
(Эльзастық баланың әңгімесі)
Сол күні таңертең мен мектепке қатты кешігіп келе жаттым. Ұстазымыз бізден есімшелерді сұраймын деген еді, ал мен ол туралы бір ауыз сөз де білмейтінмін, сондықтан сөгіс естимін бе деп қатты қорықтым. Бір сәт сабаққа бармай, далада қыдырып жүрсем бе деген ой келді.
Күн сондай жылы, сондай ашық еді… Орман шетінде қараторғайлардың сайрағаны, ал Риппер жайылымында, ағаш тілетін орынның артында немістердің саптық жаттығу жасап жатқаны естіліп тұрды. Бұл маған есімше ережелерінен әлдеқайда қызығырақ көрінді, бірақ мен өзімді тежеп, мектепке қарай асықтым.
Мэрияның жанынан өтіп бара жатып, хабарландыру тақтасының алдында адамдардың жиналып тұрғанын көрдім. Соңғы екі жылда барлық жағымсыз хабарлар, жеңілістер, коменданттың бұйрықтары осы тақтада жазылып тұратын. Мен ішімнен: «Тағы не болып қалды екен?» — деп ойладым.
Сол кезде шәкіртімен бірге хабарландыруды оқып тұрған ұста Вахтер маған айқайлады: — Сонша асықпа, балақай, бәрібір үлгересің.
Мен оны мені мазақтап тұр деп ойладым да, аптығып мсье Амельдің үйінің алдындағы бақшаға жүгіріп кірдім.
Әдетте сабақ басталғанда көшеге дейін естілетін шу болатын: парталардың қақпақтары сатырлап, бәрі сабақты жақсырақ жаттау үшін құлақтарын басып алып, жамырап қайталап жататын, ал мұғалімнің сызғышы үстелді тақылдата: Тынышталыңдар, тынышталыңдар!
Мен осы шуды пайдаланып, өз орныма байқатпай кіріп алғым келген, бірақ дәл бүгін жексенбінің таңындағыдай тып-тыныш еді.
Ашық тұрған терезеден жолдастарымның әлдеқашан өз орындарында отырғанын және мсье Амельдің қолтығына қаһарлы сызғышын қысып, ары-бері адымдап жүргенін көрдім. Осы тыныштықта есікті ашып кіру мен үшін қандай қиын болды десеңізші! Қалай қызарып, қалай дірілдегенімді елестете беріңіз.
Біра ештеңе болған жоқ. Мсье Амель маған ашуланбай қарап, өте мейіріммен: — Тезірек орныңа өт, Франц, балақай. Біз сабақты сенсіз бастағалы жатыр едік, — деді.
Мен орындықтың үстінен аттап өтіп, дереу партама отырдым. Қорқынышым сәл басылғанда ғана мұғалімнің үстінде салтанатты жасыл сюртугы, галстугі және кестеленген қара жібек тақиясы бар екенін байқадым. Ол бұлай тек инспектор келгенде немесе сыйлықтар үлестірілетін күндері ғана киінетін. Сонымен қатар бүкіл сынып маған әлдебір ерекше, салтанатты кейіпте көрінді. Бірақ мені бәрінен де таңғалдырғаны әдетте бос тұратын артқы орындықтарда біз сияқты үнсіз отырған ауыл тұрғындары болды. Үшбұрышты қалпағын киген кәрі Хаузер, бұрынғы мэр, бұрынғы пошташы және басқалар. Бәрінің жүзі мұңды еді. Хаузер тізесіне шеттері мүжілген ескі әліппесін ашып қойыпты, оның үстінде үлкен көзілдірігі жатты.
Мен осының бәріне таңданып тұрғанда, мсье Амель кафедрасына шығып, мені қарсы алғандағыдай жұмсақ әрі салмақты үнмен былай деді: Балалар, мен сендермен бүгін соңғы рет сабақ өткіземін. Берлиннен Эльзас пен Лотарингия мектептерінде тек неміс тілін оқыту туралы бұйрық келді… Жаңа мұғалім ертең келеді. Бүгін біздің соңғы француз тілі сабағымыз. Сондықтан барынша мұқият болуларыңды сұраймын.
Осы бірнеше ауыз сөз мені сілкіп-сілкіп жіберді. Оңбағандар десе! Мэрияның қабырғасына ілгендері осы екен ғой.
Соңғы француз тілі сабағы… Ал мен болсам, әрең жазып үйренген едім! Демек, енді ешқашан үйрене алмаймын ба? Бәрі осымен бітті ме? Құстардың ұясын іздеу немесе қатып қалған Саар өзенінде сырғанау үшін жіберіп алған сабақтарым мен босқа өткен уақытыма өкінгенім-ай! Осыған дейін маған жалықтырғыш көрінген, қолды талдырған грамматика мен қасиетті тарих кітаптарым енді қимай қоштасатын ескі достарымдай болып көрінді. Ал мсье Амель ше! Оны енді қайтып көрмейтінімді ойлағанда, алған жазаларым да, сызғышпен ұрғаны да ұмытылып кетті.
Байғұс адам! Ол осы соңғы сабақтың құрметіне жексенбілік салтанатты киімін киген екен. Біздің ауылдың қарттарының неге артқы орындықтарға келіп отырғанын да енді түсіндім. Олар осылайша мектепке жиі келіп тұрмағандарына өкініштерін білдіргендей еді. Осылайша олар мұғалімге қырық жылдық адал қызметі үшін алғыс айтып, құрметтерін көрсетті…
Мен осылай ойға шомып отырғанда, өз атымды естіп қалдым. Сабақ айтатын кез маған келді. Шіркін, есімшелердің әлгі ережелерін еш мүдірмей, нық әрі қатты дауыспен айтып шығу үшін не бермес едім! Бірақ мен алғашқы сөздерден-ақ шатасып, басымды көтеруге батпай, партамның жанында мұңайып, сүмірейген кейіппен тұрып қалдым. Мсье Амельдің былай дегенін естідім: — Мен саған ұрыспаймын, Франц, балақай! Сен өзіңді өзің онсыз да жазалап тұрсың… Иә, күн сайын «Әлі уақыт бар ғой, ертең оқып алармын» деп ойлайсың. Ал соңында не болатынын көріп тұрсың. Біздің Эльзастықтардың басты қасіреті оқуды әрқашан ертеңге қалдыратындығында. Енді олар бізге: «Қалайша? Сендер өздеріңді французбыз дейсіңдер, бірақ өз ана тілдеріңде не сөйлей, не жаза алмайсыңдар!» деп айтуға қақылы. Бұған сен ғана кінәлі емессің, Франц, балақай. Бәріміздің де өзімізді кінәлайтын тұсымыз бар. Ата-аналарың сендердің білім алуларыңа аса көңіл бөлмеді. Олар бірнеше тиын артық табу үшін сендерді егістікке немесе цехқа жұмысқа жібергенді дұрыс көрді. Ал маған ше, менің өзіме еш кінә тағылмай ма? Сендерді оқытудың орнына бақшамдағы гүлдерге су құюға жиі жұмсаған жоқпын ба? Ал форель аулағым келгенде, сендерді сабақтан еш қысылмастан жібере салған жоқпын ба?
Осылайша, мсье Амель француз тілі туралы, оның әлемдегі ең көркем, ең анық, ең мықты тіл екені туралы, оны ұмытпай, арамызда сақтауымыз керектігі туралы айта бастады. Себебі, құлдыққа түскен халық өз тілін берік ұстанса, ол өзі жатқан түрменің кілтіне ие болғанмен бірдей… Сосын мсье Амель грамматика кітабын алып, бізге бүкіл сабақты оқып берді. Мен өзімнің бәрін соншалықты жақсы түсінгеніме таңғалдым. Мұғалімнің айтқандарының бәрі өте-өте оңай сезілді. Мен бұрын-соңды бұлай мұқият тыңдамаған шығармын, ал ол да бұлайша сезіммен түсіндірмеген болар. Байғұс қарт кетер алдында өзінің бүкіл білімін бізге бірден беріп, санамызға құйып кеткісі келгендей болды.
Грамматикадан кейін жазу сабағына көштік. Бұл күнге мсье Амель бізге жаңа үлгілер дайындап әкеліпті, оларға әдемі дөңгеленген жазумен: «Франция, Эльзас, Франция, Эльзас» деп жазылған. Парталарға бекітілген бұл жазулар бүкіл сыныптың ішінде желбіреген кішкентай тулардың тізбегіндей көрінді. Әрқайсымыздың тырысқанымыз сондай, сыныпта ерекше тыныштық орнады! Тек қаламның қағаз бетіндегі сыбдыры ғана естіледі. Бір кезде бөлмеге мамыр қоңыздары ұшып кірді, бірақ ешкім оған назар аудармады, тіпті кішкентайлар да сызықтарды француз тілі екен деп соншалықты ыждағатпен сызып отырды… Мектептің шатырында кептерлер ақырын гуілдейді, оларды тыңдап отырып мен ішімнен: «Оларды да немісше сайрауға мәжбүрлей ме екен?» — деп сұрадым.
Анда-санда мен қағаздан басымды көтеріп қалғанымда, мсье Амельдің кафедрада қозғалмай отырып, айналасындағы заттарға ұзақ қарап отырғанын көрдім. Ол өзінің осы мектеп үйін көзқарасымен бірге алып кеткісі келгендей еді. Ойлап қараңызшы! Ол осы орында тапжылмай қырық жыл отырды, оның алдында дәл осы аула мен дәл осы сынып болды. Тек ескі орындықтар мен парталар әбден тозып, жылтырап кеткен; ауладағы каштан ағаштары өсіп биіктеген, ал өзі еккен хмель енді терезелерді орап, шатырға дейін жетіпті. Осының бәрімен қоштасу және жоғарғы қабатта сандықтарды жинап жүрген қарындасының аяқ дыбысын есту оған қандай ауыр болды десеңізші! Өйткені олар ертең бұл жерден мәңгілікке кететін еді!
Соған қарамастан, оның сабақты соңына дейін өткізуге күші жетті. Жазудан кейін тарих сабағы болды; сосын кішкентайлар «ба, бе, би, бо, бу» деп әуендете бастады. Артқы орындықта отырған кәрі Хаузер көзілдірігін киіп, әліппесін екі қолымен ұстап, олармен бірге әріптерді қайталады. Ол да барынша тырысып жатты: оның дауысы толқығаннан дірілдеп шықты, оны тыңдау сондай қызық әрі аянышты еді, бәріміздің әрі күлгіміз, әрі жылағымыз келді. О, жоқ! Мен бұл сабақты ешқашан ұмытпаймын…
Кенет шіркеу сағаты түскі он екіні соқты, содан соң құдайға құлшылық етуге шақырған қоңырау үні естілді. Дәл сол сәтте терезе астынан жаттығудан қайтқан пруссиялықтардың кернейінің үні саңқ ете қалды. Мсье Амельдің түсі қашып, орнынан тік тұрды. Ол маған бұрын-соңды мұндай еңселі көрінбеген еді. Достарым, — деп бастады ол. Достарым, мен… мен… мен…
Бірақ бір нәрсе оның тамағына тығылып, сөзін аяқтай алмады. Сосын ол тақтаға бұрылып, бір кесек бор алды да, бар күшін салып, үлкен әріптермен былай деп жазды: «ЖАСАСЫН ФРАНЦИЯ!»
Содан кейін ол басын қабырғаға сүйеп, қозғалмай тұрып қалды да, бізге үнсіз қолымен ишарат жасады: Бәрі бітті… Кетіңіздер…
Аударған: Қуаныш Қожабайұлы