге туған балаларыңыздай, балаларымызға немерелеріңіздей қарадыңыздар!

Индира. Апа, сізге рақмет! Сізден көп нәрсе үйрендім.(құшақтап қоштасады)

Арман. Әке, бізде Алдиярлармен бірге жүрейік. Жол алыс, машина сенімсіз дегендей. Апта соңында тағы бір келемін.

Жеңіс.(бүкшиіп, тұнжырап) Қош сау болыңдар!(Көш ұзай бергенде көзіндегі жасты бет орамалымен сүртеді)

З е й н е п.(көз жасын сүртіп отырады) Аман болыңдар!

 

 

VІІ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, ӘКІМ, КӨМЕКШІ

 

Ж е ң і с. Зейнеп, далада машина гүрілдей ме? Ақтабан үріп жатыр.

З е й н е п. Алдиярдың жүгін тиеген машина шығар. Үлкен көлік жай жүреді. Ауыл маңынан ұзай алмай бара жатқан шығар.

Ж е ң і с. Төөөу! Әңгімені көбейтіп… Қарай салмайсың ба? Өзім шығайын.(қолымен күнді көлгейлеп алысты қарап тұрады)

Ж е ң і с. Зейнеееп, бері кел, бері кел. Екі мәшіне келе жатыр.

З е й н е п. Бұлар кім болды екен? Джеб мәшіне ғой.

Ә к і м. Ассалаумағалейкум, ақсақал! Қалыңыз қалай?

Ж е ң і с. Уағалейкумассалам, балам! Жақсымын, қош келдіңдер! Жол болсын. Зейнеп, балаларыңа шай қой. Әкім баласың ғой?

Ә к і м. Иә, аға. Міне, қанша күн бойы хабарласа алмай өзім келдім. Ауылға ат басын бұрмағалы біраз жыл болыпты.

Ж е ң і с. Әкім деген ауылды ай сайын аралауы керек ғой, балам-ау…

Ә к і м. Жеңіс аға, кеше ғана ғой қызметке келгенім. Міне, көп ұзамай жақсы жаңалықпен келіп отырмын.

З е й н е п. Келіңдер, шай ішіңдер.

Ә к і м. Рақмет, апа. Аға, (қолымен нұсқап)соңғы күндері мынау баланың жұмысы сізге звондау болды(күліп), бірақ бір сөйлесе алмай қойдым дейді.

Ж е ң і с. Еее, телефонды тызылдатып маза бермей звондайтын балам сен екенсің ғой. Әңгімесін «Әкімнің көмекшісімін» деп бастайды, бірақ аяғы жоқ. Елегізіп, елеңдеп мен қаламын. Зейнеп көшіріп әкетеді деп қорқытады.

Ә к і м. Жоқ, аға! Ондай ойымыз жоқ. Мен сіздің ұлыңыз Арманды сырттайбілемін. Астанада отырса да, ауданымыздың мәселесіне бей-жай қарамайды екен. Сізден туған ұл ғой. Осы елге келгелі сіз туралы да жиі естідім. Осы ауылға ел қондыру арманыңыз екен. Бір үй қалмай көшіп кеткен ауылдар бар. Соларға қарап әр ауылға Жеңіс ағадай шыдамды, төзімді, табанының бүрі бар бір адам керек-ау деп те қоямын, әйтпесе ауылдар азайып бара жатыр.

Ж е ң і с. Рақмет, балам, бірақ мен бір арманы аласармаса да, көзге көрінбей, іс болмай қалған адаммын. Ұлымды бойындағы қаны тәрбиелеп жатқан шығар. Мен оған аса көңіл бөлмедім. Мен осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүріп уақыттың қалай өткенін де білмей қалдым.

К ө м е к ш і. Олай демеңіз. Сіздің ойыңыз бен мақсатыңыз жүзеге асатын сәт жақын.

Ә к і м. Иә.

Ж е ң і с. Ол қандай сәт? Жұмбақтамай айтыңдар енді…

Ә к і м. Аға, биыл біздің ауданға біраз шетелдегі ағайындар көшіп келіп жатыр. Көктемде елу қаралы адамды басқа ауылдарға орналастырдық. Жақында облыстан хабарласты. Он бес отбасын біздің ауданға қарасты ауылдарға орналастыру керек екен. Мен бәрін бөліп-жармай бір ауылға орналастырайын деп шештім. Әр отбасында 5-6 адамнан бар екен. Бары жетпіс-сексен адамдай.

Ж е ң і с.(аңтарылып, өз-өзіне келе алмай) Құдайым-ау, менің тілегімді естіген екенсің ғой. Шүкір, тәубе, Жасаған ием! Жар болдың-ау, Құдайым! (көзіне жас алып)

З е й н е п.(күбірлеп) Еее, Құдайым, барыңа шүкір! Көзі түзу Құдайдың барына шүкір! (екі-үш рет қайталайды)

 

 

VІІІ

 

ЖЕҢІС, ЗЕЙНЕП, ӘКІМ, КӨМЕКШІ

 

(Сахна сыртынан алыстан келе жатқан көліктің дауысы естіліп тұрады. Жеңіс пен Зейнеп елеңдеп күтіп тұрады)

 

Ә к і м.Жеңіс аға, алыстан келе жатқан ағайын алдында дұрыстап сөйлерсіз, тарихты қазбалап артық сөз айтып ренжітіп алмаңыз.

Ж е ң і с. Балам-ау, о не дегенің?! Менің қуанышымда шек жоқ екенін көріп тұрған жоқсың ба? Зейнеп, шашуың дайын ба?

З е й н е п. Әрине, дайын.

К ө м е к ш і.Осы ауылдың жанынан аңшылықта жүріп қыста өткенбіз. Күзде адамдар келіп, ел қонады дегенге сол кезде біреу айтса, сенбес едім.

Ж е ң і с. Еее, ауылдың түлкі-қоянын жоқ қылған сендер екенсіңдер ғой.

К ө м е к ш і. Жоқ, аға. Біз қасқыр аттық.

Ж е ң і с. Қазақ қасқыр ата ма екен? Қасқырдың киесі бар. Қазір түрлі аңшы шықты. Қасқыр қыңсыламайды деп терісін тірілей сыпыратындар бар. Кейде қанша терісін сыпырып, тобынан бөліп, айдап, жаншығанда үні шықпай қасқырша шыдаған қазақ есіме түседі…

Ә к і м. Оныңыз дұрыс екен, ақсақал! Біз көп нәрсені біле бермейміз…

Ж е ң і с. Иә, қазір көп нәрсені жоғалттық. Туымызда тұрған қасқырдың терісін сыпырамыз, даламызды таптаймыз, ел мен жердің, аң мен құстың киесін білмейміз. Табиғаттың заңына қарама-қайшы өмір сүреміз. Әсіресе сендердің буындарың… Менің жаныма батады.

 

 

ІХ

 

ЖЕҢІС, СЕЙІТ

 

Көшті күтіп тұрғандар қатарына Сейіт келіп қосылады.

 

Ж е ң і с. Оу, Сейітжан, қайда жүрсің? Елге ұлы көш келіп жатыр.

С е й і т. Жеңіс аға, мен өрістегі қойларды бір қайырып келдім. Алдиярға ашуланып тонымды өртей жаздадым.

Ж е ң і с. Інісіне сонша ашулана ма екен?! Ағалығыңды көрсеткенің дұрыс. Оның істеп жүрген ісінің дұрыс емес екені айдан анық нәрсе ғой, бірақ сен түгіл, мені тыңдап тұрған адам жоқ. Өзің бажайлап қарасаң, бәрін түсінесің.

С е й і т. Анау сілімтікке сенгеніне, қызғыштай қорғағанына қатты ашуландым.

Ж е ң і с. Жарайды, оны қой. Келе жатқан елден кем дегенде үш отбасын үйіңе паналатасың. Күз болса, жақындап қалды. Мынау көнерген үйлерді қалпына келтіремін, ішін тазалаймын дегенше де бір-екі апта керек. Кішкентай балалар, жас сәбилі аналар бар екенін естідім. Қолдан келгенше бар көмегіңді аяма, қарағым. Бұл елдің жүгі екеумізге түсіп тұр. Бар екеніңді, нар екеніңді көрсеткенің дұрыс. Кейін үлкен оқиғаға айналады.

С е й і т. Әрине, аға. Үйіме қанша адам сыяды, сонша аламын. Мазардай болған шаңырағымның базардай болып көркі кіреді деп қуанып тұрмын. Уақытша болса да,үйде адамдардың көп болғаны – көңілге қуаныш, дәтке қуат, жанға медет.

Ж е ң і с. Уақытша ештеңесі жоқ. Асыңды ішіп, аяққа теуіп кететін ағайын бұл емес. Дәстүр білетін қазақтар қашанда жаныңда жүреді. Анау Аслан сияқтылармен бұларды салыстырма! Біз оқшау тұрған ауыл ретінде бәрінен жатырқап жаман үйренгенбіз. Келетін ағайынның жақсылығын кейін түсінесің!

 

 

Х

 

ЗЕЙНЕП, ЖЕҢІС, АРМАН, КӨМЕКШІ

 

З е й н е п. Жеңіс, ұлың ызбандап жатыр.

Ж е ң і с. Әлөө, әлөө! Арман, естіп тұрсың ба?

А р м а н. Әке, естіп тұрмын. Қалаға жақындап қалдым. Жаңа жолда үлкен көшті көріп, жөн сұраған едім. Біздің ауылға бет алыпты. Қателескен жоқ па?

Ж е ң і с. Жоқ, ешкім қателеспеді. Міне, аудан әкімі де келді. Бүкіл мән-жайды айтып отыр. Бұйырса, елге халық қоныстанады. Биыл бір бидай артығымен өсетін болды. Жаратқан ием жар болды.

А р м а н. Аааа, құтты болсын! Оң болсын!

Ж е ң і с. Әкең мен шешең үшін енді алаңдаудың қажеті жоқ. Ағайын арасында отырып өлмеспіз. Алдияр көрді ме көшті?

А р м а н. Иә, әке.

Ж е ң і с. Таңертең ел ақылшысы боласың дегенде сенбей күліп, мысқылдап миығынан күліп еді. Мен айтсам, сезіп айтамын ғой. Әлі де қайта оралуына кеш емес.

А р м а н. Айтамын, әке.

(днд… днд… байланыс  үзіліп кетеді)

Ж е ң і с. Әй, көмекші бала! Мынау телефонмен ұзақ сөйлескенім – осы. Сен өзіңмен бір құрылғы алып жүрсің бе? Күнде сақауланып екі сөздің басын енді қосып жатқанымда үзіліп кетуші еді. Ұлыммен қауқылдасқандай болдық. Осылай ұзақ сөйлестірсеңші.

К ө м е к ш і. Аға, менің қолымдағы дүние емес. Сіздер басқа ауылдың желісі арқылы сөйлесіп отырсыздар. Осындай желді күндері желі жақсы ұстап кетеді. Жаңа жақсы сөйлескеніңіз– сол желдің арқасы.

Ж е ң і с. Басқа ауылдың желісі? Ол ауыл біздің ауылдың жемісін жеп отыр. (күліп алады) Осы әңгімені ұл мен келінде айтып жүр ғой, бірақ аса бір құнт қоймаппын. Әй, көмекші бала, сонда біз сол ауылдың ақшасына сөйлесіп отырмыз ба?

К ө м е к ш і. Жоқ, әкей! Ол ауылдың сымын ғана пайдаланып отырсыздар, ал ақшаны өздеріңіз төлейсіздер.

Ж е ң і с. Жарығым-ау, мен бұл телефонға ақша салмаймын.

К ө м е к ш і. Қане, қарап жіберейін. (телефонға үңіліп) Балаңыз салып тұрады екен және көп звонок сізге келеді екен.

Ж е ң і с. Еее, сондай бірдеңе болып тұр ғой. Не де болса, мынау келе жатқан ел ертеңгі күні қайта қашпайтындай жағдай жасаңдар. Маған осының керегі де жоқ, бірақ мынау көште  қаншама жастар бар. Соларға керек дүние.

К ө м е к ш і. Жарайды, әкей. Қолымыздан келгенін жасаймыз.

 

 

ХІ

 

ӘКІМ, ЖЕҢІС

 

Ә к і м. Ақсақал, жүрегіңіз қалай?

Ж е ң і с. Жақсы. Рақмет саған.

Ә к і м. О не дегеніңіз? Біздің міндет – елді көркейту. Рақмет айтқаныңыз артықтау.

Ж е ң і с. Жарайды. Мен жаңа анау көмекшілерің мен адамдарың тұрған соң көп нәрсе айтуға ұялдым. Саған, білдей бір аудан басшысына ақыл айтуым ел алдында орынсыз деп шештім. Өзіңнің үлкенді сыйлап, құрметтейтінің көрініп тұр, бірақ сонда да айтайын. Мынау қызмет дегенің келеді, кетеді. Оған көп мастанбау керек. Артыңа өсиет етер, мирас болар ісің мен құнарлы сөзің қалуы керек. Ел сені атқарған ісіңмен еске алып, мақтан тұтуы керек. Мұның бәрін білесің, бірақ менің аузымнан да бір естісін деп жатырмын. Өңің, қазақшылдығың сезіліп тұр. Қазір көп әкімдер Астанаға бар бәлені жаба салады. Астанадағылар жергілікті жерден жемқор тауып әлек. Бір білетінім: еліміз егемендік алғалы ауылға көңіл бөлініп келеді, бірақ айтылған бағдарламалары іске аспайды. Менде қызмет еткен адаммын. Көп нәрсе аудан әкімінің қолында. Осы шағын ауданды гүлдендіру, тарихта жақсы атыңды қалдыру, мен сияқты үлкеннен бата алып, кішінің рақметіне бөлену өз қолыңда екенін сезініп жүргенің абзал, балам! Әкім деп емес, балам деп айтып жатырмын!

Ә к і м. Рақмет, әкей! Ақыл-кеңесіңіз әрқашан жадымда жүреді. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген емес пе, сіздей аузы дуалы ақсақалдардан шынайы жанашырлықпен айтылған пікір есту – мен үшін бақыт!

 

 

ХІІ

 

ӘКІМ, ЖЕҢІС, ДӘУЛЕТКЕРЕЙ ҚАРИЯ, ЗЕЙНЕП

 

(Көш келеді)

 

З е й н е п.Ал, ағайын, қош келдіңіздер! Шашу-шашу!

Ж е ң і с. Армысыздар, ағайын! Мен осы ауылдың үлкені, соңғы екі түтіннің біреуінің иесі, байырғы тұрғыны Жеңіс деген қазақ боламын. Сіздердің келетіндеріңізді екі сағат бұрын әкім баладан естіп әлі өз-өзіме келе алмай тұрмын. Шын қуаныштымын, ағайын!

Қ а р и я. Бар бол, Жеңіс! Алдыңнан осындай жаны жаз, көңілі нұр адам қарсы алғанда елге деген сағынышыңның қуанышы мен қазағыңа деген сүйіспеншілік еселеп ұлғаяды екен. Ырзамыз пейіліңе, осындай өзіңдей мейман дос қазақтың жомарт көңілі ғой менің кәрі сүйегімді елге қарай сүйреп алып келген!

Ж е ң і с. Ата-жұртқа қош келдіңіз, Дәулеткерей ақсақал! Сіз сөйлегенде аттының аяғын, жаяудың таяғын алатын, аузы дуалы жан екенсіз. Ұлы көштің үлкені сіздей жан болғанына қуаныштымын.

Қ а р и я.Рақмет! Менімен бірге Құбайжан, Қамбет, Мәдәлім, Мәули, Смайыл сынды замандастарым, інілерім келді. Ұл мен қызды уақыт өте келе тани жатарсыздар. Құбайжан – Омбының қазағы, біз – Өлгей сары қазағымыз. Міне, Алладан рақмат, Пайғамбардан шапағат дарып, туған жерімізде қайтадан бас қостық!

Ә к і м. Ал, ағалар, ақсақалдар! Бір-біріңізбен әлі де шер тарқатып сырласа жатарсыздар. Біз келген ағайынды тиісті үйлерге орналастырайық, алдағы мәселелеррді талқылайық. Ақсақал, Жеңіс аға, қаласаңыздар, екеуіңіз әңгімелесе беріңіздер! Біз шаруаны тындыра берейік.

Қ а р и я. Жарайды. Мен осы жерге дейін жеткіздім. Әрі қарай өздерінің және сендердің шаруаларың. Мен Жеңістің жанында қалайын.

Ж е ң і с. Бәрекелді!

 

 

XV

 

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ, ЖЕҢІС

 

Қ а р и я. Совет үкіметін қарғап жыладық, Гәлошікінге Құдайдың қарғысы тисін деп. Шетелде жанымыз айлап, жылдап азап тартты, көп мехнат көрдік, жақсысын мирас етіп аларлық өмір сәттері аз болды. Сол жаннан да қарғыс алған, малдан да қарғыс алған, жазықсыз елді ғаріп етіп қаңғыртып жіберген Сәбет үкіметі құрыды-ау. Сол кездің қазақтары оғаш мінездері жоқ, ел айтатындай артық істері жоқ, шаруа баққан шамасымен жан сақтап отырған адамдар еді. Зұлым өкімет пен оның жендеттері момын халықтың қақын жеп алысқа бармады, Алланың қаһарынан зауал жетіп, елдің қарғысы мен қайғысы ауып өздеріне, өз бастарына, үрім-бұтағына келді. Сол елдің жендеттерінің уақытша надандықпен істеген қысастықтары қияметке дейін жететін, тарихта қалған күнәға айналды.

Ж е ң і с. Ақсақал, бүгін аузыңызға қыдыр дарып, аталы сөз түсіп тұр екен. Айта беріңіз, тоқтамаңыз. Жалғанда ғаділдіктің жолында талай қазақтың жаны құрбан болды, бейбіт жандар жәбір көрді. Әйтеуір хат танитындар, көкірегінде көзі барлар артына сөз қалдырды. Сіздің сөзіңізден соң Алаш арыстары, кемеңгерлері тіріліп келгендей күй кешіп тұрмын.

Қ а р и я. Өлшеулі ғұмырымыз ұзармас, өлшеулі дәмімізді татармыз. Дүниеге қапа болып, налыған жүзімізді емес, бәріне шыдаған, ақыр соңында жеңіп шыққан қажыр-қайратымызды ұрпақ көрсе екен, ғибрат алса екен деймін. Өз-өздеріне ор қазып, ақ пен қызыл, бай мен кедей болып бөлінгенбұрынғы қазақтардың үлкен қателігін қайталамаса екен, арам жолмен бұл дүниеде байлық жинағанымен, оның махшарда пайдасы болмайтынын ерте түсінсе екен. Жеңіс-ау, екеуміздің сөзіміздің ғаділдігін кейін сақайған соң таразылап, зерделеп біле жатар балалар. Біз шетелдегі қазақтар ұзақ уақыт қазығын айналған көлеңкедей болдық! Біресе таң атты, біресе кеш батты, бірақ ата-бабамызға, тіпті мен дәмдес, дастарқандас болған біраз жанға тал түс бұйырмады. Тал түс – қазықтың көлеңкесінің дәл түбіне түсетін кезеңі. Ол кезеңді, яғни бүгінгі түп туған жерімізге оралу күнін, түп қазығымызды тапқан күн менің ғана маңдайыма жазылыпты! Ұзағынан қылсын Аллам!

Ж е ң і с. (қарияның білегінен ұстап тұрып) Бабаларымыз «Өмірдің алды қызық, арты қайғы» деген еді, бірақ ел қазынасына айналған сіздің асыл сөздеріңіз бен ел мен жерге деген ыстық ықыласыңызды көріп марқайып тұрмын. Өзіміз жер мен елдің арасына дәнекер болып, сөзіміз ел-жұртқа жетіп тұрса, бек разымын.Сіздің ел-жұртқа көшіп келгеніңіз қараңғы үйге шам жаққандай болды. Бұл ауыл гүлдеп, адамдары бір-бірін сөзбен іреп соймай, тату болып, достарын сүйіндіріп, дұшпандарын күйіндіріп, қарамдыққа жоламай жақсы өмір сүрсе деген тілегім бар.

Қ а р и я. Әумин, бар айтқаның Алланың құлағына шалынсын!

Ж е ң іс. Әумин, Алашым аман болсын!

 

 

Қуаныш Қожабайұлы

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *