Буркитхан Жанмарал Шамсалиқызы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінінің 3 курс студенті
Жетекшісі: Иманбаев Қуаныш Қожабайұлы
Аңдатпа
Мақалада мектеп оқушыларының қазіргі таңда сөздік қорын дамытудың маңыздылығы қарастырылған. Тіл байлығын арттырудағы отбасы мен мектептің рөлі, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы тілдік ортаның ықпалы талданған. Сонымен қатар сөздік қорды байытудың теориялық негіздеріне сүйене отырып, инновациялық әдістермен қатар тәжірибеде қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер (сұрақ-жауап, көрнекі, іздеу, сөздікпен жұмыс) көрсетіліп, жеке тұлғаға сөздік қорын арттыруға арналған кеңестер де ұсынылды.
Аннотация
В статье рассматривается актуальность развития словарного запаса у школьников в настоящее время. Анализируется роль семьи и школы в обогащении речевого запаса, а также влияние языковой среды в современном обществе. Наряду с инновационными методами, представлены теоретические основы и эффективные практические приёмы (вопрос-ответ, наглядность, поисковый метод, работа со словарём), а также даны рекомендации по увеличению словарного запаса личности.
Abstract
The article examines the importance of developing vocabulary among school students today. It analyzes the role of both family and school in enriching language skills, as well as the impact of the linguistic environment in modern society. Based on theoretical foundations, the article presents innovative and practical methods (question-answer, visual aids, inquiry-based learning, dictionary work) and offers useful tips for individuals to enhance their vocabulary.
Түйін сөздер: сөздік қор, инновациялық әдістер, тіл дамыту, ұлттық қазына, кітап, көрнекі әдісі, сөздікпен жұмыс, коммуникативтік дағды.
Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз. Ұлт болып қалыптасып, ел болып еңсемізді тіктеген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі де, бірегейі де ұрпақ тәрбиесі. Келешек ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуы үшін тіл мәселесін ретке келтіргеніміз жөн. Қазіргі таңда қазақ балаларының көбінің тілі шұбалыңқы, бұл ұлттық кодтың әлсіреуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Оған себеп: әлеуметтік желідегі контенттің бірыңғайы орыс тілінде жазылуы, күнделікті өмірде адамдардың орыс тілінде сөйлесуі. Мұндай себептерге бой алдырмауымыз үшін ең алдымен үйдің іргетасын қалайтынымыз секілді, оқушылардың бойына тіл мәдениетін сіңіріп, сөздік қорын байытуымыз керек. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын халықтың ұлттық қазынасы тілі болып табылады. Әрбір халықтың тілінде оның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы, ұлттық дәстүрі, сана-сезімі, мінез-құлқы белгілері көрініс табады. Ал тілді игеру процесі негізінен баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін үрдіс. «Отан – отбасыдан басталады» деп айтып жатамыз. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасыдан бастау алып, мектептерде жүйелі түрде жұмыс жүргізілуі тиіс. Қоғамды алға тартатын – білім. Білім қандай жағдай болмасын артық етпейді. Дегенмен, кез келген елдің өсіп-дамуы, мәдениеті сақталып қалуы үшін оның тек білімі ғана болуы жеткіліксіз, біз өзіміздің ана тілімізді жатық меңгеруіміз керек. Ал жас ұрпақты ана тілінде таза, сауатты сөйлеуге үйретудегі басты міндет – сөздік қорын дамыту. Өйткені, оқушылардың өздеріне айтылған сөзді тыңдап, оны түсінуі, дұрыс сөйлеуі, коммуникативтік дағдыларының болуы(бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орнатуы), сұраққа жауап беруі, сұрақ қоя білуі мұның бәрі олардың сөздік қорына, тілдің грамматикасын дұрыс меңгеруіне байланысты. Ал осы сөздік қор дегеніміз не? Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы бойынша: «Қазақ тіліндегі барлық сөздердің жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік қор оның негізгі ұйытқысы, қайнар бұлағы, шығу арналарының ең маңызды бөлігі болып табылады. Сөздік құрамға қарағанда негізгі сөздік қордың сан мөлшері, көлемі әлдеқайда шағын болады. Өйткені оған кез келген сөз кіре бермейді. Қоғам, адам өміріндегі ең қажетті ұғымдарды білдіретін жалпыхалықтық сөздер ғана кіреді»[1, 130]. Тіл дамыту – қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды аспектісі. Әдіс-тәсілдерді қолданып тілдік дағдыларды жетілдіру үшін ең алдымен қазақ тілі, әдебиет оқулықтарынан бөлек, оның мазмұнын тереңінен қамтитын хрестоматиясы, аудио не видеолар болуы тиіс. Хрестоматия оқулықтағы шығарманың толықтырылған көлемді нұсқасы болса, аудиомен видеолар жаңа сөздерді меңгеруде мәтінді дұрыс интонациямен оқуына, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтарын сақтауда көмегін тигізеді. Орта мектептердегі оқыту оқушылардың сөздік қорын дамытуға бағытталған. Қазақ тілін оқытуда сөздік қорды жетілдіруге бірнеше инновациялық әдістерді қолдануға болады. Жалпы мағынада «инновация» сөзі (латын тілінен аударғанда «innovation») – жаңашылдық, өзгеріс, жаңару, жаңаны құру, игеру, пайдалану және тарату дегенді білдіреді .Оқытудың инновациялық әдістері – сабақта ең озық технологияларды пайдалану немесе білім берудің соңғы тенденцияларын үнемі қадағалап отыру ғана емес, ол оқушыларға көбірек көңіл бөлетін оқытудың жаңа стратегияларын пайдалану. Бұл әдіс оқушылардың сабақ кезінде сыныптастарымен, мұғаліммен өзара әрекеттесуіне шақырады. «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құяды» деп А. Байтұрсынұлы айтып кеткендей, мұғалім әрдайым ізденісте болуы тиіс. Бүгінгі білім беру үдерісінде цифрлық технологиялар мен интерактивті әдістерді дұрыс пайдаланылы сөздік қорды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, мультимедиялық ресурстар, онлайн платформалар, ойын технологиялары және т.б.
|
№ |
Әдіс атауы |
Негізгі құралдар мен мысалдар |
Оқушыға беретін пайдасы |
|
1 |
Мультимедиялық ресурстар |
Фильмдер, подкасттар, аудио-видео материалдар, графика |
Визуалды және аудиалды қабылдауды жақсартады, сөздік қорды молайтуда тиімді. |
|
2 |
Ойын технологиялары
|
Сөзжұмбақтар, рөлдік ойындар |
Мотивацияны арттырады, сөздерді нақты контексте қолдануға үйретеді. |
|
3 |
Онлайн платформалар мен қосымшалар |
Aity, Soyle секілді мобильді қосымшалар |
Кез келген уақытта қазақ тілін үйренуге ыңғайлы, өз деңгейін тексеруге мүмкіндік береді. |
|
4 |
Коммуникативтік әдіс |
Нақты қарым қатынас жағдаяттары, сұхбаттар |
Сөйлеу дағдыларын дамытады, сөздік қорды белсенді қолдануға баулиды. |
|
5 |
Жобалық әдіс |
Тақырыптық жобалар жасау және оны қорғау |
Шығармашылық қабілетті дамытады, жаңа сөздер мен терминдермен таныстырады. |
|
6 |
Инновациялық жоспарлау |
Кері байланыс, мақсат қоятын заманауи әдістеме |
Оқу процесінің тиімділігін арттырады, қызығушылықты тұрақтандырады. |
1-кесте. Әдістерге мысал және оның оқушыға беретін пайдасы.
Мультимедиялық ресурстар, ойын технологиялары, онлайн платформалар, коммуникативтік әдіс және жобалық әдіс сияқты тәсілдер сөздік қорды дамытуда тиімді құралдар болып табылады. Мұғалімдер осы әдістерді оқу процесіне енгізу арқылы оқушылардың тілдік білімдерін арттыра алады. Осылайша, қазақ тілін оқытуда инновациялық әдістерді пайдалану жаңа мүмкіндіктерді ашады және оқушылардың сөздік қорын дамытады[2]. Мектепте сөздік қорды дамытудың әдістері ретінде сөздікпен жұмыс, мәтін талдау, сөздік диктанттар, шығармашылық тапсырмалар, пікірталастар сияқты әдістер қолданылады. Бұл әдістер оқушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне, ойын дәл әрі нақты жеткізуіне, сөздерді дұрыс қолдана білуіне көмектеседі. Сондықтан қазақ тілінің сөздік қорын меңгеру – жас ұрпақ үшін тек тілдік құзыреттілікті дамытудың ғана емес, ұлттық сананы қалыптастырудың да маңызды құралы. Ж.Т. Қоблановтың «Лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда қолданылатын әдістер» атты мақаласында лексиканы оқытудың ұтымды әдістері таңдалып алынған: 1) сұрақ-жауап әдісі; 2) көрнекі әдіс; 3) салыстыру әдісі; 4) іздеу әдісі 5) сөздікпен жұмыс [3, 15-18]. Сұрақ-жауап әдісі оқушылардың теориялық білімін бекітіп, жаңадан алған білімдерін қаншалықты толық меңгергендігін бақылауға, тез шешім қабылдауға септігін тигізеді. Осы сұрақ-жауап әдісі негізінен үш тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Оның бірінде арнайы қойылған сұрақтарға оқушылар жауапты тез тауып, «Иә» немесе «Жоқ» деп белгілейді. Мысалы: Дүйсенбі, бейсенбі, сенбі деген сөздер ескірген бе? (Жоқ). Екінші, тест тапсырмалары әдісінде оқушылар тестілік тапсырмалардың дұрыс нұсқаларын табу арқылы жаңа материал бойынша алған білімдерін қорытады. Үшінші тапсырмадағы сұрақ-жауап әдісі оқушыларды иә, жоқ деген қысқа жауап төңірегінде емес, қойылған сұрақ бойынша өздігінен ойланып, нақты дәлелдермен ойын жеткізуге итермелейді. Көрнекі әдіс оқушылардың білімін нығайтуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға және танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған. Көрнекі әдіс суретпен жұмыс істеуге, әртүрлі қызықты сөзжұмбақтарды шешуге, кестелерді толтыруға және т.б. бағытталған. Көрнекі әдіс арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі пішіндегі фигураларды ұтымды пайдалану керек. Мысалы, мынадай тапсырма берілуі мүмкін: Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша ұл мен қызға қатысты жеңгелері айтатын атауларын
жұлдызшаның ұшына тізіп жаз.
2-кесте[3, 17]
Бұл тапсырма оқушылардың жұлдызшаны толтырсам деген құлшынысын арттыра отырып, орындаған тапсырманы есте сақтап қалуына ықпал етеді. Салыстыру әдісі жаңа материал мен өткен материалды салыстыру арқылы алынған жаңа ақпаратты түсінуге мүмкіндік береді. Оқушылар осы әдіс арқылы басқа тілден енген кірме сөздердің, көнерген сөздердің, неологизмдердің қазақ халқының тарихындағы өзгерістерге, даму жолына байланысты екендігін түсінеді. Мысалы, сөйлемде кездесетін көнерген сөздерді тауып, қазіргі қолданыстағы атауын салыстырып қараңыз:
- Керекейді атпа, қонжығы жетім қалады.
- Қыз тұрды да шанаштағы бір уыс тұзды бір аяқшаға салып, Жиреншенің алдына қойды.
Іздеу әдісі оқушылардың жаңа тақырыпты зерттеуге деген жеке көзқарасын қалыптастырады. Оқырмандар әрдайым мәтіндегі кейбір сөздердің мағынасын түсінбей қалып жатады, сондықтан оқушылар сөздікпен жұмыс істеуді үйренуі тиіс. Іздеу әдісі бойынша тапсырма: ата-әжелеріңізбен, ата-аналарыңызбен сөйлесіңіз және олардың кәсібіне байланысты қолданатын сөздерді енгізіңіз. Осы тапсырманы орындау арқылы оқушы өзінің қоршаған ортасын, өзі өмір сүрген қоғамды тани бастайды. Бұл әдіс арқылы оқушы өзін ғылыми-зерттенуші ретінде сезінуі мүмкін. Іздеу әдісімен орындалатын тапсырмалар – оқушының өз жұмысының, өзінің ізденісінің нәтижесі. Сөздікпен жұмыс әдісінде сөздікпен жасай отырып, оқушылар жаңа сөздерді үйренеді, олардың мағынасын түсінеді, сөздік қорын байытады. Мысал: түсіндірме сөздікті пайдаланып, бұл сөздердің қай тілден шыққанын анықтаңыз. Берілген сөздер: базар, шыны, аймақ, кәмпит, ұстаз, ноян, шәйнек, бақыт, мәшине, дүние, ұлыс. Жаңа айтып өткен әдістер білім беру жүйесіндегі оқыту процесіне негізделген болатын, енді жеке тұлғаның өзіне сөздік қорын арттыруға көмегін тигізетін әдістерге тоқталып өтейік. Тіл байлығын арттырудың ең тиімді жолы – кітап оқу. Әсіресе бестселлер кітаптарды емес, көбіне қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын оқу болып келеді. Оқыған кездің өзінде жай оқып қана қоймай, әр сөзін ұғынып, түсінбеген сөздердің анықтамасын түсіндірме сөздіктерден қарастырып, есте сақтай білген жөн. Жаңа сөзді немесе сөз тіркесін есте сақтаудың түрлі әдістері бар. Біреу кітап оқығанда ұнаған тұстарын түрлі түсті қаламмен сызып кетсе, енді біреулер арнайы қойын дәптеріне жазып алып жүреді. Бірақ жаңа сөздер сол дәптер беттерінде қалып қоймауы тиіс. Ондай жағдайда оқыған кітаптарымыз – пассив сөз қорына қосылады. Санамызда жатталып, белсенді сөз қорына енуі үшін оларды күнделікті өмірде пайдаланған жөн.
Жалпы сөздік қорды байытуға арналған мынадай кеңестер бар:
- Паразит сөздерден арылу. «І-і-і… (ы-ы-ы…)», «не ғой», «мына», «жаңағы» сияқты сөздерді тыйып, бұл сөздердің орнына нақты әрі түсінікті тіркестерді қолдану керек. Паразит сөздер сөздік қорға кері әсерін тигізіп, ойды дұрыс жеткізуге кедергі болады. Мұндай сөздерді көп қолданбау үшін түрлі әдістерді қолдануға болады. Мысалы: өлең оқып, оны телефондағы диктофонға жазып тыңдау немесе камера мен диктофон арқылы өз-өзіңізге сұхбат беріп, сөз саптауыңыз бен сөздік қорыңызды тексеру. Тексеру кезінде айтылған қажет емес сөздерді тізіп жазып, оларды келесі жолы айтпауға болады.
- Әртүрлі бағыттағы шығарма мен жазбаларды оқу. Сөздік қорды байыту үшін оқыған жақсы, бірақ тек әдебиетпен ғана шектелмей, әртүрлі саладан хабардар бола білген абзал. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жазбаларды, бейтаныс адамдардың блогтарын және газет-журналдарды да оқыған да пайдалы.
- Жаңа таныстықтарға ашық болу. Біздің араласатын ортамыз тілдік қорымызға, сөйлеу мәнерімізге тікелей ықпал етеді. Сондықтан жаңа адамдармен танысып, өзіңізге ұқсамайтын, мүлдем басқа мамандық иелерімен араласып тұрған жөн. Кез-келген жаңа адам сізді өзгертеді. Сондықтан ортаны үнемі кеңейтуге ұмтылуымыз тиіс.
- Әлеуметтік желіде пост жазу немесе арнайы күнделік жүргізу. Өз ойы бен көргенің, өзге де қызықты оқиғаларды күн сайын егжей-тегжейлі сипаттап жай жазбай, ізденіп, керекті дүниені ұсынып, достармен сөйлескенде де қажетсіз хабарламалардан аулақ болу және сөздердің орнына эмодзиді көп қолданбау керек. Жазу – үйренгенді қолданудың және оны жұртқа жеткізудің айрықша тәсілі.
- Афоризмдер, өлеңдер мен дәйексөздер жаттау. Қарапайым сөз тіркестерін жаттап алудан гөрі, жанға әсер ететін қанатты сөз тіркестерін үйрену әлдеқайда тиімді. Ұнағанның бәрін белгілеп жазып, қайта оқып шыққан дұрыс. Уақыт өте келе сөздік қоры тамаша сөз тіркестерімен толыға түседі [4].
Қорыта айтқанда, сөздік қорды дамыту – ұзақ әрі табанды жұмысты талап ететін процесс. Ол – оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдірумен қатар, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірудің басты құралы. Баланың ана тілі отбасынан басталып, мектеп қабырғасындағы ғылыми-әдістемелік тәсілдермен толығады. Қазақ тілін, лексиканы оқытуда жүйелі тапсырмалар мен тиімді әдістерді қолдану – сапалы білім жүйесін, ұлт мәдениетінің негізін қалайды. Сөздік қордың бай болуы – оқушының тек қазақ тілін жақсы білуі ғана емес, оның болашақта бәсекеге қабілетті, ойы терең, мәдениетті тұлға болып қалыптасуының кепілі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Болғанбаев Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық.– Алматы, 264 б.
- 2. Қазақ тілін оқытуда сөздік қорды жетілдірудің инновациялық әдістері. Мақала https://ustaz.kz/materials/word/qazaq_tilin_oqytyda_sozdik_qordy_jetildiryding_innovaciyalyq_adisteri-394327.html
- 3. Қобланов Ж.Т.Лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытуда қолданылатын әдістер. Мақала. YESSENOV SCIENCE JOURNAL №1(46)-2024
- 4. Сөздік қорды қалай байытуға болады? Мақала. https://massaget.kz/zhadnama/sozdk-kordyi-kalay-bayyituga-boladyi-64774/