ТАНЫМЫ ТЕРЕҢ ТҰЛҒА

Аяулы азамат, көрнекті жазушы Жанайдар Баймырзаұлы Мусин шығармашылығы ұлттық құндылықтарға негізделген, мол мұраны көмбесіне жасырған, бояуы қою дүние екенін көзі ашық, көкірегі ояу оқырман біледі. Жазушының бүгінге дейінгі жазған, зерттеген кең көлемді шығармашылығын оқып, танысқанда орыс жазушысы Тургеновтың  «Мен жазушымын, бірақ ең әуелі орыс халқының ұлымын» деген сөзі еске түсті. Неге? Себебі, Жанайдар Мусин шығармашылығында қазақ оқырманын тарихқа, салт-дәстүрге, түркілік әдебиет пен мәдениетке апаратын жол жатыр. Шығармаларының  әр жолы толған өнеге деуге болады.

Жанайдар Мусиннің «Үміт» әңгімелер жинағы қазақ прозасының шырайын келтірген, оқырманын терең ой мен нәзік сезімге бөлейтін ғажап туынды. Жинақтағы әрбір әңгіме өмір шындығынан алынып, кейіпкерлер тағдыры арқылы адамгершілік, үміт, сенім сынды асыл құндылықтарды дәріптейді. Автордың көркемдік шеберлігі мен тіл байлығы әңгімелерінде  анық байқалады. Оның нағыз жазушы ретінде болмысын қалыптастырған, шығармашылық жолындағы маңызды белес болған топтама екенін осы кітаптан сеземіз. Бұл жинақ қазақ әдебиетінде өз орны бар құнды дүние.

 «Таң нұры» очерктері  жазушының үлкен шығарма алдындағы ішкі толғанысын, шығармашылық дайындық кезеңін айқын танытатын туынды. Әдебиет тарихында белгілі бір кезең үшін құбылыс болып оқырманын он сан ойға салып келетін шығармалар болады. Өзі құбылыс болумен бірге әдеби кезең үшін көркем сөзге талапкер жастарды даярлай келетіні тағы бар. Қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі – Мұхтар Әуезовтың  тұңғыш  романы  осындай  шығарма  санатына  жатады.   Тілі төселген, байсалды, әр сөйлемінен көркемдікке деген ұмтылыс, тереңдікке бойлау аңғарылады. Жанайдар Мусиннің бұл очерктері де  жазушының көлемді дүниеге бет бұрғанын ишаралайтындай әсер қалдырады. Әр бетінде кесек-кесек ойлар, шымыр тұжырымдар, маржан тастай мөлдір де мағыналы тіркестер көптеп кездеседі. Осы бай мазмұн мен ой тереңдігі  жазушының үлкен көркем шығармаға дайын екенінің дәлелі тәрізді.

Жанайдар Мусин шығармашылыққа қадам басқан кезең  қазақ тілді газеттердің дәуірлеген заманы еді. Сол кезеңдегі баспасөз  тек, ақпарат құралы емес, рухани қалыптасудың, дүниетанымды кеңейтудің қайнар көзі болатын. Жанайдар Мусиннің «Көкшетау правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты беделді газеттерде қызмет атқаруы оның қаламгерлік болмысына, шығармашылық қуатының шыңдалуына зор септігін тигізді. Газет бетінде жарық көрген очерктері мен мақалалары  жазушының өмірлік тәжірибесін тереңдетіп, елдің тынысын сезінуге, адам тағдырына үңілуге мүмкіндік берді деп ойлаймын. Баспасөз мектебі оның рухани кемелдену жолындағы маңызды саты болды деуге толық негіз бар.

Жазушы туралы айтқанда тағы бір ескеретін жағдай, оның тақырып таңдаудағы шеберлігі дер едім. Бұл оның жазушылық интуициясының, ұлттық рухты терең сезінуінің көрінісі. Оның шығармаларындағы әр тақырыптан қазақы болмыс, ұлттық таным мен өмір салты аңқып тұрады. Жазушының көтерген мәселелері мен кейіпкерлері қазақ қоғамының төл бейнесі, ел мен жерге деген махаббаттың, салт-дәстүрге деген құрметтің айғағы. Жазушы жиі қолданатын образдар мен сөз тіркестері өзге тілге тура аударуға келмейтін, тек қазақ мәдениеті мен дүниетанымын жақсы білетін жан ғана түсінетін мағыналық өрнектерге толы. Оның «Қайнар», «Туған үйдің түтіні», «Ақ алаң» сынды туындылары осының айқын дәлелі. Бұл атаулардың өзінде терең философия, ұлттық таным мен шынайы сезім жатыр. Мәселен, «Туған үйдің түтіні» дегенде, оқырман тек үй емес, соның ішінде бұрқыраған қазанның иісін, ананың қамқорлығын, балалықтың шуағын сезеді. «Туған үйдің түтіні»  бұл жай ғана сөз тіркесі емес, бұл  қазақы болмыстың, терең сағыныштың, бала күнгі мөлдір естеліктердің, туған топыраққа деген іңкәр жүректегі махаббаттың  жиынтығы. Бұл сөзде үйдің ғана емес, бүкіл ұлттың иісі, бүкіл ұрпақтың жүрегіндегі жылу бар. Иә, қазақ үшін түтін  шаңырақтың белгісі, ошақтың оты, отбасылық берекенің нышаны. Ал туған үйдің түтіні – сол ошақтың ең қадірлі, ең сағындырған көрінісі. Бұл тіркес жүрекке жол табады, жанға жылу береді. Ол туған жерге деген терең сағынышпен, ата-ананың мейірімімен, балалық шақтың шуағымен астасып жатыр… Сондықтан «Туған үйдің түтіні»  тек, поэтикалық бейне емес, тұтас ұлттың дүниетанымын, өмірге, отбасына, Отанға деген көзқарасын білдіретін киелі ұғым деуге толық негіз бар. Ал, «Қайнар» тек су көзі емес, рухтың, сана мен сезімнің тұнық бастауы ретінде көрінеді. Ал «Ақ алаң»  балалықтан болашаққа бет алған арман мен сағыныштың символы іспетті.

Жанайдар Мусин шығармалары  қазақ руханиятының қайнарынан нәр алған, ұлттық кодты жаңғыртатын, терең мағынаға толы туындылар. Тақырып таңдаудағы дәлдік пен ұлттық болмысты көркем жеткізе білу оның шеберлігінің бір қыры. Жанайдар Мусин  қазақ әдебиетіне ұлттық рух пен терең ой алып келген қаламгер. Ол тақырып таңдауда да, образ жасауда да ұлттық болмысты ұмыт қалдырмай, әр шығармасында қазақы дүниетанымды биік деңгейде көрсете білді. Оның әңгімелерінен туған жері сұлу Көкшетаудың  жұпары аңқып тұрады. Әр сөзі салмақты, әр образы шынайы. «Қайнар», «Туған үйдің түтіні», «Ақ алаң» сынды туындылары арқылы оқырманын туған жерге, өткенге, дәстүрге деген құрметке жетелейді.

Жазушының шеберлігі күнделікті қарапайым көріністердің өзінен терең мағына тауып, оны көркем түрде жеткізуінде. Жанайдар Мусин – ұлт рухын сөзбен сомдаған, қаламы арқылы рухани әлемімізді байытқан, шынайы әдеби танымы терең тұлға!

 

Қуаныш Қожабайұлы

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау

жоғары қазақ педагогикалық колледжінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *