ӨЛЕҢ ҺƏМ АЙТУШЫЛАР

ӨЛЕҢ ҺƏМ АЙТУШЫЛАР

Заманның айдауыменен күн асқан сайын қазақшылықтың шылығы жылжып кетіп барады. Байқаймын, сірə шылық кеткенменен жəй кетпесе керек. Қазақтың бұрынғы сəн -сəулетінің бəрін түп көтере ала кетсе керек. Ай — хай! Көк шалғынға ақбоз үйді шаңқайтып тастап, шалжиып жататын сəн-салтанат қайда! Оған аузымды ауыртпасам да белгілі, ол енді көрген түс мысалында, «жер бауыры суық» деп қоюға лайықты нəрселер. Көрдің бе, ең арты домбыра — сауық, тəтті-тəтті əндерімізге дейін азайып қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектеп барамыз. Мұнан біраз бұрын анда барсаң — əндеткен өлең, мұнда келсең – домбыра — сауық, ең арты малшы — құлшыға шейін ұлып даланы жаңғырықтырып, мазаңды алушы еді. Топтан озған ақыны былай тұрсын, ауыл басы сайын болмаса да, мырза басы сайын бір-бір сауыққой əншісі болушы еді.

Міне, осы күні болыс басы ілуде біреуді — ақ табасың. Енді бір азда «ау» деп дыбысын шығарған кісі көре алмассың десек те, қате болмас. Кемпіршалдарымыздың да: «Ай — хай, заман – айының» біреуін қосылып жүрген осы əндеріміздің жоғалып бара жатқандығы.

Бұл не дейсің, баяғыдан бері жыр жырлап, əн салғаннан болатын болса болды. Қайта біткені игі дейсіңдер ме? Жоқ, жоқ. Көңіл қарайтын, рух бұзатын ескі балдыр-батпақ өлеңдердің тұсында əннің базары аспанға шытып мынадай жаңа рух, таза қан, түзу кеуілді халқымызға қолмен жуып тыға алмай жүрген тарылмалы заманда сөне қалуы баяғы ашылмаған қазақтың сорыдағы. Сор дейтінім: бір халықтың сүтпен бірте байланысқан ірік-шірік қара кеуілдерін аршып, жаңа рухпен қандыратын, таза бейілімен жандандыратын машина, шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең-жыр, əдебиет деген нəрсе болады. Көңілді түзейтін машина — өлең жыр дедік. Ол машинаның тетігін біліп сайратып, есіткендердің аузынан суын ағызып көңілдеріндегі уын шығаратындар кім?! Ол неше түрлі əуез білетін əншілер, жыршылар. Халықтың көңілі машинаның тетігін білетін əнге ұста адамдар. Сайраса жібиді. Қысқасы: сырнай, яки домбыраны тарта білмей құр перне басып барқылдату қандай сүйкімсіз болса, əніменен айтылмаған өлеңдер де сондай сүйкімсіз болады. Маған салса, майы тамып тұрсын, əнсіз құр өлеңмен жақсылық сездіргенің сол, жұртты өздеріңнен бездіріп аласың. Соның үшін бізден басқа бақытты, талайлы жұрттардың əнпаздары өнегелі өлең, үлгілі тақпақтарды жаттап алады. Сонымен шəһəр — шəһəрға жүріп, халыққа естіртіп, жүрек қозғап буын босатады. Халық оған қалыпты театрға кірген секілді билетпенен жиналады. Халықтың арғы — бергісін қозғап, естеріне түсіріп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кем-кетігін көрсетіп, əдемі дауысымен құйқылжытып тұрғанда, қандай тас көңіл болса да жібімеген еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы — жайдағысы ойына қозғалып түсіп, қандары қайнап, тіпті арқалары қызып кетеді. Əркімнің көңіл көздерінен жастар моншақтап, бойлары балқығандай шарт та шұрт қол шапалақтасып, ақшасының үстіне мың қайтара «Тəңір жарылғасын» айтып тарқайды. Медіреселердегі əдебиет кештері де осы мақсатпен жасалады.

Аса суырып əкетерлік бола қоймаса да тəуір — тəуір ой қозғарлық өлеңдер бізде де болып келеді. Бірақ болмағанымен жүргізе білуші жоқ, айтушы жоқ, жесіп тұр.

Байқаймысың, біздің қазақ əн құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар — салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап əн сала бастаса, ойдағы — қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы — айтшылап жанын жағасына келтіреді. Мағынаны керек қылмаса да, əнге бола жиылады. Барабара не болса да сол əндегі pyx сүйегіне сіңеді, құлағында қалады. Соның үшін ескі кісілер «пəленнің өлеңінде де бар ғой» деп келтіріп отыратын. Не ғажап? Баяғыдан бері жыр жырлап тойдық деп қол сермейтіндер сəулелі деген адамдарымыздың өзінде бар.

Сендердің мақсаттарың қазаққа жан кіргізу болса, бұларың лаққандық, əдебиеттің не екеніне түсінбегендік, тым болмаса «Тақи ғажап»*1 оқып шықпадыңдар ма? Онда да айтады: «дажал» деген біреу шығып, халықты гүрілімен, дүрілімен ерте алмайды, əншісі, сырнайшысы, сауықшысымен қызықтырып ертеді» дегенді көрмедіңдер ме? Қысқасы, бір халықтың əні кетсе, əдебиеті жесір қалады, сəні кетеді, сəні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, əнді сақтаудың қамын қылыңдар.

Молдалар! Жас балаларды əн үйренуге қызықтырыңдар!Жаңа шыққан елдердің жүрек жандыратындарынан үні жақсы балаларға əнге салғызып қойсаңдар — ау! Шіркін, қандай өтімді! Өлең айтушы əнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп қадірлі етіп көрсетуге тырысыңдар, болмаса жым-жырт… деп сөйлегеннің аузына қарап қалатынымыз хақ. Дұрыс, басқалардан шамамыз келмегеннен айрылдық дейміз, міне, бұған не деп сылтау табамыз! Масқаралық емес пе?

Сұлтанмахмұт Торайғыров 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *